Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші:
– Жұбаныш Жексенұлы, сіз үшін шоу-бизнес деген не? Жалпы, қазақстандық эстрадада шоу-бизнес қалыптасып үлгерді ме?
– Өз басым кәсіпкер болмаған соң «бизнес» ұғымына кең көлемде тарқатып түсінік бере алмаймын. Өйткені шоу-бизнес дегеннің өзі бір сөзбен түсінік бере салатын ауқымы тар, жеңіл сала емес. Одан да бүгінгі қазақстандық эстрада жөнінде әңгімелегенім дұрыс болар. Әрине, әріптестерімнің көңіліне тиіп кетпесін, бірақ қазіргі отандық эстрада өте ұятты жағдайды бастан кешіріп жатыр деп ойлаймын. Жаңадан шығып жатқан жас әншілерге қарап, еліміздің қара шаңырақ, құдіретті сахналарына жаның ашитын кездер болады. Шоу-бизнеске, эстрадаға және жалпы, өнерге келген, келмек ойдағы адамның бойында ең алдымен сауат болуы тиіс. Ол – музыкалық қана емес, жалпы, адами сауат. Бұл сауат жалғыз әншілерге ғана қатысты емес, сазгерлерімізге де тікелей қатысы бар қасиет. Себебі сауатсыз сазгерден еш уақытта сауатты ән шықпайды. Шынын айту керек, қазіргі сазгерлердің арасында сенімсіздікпен «мына әнді тыңдап көрші, ұнай ма, ұнамай ма» деп алаңдайтындар аз, бәрі шығарған әні болса болғаны, ол тап бір ғажайып, дара, еш жерде жоқ, тың дүние, қазіргі тілмен айтқанда, бірден хит болатын ән екеніне сенімді. Жалпы, мұнымен сазгерлер өздеріне-өздері сенімсіз болуы керек дегенді меңзеп отырғаным жоқ, бұл сенімсіздіктің түбінде жауапкершілік, сыни көзқарас жатыр. Ал сынға төтеп беретін, жауапкершілікпен туындаған кез келген дүние жерде қалмайды деп есептеймін.
– Бизнес дегеннің өзі – ақша табу. Егер эстрада өнеріне, әншілікке бизнес деп қарайтын болсақ, бірінші орында ақша табу тұрып, тәлім-тәрбие мәселесі екінші орында қалып қоймай ма? Жалпы, эстрада өнер ме, бизнес пе?
– Нарықтық заманда шын мәнінде барлығы сатуға және сатып алуға ғана бейімделіп кетті. Эстрадаға қатысты айтар болсақ, бағанадан бері айтылған сазгерлердің әнінің сапасы, өңдеушілердің әнді өңдеу шеберлігі тағысын тағы айналып келгенде тапсырыс берушінің тапсырысын тез арада орындап, өзіне тиесілі ақшасын тезірек алу үшін ғана жасалуы мүмкін. Жасыратын несі бар, қазірдің өзінде эстрада өнеріне, әншілікке бизнес тұрғысынан қарап, ақша табуды ғана көздейтіндер өте көп. Ал бұл мақсатта өнер жолында жүргендерді өзіңіз айтып отырған тәлім-тәрбие, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мәселесі қызықтырмайды, ол қазірдің өзінде екінші орында тұр. Эстраданың түп тамыры өнерде, бірақ қазіргі заманда ол еріксіз бизнеске айналды, оған көнбеске амал да жоқ. Жалпы, өнер – ақша табу емес, жан дүниеңнің талантқа толып, жүрегіңнен шабыт бере ақтарылған шағыңда халыққа жар салып, құдай берген ерекше дарыныңды паш ету. Бәлкім, заман ағымына қарай кейбір жандардың бойындағы дарынынан ақша табуына, пайда көзіне айналдыруына, бала-шағасын асырап, тұрмысын оңалтуына тура келген де шығар, дей тұрғанмен өнерді кәсіпке айналдыра отырып, өте сапалы дүниелерді де тудыруға болады емес пе?! Жастардың арасында «халыққа өтпейді» деген тұрақты сөз тіркесі пайда болыпты. Сонда «өтеді» не, «өтпейді» деген не мағына береді? Халыққа бәрі де өтеді, егер шын жүректен айтылса және шын жүректен жазылса ғана...
– Сонда сіз бүгінгі сазгерлердің жазып жүрген әндері өскелең ұрпақтың сана-сезіміне, ой-өрісіне, танымына қалай әсер етіп жүр деп ойлайсыз? Егер эстрада шоу-бизнес болса, сазгерлерге қандай да бір талап қою орынсыз болмай ма? Мысалы, әннің сөзі дұрыс емес деген сияқты т. б.
– Саясатқа араласқаным емес, дегенмен өнердің өзі, әсіресе эстрада – тұнып тұрған идеология. Таңның атысынан кештің батысына дейін сөзінде мән-мағына жоқ, тәрбиелік талғамы жоқ әнді радио мен телеарналардан айналдырып бере берсе, ол қысқа мерзімнің ішінде құлаққа жағымды естіле бастайды, сөзі санада жатталып, сол әнді тыңдай бергің келеді. Сондықтан бұл жерде жалғыз сазгерлерді ғана кінәлай алмаймыз. Бұрынғыдай көркемдік кеңес те жоқ. Эфирге кім шығып, кім өнер көрсетіп жатыр, қадағалайтын адам көрінбейді. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң кім көрінген елдің алдына шығып, аузына түскен әнін орындап жүр. Бұдан өскелең ұрпақ қандай өнеге алсын, бұл сана-сезім мен ой-өріске, танымға қалай ғана жақсы әсер етсін?! Дегенмен шоу-бизнестің түп тамыры бизнесте емес, өнерде, сондықтан қатаң талап қай кезде де әншіге де, сазгерге де қойылуы тиіс, тіпті бизнес болған күннің өзінде өнер кәсіптің бір түрі екен деп еліміздің болашағы – жастардың сана-сезіміне сызат түсіріп алмауымыз керек.
– Егер өз қолыңыздан ән жазу келсе қандай тақырыпқа басымдық берер едіңіз?
– Сазгерліктің жас ерекшелігіне қарай да өзіндік салмағы бар сияқты. Егер дәл қазір бойыма ән жазу қабілеті дарыса, махаббат тақырыбынан басқа тақырыптың барлығына жазар едім. Махаббаттың нешеме түрі бар, ол жалғыз жігіттің қызға немесе қыздың жігітке деген махаббаты емес. Қазір, өкінішке қарай, махаббат туралы әндердің өзі «күйем, сүйем» дегеннен аса алмай жүр. Ішкі сезімді «сүйем» демей-ақ жеткізуге болады. Тіпті Отанға деген махаббатыңды жырлап тұрып, ойыңдағы махаббат ұғымын кеңінен тарата аласың. Сондықтан мен елге, жерге деген сүйіспеншілік жайлы жазар едім деп ойлаймын.
– Әншілер кәсіпкерлер сынды салық төлеулері тиіс деп есептейсіз бе?
– Бір кездері депутаттарымыз осындай ұсыныс айтып, әншілер қауымы біраз уақыт дүрлігіп еді. Өз басым осы орайда нақты пікір айта алмаймын. Төлесін десе де, төлемесін десе де келісемін. Жалпы, әншілерге салық салудың да пайдалы жақтары көп болар. Кез келген адам мемлекетке салық төлеуі тиіс, төлейді де, мұны айтпаған күннің өзінде қазіргі қаптаған саны бар, сапасы жоқ әншілерден арылудың, оларды саралап, елегіштен өткізіп, шын дарын иелерін сахнада қалдыратын да, бәлкім, сол салық болар. Өз басым концерттерден, іс-шаралардан түскен қаржымның белгілі сомадағы салық мөлшерін уақытында төлеп тұрамын. Дегенмен тойларда ән салып жүрген әншілерге салық салу арқылы қазақстандық эстраданы тазарту дегеннен гөрі отандық шоу-бизнестің кәсіби деңгейін көтеру көзделсе жақсырақ болар еді. Мысалы, Қытайда фонограммамен ән айтуға заңмен тыйым салынған. Егер бізде де кез келген концерт жанды дауыста өтуі тиіс деген талап қойылса әншілер іріктелер еді. Әрине, радио мен телеарналардан берілетін әндерге сапалы музыка қажет, ол кезде фонограммаңды беруіңе болады, ал халықтың алдына шыққанда тыңдаушыны алдамай, жанды дауыста ән салған дұрыс.
– Өнер саласына деген мемлекеттің бүгінгі көзқарасы мен қолдауы жеткілікті дәрежеде ме?
– Жоқ, өкінішке қарай, қажетті дәрежеде деп айта алмаймын. Себебі айтып өткен салығымыз да, басқасы да өнерге деген мемлекеттің қырын қарауы іспетті көрінеді. Мемлекеттің өнер саласына деген көзқарасы мен қолдауы қажетті дәрежеде емес деу әншілерге көмек көрсетілмей жатыр деп жыламсырау емес. Ол – шоу-бизнестегі қадағалаудың дұрыс ұйымдастырылмауы. Меніңше, дәл қазір эстраданың қоғамдық рөлі айшықтала алмай отыр.
– Сөзіңіз аузыңызда, сонда дәлірек айтқанда, қазіргі заманғы қазақы шоу-бизнеске не жетіспейді?
– Заманауи қазақстандық шоу-бизнеске білім мен терең ізденіс жетіспейді. Білім дейтін себебім – білімді адам жалғыз музыкалық жағынан емес, елінің сонау атам заманғы тарихы, мәдениеті мен өнері, тілі мен әдебиеті қандай кезеңдерді басынан кешті, артында қалған ұрпаққа не қалдырды, қалай қалдырды, ендігі ұрпақ нені білуі тиіс, нені білмеуі тиіс, осының барлығын саралай келе сазгерлікке келеді, ал әнші соның барлығын ой елегінен өткізіп барып сапалы әнді айтуға құлшынады. Терең ізденіс дегеннің өзі – осы зерттеу. Әйтпесе сахнаға шығып әу дедім, әйтеуір, ән салдым, теледидардан көрсетті, танымалмын деп айту кез келген қалталының немесе тамыр-танысы бардың барлығының қолынан келеді. Алайда біле білгенге өнер жолы өте ауыр. Осы күрделі жолдың күрмеулі белестерінен сүрінбей өтіп, сапалы еңбек ете білген әншілеріміз тым аз. Халықтың шынайы ықыласына бөленіп, әндері ғасырлық ғұмыр кешкен өнер адамдары ғана бұл атқа лайықты.
– Әнші демекші, сіз әншіліктен бөлек, тележурналист қызметін де атқарып жүрсіз ғой, жалпы, бүгінгі отандық БАҚ-қа қандай баға бересіз және әншілік пен журналистиканың қайсысы жаныңызға жақынырақ? Екеуінің бірін таңда десе қайсысын таңдар едіңіз?
– Мен өзімді тележурналист санамаймын. Тележүргізуші болып жүргенім рас, бірақ журналистикадан өз басым өте алшақпын. Мен үшін журналист мамандығы – өмірдегі ең күрделі, ең қызықты мамандықтардың бірі. Сол үшін де журналист қауымға ерекше сыйластықпен, құрметпен қараймын. Өз ісінің парқына жетіп, қызметін терең қызығушылықпен атқарып жүрген өз ісінің нағыз мамандары, ұшқыр журналистерге қатты қызығамын. Ал мен журналист емеспін, тіпті тележүргізуші дегеннің өзі орынсыздау ма деп ойлаймын. Егер менің авторлық бағдарламам болып, сол бағдарламаны өзім жазып, өзім түсіріп, өзім жүргізсем, бәлкім, сол кезде тележүргізуші деуге лайықты болар ма едім. Мен жүргізіп жүрген хабарлардың барлығында сценарийі дайын, жазылуы бойынша оқып беремін, бар болғаны сол ғана.
– Бәлкім, сіздің ойыңызда жүрген тележоба бар шығар?
– Иә, несін жасырайын, менің де ой түбіне терең жасырып, түйіп қойған жобам бар. Бірақ оны іске асыру үшін қыруар қаржы керек екен.
– Құпия болмаса қысқаша айтып берсеңіз...
– Телеарналардың бірінен әр өңірдің ансамбльдерінің басын қосып, байқау ұйымдастыру. Біздің жер-жерімізде қаншама талантты, өнерлі азаматтардан құралған ансамбльдер бар. Бірақ халық олар жайлы бейхабар. Міне, менің жобам осындай, ансамбльдер бәйгесін өткізсем деймін.
– Сонда тележүргізуші болу сіз үшін қазір тек табыс көзі ме? Мұндай сұрақтың туындауына түрткі болатын жайт, қызметте сол саланың маманы отыруы тиіс қой, ал бізде танымал адамдар арқылы телебағдарламалар шығару сәнге айналған сияқты...
– Жоқ, тележүргізуші болу мен үшін тек табыс көзі емес. Шынымен де қазір халық арасында танымал адамдарды пайдаланып, телеарналардың немесе телебағдарламалардың рейтингісін көтеруді көздейтіндер бар. Бірақ мені рейтинг үшін бағдарламаларды жүргізуге шақырады деп ойламаймын. Менің қазір жүргізіп жүрген хабарларым сазды, әуенді бағдарламалар. Бәлкім, музыкадан хабары, білімі бар деп шақыратын болар, өзіме де ұнайды. Дұрыс-ақ, әркім өз мамандығы, өз саласы бойынша қызмет етуі керек. Тіпті менің телебағдарламалар мен концерттерді жүргізуіме қырын қарайтындар да бар шығар. Ал журналистер бұл мамандыққа қол жеткізу үшін жылдап оқиды, мамандығы бойынша жақсы жұмысқа тұруға талпынады, ал танымал әншілердің телеарналарда жұмыс істеуі бірнеше бос кадрдың орнын алуы мүмкін. Бірақ менің айтпағым мынау: телебағдарлама жүргізу тележурналист болу емес, телебағдарламаларды тек журналистер жүргізуі керек деген де заң жоқ. Кейбір бағдарламалар бар, оларды тек нағыз, тәжірибелі журналистер ғана жүргізе алады, ондай жерде, әрине, талас та жоқ. Мен журналистердің алдына түсіп, журналист болып кеткен жоқпын, бірақ бағдарлама жүргізушілігіне шақырту болса неге бармасқа?
– Әншілерге зейнетақыны кім төлейді?
– Зейнетақы реформаларына қатысты соңғы кездері айтылған өзгерістерде әншілердің, жалпы, әртістердің зейнетақысы да қоса айтылды. Өзгелер үшін жауап бермей-ақ қояйын, өз басым өмір бақи жұмыс істеп келемін. Соңғы бірнеше айда болмаса, жалпы, еңбек жолымды мектептегі музыка пәнінің мұғалімінен бастап, колледж, институтта да сабақ бердім, облыстық филармонияда, кейіннен «Гүлдер» ансамблінде жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда, ауыл, аудан, облыс, республикалық деңгейде сатылап қызмет істеп келемін. Әр әншінің тұрақты зейнетақы аударымдары жүріп тұратын жұмысы бар, ол жалғыз әншіде емес, жалпы, кез келген азаматтың тұрақты жұмыс орны болуы тиіс. Ал әншілердің көпшілігінде әншілік – қосымша табыс көзі ғана. Егер әнші тойларға барып ән салып жүрсе, бұл оның ақшаға құныққандығын білдірмейді. Қазір жан бағу, отбасын асырау дегеннің барлығы оңай емес, ақша тауып, өмір сүру керек. Ал егер әншінің сахна мен тойдан өзге тұрақты жұмыс орны болмай қалса, оған ешкім зейнетақы аударымын жасамайды, демек, сол кезеңдерде үзіліп, әлеуметтік аударымдар тоқталады. Әншілердің көпшілігінде патент бар, яғни осындай бір кезеңдер болған кезде зейнетақы аударымдарын өздері аударуы мүмкін.
– Сіздің жеке өміріңізге араласқанымыз емес, бірақ оқырмандарды өнер жұлдыздарының отбасы жайлы ақпараттар көптеп қызықтыратыны сөзсіз, сіз де отбасыңыз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, жеке өмірдің аты – жеке өмір. Кейбір журналистер салмақты сұхбат жүргізудің орнына жеке басыма қатысты қызықсыз сұрақтарды қойып мезі қылады. Отбасым туралы айтсам, әйелім және екі ұлым бар: екеуі де студент.
– Білуімізше, сіздің кенже балаңыз мектепті өткен жылы ғана тамамдап, биыл жоғары оқу орнына түсті. Осы мектеп бағдарламасындағы ән сабақтарында қазір қандай әндер жатталады екен, сіз қызығушылық танытып көрдіңіз бе? Өзіңіз де бір кездері музыка пәнінен сабақ беріпсіз, бәлкім, салыстырып көрген боларсыз? Олардың ұлттық тәлім-тәрбиеге жақындығы бар ма?
– Шыны керек, балаларымнан мектептегі жүргізіліп жүрген сабақтар жөнінде сұрамайды екенмін. Оның бір себебі өзім де мектепте мұғалім болдым, жобасын білемін. Бірақ мен музыка сабағында оқушыларға нотадан бастап үйрететінмін. Балалардың барлығы бірдей музыкант болып шығуы мүмкін емес, дегенмен сабақтың аты – сабақ. Қазір балаларға арналған әндер жоқтың қасы, мүмкін, бар да шығар, бірақ сапасыз. Балаларға ұнамаған соң ешкім оны күнделікті аузынан тастамай айтып жүрген жоқ. Балаларға сай ән болмаған соң, менің ойымша, қазіргі оқушылар «ауырмайды жүректің» төңірегіндегі әндерді жаттап жүрген де болар. Қазіргі баланың бәрінде ұялы телефон бар, ғаламтор қосулы, күніне неше түрлі әнді жүктеп, тыңдап, жаттап жүр. Ал сіз айтып отырған мектептегі ән сабағында шынымен-ақ не жаттап жүр, өте қызық, ойланатын мәселе екен. Бірақ шынын айту керек, олардың ұлттық нақыштағы дүниелерді жаттап, айтып жүргеніне күмәнім бар.
– Балаларыңыздың сіздің жолыңызды қумақ ойы бар ма?
– Үлкен ұлым – гитарист, кіші ұлым актерлықты таңдады, болашақта режиссер болғысы келеді.
– Демек, ұлдарыңыз да өнер жолына қарай бет бұрған екен ғой, сәттіліктер тілейміз. Әңгімеңізге көп рақмет, өнеріңіз өрлей берсін!
Алашқа айтар датым...
Өнер деген ұғымның тереңіне түсіп, мән-мағынасын шын жүрегімен, ниетімен, пейілімен түсіне білген адам үшін өнер – жер-жаһанда өмір сүретін кез келген адамды дұрыс тәрбиелей алатын, ғұмырының мың түрлі тарапынан келіп тоғысқан арналарында бағыт-бағдар беріп, жол сілтейтін күш. Мына заманда еліктеушілік белең алды, батыстық музыка десе ішкен асын жерге қоярдай күй кешетін жастарға мына халық елдің болашағын, ұлттық мәдениетті сеніп тапсыра ала ма? Сондықтан әр отбасы Отанның сол ошақ басынан басталарын сезініп, перзенттерін патриоттық сезімге баулып, отансүйгіштіктің, ұлтжанды азамат болудың негізі ұлттық құндылықтарда екенін үнемі айтып отырса екен деймін. Бұл орайда музыканың да маңызы зор, ақ бесіктен басталған ананың бесік жыры уақыт өте келе қазақтың қоңыр үнді әуендерімен жалғасын тапса, келешек ұрпақтың ұлтының ұлы азаматтары болары сөзсіз және мен оған кәміл сенімдімін.