«Шетелдік компаниялар Қазақстанның мүддесіне жұмыс істемейді» деп кесіп айтуға болмайды

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:

– Тамыз айының соңында Үкімет бірінші жартыжылдық жұмысын қорытындылап, бірнеше шара қабылдаған болатын. Соның бірі шетелдік компания капиталының белгілі бір бөлігін Қазақстан банкіне салуды міндеттеу болатын. Алайда қазір шетелдік басылымдарда осыған сәйкес, «Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жойылады» деген болжамдар жазыла бастады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?

– Әрине, шетелдік инвесторлар «Қазақстанның инвестициялық жағдайы төмендейді» деп айта береді. Мұндай әңгімелер оларға қазір керек-ақ. Алайда олардың елімізден әкетіп жатқан қаржысы мен бізге әкелген инвестициясы көлемін мүлде салыстыруға келмейді. Сондықтан бұл – көптен күткен жағымды хабар. Нарықтық экономикаға көшкеннен бастап, елімізге шетелдік инвесторлар келе бастады. Ең ірі компаниялар, мұнай-газ секторы, тау-кен өнеркәсіптері тағы басқа да шикізат нысандары негізінен шетелдіктердің қолына көшті. Тек қана мұнай секторын алатын болсақ, бірнеше жыл бойына оның 85 пайызын шетел инвесторлары өндіріп жатыр.

Уақытында шетел инвесторларын елімізге тарту қажет болды. Бірақ, өкінішке қарай, біз ондай мүмкіндікті толық пайдалана алмадық. Дегенмен «шетелдік компаниялар Қазақстанның мүддесіне жұмыс істемейді» деп тағы кесіп айтуға болмайды. Ол жаңсақ пікір болар еді. Өйткені елімізде ірі көлемде мұнай өндіріліп жатыр, одан мемлекетке салықтан табыс түседі. Жергілікті аймақ жұмыспен қамтылып, белгілі бір деңгейде сол өңірдің мәселелері шешілуде. Бірақ, меніңше, бұл жеткіліксіз, олар Қазақстанға толық өтем жасап жатқан жоқ. Бұл арада таразының басын тең ұстау керек деген қағиданы алға тартсақ, ондағы басымдық, әрине, шетелдіктердің үлесінде деп айтар едім. Мысалы, Елбасы биыл Қостанайда өткен шетелдік инвесторлармен кездесуінде оларға «қазақстандық үлесті кеңейтіңдер» деп тапсырма берген болатын. Бұл мәселе бес жыл бұрын да қозғалған. Бірақ шетел инвесторларының аталған міндетті орындаудағы үлесі тым мардымсыз болып шықты.

2005 жылдан бастап Елбасының тапсырмасымен шетелдіктердің қолына кеткен алпауыт компаниялардағы (Қашаған және т.б.) өз үлесімізді ақырындап көбейте бастадық. Жақында, мысалы, «МаңғыстауМұнайГаздың» 50 пайыз акциясын сатып алайық деп жатырмыз. Павлодар мұнай-химия зауытының 57 пайызын Үкімет өз қолына алды. Шымкенттегі мұнай өндіру кешені акциясының 50 пайызын сатып алдық, бұрын канадалықтарға берген Құмкөлдің 3/1 бөлігін Үкімет өз қолына алды. Бұл заңды құбылыс еді.

Міне, Үкіметтің ендігі шетелдік компанияларға міндеттеген тапсырмасын осы Елбасының «қазақстандық үлесті арттыру» ісінің жалғасы деп білу керек. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетел компанияларының капиталын қазақстандық банктерге салмауына жол бергеніміз – үлкен кемшілік. «Ештен кеш жақсы» демекші, Үкіметтің осы жағдайды реттеуді өз қолына алғанын құптаймын. Ол шетел капиталын Қазақстанның мүддесіне жұмыс істетудің бірден бір тетігі болар еді.

– Алайда қаржы дағдарысынан есеңгіреген банк секторына қазір сенім арту қиындау болып тұрған жоқ па? Соған қарағанда, шетелдік компаниялардың уәжіне негіз бар деп айта аласыз ба?

– Шетелдік инвесторлар ірі-ірі шикізат кен орындарын (мұнай-газ, түрлі-түсті металдар т.б.) игеріп отырып, еліміздің қаржы жүйесін қажетті деңгейде пайдаланған жоқ. Біржақты қозғалыста ақша ағылып жатты. Яғни Қазақстанның табиғи байлығын инвесторлар оффшорлар арқылы алып кетіп жатты, тағы бір жағынан, трансұлттық банктер арқылы сол саланы сырттан қаржыландырды, түскен пайда-капиталын да іште қалдырмады. Сондағы еліміздің табиғи байлығынан көрген пайдасы – жоғарыда айтылғандай, бюджетке түскен салық және өзге де төлем түрлері, жұмыс орындары т.б. Сөйтіп, шикізат секторы мен банк жүйесі бөлектелді, оларды байланыстырмайтындай ортасына қорған салынды. Осылайша, отандық инвесторлар, негізінен, шикізат секторына жіберілмеді. Мұндай жағдайда банктер құрылыс, ипотека, сауда сияқты тез де көп пайда беретін санаулы салаларға қаржыларын салды.

