Құлбек ЕРГӨБЕК, филология ғылымының докторы, профессор, түрколог:
– Өзге жұрттар өз ұлыларының тіпті тырнағының ұшынан шашының ұшына дейін зерттеуге тырысады. Айталық, бір ғана Пушкиннің айналасына 600-дей ғалым шоғырланғанға ұқсайды, сондағысы тұлғаның зерттелмей қалған небары алты-ақ күні бар деседі. Біз бір тұлғамызды түгелімен зерттемек түгіл, әлі күнге, басқа-басқа, ұлы Абайдың туған күнін дәл анықтай алмай келеміз. Сіз де С.Мұқанов, Б.Кенжебаев сынды қазақ әдебиетіне айтарлықтай еңбегі сіңген тұлғаларды зерттеп жүрсіз. Жалпы, осы тұлғатануды тежеп тұрған нендей мәселелер дер едіңіз?
– Тұлғатану, негізінен, тарих ғылымының бір саласы болып есептеледі. Өкінішке қарай, тарих ғылымында осы тұлғатану дұрыс жүргізілмей жатыр. Неге десеңіз? Осы ретте біздің ғалымдарымыз архивтік деректерге жүгінеді, тіпті оған сүйенбей, «анау айтыпты» дегендей аңызбен жүре беретіндер де бар. Ең аяғы сол архивтік деректің өзін оқи білу керек. Себебі онда оң сөз айтылып тұруы мүмкін, бірақ астарында ол адамның тірлігінің теріс болғандығын көрсететін дәйек жататын жағдайлар да көп кездеседі. Жалпы, тұлғатану тарих ғылымында, әрине, бұрынғыға қарағанда көп ілгеріледі, бұрын біздің тарихшыларымыз тек коммунистік партияның тарихын жазатын. Тіпті тұлғатану болса да, соны барынша коммунистік партияға берілген қылып көрсететін. Ал қазір, керісінше, сол коммунист тұлғаларды қайтсек халықшыл етеміз деген көзқараспен жазу үрдісі жүріп жатыр. Бүгінгі тарихшыларымыздың ең үлкен кемшілігі – осы! Біз – мейлі Абылайхан, мейлі әрідегі Шыңғысхан, не Бумын қаған, Күлтегін болсын, кеше бәрін жамандаған халықпыз, соның ішінде осы ғалымдарымыз. Кешегі Алашорда болмаса Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан алғашқы буын тұлғалар немесе кешегі Кеңес өкіметі кезінде жоғарғы билікте қызмет атқарған Шаяхметов, Тәшенов, Қонаев – бұлар бірінші шептегілер десек, екінші шептегі Жәнібеков, Бұзырбаев секілді тұлғаларға біз тек бірыңғай компартияға қаншалықты қызмет етті деген тұрғыда ғана қарап келдік. Ал енді бүгін келіп жаңа буын тарихшыларымыз солардың бәрін халықшыл, тіпті алашордашыл, кешегі Кеңес өкіметін жек көрген, амалсыздан қызмет еткен, осы Тәуелсіздікті күтіп, зарығып өткен тұлғалар секілді көрсетуге тырысып жатырмыз. Бұл да қате, бұл да бұрмалау ғой?! Кеше коммунистік дүниетаным тұрғысынан қарасақ, бүгін Тәуелсіз елдің көзімен қараған болып жатырмыз. Бірақ бұл дұрыс емес, Тәуелсіз Қазақстан ғалымдарының дүниетанымы бұлай болмауға тиіс. Рас, біз қандай тұлғаны бағалаған күнде де азаматтық мүдде тұрғысынан қарауымыз керек, бірақ ақты ақ, қараны қара деп айтып беруіміз керек. Неге десеңіз, дәл осы кезең тарихшылары болсын, ғалымдары болсын біз бейне бір көпір секілдіміз, ол көпір «қазақ халқының өткені және келешегі» деген болса, біз соның ортасында тұрмыз. Өйткені біз кешегі кеңестік кезеңді көріп, оның идеологиясымен жүріп көрдік, енді, міне, Тәуелсіздік кезеңнің идеологиясымен жүрміз.
–Біз қазір қандай идеологиямен жүрміз өзі, аға? Ел ретіндегі ұстанымымыз қандай?
– Арнайы идеология қабылдамағанның өзінде, қазіргі жүріс-тұрысымыздың өзі – идеология. Осы тұрғыдан алғанда, біз, аралық кезеңде тұрған ғалымдар, өткеннің жетістігін жетістіктей, кемшілігін кемшіліктей қарап, кейінгі ұрпаққа ақ-қарасын ажыратып беріп кетуіміз қажет. Міне, дәл осы мәселеде мен тарихшы замандастарыма, тұстастарыма өкпелеймін. Өкепелейтінім, біз сол объективті бағалауға әлі жете алмай келеміз. Аға буын тарихшыларды түсінемін, олар кеше коммунистік көзқараспен қатып-семіп өсті, олар тіпті Тәуелсіздік аламыз деп ойлаған да жоқ. Дүниетанымының бәрі солай қалыптасып қойған соң, олар енді объективті қарай алмай, не бірыңғай оңшыл, яғни кешегі кеңесшіл, не болмаса таза Тәуелсіздік тұрғысынан қарап, коммунист тұлғалардың бойындағы халыққа деген адал көзқарастарды түсінбеуі мүмкін. Яғни, коммунистік идеологияның атымен жасалса да, тұлғаның халыққа жасалған жақсылықтарын айта алмауы мүмкін. Сондықтан оларды түсінемін, бірақ өз замандастарыма ренжимін. Мысалы, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Хангелді Әбжан сынды тарих ғылымындағы ескінің соңы, жаңаның басы дерлік бірсыпыра азаматтар – осылар. Осылар басқаларды жақсылықпен ауыздандыра бастады, бір жаңаша методология қалыптастырды деуге де болады. Алайда осы буынның ішінде де, бәрі демейін, біразы тарихты зерттеуде жаңа методология ұстана алмай отыр. Менің қарным ашатыны – сол. Бәлкім, кеше дүниеден өткен Ақселеу Сейдімбековтің «бізде дені дұрыс тарихшы бар деп ойламаймын» деп кейіп сұхбат беруі де негізсіз емес пе деп ойлаймын. Өзі жазушы болғанымен, тарих пен этнографияға қатысты бірсыпыра дүние жазған, халықтың ауызша тарихнамасын қалыптастырушы адам – осы Ақселеу. Бұл – бір. Екіншіден, тұлғатану тарих саласына жатқанымен, қаласақ та, қаламасақ та, тек тарихқа ғана емес, әдебиет ғылымына да қатысты. Өйткені тарихты жасайтын тұлға секілді, қазақтың рухани әлемін қалыптастыратын да – тұлға. Оның үстіне, сол тарихи тұлғаларымыздың көбі жалғыз мемлекеттік қызметкер не қайраткер ғана емес. Бұл біздің ауыз әдебиетіміздің өскендігі ме болмаса кешегі капиталистік режимге түспей, бірден феодализмнен социализмге өтіп кеткендігінің әсері ме, әйтеуір, біздің мемлекеттік қызметкерлеріміз деп алайықшы, мысалы, Санжар Асфендияров дәрігер, бірақ ол – қазақтың азаматтық тарихын жазған адам, Мұхамеджан Тынышпаев инженер, бірақ қазақтың тарихын жазған адам, сосын екеуі тамаша публицист. Сондай-ақ Тұрар Рысқұлов, мамандығы экономист, алайда бір кезде бүгінгі «Егемен Қазақстанның» (ол кезде аты басқа ғой) бас редакторы әрі Орталық партия комитетінің баспасөз секторының меңгерушісі де болды. Болмаса Сұлтанбек Қожановты алайық, өзі тарихшы, өзі экономист, өзі ақын, өзі публицист, сол сияқты Смағұл Сәдуақасовты тарихшы десек те, қоғамтанушы десек те, сыншы десек те жарасады. Сол жап-жас баламын демей, ұлты үшін шырылдап Голощекинді алқымынан да алды. Міне, қайраткерліктің қандай үлгісіне болсын тұрарлық азамат! Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, осылардың қай-қайсысын алсақ та, бәрі – шетінен қайраткер, қайталанбас тұлғалар. Мысалы, Халел Досмұхаммедов дәрігер, ол сондай-ақ Қазақстанда кітап басу ісін ұйымдастырған алғашқы қазақ, оның үстіне, әдебиет тарихын қалай зерттеген десеңізші: Исатай мен Махамбеттің айналасын, кейде тіпті «Диван лұғат ат түрікке» де барады. Осыларды айта келе, айтар сөзім, осы тұлғаларды әдебиетші ғалымдардың зерттеуі екіжақты болуы шарт: біріншіден, тарихи тұлға ретінде, сол қоғамды қалыптастырушы тұлға ретінде, екіншіден, оларды ең болмағанда публицист ретінде қарау керек. Өйткені қайсыбірінің болсын, тіпті басына іс түсіп, қайта-қайта қудаланып жатқан күндерде де қолдарынан қаламы түскен емес. Смағұл Сәдуақасов С.Сейфуллин өмірінен «Күміс қоңырау» деген повесть жазған адам, қаншама әңгімелері бар. Одан ғалым Дихан Қамзабекұлы деген бауырымыз кандидаттық диссертация қорғап, содан осы күнге дейін сол ұстанымына берік болып, асыл азаматтың шетте қалған сүйегін елге әкелуге дейін барды. Бұл жағынан барлық ғалымдар осы Дихан Қамзабекұлындай ғылымға берілген, барынша адал болса дер едім. Себебі әдебиетшілердің көбі осы тұлғаларды объективті қарап, талдай алмай жүр. Кезінде бұл тұлғаларға кір жұқтырғысы келмеді. Алайда адам кемшіліксіз болуы мүмкін емес, сол секілді небір мақтап жүрген тұлғаларымыз да белгілі бір қателіктерден тұрады. Заман сондай, қателеспеу мүмкін емес.
– Осы ретте сөздің бір шеті өзіңізге де тимей ме, неге десек, сіз де – Сәбит Мұқановты зерттеп, бір емес, біршама кітап шығарған, жазушының шығармашылық лабораториясын алып қалған азаматсыз. Олай болса, сіз өзіңіз қаншалықты Мұқановқа объективті қарай алдыңыз? Бірыңғай мақтап, ол кісіге қатысты кейбір кемшіліктерді бүркемелеп кеткен тұсыңыз болған жоқ па?
– Оныңыз рас, мен – Сәбит Мұқановты зерттеуге жарты ғұмырымды арнап, бірнеше кітап шығарған адаммын. Академиялық өмірбаянынан бастап, лабораториясына дейін аштым. Бірақ мен бүгін ойлап қарасам, қате жасаған екенмін. Сәбит Мұқановтың кемшілігін көре алмағанмын, олай болса мені ертеңгі ұрпақ қабылдай ма? Мен онда тек өзіме ғана емес, Мұқановтың өзіне де обал жасаған болып есептелемін, неге? Ол қиын кезде өмір сүрді, замананың саясатына аяғын әбден шалдырған адам еді. Оның қателеспеуі мүмкін емес. Бірақ енді біреулер «Сәбит Мұқанов – бірыңғай қателіктерден тұратын адам» деп айтады, ол да дұрыс емес. Өзі кез келген шығармашылық тұлға сол қоғамның сөзін сөйлей отырып, есесіне, бүкіл адамзатқа қызмет ететін әдеби мұра қалдыра алады. Мысалы, Америкада күні бүгінге дейін коммунистік көзқараспен шығарма жазатын жазушылар бар, ал олар басқа қоғамдық жүйедеміз демей, оларды бағалайды. Айталық, коммунист жазушы Синклерге біршама әдеби сыйлықтар берілді. Сондай-ақ мен көбіне Бейсенбай Кенжебаевқа кемшілік іздеп қарағым келмеді, ал ол – менің кемшілігім. Ол да – сол заманның адамы, ол да кейде Алашорданы жамандаған. Десек те, сол қиын заманның өзінде Алашорданы қимай, соның ұранын жазған Сұлтанмахмұтты аман сақтап қалған адам – Бейсенбай Кенжебаев. Өйткені ол Сұлтанмахмұтты «алашордашыл» деп коммунистік империяға беріп қоятын болса, онда біз Алашордадан түгел айырылып қалған болар едік. Алашорданың ұранын жазған адам – оның рухани жетекшісі деген сөз және 30-жылдардағы қуғындалуға жетпей, 27 жасында өз ажалынан қайтыс болып кеткендіктен, Бейсекең оны қидаласып, тартысып, тырмысып жүріп аман алып қалды. Бұған жететін ерлік жоқ деп ойлаймын, бұл – сұмдық ерлік!
– Сонда репрессияға жетпей қайтыс болған тұлғаның өзіне кейіннен жала жабылды емес пе?
– Әрине, Алашордаға ұран жазған ақынға бірінші болып Сәбит Мұқанов қарсы шықты, сосын Қажым Жұмалиев, Орталық партия комитетінің хатшысы Нұрымбек Жанділдин, философ Қасым Бейсенбиев қарсы еді. Сұлтанмахмұт – тіпті өзі әлдеқашан о дүниелік болса да, осындай талас-тартыс, сұмдық шуға айналған тұлға. Сондағы тілге тиек ететіндері – сол ұран, «ол коммунистік идеяның адамы емес, мұны солармен жауып тастамасақ, кейінгі ұрпаққа залалы тиеді» дегенге дейін барған ғой. Көпшіліктің Б.Кенжебаевқа жабылатындайы да бар, Сұлтанмахмұт, шынында, коммунистік идеологияның адамы емес. Мысалы, «Айтыс» деген поэмасында: «Мен қазақ қазақпын деп мақтанамын, ұранға Алаш деген атты аламын, болғанда әкем қазақ, шешем қазақ, Мен қалай қазақтықтан сақтанамын» деген адамды қалай коммунист дей аласыз? Болмаса мына өлеңі: «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып Күн болам, қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда кім болам?»
– Осы Сұлтанмахмұт Торайғыров тұлғасы қазір неге көп жерде айтылмайды, неге қоғам сондай бір мықты тұлғасын әсте болмағандай самарқаулық танытады, неге оны сол Кереку өңіріне ғана керек адамдай, сол өңірге ысырып тастай салғанына түсінбей жүр едім, мүмкін сіз осыны түсіндіре аларсыз?
– Айтылмаса, ол, біріншіден, Сұлтанмахмұттың ең бірінші әрі шын жанашыры Бейсенбай Кенжебаевтың көзі кеткендігінен, екіншіден, сол Кенжебаев мұрасын зерттеп, соны бүгінгі ұрпаққа жеткізу аманаты артылған мына менің ұстаз өсиетіне адал бола алмағандығымнан. Кенжебаев дүниеден өтіп кеткеннен кейін Сұлтанмахмұт турасында жазылған екі жақсы дүние болса, соның бірі – Әбіш Кекілбаевтың Сұлтанмахмұттың кезекті мерейтойында жасаған «Жыр Сұлтаны туралы сөз» атты баяндамасы болса, екіншісі Араб Еспенбетов, Бейбіт Мамыраев және менің, ұмытпасам, 1993 жыл ғой деймін, екі томдық академиялық жинағын шығарған еңбегіміз. Міне, одан бері қанша жыл өтті, өзіңіз бағамдаңыз, шынында, сұлтанмахмұттану тоқтап қалды. Ол бұрын жоғары оқу орындарында пән ретінде оқытылса, қазір ол пән жүрмейді.
– Осының тағы бір себебі тұлғаларды жерге, елге, тіпті руға дейін бөліп, масқара болғанда, тек сол жергілікті жердің деңгейіне түсіріп, сол аймақтың еншісіне бөліп тастау секілді жиіркенішті бір құбылыстың бой көтеруінен емес пе?
– Иә, қызым, астары өте тереңде жатқан мәселенің мәнісін айттың. Тіпті манадан бері біз айтқандай, тарихта, әдебиеттануда да тұлғатанудың жаңа методологиясының қалыптаспай отырғандығы содан. Қазір әдебиет, өнер, тарих, жалпы, руханияттың қай саласы болсын – бәрінде жершілдік, рушылдық деген сұмдық үрдіс бар. Тіпті қазақтың бас ақыны Абайдың өзін Семейдің еншісіне беріп, тіпті оны айтасыз, арғынның ішіндегі тобықтының Абайы деңгейіне түсіріп тастаған мына қоғамға, сол бір сұмдық үрдіске не дерсіз? Масқара! Рухани құлдыраудың шырқау шегіне жеткенімізді енді осыдан кейін қалай мойындамай қала аламыз? Мүмкін, экономикалық жағынан өсуде шығармыз, бірақ біз қазір рухани құлдыраудамыз. Мынау – анық соның көрінісі, соның дәлелі. Өзің айтшы, Абайды – Семей, Сұлтанмахмұтты – Павлодар, Қасымды – Қарағанды, Мұқағалиды – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жамбылды Ұзынағаштың ғана иелік етуі керек дегеніміз трагедия ғой! Біз қазір рухани дағдарыста отырмыз деп айта аламын, ешкімнен қорықпай, ешкімнен де именбей. Әйтпесе саналы қоғам болсақ, осы тұлғалардың қайсысының болсын тек сүйегі ғана ел-жерінікі, ал бар ішкі жан дүниесі, рухы барша қазақтікі екенін біліп, сол деңгейде құрметтер едік қой?
– Ал енді сіз жаңа сөзіңізде өзіңіз зерттеген Мұқанов тұлғасына объективті түрде қарамағаныңызды мойындадыңыз. Олай болса, Мұқановтың нақты кемшіліктері мен артықшылықтарын талдап, өзіңіз айтқандай, ақ-қарасын ажыратып бере алар ма едіңіз?
– Айта аламын. Алдымен кемшілігіне, дәлірегі, жамандығына тоқталайық. Жамандығы – ол ХХ ғасыр басында туылды, сол кезде қоғамға күрескер азамат ретінде араласты, әдебиетке де сол кезде келді. Оның әдебиетші ретіндегі де, қоғамдық көзқарасы да коммунистік еді. Ол тіпті сол ұстанымды өмірлік ұстаным деп ойлады да, соны әдебиетке де алып келді. Өйткені ол С.Мұқановтың емес, коммунистік қоғамның талабы еді. Негізі, Лениннің басты қателігі және басты ұстанымы қоғамды байлар мен кедей пролетариаттар деп екіге бөлуі еді. Ленин бүкіл пролетариат қоғамын теориялық тұрғыдан негіздеген адам ғой.
Себебі Ленин «пролетарлық қоғамды тіпті мешеу қалған қоғамда да орнатуға болады, сол тиімді, себебі қиратуға, солайша жаңа мемлекет орнатуға оңай» деді. Міне, мәселе қайда?! Тағы да қайталармын, бірақ сол бастапқыда айтқан тарих пен әдебиеттегі тұлғатанудың жаңа методологиясы қалыптаспай отыр дейтін себебім біріншіден, біздің қоғамның әсіресе соңғы кездері рушылдыққа, жершілдікке түсіп кеткендігінен. Әлгі тұлғалар бірімізге жақын болса, бірімізге алыс болып шығады. Содан тұлға бізге алыс көрінді ме, дереу сынай бастаймыз, жақын ба, оған шаң жуытқымыз келмейді. Алайда тұлғаға біз объективті түрде қарай алмасақ, солар өмір сүрген кезеңдегі азаматтық тарихымызға да, сол кездегі әдеби, рухани игіліктерімізге де объективті қарай алмаймыз. Өйткені сол кездегі азаматтық тарихымыз бен әдеби-рухани игіліктерімізді қалыптастырған да – тұлғалар. Тұлғалар болғанда да, біріне-бірі қайшы келетін көзқарастағылар еді. Сол тұста қоғамда бірнеше топтың пайда болуы тегін емес. Оның үстіне, Қазақстанда сондай бірнеше саяси топтың болуын Мәскеу қалаған. Себебі қазақтың ең осал тұсы сол, бірін-бірі биікке шығармай, бірімен-бірі келіспейтіні секілді қанға біткен қасиетінде еді. Қазақ – содан әлі күнге дейін бөлінуге, тартысуға дайын тұратын, ал ынтымақтасуға, ортақ мүдде үшін сол арадағы кикілжіңді ұмытуға келгенде өте қиын келісімге келетін, ымырасы жоқ халық. Содан да ол жердегі тартыстардың тарихына бүгінгі көзбен қарап, «е, мынау жақын», «мынау алыс» деп қараймын деп, біздің бүгінгі тарихшыларымызды «құдай ұрып» қалды. Бұл – тарихшы ғалымдарымызға да, әдебиетші ғалымдарымызға да ортақ ауру, бұл – керек десеңіз, сырқат та. Сәбит Мұқановтың: «Мен туғанда іңгәлап тап деп туғам, бесікте де уілдеп тап деп жатқам» деп келетін сөзі бар. Әрине, бұл – ақындық пафоспен айтылған сөз. Егер шын мәнінде солай болса, альтруизм дәрежесінде ғой. Ал Сәбит Мұқанов альтруист емес. Ал Алашордамен ол коммунист дәрежесінде алысып өткен, әйтпесе Сәбеңді Мағжан Жұмабаев Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түсіріп, оқытқан адам. Мағжан – оның ұстазы, оның өлеңдерін Сәбең түгел жатқа білген. Сонда Сәбит Мұқанов Мағжанның өлеңін қабылдай алады да, өзіндегі және өлеңдеріндегі коммунистік көзқарасқа қарсы алашордашыл көзқарасты қабылдай алмайды. Бұл – дүниетанымдағы қайшылық. Мен осылай айту арқылы ақты ақ, қараны қара деп айырғым келеді. Сондай-ақ Сәбит Мұқанов – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып, қысқақсы, түгел алаштықтарды қабылдамаған адам. Ол – оның коммунистік көзқарасының нәтижесі. Хош, сонымен бірге Сәбит Мұқановтың осы көзқарастан зардап шегетіні бүкіл шығармашылығынан көрінеді. Мысалы, «Теміртаста» Смағұл Сәдуақасовты жамандайды, сондай-ақ «Мөлдір махаббаттағы» кейіпкер Сейдәзім Кәдірбаев – алашордашыл, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов – сондағы басты кейіпкер Бүркіттің ағайындары. Қысқасы, Сәбеңнің дүниетанымы қайшылықта еді. Ал менің әдебиетші ретіндегі кемшілігім, ол кісінің осы қайшылықтағы дүниетанымын алғашқы күннен бастап-ақ айтпағаным. Кейінгі кезде айтып жүрмін, себебі енді айтпасам, Сәбеңнің өзіне де обал жасаған боламын. Мұны айтып отырғанда да, бүгін «Сәбеңнің өзі де өліп қалды, шығармасы да өліп қалады» деп айтып жатқан жоқпын. Керісінше, «неге ол заманында әлгіндей іс-әрекеттерге барды?» деген сұраққа жауап іздеп, кейінгі ұрпаққа арашалап жеткізуіміз керек қой. Сынап отырып, ақтап, ақтау үшін сынап, міне, осындай тәсілмен. Олай етпесек, біріншіден, Сәбеңе обал жасаймыз, екіншіден, әдебиетші ретінде өзіміздің дәрменсіздігімізді көрсетеміз, ойы, әдеби эстетикалық талғамы дурыс қалыптаспаған адам болып шығамыз.Кейінгі ұрпақ біздің әкемізді танытады. Сондықтан біз тіпті әкеміз туралы болса да барынша әділетін айтуымыз керек. Міне, тұлғатанудағы менің көзқарасым осындай.
Алашқа айтар датым...
Біз саясатта да, тарихта да, әдебиетте де, өнерде де, журналистикада да, тіпті етікшілікте де өзіміздің ұлттық бетімізді іздеуіміз керек. Онсыз мемлекет құраушы ұлтқа айнала алмаймыз. Онсыз ана тіліміз өз тұғырына шыға алмайды. Онсыз бір қазақты ғана емес, әлемді таңғалдырарлық туындылар жасай алмаймыз. Бәрі де тарихтың әділдігінен, тарихшылардың адалдығынан басталады.