«Трансплантация туралы» Заңымыздың кейбір баптарында шикілік бар

Манас СЕЙСЕМБАЕВ, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Сызғанов атындағы хирургия ор­та­лығы — еліміздегі ең беделді ме­ди­ци­налық мекемелердің бірі. Ендеше, бұл орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі қа­лай? Осы мекеменің басшысы ре­тінде аталмыш орталық төңірегінде не ай­тар едіңіз?
– Екі жылға жуық уақыт болды, біздің ме­кеме «Сызғанов атындағы Ұлттық ғы­лы­ми хирургия орталығы» АҚ болып құрылды. Ак­ционерлік қоғам ретінде құрылғаннан ке­йін жағдайымыз кішкене ілдалдалап қал­ды. Дәрігерлердің жалақысы істеген ең­бегіне қарай үлестіріледі. Бізде науқастар екі жағдайда ғана емделеді: бірінде – пор­тал ар­қылы тегін, екіншісінде тек ақылы не­­гіз­де ғана ем-дом жасаймыз. Егер нау­қас­тар пор­тал арқылы келсе, оған мем­ле­кет­тік бюд­жеттен қаржы бөлінеді.
Біздің орталықта бірнеше бөлім бар. Жү­рекке ота жасайтын екі кардиохирургия бө­лімі бар: оның бірі үлкен кісілердің жү­ре­гіне ота жасаса, екіншісі – туа бітті жүрек ақауы бар балаларды емдеу бөлімі. Одан бө­лек қан тамырлары хирургиясы бөлімі бар. Адам­дар оқыс оқиғаға, жол-көлік апа­тына ұшы­раса, кейде қан тамырлары, жүйке та­мырлары үзіліп кетеді. Оларға көмек беру үшін микрохирургиялық ота жасаймыз. Ар­найы микроскоппен қарап, аппараттың кө­мегімен тамырларын жал­ғаймыз. Одан ке­йін хирургия және бауыр, өт айдау жол­дары мен ұйқы безі бөлімі бар. Сондай-ақ ас­қазан, өңеш ауруларына ар­налған бөлім жә­не трансплантация бө­лім­шесі жұмыс іс­тей­ді. Өкінішке қарай, біз­де транс­план­то­логия саласы әлі онша дамымаған. Өйткені «Трансплантация ту­ра­лы» заңымыздың кейбір баптарында ши­кілік бар. Сондықтан да бұл заңға іші­н­ара өзгерістер енгізуіміз керек.
– Қазір ел арасында адам ағзасын нау­қастарға сату немесе ерікті түрде бе­ру туралы әңгіме жиі көтеріліп жүр. Тіп­ті мұны дәрігерлер қауымының өзі бас­тамашы болып көтеруде. «Жол апа­тынан немесе ауыр науқастан көз жұм­ған адам­ның ағзалары талай адамның өмі­рін сақтап қалар еді» дейді дә­рі­гер­лер. Әлгінде өзіңіз де трансплантация ту­ралы заңды жетілдіру керек» деп ай­тып қалдыңыз. Бұл ретте адамдардың өз органдарын сатуына немесе ерікті түр­де беруіне заңмен рұқсат беру керек пе?
– Қазір Қазақстанда 4 мыңнан астам адам ішкі ағзасын ауыстыруға ниетті. Олар­дың басым бөлігінің бауыры, бүйрегі, тіпті жү­регі ауырады. Бірақ науқастардың дені до­нор таппай әлек. Мысалы, бұл мәселе ше­телде заң шеңберінде реттелген. Егер он­да бір адам оқыс оқиғадан немесе көлік апа­тынан қайтыс болса, туыстарының рұқ­са­тымен әлгі адамның жарамды ағзаларын алып, қажет етіп отырған науқасқа салады. Тіпті АҚШ-та шопырлардың жүргізуші куә­лігінде өзгеге мүшесін беруі немесе бер­меуі туралы мәлімет көрсетіліп тұрады. Өз кезегінде дәрігерлер донорға транс­план­тациялық отаның қауіпті екенін түсіндіреді. Міне, шетелде мұның барлығы заңды түрде шешілген. Ал бізде, өкінішке орай, бұл заң жетілмеген. Меніңше, бұған үрке қараудың керегі жоқ секілді. Егер әр адамның келісімі бол­са немесе адам дүниеден өткеннен ке­йін туыстарының рұқсаты бойынша оның ор­ганын алып, ағзаға мәжбүр болып отыр­ған науқасқа салсақ, онда тұрған не бар екен?! Қайта бұл аса сауапты іс емес пе?! Бұ­ған ислам діні қарсылық білдірмейді. Егер адам оқыс оқиғадан өмірден кетіп, оның жұ­мыс істеуге қабілетті ағзасы келесі бір нау­қастың өмірін арашалап қалса, ден­сау­лығы түзелген науқас қайтыс болған адам­ға көмегі үшін өмір бақи алғысын жау­дыр­май ма?! Сол үшін құран оқып, Алладан ме­дет сұрамай ма?! Адамдардың бір-біріне деген көмегі, ілтипаты осындайда сезіледі. Сондықтан ағза алмастыру төңірегіндегі заң­ды жетілдіруіміз керек. Тіпті Араб ел­де­рі­нің өзінде қайтыс болған адамның туыс­та­ры келісіп жатса, оның ағзалары пайдаға жа­ратылады. Ағзаны о дүниеге алып кет­кен­ше, өзгенің өмірін арашалап қалған әл­де­қайда тиімді. Бұл жерде басты мәселе адам­дардың түсініспеушілігінен болып отыр. Әйтпесе Отанымызда отаның осы тү­рін жеткілікті деңгейде жасайтын уақыт әл­де­қашан жетті. Бірақ ол үшін, ең бірінші, ха­лық арасында түсіндірме жұмыстарын жүр­гізуіміз керек. 
Қазір біз туыстық, ағайындық транс­план­­тацияны дамытып отырмыз. Өйткені қа­зақстандық отбасылар әдетте көп балалы бо­лып келеді. Осыны ескере келе, транс­план­тация мәселесін ағайындар арасында жүр­гізгенді дұрыс деп санап отырмыз. Ол үшін бізге өзінің бауырына немесе туысына донор болғысы келетін азаматтарды табу керек болатын. Бізде қазір мұндай адамдар бар. Сондықтан біз донорлық трансплантацияны алғаш туыстар арасында жүргіздік. Биыл біз бауыр ауыстырудан – бес-алты, ал бүйрек алмастырудан 30-40 ота жасаймыз деп жоспарлап отырмыз. Өкініштісі сол, донордың жоқтығынан қанша адам қайтыс болып жатыр. Егер қоғамның трансплантацияға деген көзқарасы өзгерсе, яғни қайтыс болған адамның ағзаларын зәру жанға қалдырып отырсақ, қанша өлім-жітімнің санын азайтар едік.
– Өткен жылы еліміз Германиямен озық технология, маман және ағза ал­мас­­тыру жөніндегі келісімшартқа отыр­­ды. Әрине, Германиямен озық тех­­нология немесе мамандар үшін бі­рі­­гіп жұмыс істегеніміз жақсы. Ол жа­ғы­­нан үйренетініміз көп. Бірақ ағза ал­мас­­тыруда келісімшартқа отыр­­­­ға­нымыз қалай болады? Бірін­ші­ден, бізде озық технологиялар жоқ, ма­­ман­дарымыздың да біліктілігі мәз емес, осы ретте біз адамдардың ағ­за­сын алмастыруы кезінде Германияға тек до­нор болып қалмаймыз ба?
– Жоқ, оларға донор болып қаламыз деп үркіп отыра беруге болмайды. Мен ми­нистр­ліктің бұл бастамасын қолдаймын. Өйт­кені медицина саласында Германия – көп­теген жетістікке жеткен, өркениетті ел­дер­дің қатарында. Олармен денсаулық са­ласында байланыс орнатқанымыз өте дұ­рыс. Себебі олар бұл салада ғылымның же­тістігін өте тиімді пайдаланып отыр. Мұ­ның арты жақсы болатынына сенемін. Се­бе­бі «Мәскеу бірден тұрғызылған жоқ», бар­лық мәселе бірте-бірте шешіледі. Ер­тең­гі күні елімізде донорлыққа қатысты мә­се­ле өз шешімін табатын болса, біздің ма­ман­­дарымыз ағза алмастыруға, адам­­дардың өмірін арашалап қалуға жан-жақты дайын болуы керек.
– Орталықтағы жас мамандардың бі­­лік­тілігін арттыру үшін оларды ше­телдерге оқуға жіберіп тұрасыздар ма? Жал­пы, шетелдік мамандармен тә­жірибе алмасудағы байланыстарыңыз қа­лай?
– Өткенде ғана Алматыда Қазақстан хи­рург­тарының ІІІ конгресі болып өтті. Оған Еу­ропа елдері мен Балтық жағалауы ел­де­рінің және Түркия, Ресей, Беларусь, Жа­по­ния, Корея сияқты басқа да мемлекеттердің же­текші мамандары қатысты. Онда тек қа­на трансплантация мәселесін ғана емес, хи­рур­гияның басқа да шешілуі тиіс мә­се­ле­лерін бірлесіп талқыладық. Конгресс ая­сында 16 шеберлік сыныбы өткізіліп, қа­зіргі заманғы қондырғылардың және ме­­ди­циналық жаңа технологиялардың көр­месі ұйымдастырылды. Қатысушылар онда медицина саласында нарықта жұмыс істейтін отандық және шетелдік компания­лар­дың соңғы жетістіктерімен танысты. Сон­дай-ақ әлемнің белгілі хирургтары озық технологияларды енгізуге бағытталған түрлі операциялар жасады. Бұл қазақ­стан­дық хирургтардың шетелдік әріптестерімен өз­ара тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін кө­теруіне зор ықпалын тигізді. Жалпы, біз­дің жас мамандар Германияда, Жапонияда бі­лімдерін шыңдады. Көрші Ресейге жыл са­йын біліктілігін арттыруға барып тұрады. Бе­ларусь мамандарымен де қарым-қа­тынасымыз нығайып келеді. Сондықтан мұн­дай шараларды біз ұдайы ұйым­дастырып тұруымыз қажет.
– Еліміздің дәрігерлері дәрменсіздік та­нытатын кейбір ауру түрлері бо­йынша науқастарды шетелдерге ем­деу­ге жібереміз. Хирургия саласына бай­ланысты осындай мәселе бар ма?
– Негізі, біздің мамандар отаны  ше­тел­дік­терден кем жасамайды. Білікті ма­ман­дарымыз жеткілікті. Бірақ қазір – на­рық­тық кезең, кім қайда барып емделемін десе де, өз еркінде. Оған ешқандай тосқауыл жоқ. Бұл ретте әсіресе қалталы шенеуніктер шетелде емделуге әуес. Алайда өзінікін қор, өзгенікін зор санаудың қажеті жоқ. Құ­дайға шүкір, Тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл­дан асты. Әрине, біраз ауыртпалық көр­дік. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» тарт­қан заман да, міне, артта қалды. Соңғы жылдары еліміздің денсаулық сақтау са­ла­сына сенім артушылар саны артып, күдікпен қа­райтындар кеміп келеді. Озық тех­но­логияларға қол жеткізіп, білімді, білікті ма­ман дайындауда да белсенділік байқалуда. Хи­рургия саласында біз емдей алмайтын ауру түрлері жоқ десек те болады.
– Тиімді жұмыс атқару үшін озық үл­гідегі медициналық қондыр­ғы­лар­дың ма­ңыздылығы ерек­ше екені бел­гілі. Осы орайда орталықта ме­ди­ци­на­лық құ­ралдармен жабдықтау мәселесі ше­­ші­мін тапқан ба?
– Біздің орталықта компьютерлік то­мо­гра­фия, магнитті-резонансты томография, ан­гиографиялық неше түрлі заманауи қон­дыр­ғылар бар. Соңғы бес-алты жылда мем­лекет қамқорлығының арқасында жа­ңа медициналық құрал-жабдықтармен жа­рақтандық. Алайда технология деген бір орында тұрмайды. Күнбе-күн жаңа, за­ма­науи қондырғылар шығуда. Мысалы, қа­зір біз­дегі магнитті-резонансты то­мо­гра­фия­ның қуаттылығы 10-15 тесла болса, қа­зір одан екі есе жоғары жұмыс істейтін қон­дырғылар шығып жатыр. Енді заманауи ап­параттарды алу үшін де біраз уақыт ке­рек. Оған арнайы жоспар құрып, бағ­дар­лама қабылдап, жан-жақты зерттеу, ке­шен­ді жұмыс жүргізбесек бол­майды. Әйт­­песе соңғы технологиямен шыққан ап­па­­раттарды сатып алып, бірақ онымен жұ­мыс істейтін маман жоқ болса, оның өзі – үл­­кен кемшілік. Қондырғы шаң басып тұ­­рады. Ал онымен жұмыс істейтін маман да­­йындаймын дегенше, ол қондырғы ес­кі­ріп қалуы мүмкін. Сондықтан технологияны са­­т­ып алмас бұрын, сонымен жұмыс іс­тей­тін мамандарды шетелде оқытып, әбден да­­йындап, қондырғымен бірге маманды да осында әкелуіміз тиіс. Негізі, жаңа тех­но­логия осылай келуі керек. Осыны бір ізге тү­сіретін уақыт жетті.
– Қазақстанда ең өткір проблема туа біт­ті жүрек кемістігі бар балалардың өлім-жітімі болып отыр. Жыл сайын 3 мың­ға жуық бала осындай ауыр дерт­пен туылып, олардың небәрі 10-15 па­йызы ғана бір жасқа жетеді екен. Ал сіз­дердің орталықтарыңыз бір жасқа жет­кен баланың жүрегіне ота жасай ала ма?
– Шынында да, Қазақстанда туа бітті жү­рек ақауы бар балалар көбейіп барады. Туа бітті жүрек ауруына ұшыраған нәрес­те­лер­дің көбеюіне түрлі факторлар әсер ету­де. Ата-аналар денсаулығының нашарлығы, эко­логиялық ахуал, дұрыс тамақтанбау, әлеу­меттік жағдайға байланысты әйел­дер­дің жүкті кезде өзіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмеуі, түрлі инфекциялық аурулар, айта берсек, жеткілікті. Осылардың бар­лы­ғы болашақ сәбилердің денсаулығына кері әсер етеді. Қазір біз осы төңіректе шетел мамандарымен тәжірибе алмасып, бүгінде бір жасқа толмаған балалардың жүрегіне ота жасауды бастап кеттік. Былтырдан бас­тап осындай оталар жасалуда. Мұны біз ға­на емес, қаладағы Перинатология және ба­лалар кардиохирургиясы орталығы, Жам­был, Қызылорда облыстарындағы ор­талық мамандары да жасауда. Алайда жа­са­лып жатқан операциялардың саны тым аз. Сондықтан мұны әлі де жетілдіре түсу ке­рек.  Бір сөзбен айтқанда, қоршаған ор­та­ның ластануынан, тұрмыстық-әлеу­меттік жағдайдың қиындығынан аналардың күй­зеліске ұшырауы құрсақтағы бала ден­сау­лы­ғына тікелей әсер етеді. Сондықтан біз ау­рудың салдарымен күреспей, оның ал­дын алу жолдарын қарастыруымыз керек.
– Жалпы, еліміз бойынша хирургия са­ласы білікті жас мамандарға зәру ме? Жастардың осы салаға қызығушы­лы­ғын арттыру үшін не істеуіміз керек?
– Хирургия саласы тұрмақ, медици­на­ның басқа да түрлі салаларында жас ма­ман­дар жетіспейді. Оның себебін алыстан із­деудің керегі жоқ. Медициналық инс­ти­тут­тарда оқу ақылы. Білімгер грантқа түссе, ар­маны жоқ. Ал ақылы оқудың бағасы ас­пан­дап барады. Ірі қалаларда 500 мың тең­геден асады, тіпті одан да жоғары. Алты жыл бойы осынша қаржыны тауып құя­тын­дай елдің бәрі бай емес. Осы оқу орнына түскен күнде де көбі же­ңілдеу әрі кейін күреп ақша табуға бо­лады деген үмітпен стоматологияны немесе гинекологияны оқуға құмар. Сонда кім қо­лына қандауыр ұстайтын хирург болмақ?
Әрине, жастар бұл салаға келгісі-ақ ке­леді. Бірақ олардың сол қызығушылығын кері итеретін жағдайлар да жеткілікті. Қазіргі уақытта білікті хирург маман болу үшін алты жыл институтта оқып, диплом алуы керек, сосын бір жыл интернатурада және үш жыл резидентурада оқуы керек. Сонда есептеп қарасаңыз, 11 жыл – мектепте, 10 жыл медицинада оқып, ма­ман­дық алғанша, ол адамның жасы 30-ға ке­леді екен. Бұл ретте медицина инс­ти­тутында оқитындардың 80 пайызы қыз ба­лалар екенін ескерсек, сонда олар қашан кү­йеуге шығып, бала тәрбиелеп, өз ша­ңы­ра­ғына ие бола алады? Содан кейін олар­дың алатын жалақысы мардымсыз. Олар азғантай айлыққа жұмыс істегісі келмейді, се­бебі күнін көре алмайтынын біледі. Сосын күнкөріс қамымен әр жұмыстың ба­сын шатып, сандалып кетеді. Дәрігердің ди­пломы сандықта шіріп жата береді.
Жастардың бұл салаға қызығушылығын арттыру үшін хирург мамандардың айлық жа­лақысын көтеруіміз керек. Оларға ай­лық­тан бөлек, басқа да жағдайлар жа­са­уымыз тиіс. Тұрғын үймен қамтамасыз етіп, же­ңілдетілген несие алуларына жәрдем жа­сауымыз қажет.
– Сіздердің мекемелеріңізде мем­ле­кеттік тілге қаншалықты көңіл ау­да­рылған? Мұны сұрап отырған себебіміз, жуырда ғана сіздердің сайттарыңызға кіргенде, ондағы сайтты безендіру іс­те­рінің барлығы және ақпараттардың рес­ми тілде берілгенін байқадық. Ал қа­зақша мәліметтер мүлдем аз. Бұған не дейсіз?
– Дәл осы мәселені біз бүгін ғана ди­ректорлар кеңесінде талқыладық. Шынын­да да, бұл – біздің кемшілігіміз, оны мо­йын­даймыз. Алдағы уақытта біз жеке сай­тымызға міндетті түрде қазақша ақпа­рат­тарды қосатын боламыз. Директорлар ке­ңесінің төрағасы ретінде мен бұған уәде бе­ремін.
– Өткенде сала министрі Салидат Қа­­йыр­бекова медицина қызметкер­лерінің жа­лақыларын дифференциал­дау­ды ұсын­ды, яғни дәрігерлердің бі­ліктілігі мо­ти­ва­ция­ның есебінен артып оты­руы керек. Бұл де­геніңіз – жоғарғы тех­нологияларды игеріп, көп науқасты ем­деген дәрігердің жалақысы өсе­ді де, ал ондай технологияларды игер­меген, аз науқасқа ем жасаған дәрігердің ай­лы­ғы тиі­сінше аз болады деген сөз. Жалпы, өзіңіз мед­­қызметкерлердің жалақысын диф­фе­­рен­циалдау керек деген ұсынысты қол­­дайсыз ба?
– Мен бұл ұсынысты толық қолдаймын. Өйткені бұл – дәрігерлердің біліктілігін кө­терудің ең ыңғайлы тәсілі. Диф­фе­рен­циал­дық жалақы болса, барлық дәрігер өзінің қа­б­ілетін, өзінің өнерін, өзінің білімін жо­ға­рылатуға ынталанар еді. Сонда дә­рі­гер­лердің де біліктілігі артады әрі жалақылары да соған сай өсіп отырады.
Қазір біздің орталықта осындай жұ­мыс­тар жүргізілуде. Мәселен, кардиохирургтар бас­қа хирургтарға қарағанда айлықты жо­ғары алады. Неге? Өйткені оның жауап­кер­ші­лігі өте үлкен. Жүрекке ота жасау оңай емес. Сәл қателік жіберсең, шалыс бассаң, нау­қастан айырылып қаласың. Басқа ағзаға ота жасағанда дәрігер қателік жіберсе, ке­йін оны түзетуге болар. Ал жүрек опе­ра­ция­сында ондай мүмкіндік жоқ, өз жұ­мы­сы­ңа өте тиянақты болуың қажет. Сон­дықтан олардың жауапкершілігіне сәй­кес жалақысы да өсіп отыруы тиіс. Қазір бір­келкі жалақы деген жоқ. Бұл, бір жағынан, өте дұрыс.
Қашан болса да, жоғарғы технологияны жетік меңгерген, білікті дә­рі­герлер жа­ла­қыны жоғары алуы тиіс. Егер олардың ара­сында кейбір дә­рігерлер өз білімін жетілдіре ал­маса, өз мүмкіндігін көрсете алмаса, әрі-бе­ріден соң, ол ең бірінші өзіне үлкен ке­дергі келтіреді. Сол үшін олардың жоғарғы тех­нологияларды жетік мең­ге­руімен қатар, ауруға де­ген жанашырлығына, науқасқа кө­мектесуге деген ынтасына қарай айлық жа­­лақыларын өсіріп отырсақ, одан ұта­рымыз көп. Негізі, бұл тәсіл нау­қастың са­па­лы емделуіне, медицина саласының бір саты болса да жо­ға­ры көтерілуіне септігін ти­гізеді. Дәрігерлердің де отбасысы бар. Олар­ды да түсіне отырып, біліктілігіне қа­рай, жұмыс сапасына қарай айлық жа­ла­қы­ларын өсірген орынды. Біршама да­мыған мемлекеттерде осы тәсіл қол­­данылады. Сондықтан дәрігерлердің ын­та-ықыласын жо­ға­рылату үшін жасалып отыр­ған бұл бастаманы көпшілік қолдаса екен дей­мін.

Алашқа айтар датым...
Қазіргі таңда республикамызда жоғары білімді дәрігерлер дайындайтын жеті медициналық жоғары оқу орны бар. Оған жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен медициналық колледждерді қосыңыз. Осы ЖОО-лардан бітіріп келген болашақ хирургтар бізде интернатурадан, резидентурадан өтеді. Бірақ кейде олардың алған білімдеріне қарным ашады. Қарапайым нәрселерді білмейді. Медициналық жоғары оқу орындары сапалы маман даярлай алмай отыр. Сондықтан осы мәселені шешудің жолдарын қарастыруымыз керек. Тек медицина ғана емес, жалпы білім саласының сапасы төмендеп кетті. Сондықтан тиісті министрліктер осы жағына назар аударса екен деймін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста