Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Гүлшара Наушақызы, биылғы 2011 жылдың қаңтар айынан бастап зейнетақы мен жәрдемақыға 30 пайыз үстемақы қосылды. Бұған қоса осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджеттік қызметкерлердің жалақысына 30 пайыз үстеме қосылатыны тағы белгілі. Әйтсе де жыл сайын қосылғанымен, айналып келгенде осы үстеме төңірегінде халық арасында дау-дамай да баршылық. Осы төңіректе не айтар едіңіз?
– Есіңізде болса, зейнетақы мен жәрдемақыға үстеме қосу туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2008 жылғы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекет саясатының басты мақсаты» атты Жолдауында нақты-нақты шараларды атап көрсеткен-ді. Ол Жолдауда 2012 жылға дейін зейнетақының орташа мөлшерін екі жарым есеге арттыру көзделгені мәлім. Содан бері 2009 жылы зейнетақы мөлшері – 25 пайызға, 2010 жылы – 25 пайызға, ал биылғы жылы 30 пайызға артты. Қазіргі таңда Елбасының зейнетақы мөлшерін арттыруға қатысты тапсырмалары толығымен орындалып, зейнетақының орташа мөлшері биылғы 2011 жылы 2007 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артты.
Ал осы үстемеақы төңірегіндегі дау-дамайға келсек, ол, негізінен, зейнетақы және жалақы мөлшерлерінің өсуімен қатар, нарықтағы азық-түлік, коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек тағы басқа да азаматтардың басты қажеттілігіне пайдаланатын тауарлар мен қызмет бағаларының шарықтап өсіп кетуінен туындауда. Халық күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының өсуі мен өзге де қызмет бағаларының шарықтауы бүгінде барша қазақстандықты толғантып отыр. Бағаның шарықтап өсуі шұғыл шаралар қабылдауға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қатысты бағаны бір деңгейде ұстап қалу саясатын жүргізуге мәжбүрлеуде. Бұл орайда тиісті органдар тарапынан инфляцияға қарсы күресті одан әрі күшейту бойынша іс-шаралар жалғасын тапса, халық арасындағы дау-дамай толастайды деп ойлаймын.
– Жалпы, сіз министр ретінде «тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы түрлеріне ауылдық, қалалық деңгейде әділетті бөлініс енгізу керек. Бұл ретте ауылда тұратын отбасылар мен қалалы жерде тұратын отбасылардың еңбек ауыртпашылықтары еленуі тиіс» деген пікірлермен келісесіз бе?
– Бұл мәселеге қатысты қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті деңгейде жергілікті бюджет есебінен аз қамтамасыз етілген отбасыларға мұқтаждығы мен табыс деңгейі ескеріліп, бірнеше әлеуметтік көмек және қолдау түрлері ұсынылады. Біздің елдегі әлеуметтік көмектің бірінші жүйесі – ол табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтамасыз етілген отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Оның мөлшері жан басына шаққанда орташа табысы мен кедейлік шегі (ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызын құрайды) арасындағы айырма түрінде есептеледі. Бұған қатысты деректерге жүгінсек, 2011 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша республикада 194,5 мың адамға 2,8 млрд теңге сомаға АӘК тағайындалып, төленіпті. Атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың 60 пайызға жуығын ауыл тұрғындары құрайды. Демек, бұл – атаулы әлеуметтік көмектің жалпы шығындар сомасының басым бөлігі де ауыл тұрғындарына бағытталды деген сөз. Тағы бір ескерер жайт, қазірде осы атаулы әлеуметтік көмек енгізілгелі бері оны алушылардың саны шамамен алты есеге төмендеді. Мысалы, 2002 жылы елде атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны бір миллионнан астам болса, 2010 жылы 200 мыңға жуық адамды құраған. Мұның өзі елде еңбек белсенділігінің артып отырғанын көрсетеді емес пе?
Сондай-ақ республикамызда көрсетілетін әлеуметтік көмектің екінші бір түрі – балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмек түрі. Біздің елде 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінен (ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызы) төмен болған жағдайда отбасындағы әр балаға 1 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1512 теңге мөлшерінде балалар жәрдемақысы төленеді. Бұл еліміздің «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңы аясында жүзеге асуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін жәрдемақымен 750 мыңға жуық бала қамтылып, 9 млрд теңгеден астам жәрдемақы тағайындалып, төленді. Балалар жәрдемақысын төлеуге бөлінген жалпы соманың 75 пайызы ауылдық жерде тұратын балаларға бөлінгенін айта кету керек.
Бұдан кейін үшінші бір әлеуметтік көмек бар. Ол аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында тұрғын жайды ұстауға және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету бойынша жүзеге асады. Бұл «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң аясында жүргізіледі. Соған сәйкес, 2010 жылы 184,5 мың отбасыға жалпы көлемі 3,5 млрд теңгенің тұрғын үй көмегі берілді. Ал, жалпы алғанда, дағдарыс жағдайында халықтың аз қамтамасыз етілген тобына уақтылы әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 2008 жылдан бастап жыл сайын республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге нысаналы ағымдағы трансферттер бөлінуде. Осылайша 2008 және 2010 жылдар аралығындағы мерзімде осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге – 3,37 млрд теңге, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақыларға – 6,8 млрд теңге бағытталды. Бұған қоса елімізде жоғарыда айтылған әлеуметтік көмектің үш түріне қоса жергілікті өкілдік органдардың шешімі бойынша әлеуметтік қолдаудың қосымша тағы 30 түрі көрсетіледі. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып айтарым, табысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету – отбасының өмірлік проблемаларын тұрақты шешетін әрекет емес. Ол тек қана кедейлік проблемаларын шешуге бағытталған қосымша әлеуметтік қолдау болып табылады. Ал ең негізгі күшті біз лайықты еңбек жағдайын жасауға бағыттауымыз қажет.
– Бүгінде қарапайым халықтың тіршілігін оңтайлы ету үшін алдымен ішкі миграция мәселесін шешу жиі айтылады. Қалай ойлайсыз, бізге ішкі миграцияны реттеудің арнайы бағдарламасын қабылдайтын кез жеткен жоқ па?
– Бүгінгі күні жыл сайын ішкі көші-қонға орта есеппен 300 мыңдай адам қатысады. Олардың басым көпшілігі – бір елді мекеннен екіншісіне жұмыс бабымен қоныс аударатындар. Дегенмен республиканың экологиялық өмір сүру жағдайы ерекше қолайсыз және даму әлеуеті төмен елді мекендерден қоныс аударуға мәжбүр болып отырғандар да баршылық. Өз басым мұндай адамдарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі тиіс деп есептеймін. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жуырда «Халықтың көші-қоны туралы» заңның жобасын дайындаған-ды. Қазір аталмыш заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Жаңа мәтіндегі бұл заңда мәселені оңтайлы шешу жолдары қарастырылуда. Онда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын белгілеу де көзделген. Бұл квота арқылы экологиялық өмір сүру жағдайы ерекше қолайсыз аймақтарда тұрып жатқан халықты экономикалық әлеуеті жоғары өңірлерге тұрақты қоныс аударуға мүмкіндік ашылмақ. Мемлекет тарапынан аталған квота шеңберінде қоныс аударған адамдарға тұрақты тұратын жеріне жол жүру және мүлкін (оның ішінде малын) тасымалдау шығыстарын қамтитын біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй салуға, қалпына келтіруге немесе сатып алуға жеңілдікті несие займдары берілетін болады. Бұл жұмысты іске асыру, заң жобасына сәйкес, 2015 жылдан басталмақшы.
– Өзіңіз білесіз, соңғы кезде орташа табысты көбейту, жағдайы төмен отбасыларға көмек беру мақсатында біршама реформаларға реңк берілуде. Бірақ біздің елде айлығын шай-пұлына жеткізе алмайтындардың қатары өсім беріп келеді. Бұған басты себеп деп сіз нені атап көрсетер едіңіз?
– Жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, біздің республикамыз кедейлік деңгейін төмендету, халықтың әл-ауқатын арттыру, халықтың аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қолдауды саясат саласындағы маңызды басымдықтардың бірі деп біліп отыр. Осы мақсатта елде, расымен де, біршама реформаға реңк берілуде. Бүгінде біздің елімізде аз қамтамасыз етілген отбасыларға жергілікті бюджет есебінен табыстарын ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға арналған жәрдемақы, тұрғын-үй жәрдемақысы және жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 2010 жылдан бастап мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға арналған ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақының жаңа түрі енгізілді. Елбасының тапсырмасы бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері жыл сайын 9 пайызға арттырылуда. Әлеуметтік саладағы атқарылып жатқан жұмыстар және соңғы жылдары зейнетақы, еңбекақы, жәрдемақылардың өсуі азаматтардың нақты табысының өсуіне мүмкіндіктер беруде. Мәселен, статистика агенттігінің соңғы мәліметтері бойынша 2010 жылдың қараша айында 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда халықтың нақты табысы 12,7 пайызға артқаны байқалып отыр. Осындай дәйектерді алға тарта отырып, мен сіздің «елде айлығын шай-пұлына жеткізе алмай жүргендер легі артып келеді» дегеніңізбен келіспеймін.
– Десек те, қазірде қайсыбір зейнеткерлердің болмашы зейнетақы алатыны жасырын емес. Қазақ «қартайғанда зейнет бер» дейді емес пе? Сіздіңше, біз зейнет жасындағы қарттарымызға өз деңгейінде жағдай жасай алып отырмыз ба?
– Зейнетақы жүйесі – ел экономикасының құрамдас бөлігі. Сол себептен бұл жүйе ел экономикасының моделіне, елдің қаржылық-экономикалық және әлеуметтік ахуалына сәйкес болады. Зейнетақының мәні – азамат зейнеткерлік жасқа жеткенде, оның еңбек етуді доғаруына байланысты табысы болмай қалудан, өмір сүру деңгейінің төмендеп кетуінен сақтандыратын қаржы ретінде тұрақты негізде төленетін төлем.
Зейнетақы зейнеткердің зейнеткерлікке шыққанға дейінгі табысының бір бөлігі ретінде есептеліп төленеді. Бұл қағидат – барлық елдерде жалпы қабылданған жүйе. Қазақстанда тағайындалатын зейнетақының мөлшері азаматтың орташа айлық табысының мөлшерінен есептеліп, зейнетақы алушының еңбек өтілінің ұзақтығына (толықтығына) байланысты болады. Азаматтардың еңбек жағдайы және қызмет деңгейі зейнетақы тағайындағанда есепке алынбайды. Бұл – Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің әлеуметтік әділеттік тұғырнамасына негізделген тәртіп. Қазақстанда зейнеткерлердің өмір сүру деңгейін тұрақты ұстап отыру мақсатында зейнетақы мөлшері жыл сайын арттырылады. Бұл іс-шаралардың нәтижесін 2011 жылғы зейнетақының орташа мөлшерінің 2007 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артқанынан көруге болады. Осылайша мемлекет тарапынан зейнет жасындағы қарттарымызға мүмкіндігінше өз деңгейінде жағдай жасалуда.
– Өткенде Қазақстандағы Зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаев мырза «Елдегі зейнетке шығу жасын жоғарылатып, әйелдерді де еркектерді де тек 65 жас аралығында зейнетке шығару керек» деген мәлімдеме таратты. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Иә, бұл мәселе соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында біраз талқыланды. Бұл мәселе бойынша тіпті арнайы баспасөз маслихатын да өткіздік. Бұл орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дәл қазіргі таңда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен бекітілген зейнеткерлік жасын (ерлер үшін – 63 жас, әйелдер үшін – 58 жас) ұлғайту мәселесін қарастырып отырмағандығын айтқым келеді. Себебі бұл бекітілген жас мөлшері – отандастарымыздың жалпы жағдайы, өмір сүру ұзақтығы сынды мәселелерді терең зерттей келе қабылданған дүние.
– Негізінен, біз – көпбалалы аналарды қолдаушы мемлекеттердің біріміз. Дегенмен елдегі көпбалалы аналарға әлі де жоғары деңгейде көмек бере алмай отырғанымыз бар. Көршілес Ресей бұл ретте «Материнский капитал» бағдарламасын іске асырып келеді. Жапон елінің «Бала капиталы» бағдарламасы да айтуға тұрарлық. Осы елдер тәрізді бізде де жаңа туған балаға мемлекет тарапынан қомақты көлемде инвестиция бөлінсе, халықтың әлеуметтік жағдайы анағұрлым жақсарар ма еді?! Бұл турасында не айтар едіңіз?
– Өзіңіз айтып отырғандай, ана мен баланы әлеуметтік қолдауда мемлекетіміз тарапынан орасан зор қолдау көрсетіліп отыр. Әр елдің өзіндік даму жолы болғанындай, қамқорлық тұрғысынан да әдістемелері әртүрлі болуы мүмкін. Сіз айтып отырған Ресей, Жапон елдеріндегідей қамқорлық біздің елімізде де жасалуда, тек біздегі қамқорлықтың пішіні, әдістемесі өзгеше. Сөзім жалаң болмас үшін біздің елдегі ана мен балаға жасалып отырған қамқорлық жайлы айтып шығайын. Біздің елімізде дүниеге келген әрбір балаға және оның бір жасқа толғанша күтіміне арналған балалар жәрдемақысы қарастырылған. Мысалы, бала туылғанда берілетін жәрдемақы отбасында дүниеге келген әрбір бірінші, екінші, үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 45 360 теңге мөлшерінде беріледі. Баланың күтіміне арналған жәрдемақы отбасындағы баланың туу ретінің санына қарай бірінші балаға – 8 316 теңге, екінші балаға – 9 828 теңге, үшінші балаға – 11 340 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға – 12 852 теңге мөлшерінде белгіленген. Сонымен қатар 2010 жылдан бастап елімізде демографиялық ахуалды арттыру үшін сондай-ақ қоғамда көпбалалы аналардың дәрежесін көтеру мақсатында төртінші және одан кейінгі туылған балаларға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылып, ағымдағы жылы оның мөлшері 75 600 теңгені құрады. Аталған жәрдемақылардың мөлшері жұмыс істемейтін отбасыларына және отбасының табысына тәуелсіз төленетінін айта кету қажет. Нақты санға жүгінсек, 2010 жылы бізде 329,2 мың адам бала тууына байланысты 15,2 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы алса, бала күтіміне байланысты жәрдемақымен 130,6 мыңдай адам қамтылып, оған жұмсалған қаржы көлемі 19,1 млрд теңгені құрады. Бұған қоса 2008 жылдан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі қосымша әлеуметтік тәуекел енгізіліп, жұмыс істейтін әйелдерге Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қорынан жүктілігіне және тууына, жаңа туған баланы асырап алуына байланысты, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімімен айналысуына байланысты әлеуметтік төлемдер төленеді.
Осыған орай жұмыс істейтін әйел:
а) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі және босануы жөніндегі әлеуметтік төлемді (табысына қарай);
ә) республикалық бюджеттен, жоғарыда көрсетілгендей, әрбір туылған балаға рет санына қарай 30 немесе 50 АЕК мөлшерінде бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақыны;
б) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді алады, оның мөлшері әлеуметтік аударымдар есептелген табыстың 40 пайызын құрайды. Ал әлеуметтік төлемдердің ең төмен мөлшері – Мемлекеттік сақтандыру қорынан берілетін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі жөніндегі ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болмайды.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігі және босануы жөніндегі әлеуметтік төлемді 2010 жылы 128,9 мың адам 26,0 млрд теңге көлемінде және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді 267,6 мың адам, жалпы сомасы 25,7 млрд теңге көлемінде алды.
Сондай-ақ 2010 жылдан бастап көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау жөнінде қосымша шаралар іске асырылуда:
«Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау шарттары өзгертілді. Оның ішінде қолданыстағы заңнамада «Алтын алқамен» марапаттау үшін олар туған және тәрбиелеген бала саны оннан жетіге, ал «Күміс алқа» сегізден алтыға дейін азайтылды. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, «Батыр ана» атағына ие көпбалалы аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 2010 жылы 1,5 есеге көбейтіліп, 2011 жылы оның мөлшері ай сайын 9 240 теңгені құрады. Осынау іс-шаралар демографиялық жағдайға және елде бала туудың артуына игі әсер еткені анық. Айталық, 2003 жылы елде 248 мың бала өмірге келсе, 2007 жылы шамамен – 322 мың, ал 2009 жылы 357 552 бала туды. Пайымдасаңыз, айырмашылық бар емес пе? Бұл өзгерістердің барлығы өз кезегінде көпбалалы аналардың беделі мен абыройын көтеруге, олардың бала тәрбиесі, отбасын нығайтуға және демографиялық ахуалды жақсартуға ықпалын тигізері сөзсіз. Жалпы, біздің мемлекетіміз – демографиялық ахуалды көтеруге, ана мен бала денсаулығына жіті назар аударуға, көпбалалы аналарға қолдау жасауға аса мән беріп отырған елдердің бірі. Өз басым болашақта қазақтың саны артып, өсіп-өркендей беретініне сенемін және үнемі сондай тілеудің үстінде жүремін.
Алашқа айтар датым...
Соңғы кездері біздің қоғамда ұлттық кәсіби жұмысшы табын көтеру жайы жиі қозғалады. Осыған байланысты елімізде бүгінде мамандарды даярлау және қайта даярлау, «Жол картасы» жобасы мен индустрияландыру жобасын іске асыру үшін қажетті және елімізге шетелдік мамандар тартылатын мамандықтар бойынша дайындау жүргізілуде. Осы мақсатта индустрияландыру жобаларына мамандықтар даярлауға, мемлекеттік білім тапсырысын арттыруға ерекше назар аударылуда.
Осыған орай, еңбек нарығын қамтамасыз ету елімізде жеткілікті дәрежеде орындалуда. Сонымен бірге 2011 жылы кадрларды даярлау «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жалғасын табады.
Жол картасы аясында қабылданған шаралар еңбек нарығындағы жағдайға және жалпы еліміздегі жұмыссыз халық санын тұрақтандыруға оң әсерін тигізді. ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша 2009 жылы жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайызды құраса, 2010 жылдың IV тоқсанында алдын ала мәліметтер бойынша бұл көрсеткіш 5,5 пайызды құрап отыр. Бағамдасақ, елдегі жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші төмендеп келеді. Ендігі кезекте біз ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға баса назар аударғанымыз абзал. Елде ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыру еңбек белсенділігін арттырып қана қоймайды, бұл үрдіс қазақ ұлтының ұйысып береке-бірлігінің арта беруіне үлкен ықпал етеді.