Екі-үш жыл бұрын банк жүйесінің қаржылары  артылып-тасығаны соншалық,   ол Ресейге, Қырғызстанға, Грузияға кетіп жатты. Қазақстандық инвесторлар басқа елдерде ірі нысандар сала бастады. Яғни бұл қаржылар Қазақстанның экономикасына сыймағандықтан кетіп жатты. Ал шикізат секторына сол кезде жол ашылғанда, көп қаржы өзімізде қалар еді ғой. Бұл – бір.

Банк жүйесінің осындай жағдайға жетуінің тағы бір себебі, қаржы нарығын жұмыс істетпедік. Бізде біржақты даму болды, яғни банк саласы алға жылжыды, қаржы нарығы тұралап қалды. Қор нарығын жұмыс істетеміз деп, бірнеше бағдарлама қабылдадық. Бірақ одан әлі күнге дейін күткен нәтиже жоқ.

– Яғни банк секторын оңалтуды Үкімет түбегейлі өз қолына алды дегіңіз келе ме?

– Қазір төрт банк мемлекеттің қарауына көшті, оның екеуі банкроттық жағдайда. 2005, 2006, 2007 жылдары банк активтері жыл сайын 70 пайызға дейін өсіп жатты. Қай сектор 70 пайыз өсуші еді?.. Ешқандай! Кейбір банктер активтерін екі есеге дейін өсірді. Мысалы, Альянс банк. Сол кезде «мұның ақыры неге апарып соғады?» деген заңды сауал туындады. Елбасының өзі 2006 жылы 15 қарашада қаржыгерлердің кезекті съезінде бүгінгі банк секторында болып жатқан келеңсіздіктерді дөп басып болжап айтты. Банкирлер де осындай жағдайдың болатынын алдын ала білді. Қаржы беріп жатқан шетелдік инвесторлар да өз есебін ұтымды түзе алды. Олар Қазақстанның бай мемлекет екенін, оның шикізат қорларының барын, барлық қарыздың мемлекет есебінен төленетінін білді. Мысалы, биыл Қытайдан 10 миллиард доллар қарыз алдық. Оның 5 миллиард долларын «МаңғыстауМұнайГазды» сатып алу үшін алдық, аталған компанияның 50 пайызын Қытайға бердік. Былтыр Ұлттық қордан 10 миллиард доллар қаржы бөлінді. Ол – мұнайдың, халықтың, болашақ ұрпақтың ақшасы. Сөйтіп, сыртқы қарызымызды табиғи байлықтың, яғни болашақ ұрпақтың есебімен жауып жатырмыз.

– Екінші деңгейлі банктердің мемлекет қарауына көшуінен не ұтамыз?

– Социалистік елдер нарықтық экономикаға көшкен кезде оны қалай жүзеге асырамыз деген мәселе көтерілді. Сол кезде, яғни 1990 жылы «Вашингтон консенсусы» қабылданған болатын. Либерализациялау, еркін сауда, жекешелендіру, әлеуметтік шығындарды шектеу деген сияқты ол он пункттен тұрды. Сол бойынша біз нарықтық экономикаға көштік. Оның дұрыс жағы да, бұрыс жағы да болды. Енді қаржы дағдарысына сәйкес, әлемде «Пекин консенсусын» қабылдау туралы мәселе көтеріліп жатыр. «Батыстың капитализмі елді құртады, бізге социалистік нарықтық экономикаға көшу қажет» деп, Дэн Сяопин 1979 жылы Қытай тарихында «100 жылдық бағдарлама» деп аталатын бағдарлама қабылдады. Одан бері 30 жыл өтті. Жыл сайын Қытай 9-10 пайыздық экономикалық өсіммен келе жатыр. Енді Қытай АҚШ экономикасын басып озатын кезеңге жақындап қалды. Соған сәйкес, әлемде жетістігі зор «Пекин консенсусына» қызығушылық танытып жатқандар күн өткен сайын артуда. «Пекин консенсусы» қазіргі әлемдік экономикалық дамуда үстемдік құрып отырған «Вашингтон консенсусын» алмастыруы әбден мүмкін. Мына дағдарыс басталғалы бері әлем бұрынғыдай  америкалық экономикалық жүйеге деген сенімін жоғалтты»,– дейді Цинхуа университетінің саясаттанушысы профессор Цуй Чжиянь. Вашингтон консенсусымен салыстырғанда, ол эволюциялық жолмен дамуды көздейді. Мәселен, Вашингтон консенсусына сәйкес бәрін бірден жекешелендіру керек болса, Қытайда бұл процесс біртіндеп жүргізілді. Яғни мемлекеттік кәсіпорындар нарықта бәскелес баламасы пайда болмайынша, ақырына дейін сақталып тұрды. Сөйтіп, онда белгілі бір секторлар жекешелендірілді, ал қалғаны біртіндеп саланың нарық заңдылығына жауап бере алған кезінде жекеменшікке өтті. Біз банк жүйесінде бәрін екінші деңгейлі коммерциялық банктерге айналдырдық, бірде-бір мемлекеттік банк қалдырмадық. Ақыры, бүгіндері амал жоқтан төрт банкті мемлекеттің қарауына алып жатырмыз. Мәселен, Ресейдегі алпауыт банктер – Сбербанк пен ВТБ банкі сияқты төрт банк мемлекеттің меншігінде. Міне, осы сияқты мемлекеттік банктерді қалдырып, сонымен қатар коммерциялық банктерді қалыптастырсақ, бүгіндері банк жүйесі қазіргі мүшкіл халге тап болмас еді. Биыл жылдың басында, біз   есептегенде, еліміздің банк активтерінің 22 пайызы шетелдіктердің қолында болатын. Жыл аяғына дейін осы сан қоюланбаса, сұйылар түрі жоқ. Мәселен, қазір Центркредит банкінің 40 пайыз активі корейлердің, 10 пайызы Халықаралық қаржы корпорациясына тиесілі. Яғни аталған банктің 50 пайыз активі шетелдіктердің қолында. БТА-ны Ресейдің Сбербанкі сатып алайын деп жатыр. Жалпы, қаржы дағдарысының басты қаупі – банк саласының ұлттық капиталдың уысынан шығуы. Жуырда «банк секторын шетелдіктерге беріп қоймаймыз» деп Елбасы айтқан болатын. Сондықтан Мемлекет басшысының осы айтқанын орындауымыз керек.

– Банк секторын   оңалтуға   қаншама қаржы жұмсалғанымен, қазір бұл ретте оң өзгерістер байқалмайды. Мамандар соңғы кездері «ол қаржыны одан да бюджеттік   сала   қызметкерлерінің жалақысын өсіруге жұмсау керек еді» деп те айтып жүр ғой...

– Біз банк жүйесінен айырылмауымыз керек. Өйткені банк жүйесі – Қазақстанның қан тамыры жүйесі. Мәселен, 80-жылдары Мексика банк жүйесінің 85 пайызын шетелдіктердің қолына беріп қойды, ал олар дағдарыс болған кезде бәрі бір күнде капиталын сыртқа алып шығып кетті. Қазір бұрынғы Шығыс Еуропа елдерінің банк жүйесінің 85-90 пайызы шетелдіктердің қолында. Дағдарыс кезінде олар зияннан басқа пайда көрген жоқ. Бізге ең басты нәрсе – ұлттық, мемлекеттік Тәуелсіздігіміз. Тәуелсіздікті сақтау үшін ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауымыз керек. Ұлттық қауіпсіздіктің негізі – экономикалық қауіпсіздікте. Экономикалық қауіпсіздіктің бірден-бір арқауы – банк жүйесінің қауіпсіздігі. Күзде қаржы жүйесінің жаңа концепциясы жасалайын деп жатыр. Сонда менің ойымша, шетелдік инвесторларды шектеу туралы анық жазылуы керек.

– Ол шектеулер неге негізделуі тиіс?

– Экономикада «шетелдік инвесторлар деп аталатындар» деген термин бар. Мысалы, мұнайдың 85 пайызын шетелдіктер өндіріп жатыр дейміз, ол құжаттарда да солай. Бірақ олардың артында биліктегі және оның төңірегіндегі адамдардың тұрғаны ешкімге қазір жасырын емес, бұрында ол белгілі болатын. Қаржы дағдарысының бірден бір пайдасы – көлеңкелі экономиканың пердесін түрді. Қазір Еуропалық Одақ елдерінде қаржы жүйесіндегі ашықтық, жариялылық туралы мәселе қозғалуда. Олар заңға «Еуропалық Одақ аймағында жұмыс істейтін компаниялар оффшорлықпен айналыспауы керек» деген талапты енгізбекші. Бұл – өте жақсы процесс. Елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдіктердің негізгілері – оффшорлық компаниялар және солармен жұмыс істейтіндер. БТА, Альянс банк мәселесіне қарасаңыз, сондай оффшорлық зоналар арқылы қаржының көп бөлігі біреулердің қалтасына кетіп қалғаны көрініп тұр. Жалпы, Қазақстан экономикасының негізін қалаушы компаниялар қашанға дейін оффшор арқылы жұмыс істеуі керек? Ол кімге тиімді? Ол мемлекетке тиімді емес, халыққа да тиімді емес, белгілі бір топтарға ғана. Сонда неге экономикамыз ат төбеліндей топтардың мүддесі үшін жұмыс істеуі керек? Мәселені осылай қойсақ, бұл арада қандай шектеулер қоюымыз керектігі өздігінен анықталады.

– Назардан ауыл шаруашылығы саласын да тыс қалдыруға болмайтын секілді. Өйткені аталған салаға шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып  жатыр. Оның өзге салалардың күйін кешпес үшін не істеу қажет?

– Иә, Әлемдік банк, Халықаралық валюта қоры, БҰҰ, Сауд Арабиясы, Қытай сияқты кейбір елдер еліміздің ауыл шаруашылығына үлкен қызығушылық танытып отыр. Өйткені Қазақстан, Ресей, Украинаның игерілмей жатқан 10-12 миллион гектар жері бар. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына да міндетті түрде шетелдік инвесторлар, қаржы, банк келетін болады. Онда да олар түбінде «жерді жекеменшікке беріңдер» деп сұрайды. Мәселенің бәрі осыдан тууы әбден мүмкін. Негізі, Жер кодексінде «шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жері жекеменшікке берілмейді, тек қана жалға беріледі» деп жазылған. Кешегі күнді ұмытқан жоқпыз. 1990  жылдың басында ауылшаруашылық жерлерін тауар өндірушілерге пайдалануға бердік. 1994 жылдан бастап осы жерді пайдалану құқын сата бастадық. Биліктегілер: «Жер жекеменшіктің қолына өткен жоқ, ол мемлекеттің меншігінде, тек пайдалану құқығы ғана сатылып жатыр»,– деп айтты. Ал енді сол саясаттың салдарын біз көріп отырмыз. 2003 жылға дейін латифунистер шаруалардың жерді пайдалану құқын әртүрлі жолмен тегін, не арзанға сатып алды. 2003 жылы Жер кодексі қабылданған кезде сол 170-баптың 3-пунктінде былай деп жазылған болатын: «Мәмілелер жасалған кезде қолданыста болған заңдарға сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейін сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалары, осы кодекс қолданысқа енгізілген кезден бастап, осы кодексте белгіленген жер учаскелері нормаларының шегінде жекеменшік құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаскелерінің меншік иелеріне айналады». Қанша жер осы норма бойынша жекеменшікке өтіп кетті.

Енді жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесіне келсек. Мысалы, Алясканы алыңыз. Америкалықтар ол жерді патшалық Ресейден 100 жылға жалға алған. 100 жыл баяғыда өтіп кетті, бірақ алпауыт деген Ресейдің өзінің жерін қайтарып алуға шамасы жетпеді. Жоғарыда аталған Жер кодексі 170-бабының 3-пунктін заң жобасынан алып тастау керек деп біз қанша рет айттық, жаздық. Кезінде «Отан» партиясына дейін бардық. Сол кездегі «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы Амангелді Ермегияев Мәжілісте осы норманы алып тастайық деп ұсыныс жасады да. Бірақ бұл оның да қолынан келмеді. Ол арада белгілі бір топ өз мүддесін өткізе алды. Бұдан кейін қазіргі заң бойынша шетел инвесторлары жерді он жылға жалға алып, ертең жаңа тағы бір Парламент сайланғанда, «шетелдіктерге сол жерді меншікке тегін бере салайық» деген секілді норманың қабылданып кетпесіне кім кепілдік бере алады?..

– Әңгімеңізге рақмет!

Тосын ой
Қаржы дағдарысына сәйкес, әлемде «Пекин консенсусын» қабылдау туралы мәселе көтеріліп жатыр. «Батыстың капитализмі елді құртады, бізге социалистік нарықтық экономикаға көшу қажет» деп, Дэн Сяопин 1979 жылы Қытай тарихында «100 жылдық бағдарлама» деп аталатын бағдарлама қабылдады. Одан бері 30 жыл өтті. Жыл сайын Қытай 9-10 пайыздық экономикалық өсіммен келе жатыр. Енді Қытай АҚШ экономикасын басып озатын кезеңге жақындап қалды. Соған сәйкес, әлемде жетістігі зор «Пекин консенсусына» қызығушылық танытып жатқандар күн өткен сайын артуда. «Пекин консенсусы» қазіргі әлемдік экономикалық дамуда үстемдік құрып отырған «Вашингтон консенсусын» алмастыруы әбден мүмкін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста