Ұлт тағдыры білімге тікелей байланысты, сондықтан бізге білім беру жүйесінің ұлттық моделін жасау қажет

Ұлт тағдыры білімге тікелей байланысты, сондықтан бізге білім беру жүйесінің ұлттық моделін жасау қажет

Көпжасар НӘРІБАЕВ, экономика ғылымының докторы, профессор, академик:

– Бүгінгі күні біздің білім жүйемізге не жетіспейді?
– Кеңес Одағы кезінде бірен-саран ма­ман­дықтар ғана қазақ тілінде оқытылып, негі­зінен маман дайындау көбінесе орыс ті­лінде жүрді. Оқу жоспары орыс тілінде бо­лып, тәрбие де орысша берілді. Осы­лай­ша біз білім беру жүйесінің ұлттық мо­де­лін құра алмадық. Мәселен, өзбек, ук­раин, со­сын Балтық елдеріндегі эстон, ла­тыш, лит­ва халықтары секілді жоғары бі­лімнің ұлттық жүйесін қалыптастырып үл­гер­медік. Бұл жерде бар мәселеге орыс­тарды кінәлай беру де ұят шығар. Өйткені қазақтарды не­гі­зінен білім, ғылымға тарт­қан – Кеңес Ода­ғы. Оны жасыруға болмай­ды. Кеңес Одағы ке­зін­де білім, ғылым өте жақсы дамыды, ел білім жағынан көтеріл­ді. Сөйтіп жүріп біз білім берудің ұлттық жү­йе­сін қалыптастыра алмадық. Оқулық­та­ры­мыздың басым бөлі­гі орыс тілінде болды. Қазақ бөлімде­рінің өзі орыс тілін­дегі оқулықтарды оқи­тын. Сон­дықтан ен­ді­гі жерде біз ұлттық құнды­лық­тары­мызды қосып, ұлттық негізге құрылған бі­лім беру­дің ұлттық моделін жасауымыз керек. Біз­дің қазіргі жүйеміз – Кеңес Ода­ғының бір­ыңғайландырылған, ұлтсыздан­дырыл­ған жүйесінің қалдығы. Ол жүйе ұлтсыз ұрпақ­тарды тәрбиелеуге бағыттал­ған­дық­тан, ұлт­тық мәдени мұра, рухани қа­зы­на, елдің салт-дәстүрі, тілі мен ділі сырт­та қалды, отандық тарихымыз бұрма­ланды. Дәл мұн­дай қалыппен оқыта беру – болашақ ұрпағымызға обал. Кеңес Ода­ғы кезінде оқы­ту деңгейі жоғары болған­мен, ұлттық құндылықтар алыстатылды. Тә­уелсіздік ал­ға­нымызға қанша уақыт өтсе де, осы бір ол­қылықтың орнын толтыра ал­май келе­міз. Біздің білім беру жүйеміздің ұлттық си­па­ты, рухани мәйегі болмаса, ұлт тағды­рын, елі­міздің ерекшелігін, халқы­мыздың ментали­тетін ескермесе, жастарды ұлт­жан­дылыққа тәрбиелемесе, оны қа­лай­ша ұлт­тық білім жүйесі деп айтамыз? Сон­дық­тан біз ұлттық білім беру жүйесін қа­лып­тас­ты­руымыз ке­рек. Өзінің төл мәде­ни бай­лық­тарын мең­гер­меген жан әлемдік өрке­ниетті де жарыл­қамайды. Ұлт тағдыры бі­лімге тікелей бай­ланысты, сондықтан біз­ге білім беру жүйе­сінің ұлттық моделін жа­сау қажет.
– Қазір немен айналысып жатырсыз?
– Қазір 75 жылдық мерейтойыма орай, екі-үш кітабым жарық көрді. Жас кезімнен ойға келген нәрселерді түртіп қоя беріппін. Біраз нәрсе жиналып қалыпты. Сол жастық шақтағы жырларды «Жастық сырлары» де­ген атаумен, одан кейінгі бөлімде Жел­тоқсан оқиғасына орай, «Желтоқсан жаң­ғы­рығы» деп атадым. Өйткені Желтоқсан оқиғасы кезінде ең алдымен таяқ же­ген­дердің бірі мен болдым. «Ұлтшылсың, қа­зақ­тарды көп оқыттың» деп талай таяқ та же­дім. Осы турасында кітапқа кіргізейін деп жатқан бір өлеңімді оқып берейін.
Желтоқсанда бас көтерген жастарды,
Ұлттық рух, ар-намысы бастады.
Ал оларды шын қолдаудың орнына,
Қан жосытып, қырып салып тастады.
Биліктегі белсенділер бүлінді,
«Қанды қол» боп жаман атқа ілінді.
Бір-біріне айдап салған қазақты,
Бейбақтардың бет пердесі түрілді.
Қазақсың ба бір-біріңді мұқатқан,
Атын алып Жаяу Мұса ұқсатқан.
Басқаларға бас байлатып ұстатып,
Бір-біріңе аяғыңды тұсатқан?!
Абай айтып, күңіренген қазағым,
Болдың ғой сен талай елдің мазағы.
Басқа түскен өзге сорың аз ба еді,
Тарихтың көп тартып ең ғой азабын.
Қашан басың қосылады ел болып,
Ауызбірлік, ынтымағың кең болып?!
Алауыз боп өтесің бе осылай,
Кім көрінген, ит пен құсқа жем болып?!

Бұл 1986 жылдың 29 желтоқсанында жа­зыл­ған. Желтоқсан оқиғасы кезінде бә­рі Мәскеуден басқарылғанымен, бірін-бірі ұстап, сатып берген қазақтар болды. Әйт­песе, Мәскеудегілер мындағы қай қазақ­тың не істеп жүргенін қайдан біледі? Осы бір күйініштен туған өлең еді. Ел- жер ту­ра­лы осындай өлеңдерді бір тарауға топ­тас­тырдым. Бұрын еш жерде жарық көр­ме­гендіктен, кітабымды да «Жасырын жат­қан жырларым» деп атадым. Бұл жай­лы бірін­ші рет сіздерге айтып отырмын.
– Білім саласында аяқ астынан жаса­ла­тын реформалар жетерлік. Осы орай­да ке­зінде білім саласын басқарған ми­нистр ре­тінде бүгінгі күні аяқ асты­нан жасала­тын реформалар жөнінде не айтар едіңіз?
– Білім саласына түбі реформа қажет. Қо­ғам дамып, өзгеріске түскен сайын бі­лім сол қоғамның талабына сай болуы ке­рек. Қоғам сұранысының деңгейінен шы­ға­тын маман кадрлар дайындау қажет. Бі­лім тіпті қоғамның алдында дамып, қо­ғам­да болып жатқан өзгерістерден оқ бо­йы озық тұруы тиіс, яғни білім қоғамды ал­ға сүйреуі ке­рек. Өйткені сол білімнің ар­қасында, білім­нің нәтижесінде қоғам дамиды. Білім бол­маса, қоғам ешқашан дами алмайды. Бі­рақ біз соны бағалай ал­маймыз. Білімге көп саланың бірі ретінде қа­раймыз. Содан кейін мемлекет тарапы­нан қаржы бөлгенде әйтәуір қаржының сарқытын беріп, білім саласын асырап келеміз. Бұл – өте үлкен қате. Мемлекетті дамытамыз десек, бізге бі­лім­ді алдыңғы орынға қою керек. Мем­лекетіміз үлкен іргелі мемлекет болып, дамыған елдердің қатарына қосылсын десек, білім мен ғы­лым саласына аса көп мән беруіміз қажет. Өкінішке қарай, білім саласымен Білім ми­нистрлігі айналыссын деп ысыра салуға бейімбіз. Негізі, біліммен барша қоғам ай­на­лысуы керек. Білім сала­сы Білім ми­нистр­лігінің жекеменшігі емес. Барлық са­ла­ның назары білімде болуы керек. Өйт­кені білім саласының дамуымен ғана қал­ған салалар алға дамиды. Қоғам­ның жаңаруына орай, бізге жаңа білім жү­йесі керек. Бұрынғы білім жүйесінің кемші­лігі идеологияға негізделген еді. Бар мақ­саты партияны мақтау, дәріптеу, партия­ның айт­қанын орындау болатын. Бірақ осы бір білім жүйесінен де біз алып қала алатын нәрсе бар еді. Бірақ біз соның бәріне қол­ды бір-ақ сілтедік. Сол кездегі білім беру саласынан бір ескере кететін нәрсе – іргелі білім берудің нәтижесінде орта мектепті бітірген баланың білім деңгейі шетелдегі университет бітірген баланың деңгейімен бірдей болатын. Бізге соны сақтап қалу ке­рек еді. Сақтап қала алмадық. Бұл – өте өкі­нішті жайт. Осыған орай біздің білім жү­йемізге реформа керек. Ел болған соң, барыс-келіс, араласу болады, сондықтан ше­телдік білім беру жүйесінің озық жүйе­ле­рін біз өзімізге алу керекпіз. Бірақ біздің бір кемшілігіміз, біз шетелдің жүйесін түбі­рімен көшіріп ала саламыз. Өзімізден еш­теңе қоспаймыз. Біздің жоғары білім ре­фор­масының жалғыз мақсаты шетелдің барлық талап-тілектерін өздерінен бұрын орындап, айтқандарын екі етпей іске асы­ру сияқты. Сонда біз Еуропа оқу кеңiстігіне кім болып кіреміз? Білім жүйесінің ұлттық си­паты қалыптаспаған, естіп-білгенін ел­ек­тен өткізіп өлшемей, бәрін бойына сіңіре сала­тын, басқа елдердің жүрген жолын ойлан­бай қайталай қоятын жасанды, елік­тегіш ұлт ретінде кіреміз бе? Мысалы, ше­тел­дің Баллон процесін алдық. Бірақ біз сол өз­геріске кезең-кезеңімен баруымыз ке­рек еді. Ең алдымен мектебімізді дайын­дап, орта білім беру жүйесін түгелдей 12 жыл­дыққа өткізіп алу қажет еді. Сонда қазіргі уақытта университетте 1-2-курс­тарда оқы­тылатын көптеген пәндер мек­теп­те оқы­тылып, жоғары оқу орнында тү­бе­гейлі бі­лім беретін іргелі ғылыми дәріс­тер мен кәсі­би мамандық беретін жалпы жә­не арнайы пәндерді жүйелі түрде терең­детіп оқытуға мүмкіндік туар еді. ЖОО-да­ғы біраз пәндерді мектепке көшіріп, ЖОО-да кәсіби мамандық беретін жүйе енгі­зуі­міз керек-тін. Ал бүгінгі күні біз Баллон про­цесін жоғарғы білім жүйесіне қабыл­дап алып барып мектепті көшіреміз бе деп жүр­міз. Қазір біздің қиындығымыз ос­ын­да болып отыр. ЖОО-дағы біраз пән­дер­ді оқу орнының бағдарламасынан алып таста­дық, бірақ оны мектеп қабыр­ғасында ен­гіз­бедік. Осылайша көптеген пән­деріміз не анда, не мұнда жоқ күй кешу­де. Не мек­тепте, не ЖОО-да өтпеген соң, ол пәндер қазір мүлдем оқытылмауда.
Сондай-ақ маман дайындағанда ой-өрі­сі кең, қоғамның даму заңдылықта­ры­нан хабары бар маман дайындау керекпіз. Және оқу орындарының бағдарламасы ұлт­тық құндылықтарға негізделуі қажет. Ұлттық құндылық болмаған жағдайда жұтаң, бірыңғай білім баланы көгертпейді. Ұлттық құндылықтарын меңгермеген бала әлемдік дәрежеге шыға алмайды. Сондық­тан әлемдік өркениеттің негізін қалайтын ұлт­тық құндылықтар екенін біз ескеруіміз керек. Ал біз әлі күнге соны жоғары мек­тептің оқу бағдарламасына енгізе алмай отырмыз. Талпыныс бар, бірақ нәтиже жоқ. Соңғы кездері реформа бір ізге түс­кен секілді. Білім берудің сапасын жоғары­лату, білім сапасын өлшеу секілді көптеген нәрсе істеліп жатыр. Білім сапасын тексеру үшін алдымен сапаның өзін жақсартуымыз ке­рек. ЖОО-ның материалдық-техника­лық базасын жақсартып, ЖОО-да дәріс бере­тін ұс­таздардың жалақысын көтеру керек. Кеңес Одағы кезінде ЖОО ұстаздарына жағдай жақсы жасалатын. ЖОО мұғалі­мі­нің жала­қысы лауазымды қызметте отыр­ған тұлға­ның айлығынан жоғары болатын. Мәселен, өз басымдағы жағдайды айтсам, мен Ха­лық шаруашылығы институтында ғы­лым жөніндегі проректор болдым, сон­да ай­лығым 450 сом болатын, ал профес­сорлар 500 сом алатын. Одан кейін Жо­ға­ры білім беру министрлігіне орынбасар бо­лып ауыс­тым, ол жерде айлығым 330 сом бо­ла­тын. Кейін министр болдым, жа­ла­қым 410 сом болды. Міне, салыс­тырып қа­рап тұр­саң, ол кезде қарапайым ЖОО профес­со­рының айлығы министрдің ай­лы­ғынан жоғары болатын. Тікелей білім са­па­сына әсер ете алатын тұлға профессор болған соң, олардың айлығын министр­ді­кі­нен де жоғары қылып белгілейтін. Жала­қысы жоғары болған соң, білімге ұмты­ла­тын жастар да көп еді. Профессорлар да алған айлығын өтеп, ғылыми жаңалықтар ашуға ұмтылатын. Кейін ЖОО-дағы ұстаз­дар­дың жалақысын төмендеткен соң, талай ғалым­дар бизнеске кетіп қалды. Өйткені айлығы отбасын асырай алмайтын дәре­жеге жетті. Біз білімді сыйласақ, про­фес­сорларды сон­дай дәрежеге жеткізбеуі­міз керек еді. Қазір ешкім ғалым болғысы келмейді. Ай­лығы шайлығына жетпейтін ғылым саласы ешкімге керек болмай қал­ды. Баллон про­цесіне көшкен шетелдік ЖОО-ның жағда­йы өте керемет. Мате­риал­дық-техникалық базасы мықты, сту­денттерінің ізденуіне толық жағдай жа­салған. Бізде Назарбаев университеті ашыл­ды. Оқу орны толықтай заманауи ма­те­риалдық техникалық база­мен жаб­дық­талған. Егер еліміздегі барлық универ­ситет сондай дәрежеде болса, нұр үстіне нұр болар еді. Білімнің сапасына да сенімді бо­лар едік. Шыны керек, біз бір кез­дері ре­фор­мадан шаршап кеттік. Өйт­кені бірі­нің үстіне бірі қабылданып, білім саласын шатастырып жіберді. Бірақ олар­дың еш­қайсысы аяғына дейін жетіп, дұрыс нәтиже берген жоқ. Өйткені білім сала­сында ми­нистрлер екі жылда бір ауысып отырды. Ал келген әрбір министр өз өзгері­сін, өз жобасын, жаңалығын енгізуге ты­рысты. Оның соңы басталған реформаның аяқсыз қалуына әкеліп соқты. Жүйелі жү­йе­нің бол­мауы білім саласын әлсіретті. Сол үшін бізге білім саласын ғылыми түрде не­гіз­деп алу керек еді. Мысалы, көптеген са­лалар алдын ала ғылыми негізделеді. Ау­ыл­шар­уа­шылығының өзінде малды асыл­дандыру үшін оның ғылыми негізі жаса­лады. Содан соң іс жүзінде жүзеге асырады. Дәнді да­қыл­дардан көп өнім алғысы кел­гендер де алдын ала оның ғылыми негіз­демесін жа­сайды. Білім саласы да осындай сала. Сон­дықтан білім саласындағы әрбір жа­сала­тын реформаның ғылыми негізде­ме­сін жа­сап алу керек еді. Егер білім сала­сына енгізілетін әрбір өзгерісті ғылыми тұр­ғыдан негіздеп алатын болсақ, онда оның нәти­жесі боларына да сеніммен қарар едік. Сол нәтижеге жетуге тырысар едік.
– Еліміздің ғылым саласында жаса­лып жатқан жағдайға көңіліңіз тола ма?
– Білімді күшейтетін нәрсе – ғылым. Білім мен ғылым бір медалдың екі беті секілді. Бірінсіз бірін елестету мүмкін емес. Білім болмаса, ғылым қайдан шығады? Ғылым­ның іргетасы – білім. Сондықтан білім мен ғылымға қатар жағдай жасау керек. Ол үшін барлық университеттердің жанында ғылыми орталықтары болуы керек. ҚазҰУ-де 10 жылдай ректор бол­дым. Сол 10 жыл­дың ішінде 16-17 ғылы­ми-зерттеу инсти­ту­тын аштық. Ол кезде ғылыми-зерттеу ин­с­титуттарының қол жет­­кізген нәтижесі оқу процесіне енгізіліп отыратын. Мәселен, ғылыми-зерттеу ин­сти­тутының қызметкері өзінің қол жет­кіз­ген табыстарын дәрісхана­да сабақ беру кезінде тәлімгерлеріне жан-жақты түсінді­руіне мүмкіндік берілді. Сөй­тіп, ұстаз білім мен ғылымды ұштастырып, білімді жетіл­діріп отырады. Ғылымның өз міндеті бар. Менің­ше, ғылымның ең басты міндеті – бі­лімді дамы­ту. Одан соң қоғамы­мыз­ды дамы­ту, эко­номиканы дамыта оты­рып, жаңа­лық­тарды енгізу, технологияны да­мы­ту секілді міндеттері бар. Егер ғылым, білімді дамыта алса, байыта алса, онда бі­лім алған жастар жұмыс істеп қызметке тұр­ғанда соны кәде­сіне асырады. Өкініш­тісі сол, кезінде біз ғы­лымды таратып ал­дық. Кеңес Одағы тара­ған соң ғылымнан береке қашты. Ұлттық ғы­лым академиясы қоғам­дық академияға айналды. Көптеген ғылы­ми мекемелер жа­былды. Ғалымдар бас­қа жұмысқа ауысып, ғалымдарымыз­дың са­нын азайтып алдық. Сондықтан ен­ді сол ға­лымдарымыздың ор­нын толты­рып, ғылым­ды дамыту ісін қай­та жолға қою ке­рекпіз.
– Осы 75 жылдық ғұмырыңызда қан­дай ісіңізді өзіңіз ерекше мақтан тұтар едіңіз?
– Менің барлық саналы ғұмырым осы бі­лім саласында өтіп жатыр. 1960 жылы ҚазҰУ-ді бітіргенмін. Мәскеуде үш жыл ас­пирантураны оқығаннан кейін Халық шар­уашылығы институтында 12 жылдай жұ­мыс істедім. Жай ұстаздықтан бастап про­ректорлыққа дейін көтеріліп, Білім беру министрлігінің орынбасары болып ауыс­тым, одан соң министр болдым. Ми­нистр болып істеп жүрген кезімде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орын алды. Ұлт­шыл ми­нистр атанып, орнымнан алын­дым. Не­гізі, біздің қазақта ұлтшылдық жоқ. Қазақ ұлтшыл халық емес. Керісінше, қа­зақ ин­тер­ноционал халық. «Ұлтшыл, қа­зақ хал­қын көп оқытты» дегенде бұлар бәрін дұ­рыс түсінбеді. Тіпті түсінгісі келме­ді. Мәс­кеу­ден комиссия келіп, мені ша­қырт­ты да: «Неге сен қазақты көп оқыттың?» – деді. Мен: «Қазақ қайта аз оқып жатыр, оқитын қа­зақ­тар жетпей жатыр», – дедім. Соң­ғы рет ол уақытта 1959 жылы санақ бол­ған. Сол санақ бойынша есептеп, қа­зақ­тардың үлесі 36 пайыз деп санады. Орыс 42 пайыз. Олар­дың ойынша, қазақ студенттердің саны да 36 пайыз, орыс сту­денттері 42 пайыз болуы керек көрінеді. Ал сол кездегі біздің қазақ студенттерінің саны 53 пайыз болатын. Соны көріп, міне, қазақ студент­терінің саны басым дейді. Мен: «Институтқа жасы келгендер, құры­лыс­шылар, шопан­дар түспейді. Оқуға тү­се­тін балалар мек­тепті енді бітіргендер. Сондықтан біз мек­теп бітіретін қазақ жас­та­рының үлесін анық­тап алуымыз керек. Егер сол үлес сал­мағынан асып жатса – сөз бас­қа», – деп қар­сы дау айттым. 1985-1986 жылдары мек­теп бітірген балалар­дың 60 пайызы қазақ­тың балалары бола­тын. Егер осы үлеспен санайтын болсақ, онда ЖОО-да білім алып жат­қан сол кездегі қазақ жаста­ры­ның саны, керісінше, жетпей­ді. Қазақ жас­тары­ның білім алуы үшін ке­зін­де осын­дай да күрес жүрген. Осы кезге дейін біздің алға қой­ған мақсатымыз ұлт­тық кадр даяр­лау болатын. Көптеген сала­ларға қазақ кадр­ла­ры жетіспейтіні айты­латын. Машина жа­сау, құрылыс, транс­порт, бай­ла­ныс са­ла­сын­да мамандар да­йын­дау керек бо­латын. Олар­ды дайындау­ға Мәс­кеуге, Омск, Томск, Киевке жіберу ке­рек бола­тын. Одан гөрі, өзі­мізде да­йындау тиім­ді болатынын біле тұрып, мені «қазақ балаларын көп оқыт­тың» деп ұлтшыл деген айдар тақты. Айты­сып-тартысып, пікі­рім дәлелді болса да, мені тыңдамады. Со­сын министрліктен ке­тіп, екі-үш жыл ака­де­мия­да жұмыс жаса­дым. Министрліктен кет­кен соң ұлтшыл болып, екі-үш жыл кө­ңі­лім жабырқап жүр­ді. Ақи­қатты қоғамға түсіндіре алмағаны­ма, қа­зақ­тың жоғын жоқ­тауға келгенде қо­лым­нан ештеңе кел­мегеніне ренжідім. Бұрын араласып жүр­гендер араласпай, көшеде көріп қалса, бұрылып кететін. Бұрын ара­ласып жүрген жол­дастар да жоламай кетті. Кейін Елба­сы­мыз билікке келгеннен кейін бәрін орын-орнына қой­ды. Арнайы шақы­рып, ҚазҰУ-де істің алға жылжымай жат­қа­нын айтып, ректорлық қызметке шақыр­ды. Айта кетер жайт, осы жоғарыдағы қыз­мет­тердің ішін­де өзіме ыстығы, қызметтегі өмі­рімнің жар­қын ке­зеңі деп ҚазҰУ-де істеген 10 жы­лымды ай­тар едім. Сол кезең­де ҚазҰУ-ге авто­номды статус, дербестік алып бер­дік. Ол кезде бұл статус тек Мәс­кеу мем­ле­кеттік уни­версите­тінде ғана бар бола­тын. Жалғыз атал­мыш оқу орны ғана өзін-өзі бас­қара­тын. Елба­сы­мыз өзінің қау­лы­сы­мен ҚазҰУ-ге ар­найы дербестік ста­ту­сын берді. Ол бізге үл­кен жәрдем болды. Бірін­шіден, бізге қаржыны Білім министр­лігі емес, тікелей мемлекеттік бюджеттен ауда­рылатын бол­ды. Одан соң ҚазҰУ-дің жағ­дайы күрт жақ­сара бастады. Ұстазда­ры­ның да айлы­ғы бұрынғыдан екі есе кө­те­рілді. Қарапа­йым қызметкерден бастап профес­сор­ла­рының да жалақысы жоғары­лады. Бұ­рынғы кетіп қалған ғалым­дар қай­тып орал­ды. Сөйтіп, ҚазҰУ-де тұрақтылық пай­да болып, көркейе бастады. Заман сұ­ра­нысына қарай халықаралық қатынастар, халықаралық байланыс, әлемдік эконо­ми­ка, менеджмент, маркетинг секілді ма­ман дайындайтын факультеттер аша бас­тадық. Шығыстану факультетін ашып, ол жерде араб, парсы, кәріс, қытай, жа­пон, түрік тіл­дері оқытыла бастады. Ол фа­куль­теттің студенттері оқып жатқан тілдері бо­йынша сол елдерге барып, сол жерде оқып, елдің мәдениетімен, әдебиетімен жа­қын таны­сып, тілдерін ширатуды жолға қойдық. Ол кезде аталмыш университет Ки­ров атын­дағы ҚазҰУ болатын, кейін әл-Фараби атамыздың атын алып бердік. Мұ­ның өзі оңайға түспеді. Өйткені көп адам қарсы болды. Тағы Елбасының қабылда­уына кіріп: «Өзбектер, тәжіктер «Фараби біздікі» деп жатыр бабамызды. Өз топыра­ғымызда туған ұлымыз ғой. Жан-жақты эн­цик­лопе­дист ғалым. Физик, математик, фило­соф, тарихшы адам. Әл-Фарабидің аты біздің университетке лайық. Бізде сон­дай фа­куль­теттер бар», – деп едім, ол кісі Үкіметке дереу тапсырма беріп, мен рек­тор болып сайланған соң, 4-5 айдан кейін ҚазҰУ Фара­би атамыздың атын иеленді. Сол кезде Кеңес Одағында 38 ЖОО-ның аты Киров атында болған екен. Фарабидің атын алғаннан кейін оны ақтау керек. Со­сын университеттен фарабитану ғылыми-зерттеу орталығын құрдым. Онда Фараби­дің мұрасын зерттедік. Ағын Қасымжанов атты фарабитанушы ғалымды сол орта­лық­тың директоры етіп сайладым. Ол әл-Фарабидің көптеген еңбектерін зерттеп, осы мақсатқа жастарды жинап, кітаптарын басып шығарды. Одан кейінгі істеген ең­бе­гіміз университеттің барлық факульте­тіне фарабитану дейтін сабақ кіргіздік. Әр факультет Фарабидің еңбегін оқытады. Сонда барлық студент университетті бітір­генде Фарабидің кім екенін біліп шығады. Әйтеуір осы ҚазҰУ-ді басқарған кезім өзі­ме­ ыстық. Ондағы атқарған әрбір істерім жаныма жақын. Әрине, бұл басқа қызме­тім қызмет емес деген сөз емес. Министр­лік орын, мәселен, үлкен қызмет. Министр бо­лып жүрген кезімде 3-4 институт, 12-13 техникум ашып, көптеген жатақхана, оқу ғимараттарын салдырдым. Бірақ осы ҚазҰУ-ді басқарып жүрген кезімде ұлты­ма, білім саласына көп нәрсе істей алдым деп ойлаймын. Бірақ артыма көз жіберіп қа­рағанда, көңілім жайланып еске алатын, қанағаттанатын қызмет осы ҚазҰУ-де істе­ген кезім, сол қызметім бір төбе.
– Қазір дүниежүзін алаңдатып отыр­ған мәселе – жаһандануға ұмтыламыз деп ұлттық құндылықтардан айыры­лып қалғанымыз. Осы орайда білім мен ұлттық құндылықты қалай қатар қоюға болады?
– Ұлттық тәрбие дейтін пән мектеп қа­быр­ғасында жүруі керек. Ұлттық тәрбие отба­сынан басталады. Кейін балабақшада, мектепте, ЖОО-да толығуы керек. Білімнің ұлт­тық мәйегі ретінде барлық болашақ ма­мандық иелеріне қазақтың төл мәде­ние­тін, рухани қазыналарын дәріптейтін дә­ріс­тер беру керек. Балабақшадан бастап уни­верситет бітіргенше Отан – ел тарихы, фоль­клор, мәдениет пен ұлттық өнер, ұлт­тық спорт ойындары, халықтың салт-дәс­түр­лері, ұлттық педагогика мен психология, ұлттық кәсіпкерлік пен шаруашылық үлгі­лері және т.б. толып жатқан ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын пәндер мен тәр­бие түрлерін оқытып-үйрету қажет. Қазақ­стан білімін дүниежүзілік жүйеден, бүкіл адамзаттық рухани, мәдени байлықтары­нан бөліп, ажыратып алу емес, керісінше, сол адамзаттық ортақ өркениетке өз тегі­міз, өз рухани төлтума құндылықтарымыз­бен барып кіргеніміз абзал. Сонда ғана тағ­дырымызды, мәдениетімізді, тіліміз бен ділімізді, тағы да басқа қадірлі қасиеттері­мізді сақтап қаламыз. Өз халқының рухани мұраларын меңгермеген азаматтың бүкіл адамзаттық өркениеттің биігіне шығуы екі­талай.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста