Әлішер СӘТБАЕВ, Гидрогеология және геоэкология институтының директоры, профессор:
– Әлішер Ғалымтайұлы, Гидрогеология және геоэкология институты – республикамыз бойынша жерасты суларын зерттеумен айналысатын жалғыз мекеме. Осыған орай сұрайын дегенім, біз үнемі су мәселесімен бетпе-бет келіп жатамыз. Елде қазір су тапшылығы, елді мекендердің сусыздануы, қуаңшылық мәселесі белең алып тұр. Осындай жағдайда мемлекетімізде жерасты суларын зерттейтін бір ғана институттың болуы аздық етпей ме?
– Рас, біздің институтымыз – еліміз бойынша жерасты суларын зерттейтін жалғыз ғана мекеме. Институттың іргетасы 1965 жылы қаланған. Астарына үңілсек, мұндай мекеменің сол 60-жылдарда құрылуының өзі тегін емес. Баршаға мәлім жағдай – Қазақ жерінің аумағы үлкен, кең даласы ауқымды болғанымен, басқа елдермен салыстырғанда біздің елімізде өзен-көлдер, сулы аймақтар өте аз. Қазіргі таңда да елімізде халықтың ауызсудан таршылық көріп отырғанын жасыруға болмайды. Міне, осындай жағдайда біздің институтымыздың міндеті – республикадағы жерасты суларын зерттеу, жерасты суларының қорын анықтау, жалпы жерасты суларының көрсеткішін салыстырмалы түрде бақылап отыру. Әрине, бір ғана институттың әлеуеті бүкіл ел аймағын қамтуға жетпейтіні даусыз. Бірақ осы тұста біз де шама-шарқымыз келгенше, өзіндік ғылыми-зерттеулерімізді жүргізіп, жерасты сулары мәселесіне сараптама жасап отырған жайымыз бар.
– Мәселен, қандай ғылыми-зерттеулер жүргізіп отырсыздар? Жалпы, зерттеулеріңіз еліміздегі жерасты су қорының деңгейін қалай топшылап отыр?
– Біздің зерттеулеріміз Қазақ елінде жеті мыңнан астам ауыл-аймақ бар болса, соның екі мыңы мүлдем сусыз аймақтар екенін, бұл елді мекендердің халқы су тапшылығын анық сезініп отырғанын көрсетуде. Шикізаты зор, жерасты ресурстарының қоры мол, мұнайға бай, ғарыш индустриясына бағыт алған еліміз үшін бұл көрсеткіш аса көңіл қуантпайды. Осыны ескергендіктен, біз өз зерттеулерімізді мемлекеттік құзырлы орындарға көрсеттік. Ол зерттеулерімізде жаңағы қуаңшылық көріп отырған екі мың ауыл-аймаққа қандай жолмен су апаруға болады? Елдегі су қоры қанша жылға жетеді? Жерасты су қорынан жылына қанша мөлшерде су алып отыруға болады? Су қорын көбейтудің тетіктері қандай? Осы жайттарды сараптап, ұсыныс-тілектерімізді арқалап, арнайы құзырлы орындарға барғанбыз. Әйтсе де су мәселесін шешуге тиісті жауапты органдар, тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитеті де біздің ұсыныстарымызға елең етпеді. Біз жобамызды ұсынып, өзіндік зерттеулерімізге аз-маз қаржы бөлуге өтініш жасасақ, құлақ асуы тиіс орындар ат-тондарын ала қашады. Қазірде дамыған және дамушы елдердің дені қоғамға қажетті бір жаңашылдық енгізгісі келсе, алдымен өз жұртындағы ғалымдардың ой-пайымына жүгінеді. Ғалым кеңесіне құлақ асады. Бізде керісінше, ғалымдардың пікірлері, ұсыныстары ескерілмейді. Мысалы, біз арнайы министрлікке су мәселесіне байланысты талап-тілектерімізді жеткізгенімізде, олар қаржыға қол жеткізу үшін бірден тендерге қатысуымызды ескертті. Содан екі жыл қатарынан тендерге қатысып, тауымыз шағылды. Білесіз, біздің елде тендердің айналасында «бармақ басты, көз қыстылық» өршіп тұр. Бұдан кейін амалсыз, біз тәрізді ғылыми институттарға өз күшімен қаржы тауып, болмашы қаржыны дәтке қуат етуге тура келеді. Ал негізінде атқарып жатқан зерттеулеріміз айтуға тұрарлықтай. Мәселен, біз 2007-2008 жылдары Жезқазғандағы жерасты су қорын зерттеп, оның арнайы есебін шығардық. Соның арқасында аталмыш қала бүгінде таза сумен қамтамасыз етіліп, елдегі су қорының көрсеткіші айқындалып отыр. Ойлап қарасақ, бұл бір қала төңірегінде ғана істеп отырған жұмысымыз. Біздің бір қаланың ғана су қорын арнайы зерттеуміз ол қала тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге ықпал етті. Егер де зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, еліміздің барлық қалаларының су қорын сараптап, модельдерін жасап, арнайы компьютерге енгізіп қойсақ, сусыздану мәселесі қай кезеңде өршитінін, халықты қалай таза сумен қамтамасыз етуге болатынын, жерасты сулары қай кезде өзгеріске ұшырайтынын белгілі жүйе арқылы бақылап отыратын жоспарлы жұмысқа қол жеткізетін едік. Өкініштісі сол, дамыған «бәсекелестікті арттырамыз» деп жүрген елдердің дені мұндай жүйеге әлдеқашан еніп алған. Біз керісінше, әлі де бейқамдық танытып отырмыз.
– Өзіңіз білесіз, бізде сусыздану үдерісіне кері ықпал етіп, қуаңшылықпен күресу мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарламалар да қабылданып жатыр. Жалпы, мұндай бағдарламалардың елдегі су мәселесін шеше алатынынан қаншалықты үміттенуге болады?
– Әрине, қандайда бір мемлекеттік тұрғыда қабылданған бағдарламалар сауатты түзілген болса, оның келешегі оң нәтиже береді. Бір қынжылатыным, біздегі «мәселені шешуге ықпал етеді» деп қабылданған бағдарламалардың дені терең сараптамадан өтпейді. Мұны жасырудың еш қажеттілігі жоқ. Айталық, біздің мемлекетіміз «республика халқын таза ауызсумен қамтамасыз етеді» деп ірі екі бағдарлама қабылдады. Оның бірі – «Таза су» бағдарламасы, екіншісі – «Ақбұлақ». Бүгінде осы бағдарламалардан жұрт айрықша үміт күтіп отыр. Десек те, аталмыш бағдарламалардың сауатты екендігіне күмән мен күдік те баршылық. Өзіңіз ойлаңызшы, бұл бағдарламаларды жүзеге асыру үшін осы уақытқа дейін қаншама қаржы бөлінді. Бір ғана «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2002-2010 жылдар аралығында 290 миллиардтай теңге бөлініпті. Ал атқарылған шаруа қыруар деп айтуға әлі ертерек. Меніңше, қаржы бөлініп, арнайы бағдарлама қабылданып жатқаннан кейін оның атқарылу нәтижесіне бақылауды күшейту қажет. Олай етпесек, бөлінген қаржы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетері анық.
– Ал енді осы мемлекеттік тұрғыда қабылданатын бағдарламаларға «ғалымдардың ұсыныстары, ой-пікірлері міндетті түрде енгізілуі керек» деген пікірлермен сіз келісесіз бе?
– Әрине, келісемін. Бірақ мұндай күннің ауылы біз үшін алыс. Бізді осындай жауапты шараларға ешуақытта шақырған емес. Дауысымыз жетпейді. Мысалы, біз ғалымдар 2009 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы су тапшылығын ескере отырып, бір үлкен істі зерттеуге кірісіп кеттік. Аталмыш аудандағы жерасты суларын түбегейлі зерттедік. Бұдан соң Қызылорда облысындағы жерасты суларына зерттеу жасадық. Тек Қызылорда облысына ғана емес, облысқа қарасты ауыл-аймақтарға зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Зерттеулеріміздің нәтижесінде Қызылорда облысында 420-450 метрлік тереңдікте жерасты сулары бар екеніне көз жеткіздік. Аталмыш зерттеу жұмыстары еліміз бойынша тұңғыш рет жасалып тұр. Білесіз, бұған дейін Қызылорда облысы Сырдың суын ішіп отырды. Ал Сырдың суының лас екені, оның бүкіл Азиялық аумақты аралап барып Қызылордаға енетіні бізге белгілі. Ол судың ішінде қоқыс қалдықтары да, бактериялық заттар да бар екені һақ. Осыған орай біздің зерттеулеріміз су шықпайды деген елді мекеннің өзін сумен қамтамасыз етуге болатынын дәлелдеп отыр. Бірақ өкінішке қарай, мұнымыз ескерілмей қалып жататын жайы бар. Сондықтан өз басым «қандайда бір реформалық бағдарламаға ғалымдардың ұсыныс-тілектері енгізілуі керек» деген пікірлермен келісемін, мұны қолдаймын.
– Қазірде өркениетті елдердің дені жерасты суларына бақылауды нығайтып, тіптен жерасты суларын ғарыштан бақылау әдісін тәжірибеде қолданып жатқаны белгілі. Қалай ойлайсыз, біз ғарыш индустриясына ден қойып отырған ел ретінде, осы әдісті қолданысқа енгізе аламыз ба? Жерасты суларын ғарыштан бақылау үрдісін елімізде дамытуға мүмкіндік бар ма?
– ... Рас, жерасты суларын ғарыштан бақылау әдісін қолданысқа енгізуге болады. Бұл үрдісті өркениетті елдердің дені қолданып жатқаны да ақиқат. Бірақ бұл істі тәжірибеге енгізу біздің елімізге асқан қажеттілік емес. Біз халыққа суды ғарыш арқылы жеткізбейміз, жерасты суларын зерттеу арқылы халықты сумен қамтамасыз етеміз. Әлбетте, жерасты суларын ғарыштық бақылау әдісі арқылы қай аймақта қандай су қоры барын және су ресурстарының өзгерістерін бақылауға болады. Бірақ «осы тәсіл арқылы қуаңшылықты жоямыз» деп әрекеттену бос уақыт өткізу болып табылады. Сондықтан әзірге су мәселесіне ғарыштық бақылау үдерісін араластыруды өз басым жөн санамаймын...
– Ендеше, халықты жаппай таза сумен қамтамасыз етіп, елдегі су қорының көзін молайту үшін болашақта не істелінуі керек деп ойлайсыз? Мүмкін, бұл ретте жерасты су құбырларының легін көбейту қажеттілік шығар...
– Бұл жерде біз алдымен Қазақ елінің көршілес елдермен қарым-қатынасына айрықша мән бергеніміз абзал. Мысалы, қазақ жері Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай елдерімен трансшекаралық аймақта жатқандықтан су мәселесінде мұны қатты ескеру керек. Айта кету керек, еліміздің Орал өңіріне су көзі Ресейден келсе, Арал өңіріне тек Сырдариядан ғана енеді. Қазір бізге бұл мәселеде өзбектердің қас-қабағын бағуға тура келіп тұр. Ертістің суын Қытайлардың қас-қабағына қарап қолданып отырмыз. Бүгінде Ертістің суы да тым азайып кетті. Оның себебі Қытай елі қазірде «Суық су» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде. Осы бағдарлама арқылы Қытай өкіметі халқын жаппай таза сумен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Олардың халық саны ірі мөлшерде болғандықтан, Қытайда егін шаруашылығы, түрлі өндіріс орындары көбейе түсетіні мәлім. Демек, бұл үрдіс болашақта Ертіс суының одан әрі азая түсетінін көрсетіп отыр. Оңтүстік өңірімізге су Қырғыз елі арқылы келеді. Бағамдасақ, Қазақстан жан-жағындағы барлық мемлекеттермен трансшекаралық өзендер арқылы байланысып жатыр. Ал мұндайда су саясатының маңызы бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан елімізде су мәселесін шешу үшін жерасты суларының көздерін тауып, оны тиімді игерудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл шара шөл және шөлейт аймақтарды, сортаң жерлерді тұрақты да сапалы сумен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұдан соң еліміздегі су каналдарын үнемі бақылауда ұстау қажет. Олар үнемі уақытылы тазартылуы тиіс. Каналдардан үздіксіз су алынып тұруы керек. Қазірде елде өндіріс орындары азайғалы бері каналдарда артық су жетіп-артылады. Ал сол жиналған лас сулар апатты жағдайға апарып соқтыруда. Міне, алдымен аталған осы екі мәселені шешудің тетіктерін қарастырғанымыз абзал.
– Сіз атап көрсеткен ұсыныстарға қоса қайсыбір мамандар «елімізде су сақтайтын ірі суқоймаларын көбейту керек» деседі. Өз басыңыз мұндай пікірлерді қуаттайсыз ба?
– Меніңше, ұсынысты айтпас бұрын оның ұтымды тұсын ескерген жөн. Жаңағы мамандар айтып отырған ұсыныс су мәселесін шешудің бірден-бір көзірі емес. Себебі нақ қазір елде ірілі-ұсақты су сақтайтын қоймалар баршылық. Өкініштісі, сол су сақтайтын тоғандардың дені жекеменшіктің қолына өтіп кетті. Мұндай үрдістің арты үлкен апатқа апарып соқтырғаны бәрімізге белгілі. Бір ғана «Қызылағаш оқиғасы» бізге сабақ болуы тиіс. Сондықтан өз басым су сақтайтын қоймалар салу арқылы елді сумен қамтудың нәтижелі болмасын ішім сезеді. Демек, бізге мәселенің екінші бір жағын қарастыру керек. Ол үшін елдегі барлық суқоймаларын, тоғандарды жекеменшіктің қолынан мемлекет өз қарамағына алуы керек. Олай етпесек, пәленің басы тоғандардан басталмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Халықтың қамын емес, өзінің құлқынын ойлаған жеке монополистерден қорыққанымыз жөн. Осыны мемлекеттік бақылаушы органдар жадында ұстаса жөн болар еді. Өйткені бұл жерде халықтың қауіпсіздігі бірінші кезекте болғаны абзал. Ашығын айту керек, біз нақ қазір су сұрайтын кезеңге тап келіп отырмыз. Еліміздің барлық аймақтарында су тапшылығы көзге ұрып тұр. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысын алайықшы, бір қарағанда табиғаты тамаша, орманы нулы болып көрінетін бұл аймақ та қазір су тапшылығын анық сезініп отыр. Бұрын кеңестік кезеңде ауызсу аталмыш елді мекенге Ресейдің Омбы, Қорған облыстары арқылы ірі су құбырларымен өтетін-ді. Бүгінде бұл үрдіс әлдеқашан тоқтап қалды. Сондай-ақ еліміздің шығысында, батысында, оңтүстігінде де су тапшылығы бар. Бір ғана Алматы қаласына қатысты су мәселесінің өзіндік проблемалары тіптен ушығып тұр. Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендерінің лайланып, тазалықтан жұрдай болып кеткені де көңілді алаңдатпай қоймайды. Қынжыларлығы халықтың экологиялық білімі де жылдан-жылға таязданып барады. Өзен-көлдерді жұртшылықтың өз қолымен лайлауы, кәсіпорындардың көл бетіне көлкілдетіп лас төгуі тіптен ақылға сыймайтын дүние. Сондықтан біз болашақта су мәселесіне арнайы модельдік жүйе енгізіп, қатаң бақылаумен кешенді түрде жұмыс жүргізуге тиіспіз.
– Қалай ойлайсыз, мүмкін, елдегі су мәселесін жеңілдету үшін айтылып жүргендей «су мәселесімен жеке-дара айналысатын су шаруашылығы министрлігін құру керек шығар»...
– Меніңше, су шаруашылығы – министрлігін құру керек. Себебі су шаруашылығы өзіндік бір ірі сала. Егер су көзі, су ресурстары болмаса біздің шикізатқа байлығымыз да, мұнайды ірі көлемде өндіретініміз де, жер қойнауындағы атом ресурстарының, кен көзінің молдығы да қажетсіз болып қалатыны даусыз. «Су – тіршілік көзі» деген қағида осыдан барып айтылса керек-ті. Сондықтан «тек қана су мәселесімен айналысатын, су шаруашылығы саласына байыппен қарайтын су шаруашылығы министрлігі керек» деп ойлаймын...
– Өзіңіз білесіз, қазірде республика аймағында жерастынан ыстық сулардың атқылап шығуы жиі орын алып барады? Тіпті қайсыбір қауым осы ыстық сулардың емдік қасиеті барына барынша сеніп әлек. Ал сіздер осы жерасты ыстық сулары туралы қандай пайымдама түйіп отырсыздар?
– Рас, қазірде Іле Алатауының маңынан, Шымкент қаласынан жерастынан ыстық сулардың шығу көрінісі бар. Олардың жоғары қысымы 80-100 градус, 40-45 градусты көрсетіп отыр. Павлодар облысында жерастында 20-25 градустық жоғары қысымда ыстық сулардың бары белгілі болып отыр. Маңғыстаудың маңында ыстық сулар бар. Бірақ әзірге бұл ыстық сулардың қасиеті, құрылымы толық зерттеліп болған жоқ. Осы жерде бір айта кетерлігі, біздің еліміздегі жерасты суларында сирек кездесетін металдар, химиялық элементтер көп. Еліміздегі жерастынан шығатын минералды сулардың құрамы тіптен ерекше. Қазір біз тек «Сарыағаш» минералды суын ғана пайдаланып жүрміз. Ал елде қаншама минералды сулардың қасиеті зерттелмей жатыр? Мысалы, Батыс Қазақстан облысы бойынша жерасты суларының ішінде кездесетін сирек металдар тіптен құнды. Мұндай сирек кездесетін металдарды әлемдік тұрғыда «судан алынатын рудалар» дейді. Әлемдік нарықта судан алынатын сирек кездесетін металдардың бағасы мұнай мен алтыннан да қымбат. Болашақта біз осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға күш салуымыз керек. Қазір Қытай елі сирек кездесетін металдар алуда әлемдік беделге ие болып отыр. Осындайда өзіміздің бейқам қалыпта отырғанымызға қарап еріксіз қынжыласың. Бір ғана мысал айтайын, елімізде қазір йод тапшылығы мықтап орын алып тұр. Ал сол йод тапшылығын су көзі арқылы жоюға әбден болады. Аралдың суының құрамында йод ресурсы тұнып тұр. Міне, біз бұл мүмкіндікті құр жіберіп отырмыз. Жаңағы жерден шығатын ыстық суға халық бекерден-бекер сеніп, емдік қасиетіне бас ұрып барып жатқан жоқ. Денсаулыққа пайдасы болған соң халық ыстық суға қарай беттеп жатыр. Есебін тауып зерттесе ол судан да қаншама сирек кездесетін металдар табылатын еді. Өкініштісі, осыны зерттеу жоқ. Көптеген жекелеген мұнай өндіруші компаниялар сапалы мұнай алу үшін де, мұнай құбырларының үстінен ыстық су жүргізіп қоятыны да мәлім. Демек, бұл ойланатын нәрсе. Егер біз болашақта су көзі арқылы табысқа кенеліп, өзіндік бренд жинаймыз десек, осы саланы зерттейтін ғалымдарға қолдау көрсетілуі керек. Ғылымға жастарды жасақтауға тиіспіз. Қуатты технологияны ғылымға жұмылдыру қажет. Ғылымда қуатты жастар мен қуатты технология қызмет етсе, мәселенің оң шешімі табылар еді. Әсіресе су мәселесі қуатты технологияны қажет етіп отыр. Жерасты суларын зерттеуде нанотехнологияға жүгіну, осы арқылы жаңашылдыққа ұмтылу біз үшін ауадай қажет. Қазір әлем елдері су тапшылығына ұрынбаудың барлық амалдарын қарастыруда. Міне, осы бағытта біз де өзіндік сипатымызды айқындап көрсете білгеніміз жөн.
– Әңгімеңізге рақмет...
Алашқа айтар датым...
Су мәселесін реттеп, жерасты суларына тереңдеп зерттеу үшін бізге осы салада инженерлер керек. Біздегі жоғары оқу орындары бұл салада бакалаврлар мен магистрлар ғана даярлап жатыр. Бір қызығы, Бішкекте, Өзбекстанда жерасты суларын зерттеумен айналысатын инженерлер дайындайтын арнайы кафедралар бар. Тіпті көршіміз Ресейде мұндай инженер мамандарын дайындайтын 12 кафедра бар екен. Ал біз «ауызды қу шөппен» сүртіп отырмыз. Осы мәселе мені қатты қынжылтады.
Қазір қабілеті бар елдер қауқары жеткенше өзен-көлін тазалап, тіршіліктің көзі саналатын су ресурсын қарашығындай сақтап қалуға тырысып бағуда. Ал су проблемасы біздегі атқарушы билікті көктем келгенде ғана толғантады. Міне, бұл жайтқа да бейжай қарауға болмайды.
Ауылды жерлердегі шешімін таппай келе жатқан ауызсу мәселесі, егістік жерлердің сортаңданып кетуі, бүгіндері алдымыздан шығып отырған елді-мекендерді су басу қаупі – халықтың көңілін алаң етуде. Көктем басталса «суға қатысты тағы нендей шу шығар екен» деп жұрттың көңілі күпті болады да отырады?! Жыл сайын еліміздің әр түпкірінде су тасығанда «Әй, осы атқарушы билік бір сабақ алатын болды» деп үміттенеміз. Әттеген-айы сабақ алудан гөрі шалағайлыққа ұрынудың жиілеп кеткені ойлантпай қоймайды...