Асаубай МАЙЛЫБАЕВ, Жамбыл облысының құрметті азаматы:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Кешесіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Ертең үшін бүгінгі Тәуелсіздігімізге тоқталып көрсек.
– Бұл – өте үлкен, ауқымды тақырып. Тәуелсіздік туралы айту үшін сонау ғасырларға баруға тура келеді. ХІІІ ғасырда Шыңғыс ханның қол астына өткен бүкіл Дешті Қыпшақ ұлысы екіге жарылды. Соның бір бөлігі қазақ ру-тайпаларын басқарған Керей мен Жәнібек сұлтандар 1456 жылы Шу өзенінің бойында Қазақ хандығын құрды. Тым арыға бармай-ақ содан бері қарай айтсақ, қазақтың басынан нелер өтпеді, халық не қиындықтарды шекпеді?! Өзінің басы бірікпеді. Әрине, күллі қазақтың басы біріккен кездері де болды, бірақ бүкіл елдің бірігуі көп деп айту қиын. Бір жағынан – Қытай, мына жақтан Жоңғар қазаққа көз алартты. Одан келіп, орыс империясының боданы болдық. Тарихқа үңіліп, өткенімізді електен өткізсек, қазақ халқы не көрмеді?!
Теңіз жұлдызы деген жәндік бар. Олар жағадағы құмға мыңдаған жұмыртқа тастайды. Шашылған тұқымға жан бітіп, жарып шыққаннан кейін теңізге жетуі керек. Теңізге дейін оларға қожа емес нәрсе жоқ. Ұшқан құс, бақа-шаян т.т. теңіз жұлдызына өш, қорек етеді, жейді. Солардан аман қалған бірен-сараны теңізге жетіп, өмірін жалғастырады, қайтадан ұрық шашады. Бұл – тағдыры өте ауыр теңіздің жәндігі. Қазақтың тағдырын осы теңіздің жұлдызына теңер едім. Қанша рет жоғалып кетудің жиегінде тұрып, Құдайға шүкір, Тәуелсіздікке жеттік.
– Қилы-қилы қиындықтардан Тәуелсіздікке жеткізген қазақтың қай қасиеті дер едіңіз?
– «Момынның ақысын Құдай жемейді» дейді. Халық ниетінің түзулігі, момындығы осы күнге жеткізген. Халық болған соң, кемшілік кездеседі. Ал, жалпы келгенде, қазақ – өте жақсы халық. Есігі жабылмаған, кім келсе де, құшақ жайып қарсы алған, айта берсең, жақсылығын тауыса алмайсың. Құдай сол қасиеттерін елеп-ескерген шығар... Иә, Тәуелсіздікті алдық, Аллаға шүкір. Енді оны ұстап тұру, өрбіту, егеменділікті еңселі ету – осының барлығын Елбасының көреген саясаты, іскерлігі, қажымас қайраткерлігімен ұштастыруға болады. Қазақ айтады: «Елді ер бастайды, ерді ерен бастайды» дейді. Сондай ерен еріміздің еңбегі мен ерлігін бағаламау, көрсе де көрмегенсу – бізге қажет емес. Біз бір жұдырық болуымыз керек. Халықтың ынтымағы аса қажет. Жаһандану дейтін жойқын, масқара күш келді. Талайлар жұтылып кетуі мүмкін. Соның ішінде кетіп қалмай, осылай бүгінгі күйімізде тұрсақ, Аллаға тәубе айтуымызға болады.
– Елдегі игілікті істерге, қандай да қам-қарекеттерге араласып жүрген азаматсыз. Жөн сілтеп, бағыт-бағдар бере қалған жағдайларда қандай қағидаларды қалайсыз?
– Ауызбірлік, ерінбей еңбек ету, айта берсең, механизмдер көп қой. «Есті адам болам, десең» дейді, Абай: «Айына бір рет өзіңе-өзің есеп бер». Мен не істедім, не қойдым? Қазаққа мұқияттылық жетіспей жатыр. Бұл – әрбір қазақ азаматы ойланатын тірлік. Аузымызды қу шөппен сүрте алмаймыз. Ойбай, енжармыз, жалқаумыз емес, біздің тәуір жақтарымыз көп қой. Қазір халықтың көзі ашық. Қайтсе ел болып, жұтылып кетпейтінін, тағдыры өз қолында екенін әрбір саналы азамат түсінеді деп ойлаймын. Біз кімнен кейінбіз? Кімнен кембіз? Мақтаншылық та керек шығар, дегенмен ел болу жолындағы әрекеттерімізге қанағатсыздықпен де қарауымыз қажет. Бұл – тойымсыздықтан, қанағатсыздықтан емес, өзіңе-өзің талап қоя білу, алға ұмтылу. Қазір қазақтың қай саласында да талпыныс бар. Бұл – қызыл сөз үшін айтыла салған нәрсе емес, шындығында, ел болып жетілуімізге, мемлекет болып қалыптасуымызға, қалай болғанда да, бүкіл қазақ халқының еңбегі зор. Бірақ барға мастанбай, жетілдірген жөн.
– Туған топырағыңыз Тараз өңірінде қызмет етіп келесіз. Өскен еліңіз 20 жылдыққа не берді?
– Жамбыл облысы – Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе секілді мұнайлы өңір емеспіз. Біздің бар байлығымыз – Жамбыл облысының халқы. Еңбекқор, артық сөйлемейтін, момындау халық тұрады, Жамбыл өңірінде. Тәуелсіздіктің бергені өте көп қой. Облыстың басшысына байланысты. Экономикалық жағынан Жамбыл облысы орнында тұрыңқырап қалды. Қаламыз да 90-жылдардың басындағы деңгейде тұрды. Былтырдан бері қозғалыс басталды. Қаланың ішінде құрылыстар бой көтерді, ауыл шаруашылығында өркендеу бар, инвестицияда жағымды жағдайларды атауға болады. Экономиканың барлық саласында өркендеу бар. Осының бәрі Тәуелсіздіктің бергені ғой.
Мен бұрынғы банк қызметкерімін. Сол замандарда сметасы 3 миллионнан асатын қаржыны қажет ететін құрылысты Қазақстан бекіте алмайтын. «Союзный министр» бекітетін. Жай ғана кинотеатр соғу үшін, оның құны 3 миллионнан бір сом асса, Мәскеуге шабатынбыз. Өзіміздің билігіміз жоқ еді. Міне, егемендіктің бергені. Қазір қандай құрылыстар салынып жатыр! Республиканы айтпағанда, Жамбыл облысында Спорт кешені басталды, ықшамаудандар соғылып жатыр, Металлургия зауыты іске қосылды, Цемент, Арматура зауыттары – осының барлығы азаттықтың арқасы. Құдайдың бергені, қазір өзіміз шешеміз, өзіміз бекітеміз. Ақшаң табылып, жағдайың болса, облыстың өзі-ақ бекітіп, ғимарат соға алады. Осының бәрі – жетістік, Тәуелсіздіктің бергені емес пе?!
Облыстық банкке алғаш келгенімде, 50-лерге келіп қалған орыстың екі әйелімен бір кабинетте отырдым. Бір күні жұмыс бабымен кеңес сұрап, Мойынқұм ауданынан банк қызметкері телефон соқты. Мен кеңесті қазақша бердім. Телефон тұтқасын қойғаным сол еді, әлгі екі орыс әйел маған дүрсе қоя берсін: «Неге сен қазақша консультация бересің? Сен қайда жүрсің? Неге орысша бермейсің? Неге қазақша сөйлейсің?». Менің мінезім шатақ! Екі әйелмен айқайласып, бастыққа айттым: «Мен мына екеуімен отырмаймын! Не жұмыстан кетемін, не мыналар басқа кабинетке барып отырсын!» Бұл уақытта мен отызға жаңа келген адаммын. Мен осы қорлығымды әлі ұмытпаймын. Бұл не деген масқара!? Өз ана тілімде сөйлеуге тыйым салады!
– Жаппай сөйлеп кетсек, жақсы-ақ болар еді, бірақ қазақ тіліне түгел көше алмай жатқанымыз жасырын емес қой. Түрлі себеп, сан салдар бар. Асаубай аға, «банк, қаржы саласын қазақшаға көшіріп жіберсе, қазақстандықтардың тіліндегі түйін-күрмеуі шешіліп, мемлекеттік тілде сайрап кетер еді» деген пікірді естіген едім. Сіз не дейсіз?
– Мен, соған қосылмаймын. «Мұсылман болу әсте-әсте» дейді. Тіл дегеніміз–үлкен саясат. Мұны бірден, шорт кесіп: «Бәрің қазақша сөйлеңдер!» деу қиын. Табанда тыйып тастау – ауыр нәрсе. Бизнестің тілі – әлі орыс тілі. Мен Мұхтар Шахановтың ұлтқа жаны ашитынын, көбірек айқайлайтынын түсінемін... Бірақ бірбетке кетіңкіреп қалады деп есептеймін. Мен ол кісіні өте жақсы көремін. Бірақ бірбетке кетіп қалуға болмайды. Елбасының саясаты – жайлап, әсте-әсте кіргізу керек. Кіріп те келе жатыр. Облыс бойынша қарасаңыз, Жамбылда орысша болған жиналысты көрген жоқпын. Онымыз отырып, бір орыс болса, орысша сөйлейтінбіз, ал қазір 10 орыс отырса да, қазақша сөйлейміз. Түсінбесе, қайтпекпіз? Түсінер. Қалай бұрасақ та, бірден мойнын жұла алмаймыз. Жайлап өзі келетін шығар. Келе жатыр! «Ойбай, қаржы керек! Қазақ тілін оқыту қажет!» дегенге қосыла бермеймін. Шындығында, орыс тілінен кетіп те қалмауымыз керек секілді. Айталық, ауылдағы балалар орысша білмейді. 70 жылдық қана емес, бүкіл тарихымыз орысша жазылып кеткен. Орысша білмеу – тарихымызды білуімізге кедергі келтіреді деп есептеймін. Орысшыл емеспін, ұлтшыл адаммын. Алайда орыс тілін қосып алып жүрсек, одан біздің ұтылатын түгіміз де жоқ. Қазақтілді басқа ұлттардың ішіндегі қабілеті барын көтермелеп, әкімге дейін қызметке қоюымыз керек. Ол да – қазақ тілін насихаттаудың бір түрі.
– Идеология осындайлардан шыға ма? Бұл тарапқа не айтар едіңіз?
– Егемендігіміздің өзі идеология ғой. Біз сусап жеткен жоқпыз ба! Менің немерем Рио-де-Жанейрода балалар арасында шахматтан әлем чемпионы болды. «Қазправдаға» шықты. Бізді қай кезде сондай деңгейге жіберіп еді. Бұрын «Союздан» шыға алмайтынбыз. Боксшыларымызды алайық, қаншама Олимпиада чемпиондары бар. Осының бәрі идеология емес пе! Ойы бар адам үшін идеология көп. «Мен егемендікті жоғалтпауым керек!» деген идеология ғой.
– Мәңгілік, Тәуелсіз Қазақ мемлекеті болу дейсіз ғой.
– Басты идеологиямыз – осы! Әрбір намысы бар қазақ соған тырысуы керек қой. Мәселен, Кеңес өкіметі идеологиясының санамызға өте кіріп, сіңіп кеткен себебі – сол уақыттарда біз сауатсыздау болдық. Қазіргі қазаққа ол идеологияны сіңіре алмайсың. Әркімнің көзі ашық. Отанына деген патриотизм, Тәуелсіз ел болып өркениетке ұмтылу, дамыту, сақтап қалу – үлкен идеологиялар осылар.
– Кеңес кезінде коммунизмді желеу етіп, ауадағы арманды қуалатты ғой. Кереметке кездесеміз деп жүргенде кеңес өкіметі келмеске кетті. Қандай қуатты еді. Бірақ шындық жоқ жерде ненің болсын ғұмыры келте болатынына бұдан өзге мысал табу қиын секілді. Ал Қазақ мемлекетінің болашағы бос ауа емес, баянды баспалдақтардан тұрады ғой. Әрине, ел мұратын түйсіну үшін де сауаттылық қажет. Асаубай аға, сауатсыздық дегенді қалай айтар едіңіз?
– 10-сыныпты бітіргеннің барлығын сауатты деуге келмейді. Сауаттылық – жан-жақты ойлана білу, әр нәрсенің байыбына жете білу. Әйтпесе қол қоя білетіндерді, хат танып, оқи алатындарды есептесек, сауатсыз адам жоқ. 100% сауаттымыз деп қоямыз. Бірақ шынайы сауаттылықтың деңгейінде қарасақ, 100 % сауатты емеспіз және саясатпен айналысқандардың барлығы сауаттылардың тізіміне кірмей қалуы мүмкін. Ал, жалпы алғанда, ел сауатты деуге болады.
– «Қазақтың тілі бай, көркем, шұрайлы т.т.» деп жатамыз. Бірақ белгілі бір орта немесе сөйлеп жаттыққан болмаса, жоғары оқу орынын бітіргендеріңіз де кез келген тақырыпқа сөйлей алмайды. Ал алабажақ, шалдыр-шатпақ, қысқасы, біздің ділімізге, менталитетімізге жуымайтын, батыстықтардың қай-қайсысына микрофон ұсынсаңыз, кез келген тақырыпқа пікір білдіріп, өз көзқарасын айта алады» дейді. Бұл – қатардағы қарапайым азаматтың пікірі.
– Келісемін! Әр адам өзімен жұмыс істемейді. Біздің халықтан жекелеген ғұламалар, ойшылдар көп шыққан. Мысалы, біз неге спорттың жекелеген жекпе-жектерінде жеңеміз де, ұжымдық, командалық ойындарда ұтылып қаламыз. Айталық, күрестен, бокстан мақтанатын жағдайлар бар. Ал футбол, волейбол сияқты топтық ойындарда төменде екеніміз жасырын емес қой. Неге? Өйткені ұжымдасқандағы ұғым жоғары деңгейде емес. Осындайдан интеллектінің төмендігі көрінетін сияқты. Көпшіліктің көкейі бір мүддеге бірігуі тиіс. Қай сала, қандай мақсатта болсын, ұстаным бір болғаны абзал. Әркім өз білгенімен, өз бетінше кетсе, болмайды.
– Екі қазақтың бірі өлең жазған, ән айтқан. Біз шешен халықпыз. Тарих солай дейді. Әрине, негізден ауытқып, болмысымыздың божыраңқырап кетуі бодандықтың, ел басынан өткен нәубеттердің, зұлматтардың кесірі ғой. Бірақ қалай болғанда да өзімізді-өзіміз тауып, қалыпқа келіп, болашағымызды нықтауымыз керек. Ауыл, дала, қала баласының сауаты, өмірге көзқарасы, болашаққа сенімі деңгейлес болғаны дұрыс. Осы тұрғыдан келгенде, облыста атқарылған қандай амал-шараларды атар едіңіз?
– Бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру оңай шаруа емес. Екі қазақтың бірі шешен болған, екі қазақтың бірі жазып-сызған десек, қателесеміз. Ол – белгілі бір адамдарға қонған дара қасиет. Ал жаппай халықтың олай болуы үшін – қазаққа көбірек оқу керек. Біз қазір теледидардан, интернеттен ақпарат аламыз да, әркім өзінше соя береміз, айта береміз. Кітап оқымай, ондай қасиетке, сауаттылыққа жете алмаймыз. Бүгінгі балалар ұялы телефон, интернет пен телевизордан басқаны білмейді. Кітап оқу жоқ. Кітапсыз интеллектіні көтере алмаймыз. Оқу керек. Мәселен, қазіргі балалар көбейту кестесін білмейді. Неге? Калькулятор бар! Баса салады да, «мынау» дейді. Ол – жаттамаған. Ал сіз бен біз жаттап өстік. Ал жаттау – миды шынықтыру. Ақпараттың көптігі және оның барлығына қолжетімді болу – адамды шегере ме деп ойлаймын.
– Кем-кетікті түзейтін, елді өрге сүйрейтін, көпшіліктің көзін ашатын зиялы қауым ғой. Бүгінгі зиялы қауым туралы не айтасыз?
– Бәрі болмаса да зиялы қауым жалтақ, қорқақ, жағымпаз. 70-80 %-ы сондай-ау. Шындықты айту жоқ бізде. Жағымпаздық жүрген жерде сатқындық қоса тұрады. Жағымпаз адам – сатқын, сатқын адам – жағымпаз. Бірен-сараны болмаса ойын таза айтып: «менің кішкене ғана пайдам халыққа тисе» дейтін зиялы қауым өкілдерін көрмей жүрмін. «Әй, мынау білгіш қайдан шыққан?!» деп радиоңды тыңдаса айтар, бірақ мен білгіш емеспін. Бұл – менің жеке көзқарасым, пікірім. 100% шындықты айту қиын шығар, әйтсе де шындыққа жақын жүретін адаммын. Елдің көбісі шындықты айналып өткісі келеді. Өту оңай, ал таза айту әркімнің қолынан келе бермейді. Міне, интеллигенцияға осы шындықты айту жетіспей жатыр. Мемлекеттің саясатына қайшы келмейтін, шындық айтамын деп оппозицияға шығып кету емес, ел мұраты үшін ақиқатты жасырмау керек. 100% келісімпаздықпен біз өрістемейміз. Ой өрістеп, өркениетке жету үшін бізде жан-жақты ойлар, пікірлер, көзқарастар болуы шарт. Сіз – бір нәрсе, мен – басқаша, ол тағы бір ой айтса, осылар сарапталып, ортақ шешім қабылдану керек. Ал біз бәріміз келісе береміз. Түбегейлі бір жаққа құлауға болмайды. 90-жылдардың басындағы, 80-жылдардың аяғындағы Ж.Молдағалиев, С.Шаймерденовтер сөз еткен шындықтарды, біз айта алмаймыз-ау. Жетпіс жыл төбемізден төмпештеп, жерге кіргізіп жіберген ғой. Қорқақтық қасиет пайда болған. «Қазақ – батыр халық» дейді. Кейде ойланып қаламын... Соңы 70 жылға созылған қорқақтық санамызға сіңіп кеткен-ау. Бір шетінен, қазір айту оңай. Сонау 1937 жылғы сталиндік репрессия жаныңды түршіктіреді, масқара ғой. Адамды қорқытып жіберді ғой! Көршісін, ағайынын сату, әкесі – баласын, баласы әкесін сату, сұмдық қой! Сол біздің миымызға сіңіп, санамызды жайлап, халық қорқыныштан ажырай алмай келеді. Содан кейін біздің интеллигенция кедей ма? Кедей адамның қорқақ болатыны бар. Абайдың сөзі бар: «Тоқалдың өр келетіні, кедейдің кер келетіні несі?» – деген. Қиын сұрақ. Жауап беру оңай емес. Өнер, сөз бағаланғаны жөн. Біздің зиялы қауым, ақын-жазушыларымыздан гөрі, олардан ойы аспай тұрса да, «жаман ләпке» ұстағандар шірене сөйлейтін болды. Мұның барлығы ұғым-түсінікке келіп тіреледі. Біз ойды, ақылды бағалауымыз керек.
– Еліміздің болашағынан үміт зор! Келешегімізге сенеміз! Сенім жоқ жерде баянсыздық басымдыққа ие болады емес пе, Асаубай аға! Қойылған кейбір сұрақтар: «болсақ екен, жетіле түссек, ұмтылсақ, толсақ, биікке барсақ, жақсымызды асырсақ деген ниеттен туып отыр. Көкейдегі көп сауалдарға қанағаттанарлық жауап болғандай. Енді әңгімемізді түйіндесек.
– Жоғарыда айттым ғой: «Әр адам өткеніне, кеткеніне, жүріс-тұрысына есеп беріп отыруы керек» деп. Өмірді қысқа дейміз. Ойлы адам үшін – өмір ұзақ. «Өмір қамшының сабындай» деп жатады. Бәлкім, адам өмірге тоймаған соң айтқан шығар... Қалай болғанда да әр адам өз өмірін мәнді өткізуі керек қой. Біз үшін қажеті – Тәуелсіздігімізді бағалай білу. Әрқайсымыз осы теңдессіз Тәуелсіздікке, халқымыздың болашағына, елге титтей де болса үлес қоссақ, ол да – мәнді өмір сүруіміздің көрінісі. Қанша байысақ та, қанша табыс тапсақ та, жүрегіміз жұмсақ болса екен. О дүниеге өзімізбен бірге еш нәрсе алып кете алмайтынымызды ұқсақ екен. Ертең бай мен кедейді, ақылды мен ақымақты теңейтін қара жер ғой. Сонда бәрімізге екі метр жер мен бөз ғана бұйырады екен. Осыны естен шығармасақ екен. Қатыгездікке бармай, мейірімді болсақ екен. Өткендегі Таразда болған оқиғаны айту тұрмақ, еске түсірудің өзі қорқынышты. Терроризм деген бәле шықты. Сондайлар қатыгездіктен туады. Ата-бабамыз білектің күші, найзаның ұшы, аттың жалы, түйенің қомында жүріп, сақтап қалған байтақ жерімізден айырылып қалмасақ екен. Жеріміздің асты-үстіндегі байлыққа анталап тұрған елдерден қорғану үшін сабырлылық, ақылдылық керек-ақ. Біздің халқымыздың бойында адамға қажет қасиеттер көп болса екен. Менің тілегім – осы.
Әңгімеңізге рақмет!