Ұлттық бірыңғай тестілеудегі олқылықтарға менталитетіміз себеп

Ұлттық бірыңғай тестілеудегі олқылықтарға менталитетіміз себеп

Қайрош МАҚЫШЕВ, О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балалар физика-математика орта мектеп-интернатының директоры, «ФизМат» журналының бас редакторы, ҚР білім беру ісінің үздігі, физика-математика ғылымдарының кандидаты

– Қайрош Бексейітұлы, әңгіме­міз­ді жуырда ғана аяқталған ұлт­тық бірыңғай тестілеуден бастасақ. Бүгінде осы жүйенің сәтсіздіктері жайлы жиі айтылатын болды. Әрі, бір қарағанда, бұл тест сіздің мектеп-интернат сияқты элиталық мектептерге арналғандай көрінеді. Қарапайым мектептер, әсіресе ауыл оқушылары бұған үлкен үреймен дайындалып, түрлі келеңсіздіктерге ұрынып жатады, қысқасы, осы тестіден қатты қиналатын болды. Сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Әлемдегі Массачусетс технология инс­титуты, Йель университеті сияқты біре­гей жоғары оқу орындары бакалавр және магистратура мамандықтарына мектеп түлектерін әлемнің түкпір-түкпірінен тест арқылы қабылдайды. Қазақстанда отырып, соған тест тапсырып, өз білімін дәлелдеп, оқуға түсіп жатқандар бар. Міне, көрдіңіз бе, тест сыртқы бағалау әдісі ретінде дүниежүзінде әлдеқашан мойындалған және емтихандық сұрақтарды жүйелеп құрасты­руда үлкен сенімге ие болған. Бұл тест біздің елімізде 2004 жылы Жақсыбек Әбді­рахметұлы Құлекеев білім және ғылым минис­трі болып тұрған кезде енгізілді. Ұлттық бірыңғай тестілеу сол кез үшін батыл қадам еді. Мен мұны үлкен серпіліс деп білемін. Бұл тест әсіресе мектепті үздік аттестатпен және «Алтын белгімен» бітіруге үміткерлер білімін растау үшін ең дұрыс сыртқы бақылау болды. Бұрын алтын медаль озат оқушыға жергілікті білім бөлімі мен мектеп ұжымының бағалауы арқасын­да, яғни шартты түрде берілетін. Ал оны жыл сайын жетілдіріп отыру – мәселенің екінші жағы. Біз уақыт өткен сайын бірыңғай тестілеудің кемшіліктерін азайтып келе жатырмыз. Бірақ әлі де олқылықтарымыз бар, бұған біздің менталитетіміз себеп. Бізде, өкінішке қарай, бармақ басты, көз қыстылық пен дайын жауапты көшіру сияқ­ты әрекеттер бар. Біреу өтірік бірдеңені тара­тады, біреу шын «шпаргалка» таратады деген сияқты. Бірақ бір анығы – жыл сайын бәрі түзеліп, ұлттық бірыңғай тестілеу жетіліп келеді. Енді жуырда Ұлттық тестілеу орталығының бастығы Қали Әбдиев мәлім еткендей, мектеп түлектері үшін екі кезеңді тест өткізу жүйесіне көшетін боламыз: бірін­шісі мектеп бітіру емтиханы болса, екіншісі – облыс орталықтарында жоғары оқу орындарына қабылдау емтиханы. Бұл жағдайда ұлттық бірыңғай тестілеу одан әрі жетіле түседі деп ойлаймын. Қорыта айтқанда, тест – ең дұрыс бағыт, тек мұның формасын, форматын, ұйымдастырылуын заман талабына сай өзгертіп отыруымыз керек.
– Елімізде нарыққа қажет маман­дықтар бойынша білім беру ісі жолға қойылған. Бірақ инженер-техник, ақпараттық технология мен ғарыш саласы мамандықтары бойынша білім алып жатқандардың қайда кетіп қалатыны белгісіз. Сонда нақты ғылымның жас өкілдерін өндіріске бағыттау не себепті қиын болып отыр?
– Әрине, Кеңес Одағы кезінде ғылыми-техникалық прогресс ұранымен осы сала­ның, ғарыштың мамандарын даярлауға көбірек көңіл бөлінді. Бірақ 90-жылдардағы тоқырау қоғамдық сананы өзгертіп, эко­номика мен құқық саласы бойынша білім алуды сәнге айналдырып жіберді. Техника­лық мамандарға сұраныс құрып кетіп, түлектердің бәрі экономист пен заңгер болуға жаппай бет бұрды. Алайда нарық заманы, өмірдің өзі инженер-техник ма­ман­дарға сұраныстың қашанда арта түспе­се, кемімейтінін көрсетті. Ақпараттық тех­нологияның дамуымен бірге физика, ин­фор­матика, математика саласы маман­дарына қажеттілік артып отыр. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде техникалық мамандықтар бойынша оқытуға көп көңіл бөлінді. Қазір Назарбаев университеті, негізінен, техникалық, инженерлік және медициналық мамандықтар бойынша оқы­та­ды. Міне, бүгінде бізде жоғары білім берудің бағыты өзгерді. Білім беруді өркен­детудің 2020 жылға дейінгі бағдарлама­сында да, ең алдымен, бейінді (профильді) мектептерді дамыту жолға қойылып отыр, оның ішінде жаратылыстану-математика бағытындағы мектептер көбірек болады. Демек, елімізде жаратылыстану, техноло­гия, ақпараттық технология мамандары жөнінен тапшылық болмайды.
– Сіз басқарып отырған білім шаңырағы физика мен математи­каны тереңдетіп оқытатын рес­пу­б­ли­­кадағы ең үлкен орталық мек­теп қой. Дегенмен еліміздің түкпір-түкпірінен мұнда оқушылар ағылып келіп жатыр деп айта аламыз ба? Ел ішіндегі физика-математика пәндеріне қабілетті балаларды қалайша тартып отырсыздар?
– Қазақстанның кейбір аймақтарындағы дарынды балалардың ата-аналары әлі күнге дейін мұндай мектеп бар екенін біле бермейтіні рас. Мен сіздер арқылы осыны жеткізгім келеді. Маусымның 21-інен 25-і аралығында қабылдау емтихандары өтеді, ал 10-ы мен 20-сы аралығында құжаттар қабылданды. 8-9-сыныпты бітірген дарын­ды балалар келіп, өз күшін сынап көруде. 90-жылдардағы қиын кезеңде бұл мектеп-интернаттың бар екенін көпшілік ұмытып қалды, өйткені ол кезде оқу түгіл, тіршілік етудің өзі үлкен мәселе болды. Міне, енді егемендіктің арқасында мектебіміз қиын кезеңнен өтіп, ары қарай дами түсті. Соңғы 7-8 жыл ішінде білім беру саласына қаржы еселеп бөлініп жатыр. Соның арқасында біздің мектеп дүниежүзіндегі ең үздік білім ордаларының біріне айналды. Ел мақтана­тын осындай мектептің бар екенін, онда білім алуға кез келген қабілетті баланың мүмкіндігі бар екенін көпшілік білсе дейміз. Кезінде мен өзім бала кезімде Қызылорда облысында жүріп, «Лениншіл жас» газеті­нен хабарландыруды көріп, осы мектепке емтихан тапсырғанмын, емтиханнан өтіп, осында білім алып, соның арқасында Мәс­кеу мемлекеттік университетін механика-математика мамандығы бойынша бітірген­мін. Өзім әлі күнге дейін осы мектебіме қарыз­дармын. Көбіне мектеп басшылары мен ұстаздар ынталы, озат оқушыларды өзге қалаға жібергісі келмейді. Бірақ бұл жер – дарынды балалардың ортасы. Бұл мектепте корпоративтік мәдениет жақсы дамыған, балалар бір-бірін қолдап өседі, жақсы орта қалыптастыра біледі. Бұл жайт олардың келешекте де жақсы азамат болуына, ұжымда сыйлы болуына ықпал етеді. Аймақтан келетін қабілетті балалар үшін бар жағдай жасап отырмыз. Ата-ана интернат тамағының 20%-ына ғана ақы төлейді. Қалғанының бәрі тегін, балалар­дың тәрбиешісі қасында болады, киім-кешегін жуып береді, төрт мезгіл тамағын береді, басқа да шаруаларын тындырып береді. Бұрын біз әр өңірге шығып, физика-математика пәндерінің байқауын өткізетін­біз. Қазіргі уақытта мұндай емтихан-кон­курстарды тестілеу орталықтары ұйымдас­тырып береді. Біз әрбір аудандық білім бөліміне дейін хабарласып, тығыз байла­ныс­та боламыз. Осы байқауға жыл сайын шамамен 12 000-13 000 бала қатысады. Биыл бесінші жыл еліміз бойынша 154 тес­тілеу орталығында сәуір айының екінші жартысында 8-9-сынып оқушылары ара­сында «ФизМат» конкурсын өткіздік. Со­ның қорытындысында 500 бала Білім және ғылым министрлігінің дипломдарымен марапатталды да, сол балалар біздің мектеп-интернатқа түсуге шақырылды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды балаларды сіздер сияқты қазақ тіліндегі танымал басылымдар арқылы да тартуды мақсат етеміз.
– «Дүниежүзіндегі ең үздік мектептердің біріне айналдық» дедіңіз. Мұндай баға қалай, қандай талаптар бойынша беріліп отыр?
– Кеше ғана ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырдық. Мектепті 61 бала «Алтын белгімен», 29 бала үздік аттестатпен тамам­дағалы отыр. Бұл балалардың 60%-ы – осы интернаттың тәрбиеленушілері, яғни аймақтан келіп түскен оқушылар. Мектеп-интернатта қазақ және орыс бөлімдері бол­ғанымен, білім алып жатқан 800-ге жуық оқушының 95%-ы – қазақ балалары. Түлектердің академиялық көрсеткіші жақ­сы, ҰБТ-дан алған орташа балы – 109. Биыл­ғы оқу жылының ішінде халықаралық олимпиадалардан 106 жүлделі орын жеңіп алдық. Жылына шамамен 16 елде өтетін 30 шақты олимпиадаға қатысамыз. Біз сияқ­ты мамандандырылған мектептер үшін негізгі жетістік – мектеп түлектерінің еліміздегі және дүниежүзіндегі беделді жоғары оқу орындарына түсуі. Мұндай оқу орындарына мектептің оқушылары неғұр­лым көп түссе, оның мәртебесі де соғұрлым биік болады. Біз білім берудің де, тәрбиенің де жүйесін осы мақсатқа бағыттауымыз қажет. Бұл – әлемдік тәжірибе. Айталық, бүгінгі заманда ағылшын тілінің маңызы артты. Біз соған сәйкес, оқу жоспарын өз­гер­тіп, ағылшын тілін оқытуды 4 сағаттан 6 сағатқа ауыстырып жатырмыз. Назарбаев университеті былтыр 500-дей грант бөлді, соның 33-ін біздің мектептің түлектері иеленді. Қазақ-Британ техникалық универ­ситеті – Назарбаев университетінен кейінгі екінші беделді жоғары оқу орны. Оған был­тыр 44 баламыз қабылданды. Алма­тыда ашылған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне 51 оқушы­мыз түсті. Кейбір оқу орындары біздің мек­теп-интернаттың балалары үшін арнайы грант бөледі. Мысалы, Қазақстан менедж­мент, экономика және болжау институты биылдан бастап, жыл сайын біздегі еліміз­дің түкпір-түкпірінен келген балалары­мыз­ға, астын сызып айтайын, интернатта жата­тын оқушыларымызға арнайы бес грант бөлетін болды. ҚБТУ да солай гранттар қарастырады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен «Мәскеу инженерлік-физика инс­ти­туты» Ұлттық ядролық зерттеу универси­теті атом энергетикасы мамандығы бойын­ша 20 грантты тағайындау үшін біздің балаларымыз арасынан іріктеу жұмысын жүргізіп жатыр. Шетелдік ЖОО-лардан Шанхайдағы Фудань университеті бізге жылына екі грант береді. Дубайдағы техни­калық университет те грант қарастырады. Ал Сингапурдың университетінде автомат­ты түрде қабылданған 10 баламыз білім алып жатыр. Көрдіңіз бе, қазір нарық зама­ны ғой, жоғары оқу орындары арасында да бәсекелестік бар, олардың көбі біздің түлектерімізге сұраныс білдіреді, елімізден де, шетелдерден де бізге сұраныс өте көп. Ғылым мен техника саласындағы әлемдік көшбасшы жоғары оқу орны – АҚШ-тағы Массачусетс технология институтына (MIT) соңғы алты жылда екі қазақстандық түсті. Екеуі де – біздің мектеп-интернаттың түлегі.  Америка президенттерінің университеті  аталып кеткен Йель университетіне былтыр Назерке Бақытжан есімді қызымыз өз білімімен қабылданды. Калифорния уни­вер­ситетінің гранттарын да оқушы­ларымыз жеңіп алды. Осы сияқты мысалдар көп. Мектеп-интернат балаларының «Болашақ­сыз-ақ» әлемнің беделді ЖОО-ларына түсуі біздің білім ордасының дүниежүзі бойынша үздік мектептер қатарында екенін тағы бір дәлелдейді.
– Физика мен математикаға, информатикаға айрықша ден қоятын балалар өзге пәндерді, атап айтқанда, гуманитарлық пәндерді қалай меңгеруде? Мұндай пәндерге балалардың үстірт қараушылығы байқалмай ма?
– Балаларымыз басқа пәндерден ақсап жатқан жоқ. Мұны ұлттық бірыңғай тесті­леуден де байқауға болады. Емтихандағы бес пәннің екеуі математика мен физика болса, қалған үш гуманитарлық пән – қазақ тілі, орыс тілі, Қазақстан тарихынан да балаларымыз жақсы көрсеткішке қол жеткізіп жатыр. Орыс сыныптарында білім алған озат оқушыларымыз да қазақ тілі пәнінен тестіні жақсы тапсырып, «Алтын белгілерін» алды. Демек, оқушыларымыз барлық пән бойынша да сабақты жақсы оқиды, көп ізденіп, еңбектенеді. Математи­ка, информатика, физика пәндері тереңде­тіле оқытылса да, оларға өзге пәндерден талап күшті. Бізге, негізінен, оқу үлгерімімен қатар, тәртібі, мінез-құлқы жақсы балалар келеді. Екіншіден, бізде бір игі дәстүр қа­лып­тасқан – бізде балалар тек қана оқумен айналысады, сабақтан «үш» деген баға ал­ған оқушы мектептен шығарылады. Жылы­на 50-60 баланың осы себептен мектебіміз­ден кетіп қалатыны сондықтан. Бірақ балаларымыз осындай нашар баға алмау үшін жақсы оқуға ұмтылады. Бізде бос уақытты тиімді өткізуге бар мүмкіндік жасал­ған. Футболға арналған жасанды көгалы бар жабық алаң салынған, толық жабдықталған спорт залы бар. Мектепте Көңілді тапқыштар клубы, Күзгі бал сияқты шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мектеп-интернаттың туған күніне арналған шара ұйымдастырылады. Жалпы, тәрбие жұмыстары – жоғары деңгейде. Біздегі мұғалімдердің кәсіби біліктілігі де жоғары. Үкіметтің қаулысымен 2008 жылдың қыр­күйегінен бастап, жалақының 1,72 коэффи­циентпен көбейтілгенін пайдалана отырып, біз мектепке тек білікті, бәсекеге қабілетті ұстаздарды ғана қабылдаймыз. Мұғалімдер үнемі білімін жетілдіріп, ағылшын тілі сияқты пәндерден сынақ тапсырып тұрады. Ең бастысы, ұжымда ауызбіршілік мықты.
– Физика-математикаға қабілетті балаларды тарту үшін, соларға жол ашу үшін, неғұрлым жақындай түсу үшін, меніңше, облыстарда бұл мектеп-интернат­тың бөлімшелерін ашу қажет сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Аймақтарда филиал ашу деген ойды 4-5 жыл бұрын көтергенмін. Қазір әрбір облыстың орталығында дарынды бала­ларға арналған мамандандырылған мек­теп-интернаттар бар. Солардың базасында біздің республикалық физика-математика мектеп-интернаты басшылық ететін жара­ты­лыстану-математика бағы­тын­дағы ма­ман­дандырылған мектептер желісін ашқы­мыз келеді. Бұл, ең алдымен, олардың өзде­ріне де тиімді, оқушыларды олимпиа­даларға әзірлеуге, әдістемелерді алуға, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге де септігі мол. Бұдан екіжақты өзара пайда­лы қарым-қатынас орнайды деп ойлаймын. Олар біздің физика-математика пәндері байқауларын өткізуге атсалысса, біз ол өңірлерге тәжірибемізді жеткіземіз, ол жақтағы оқушылардың республикалық, халықаралық олимпиадаларда жақсы нә­ти­желерге қол жеткізуіне дайындық жасай­мыз. Бұл жетістіктер кейін біздің емес, сол мектептердің өзінде қала береді. Осы мәселені жуырда математиктердің съезінде де көтердім.
– Физика-математика мектеп-интернатының мұрындық болуы­мен өтетін Халықаралық Жәутіков олимпиадасының мәртебесін өзге елдер қаншалықты мойындап отыр?
– Жәутіков олимпиадасы бүгінде тек таңдаулылардың бәсекесіне айналды. Біз бүгінде оған қатысушы командалардың санына шектеу қоятын деңгейге жеттік. Мәселен, биыл Тәжікстан мен Қырғызстан 7-8 команда болып келсек деген өтініш білдірді, бірақ біз рұқсат бермей, олардың санына шектеу қойдық. Өйткені бұл олим­пиадаға ең мықты деген оқушылар ірікте­ліп, көп дегенде төрт команда болып келуі керек. Бұл сайыста жеке оқушылардан бұрын, мектептердің өзара таласы маңыз­ды, себебі мектептер сайыс сынақтарынан өту арқылы олимпиадаға келесі жылдары қатысу құқығын жеңіп алуы керек, бұл олардың рейтингі үшін қажет. Жәутіков олимпиадасының тағы бір артықшылығы – сайысты бағалау жүйесі, мұнда Қазақ­стан­ға бейтарап сегіз елдің мықты матема­тик мамандары қазылық етеді. Мұндай талаптар бізде өтетін халықаралық олим­пиа­даның мәртебесін, деңгейін жоғары­ла­тып отыр. Оны жыл сайын ТМД ғана емес, Еуропа елдері де мойындап келеді. 16 елден 300-ден астам оқушы қатысатын бұл білім жарысы ауқымы жағынан дүниежү­зіндегі ең ірі олимпиадаға айналды. Математика пәні бойынша бір елде тұрақты түрде өтіп келе жатқан жалғыз олимпиада да – осы. Әрине, Жәутіков олимпиадасының халықаралық абыройының мықты болуына оның демеушілері де зор ықпал етіп отырғанын айта кету керек.
– Мектеп-интернат түлектерінің жоғары оқу орындарын таңдауы мен оларға деген сұраныс қаншалықты сәйкес келеді?
– Біздің мектеп оқушылары мен түлек­тері арасында түрлі сауалнамалар өткізіліп тұрады, мәселен, мұғалімдердің біліктілігі, білімді бағалауы, тағы басқа мәселелер жөнінде жасырын түрде сауалнамалар жүргізіледі. Мектеп бітірушілер арасында қандай жоғары оқу орнын таңдайтыны туралы да сауалнама алынды. Бұл ашық анкета болды. Соның нәтижесінде түлектер арасында ең жоғарғы таңдауға Назарбаев университеті ие болып отыр. Одан кейінгі орында Қазақ-Британ техникалық универ­ситеті тұр. Республикалық физика-мате­матика мектеп-интернаты балалары үшін ең таңдаулы жоғары оқу орны – Масса­чу­сетс технология институты. Әрине, дүние­жүзіндегі ең беделді оқу орындары Гар­вард, Кембридж емес пе деп ойлап отырған боларсыз. Ол рас. Бірақ бұлардың бағыты басқа, біздің балаларымызға технология саласындағы көшбасшы ЖОО-лар қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Оқшау ой
Мамандандырылған мектептер үшін негізгі жетістік – мектеп түлектерінің еліміздегі және дүниежүзіндегі беделді жоғары оқу орындарына түсуі. Мұндай оқу орындарына мектептің оқушылары неғұрлым көп түссе, оның мәртебесі де соғұрлым биік болады. Біз білім берудің де, тәрбиенің де жүйесін осы мақсатқа бағыттауымыз қажет. Бұл – әлемдік тәжірибе.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста