Түркілердің бүгін бірігуі ертеңіміз үшін маңызды
Әмзебек ЖОЛШЫБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
– Әмзебек Рысбекұлы, әңгімемізді жақында өткен ТүркПА жиынынан, осы ұйымға Қазақстанның төрағалығынан бастасақ. Жалпы, түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының болашағын қалай бағалайсыз?
– Түркітілдес мемлекеттердің бірігу идеясы Кеңес Одағы ыдырап, әлем картасында жаңа Тәуелсіз түркі мемлекеттері пайда болғаннан кейін ғана көтерілген мәселе емес. Тарихқа жүгінсек, өткен ғасырдың басындағы Алашорда тұсында ұлттың бірқатар зиялылары егемен мемлекет болуды ойлағанда, ең алдымен түркілік тұтастыққа, түркілік одаққа да баса мән бергені айқын. Кейіннен ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың 26-жылы Баку қаласында өткен жиында да осы мәселені тереңінен қозғап кеткені белгілі. Онда Ахаң түп тарихы ортақ, ата тегі мен діні бір түркілердің бір-бірінен алшақтамай, қайта жақындасуларына сеп болатын кез келген мәселеге қатысты мүдделілікті білдірген болатын. Мейлі ол саясаттағы бірлік болсын, мейлі бұл рухани, оның ішінде ортақ әліпби жайынан болсын, әйтеуір ынтымақтастықтың болу ниетін қолдағаны белгілі. Сол жолы Баку басқосуында «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасаған А.Байтұрсынұлы – түркі тілді халықтардың бір ортаға тоғысуы туралы мәселе көтерген Алаштың ардақтысы еді. Әйткенмен сол заманда Алаш қайраткерінің негізгі ойын түсініп, соған ортақ үнқатудың жолы қиын болғаны анық. Өйткені бұл Қазақстанның Кеңес Одағының құрамына біржола шырмалған тұсы болса, әлгіндей ынтымақтастық туралы басқа да түркілердің дербес ой қозғауының өзі еш құпталмайтын дүние еді. Кейіннен дәл осы Алаш көсемдерінің идеясын Түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Кемал Ататүрік ары қарай тарқатып, болашақты көрегендікпен болжап кетті. Ол уақыты келгенде жас түркілердің де Тәуелсіздік алатынын айтып, соған әзірлікке қамдануды ұран қып қалдырған еді. Кейінгі Түркия да мұндай аманаттан аттамады, дәл осы жолмен жүрді. Қазақстанның Тәуелсіздігін әлемде бірінші болып Түркияның мойындауы соның айғағы еді. Ал Тәуелсіздіктен кейін түркілік бірлік мәселесі қайта күн тәртібіне шыға бастаған тұста дәл осы бағыттағы бастаманың басымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты болды. Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен-ақ Түркия Президенті Тұрғыт Озалмен әртүрлі форматтағы кездесуді ұйымдастыра жүріп, нақты қадамдарға бара алды. 1993 жылы Түркітілдес мемлекеттер басшыларының тұңғыш саммиті өтті. Содан бастап түркілік ортақтық туралы мәселе жиі қамтылды. Яғни Қазақстан Президенті Н.Назарбаев кезінде Алаш қайраткерлері көтеріп, Ататүрік қозғау салған Түркілік одақ мәселесін жандандырды.
Жалпы, жаһанданған заманда қайсыбір мемлекет сыртқы әлемнен жабық қалып, өз бетінше дамуға ұмтылуы еш құпталмайтын дүние екендігі сөзсіз. Кейінгі жылдары өңірлік, аймақтық одақтардың құрыла түскені, олардың халықаралық аренада белсенділік танытуы да сондықтан. Ал бұндай жағдайда түбі бір түркілердің жақындаса түсуі де заңдылық. Өйткені бізде ортақтық көп. Сондықтан да ҚР Президенті Н.Назарбаев Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясын құру туралы идеяны дәл көтерді әрі бұл да заман үдесінен шығатын бастама болғаны анық. ТүркПА – мемлекеттердің өзара көмектесуді жүзеге асыра отырып, барлық салада алға озуға, өркениеттілік қатарына біріге ұмтылу мақсатында құрылған ұйым. Өйткені жаңа Тәуелсіздік алған мемлекеттер саясаттың ғана емес, экономиканың да қиыншылығына ұрынғаны анық. Ал өзара жәрдем мен қолдауға негізделген идеяның өзі жас мемлекеттердің әлемдік қауымдастықтың қатарына шапшаң сіңісуіне жағдай жасайтыны белгілі.
– Дегенмен осындай бағыттағы ынтымақтастыққа түркі мемлекеттерінің баршасы бірдей илікпеуіне не себеп деп ойлайсыз? Оның бір себебі ұйымның жұмыс деңгейіне байланысты емес пе?
– Рас айтасыз, өкінішке қарай, тәуелсіз атанған түркі мемлекеттерінің бәрі бірдей ықпалдасуға құлшыныс танытқан жоқ. Дегенмен ұйымға ұмтылмады деп қайсыбір мемлекеттің саясатын сынап жату орынсыз. Әр мемлекет өз ұстанымын, сыртқы саяси бағытын өздері анықтайды. Ал түркілік ынтымақтастықтың қажеттілігін уақыт өте келе басқа да мүдделі мемлекеттер танып, бұл бағыттағы байланыс бір қалыпқа түседі деп ойлаймын. Өйткені бірлік идеясының түптөркіні мемлекеттер үшін дәп қазіргі уақытта соншалықты керек болмағандай көрінгенімен, кейінгі ұрпаққа өте мөте қажет. Біз кейінгі жастарды өз тегінен ажыратпауға тиіспіз. Жоғарыда айтқанымыздай, түркітілдес мемлекеттердің одақтасуы өзара экономикалық, гуманитарлық, мәдени рухани байланыстарды бірге өрістетіп дамытуды қолдайды және ешқандай да әскери, әсіре саяси бағытты ұстанбайды. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі жағдайға қарап, кеше құрылған Ассамблея мардымды ешнәрсе атқармады деуге болмайды. Халықаралық парламенттік ұйымның іргетасын қалаудың өзі толық еңсеріліп біткен жоқ. Қазір ТүркПА-ның бастапқы қалыптасу кезеңі. Соған қарамастан, ТүркПА-ның Астанадағы кезекті отырысының өзі біршама ілгерілеушілікке жол ашты. Алқалы жиында қабылданған Астана декларациясында бұл көрініс тапты. Ұйым алдағы уақытта түркітілдес елдер арасындағы тарих, тіл және мәдениет ортақтығына негізделген тығыз және сан қырлы ынтымақтастықты дамытатын болады. Бұл ретте халықтарды жақындастыруда парламентаралық байланыстарға зор мән беріледі. Сондықтан алдағы заманда Ұйымның беделі мен маңызы арта түсетіні айқын. ТүркПА қазірдің өзінде ЕҚЫҰ ПА-ға, Ислам Конференциясы ұйымы ПА-ға бақылаушы дәрежесін иеленіп отыр. Түрлі деңгейдегі өңірлік һәм халықаралық шараларға қатысты өзінің ұстанымын білдіріп жатыр. Дүниежүзілік қауымдастық, оның ішінде беделді парламентаралық қауымдастық ТүркПА-ны кеңінен мойындауда. Сондықтан да уақыт өте келе басқа түркілер жұмыстың ілгерілегенін көріп, бірігу бағытында қадам жасайды деп ойлаймын.
– Түркілік ортақтық туралы айтқанда, ортақ әліпби туралы да айтпай кету мүмкін емес тәрізді. Осы мәселеге сіздің көзқарасыңызды білсек деп едік? Расында, қазақ қоғамында жұртшылықтың біршама бөлігі түркілер ізімен латын қарпіне көшу ниетін қолдайтын тәрізді. Әйткенмен, латынға көшу мерзіміне келгенде мүдіре беретін тәріздіміз. Не айтасыз?
– Бәрін уақыт көрсетер. Дегенмен өзімнің жеке пікірімді білдіріп өткім келеді. Бүгінгі біздің әліпби түркітілдес мемлекеттер арасындағы ықпалдасуға еш кедергі бола алмайды. Әрине, кеңірек, тереңірек қарағанда, ортақ әліпбидің болу тиістігі де анық сезіледі. Дегенмен түркітілдес мемлекеттердің басым бөлігі, оның ішінде Қазақстанмен құрдас елдер осы латын әліпбиіне көшіп кеткенін алға тартып, билікті сынайтындары баршылық. Әліпби ауыстыру туралы шешім қабылдау оңай жүзеге аса салатын қатардағы реформаның бірі емес. Бұның саяси мәні зор. Өйткені біздің санасып қадам жасайтын бағытымыз көп. Латынға көшкен Өзбекстанда, Әзірбайжанда, Түркіменстанда негізгі ұлт саны 90 пайыздың үстінде. Осы тұстан келгенде бұл елдерге әлгіндей саяси реформа жүргізуде көп қиындық бола қоймағаны анық. Ал Қазақстандағы халық құрамы мүлдем басқаша. Қанша дегенмен, біз өзіміздің өмір сүріп отырған ортамызды терең түсініп, соған баға бере алмасақ, үлкен қателікке бой алдыруымыз мүмкін. Сондықтан латынға шапшаң көшіп кетуге кедергілер әлі де баршылық деп білемін. Бұл – бір. Екіншіден, жоғарыда аталған жас түркі мемлекеттердің латынды қабылдауы түркі жұрты үшін ортақ әліпби қалыптаса бастады дегенді еш білдірмейді. Әйтсе де «түбі көшуге тиіспіз» деген мәселе болғандықтан, ғалымдар ізденісі тоқтамауы керек. Реформаның оңтайлы тұсын, әліпбидің жетік түрін әзірлеуде пікірталасты жүргізу маңызды. Оның ішінде лаж болса, түркі ғалымдары бастарын біріктіріп, ортақ әліпбиді негіздеуге шаршамаса, жалықпаса екен. Әр мемлекет өз тарапынан бұған құлықты болғаны ләзім.
– Әңгімені қауіпсіздік мәселелерімен қамтысақ. Еліміздің ішкі сыртқы қауіпсіздігіне бағытталған заң жобалары, халықаралық келісімшарттар ең алдымен Сіз төрағалық етіп отырған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінен өтетіні белгілі. Сондай келісімшарттың бірі жақында Мәжілісте мақұлданды, онда Ауғанстанға Қазақстан сарбаздарын жіберу көзделеді. Қоғам арасында үлкен резонанс тудырған осы жоба туралы нақтырақ айтсаңыз?
– Менің ойымша, біз кейде қабылданып жатқан заңдар, халықаралық ратификацияларды жұртшылыққа түсіндіруде кемшілік жіберіп аламыз. Мұны мойындау керек. Әлемде болып жатқан құбылыстарға елдің ресми ұстанымын, елдегі сыртқы саяси мәселелерден халыққа қажет жаңалықты ақпарат құралдары арқылы өзіміз жеткізіп отыруға мүдделі болуға тиіспіз. Қазақстаннан Ауғанстанға сарбаздарды жіберу туралы келісімшарт – таза техникалық тұрғыдағы құжат. Ақпараттың мардымсыздығынан, басым жұртшылық мұны дұрыс түсінбей қалды деп ойлаймын. Яғни резонанстың тууына да сол ақпараттың тым кеш, әйтпесе толық жетпеуі себеп. Ал келісімшартқа келетін болсақ, Ауғанстанға Қазақстаннан төрт офицер барады. Ол төртеуі ешқандай да әскери-ұрыс қимылдарына қатыспайды. Қазақстан Қарулы Күштерінің офицерлері Ауғанстандағы Қауіпсіздік күштерінің штабтарында отырып, таза штабтық жұмыстарды атқарады. Ауған үкіметіне қажетті сараптамаларды жасайды. Біреуі – тылдың жұмысымен айналысады, ал енді бірі – Қазақстаннан баратын азық-түліктің сапасын қадағалап қана отыратын офицер. Бұл – бір жағынан алғанда, біздің өнімдерімізді халықаралық күштердің ортасына апарып сатуды қамтамасыз етеді деген сөз. Екіншіден, біздің сарбаздар БҰҰ-ның Қазақстанға жүктеген мандаты шеңберінде Ауғанстанға жіберіліп отыр. Сонымен қатар былтыр Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезеңде өзі бастама жасап, Қырғыз елі мен Ауғанстанға экономикалық тұрғыдан жәрдемдесу мәселесін көтерген болатын. Осы тұрғыдан келсек, Ауғанстанға төрт қазақстандық офицерді жіберу туралы келісімшарт БҰҰ мандатымен бекітілген, ЕҚЫҰ Астана декларациясында көрсетілген іс-шаралардың аз ғана бөлшегі. Мұның Қазақстан үшін маңыздылығы да зор деп ойлаймын. Осыны халыққа дұрыс түсіндіріп жеткізбеген тәріздіміз. Бұдан қайсыбір басылымдар сенсация іздеп кеткен тәрізді.
– Жалпы, Ауғанстанға сарбаз жіберудің маңыздылығы қандай?
– Ауған еліне кісі жіберу бізге тәжірибе үшін керек. Мұндағы жағдай әскери қызметкерлердің іс-тәжірибесін жетілдіреді. Бұдан бұрын қазақстандық сарбаздар Иракқа барып келді. Ешқандай соғыс қимылдарына қатысқан жоқ, жарылғыш заттарды залалсыздандыру жұмыстарымен айналысып, тәжірибесін жетілдіріп қана қоймай, Ирактың бейбіт халқы үшін де сауапты іс жасады. Ауғанстан да – сарбаз үшін тәжірибе алуға үлкен мүмкіндік. Бір мәселеге тоқтала кеткім келеді. Қазақстанның маңдайына жазылған геосаяси қоныстың өзі Қазақстаннан әрқашан сауатты сыртқы саясатты талап етеді. Осындай сауатты саясат мақсатындағы әртүрлі халықаралық ұйымдармен келісімшарттарымыз баршылық. Көпвекторлылықтың өзі беделді ұйымдармен дұрыс көзқараста болып, оны теңестіріп отыруды қажет етеді. Бұл ретте Ауғанстанға қатысты Қазақстанның ұстанымы да айқын. Әлемдегі ең күрделі нүкте саналатын Ауғанстан проблемасы әскери жолмен, соғыстың күшімен еш шешім таппайды. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды елдің экономикасын көтеру арқылы дұрыс шешуге болады деп санайды. Осыдан біраз бұрын ТМД ПА отырысына ЕҚЫҰ ПА өкілдері, бірқатар ұйым басшылары қатысып, онда Ауған Парламентінің басшысы жарты сағат баядама жасап, үш сағат бойы сауалдарға жауап берді. Онда бүкіл Ауған халқының басындағы ауыртпалық баяндалды. Сонда белгілі болғандай, ең қиын мәселе – Ауғанстанның жалпы ішкі өнімінің жартысынан көбін есірткіден түсетін пайда құрап, халық сонымен ғана күнкөріс жасап отыр. Экономиканың еш тетігі қалыптаспаған. Осыған көмек сұрайды. Ендеше халықаралық қауымдастық ең алдымен Ауғанстанның экономикалық серпілуін ойлауы шарт деп білемін. Бұған қатысты Қазақстан өзінің міндетін атқарып жатыр.
– Сыртқы саясаттан ішкі қауіпсіздік мәселесіне ойыссақ. Қазір қоғамның ең күрделі мәселесі елдегі діни ахуал екендігі жасырын емес. Бұған қатысты не айтасыз?
– Мойындау керек, діни ахуал – расымен алаңдайтын деңгейде. Жақында Елбасының жарлығымен Дін істері жөніндегі агенттігінің құрылуы да осыны аңғартса керек. Бір мемлекетте жұртшылықтың басым бөлігі ұстанатын бір ғана діннің тарам-тарамдалып бөлшектенуінің түбі жақсылыққа соқтырмайды. Дін біртұтас болғанда ғана ұлтты біріктіреді. Ал Қазақстандағы ислам дінінің алауыздыққа ұрынуына ең алдымен сыртқы жат пиғылды күштер мүдделі. Дінге қатысты кез келген мәселеде халықтың жапа шекпеуін қамтамасыз ететін бірден-бір ұйым – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы. Ендеше Діни басқарма басқа дінді айтпағанда, исламның дұрыс бағытта дамуына көп ықпал етуі шарт. Дін қайраткерлерінің, оқымысты ғалым мамандарының қателесуі бүкіл елді бөлшектенуге апарып соғып жатыр. Халыққа түсіндіру жұмыстары жеткіліксіздеу. Діни басқармадағы қайраткерлердің осындай белсенділігі көрінбейтінін де айтпасқа болмас. Елбасы жарлығымен құрылған Дін істері агенттігі мен Діни басқарма алдағы уақытта соған бірлесе жұмыс істесе игі. Бір сөзбен айтқанда, дін мәселесін өркениетті заманға сәйкес реттемесе, елді жіктеудің одан әрі тереңдеуін болдырмай, тиісті шаралар арқылы жақсартпаса, қалыптасқан ахуал жақсыға соқтырмайды. Дін мәселесіне қатысты тағы бір жағдайға тоқталғым келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 4558 діни бірлестіктер бар. Бұның ішінде исламдық құрылымдар – 2810, провославтық ұйымдар – 310, католиктік – 118, протестанттық ұйымдар – 1258. Діни ғимараттардың саны 3394 болса, олардың ішінде мешіттер саны – 2400 екен. Мұншалықты көп дінді мемлекетте діни ұйымдар мен ұстанымдар арасында белгілі бір тепе-теңдік пен келісім тетіктері жұмыс істеуі шарт. Бұл қауіпсіздік үшін аса қажет. Ал ол үшін, ең алдымен, заңдық тетіктер қамтылуы керек. Қазақстанда «Діни сенім бостандықтары және діни бірлестіктер туралы» Заң 1992 жылы қабылданғаны белгілі. Бұған дейін Үкімет әзірлеген заң жобасы Парламентпен қабылданғанымен, Президент вето қойып, жолы болмап еді. Ал 2008 жылы Мәжілістің бір топ депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасаған. Заң жобасы қабылданғанымен де, Конституциялық Кеңес қарсылық білдіріп, ҚР Үкіметіне қайта қарауға кері ұсынды. Өйткені қазір дін ғана емес, діннің ағымындағы қауіпсіздікке сызат түсіретін миссионерлер де елімізге келіп, өз білгенін істеп жүр. Сондықтан да заңды бұдан әрі кешіктіруге болмайды деп білемін. Дін істері агенттігі мен Басқарма біздің жобамызға атсалысса деген тілегіміз баршылық.
– Заң жобасының негізгі жаңалығына тоқталып өтсеңіз?
– Заң жобасы халықаралық тәжірибелердің мойындалған стандарттары мен адам құқықтарына сәйкес, еліміздегі қоғамдық қауіпсіздікті сақтай отырып, діни ахуалды реттеуге бағытталады. Құжатта «миссионерлік қызмет» ұғымы нақтыланып, оларды тіркеу ұсынылады. Діни өнімдердің таралуын реттеу қарастырылады. Қоғам арасында бірнеше мәрте көрініс тапқан қауіпті құбылыстарға тоқтам жасалады. Мәселен, отбасын бұзуға, орта білім алуға кедергі келтіретін, азаматтардың денсаулығы мен адамгершілік қасиеттеріне теріс әсер етуі ықтимал деп саналатын діни бірлестіктердің әрекетіне тыйым салынады. Дін мәселесінде бала құқын қорғау тетіктері де жетіле түседі. Жалпылама алсақ, депутаттар бастамашылық жасаған нормалар әлемдік тәжірибенің өзінде пайдаланылатын, тіпті кейбір жағдайда еуропалық мемлекеттердің ережелерімен салыстырғанда, барынша демократиялы әрі либералды болып табылады. Еуропаның бірқатар мемлекеттері діни бірлестіктер мәселесінде қатаң талаптарды енгізіп, сонымен бірлестіктерді реттеп отыр. Соның бір мысалы – кейбір еуропалық елдерде діни бірлестіктерді тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жалпы халық санының 0,2 пайызынан кем болмауы шарт. Қазақстандық көрсеткішке салсақ, әрбір діни бірлестікті тіркеу үшін оның құрамында кемі 32 000 адамның болуы – талап етіледі деген сөз. Сондықтан да Дін істері агенттігі өз аяғынан тұрып алғаннан соң, осы заң жобасына да кіріседі деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Cара сөз
Біздің мемлекеттігіміздің ең басты құндылығы – 20 жылдық мерейтойға жеткен Тәуелсіздік. Осы жылдар ішінде Қазақстан дербес ел ретінде бүкіл әлем елдеріне мемлекеттік шекарасын мойындатты. Әлемдегі ең ұзын шекара арқылы шектесетін теріскейдегі Ресей мен шығыстағы әлемнің айбынды алпауыты саналатын Қытай арасындағы Қазақстан Тәуелсіздігінің ең үлкен жетістігі. Ал одан кейінгі ең ұлық жетістік – елдегі ішкі тұрақтылық. 20 жыл ішінде осыншама көпұлтты мемлекетте тыныштық пен тұрақтылықты сақтап тұру кез келгеннің қолынан келетін дүние емес. Тұрақтылық болмаса, экономикалық меже орындалмақ тұрмақ, Тәуелсіздіктің өзі белгілі бір деңгейде шатқалақтайтынын естен шығаруға болмайды. Мен біздің кейбір азаматтарымыздың соны түсінгенін қалаймын.