Сөз бостандығы кез келген мемлекеттің мүддесімен толық үйлесіп жатуы тиіс

Уәлихан ҚАЛИЖАН, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Уәлихан аға, қазір саясат алаңында жүргеніңізбен, кезінде журналист болдыңыз. Осы саланың ардагері ретінде бүгінгі қазақ баспасөзінің беталысын қалай бағалайсыз?

– Еліміз ел болып, өз Тәуелсіздігін алған жылдардан бастап мемлекетімізбен қатар, қоғамдық ой дамыды. Қоғамдық оймен бірге қоғамдық сана дамыды. Сол қоғамды қозғап жүрген ұлы күш – бұқаралық ақпарат құралдары деп ойлаймын. Кез келген мемлекет өз саясатын осы БАҚ арқылы халыққа жеткізеді. Ол – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Сондықтан да қоғамдық үрдісте БАҚ-тың рөлі өте ерекше болмақ.

Әрине, кезіндегі тоталитарлық кезеңдегі бұқаралық ақпарат құралдарымен салыстырғанда бүгінгі баспасөздің бет-әлпеті мүлдем өзгерген. Сан жағынан болсын, сапа жағынан болсын алға дамуға бет алып барады. Мүлдем басқаша сипатқа ие болды. Өйткені біз күні кеше ғана тоталитарлық жүйе айналасынан, яғни партиялық, Орталық комитеттің кесіп-сызып берген үлгі шеңберінен шыға алмай келсек, бүгінгі таңда бұл мәселеден құтылдық. Отандық БАҚ өз арнасына түсті. Қазақ халқы ақпарат алудың сан түрлі жолына қол жеткізді. Бүгінгі таңда елімізде 2500-ден астам бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Бұлардың 70-80 пайызы – мемлекеттің үлесіндегі басылымдар емес, белгілі бір партиялар мен топтардың, қоғамдық ұйымдардың айналасындағы басылымдар. Елімізде өркениетті елдердегідей ақпарат алудың жолдары өте кең.

Бұл – жаһандану мәселелерінің орнығуы. Екіншіден, Ата Заңымызға сәйкес сан алуан пікірлер мен ойларға қол жеткізуге мүмкіндік алып отырмыз. Сонымен қатар БАҚ туралы заңымыздың болуының өзі неге тұрады?! Ақпарат айдынымыз белгілі бір заңның қорғауында отыр деп айтуға болады. Бұл еліміздегі сөз бостандығының негізгі атрибуттарының сақталып отырғанын көрсетеді.

– Бүгінгі таңдағы журналистика саласындағы маңызды мәселе деп нені айтар едіңіз?

– Бүгінгі таңда бұрынғыдай миға, санаға шабуыл жасап, бір дүниені адам санасына құя беру емес, керісінше, соларды адамға қалай жеткізе білу мәселесі туындап отыр. Қазір – сараптамалық-аналитикалық материалдардың уақыты. Жұртқа қазір таза идеологиялық материалдардан гөрі өркениетті елдердегі жаңалықтар мен көршілес мемлекеттердегі болып жатқан оқиғаларды алып қарайтын, салыстырмалы деректері мол материалдар көбірек қажет. Сондай-ақ басылымдар қоғамдағы кез келген өзгерісті, жаңалықты тек ақпарат берумен ғана шектелмей, оны одан әрі айшықтай көрсете беруі тиіс. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында бір реформа болды дейік. Енді соны журналистер ақпарат берумен шектеп қана қоймай, одан әрі дамытып, бұл шараның берері, қашанға дейін созылады, жалпы, халыққа пайдасы қалай болмақ деген тұрғыда тезге салуы тиіс. Жүйені басшылар қалай атқарып жатыр деген сауалға жиі-жиі соғып отыратын журналистің өткір сұрақтары керек. Бұл өз кезегінде қоғамның алға дамуына, жаңадан басталған шараның табысты болуына, даму мен кемелденуге алып келеді. Бұл жерде қоғамның назары тұрғаны сезіледі. Міне, бізде осы мәселелер әзірше кемшін қалып барады. Көптеген журналистеріміз көбіне сөз майданының алдында жүре алмайды. Журналист осындай өжеттіккке барғанда ғана қоғамдағы кез келген мәселенің пәрменділігі артып, сапасы көтеріледі.

Бүгінгі таңда ең өзекті, маңызды дүние деп Кедендік одақты айтуға болады. Кедендік одаққа қатысты қоғамда әр-түрлі пікір қалыптасып отыр. Алыпқашпа әңгімелер өте көп. Тіптен оппозициялық басылымдар мен осы сипаттағы партиялардың көшбасшылары қол жинап, «бұл – ұлт болашағына төнген қауіп» деп бағалап жатыр. Алайда бұған мемлекеттік басылымдар тарапынан ресми жауап жоқ. Менің таң қалып отырғаным – осы. Мұнда «ана газет былай жазыпты, мына журнал былай деп көсілтіпті» деген тұрғыда емес, «Кедендік одақ деген не? Оның болашағы, пайдасы мен зияны» дегендей мәселе көтеріп, арнайы мамандар шақырып дөңгелек үстелдер өткізсе... Соған сарапшылар қатысса, оның бағасын берсе, мұны оқыған жұрттың нақты көзқарасы қалыптасып, өзіне қажеттісін алмай ма? Қазір біржақты шабуыл жүріп жатыр. Оппозициялық басылымдар барынша қарсы болып, жұрттың наразылығын тудыруға тырысуда. Ал ресми басылымдар тек ақпарат берумен ғана шектеліп отыр. Бұл біздің ресми басылымдарда жиі кездесетін кемшін тұс деп айта аламын. Жаңадан құрылған Байланыс және ақпарат министрлігі осы мәселеге қатты назар аударуы тиіс.

Міне, бүгінгі таңдағы журналистика саласындағы маңызды мәселе деп осыны айтуға болады. Менің кешегі журналист, бүгінгі саясаткер ретінде түйгендерім – осы.

– Қай мемлекетте болсын бұқаралық ақпарат құралдары қоғам алдында өте үлкен маңызға ие. Кез келген ойды БАҚ қана көтеріп, шиеленіскен мәселені газет-журналдардың ықпалы ғана реттеп жатады. Атақты француз қолбасшысы Наполеон Бонапарттың «Төрт дивизия қолың болғанша, төрт газетің болсын» деген сөзі осындайдан туса керек. Жалпы, баспасөз күші туралы не айтар едіңіз?

– Мен бұл туралы бір-ақ мысал келтіріп өтейін: кезінде Вьетнамдағы соғыс тым ұзаққа созылды. Шыны керек, Америка халқы бұл соғыстың қалай басталғанын білмей қалған болатын. Қаншама адам соғыстың құрбаны болып жатты. Енді оны аяқтау қажеттілігі туындайды. Бірақ қалай? Ақыры Америка Президенті Линдон Джонсон БАҚ-тың көмегінсіз бұл мәселені реттей алмайтынын түсінді. Өйткені соғысты тоқтату үшін қосымша тағы бір дивизия жасақтауы тиіс еді. Алайда бұл хабар әбден ашынған, аяулы ұлдары мен туғандарынан айырылған халық үшін өте үлкен ауыр соққы болар еді. Осылайша Президент өз кеңесшілерінің ақылы бойынша Американың бірінші нөмірлі журналисі Уолтер Литманды шақырып, көмек сұрайды. Уолтер Литманға Ақ үйден телефон шалады, «Сізді Америка Құрама Штаттарының Президенті Линдон Джонсон шақырып жатыр» деп. Сонда Литманның не деп жауап бергенін білесің бе? Литман: «Менің Джонсонда шаруам жоқ. Оған қабылдау туралы өтінішім де жоқ. Менде шаруасы болатын болса, өзі келсін», – дейді. Сөйтіп, екеуі басқа – үшінші бір бейтарап мекенде кездесіп, Президент өз өтінішін айтады. «Маған көмектесіңіз, халыққа түсіндіру керек. Соғысты аяқтау үшін маған бір дивизия жасақтау қажет. Соған қол ұшыңызды беріңіз» дейді. Уолтер Литман не істейді? Телеарна арқылы бірден үш репортаж береді. Ұмытпасам, бірінші репортажын соғыста қаза болған солдаттармен қоштасу рәсімі болып жатқан шіркеуден береді. «Мұнда Америка Құрама Штаттарының туын жапқан табыттың астында Америка халқының боздағы жатыр. Мұны Вьетнамның варварлары өлтірді. Мүмкін, бұл Американың болашақ президенті болар ма еді, бәлкім, премьер-министрі болар ма еді, ұлы ғалым болар ма еді? Бірақ оған бұл сарбаз жете алмады. Өлім құшты», – деп елді жылата сөйлейді.

Екінші репортажын жерлеу рәсімінен береді. Қара жамылған аналардың қасында жүріп, солардың мұң-зарын береді: «АҚШ өз боздақтарынан айырылып жатыр. Біз қара жамылып отырмыз. Ал ресми билік ештеңе істемей отыр».

Үшінші репортаж Ақ үйдің өзінен жасалады. «Құрметті Президент, Линдон Джонсон мырза, аяулы сарбаздарымыз оққа ұшып жатыр. Ашынған халық соғысты тоқтатудың амалын таппай дал болуда. Не істеу керек?» – деп сұрақ қояды. Сол кезде Президент өз ойында жүргендерін жайып салады. «Мен оларды қолдаймын. Шынында, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Аналардың зарына қарап отыра алмаймыз. Америка жолында қаза тапқан боздақтарға басымды иемін. Бірақ сол қарғыс атқыр соғысты тоқтату үшін тағы бір дивизия қажет. Аяулы ұлдарымызды тағы да соғысқа айдап салғаннан басқа жол жоқ», – дейді. Сол кезде халық «соғысты тоқтату үшін қажет болса бір емес, сегіз дивизия жасақтасын, бірақ соғыс тоқтатылсын» деп шу ете түседі. Осылайша ұзақ уақытқа созылған қанды соғыс тоқтаған. Бір ғана журналистің күшімен. Бұқаралық ақпарат құралдарының күші деген осындай-ақ болса керек!

– Қоғам болған соң сын айтылмай тұрмайды. Соның бір парасы қазақ журналистикасына да тиіп жатады. «Дамымай қалды, құлдырап кетті» дегендей. Бұған не айтасыз?

– «Қазақ журналистикасы дамымай қалды, құрып барады» деген пікірлер арагідік айтылып жатады. Құлағдармыз. Олардың біразын білемін де.

– Олардың пікірлерімен келісесіз бе?

– Жоқ, келіспеймін! «Қазақ журналистикасы құрып бара жатыр» дегенді айтып жүргендердің өзі – бұл саланың иісін білмейтін жандар. Әр саланың өз сүрлеуі бар. Сол секілді кез келген басылымның өз жолы бар. Бекітілген жарғысы, көтеретін жүгі бар. Қазір, құдайға шүкір, журналистерді даярлайтын оқу орындарымыз да көп. Кезінде журналистер бір жерден дайындалатын. Көбісі журналистикаға кездейсоқ, басқа саладан келіп жататын еді. Бүгінде ондай деген жоққа тән.
Мен өзім журналистикаға филология саласынан келдім. Бәлкім, бұл Алланың берген сыйы шығар? Сөздің қасиетін түсінеміз. Журналистика – қадір-қасиеті мол сала. Алайда сол журналистика адамның күн көруіне жағдай жасай алмай отыр. Қазақ журналистерінің қазіргі жүрген жүрістері, кейпі адам аярлықтай. Себебі журналистикамен өзін-өзі асырау өте қиын. Өмірдің талаптары өзгеріп, заманауи техникалар күн санап қарыштап барады. Ал біздің журналистеріміздің қолында әлі күнге дейін дені дұрыс диктофон да жоқ. Жағдай жасалмаған. Біреулердің үйін сағалап, жалдап жүр. Жақсы басылымдардың өзіндегі журналистердің жағдайының өзі белгілі. Баспасөздің бағасын арттыру үшін алдымен соған өмірін арнап жүрген журналистердің жағдайын жасау қажет. Олардың жалақысын өсіріп, жоғары деңгейдегі басылым тілшілерінің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлермен теңестіру қажет. Олар кезекке тұрып үй ала алмайды. Осыған Үкіметтің назарын аудару қажет. Үкімет әрбір журналистің әлеуметтік қамсыздандырылуын басылымдардың құрылтайшыларынан талап етуі керек деп ойлаймын. Басылымдарды ресми түрде тіркеген кезде сондай талаптар қойылуы тиіс секілді. Жағдайы келмей жүрген тілшіге жақсы материал жаз деп талап қою дұрыс емес.

– Парламентте бұл мәселені неге көтермейсіздер?

– Бұл әңгіме айтылмай жатқан жоқ. Талай мәрте Парламент қабырғасында өз ұсыныстарымды айттым. Мен өз басым бұрынғы журналист ретінде жақсы бір бапқа қол жеткіздім деп ойлаймын. Нақтырақ айтқанда, ол – сыбайлас жемқорлықпен күрес саласына қатысты. Осы бір дерт туралы жарияланған кез келген материал міндетті түрде құзырлы органдар тарапынан тексеріліп, жемқорлыққа қатысы бар фактілер анықталса, оларды жазалау туралы бап болатын. Бұл бап қазір заң аясында жұмыс істеп жатыр.

Баптың өміршеңдігін бақылап отыру керек. Сонда ғана басылымның деңгейі өсіп, мәртебесі биіктейді. Сонда ғана елді жеп жатқандар аяғын тартатын болады. Басылымдарда талай дүниелер жазылып жатады. Бірақ оны екшеп, ақ-қарасын анықтап, кінәлілерді жазалап жатқан ешкім жоқ. Осыдан барып «газетте жаза береді» деген сыңаржақ пікір қалыптасып қалған жайы бар. Сосын тағы бір бап ұсынған едік, бірақ ол қабылданбай қалды. Ол – құрылтайшылар мен басылым арасындағы қарым-қатынас жайында болатын. Соңғы уақыттарда жиі байқалып жүрген жайдың бірі. Негізінен, газеттің бағыт-бағдарын құрылтайшы анықтайды. Олардың баптарында жазылып қойған: «Құрылтайшы тек газеттің экономикалық-қаржылық мәселелерімен ғана шұғылданады, ал басылымның мазмұны мен саяси бағыт-бағдарына бас редактор жауап береді» деп. Редакторлар өз көзқарастарын көбіне ашық бере алмайды. Оның үстінде құрылтайшылар отыр. Ал қандай-да бір жағдайлар болса, таяқтың ұшы оны жазған журналист пен бас редакторға тиеді. Бұл – шындық! Өмірде көріп жүрміз. Осыны ескере отырып, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң қабылданғанда ұсыныс берген едім. Оны өткізе алмадық. «Газетте шыққан материалға бас редактормен бірге құрылтайшы да жауап берсін» деген бап еді. Осы бап енсе, бәлкім, басылымның мазмұны да өзгерер ме еді?

– Еліміздегі сөз бостандығы қандай деңгейде деп ойлайсыз? «Интернет ресурстарын бақылау туралы» заң жобасының қабылдануы медиа басылымдардың дамуына тұсау салып отырған жоқ па?

– Мен өз басым орынсыз байбалам салудың қаншалықты қажеттілігі бар екендігін түсінбеймін. Сөз бостандығының атасы саналатын Американың өзінде Буш Иракқа басып кіретін кезде бұқаралық ақпарат құралдары шеттетілді. Тек бір ғана телеарна хабар таратып отырды. Сол ақпараттар әлемге таратылды, Американың көзқарасына лайықталып. Сонда бұл жердегі сөз бостандығы қайда? Қандай болған күнде де кез келген елдің сөз бостандығы мемлекеттің мүддесімен толық үйлесіп жатуы тиіс. Ал олай болмаса – қоғамға қауіпті.

Сөз бостандығы дегенді көбіне дұрыс түсіне бермейміз. Рас, елімізде «Интернет ресурстарын бақылау туралы» заң жобасы қабылданды. Алайда мұнда интернетті жаппай жабу туралы ештеңе жоқ. Онда мемлекеттің қауіпсіздігі мен ұлтаралық ынтымаққа балта шабатын жазбаларды реттеп отыру мәселесі ғана қаралған. Осындай дүниелер дер кезінде бақыланып отырады. Оны өзге емес, сол интернет басылымдарының жетекшілері, яғни модераторларының өзі алып тастауы тиіс. Шексіз билік жүргізу қандай қауіпті болса, шексіз ақпарат тарату да сондай қауіпті. Ақпарат айдынымыз да қорғалуы қажет емес пе? Бізде жасыратыны жоқ, көптеген шетелдік басылымдар құпия түрде өз саясатын дәріптеп жатыр.

Бізде қай жерде болсын емін-еркін жазылып жатыр. Әркім аузына келгенді айтып жатады. Неше түрлі оппозициялық басылымдар ашықтан-ашық кез келген жерде сатылуда. Базар дейсіз бе, әуежай дейсіз бе, кез келген жерден табасыз. Әрбір отбасының өзінің құпиясы мен ішкі этикасы бар емес пе? Біздің ақпарат айдыны да осы секілді. Сол себепті мен елімізде сөз бостандығына бәлендей шабуыл жасалып, тұсау салынып жатыр деп айта алмаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста