Шежіре – қазақ тарихының қайнар көзі

Шежіре – қазақ тарихының қайнар көзі

Қамбар АТАБАЕВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Қамбар аға, соңғы кездерде шежіре туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүргенін білесіз, соған байланысты сіздің ойыңызды білгіміз келіп еді.
– Шежіре туралы пікір – ол қазақ тари­хы туралы пікір. Шежіре туралы пікірдің әр алуан болуы – қазақ тарихы туралы пікірдің әр алуан болуы деген сөз. Бұл күні бүгінге дейін бізде шежіренің де, қазақ тарихының да ресми тарих ғылымының шеңберінен тыс қалып отырғандығының тікелей салда­ры. Марқұм Ақселеу Сейдімбектің өзінің артында қалдырған асыл мұрасы «Қазақ­тың ауызша тарихы» атты еңбегінде қазақ шежіресінің өзінің тарихи-әлеуметтік өмір­ге қатысты дерекшілдігіне қарамастан, танымдық мән-мағынасының әмбебапты­ғы­на қарамастан, осы уақытқа дейін түбе­гейлі зерттеудің объектісі бола алмай келетіндігін, қазақ шежіресіндегі тарихи, этнологиялық, этнографиялық және лин­гвис­тикалық деректерді тарихи танымның оқшау типтегі қайнар көзі ретінде кешенді қалпында зерделей білу қажеттігін атап айтуы соның айқын дәлелі.
–Демек, бізде шежіре де, қазақ тарихы да ғылыми-зерттеу объектісі ретінде арнайы қарастырылуы қажет дейсіз ғой.
–Әрине, осы жерде бұрын-соңды өмір сүрген мемлекеттерді, оның ішінде Қазақ­стан Республикасында құрушы бірден-бір ұлт ретінде қазақ тарихы біздегі тарих ғылы­мының негізгі зерттеу объектісі болуы керек, ал қазақ тарихын шежіресіз зерттеу мүмкін емес. Шежіре ғылыми тұрғыдан танылмай, ешуақытта да объективті қазақ тарихы жазылмайды. Бұл – заңдылық. Өйт­­кені шежіре қазақ тарихының басты қайнар көздерінің, яғни деректік негіз­де­рінің бірі болып табылады. Тарихи дерек көзі ретінде шежірені жан-жақты зерттеп, зерделей отырып қана объективті, яғни шынайы қазақ тарихын жазуға болады. Де­мек, келешекте Қазақстанның тарих ғылы­­мы­ның үлкен бір саласы шежіретану болуы қажет. Қазақтың белгілі этног­раф-ғалымы Ақселеу Сейдімбектің шежі­ре­лік деректерді пайымдауға арналған еңбегін қарастырып отырғаныма біраз уақыт бол­ды. Ғалым өзінің шежірені эмпирикалық дең­гейде қарастырғандығын атап айтқан. Ал шежірені тарихымыздың қайнар көзі ретінде пайдалана білу үшін оны зерттеуді теориялық деңгейге көтере білу қажет.
– Ал сол шежірені қазақ тарихының қайнар көзі ретінде зерттеу, яғни тани білу ісі бүгінгі күні бізде қай дәрежеде деп ойлайсыз?
– Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін бізде шежірені тарихымыздың қайнар көзі ретінде тани білу ісі, яғни шежіретану ғылым ретінде қолға алынған да жоқ, қалыптасқан да жоқ. Тіпті шежіретану деген ұғымның өзі де жоқ. Себебі Қазақстанның тарих ғылымы бұрын  кеңестік Қазақстанның тарихын зерттеумен айна­лысса, бүгінде Қазақстан Республикасының тарихын зерт­теумен айналысуда. Яғни ғылы­мымыз ұлт­тың тарихын емес, сол ұлт­тың құрған мем­ле­кетінің тарихын зерт­теу­мен айна­лысу­да. Әрине, Қазақстан Рес­публи­касы­ның тари­хы зерттелу керек, жа­зы­лу да керек. Жиыр­ма жылдық тари­хымызды зерттеуге ешкім­нің қарсылығы жоқ. Ол туралы айтып та, жазып та жүрміз. Бірақ біріншіден, Қазақ­станның тарих ғы­лы­мының басты зерттеу объектісін қазір­гідей Қазақстан Республи­касының тарихы деп алсақ, онда біз өз тарихымызды өз қолымызбен тек 1991 жылмен ғана шекте­ген болып шығамыз. Өйткені ғылым әрбір терминді, әрбір ұғым­ды нақты өз орнында қолдануды талап етеді. Ал Қазақстан Рес­публи­касының дүние­ге 1991 жылы келген­дігі – тарихи фак­ті. Екіншіден, Қазақстан Республика­сы­ның тарихын зерттеу үшін шежірені дерек көзі ретінде пайдаланудың қажеті жоқ. Ал егер, Қазақстанның тарих ғылымының басты зерттеу объектісін қазақ тарихы деп алып қарайтын болсақ, онда біріншіден, оған қазақ хандығының тарихы да, одан бергі отарлау кезеңі де, арғы сақтар, ғұндар, түркілер дәуіріндегі тарихы­мыз да түгел кіреді. Екіншіден, бұл жағдай­да шежіре басты дерек көздерінің бірі ретінде қарастырылады. Міне, осы бағытта, осы мәселеде Ақселеу Сейдімбек ағамыз үлкен жұмыс атқарып кетті. Ол шежірені қазақ тарихының дерек көзі ретінде тани білуді теориялық деңгейге көтерді. Ендігі міндет ғалымның жазған дүниелеріне ал­ды­мен мұқият зер салып, содан кейін оны әрі қарай дамыту болып табылады. Ақселеу ағамыз кітабында өзінің саналы түрде эм­пи­рикалық мәселелерге баса назар аудар­ғанын атап айтқан.
– Сонда эмпирикалық мәселелер дегеніміз қандай мәселелер? Соған тоқтала кетсеңіз?
– Ол – қолда бар дүниелерді жинау, реттеу, жүйелеу, жариялау деген сөз. Егер  шежіреге қатысты Ақаңның сөзімен айтсақ, тарихтың құрдымына кетіп қалмай тұрғанда қолда бар шежірелерді түгендеп алу деген сөз. Сөз жоқ, ғылым үшін, ғылыми таным үшін эмпирикалық деңгейдің маңызы өте үлкен. Бір сөзбен айтқанда, эмпирикалық деңгей арқылы ғана теориялық деңгейге өтуге болады. Эмпирикалық деңгейде теориялық-методологиялық зерттеудің ғылыми базасы жасалынады. Ақселеу аға­мыз өзінің жоғарыда аталған іргелі еңбе­гінде осы уақытқа дейін қазақ этнография­сына қатысты терең ғылыми-теориялық пайымдаулардан гөрі эмпирикалық мате­риял­дардың басымдау болып келе жатқан­дығының себептерін айта келе, ғылым атау­лының азығы эмпирикалық материал­дар екендігін, эмпирикалық материалдар­сыз терең ғылыми-теориялық қорытынды­ларға қол жеткіземін деу, бейнелеп айт­қанда, адам болмысын көлеңкесінен тануға талпынғандай әрекет екендігін айтып, ғылым үшін эмпирикалық материал­дардың қаншалықты маңызды екендігін дәлелдей білді. Бірақ эмпирикалық мате­риал­дармен шектеліп, эмпирикалық дең­гей­де қалып қоюға тағы да болмайды.
– Олай болса, эмпирикалық деңгей мен теориялық деңгейдің айырмашылығы неде? Басқаша айтқанда, ұлттың өзінің шынайы тарихына деген сұранысын қанағат­тандыруда эмпирикалық деңгей не береді, теориялық деңгей не береді?
– Білім деңгейі ғылыми танымның осы екі деңгейіне сай қалыптасады. Егер эмпирикалық деңгейдегі білімде зерт­теудегі шындық оның сыртқы қасиеттерін суреттеу арқылы танылса, теориялық білімде шындық оның мәнін ашу арқылы танылады. Сондықтан да ғылым үшін, ғы­лы­ми таным үшін бір-бірімен тығыз бай­ланысты бұл екі деңгейдің айырмашылығы өте үлкен. Мысалы, қазақ халқы үшін ше­жіре бірнеше ғасырлар бойы эмпирикалық тарихи білім көзі ретінде ұлттың өз тарихына деген сұранысын қанағаттан­дырып келсе, енді ол теориялық білім қо­ры­ның қайнар көзі ретінде ғылыми негізде жазылар қазақ тарихының басты дерек көздерінің біріне айналып, ұлттың өзін-өзі тануына қызмет етуі тиіс. Ол үшін қазақ тарихшылары шежірені деректану ғылы­мының тұрғысынан зерттей білулері керек. Ол туралы біз «Жас Алаш» газетінің 2003 жылғы 16 қазанындағы 124 санында айт­қан­быз. Бірақ оған көңіл аударған пенде болған жоқ. Енді міне, Ақселеу ағамыз да шежірені әрі қарай пайымдау үшін оны деректану ғылымының теориялық-методо­логиялық тұрғысынан қарау керектігін айтып отыр. Демек, шежірені ғылымға айналымға тартудың бірден-бір жолы дерек­танудың теориясы мен методологиясы екендігі күмәнсіз.
– Сонда шежірені тарихымыздың дерек көзі ретінде деректану тұрғысынан қалай зерттеуге болады?
– Шежірені зерттеудің, яғни, шежі­ре­та­нудың түрлі жолдары бар. Шежірені ауыз әдебиетінің туындысы ретінде де, фольк­лордың негізінің бірі ретінде де қарауға болады. Дегенмен шежіренің ең басты ерекшелігі мен маңызы оның біздің тарихы­мыздың дерек көзі болып табылуында. Ақселеу ағамыздың ашқан жаңалығы – ол шежіренің бірнеше ғасырлар бойы атқар­ған функциясын айқын көрсетіп бергендігі. Біз қазақтың объективті де жан-жақты жазылған жазба тарихы жоқ дейміз. Ол рас. Бірақ тарихсыз ұлт болмайды. Өз тари­хын білгісі келмейтін ұлт және болмайды. Бұл міндетті кезінде шежіре атқарып келді. Ақселеу ағамыз шежіреге, шежірешілдік дәстүрге – қазақтың ауызша тарихы деп анықтама беріп, оны ғылыми негізде дә­лел­дей білді. Бұл оның ашқан үлкен ғылы­ми жаңалығы деп айта аламыз. Қазақта тарих болған, қазақ өзінің тарихын жақсы білген. Ол шежірешілдік дәстүр арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған. Бізде қазір шежіре бар, шежіре жинап жариялау­шылар да бар, ал шежірешілдік дәстүр жоқ. Шежірешілдік дәстүр дегеніміз не? Ол ұлт­тың бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан, дәстүрге айналған шежіре айту арқылы өз тарихын тануы, білуі, тіпті өз тарихын сүюі, мақтаныш етуі деген сөз. Әр ұлт өзінің тарихын өзі жасайды. Тамырсыз ағаштың болмайтындығы сияқты, тарихсыз ұлт та болмайды. Сол тарихты айту арқылы әр ұлт өзін-өзі тәрбиелеп, өзін-өзі жетілдіріп оты­рады. Міне, осы функцияны бізде шежіре­шілдік дәстүр атқарып келгендігін Ақселеу Сейдімбек ағамыз тамаша дәлелдей білді. Оның айтуынша: халқымыз тұтас ұлт болып шежірешілдік дәстүрге ынта қойды; шежіре арқылы ұрпақтар өткен тарихын біліп отырды; шежірешілдік дәстүр ру-тайпадан құралған қазақ хандығының ұйымдастыру­шы рөлін атқарады; қазақтардың бір ата­дан тарайтындығын, мақсат-мүдделерінің бір екендігін танытып, қысқаша айтқанда, қазақ ұлтының негізгі идеологиясы функ­ция­сын атқарды; қазақ халқында шежіре айтатын адамдар, шежірешілер үлкен құрметке, беделге ие болды; шежірені бү­кіл халық болып тыңдады, сондықтан қазақ шежіресінде жаңсақ пікірлер, ойдан құрас­тырылған деректер болған жоқ; біздің шежіреміздің басқалардан артық, шынайы болатын себебі осы; әр отбасының шежіресі рулық, тайпалық деңгейге көтерілсе, ру-тайпа шежіресі мемлекеттік деңгейге көтерілді. Міне, Ақселеу ағамыз осының бәрін ашып көрсетіп те, дәлелдеп те берді. Демек, бізде тарих айтылды, тарихқа деген үлкен құрмет болды. Ұлт шежіре арқылы өзінің шынайы тарихын біліп отырды. Сондықтан да шежіре тұтас қазақ халқының тарихын қамтитын маңызға ие болды. Дәлірек айтқанда, шежіре ұлттың тарихи жады міндетін атқарды. Біз «тарих – ұстаз, тарих тәрбиелейді, тарих сабақ береді» дей­міз. Бізде тарихтың бұл функциясы шежірешілік дәстүр арқылы жүзеге асыры­лып келді.
– Мұндай аса маңызды міндет атқарған шежірешілдік дәстүр бізде қай кезге дейін сақталып келді?
– Бізде шежірешілік дәстүр ХХ  ғасыр­дың 40-60-жылдарына дейін жеткен. Сол уақытқа дейін бізде шежіре­шілер болды. Сол кезге дейін қазақ ішінде өз ата-баба­сының шежіресін білмейтін адам кемде-кем еді. Белгілі зерттеуші С.Аман­жолов ке­­зін­­де өткен ғасырдың 30-40-жылдарына дейін бізде тіпті тұтас қазақ шежіресін айта­тын адамдар болғанын жазады. 20-жылда­ры Кеңес үкіметінің ор­науы, шежірешілерді «ұлтшыл» деп қуда­лау, шежіре айту дәстү­рін біржолата жойды. Осылайша, Кеңес үкіметі ұлтты тарихынан, яғни тарихи жа­ды­нан айырды. Бұл құйтұр­қы саясаттың қандай нәтиже бергенін бүгін бәріміз көріп отырмыз. Ұлтымыз шежіре айту дәстүрінен, яғни ауызша тарихынан толығымен айы­рыл­­ды, ал ғылыми негізде жазылған жазба тарихымыз әлі жоқ. Сондықтан да біз бүгін­гі күні дағдарған күйді бастан кешіруде­міз.

Өз ойым
– Әрине, тарих болады. Бірақ ол ХХІ ғасыр талабына сай ғылыми негізде жазылған жазба тарих болады. Ал шежіре сол келешекте жазылар қазақтың жазба тарихының негізгі қайнар көзінің бірін құрайды. Тарихты айтудың да, жазудың да формасы өзгеріп отырады. Ол – заңдылық. Егер бізде тарихты айту шежірешілдік дәстүр арқылы орындалып келсе, славян халықтарында бұл қызметті жылнамалар атқарды. Мәселен, славяндарда 800 жыл бойы тарих жылнама арқылы жазылды. ХVІІІ ғасырдан ХІХ ғасырға қараған уақытта ғана олар ғылыми тарихқа көше бастады. Ал жылнама негізгі тарих көзіне айналды. Ресейде 1834 жылы жылнама жинау, жариялау және зерттеумен айналысатын арнайы комиссия құрылды. Содан бері орыс тарихшылары жылнаматанумен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде оларда үлкен жылнаматану мектебі қалыптасты. Соның негізінде орыс тарихшылары өздерінің ғылыми тарихын жазды. Біз де жазба тарихқа көшуіміз керек. Ол – уақыт талабы. Ал шежіре дерек көзі ретінде пайдаланылуы керек. Ол үшін алдымен шежірені тарихымыздың дерек көзі ретінде зерттей білуіміз керек. Шежіретану деректанудың бір саласы ретінде қалыптасуы тиіс. Шежірелерді дерек ретінде жинап қана қоймай, оларды деректану ғылымы тұрғысынан талдай білгенде ғана қазақтың ғылыми жазба тарихы жазылуы мүмкін. Ол үшін қазақтың кәсіпқой тарихшылары деректану ғылымын терең меңгерулері қажет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста