Түркілік рухани бірлік идеясы қазақтың ұлттық мәселесі болуы керек

Шәкір ЫБЫРАЕВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті:

– Қазіргі заман – халықтар ықпал­дас­тығын өте-мөте талап ететін жа­һан­дану заманы. Қазақтың бұндағы ұста­натын жолы қайсы?
– Расында, біздің бүгінгі дәуір – мем­ле­кет­тердің, халықтың, жалпы, ұлттардың жа­һан­дану үрдісіне тап болған дәуір. Ғалым­дар­дың жаһандану жайындағы болжамы да сан түрлі. Әйтсе де түптің түбінде жер-жаһанды ме­кен­деген жұрттың бәрі өздері үшін бір ыңғайлас мәдени-рухани қарым-қатынасқа түсіп, эко­но­микалық-саяси сүрлеуге негізделіп өмір сүреді, барша ел бірігу арқылы тұтас­тық­қа қарай көшеді дегенге саятын тұжырым кө­бірек құпталады. Бұның арғы жағына үңілсек, ғалам­дасу үдерісі кезеңінде көптеген ұлттар мен мемлекеттердің жеке дәстүріне, оқшау әдет-ғұрпына орын қалмайтындай. Бәрі бір тектікке ауады, адам бойындағы мінездік құн­ды­лықтарға дейін ортақтаса түседі деген пікір­лер де баршылық. Осындай пікірлердің байыб­ына ой жүгірткенде мынаны бай­қай­тын­даймын: адам баласы белгілі бір тәртіп пен түсінікке ғана емес, әдет-ғұрыпқа, оның ішінде киім кию әдебі, жүріс-тұрыс этикасы, тіпті тамақтану мен сөйлесу мәдениетінде үстем­дігімен ілгеріленген жүйені ұстануға бейім тұрады. Ал жаһандану жағдайында бұн­дай әдептің байыптысы қане? Байыпты бұйымды бізге кім ұсынады? Дәл осы сұраққа келгенде көбінесе еуроцентристік көзқарастың емеуріні қылтиып шығатыны айқын. Яғни қай­сыбір ғалымдар ортақ, баршаға ыңғай­лан­ған жүйені тек америкалық немесе батыс­тық үлгімен ұштап, осы екі жүйе басым бо­ла­ды, қалғаны тек солардың айналасына шо­ғырланады не­ме­се еліктейді деген сәуегей­лік танытады. Әри­не, бұндай ой белгілі бір дәрежедегі идео­логиялық өктемдікпен айты­лу­да. Осындай идео­логия адуыны арқылы бас­қа құрлықтағы мәдениет пен ұлттың өкілдеріне жаһандану ықпалын себу көбірек көрініс беріп жатыр. Екі жүйені санаға сіңіру арқылы еуроцентристік пиғылға үйрете беру, ұйыта беру көзделетін тәрізді. Әйтсе де бұған қарсы кейбір ғалым­дар­дың «әлемдік жаһан­дану үрдісіне өз ерек­ше­лігімізбен ғана ба­руы­мыз керек» деген дауысы естіледі. Мен осы тұсқа көбірек илана­мын, құптаймын. Әлбетте, ғаламдасуда кімнің дауысы үстемдеу болса, ортақ дүниеде кімнің мәдениеті басымдау болса, адамзат баласының ары қарайғы дамуы­на сол тараптың белгілі бір дәрежедегі ықпалы болатыны сөзсіз.
Тәуелсіз Қазақстанның жағдайына үңіле­тін болсақ, еліміздің ұстанған жолы айқын. Оның үстіне біздің этно-мәдени қуатымыз да, өрке­ниеттік өзегіміз де, құнды қайнарымыз да мы­ғым. Алайда, жоғарыда айтқандай, жаһан­дану үдерісі жападан-жалғыздықты еш жақ­тыр­майды. Сондықтан да ғаламдасу үдерісіне қазақ жалғыз ұлт ретінде де, мем­ле­кет ретінде де араласа алмайды. Ал әлемдік жаһандасу үрдісінен қазақ жұртының үні естілетін жолға келсек, бұл – түркі әлемімен бірлік жолы. Түр­кілік тұтастық, түркілік ортақ­тық арқылы руха­ни бірлігімізді дамыта алсақ, сол жолмен жаһандасуға ілессек қана біздің мәдениетіміз де, әдет-ғұрпымыз да, жүріс-тұрысымыз да белгілі бір дәрежеде өзгеріссіз сақ­талып қана қоймай, оның жоғары дең­гей­де болуына өзі­міз жауапты болған болар едік. Сөйтіп қана қазақ өзінің үлес салмағын жаһан­ның жұмыр­ланған уысынан алып шығар еді.
– Осы төңіректен одан ары қаузасақ, қазақ тәуелсіздігінен бері түркі әлемімен бір болу идеясы айтылып келеді. Бірақ ықпалдастық деңгейіне көңіл сонша көн­шімейтіні рас. Ендеше, түркіліктің қай тұсына маңыз берген ләзім?
– Асылы, адам баласы еш уақытта тек қазіргі күнімен ғана өмір сүре алмайды. Өтке­нін пайымдап, сондағы асыл мұра - жау­һар­ларын мақтан тұтып, оны өзге жұрттың ал­дына паш етеді. Тарихын түгендеп ұстаған ел­дің болашағы да бекем болатыны сон­дықтан. Осы негізге салып қарасақ, бізге ең алдымен түр­кі­лер тарихындағы ортақтыққа маңыз берген орынды. Ілгері замандағы тәжірибеден біле­ті­німіз, бір халық екіншісіне өктемдік жасап, жойғысы келсе, алдымен оның тарихын бұза­ды. Алыстан іздемейік, кеңестік дәуірдің өзінде орыс пен батыстың құраған тарихы көп тық­паланды, түркінің санасынан ықылыммен сабақ­тастығын үзуге қатысты саясат жүрді. «Өткен тарихың тұлдыр, тарих сенде емес – мұнда, осымен жүрген жөн» деп, біздің түбірі­мізді өшіргісі келді. Бұдан не түйеміз? Кез кел­ген этнос басқаға үстемдік ету үшін алдымен сол басқаның тарихын жоққа шығару арқылы са­наға билік жүргізіп алады да, қалғанын бір­тіндеп жасайды. Мәселен, сол Кеңес Одағы тұсында түркі мәдениетінің ұлы өркениетті қа­лып­тас­тырғаны, түркі халықтарының тарихы үл­кенді-кішілі 16 мемлекеттік-империялық құ­рылыммен ерекшеленгені еш айтыл­ма­ды. Көнеден келе жатқан жазуымызға, түркі бабамыздың тасқа қашап кеткен өшпестей ама­натына жолатпады. Ұлы далада арғы ба­ба­­лармыз құрған 16 мемлекетпен бізді еш бай­ланыстырмады, осынау иен мекенге қазақ­­ты айдаладан көшіп келгендей етіп тарих­ты бұрмалап тастады. Осылайша, асыл қазынадан айырып, ұлы тарихымызды бұйырт­пау саяса­ты­ның ұстыны – халықтарды, оның ішінде туыс­тас ұлттарды ортақ тегінен ажырата оты­рып, әрқайсысын өз қазанында билеп-төстеу, сол арқылы үстемдік ету идеоло­гиясы жүрді.
Дегенмен өктем саясат кешегі ғұндардан, ұлы далада қанат қаққан мемлекеттерден бастап Атилладан, Үйсіндерден, Көк түріктер­ден бергі мемлекеттік этностық сананы түп тамырымен жұлып тастай алмады. Оның се­бе­бі түркі өркениетінің өзегінде жатыр. Ендігі мәселе – сол ұлы мемлекеттерді құрған, төл жазуы, мәңгілік мәдениеті болған өркениет тарихын қайта түлету, оны ортақ жүйеге салу, сол тарихи ортақтастық арқылы ықпалдасу. Он­дай болса біз кез келген, тіпті даму жағынан алға кеткен мемлекеттермен де тепе-тең дәрежеде тұра аламыз. Сол үшін тарихтағы ортақтықты қайта қалпына келтіруге тиіспіз.
– Бұл не үшін керек?
– Бұл ұлттық тарихи санамызды жаңғырту арқылы ұлттық рухымызды көтеру үшін керек. Жаңғырту бағытындағы қажеттілер қатарында саналатын қадау-қадау дүниелер де жеткілікті. Сол үшін біз түркі халықтары, әрбіріміз өзбек, қырғыз, түрік, қазақ ретінде өз қасиетімізді сақтай отырып, ортақ тарих негізінде рухани түсіністік арқылы жақындай алсақ екен. Сонда ғана біз жаһандасу үрдісінде үнімізді естіртіп, ғаламдасуға түркілік келбетімізді сақтау арқылы кірігеміз һәм орнымызды аламыз. Еш жоғалмайтын, ешкім бұза алмайтын тұтастық шеңберін де қалыптастыра аламыз. Ғалымдар санағы бойынша жер бетінде 40-тан астам ірілі-ұсақты түркі халықтары бар. Оның кейбірі тіпті жойылып бара жатыр. Осы түбі бір түркілердің жалпы саны кей санақта 200 млн, енді бір санақта 250 млн адамды құ­райды. Бұл – аз жұрт емес. Осыншама халық­тың жағра­фия­лық шекарасы Оңтүстік Сібірден бастап бір ше­тінде – Кіші Азияға, бір қиыры – Еуропаға, енді бір шеті Африкаға келіп тіре­леді. Мұншама ұлан-ғайыр мекенді жайлаған түркілердің бір-бірімен рухани жақындастығы мен түсіністігі әбден қажет. Ол сөзсіз. Өйткені жоғарыда айт­қа­нымыздай, түркі жұрты бір­ың­ғай рухани кеңістікті қалыптастыра алсақ қана үлкен ғаламшардағы өз орнын ешкімге бермейді. Сондықтан да ғаламдасуға кірігу үшін ортақтық керек. Тек тарихты тереңнен та­нығанда барып, біз сол ортақтықтың маңы­зын да сезінеміз.
– Тарихтың ортақтығын мойындау мен мойындату маңызды дейсіз ғой. Ал сол тарихымыздың ортақ дүниесін бір-бірімізбен бөлістіретін жазу, яғни әліпби мәселесі емес пе? Былтырғы жылдың со­ңына таман ТүркПА жиынында жал­пы­түр­­кілік әліпби жасауға кірісу туралы әң­гіме көтеріліп қалғанын естідік. Тіпті Түрк­ПА хатшысы биылдан бастап осы ба­ғытта заң жобасын әзірлесу туралы тілегін біл­діріпті. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Бұл – тамаша идея. Оның арғы жағында тарихи маңызы зор шындық бүркеліп жатыр. Әлбетте, әліпбиде белгілі бір қиындықтар болуы заңды. Біз одан қашпай, керісінше, ор­тақ­тық үшін соған қарсы баруға тиіспіз. Шы­нында, әліпби ортақтығы – кездейсоқ көтеріліп отырған, көлденеңнен туған мәселе емес. Ста­лин тұсында әліпбилік төңкеріс болды, үш рет жазу ауысты. Сананы отарлау үшін жазуды бүл­діру арқылы өзіміздің мәдени-рухани қай­нарымыздан айырды. Бұған дейінгі кезеңде ғасырлар бойы түркі халықтары қадімше, жәдит­ше жазуды ортақ қолданып кел­­ген едік. Түркілер ондай ортақ жазу ба­рысында түбірін сақтап жазатын болған­дық­тан, бірінің жазғанын екіншісі еш қиын­дық­сыз-ақ түсіне алатын деңгейде болатын. Содан да айырылдық. Одан бергідегі ХХ ғасырдың өзінде түркі авто­но­миясы, түркі халықтары мәселесі де тұтастай қаралатын еді. Мұстафа Шоқай мен Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы, Әлихан Бөкейхан секілді ұлт қай­рат­кер­лері де түркілік бірлікті осы негізде ізденіп, әліпби реформаларында бір-бірімен ал­шақ­та­мауды ұстанған болатын. Біз сол дәстүрге енді ғана жақындап келеміз. Алдымыз жарқын болсын делік.
– Әліпбиді латынмен алмастырғаннан ұтарымыз не?
– Бұның бірқатар басым салаларда ілгері­леу­шілікке әкелетіні белгілі. Мен басқа қырына көп соқпай-ақ, түркілік ортақтық тұр­ғысын ай­тайын. Біріншіден, түркі жұртшылығы арасында бір-біріндегі рухани мұраларды, көркем шы­ғар­маларды, қажетті дүниелерді оқуымызға жеңілдік туады. Ол үшін басқа бір тілге немесе басқа бір жазуға қотарып барып оқымай, тікелей оқуға мүмкіндік болатын еді. Екіншіден, ақпараттық алмасуымызда кедер­гі­лер өзінен-өзі жоғалады. Бұл ықпалдастықты арттыратын аса маңызды құрал. Үшінші – ортақ мұра­ла­ры­мызды, оның ішінде Орхон-Енисей жазуы­нан бастап, орта ғасырлардағы М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік», Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу білігі» немесе «Кодекс Куманикус» секілді толып жатқан ортақ мұраларымызды ортақ таңбамен беру мүмкіндігі туады. Бұндай жазулы күйінде сақталған жауһарлар мол, алайда оларды ортақ әліпбимен беруге жол жабық. Өйткені түрік оны қазіргі әліпбиіне көшір­се, басқа бір дүниеге, өзбек өзінікіне салса, басқашаға түрленіп шығады. Біздікі тіптен бөлек. Ал осыны ортақ әліпбиге түсіретін болсақ, ортақ транскрипция туатын еді. Осы тұста бір мысал келтіре кетейін, кеңестер заманында Бакуде «Советская тюркология» атты жұрнал шығып тұрды. Сол жұрналдың соңғы бетінде латын әліпбиінің ортақ жазу үлгісі орналастырылған болатын. Сонда түркі халық­тары жұрналға қандай да бір әдеби шығар­ма бергісі келсе, олар мәтінді әлгі жұр­нал­дың соңғы бетіндегі бәріне ортақ ұсынылған әліпбиге қотарып жолдайтын. Жұрнал сондай шығарманы беріп тұруды дәстүрге айнал­дыр­ған еді. Мінеки – ортақтық! Кеңестік кездегі санаулы жақсылықтардың бірі осы болатын. Сол дәс­түр қазір жоқ. Біз Халықаралық түркі ака­де­мия­сы ретінде қызметке кірісіп, бағытты кеңірек қамтуға ыңғайланып жатқан жайымыз бар. Осыған орай академияға Алтайдан, Сібір­ден, Хакасиядан, Гагауыздан, Түркиядан неше бума мәтіндер келіп түседі. Ал сол мәтін ком­пьютермен оқылмай қиналамыз, қырық құбылатын таңбаға түрленеді. Бұл проблема – өз алдына, зерттеушілеріміз «гагауз тілінде мынау былай еді, қырғызша былай екен, ал түрікш­е басқаша» деп толық түсінік бергісі келсе, ортақ әліпбидің жүйесіздігінен ала-құлаға тап боламыз. Сондықтан да ортақ әліпби ең алдымен тарихи-мәдени мұра­мыз­ды игеруге оң ықпалын тигізер еді. Тү­сі­нісуі­міз­ге де зор мүмкіндік туып, тіпті мәтіндерді аудар­масыз оқуға жаттығатын едік.
– Ендеше, латын әліпбиін енгізуге нен­дей кедергілер бар деп білесіз?
– Былтырғы жылдың мамыр айында Түр­кістанда Елбасының зиялы қауыммен кездесуі өтті. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы латын әліпбиі мәселесін тағы көтерді. Халықаралық түркі академиясының құрамындағы ғылыми жоба­лар­дың бір саласын біз әліпбиге бұру туралы шешім қабылдадық. Қазір Түркияның, Әзір­бай­жанның, Қазақстанның ғалымдары латын әліпбиіне қатысты бірлескен жобамен жұмыс істеуде. Ортақ әліпби болса, бұл қандай болуы шарт, ол түркі тілдерінің бүгінгі ерек­ше­ліктерін қаншалықты ескере алады деген мәселені ғылыми негізде зерттеуге кірістік. Яғни әліпби реформасында алдымен ға­лым­дар ғылыми бағытта бір-бірін мойын­датып алуы керек. Өйткені бұндай ауқымды шарада ғалым дауға түссе, әбден келісе пішіп, ортақ ұстанымға көз жеткізсек қана бәріне ұнамды жазу шықпақ. Ал бір тараптың пікірі еске­ріл­месе, ол тарап оны қабылдамаса, әліпби ор­тақ­тығы өз мұра­тына жете алмайды. Сон­дықтан да мен қазіргі күні латынға көшу, ор­тақ әліпби қалыптастыру мәселесі ғалым­дар­дың халықаралық зерттеу деңгейінде қара­лып жатыр деп айта аламын. Көп іс алда. Ал бұл зерттеудің нәтижесі, білім­дарлар тоқ­та­мы алдағы уақытта түгел жұрттың алдына көл­денең тартылады.
– Түркілердің саясаттағы ортақтығы ше? Бірер жыл бұрын Түркия үкіметінің басшысы Р.Ердоған жалпытүркілік бірлік мәселесі туралы айта келе: «бізге үш бірлік маңызды, олар: тілдегі бірлік, істегі бірлік (яғни экономика), сосын сөздегі бірлік (яғни саясат)» дегені бар еді? Сіздің пікіріңізді естісек?
– Бұл да – жазу ортақтығымен өте-мөте сабақ­тас дүние. Өйткені саясатты қалып­тас­ты­ратын бірден-бір көз – бұқаралық ақпарат құралдары. Ал Қазақстанда қазір жасыратыны жоқ, ақпараттық кеңістікте түркілік бірлік сарынынан гөрі теріскейдегі көршінің ықпалы, одан қалса, батыстық белгі басым. Тарихи не­гізбен сараласақ, ХІХ ғасырдың басында жал­ғыз Түркиядан басқа түркі халықтарының барлығы отарланудың ықпалында болды. Ояну­ға ұмтылыс кезеңі басталған тұста Қырым татардың қайраткері Исмайл Гаспаралы, Түркияның оянуына үлкен ықпал жасаған Юсуф Акшора, Зия Көкалып, Алаш ардақ­ты­ла­ры А.Байтұрсынұлы, М.Шоқай, М.Жұ­ма­баев сынды тұлғалар түркілік мәдени бірлікке ұмтылды. Бұлардың барлығы да техникадан, ғылымнан алға кеткен елдің отарында қалмас үшін жұрттың санасын ояту саясатын ұстанды. Сол тұстағы еңбектің, қайраткерліктің бар­ша­сы осымен ұштасады. Алайда осы қай­рат­кер­лерді сол кездің өктем идеологиясы «пан­тюр­кис­тер», «тұраншылдар» деп айыптады. Расын­да, бұл нағыз кері кетудің дәлелі еді. Бұл – іс жүзінде еуроцентристік һәм түркі дүние­сіне дұшпан көзқарастағылардың ойлап тапқан термині. Содан бастап түркілерді ыды­рату саясаты жан-жақты жүрді.
Ал сұраққа келетін болсам, бұндай бай­ланыс бізге аса қажет. Түркі халықтарының ара­сында мәдени де, рухани да, экономикалық та байланыстарды қалыптастыру керек. Оған жоғарыда жауапты біршама бердік. Оның үстіне түбі бір түркі жұрты ортақтық ұстанымын сөзбен ғана емес, іспен дәлелдемесе бол­май­ды. Солай бола тұра тұраншылдыққа қатысты айып әлі де баршылық. Тіпті кейбірі асыра сілтеп, тәуелсіздікке қатысты ұшқарылап кетеді. Осы ретте әртүрлі саяси айыптаушылар, ғылы­ми пікірді құбылтушыларға да бір нәрсені ерек­ше айтқым келеді. Түркітілдес егемен мемлекеттердің қай-қайсысы да еш уақытта бірігіп бір ғана мемлекет, бір ғана ұлт бола алмайды. Ондай үрейді тастау керек. Қазірдің өзінде жас түркілердің әлемдік кеңістікте бөлек-бөлек мемлекет, өз алдына бір-бір ел болып отырғаны – зор жетістік. Ал сол жетістікті еселеу үшін рухани-мәдени мәсе­лемен шек­те­ліп қалмай, экономикалық-саяси жақындықтан қорқақтамау керек. Өйт­кені халықаралық аренада да біздің ортақ мүд­демізді қорғайтын тұсымыз көп. Ал сая­сат­тағы бірліктен күллі түркі этносы ұтады.
Екіншіден, қазір ықпалдастығы жағынан ауызға бірінші алынатын Еуропа бірлестігі бар. Олар бір-бірімен виза, валюта, кеден, шекара мәселесінде ортақ кеңістік енгізіп алды. Ұзақ жылдар бойы бір-бірінің басынан сөз асыр­мастан жауласқан Еуропа неге бір кеңістікке бас­тарын тықты? Француз бен ағылшын жүз­деген жылдар бойы бір-бірінің қанын төккен ел еді. Сол екі мемлекет қазір жер­дің астынан да, үстінен де тығыз бай­ла­нысқа кетті. Мұның себе­бі не? Себебі қазір интеграция – ең өзекті ұстаным. Кім ықпал­да­суға ұмтылса, сол ұтады, соның эко­но­ми­касы да, мәдениеті де байиды. Ендеше, түптеп келгенде, әлемдік билікте соның сөзі – сөз, ісі іс болады. Біз соған қарап Еуропаны «па­неу­ро­пашыл» деп айыптадық па? Қайта қызы­ға­мыз. Қызыға отырып, өзіміздің одан да жар­қын дүниемізге қол сала алмай келеміз. Түркі халықтарының арасында осы Еуропадағы секілді бірлестіктер, одақтар болса, ол кімге кедергі? Әрине, түркінің бірлігі алпауыт елдер­ге мәселе тудыруы мүмкін, алайда бұл ортақ дұшпаннан басқа ешкімге де кедергі келтірмейді. Бұдан түркі мемлекеттері ұтпаса, ұтылмайды.
Сондықтан да істегі һәм сөздегі, яғни саясаттағы бірлігіміз әлі де жақындауды қажет етеді. Оның бір жолын ақпараттық саладағы ықпалдастық деп тағы атаймын. Қазір Қазақстандағы БАҚ саласы жағдайына көз жүгірткендер Ресейдің телевизиялық та, баспалық та ықпалы 50 пайыздан да жоғары болып отырғанын еш қиындықсыз аңғаратын еді. Мен айтар едім: рухани қазына керек бол­са, саясаттағы сара жол керек болса, біз Түркиямен, Әзірбайжанмен ақпараттық байланысты тығыз орнату арқылы толығуымыз керек деп. Біздің дамыған Түркиядан алатын нәрсеміз де, беретін нәрсеміз де өте көп. Түркілердің ақпараттық кеңістігін бір жүйеге түсіруіміз керек еді. Саяси ықпалдастығымыз содан барып, онан сайын бүршік ататын еді. Ал біз қазіргі жағдайда арзанқол телесе­рия­лар­дан әріге аса алмай отырғанымыз да шын­дық.
– Түркологияның алдағы дамуына жол ашатын академия жоспарларымен бөліссеңіз?
– Жоспар жетеді. Болашақта дүниежүзілік деңгейде түркологиялық зерттеулерді үйлес­тірсек деген ниет бар. Оның нәтижелерін нақты өмір тәжірибемізге енгізіп, ғалымдар арасында тізе қосып, бірлесіп талдауды ұйымдастырғымыз келеді. Ғалымдардың пікірталасын барынша кең ауқыммен өрбітсек, соның нәтижесінде туатын шындықты дәріп­тесек. Ал Халықаралық түркі акаде­мия­сының жалпылама жұмысына келсек, ол Білім және ғылым министрлігінің стратегиялық жос­па­рына орай алты түрлі бағытқа негізделген. Бірінші – түркінің тарих, этнография, мәде­ниет­тану, археология салаларындағы жетіс­тіктің баршасын жүйелеп, бір ізге түсіру. Со­ның нәтижелерін түркі халықтарының ортақ құндылықтары ретінде оқулық дәрежесіндегі жинақ­пен буып, түйіндесек. Екінші, мәдени кеңістікті насихаттау. Өйткені түркі жұртының әр тармағы ақын-жазушыдан еш кенде емес. Ондай ұлы тұлғаларымыздың таңдаулы шығар­маларын өзара таныстыру. Солайша көр­кемдік кеңістігімізде ортақ түсіністік қалыптастыру. Үшінші бағыт – көне тілдеріміз бар, жазба ескерткіштерінің тілдері мен қазір­гі түркі тілдері бар – осылардың барлы­ғының негізінде сөздік қорын жасау. Бұл бір жағынан жойылып бара жатқан түркі тілдерін қорғау ниетін білдіреді. Өлісін тірілте алсақ, тірісін байыта алсақ. Бұның да берері мол. Өйткені осының арқасында ортақ терминнің мәселесі жеңілдейді. Тілдік түсіністігімізді де барынша оңайлататын еді. Төртінші – түркі әлемі жер шарында үлкен өркениетке ие. Араб өркениеті, славьян өркениеті, еуропа өрке­ниеті, қытай өркениеті секілді түркі өрке­ние­тін де насихаттау. Ал, жалпы, өрке­ниеттің өзі тарихтан ғана тұрмайды. Түркінің өнерін­дегі асыл қазынасы мол. Ақындық, айту­шы­лық, жыршылық өнер басқа өркениеттен алда екенімізді білдіреді. Бұл да түркі әлемінің ортақ құндылықтарына айналуы шарт. Бесінші бағыт – қазіргі жағдайдағы түркі мемлекеттері үшін бірлік идеясы. Бұл да – зерттеуді аса қажет ететін мәселе. Қазіргі түркі мемле­кет­тері­нің байланыс деңгейі нешік? Соған көңі­ліміз тола ма? Не кедергі? Оны шешудің қандай жолдары бар? Осының баршасы да арнайы зерттеуді, талдауды қажет етеді. Яғни түркі ғалымдары өзара бас қосып, қазіргі мемлекеттік саясаттық құрылымдарымызды да зерттеуіміз керек. Бүгінгі бірлік үшін не керектігіне де ғылыми-зерттеу қажет. Осы сарында түркілердің арасындағы саяси, мәдени, экономикалық, құқықтық қарым-қатынас сараланады. Діндегі орын алып отырған ерекшеліктер де ескеріледі. Алтыншы бағыт – түрколог кадрларын даярлау. Шын­дығы сол: бұған дейін түрколог мамандарды Мәскеу даярлап беріп келді. Әлі де солай. Шоқ­тығы биік түркологтердің Ресейде шоғыр­лануының себебі де сонда жатыр. Ал ендігі жағдайда бізге қыруар еңбекті атқару – өз алдына, болашақта бұны табанды түрде ары қарай жалғастыратын маманды даярлау өзек­ті болып қалмақ. Оны бұрынғыдай орта­лыққа артатын кез емес, бәрін өзімізден жасауымыз қажет. Тым болмағанда бізге алда­ғы уақытта түркі тілдерінің тобына жата­тын оғыз, қыпшақ, қарлық тілдерін меңгерген маман­дарды даярлауға күш салуымыз, содан қол үзіп қалмауымыз керек. Бұны кейінге ысыруға болмайды. Өйткені Ресейдегі білімі ұшан түркологтер қартайып, қатары сиреп барады. Түркі дүниесін зерттейтін магистрлер, докторлар даярлау қажеттігі осыдан да аң­ғарылады. Оның үстіне ғалымдарымыз бас­қа мемлекеттің идеологиясымен емес, қазақ­тың қайнарымен сусып, біздің мем­лекеттігіміздің мүд­десіне жұмыс істейтін болады. Түйіндей айтсақ, Түркі академиясының көтерер жүгі жеңіл емес.

Алашқа айтар датым...
Түркілік сана мен түркілік кеңістік идеологиясы барша түркі жұрты үшін бірлік идеологиясымен ұштасқаны игі. Қазағым айналасындағы басқа түр­кі­лерді бауырлас, туыс халықтар ретінде жоғары көтере санайтын деңгейге же­туге және осыны ұлттық мәселе деңгейінде ойлануға шақырар едім. Біздің ойы­мыздың, болашақ туралы түсінігіміздің, келешекке арналған жос­па­ры­мыз­дың бәрі бауырлас түркі халықтарымен бірлікке негізделсе екен.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста