Ұлтшыл болу – басқаларды мойындамау немесе кемсіту емес, өз ұлтыңның мүддесіне жан аямай қызмет ету деген сөз
Алма ӘБІЛҚАСЫМОВА, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
–Алма Есімбекқызы, бүгінгі сұхбатымыздың арқауы болар шағын жинақты мектептер шалғайдағы ауылдардың еншісіне тиіп отыр. Жалпы, ауыл туралы сіздің көзқарасыңыз қандай?
–Ауыл – ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жері, ұлтымыздың алтын бесігі, оның әлеуметтік және мәдени дамуының басты күретамыры. Ұлттық рух ауылдан бастау алады, ұлттық болмыс ауылда қалыптасады десем, бұл тұжырымыма ешкім дауласа қоймас. Өзге елдердің өмір сүру салтына еліктеп, тарихи тамырларымыздан ажырау қаупі туындап отырған қазіргі ғаламдану кезеңінің өзінде де ауылда халқымыздың табиғи болмысының қаймағы бұзылмай, ұлттық сана-сезіміміз бен салт-дәстүріміз сарқылмас мол қазына есебінде сақталып келеді. Көнекөз қарияларымыздың елдің бірлігі мен берекесінің ұйытқысы, рухани мұраларымыз бен мәдени асыл қазыналарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші шежіренің өзіндей болып, ата-қонысында отырғаны да ауыл қадірін арттыра түседі. Басқа халықтарды білмеймін, қазақ үшін ауыл өзінің маңызды орнын ешқашан жоймақ емес, қайта оның қадір-қасиеті арта түспек. Елбасымыздың «Егер ауыл – республика экономикасы дамуындағы маңызды фактор болса, ауыл халқы еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығының факторы болып есептеледі» деген сөзі де осыны меңзесе керек.
Мен ауылды сақтауды және дамытуды қазақ ұлтының тағдырымен, оның бүгіні және болашағымен үндестікте қараймын. Ауыл және ұлт тағдыры – бөліп-жарып қарауға келмейтін біртұтас ұғым.
– Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Қазақстандағы 600 қазақ мектебінің жабылуы «ұлттың ұлы трагедиясы» деп бағаланған еді. Қазірдің өзінде де ауыл мектептерінің жабылу құбылысы орын алып отыр. Осы жайлы не айтасыз?
– Кеңестік дәуірде интернационализм ұранының дақпыртымен қазақ мектептерінің жабылуы ұлтымыздың бірнеше толқын ұрпағын ана тілінен, ұлттық рухынан, салт-санасынан ажыратып, дүбәра жағдайға ұшыратты, сол қалпынан арыла алмай келе жатқандар арамызда әлі көп.
Ал Тәуелсіздік жылдары тұсында қазақ мектептерінде білім алатын оқушылар үлесі үздіксіз өсіп, бүгінгі күні 60 пайыздан асып отыр.
Алғашқы жылдары жаңадан ашылған қазақ мектептерінің «тар жол, тайғақ кешкені» рас. Бірақ мемлекетіміздің қамқорлығының арқасында жағдай түзелді. Жаңадан мектептер салынып, олар заманауи талаптарға сай жабдықталды. Мұғалім дайындауға, төл оқулықтарымыздың сапасын жақсартуға үнемі көңіл бөлініп келеді. Сондықтан қазақ мектептерінің маңдайы жарқырап көрінетін кезі келді деп ойлаймын. Алайда мені еліміздің білім беру жүйесіндегі тағы бір құбылыс алаңдатады. Ол – бұрынғы ірі ауыл мектептерінің санының азайып, шағын жинақты мектептер қатарына өту құбылысы. Бұл – өзектілігі күн сайын өршіп келе жатқан мәселе.
Нарықтық қатынастарға көшудің ауыр жүгі ең әуелі ауылдарымызға салмақ түсірді. Кеңшарлар тараған соң ауыл шаңырағы шайқалып, тұрмысы тұралап қалды. Осы жылдары 800-ден аса елдімекендер мүлдем жойылған екен. Мәдениет үйлері, кітапханалар, балабақшалар бірінен соң бірі жабылды. Көп ауыл мектептері қысқартылып, шағын мектептерге айналды. Осының бәрі өз кезегінде елдімекен тұрғындарының үдере көшуін, тіпті ауылдың жоғалып кету қаупін туындататын, өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын өзгеріске ұшырататын күрделі құбылысқа айналып отыр.
Соңғы 15 жылда еліміздегі шағын жинақты мектептердің саны екі есеге өсті. Қазіргі таңда республикамызда 4221 шағын жинақты мектеп бар. Олардың ішінде бастауыш білім беретіні – 883, негізгі орта білім беретіні – 947, орта білім беретіні – 2391, ауылда орналасқаны – 4074. Бұл мектептерде 396 840 оқушы білім алып жатыр.
Осы типтес мектептердің басым көпшілігі Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында шоғырланған.
– Шағын жинақты мектептердегі білім сапасы неге төмен, қандай қиындықтар кездесіп отыр?
– Әрине, бұл мектептердің жағдайын қай жағынан алып қарасаңыз да, қала мектептерімен салыстыруға келмейді. Шағын жинақты мектепке тән, оқушылардың білім алуы мен дамуына кері әсерін тигізетін қиындықтар бар. Атап айтсақ, оқушылар дамуына тікелей ықпалдасушы мәдени-әлеуметтік кеңістіктің шектеулілігі, біріктірілген сыныптарда оқытудың қолайсыздығы, бейіндік оқуды ұйымдастыру мүмкіндіктерінің шектелуі, білікті мұғалім-мамандардың тұрақтамауы, материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базаның әлсіздігі.
Академияда жүргізген соңғы талдау қорытындысы шағын мектептердің жартысына жуығының ғимараттары күрделі жөндеуден өткізуді немесе жаңадан салуды қажет ететінін көрсетті. Бұл мектептердің көбі асхана, спорт залмен қамтамасыз етілмеген. Балаларды тасымалдау, ыстық тамақпен қамтамасыз ету, дәрігерлік қызмет көрсету төменгі деңгейде ұйымдастырылған. Интерактивтік тақта, мультимедиялық кабинетпен қамтылу деңгейі, кең жолақты интернетке қосылуы сын көтермейді.
Барлығы 66 мыңнан аса мұғалім жұмыс істейтін бұл мектептерде жоғары санатты мұғалімдер саны аз (3-10%), ал екінші санатты немесе санаты жоқ мұғалімдер мен аяқталмаған жоғары білімі бар немесе сырттан оқитын мамандар саны басым.
Пән мұғалімдерінің жетіспеуі немесе жүктеменің аздығы салдарынан шағын мектептерде әдетте бір мұғалімнің бірнеше пән бойынша сабақ беруіне тура келеді. Бұл мұғалімге қиындық тудырады, соның салдарынан сөз жоқ, білім сапасын нашарлатады. Сонымен қатар, олар – оқушылардың ынта-ықыласын арттыруға, оқу-тәрбие жұмысын тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін педагогикалық технологияларға, оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдеріне негізделген оқу-әдістемелік құралдарға зәру.
Сондай-ақ біріктірілген сыныптарда немесе әртүрлі пәндерден сабақ беретін мұғалімдердің кәсіби санатын, еңбекақысын анықтауға байланысты нормативтік тұрғыда шешімін таппаған мәселелер де кездеседі. Шағын жинақты мектеп басшыларына арналған әдістемелік нұсқаулар тапшы.
Қала мектептерінде айтарлықтай жолға қойылған ақпараттық-коммуникациялық технология арқылы білім беру, электрондық оқыту шағын жинақты мектептерде енді ғана қолға алынуда. Ол жергілікті жерлердегі инфрақұрылымның талапқа сәйкессіздігі, кең жолақты интернеттің болмауы және білікті мамандардың тапшылығымен байланысты.
Осының бәрі көп жылдар бойы шағын жинақты мектептер қызметін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуге тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей, бұл маңызды мәселемен қандай да бір ұйымның арнайы айналыспағандығының салдары екені бәрімізге мәлім.
–Шағын жинақты мектептерде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырудың қандай ерекшеліктері бар?
–Шағын жинақты мектептер қызметін ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері жетерлік және олар оқу үдерісі барысында ескеруді қажет етеді. Бұл мектептердегі оқыту үдерісі білім мазмұнының сабақтастығы мен үйлесімділігін қамтамасыз етуді, оқыту барысында бір пәнділік және бір тақырыптылық ұстанымдарын қолдануды талап етеді.
Сыныптардың толымсыздығы салдарынан көбіне әртүрлі жастағы екі-үш сынып оқушыларын бір сыныпта біріктіріп оқытуға тура келеді. Ал әр сыныптың оқушылары өздерінің жас ерекшеліктеріне лайықталып жасалған оқу бағдарламасы бойынша белгілі бір білім көлемін меңгеруі тиіс. Сондықтан екі немесе үш-төрт сыныптың біріктіріліп оқытылуы оқушыларға да, мұғалімге де психологиялық жағынан да, оқыту әдістемесі тұрғысынан да үлкен қолайсыздықтар туындатады. Сыныптағы оқушы санының аздығы, бір жағынан, оларды даралап оқыту мүмкіндігін ұлғайтса, екінші жағынан, психологиялық тұрғыда ұжымдық іс-әрекет жасау, оқушының коммуникативтік қабілеттерін дамыту мүмкіндіктерін шектейді, шамадан тыс бақылауды күшейтеді, осының барлығы оқушының психологиялық ахуалына, білім сапасына әсер етеді.
– Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы республикамыздың білім саласындағы байырғы ғылыми ұйымдардың бірі екені белгілі. Шағын жинақты мектептердегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруды жетілдіру бағытында академияның қандай жұмыстар атқарып жатқанын айтып өтсеңіз.
– Иә, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы – қазақ білімін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етiп келе жатқан қара шаңырақ. Оның тарихы 1921 жылы қазақ халқының біртуар тұлғасы А.Байтұрсыновтың басшылығымен құрылған Академиялық орталықтан бастау алады. Осы орталықта алғашқы қазақ әліппесі және басқа да оқулықтар жарық көрді. 90 жылға тарта уақыт аралығында Қазақстанның білім жүйесін, қазақ педагогикасын дамытуға академияның қосқан үлесі қомақты. 2008 жылдың 18 сәуірінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 365 қаулысымен академияға Ұлттық білім академиясы мәртебесі берілді.
Академия еліміздің білім беру жүйесін әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік және нормативтік-құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету қызметімен айналысады. Академияның басты міндеттерінің бірі білім берудің барлық деңгейлері үшін білім мазмұнын анықтайтын,білім беру ісінің негізгі өзегі болып табылатын басты құжат жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлеу болып табылады.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында академияға жүктелген міндеттер – 2015 жылдан бастап 12 жылдық орта білім беруге көшудi ғылыми-әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету және шағын жинақты мектептердегі білім сапасын көтеру.
Аталған мемлекеттік бағдарлама іс-шараларына сәйкес, академия базасында шағын жинақты мектепті дамыту орталығы құрылды. Орталықтың негізгі қызметі осы мектептерді ғылыми, оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету және аймақтық орталықтардың қызметін үйлестіріп, жетекшілік жасау болып табылады.
Академия еліміздегі шағын жинақты мектептердің қазіргі жай-күйін анықтап, олардың қызметін ұйымдастыру жөніндегі өңірлерде жинақталған тәжірибелерге жан-жақты талдау жасады. Мақсат – құнды тәжірибелерді жарыққа шығарып, олармен шағын жинақты мектептерді қамтамасыз ету. Талдау әр өңірде педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институттарының жетекшілігімен жинақталған оңды тәжірибелер бар екенін көрсетті. Мысалы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында ресурстық орталық-тірек мектебі қызметін ұйымдастыру, оқу-тәрбие үдерісінде тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану, технологиялық карталар арқылы өзіндік оқыту жұмысын ұйымдастыру жолға қойылған. Ақтөбе облысында негізгі пәндер бойынша біріктірілген сыныптарға арналған оқу-әдістемелік құралдарының жобасы дайындалған. Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында оқытудың ақпараттық технологияларын қолдану бойынша нақты тәжірибе жинақталған.
Академияда шағын жинақты мектептің және тірек мектебі-ресурстық орталықтар қызметін ұйымдастырудың типтік ережелері дайындалды. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтымен бірлесе отырып, біріктірілген сыныптарға арнап мазмұны ұқсас тақырыптарды кіріктіре оқытудың оқу-әдістемелік кешені, тағы да басқа оқу-әдістемелік құралдар әзірленуде.
Академия алдағы уақытта шағын жинақты мектепті дамыту орталығы мен аймақтық орталықтардың қызметінің үйлесімділігін арттыра отырып, нормативтік-құқықтық, оқу-әдістемелік құралдарды, оның ішінде, кіріктірілген оқу бағдарламаларын, оқушының өзіндік оқу-құралдарын әзірлеп, олармен мектептерді қамтамасыз ету, өңірлерде жинақталған құнды тәжірибелерді сараптап, жүйелеп, оларды республика білім ұйымдарының практикасына ендіру жұмыстарын жүргізетін болады. Сонымен қатар, қолданбалы ғылыми жобалар негізінде білім мазмұнын, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру, инновациялық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді ендіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.
Республика мектептерінің жартысынан астамын құрап отырған шағын мектептердің ауқымды проблемаларын шешу үшін республикалық және жергілікті жерлерде кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Республикалық және облыстық институттар мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарының сапасын жетілдіру, педагогикалық институттар педагогикалық білім мазмұны мен құрылымына тиісті толықтырулар енгізуі тиіс болса, жергілікті басқару органдары бұл мектептердің материалдық-оқыту базасын жақсарту, кадрлармен қамтамасыз ету бағытында арнайы кешенді бағдарламалар қабылдап, жүзеге асуыруы қажет болып отыр.
Аталған мектептердің оқу-әдістемелік жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, нақты ұсынымдар қабылдау мақсатында таяуда, яғни қараша айының 21-22 күндері Ақтөбе қаласында «Шағын жинақты мектеп: қазіргі жайы және даму болашағы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізгелі отырмыз. Конференцияда шағын жинақты мектептер мен ресурстық орталықтарда білім беру үдерісін оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру, білім беру үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану, қашықтан оқытуды енгізу мәселелері талқыланатын болады. «Шағын жинақты мектепті дамытудың аймақтық тәжірибесі» атты әдістемелік көрме ұйымдастырылады, Ақтөбе облысының іс-тәжірибесі көрсетіледі.
Конференциядан күтеріміз көп. Біз білім ұйымдарының басшылары мен ұстаздарын осы конференция жұмысына белсене қатысып, жоғарыда айтылған көкейкесті мәселелерді шешуге атсалысуға шақырамыз.
– Конференцияға шетелдерден әдіскер ғалымдар келетін болса, біз де олардың тәжірибесімен біршама таныс болуымыз керек. Қолымызда шағын жинақты мектептер проблемаларын шешуге қатысты зерделенген шетелдік тәжірибелер бар ма? Болса, біз оларға сүйене аламыз ба?
– Көптеген елдерде шағын жинақты мектептердің болуын әлемдік білім беру кеңістігіндегі феномен ретінде сипаттауға болады. Ұқсас проблемалар, оларды дамыту мен шешу жолдары бірдей болса да, әр елде шағын жинақты мектептердің өзіндік бағыты бар, өзіндік білім беру тәжірибесі мен саясатын жүзеге асыратын жолы бар.
Мысалға алатын болсақ, АҚШ-та әрбір, тіпті ең кішкене ауыл мектебін сақтап қалуға тырысады, ол үшін мұғалімдерге материалдық тұрғыдан қолдау көрсетіледі, әлеуметтік көтермелеулер жасалады. Мұнда ауылдағы «шағын жинақты» мектеп педагогтерінің жалақысы қаладағы әріптесіне қарағанда екі есе көп.
Франция мен Германияда шағын мектептердің сабақтарының бір бөлігін кәсіпорындарда, кәсіптік оқу орындарымен тығыз байланыста өткізу кеңінен қолданылады. Бұл оқу үдерісін жергілікті өнеркәсіптік және экономикалық ерекшеліктермен сәйкестендіруге және білім алушыларды еңбекке, қызметке араласуға көмектесуге мүмкіндік ашады.
Қоныстары шашыраңқы орналасқан Австралия мен Польшада балаларды оқыту проблемасы ақпараттық технологиялар арқылы қашықтан оқытумен шешіліп отырады екен.
Батыс Еуропадағы халықтың тығыз орналасуы халқы аз елді мекен оқушыларын толық кешенді мектептерге тасымалдап оқыту толығымен жолға қойылған. Балаларды тасымалдауды ұйымдастыру, оны қажетті қаржымен қамтамасыз ету мәселелерімен біздің еліміздегі жергілікті атқарушы органдар сияқты муниципалитеттер айналысады.
2009 жылғы мәліметтер бойынша Ресейдегі жалпы білім беру ұйымдарының 70%-ын шағын жинақты мектептер құрайды, яғни, әр төртінші бала шағын жинақты мектепте оқиды. Ресейдің білім беру тәжірибесінде шағын жинақты мектептерді әлеуметтік ортамен біріктірудің түрлі формасы бар. Онда мектеп, балабақша және мәдениет үйі, сынып-сабақтық емес типтегі мектептер, базалық мектептер енетін ауылдың мәдени өмірін біріктіретін орталық құрылған.
Украинада әрбір бес мектептің біреуі 40-50-ден аспайтын оқушысы бар шағын жинақты мектеп болып табылады. Бұл елде қаржылық қиындықтарға қарамастан, екі есе төлемге 1-5 сыныптардың барлық пәндерін бір мұғалімнің оқытуы, сыныптағы толымдылықтың нормативін үш оқушыға дейін азайту, сыныпта 16 оқушы бар жағдайда жекелеген пәндерді топқа бөліп оқытуды енгізу, педагогикалық сағаттар санын оқу жүктемесіне түзету жүзеге асырылған.
Міне, шағын жинақты мектептер қазақстандық білім жүйесіне ғана тән емес. Ол басқа елдерде де кездеседі. Әрқайсысының өз ерекшеліктері және қиындығы бар. Біз кез келген шетелдік тәжірибеге сүйену үшін бір нәрсені анықтап алуымыз керек: яғни ұлттық болмысымызға кері әсері жоқ па немесе оның түбі неге алып келеді. Ал ой елегінен өткізілген, өзімізге қарай оңтайланған тиімді тәжірибелерді неге енгізбеске?!
– Сұхбатыңызға көптен-көп рақмет!
Алашқа айтар датым...
–Кеңестік кезеңде Алаштың қаншама арыстары осы сөздің бұрмаланған астарында ұлт мүддесі үшін құрбан болды. Жалпы, ұлтшылдық туған халқыңа деген сүйіспеншіліктен, ұлтжандылық сезімінен туындайды. Ұлтшыл болу басқаларды мойындамау немесе кемсіту емес, ол – өзіңнің ұлтыңды сүю мен өз ұлтыңның мүддесіне жан аямай қызмет ету. Ұлтшылдық – өз халқыңның алтын бесігін, асыл босағасын сақтау ұстанымы.
«Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел болмас» деген ұстазымыз А.Байтұрсыновтың сөзінің астарында да осы ой жатыр деп пайымдаймын.
Халқымыздың рухани Тәуелсіздігінің басты белгісі және кепілі – ана тілімізді сақтау, төл мәдениетімізді қайта жаңғырту және сол дәстүрде жаны таза, рухы биік жас ұрпақты тәрбиелеу. Олай болса, қазіргі біртұтас ақпараттық кеңістік пен көп мәдениетті ашық қоғам орнау жағдайында ұлттың болашағы үшін қызмет ету қаншалықты маңызды екенін қаны бір қазақтың әр баласына ұғындыру – тек білім саласының қызметкерінің ғана емес, баршамыздың міндетіміз.