Любовь ХУДОВА, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының төрайымы:
– Қазақстанда «иті қырын жүгіріп тұрған» сала – жеңіл өнеркәсіп. Оны жұртшылық жақсы біледі. Алайда құзырлы министрлік «жеңіл өнеркәсіп – экономикалық әлеуетті арттыруға қабілетті сектордың бірі. Үкіметтің назарынан тыс қалып отырған жоқ» дейді. Нәтиже бар ма?
– Қазір отандық жеңіл өнеркәсіп секторының дағдарысқа тап болған кезі. Тым шабан дамуда. КСРО тараған жылдары жеңіл өнеркәсіп те құрдымға кетіп, содан бері бір орында ілдалдап тұр. Ол қалай өсіп-өнсін, егер Үкімет лайықты көңіл бөліп, дұрыс қолдау көрсетпей отырса... Иә, мүлде ұмыт қалды демеймін, бірақ Үкіметтің шала тірлігі жылдар бойы қордаланып қалған қыруар проблеманы шешуге тіптен қауқарсыз.
Арыға бармай-ақ қояйын, 2000 жылдан бері бастап айтқанда, 2011 жылға дейінгі он жыл аралыққа көз жүгіртіп көрсек, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көрсеткішінің тек кері кеткендігін ғана аңғарамыз. Нақтырақ айтсам, егер 2000 жылы жеңіл өнеркәсіптің үлесі еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызын ғана құраса, 2011 жылдың аяқ шенінде ол тіпті 0,3 пайызға дейін төмендеп кетті. Мойындау керек, 2012 жылы жағдай там-тұмдап жақсарды. Бірақ оны ауыз толтырып айтуға да келмес. Ал КСРО кезінде ЖІӨ-нің 15, 8 пайызын жеңіл өнеркәсіп құраса, мемлекеттік бюджет кірісінің төрттен бір бөлігін, яғни 25 пайызын осы саланың есебінен толықтырды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.
Қазақстанда шикізат мейлінше көп бола тұра, жеңіл өнеркәсіптің осынша мүшкіл халге ұшырауы ақылға қонбайтын дүние. Әлемдегі бір де бір ел Қазақстан сияқты шикізатқа бай емес. Біз тері, жүн, мақта іспетті шикізаттардың ордасы бола тұра импортқа тәуелдіміз. Жұртшылық тұтынып отырған жеңіл өнеркәсіп тауарларының барлығы дерлік сырттан тасымалданады, яғни 95 пайызы. Осылай ішкі нарықты шетелдік өнімдер жаулап алған. Тоқыма өнеркәсібіне қатысты айтсақ, отандық өнім ішкі нарықтың тек 10 пайызын ғана қамтамасыз етіп отырса, аяқ киімнің бір пайызын ғана, ал киім-кешекке келсек, 90 пайызы импорт.
Үкіметтің бірінші кезекте мынаны ескергендері жөн: жеңіл өнеркәсіпті тоқыраудан аман алып шықсақ, бірінші кезекте ол еліміздің экономикасын жақсартуға айрықша ықпал етпек. Өйткені жеңіл өнеркәсіп – біле білсек, әлеуметтік маңызы зор сала. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту тек экономикалық өсімді жақсартып қана қоймайды, ол – жұмыс орындарын ашу деген сөз. Жеңіл өнеркәсіп, сонымен қатар ауыл шаруашылығымен де тығыз байланысты. Сондай-ақ химия өнеркәсібі үшін де сөз болып отырған сала аса маңызды.
Сол себепті де болашағын ойлайтын ел жеңіл өнеркәсібінің тағдырына жүрдім-бардым қарамайды. Бұл бағытта олар түрлі жеңілдіктерді қолданады. Мәселен, салықты төмендетеді, субсидия береді т.т.
Бізде қазір жеңіл өнеркәсіп үлесі 10 пайыз ғана. Экономикалық қауiпсiздiктің тұрақтылығы үшін ішкі нарықтағы отандық жеңіл өнеркәсіп үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс.
Мысал үшін айта кетейін, Қазақстандағы жағдайға сараптама жасау үшін қазақстандық мамандар Жапония, Корея елдерінде болып қайттық. Дамушы елдер қатарына жататын олардың ішкі нарықтағы өз өнімдері шамамен 80 пайыздан астам, яғни бұл сала машина жасау өндірісінен кейін екінші орында тұр. Сол себепті де оларда жұмыссыздық проблемасы анау айтқандай емес. Әлеуметтік, экономикалық әлеуетін арттыруда жеңіл өнеркәсіп саласының рөлі орасан. Ал сол елдерде шикізат мүлде жоқ. Соған қарамастан, олардың жеңіл өнеркәсібі күшті дамып кеткен. Оны айтасыз, олар тіпті экспортқа тауар шығарып отыр. Көпшілік елдердің мемлекеттік бюджетінің шамамен 50 пайызы дәл осы жеңіл өнеркәсіп үлесінен.
Ең өкініштісі, Үкiмет дайындаған индустриялық‑инновациялық дамудың жеделтетiлген бағдарламасына жеңіл өнеркәсіп тағы ілінбей қалды. Қарап қалмадық, барлық құзырлы орындарға дабыл қақтық, олар өз кезегінде уәдені үйіп-төгіп шығарып салды, алайда «баяғы жартас – сол жартас». Елімізде 500 мыңнан астам өнеркәсіп тіркелсе, бүгінгі күні соның тек 14 пайызы ғана жұмыс істеп тұр. Аталмыш саланы осындай тығырықтан алып шығатын жүйелi бағдарламалар мен кешендi шаралар жасамаса болмайды.
– Жеңіл өнеркәсіп тауарлары негізінен сырттан тасымалданады деп жатырмыз, егер бізді киіндіріп отырған елдер эмбарго жариялайтын болса, жалаңаш қалатын түріміз бар сияқты ғой. Шынымен де, қарекет жасамаса болмас. Адамзат баласына шалбар киюді үйреткен көшпелілердің ұрпағы саналатын біздердің мына жаһанданған заманда өзгенің киіміне қарап қалғанымыз ақылға қонбайтын нәрсе. Тығырықтан шыға аламыз ба?
– «Барды» «бар» деп айту керек. Елбасымыз Н.Назарбаевтың қаулысымен 2005 жылы «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы құрылғанынан жұртшылық мәлім. Сол еркін экономикалық аймақ аясында бес кәсіпорын салынды. Әрине, бұл – қуанышты жағдай. Бұл жоба көп проблеманы шешкелі тұр. Атап айтсам: халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі жетілдіру, т.т. Елбасының тапсырмасы бойынша өңірлердің дамуы енді-енді қолға алына бастады.
Ал ең негізгісі, «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы мына мақсатта құрылған болатын:
– тоқыма өнеркәсібін, атап айтқанда, дайын бұйымдар өндірісін дамыту;
– Қазақстан Республикасы экономикасының әлемдік шаруашылық экономикасын жандандыру;
– дайын тоқыма өнімдерін өндіру үшін әлемдік сауда маркілерін өндірушілерді тарту;
– жоғары технологиялық өндірістер құру, өндірілетін тоқыма өнімдерінің сапасын жақсарту мен түр-түрін көбейту.
Қысқасы, «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақ мемлекетіміздің инвестициялық климатын жоғары деңгейде қалыптастыруға, отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлардың қарқынды жұмыс істеуіне өз үлесін қосуда.
Еліміздегі тігін фабрикалары зәру болып отырған маталарды шығару жүктеліп отырған бұл кәсіпорындарға көп сенім артып отырмыз. Қазір Шымкент қаласында заманауи технологиямен жабдықталған үш кәсіпорын жұмыс істей бастады, яғни «Меланж» АҚ, «Ютекс» АҚ және «South Textiline KZ». Кезінде 9000 жұмысшы болған АХБК өндірген мақта-мата тауарлары қайта шығарыла бастайтын болады. АХБК жабылған соң, елімізде ондай мата өндіретін бір де бір орын қалмаған-ды. Қысқасын айтқанда, мақта-мата кластері жолға қойыла бастады.
– Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға кедергі болып отырған факторларды таратып айтып берсеңіз.
– Олар мыналар:
– Бірінші, Үкімет тарапынан дұрыс қолдау болмай отырғандығы;
– Екінші, шетелдік арзанқол дүниелердің жаулап алуы;
– Үшінші, шикізат тапшылығы.
Енді осылардың әрқайсысына жеке-дара тоқталып өтейін. Үкімет қолдау көрсетпей отыр деген себебім, мысалы үшін, сырттан келетін тауарларға айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Ал біздің өзіміздің кәсіпкерлерге талапты күшейтіп тастаған. Сертификат дейсіз бе, қосымшы құн салығы дейсіз бе, бәрі жағадан алады. Енді қазір оларға менеджмент жүйелерін енгізіп, сапаны халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп жатыр. Естуімше, еліміздің 5157 кәсіпорнына, нақтырақ айтсам 4 951 – ИСО 9001 бойынша, 453 – ИСО 14001, 450 – OHSAS 18001, 66 – ИСО 22000, 4 - SA 8000 халықаралық стандарттарын енгізген. Мұның барлығы айналып келгенде, қомақты қаржыны талап етеді. Сол себепті отандық өнімдер біршама қымбатқа түседі. Мәселен, көршіміз – қырғыздар қазір аз ғана халқымен өздері мен бізді қойып, тіпті Ресейді қарық қылып отыр. Қырғыз елінің 30 пайыз халқы дәл осы жеңіл өнеркәсіппен айналысып, соңғы он жылда көп нәрсені үйренді. Бұл ретте олар германдық белгілі компаниялармен іскер байланыс орнатып, солардың технологиясын мықтап меңгерді. Сөйтіп, төмен сапа, арзан баға принципімен жұмыс істеді. Үкімет өз кезегінде бұл саланы салықтан мүлде босатты. Кезінде Қытай да, Корея да осы принциппен дамыған.
Енді екінші себепке келсек, қазір кеденнен 50 килограмм тауарды декларациясыз, сертификатсыз, қосымша құн салығынсыз алып өтуге рұқсат етілген. Осы жеңілдіктерді пайдаланған алыпсатарлар әрлі-берлі сабылып, тауар тасуда. Сөйтіп-ақ олар нарықты шетелдік тауарлармен қаптатып тастады. Қазақстанда мұндай сауда түрімен айналысатындар саны шамамен 2 миллиондай. Енді өзіңіз есептей беріңіз. Біздің қауымдастық осы мәселені талай көтерді, әлі де жеңілген жоқпыз, яғни сырттан келетін тауарларға бақылау мен талапты күшейтуге барымызды саламыз.
Үшінші – Қазақстанда шикізат өндіруші кәсіпорындар жоқтың қасы. Жұмыс істеп тұрған тігін цехтарының өздері матаны сырттан тасымалдайды. Өздеріңіз білетін боларсыздар, әсіресе теріге қатысты мәселе өзекті болып тұр. Ал статистикалық агенттік «қазақстандықтардың аяқкиім мен тері бұйымдарына жұмсайтын қаржысы жылдан-жылға артып келеді» дейді. Егер тауардың осы түрін өзімізде шығаратын болсақ, бізде тері жеткілікті ғой. Бір қуантарлығы, арнайы қаулы қабылданып, өңделмеген теріге кедендік салықты көтеруге қол жеткіздік. Бұрындары бір тонна шикізатқа 200 еуро салық салынса, қазір кедендік салық – 500 еуро. Біздегі кедендік салықтың тым төмендігін ресейліктер өздерінің шикізатын біздің шекара арқылы экспорттап келген еді. Бірақ мұнымен проблема шешілген жоқ. Сапалы терілер шетелге көлеңкелі бизнеспен кетіп жатыр. Біздің кәсіпорындар болса, шикізаттың жоқтығынан жұмыссыз қалуда. Өйткені фермерлер теріні қолма-қол ақшаға сатып жібереді. Ал елдегі кәсіпорындарға сатудың өзіндік қиындықтары бар. Сол себепті біз құзырлы орындарға теріні фермерлерден сатып алатын жүйе құруды ұсынған едік. Алайда ешкім оған құлақ аспай отыр. Тағы бір мәселе, бұрындары мал сойып, оның терісін сыпырып алудың өзіндік технологиясы болған. Қазір малдың 80 пайызы фермерлік шаруашылықта. Олар теріні бұзбай алуды тіпті ойламайды да. Ондай шұрық- тесік терілер өңдеуге жарамайды. Бұл да өз алдына күрделі мәселе болып тұр. Таяуда «Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы жеңіл өнеркәсіп саласының проблемалары мен келешегі» деген тақырыпта үлкен жиын өткізілген болатын. Сонда Беларусь, Ресей, Қазақстан елдері бірауыздан қолдап, өңделмеген теріні мүлде сыртқа шығармау мәселесін талқыладық. Мүлде тыйым салу арқылы тері шикізатын бақылауға ала аламыз. Тері – байлық көзі.
Жүн мәселесі де қиын жағдайда тұр. Елімізде тек 14 пайыз жүн ғана өңделеді екен. Естуімше, қай бір жылы қытайлықтар Жамбыл облысын түгел аралап, ауылдардан барлық жүнді тым арзан бағаға сатып алып кетсе керек. Ал біздің кәсіпорындар жүн таба алмай шарқ ұруда. Қазір мамандар шаруашылықтарға жүнді отандық өндіруге сату тиімдірек болу үшін, субсидиялау тетігін өзгерту керек деп жатыр, мен оған қосыламын. Тағы бір мәселе, біз топс өндірісімен шектеліп қалмауымыз керек. Өз кілемдерімізді шығармасақ болмайды. Сарапшылардың мәлімдеуінше, жылына Қазақстанға 50 миллион доллардың кілем өнімдері сырттан әкелінетінге ұқсайды.
– Кедендiк одақ демекші, екі немесе бірнеше мемлекеттердің өз араларындағы кедендік шекараларды жою және бірыңғай кедендік тариф құру жөніндегі келісімі бір болып табылатын бұл одақтың аясында жеңiл өнеркәсiп саласының бағы жана ма әлде?..
– Кедендік одақ шарттарының екі жағы бар, яғни тиімді де, тиімсіз де. Мәселен, дайын өнімге салынатын баж салығы жоғары болуы тиіс дегендері дұрыс. Бұл – бірінші кезекте ішкі нарықты қорғауға бағытталып отырған шарт. Иә, Қырғыз елімен шекарада бірқатар қиындықтар туындайтыны рас. Түркия, Қытайдан әкелiнетiн тауарлардың сөз болып отырған көршілеріміз арқылы салықсыз, рәсiмдеусiз келіп жатқаны жасырын емес. Қанша тосқауыл қойсаң да алыпсатарлар амалын табады. Келіспейтін тұсымыз – бiздiң тігін ісімен айналысатын кәсіпкерлер үшiн мата түріндегі шикізат тапшы болып отыр. Ал Кедендік одаққа кіретін Ресей мен Беларусьте өздеріңіз білесіздер, мата шығаратын орындар көптеп саналады. Ондай болса, әу баста жоспарланғандай матаға салынатын баж салығын бiрден 10-15 пайызға көтеру дұрыс емес. Сол себепті бұл салықтың көлемiн 0-5 пайызға дейiн төмендеттiк.
– Өзіңіз айтпақшы, төмен сапа, арзан баға – мүмкін экономика үшін тиімді жол шығар. Алайда сапасыз киімнің қаншалықты зардабын тигізіп отырғаны баршаға аян. Неге Үкімет осы жағына келгенде тым бейқам. Құзырлы саланың бақылауына не кедергі?
– Дұрыс айтасыз. Үкімет бейқам, бақылау орындары енжар. Мынаны ескертіп алайын, төмен сапа мен арзан бағаның екі жағы бар. Өз басым әлбетте төмен сапаға үзілді-кесілді қарсымын. Алайда арзан бағаға келсек, әңгіме мүлде басқа. Иә, халыққа арзан киім керек. Үкіметпен бірлесіп, соның жолын неге шешпеске? Ол сондай-ақ қиын шаруа емес. Тек отандық тауарлардың бағасын арзандатудың тиімді тетіктері жасалса болғаны, яғни сырттан келетін тауарлардың демпингтік бағасымен теңестіру қажет. Сонда бәсекелестік дамыған болар еді. Мәселен, жеңіл өнеркәсіппен айналысатындарды бес жылға қосымша құн салығынан босатайық. Айта берсе тығырықтан шығудың жолдары жетіп жатыр. Мәселен, кірістің салығынан босатайық. Егер олар сол қаржы көзін инвестицияға жұмсаса, өндіріс ахуалын жақсартып алған болар еді. Қазір кәсіпкерлер үшін несие де тиімсіз болып тұр. Қытайда несиенің бұл түрі кәсіпкерлерге 2 пайызбен берілсе, бізде 25 пайыз. Қайта «Жол картасы – 2020» шеңберінде біраз кәсіпорындар субсидия алып, өнімділігін арттырып, заманауи технологиямен жабдықталып алды. Алайда бұлар жалпы отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қауқарсыз.
Сапасыз киім демекші, бұл тұрғыда да біз арнайы жеңіл өнеркәсіп тауарларының регламентін жасаған болатынбыз. Сол регламентте тауардың сапалық нормасы көрсетілген. Сөйтіп, құзырлы салаға сырттан келетін тауар сол нормаға сай келмесе, ішке өткізбеу жөнінде ұсыныс жасадық, алайда құлақ асқан ешкім жоқ. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне талай айттық, алайда олар заң талабына сәйкес, тек шағым түссе ғана тексере алады. Ал еліміздің бүкіл базары мен сауда орындарын жайлап алған қай тауарға шағым айтасың. Мәселені бұлай шешуге болмайды, ең дұрыс жолы – біз жасаған жеңіл өнеркәсіп тауарларының регламентін жүзеге асыру.
Біз өз ұрпағымызды өзіміз мүгедек етіп жатырмыз. Бұл деген геноцидпен пара-пар десек, қатты айтқандық емес. Біздің қауымдастық Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында зерттеу жүргізген еді, балалардың 75 пайызы сапасыз аяқкиімнің кесірінен түрлі ауруға шалдыққан болып шықты. Қытайлық аяқкиімдер адам денсаулығына өте зиян, балалар аяқкиімдері тіпті пайдалануға болмайтын шикізаттардан тігілген. Жағдай алаңдатарлық. Қарулы Күштер қатарына шақырылған жастардың басым бөлігінің денсаулығы әскерге жарамай қалады. Солардың барлығы – сапасыз аяқкиіммен келген аурулар. Бұл деген біздің қорғанысымызға қауіп төндіріп тұрған жоқ па.
Ал отандық өнімдеріміз қымбат болса да, экоөнімдер. Сапа жағынан еуропалық тауарлардан кем емес. Жуырда Кореядан келген делегация өкілдері қазақстандық өнімдердің сапасына тәнті болып кетті. Ресейде жылда өткізіліп тұратын халықаралық көрмеге шыққан біздің тауарлар сапа жағынан еуропалық стандартқа сай келді. Ресейде біздің тауарлар үлкен сұранысқа ие болып отыр. Сапа жағынан да, сән жағынан, жоғары технология жағынан да бәсекеге қабілетті болып шығып, Украина, Ресей асып, енді Австралияны жауламақшы. Швейцария қазақстандық өнімдерге жоғары баға берген-ді.
– КСРО кезінде Жеңіл өнеркәсіп саласы өз алдына бір министрлік болған. Қазір ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі құзырында бір ғана Басқарма бар. Бұл басқарма әңгіме бойы сөз болып отырған проблемаларды оң шешуге шамасы жете ме?
– Бұл мәселені дұрыс көтеріп отырсыздар дер едім. КСРО тараған жылдары Жеңіл өнеркәсіп министрлігі де тарап кетті. Сөйтіп, бұл сала хаостық жағдайда жұмыс істеді. Кейінірек Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі құзырында Жеңіл өнеркәсіп басқармасы құрылды. Оған да шүкір дейміз әрине. Десек те, онда отырған бес-алты маман бүкіл бір елдің жеңіл өнеркәсіп секторындағы барлық проблемаларды шешеді дегенге өз басым сенбеймін. Сондықтан да арнайы министрлік құрған жақсы-ақ болар еді. Болмаса тікелей тек жеңіл өнеркәсіппен айналысатын Ресейдегідей «Текстильпром», «Легпром», Белоруссиядағыдай «Беллегпром» сияқты алпауыттар құрылса игі іс болар еді.
– Отандық БАҚ-тарға берген бір мәлімдемеңізде мемлекеттiк сатып алуды қатты сынға алыпсыз. «Самұрық-Қазына» қоры жасаған тізімге де көңіліңіз толмапты. Сол турасында кеңірек айтып берсеңіз.
– Мемлекеттiк сатып алу – тек менің емес, бүкіл қоғамның сынына ұшыраған жүйе. Отандық өнiм өндiрушiлер қазір амал жоқ, тек униформалар тігумен ғана айналысуға мәжбүр. (Өйткені жоғарыда неше мәрте қайталап өткенімдей, нарықты шетелдік тауарлар басып алған.) «Самұрық-Қазына» қоры дайындаған тiзiм бойынша мемлекеттік тапсырысты тек отандық өнiм өндiрушiлерi ғана орындауы тиіс еді, қазір ол тізімде кім жоқ?! Тіпті делдалдар да пайда табуда. Менің ойымша, Индустрия және сауда министрлiгi бұл тұрғыда Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығымен бірлесе жұмыс істегендері абзал. Себебі, қауымдастық Қазақстандағы әр-бір жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының мүмкіндігімен, әлеуетімен жақсы хабардар.