Жабайхан ӘБДІЛДИН, мемлекет және қоғам қайраткері, академик:
– Жабайхан Мүбәракұлы, 1991 жылдың 16 желтоқсаны қазақ халқы үшін жаңа атқан күн секілді болғаны рас қой. Тарих жолымен осынау күннен алыстаған сайын Тәуелсіздіктің құндылығы да арта түсері сөзсіз. Жалпы, Сіз үшін «Тәуелсіздік» ұғымы, Тәуелсіздіктің құндылығы деген не?
– Әлбетте, ең алдымен Тәуелсіздік деген ұғымды түсінуге тиіспіз. Менің түсінігімше, Тәуелсіздіктен асқан мереке де, бұдан үлкен той да, бұдан үлкен қуаныш та болмайды. Бұл қуанышты ешқандай да басқа қуанышпен салыстыруға келмейді. Мен осы жайында «Тәуелсіздікті атқан таңмен, шыққан күнмен ғана салыстыруға болады» деп бір сұхбатымда айтқан едім. Сырттай ұғымды алып қарағанның өзінде «тәуелді» мен «тәуелсіз» сөзінің айырмашылығы жер мен көктей. Тәуелді адам мен еркін адамды, сол секілді тәуелсіз мемлекет пен тәуелді мемлекетті бір-бірімен салыстыруға болмайды. Тәуелсіз емес мемлекетте болған адам тәуелсіздік дегеннің не екенін жақсы түсінер еді. Бодан болу, құл болу, тәуелді болу дегеннің ең сорақысы – ондай адам өзіне сеніңкіремейді. «Біреу не айтады екен?» деп өзгенің бұйрығын ғана күтеді. Сонымен бірге, тәуелсіздік ұғымын тек сөздің мағынасымен түсініп қана қоюға да болмайды. Оның ұғымы терең. Әр ұғымды түсіну үшін оны сөз жүзінде біліп қоймай, оның ішкі сырына да мән беру керек. Сондықтан да, біз Тәуелсіздіктің жарияланған күнін ерекше сезіммен қарсы алдық, сол кездегі зиялы қауымды былай қойғанда, төбесінің түйсігі бар әрбір адам өзін бақытты санады. Біздің толқынның бақытты болуына тағы бір себеп – алдымызда осы күнді аңсап өткен арыстай азаматтарымыз өткен еді. 250 жыл бойы қазақ халқының ойлағаны тек тәуелсіздік болды. Осыған талай-талай ұмтылыс болды, осы жолда жандарын қиған азаматтар қаншама. Кешегі Абылай ханнан бастап, Кенесары ханның да, Исатай, Махамбеттің де, Амангелді Иманұлының да көтерілісі осындай ұлы сезімнен туды. Бертін келе алаш көсемдерінің көтерген мәселесі де осы – Тәуелсіздік. Ең ақыры «Тәуелсіз елдің азаматы» деген мәртебелі атаққа Әуезов те, Сәтбаев та, Мүсірепов те жете алмады. Бірақ олар да осы күнді аңсап өткен еді. Ендеше, бізге Тәуелсіздік бұйырғандықтан да, шын мәнінде бақыттымыз.
Сондықтан да, Тәуелсіздік бір сөзбен аша салатын дүние емес. Бұл желтоқсан айында ғана ойлана бастайтын мәселе емес, күн сайын дәлелдеуді қажет ететін дүние. Ендігі күні ақындардың да, жазушылардың да, философтардың да таусылмайтын тақырыбы, саясаткерлердің талмайтын күресі – осы Тәуелсіздік.
– Қазақ елі үшін Тәуелсіздікті аңсау, нақты Тәуелсіздік үшін күрес идеясы қай заманнан басталды дер едіңіз?
– Бодандық қамыты киілген – 1730 жылдан бастап қазақ жұртының ұлт қайраткерлері азаттық үшін алысты. Абылай хан саясатын текшеп ұстады, елдікті сақтап тұру үшін тәуелсіздіктің дипломатиясын әккі пайдаланды. Кенесары да қол бастады, күресті. Патшаға қасқайып қарсы шығып, қарсы төнген тажалдан қаймықпады. Сосын әркімнің күресі әртүрлі болды. Одан бертін, Абай, Ыбырай мен Шоқан заманындағы тәуелсіздік идеясы да әлем елдерімен тең болу идеясымен ұштасады. «Қазақ мешеу қалып барады?» деп Ыбырай алаңдады. «Орыстың тілін біл, сонда ғана онымен тең сөйлесе аласың, қатар боласың, одан кем болмайсың» дегенді Абай алға тартты. Сөйтіп, ХІХ ғасырда Абай, Шоқан, Ыбырай тәуелсіздік мәселесін тіке қоймағанымен, білім мен ғылым арқылы жұрттың көзінің ашық болғанын қалады. Бодандықтың бұғауында кете беруге болмайтынын жұрт арасына септі. Бұл халық үшін тіпті жаңа идея еді. Бұдан кейінгі идея Алаш арыстарына тиесілі. Олар «Қазақ халқы Тәуелсіздік арқылы ғана ұлттық мұратына жете алады» деді. Бұл – Абай, Шоқан, Ыбырай идеясынан бөлек мәселе. Өйткені, Алаш арыстары «қазақ өзінің орнын табуы үшін, бақытты болуы үшін оқуы мен білімі аздық етеді. Ол үшін қазақ тәуелсіз елдің азаматы болуы керек!» деді. Түптеп келгенде, Алаш идеясы оқу менен білімді өз алдына қарастырып, «ғасырлар бойғы саясат сіңірген мешеулік проблемаларынан арылу үшін тәуелсіз мемлекеттің азаматы болуы керексің» дегенді бірінші мәселе ретінде көтере алды. Сөз жүзінде көтеріп қана қоймай, іске асыруға ұмтылды. Тәуелсіздікті уағыздайтын газет ашты. Газет ашып қана қойған жоқ, осы мәселемен күресетін партия құрды. Ұйымдастыратын, күресетін, халықты үгіттейтін партия құрып қана қойған жоқ, дербес мемлекет құруға ұмтылды. Сөйтіп, Алаш орда мемлекетін құрды. Әрине, Алаш орда аз ғана уақыт өмір сүрді. Бір жағынан Кеңес үкіметі, екінші жағынан жеке мемлекет болуға жағдайдың қиын-қыстауда тұрып, еш күрмеуге келмеуі таршылдық етті. Осылайша, Алаш ардақтыларының Тәуелсіздікке ұмтылысының бәрі қырып-жоюмен, қудалаумен, атумен, асумен аяқталды. Азаттық аңсаған қаншама Алаш қайраткерлері ажал құшты.
Одан кейінгі жылдары Кеңес Одағы салтанат құрды. Сол тұстары тәуелсіз болуға ұмтылыс бұлқынып іште қайнады. Алаштың көзін көргендер, соның сөзін сезгендер арамызда болғанының өзі бақыт еді. Дегенмен Кеңес Одағында тәуелсіз ел болу жөнінде әңгіме айту былай тұрсын, партияға қарсы пікір айту сондай сорақы мәселе ретінде қаралды. Алайда дәл сол «сорақылықтың» еш сөкеттігі жоқтығын Желтоқсан көтерілісі ашып берді.
– Тәуелсіздікті айтқанда Желтоқсан көтерілісін айналып өту де мүмкін емес қой...
– Қазақ жастарының көтерілісі бүкіл кеңестік кеңістікке қозғау салғанымен құнды. Әр елдің өз басшысы болуы тиістігін алға тартқан жастардың осы үшін қатты таяқ жегенін, сол ұмтылысы үшін сотталып, атылғанын бәріміз білеміз. Алайда қазақ жастарының толқуы Кеңес үкіметіне қарсы бір идеяны дүниеге келтірді. Мысалы, Кеңес Одағын алып аждаһаға теңеуге болады. Аждаһаның алдында жұрт қорқыныштан, үрейден аузын да аша алмайтын. Бөтен сөз айтуға сескенетін. Дегенмен Желтоқсан жастары қырылып, түрмеге тоғытылғанымен, басқа жұртқа үлгі болып, идея тастап кетті. Несімен? «Аждаһадан қорқуға болмайды екен». Бұл аждаһаға қарсы бас көтерсең, ол сені біржолата жұтып қоймайды екен, көп болса, жүздеген шейіттер болады екен, алайда аждаһаға қарсы да айла қолдануға болады екен. Желтоқсан жастары тудырған осы идеяның салқыны кейіннен Грузияны шарпыды, сосын Балтық жағалауындағы елдер көтерілді.
– Азаттық үшін болған түрлі күрестің шарықтау шегі 1991 жылғы 16 желтоқсан ғой. Ал бұл оңай болды ма? Өйткені жұрт арасында қазақтың өз Тәуелсіздігін өзгелердің ең соңынан жариялағанын айтып мінейтіндер басқаны қойып, өз ішімізден де шығып қалады ғой...
– Бұл шындығында да оңай емес еді. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жалпақ жұртқа жариялаған тұста мемлекет құрушы ұлт саналатын қазақтардың республикадағы саны 40 пайыз ғана болды. Қалған басқа ұлттар 60 пайызды құраса, соның ішінде орыстардың өзі 42 пайыз еді. Басқасын айтпалық, осы «40» пен «42» пайыздың арасындағы айырмашылықтың өзі біраз дүниені аңғартады емес пе? Оның сыртындағы басқа да факторларды есепке алайық. Сондықтан да Тәуелсіздік алу үдерісі бір қарағанда шапшаң, екінші жағынан қарағанда асықпай жүрді. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдеріне өз ниетімізді ұғындыру, Тәуелсіздік идеясын солардың алдында қолмен қойғандай бұлтартпай дәлелдеу бізге оңайға тиген жоқ. «Қазақ мемлекеті тәуелсіз мемлекет бола алады» деуді осы Қазақстанда отырып мойындату бізге үлкен жігерді талап етті. Ең бастысы, Тәуелсіздік үшін депутаттар дауыс беруі тиіс болатын. Ал дауыс беру барысында біздің дауысымыз жетпей қалса ше? Депутаттың көбі басқа ұлт өкілдері еді. Сөйтіп, «тәуелсіздік мәселесін дауысқа салсақ, біз жеңе аламыз ба» деген үмітпен қосақталған күдік те болды.
Алайда біздің бағымыз бар екенін сол кездегі сайланған халық депутаттарының қатарынан-ақ көруге болатын еді. Тәуелсіздік жарияланар тұстағы халық сайлаған депутаттық корпусты басқа ешқандай кезеңмен салыстыруға келмейтін. Өйткені қазақта қандай зиялы болса, қазақта сөз айтатын қандай тұлға болса, қазақта қолынан іс келетін қандай тұлға болса, ол сол тұста депутаттық мандат ұстады. Олардың арасында академиктер де, профессорлар да, жазушылар да, қысқасы, аузынан шыққан сөзімен басқаны иландыра алатын ұлт қайраткерлерінің басым бөлігі депутаттықта еді. Сондай кесек-кесек тұлғалар болмай, олардың орнында біліксіз біреулер отырса, біздің күніміз мүлдем басқа арнаға бұрылып кетуі ғажап емес еді. Күн тәртібіне Тәуелсіздік мәселесі көтеріле бастаған тұста қарсы шыққандарға өз сөзін өткізе білгендер де солар еді. Біздің жазушыларымыз да, зиялыларымыз да басқа ұлт өкілдері алдында дәлелді уәж айтты, басқа ұлт өкілдерінен құралған депутаттарды өз қатарымызға тарта да білдік.
Екіншіден, басқа ұлт өкілдерінен де қазақты қолдағандар болды. Әлбетте, орыс ұлтынан қарсы шыққандар толып жатты, дегенмен азаматтық танытып, біздің ұлтымызға шын жаны ашығандардың есімін ұмытуға да тиіс емеспіз деп ойлаймын. Соның ішінде сөзі біз үшін дұрыс шыққан азаматтар ретінде Дмитрий Снегинді, Александр Княгининді ерекше атап өтпеске болмас. Сол Княгининіңіз «біз қазақтың тәуелсіздігіне түсіністікпен қарауымыз керек» десе, енді бірде мемлекеттік тіл тағдыры қыл үстінде тұрғанда «қазақтың тілі тек осы Қазақстанда ғана дамиды, басқа жерде ол тіл өшеді» деп батыл қолдау білдірді. Біз дәл осы адамгершілігі үшін Княгининді «русский сын казахского народа» деп атап кеткен де едік. Осындай беделді азаматтардың арқасында Тәуелсіздік тиді бізге.
Тәуелсіздік таңы атып, егемендігіміз ақиқатқа айналған тұста бәрі бірден ізге түсіп, даңғыл жол салына қалған да жоқ. «Қазақ қандай мемлекет болады?» деген мәселе көлденеңдеді. Біз ең алдымен ұлттық мемлекет болады деп жаздық, екіншіден унитарлы деген ұғымды алдық. Дәл осы ұғымды базбіреулер түсінбейтін де тәрізді. Асылы елдікті сақтауда осы ұғымға тең келетін нәрсе де жоқ. Өйткені «унитарлы» дегеннің өзі, қысқаша айтқанда, Қазақстанда тек бір ғана ұлт тұрады, ол қазақ дегенді білдіреді. Ал басқа ұлттардың қазақтармен құқы теңдей, ешкім кем емес, алайда, ешқандай да бір ұлттың, этностың өкілі Қазақстаннан автономия сұрауға, автономдық аудан сұрауға да, үкіметтік немесе мемлекеттік құрылым дәметуге құқылы емес дегенді білдіреді.
– Тәуелсіздікті жариялау бағытында күрескен азаматтардың қатарында кімдерді атар едіңіз?
– Әлбетте, Тәуелсіздікті жариялауда да, содан соң Қазақ мемлекеттігінің негізін қалауда да Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың рөлі өте зор болды. Мемлекеттің саяси бағыты, ұстанымы, экономикасын – бәрін-бәрін қалыптастыру үшін Президенттің жақтастары барынша қажет еді. Сол тұстағы біздің ұтқанымыз да зиялылардың, қайраткерлердің басым бөлігі дерлік Нұрсұлтан Әбішұлының айналасынан табыла білді. Елбасының өзі де білгір саясат ұстанды. Елдігімізді айқындағанда «алдымен экономика, сонан соң саясат» қағидаты қаперде болды. Экономикада – нарықты экономика, саяси жүйеде – социалды-демократиялық мемлекет идеясына ден қойдық. Ал экономиканы дөңгелетіп әкетіп, құлдыраудан құтқаратын бір ғана жол – инвестиция. Тура сол тұста ел экономикасына қан жүгіртетін инвестиция туралы заң да қабылданды. «Заң қабылданды» демекші, халық депутаттары тарап, қайта сайлау жасақтамас бұрын біз тәуелсіздік, мемлекеттік негіздерінің үдерістерін тоқтатпау, керісінше, тездету үшін Тұңғыш Президентке құқық бердік. Ол кісінің заң күшіндегі Жарлық қабылдауға құқы болды. Осындай құқық аясында 140 заң қабылданды. Осының бәрі біз айқындаған нарықтық экономикаға икемделді. Елдің тұтастай зиялылары, сүт-қаймақтары Елбасының командасы болып қызметке кірісіп, «бір жеңнен – қол, бір жағадан бас» шығардық. Ал нақты сұраққа келетін болсақ, Тәуелсіздік үшін күрескен азаматтардың ішінде бірінші тұлға Елбасы болса, оның қатарында академик Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Манаш Қозыбаев, Әбіш Кекілбаев, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Марат Оспанов, Өмірбек Бәйгелді секілді басқа да азаматтарды атауымыз керек. Сол тұстағы қайраткерлердің бәрі де Президентпен бірге қайраткерлік көрсетіп, Тәуелсіздігіміздің игілікті болуы, оның іргетасының сапалы қалануы бойынша тер төкті. Бұл азаматтарды ешуақытта ұмытуға болмайды.
– Тәуелсіздіктің баянды болуы неге байланысты?
– Кез келген ел азаматының көкірегінде тәуелсіздікке құштарлық болмай, ондай құштарлықты сезінбей, тәуелсіздік тұғырлы болмайды. Тәуелсіздік мәңгі болуы үшін халықтың көкейіндегі дүниелер мығым болуы шарт. Тәуелсіздікті құртатын, мемлекетті тоздыратын дүниелерден аулақ болғанымыз жөн. Қашан да билік содан бойын таза ұстаса, шама келгенше сондай дүниелерден тазарынса, жолымыз даңғыл болмақ.
– Мемлекетті құртатын дүниелерге нені жатқызасыз сонда?
– Ондай құбылыстарды әшкерелеп, дер уағында тезге салып отырған ләзім. Мәселен, өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық деген бізде өршіп тұр. Қазақ халқын сырт көз сынағанда ежелден елімізді жақсы мінезімен жайлы жұрт ретінде айтушы еді. «Ұры, жемқор» деген ат бізге жат еді. Әсілі, жемқорлық Кеңес Одағының тұсында да болған. Кеңес Одағының кеңістігінде кейбір халықтарды бетіне баспаса да, сыртынан «ұрлыққа жақын» деп айтып отыратын. Ондай халықтар шындығында бай секілді де көрінетін. Тек қазаққа бұл жат құбылыс еді. Егемендік алып, етек-жеңімізді түзей жүрген бізге осы бәле жұғысты. Жемқорлықтан біреудің абыройы төгіліп, енді біреуі сотталып жатыр, соған қарап жатқан жұрт жоқ қазір. Ілгіреді бір адам сотталса, сол ауылдың төңірегінде трагедия орнайтын. Ал қазір басқаша. Бәрі шама келгенше асап қалсам дейтін тәрізді. Бұл не сонда? Бұл – өзекке түскен құрт.
– Әлбетте жемқорда патриоттық сезім деген болмайды ғой...
– Ондай адамда сезім тұрмақ, Отан да болмайды. Өйткені ол Қазақстанда жүріп миллиондап жұтса, кейіннен сол миллиондарымен Қазақстаннан да тыныш өмір іздеп шетке кете береді. Қолында қаражаты мол болса, оған Отанның құны көк тиын. «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне». Түптеп келгенде, жемқорға Қазақстанда тұрдың не, Швейцарияда тұрдың не, бәрібір? Сондықтан да, баюды өмірімнің мәні деп ойлайтын азаматтар үшін егемендік те, қазақ халқы да құн емес. Оның ойлайтыны қарынның тоқтығы, уайымның жоқтығы. Содан барып сатқындық шығады. Әлем ғұламаларының бәрі де, Абай да осы мәселені мемлекеттілік үшін ең бірінші жау санаған.
Екінші мәселе – тарихтан сабақ алу. Жер жүзіне атағы шығып, күллі Еуропаны жаулаған Римнің құлдырауы мен құлауын жете зерттеген Монтескье де мемлекетті мығымды ету тұрғысынан көп жазып кетті. Сол айтпақшы: «Рим азаматтары кезінде қандай еді?». Темір тәртіп пен патриоттық оларда ең бірінші орында еді. Кейіннен, жемқорлық, ұрлық, өтірік, қара басын ғана ойлау олардың өмір салтына да дендеп ене бастады, ал бұл ел ішін ірітті. Бір кездері атағы дүркіреген даңқты азаматтардың қасиеттері осылайша жойыла түсті. Ақша мен билікті ойлайтындар көбейіп, мемлекет үшін жанын беретін адам Римде қалмады. Сосын Рим құлады. Мінеки, ақша мен билікті ғана ойлайтын адамдар ел үшін ешуақытта кеудесін оққа төсей алмайтынын осыдан-ақ көруге болады. Үшінші мәселе – демократиялық даму жағын күшейту. Бұл бағытта билікті бөлу қағидаттары, биліктің үш тармағының бір-бірінен тәуелсіздігі мемлекет мығымдығы үшін аса өзекті деп санар едім.
– Қазақстандық даму жолы туралы жиі айтылады ғой. «Қазақстан-2050» стратегиясы арқылы Мәңгілік ел болу, Тәуелсіз даму даңғылын айқындадық. Осы тұрғысынан пікір білдірсеңіз?
– Қазақстан құр мақтанға бой алдыратын мемлекет емес. Біз өркениетті Еуропа халықтарының деңгейіне көтерілуді мақсат етіп отырмыз. Әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуды межеге байладық. Ал ол отыз озықтың ішіне ену экономикамен ғана өлшенбейді. Мұнда саясат та, әлеумет ісі де, білімің мен ғылымың да жатыр. Аллаға шүкір, жеріміздің асты-үсті байлықтан кенде емес. Бізге соның бәрін сатумен айналысумен бірге, әлемдік қауымдастық алдында «мынаны қазақ жасаған», «мынау Қазақстанда істелген», «мынау қазақ ғалымының жаңалығы» деп сүйіне айтатындай жетістіктерге жетуді мақсат қылған жөн. Егер сондай табыс-тарымыз, мақтанарлық ғалымдарымыз болса, оларды халыққа таныту, насихаттау жағын үйренуіміз керек. Бұл жастар үшін, жастардың, жеткіншектеріміздің өзіміздің мықты ғалымдарымызды танып-біліп, соларға еліктеп өсуі үшін қажет.
Сонымен қатар, Қазақстан әлемнің озық отыз елінің қатарына кіруге ұмтылып отырған тұста, «бізде мұнай да, газ да бар, ендеше бәрі оп-оңай бола береді екен» деп ойлау мүлдем қателік. Осы ойдан аулақ болғанымыз абзал. Сосын Тәуелсіздік қазақтың маңдайына жазылып қойды, бітті осымен кете береміз деген түсінік те жарға жығады. Түйіндей айтсам, егер біз Елбасы айқындаған әлемнің озық отыз елінің қатарына жетсек, біздің халықтың ұлы дүние жасағаны. Ондай болса, біздің мемлекетіміздің іргесі де шайқалмақ емес. Өйткені, алдыңғы қатарлы ел тек экономикамен ғана емес, саясатымен де, әлеуметімен де, елінің бірлігімен де, білімділігімен де озады деген сөз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Айтайын дегенім:
Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның атом қаруынан бас тарту туралы бастамасын шетелдік алпауыт елдердің барлығы дерлік қолдады. Алайда біздің ішімізде «егер біз атомды өткізсек, ертең Тәуелсіздігімізді, елдігімізді қалай қорғаймыз?» дегенге саятын пікірлер де айтылып қалып жатты. Мұндай пікірлер шетелдік беделді сарапшылардың құлағына да жеткен болатын. Сонда сырттан келген делегация басшыларының айтқаны есімде қалыпты. «Тәуелсіздік мәселесінде әлбетте сырттан көмек те, қолдау да керек болуы мүмкін. Егер қазаққа агрессорлық пиғылдағылар болса, біз оларды тап басып айтармыз, қорған болуға жарармыз. Алайда қазақ халқы тәуелсіздігі үшін өзі күресуі керек. Тек қана халықтың өзі тәуелсіздік үшін күрессе, тәуелсіздігі жоқ жерде өмір сүре алмайтынын сезінсе ғана ешкімнен жеңілмейді, тәуелсіздігі де мәңгілік болады. Әйтпесе, қолымда атом бар деп, тәуелсіздігімді сол атоммен қорғаймын деу – бекершілік». Міне, бұл аса дұрыс пікір еді. Яғни Тәуелсіздікпен күресте де, Тәуелсіздікті қорғау мен оны баянды етуде де халықтың санасы мен сезімі ең күшті рөл атқарады. Атомнан да күшті рөлді...