Тек шынайы баспанаға мұқтаж жандарға ғана үй берілуі тиіс

Тек шынайы баспанаға мұқтаж жандарға ғана үй берілуі тиіс

Болат ДОСМҰХАМЕТОВ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– «Қолжетімді баспана – 2020» бағ­дарламасы Елбасының тапсырмасымен қабылданған болатын. Енді мұның негізгі қаржылық операторларының бірі – Қазақстан ипотекалық компаниясы бұл тапсырманы қаншалықты жүзеге асыра алуда? Ең алдымен, мемлекеттік бағдар­ламада сіздер ұстанған бағыттар туралы айтып өтсеңіз...
– «Қолжетімді баспана» бағдарла­ма­сының ең тиімді бағыттарының бірі – «Қазақстан ипотекалық компаниясы» желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын дамыту болып отыр. Елбасының Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға байланысты қол­ға алынған бұл бағдарлама халықтың ерекше қолдауына ие болған бастама деп есептеймін. Бұл ретте біз – «Сатып алу құқымен жалға бе­рі­летін тұрғын үйлер» бағытының операторы болып отырмыз. Алдағы уақытта қарапайым халық тұрғын үйлерді қолма-қол ақшаға немесе несиеге сатып алып қана қоймай, оны жалға алу арқылы да өз меншігіне өткізуге болатынын түсіне бастайды. Бұл ретте біз біраз жұмыстар атқардық. Халықтың тұрғын үй мәселелерін шешуге қажетті қара­жат­тар­ының белгілі бір бөлігін, нақты айтсақ, 14 миллиардқа жуық қаржыны мемлекеттік бюд­жеттен алдық. Енді ол қаражаттар ком­панияны капиталдандыру арқылы пайда­ланылатын болады. Мұның алдында біз жер­гілікті атқару органдарымен бірлесе отырып, аймақтарда жер учаскелерін бөлу, жобалау-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурстық құжаттарды дайындау, жоба­ларды және жобалық-сметалық құжатта­ма­ларды, сонымен бірге құрылыс-монтаж жұ­мыстарын жүргізуге егжей-тегжейлі жос­­пар­­лауды әзірлеу бойынша іс-шаралар жүргіздік. Қазіргі таңда Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында тұрғын үй құрылысын салу жұмыстарын бастап жібердік. Осылайша аты аталған үш ірі шаһарда «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша алғашқы тұрғын үйлердің іргетасы қалана бастады. Басқа облыс аймақтарында да тұрғын үй салуға қатысты барлық құжаттар толтырылып жатыр. Жалпы алғанда, 2014 жылдың аяғына таман 250 мың шаршы метрге дейінгі жалдамалы тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Айта ке­тейін, Алматыда «Қолжетімді баспана» бағ­дарламасы бойынша жалға берілетін тұрғын үйлердің алғашқысы Алғабас ықшамауда­нында бой көтеретін болды. Қазір елімізде жаңадан құрылған «Қазақстан тұрғын үй құ­рылыс корпорациясы» үздік құрылыс ком­панияларымен және құрылыс индус­триясы кәсіпорындарымен ынтымақтасып, қажетті тендерді өткізіп, жұмыстарын бастап кетті.
Бастапқы кезеңдерде құрылыстың бір шаршы метрінің орташа құны 100 мың тең­гені құрайды. Ол баға тұрғын үйдің орналас­қан аумақтарына, сейсмикалық ерек­ше­лік­теріне байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл бойын­ша жалға алушылар 15 жыл бойы бір шаршы метр үшін 1 мың теңге көлемінде жал­­­ға алу төлемін төлеп отырады. Жалға бе­рілетін пәтерлердің жайлылығы 3-4-сыныпты құрайтын тұрғын үйлердің аумағы 35 пен 75 шаршы метр (1-4 бөл­мелі) аралығында болады. Сатып алу құқығымен мынадай талаптар бойынша жалға беріледі:
– Сатып алу құқығымен тұрғын үй 15 жылға жалға беріледі, содан кейін ол үй жалға алушының меншігіне өтеді;
– Пәтерге көшіп келу алдында міндетті түрде ең алдымен алты айлық жалдау көле­мін төлеуі тиіс;
– Жалға берілетін тұрғын үйді 10 жылдан кейін қалған сомасына қарай сатып алуына болады;
– Табысы жеткіліксіз болған жағдайда жақын туыстарының да айлығы есептелініп, олар да көмектесе алады;
– Ағымдағы қаржылық жағдайына байланысты үлкен немесе шағын алаңы бар тұрғын үйлерге ауысуына болады; яғни егер бастапқы кезде айлық жалақысы жақсы болып, төрт бөлмелі үй алатын болса, алай­да кейін қаржылық жағдайына байланысты ай сайынғы жалдау төлемақысын толық тө­лей алмайтын болса, екі бөлмелі пәтерге ауысып кетуіне мүмкіндік бар. Дәл сол секілді екі бөлмелі пәтерде тұрып, кейін айлығы өссе, онда төрт бөлмелі пәтерге ауысуына болады;
– Жалға алу құқығын үшінші тұлғаға беру мүмкіндігі де қарастырылған. Өмірде неше түрлі жағдайлар болады. Біреу жұмысынан шығып кетуі мүмкін, енді біреу отбасылық жағдайына байланысты басқа қалаға көшуге мәжбүр болатын кездер болады, мұндай жағдайда жалға алған үйдегі төлемдер күйіп кетпес үшін оны басқа адамға өткізуіне құқығы бар.
– Сонда «Қолжетімді баспанамен» жалға үй алу үшін тұрғындардың айлық жалақысы кемінде қанша болуы тиіс?
– Оны мен былайша түсіндірейін: біз 1,2,3,4, бөлмелі пәтерлер саламыз. Орташа аумақ 50 шаршы метр болады. Сонда әр шаршы метрін 100 мың теңгеден деп есеп­тейтін болсақ, бұл 5 миллион теңге болады. Демек, жалға алудың ай сайынғы төлемі 50 мың теңгені құрайды (яғни ай сайынғы жалға беру құны – әр шаршы метрі 1 мың теңгеден). Былайша айтқанда, пә­тердің жалпы ауданы 40 шаршы метр болса, ай сайын 40 мың, 70 шаршы метр (4 бөлме) болса, 70 мың теңге төлеп тұрасыз. Тағы қайталап айтамын, жалға беру мерзімі аяқ­талған соң (15 жыл), пәтер жалға алушының меншігіне өтеді. Бұл жерде жалға алушы азамат 15 жылдың түгесілуін соңына дейін сар­ғая күтпеуіне болады. 10 жыл жалға ал­ғаннан кейін ол пәтерді қалған құны бойынша мерзімінен бұрын сатып алу құқығын иеленеді. Менің ойымша, егер тұрғындар жұмыс істеп, еңбектенетін болса, 50 мың теңге деген сон­шалықты көп қаражат емес. Оны кез келген отбасы қиналмай төлейді деп есептеймін.
– Сіздердің ұсынған «тұрғын үйді сатып алу құқығы мен жалға беру» ба­ғыттарыңыз шетелдік үлгі екендігі бел­гілі. Сонда бұл қай елдің тәжірибесі және ол жақта бұл бағыт өз тиімділігін көрсете алды ма?
– Негізі, бүкіл дамыған шетелдерде ха­лықтың көпшілігі жалға берілетін тұрғын үйлерде тұруға әбден бейімделген. Мәселен, Германия, АҚШ, Еуропада тұрғын үйді жекеменшікке алу шарт емес. Тіпті олар үйді жекешелендіруді мақсат етпейді. Бүгін АҚШ-тың бір қаласында жұмыс істесе, сол жақтан үйін жалдап тұрады, ал басқа қаладан табысы жақсы жұмыс шықса, екі чемоданын алып сонда көше салады. Оларда біздікіндей, «қалайда үй салуым керек, бала-шағама мұра қылып қалдыруым тиіс» деген мен­та­литет жоқ. Шыны керек, бізде жеке үй бол­майынша, азаматтар тыным таппайды. Ал олар бір күнмен ғана өмір сүреді. Сондықтан біз осы бағдарламаны шетелдік тәжірибеден алып, оны өзімізге бейімдедік. Демек, үйді жалға алып, оны кейін жекешелендіруге бо­латындай мүмкіндік жасадық. Сонысымен бұл бағдарлама көпшілікке қолайлы. Біз бұл модельге жай-жай үйренген соң, кейінгі ұр­пақ жекешелендірмей-ақ жалға алудың тиім­­ді екенін түсінетін болады. Себебі сатып алу құқығы берілмейтін болса, оның ай сайынғы төлемі де арзандайтын еді.
– Қазіргі таңда сіздерге қанша адам үйге мұқтаж ретінде кезекке тұрды? Енді үйге кезекке тұру үшін құжаттарды жер­гілікті әкімдік жүзеге асырғанымен, олар­дың төлем қабілетін сіздердің компанияларыңыз анықтайды. Осы тұста неше адамның төлем қабілетін раста­дыңыздар?
– Негізі, бұл бағдарлама бойынша жер­гілікті атқарушы органдар бізге тұрғын үй салу үшін тегін жер бөлуі тиіс. Оның жылуын, жа­рығын, газын, ыстық және суық суын – бү­кіл инженерлік коммуникация жүйесін әкім­дік жүзеге асырады. Ал біз халыққа қол­же­тімді үй салып, оны 15 жылға тұр­ғындарға жалға беріп, кейін оны жекешелендіріп алуына жағдай жасаймыз. Бұл ретте тұрғын үйлерге мұқтаж азаматтардың тізіміне кіру және олар бойынша құжаттарды қабылдау жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асырылады. Дегенмен тұрғын үйге жету үшін сонау 80-жылдардан бері кезекте тұрған азаматтар бар, біз оларды ұмытпауымыз ке­рек. Сон­дықтан жергілікті әкімдік тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қатысты жаңа тізім жа­самайды. Бұрыннан мемлекеттік тұрғын үй бағдар­ламасы бойынша үй кезегінде тұрып, алайда баспана ала алмай қалған отбасы­ларды «Қолжетімді баспанамен» жалға үй алуына іліктіріп отыр. Соңғы екі-үш жыл ішінде біз қала әкімдіктерімен тығыз жұмыс істеп  келеміз. Бізде ынтымақтастық туралы  шартқа қол қойылған. Демек, әкімдік бізге бұрынғы үйге мұқтаж аза­маттардың тізімін береді. Біз солардың ішін­дегі азамат­тардың кредиттік тарихын қарап, төлем қабілетін сараптайтын боламыз. Егер жалға алушының айлық-жалақысы жетпесе, онда оның жақын туыс­тары көмекке келе алады, олардың да жал­ақысын есептеп, төлем қабілетінің мүмкіндігін тексереміз. Бұл ретте айтарым, егер қазір жергілікті әкімдік жалға берілетін тұрғын үйлерге қатысты жаңа тізім жасайтын болса, онда бұрыннан бері тізімде тұрған азаматтар арасында түрлі дау-жанжалдар туындауы мүмкін. Сондықтан олар осындай қадамға баруға мәжбүр болып отыр. Оны дұрыс түсінуіміз керек.
– Кейде мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерді әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілгендер емес, қалтасы қалың азаматтар иеленіп кетіп жатады. Тіпті бір емес, екі-үш үйі барлар да алып жатқанын көрдік. Енді «Қолжетімді баспана» бағдарламасында қалтасы қалыңдардың үй алып кетпеуіне қандай да бір шектеулер қойылған ба?
– Негізі, қалталы азаматтар бұл тізімге кіре алмайды деп есептеймін. Бұл жерде ең бірінші талап – жалға үй алатын адамның атында үй болмауы тиіс. Әйтпесе онсыз да бес-алты үйі барлар жалға тағы үй алып, оны басқаларға жалға беруі ғажап емес. Сон­дықтан осындай келеңсіздіктер болмас үшін тек шынайы баспанаға мұқтаж жандарға ғана үй берілуі тиіс. Бағдарламаның негізгі талабы – осы. Бұл жерде, негізі, жалға үй алу үшін өтініш берушінің және оның отбасы мүше­лерінің меншік құқығында үйінің болмауы жөнінде анықтама керек. Егер олардың басында баспана болатын болса, онда ол Әділет министрлігі аумақтық органының берген анықтамасында анық көрініп тұрады. Бұл ретте жалға берілетін тұрғын үй алуға құжаттар жинау ісі таза болуы үшін жергілікті прокуратура мен Қаржы полициясы да қадағалауға алуы тиіс. Оның үстіне, қажетті құжаттардың барлығын азаматтардың төлем қабілетін растайтын кезде біз де жіті тексеретін боламыз. Сондай-ақ азаматтардың айлық табысын да қарай­мыз. Мәселен, ол мұнай компаниясында істеп, 500 мың теңге жалақы алатын болса, оны біз үйге шынайы мұқтаж азаматтардың қатарына қалай қосамыз? Төлем қабілетін растайтын кезде мұның барлығы міндетті түрде ескерілетін болады.
– «Қолжетімді баспанамен» жалға берілетін тұрғын үйлерге қандай санат­тағы адамдар қатыса алады? Сонымен бірге үйге кезекке тұру үшін қандай құ­жаттар қажет екендігін айтып бере аласыз ба?
– Негізі, азаматтардың басым құқық бе­рілген санаттарына мыналар жатады:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары; 2) мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке үміт­керлер, ғарышкерлер және мемлекеттік сай­ланбалы қызмет атқаратын адамдар; 3) жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгі­ленген тәртіппен апатты жағдайда деп танылған ҚР азаматтары; 4) Ұлы Отан соғы­сының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар; 5) 1 және 2-топтағы мүгедектер; 6) мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары; 7) ҚР Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлері­мен ауыратын адамдар; 8) жасы бойынша зейнеткерлер; 9) кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатады. Мұндай адамдардың жасы әскери қызметке шақырылған кезде мерзімі әскери қызметтен өту мерзіміне ұзартылады; 10) оралмандар; 11) экологиялық зіл­за­лалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айы­рылған адамдар; 12) көпбалалы отбасылар; 13) мемлекеттік немесе қо­ғам­дық міндет­терін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отба­сылары; 14) толық емес отбасылар; 15) құ­қық қорғау органдарының қызметкерлері; 16) мемлекеттік заңды тұлғалардың қыз­меткерлері; 17) мемлекетке тиесілі емес әлеу­­­меттік саланың қыз­меткерлері, мем­ле­кеттік және (немесе) жеке оқу мекеме­лерінің және денсаулық сақтау кәсіпорын­дарының қызметкерлері; 18) жоғары және (немесе) техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімдері бар және аталған білімдерін алған кезеңнен бастап тоғыз жылдан аспайтын уақыт өткен 29 жасқа дейінгі аза­маттар жатады.
Мынадай құжаттар талап етіледі:
Әлеуетті жалға алушы ЖАО (әкімдіктер) төмендегі құжаттарды ұсынады:
1. ЖАО белгілеген нысан бойынша тізімге енгізу туралы өтініш; 2.ҚР Әділет министр­лі­гінің аумақтық органының анықтамасы (өті­ніш берушінің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің бағдарламаға қатысу үшін өтініш беретін елді мекенді жерде меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы туралы); 3. Өтініш берушінің (отбасының) әлеу­меттік жағынан қорғалатын азаматтарға, жас отбасыларға жататынын растайтын әлеуметтік қорғау органының анықтама не жұмыс орнынан, оның ішінде мемлекеттік қызметшінің, бюджеттік ұйым қызметкерінің, әскери қызметшінің, құқық қорғау органы қызметкерінің және басқа­ларының жұмыс орнынан анықтама; 4.Тұрақты тұратын орны бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы не селолық немесе ауылдық әкімдердің анықтамасы). Қажет болған жағдайда өтініш беруші қосымша тұрғын бөлмеге құқық беретін отбасында аурудың ауыр түрімен ауыратын адамның бар екені туралы мемлекеттік денсаулық сақтау мекемесінен анықтама да ұсынады.
– Ал Бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлердің сапасы туралы не айтасыз? Тұрғын үй құрылыс корпора­циясын құру еліміздегі құрылыс сапасына ықпал ете ала ма?
– Әлгінде айтып өткенімдей, «Қазақстан ипотекалық компаниясының» күшімен құрылған «Тұрғын үй құрылыс корпорациясы» еліміздегі үздік құрылыс компанияларымен және құрылыс индустриясы кәсіпорын­дары­мен ынтымақтастық жасайтын болады. Атал­мыш корпорация жұмысын бақылауды Құры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық ша­­руа­­шы­лық істері агенттігі жүргізеді. Демек, жобалаудан бастап үйді қадағалауға дейінгі құрылыстың технологиялық үдерісі түгел бақылауда болады. Оның үстіне, Құрылыс агенттігі біраз бұрын әкімдіктердің қанатының астынан шығарылып, өзіне берілген Мем­лекеттік сәулет-құрылыс сапасын бақылау басқармалары мен Мемлекеттік сараптама органдарының өкілеттіктерін құрылыс сапасын қадағалау жолында толық ауқымда әжетке жаратпақ ниетте. Мемлекеттік тұрғын үй саясатының негізгі мақсаты – еліміздегі халықтың басым көпшілігінің сапалы тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан мұндай бастамалар, яғни құрылыс корпорациясы құрылып, өз жұмысын бастауы құрылыс сапасына оң ықпал етеді деп есептеймін. Бұл болашақта құрылыс индустриясының артуына мұрын­дық болады деп сенемін. Өйткені бұл бағдар­ламаның жанама әсері мол болып, оның шапағатын құрылыс саласы көретін болады. Бұл ретте тұрғын үй құрылысында қазақ­стандық материалдардың молынан қолда­нылуын қолға алуымыз керек. Осының арқасында Қазақстанда өндірілетін құрылыс материалдарының үлесі елеулі түрде ұлғаюы тиіс. Сонда қыруар қаржы, мол байлық шетелге кетпей, ел ішінде қалады. Демек, Елбасының «Қолжетімді баспана» бағдар­ламасы – ел экономикасына жұмыс істейтін, оның өсіміне өсім қосып, ілгері сүйрейтін мегажобаға айналмақ.
– Осы бізде жалдамалы тұрғын үйге қатыс­ты заң бар ма? Жалгерлікке қа­тысты шарттар­дың бәрі әділ әрі түсінікті деп айта аласыз ба?
– Азаматтық кодексте бұған қатысты заң баптары бар. Онда барлығы ұғы­нықты жа­зыл­ған. Сондықтан жалгерлікке қатысты арнайы заң керек деп айта алмай­мын. Өйт­кені өзім де заңгермін. Біздің заң­дары­мыздың барлығы керемет жазылған, тіпті ізгілендірілді де. Бірақ оның орындалуы қаншалықты дұрыс жүзеге асып жатқандығы бөлек әңгіме.
– Бағдарлама бойынша салынатын үйлерді қолжетімді етеміз деп шаршы метрді қысқарту дұрыс па?
– Негізі, біз тұрғын үйлердің аумағын 35 пен 75 шаршы метр аралығында саламыз деп жоспарладық. Егер біз бұдан кең қылатын болсақ, онда пәтердің құны да едәуір артады. Бұл ретте біз бірінші тұрғын үйге шынайы мұқтаж қарапайым азаматтардың жағдайын ойлауымыз керек. Әрине, оларға 120-150 шаршы метр үй салуға болады, бірақ оны қарапайым жұртшылықтың қалтасы көтере ме? Мәселе сонда. 150 000*12*15=27 млн болады. Мұндай соманы екінің бірі төлей алмайды. Онда біз қарапайым адамдарға емес, қалталы азаматтарға үй салған секілді боламыз. Бұл жерде, ең бастысы, тұрғын үй құрылысы өзіндік нормативтерге сәйкес салынуы тиіс. Демек, тұрғын үй құрылысы өзіндік стандарттарға сай салынғаны жөн. Оның үстіне мен салатын үйлеріміздің шаршы метрі аз деп айта алмаймын. Мысалы, Кеңес кезінде салынған «хрущевкалы» бір бөлмелі үйлер 28-30 шаршы метр болды. Ал біздікі 35 ш.м. Екі бөлмелі «хрущевка» 41 болса, біздікі – 48 ш.м. Осы секілді төрт бөлмелі «хрущевка» 62 шаршы метрден сәл жоғары болса, біздікі 75 шаршы метр болды. Демек, біздікі 7-8 шаршы метр көбірек. Сондықтан мұның шаршы метрі аз деп айтуға болмайды. Ал сол «хрущевкалы» үйлердің өзінде қанша адам тұрды, өсіп-өнді?.. Әрине, егер үйге кезекке тұрған адамдардың жағ­дайы жақсарып, төлем қабілеті жоғарылап жатса, бағдарламаға тиісті өзгертулер енгізіп, үйдің аумағын кеңейтуге болады. Дегенмен қазіргі жағдайда 50 мың теңге айлық алатын адамға аумағы кең үй салып, айына 70-80, тіпті 100 мың теңгенің үстінде жалдық ақша­сын төле дегеніміз дұрыс емес. Сондықтан біз орташа жалақыға орай тұрғын үй салуды көздеп отырмыз.
– Жалға берілетін тұрғын үй нарығын одан әрі жетілдіру үшін тағы не істеу керек? Қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Қалай десек те, біз халықтың жалға үй алу мәдениетін арттыруымыз керек. Сатып алу құқығы бойынша үйді жалға алу тәжірибесі біздің елде енді-енді қолға алы­нып келеді. Есіңізде болса, бір кездері ипотека туралы біздің банктер мен олардың клиент­тері де білген жоқ емес пе еді? Енді бұл жоба халықтың көңілінен шығады деп үміт­тенемін. Бұл үшін халық арасында үгіт-насихат жұмыс­тарын көптеп жүргізуіміз керек. Егер жалға үй алу ісінің тиімді екендігін халық түсінетін болса, бұл бағыттағы алғашқы істер мемлекет тарапынан жүргізіліп отыр. Келешекте нарық­тық жүйеде табысы мол ірі компаниялар, шетелдік ин­весторлар осыған қаржысын құйып, халыққа үй салу арқылы өздерінің бизнесін жандандырса екен деймін. Бұл халыққа да, кәсіпкерлерге де тиімді болар еді деп есептеймін. Өйткені, қанша десек те, Үкімет еліміздің барлық азаматтарын еш­қашан үймен қамтамасыз ете алмайды. Ол мүмкін емес. Десек те, шама-шарқы келгенін­ше әрекет етуде. Қазір қарап тұрсаңыз, еш­қандай мемлекет, дамыған елдердің өзі мүгедектерге, жас отбасыларға, көпбалалы аналарға біздер секілді арзан үйлер салып беріп отырған жоқ. АҚШ-та болсын, Еуро­пада болсын, 10 бала тудың ба, мүгедексің бе, басқасың ба, ешкім қарамайды. Тек ай сайынғы жәрдемақысын төлейді, болды, осымен бітті. Ал бізде жәрдемақы да уақы­тылы төленіп келеді, онымен қоса, арзан­датылған қолжетімді үймен қамтамасыз етуге тырысып отыр. Әйтпесе Алматыда үйдің шаршы метрі 1 500 доллардан кем емес, ал біз 700-800 доллардан салып отырмыз. Сон­дықтан мұны Елбасымыздың қарапайым халықтың тұрмыс жағдайын көтерейік деген елге шынайы жанашырлығының әрі Үкіметтің әлеуметтік бағдарламаларға ден қойып отырғандығының белгісі деп түсінуіміз керек. Бұл бағдарлама халқымыздың әлеуметтік көңіл күйін жақсартуға өте үлкен әрі жағымды әсер береді. Жалпы, қалада болсын, далада болсын, қарапайым халықтың қалтасы көтеретін баспана салынуы тиіс. Халықтың әл-ауқаты жақсарған жағдайда, тұрмысы түзелген сәтте, демографияның да жайы өз-өзінен түзелер еді.

Алашқа айтар датым...
Негізі, біз ұстанған: «Сатып алу құқымен жалға тұрғын үй беру» бағыты шын үйге мұқтаж азаматтарға арналған деп есептеймін. Жылжымайтын мүлікті сатып алу жөніндегі басқа бағдарламамен салыстырғанда, біздің бағдарлама тұтынушылар үшін анағұрлым қолжетімдірек болып отыр. Біздің үйлердің шаршы метрінің бағасы Алматы қаласы бойынша 120 мың теңге көлемінде болады. Оның үстіне кейбір екінші деңгейлі банктер секілді ипотекалық несие алу үшін үйдің құнының 20-30 пайызын алдын ала төле демейміз, тек алты айлық үйдің жалдық ақысын берсе болғаны (оның орташа бағасы – 300 мың теңге), ол пәтер құнының бес пайызынан аспайды. Сондықтан біздің компания қарапайым халыққа баспаналы болудың ең қолжетімді түрін ұсынып отыр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста