Шерулерге, наразылық акцияларына шығу – қуаттылықтың белгісі емес, керісінше, дәрменсіздік
Сиязбек МҰҚАШЕВ, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы:
– ТМД-ға мүше мемлекеттердің кәсіподақтар федерациясы орталық кеңсесі Мәскеуде орналасқан Халықаралық кәсіподақтар бірлестігіне бірігеді. Бұл бұрынғы Кеңес дәуіріндегідей кіріптарлық немесе тәуелділігіміз болмай ма?
– Бұл ешқандай тәуелділік емес. Кеңес Одағы кезінде кәсіподақтар кеңесінің ең үлкен қоғамдық ұйым болғаны белгілі. Оның құрамындағы мемлекеттер жеке-жеке шаңырақ көтеріп, тәуелсіз ел болып кеткенде де осы кәсіподақтар арасындағы байланысты сақтап қалу үшін біраз жұмыстар істедік. Осыған орай Достастық елдері Халықаралық кәсіподақтар бірлестігін құрып, байланысымызды жолға қойып алдық. Қазіргі кезде бұл халықаралық ұйым ТМД-ның 10 ұлттық кәсіподақ орталықтарын және 32 халықаралық салалық кәсіподақтар бірлестігінің басын біріктіреді. Жалпы саны 50 миллионға жуық мүшесі бар. Бұл дегеніңіз – аса үлкен күш. Мемлекеттердің саяси-әкімшілік жүйесінде, әлеуметтік-экономикалық деңгейінде айырмашылықтар болғанымен, азаматтардың әлеуметтік-еңбек құқығын қорғауда бірлесіп атқарар шаруа ұшан-теңіз. Еңбек қатынастары мен жұмысшы құқығы – жаһандық мәселе. Мұндай жаһандық мәні бар проблемаларды шешуде үлкен ұйымдардың рөлі зор. Бірақ бұл бұрынғы Кеңес Одағындағыдай нұсқау беріп басқаратын ұйым емес.
– Жақында Мәскеуде осы халықаралық ұйымның келелі кеңесі өтті. Қандай мәселелерді талқыладыңыздар?
– Жылына бір-екі рет жиналып, келелі мәселелерді талқыласамыз. Басқосуларымыз тек Ресейде ғана емес, басқа мемлекеттерде де өткізіліп отырады. Қазақстанда да бірнеше рет бас қосып, Қостанайда, Алматыда алқалы жиындар ұйымдастырдық. Бұл жолғы Мәскеудегі басқосуда қаралған мәселе – жаһандық қаржы дағдарысына байланысты кәсіподақтардың жұмысын бір жүйеге келтіріп, басқа елдерге барып жұмыс істеп жатқан азаматтардың құқығының қорғалуына қатысты мәселелерді талқыластық. Мәселен, көршілес Өзбекстаннан, Қырғызстаннан біздің елге келіп немесе бізден Ресейге барып жұмыс істеп жатқандар бар. Оларды да қараусыз қалдыруға болмайды.
– Бұл жиынға жан-жақтан, соның ішінде ТМД елдерінен кәсіподақ басшылары келді. Баяндамаларын, әңгімелерін тыңдадыңыз. Олардағы жағдаймен салыстырғанда, дағдарыс жағдайындағы Қазақстанның еңбек нарығындағы ахуалы қалай?
– Асыра мақтағаным емес, Қазақстанның дағдарысқа қарсы іс-шараларда Достастық елдерінің ішінде мойны озық тұр. Мемлекет тарапынан, Президенттің басшылығымен қолға алынып жатқан жұмыстар көп әрі нәтижесі де бар. Елбасының биылғы жолдауы да көп нәрсенің басын ашып, жөн көрсетіп берді. Әлеуметтік төлемдердің, еңбекақыны өсіруге бөлінген қаражатты қандай жағдайда да қысқартпауды, жұмыссыздықтың белең алып кетпеуін қадағалауды қадап тұрып айтты Мемлекет басшысы. Осының өзі қарапайым еңбек адамына зор көңіл бөлініп отырғанының белгісі.
Бір жақсысы, бізде «дағдарыс түгімізді қалдырмай кетеді-ау» деген соншалықты қатты үрей жоқ. Атқарылып жатқан іс-шаралардың арқасында біраз іс жүйеге келіп қалды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің бастамасымен экономиканы қолмен басқаруға көштік. Бұрын нарықтық тәсілмен басқарылатын. Яғни нарықтық экономикада қайшылықтар өздігінен сұраныстың, ұсыныстың, бәсекенің ықпалымен өзі реттелетін. Бірақ дағдарыс нарыққа кері әсерін тигізетін болғандықтан, қолмен басқару тәсілін қолдануға тура келіп отыр. Меніңше, бұл дер кезінде қолға алынған оң шара болды.
– Әлемдік қаржы дағдарысының бізге тигізер салқынына қарсы Үкімет қолға алып жатқан шараларға қалай қарайсыз?
– Мұндай дағдарыс кезінде орын алатын жаппай қысқартулар мен жұмыссыздықтың белең алып кетпеуіне қарсы ауыз толтырып айтарлықтай шаралар қабылданып үлгерді. Ең бастысы, кешікпей қимылдадық. Үкіметтің өзі бас болып, жергілікті әкімшіліктердің, біздің кәсіподақтардың қатысуымен жұмыс берушілермен жаппай қысқартуларға жол бермеу туралы арнайы меморандумдарға қол қойылды. Үлкен өндіріс орындарында осындай 1000-ға жуық меморандум қабылданыпты. Бұл шараның жұмысшылардың қысқартуға ұшырамауына, жалақысына нұқсан келтіретіндай басқа жайттарды болдырмауға үлкен көмегі тиіп тұр. Шынын айту керек, бұл – нарық заңдылықтарына қайшы. Өнім өндіру көлемі қысқарып, жұмыстары тоқтап жатқан кәсіпорындарға жұмысшыларды қысқартпа, еңбекақысын төлеп тұр деп қалай айта аласың? Дегенмен де қысқартуға ілігетін жұмысшыларды кәсіпорын ішіндегі басқа қызметтерге уақытша болса да ауыстыру, басқа қажет мамандықтарға бейімдеп, қайта даярлап шығу жолдары қолданылуда. Бұл мемлекетімізге жұмыссыздыққа жол бермеудің жолы болса, кәсіпорынға дайын, білікті жұмыс күшін жоғалтып алмай, өздерінде сақтап қалуға көмектеседі. Дағдарыс та мәңгілік емес, Елбасы айтқандай, «өтеді, кетеді».
Осы жұмыссыздыққа жол бермеу мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралардың аясында 300 мыңға жуық жұмыс орны ашылуға тиіс. Мемлекет басшысының жолдауына байланысты, Қазақстан үшін үлкен сан деуге болады, 1 миллионға жуық уақытша жұмыс орны ашылады. Қысқартудан аман алып қалуды ғана ойластырып жатқан жоқпыз. Тіпті жұмыссыз жүргендерді де оқытып, мамандар даярлап шығу мәселесіне қатты көңіл бөлініп отыр. Үкімет ұйымдастырып жатқан бұл жұмыстарға біз де қатысып, мониторинг, есептерін жүргізіп жатырмыз.
– Ал, кемшіліктер туралы...
– Әрине, осы аталған шаралар барлық жерде бірдей жақсы жүріп жатыр деуге болмайды. «Бір биеден ала да, құла да туатыны» секілді, түрлі кемшіліктерге жол беріп отырған өңірлер де бар. Атап айтқанда, Павлодар, Маңғыстау облыстарында көптеген еңбеккерлер, сонымен қатар «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына қарасты бұрғылау жұмыстарын жүргізетін ірі бір кәсіпорынның 2000-ға жуық жұмысшысы тиісті еңбекақысын ала алмаған соң жұмыстарын тоқтатып, талаптарын қойды... Жалпы, соңғы бірер айда осындай жағдайларда кәсіподақтың, Үкіметтің, прокуратура органдарының араласуымен 1 миллиард теңгеге жуық төленбей жатқан еңбекақы өз иелерін тапты.
Көңілге бір медет беретін жағдай – дағдарыс тоқтаған кезден-ақ экономикамызды алға қарай тез жылжыта бастайтын күш-қуатымыз бар. Біз сенеміз. Әрине, солай екен деп қол қусырып отыра бергеннен ұтыламыз. Сондықтан біз де Елбасының халыққа жолдауындағы айтылғандарды ескере отырып, арнайы қаулы қабылдап, дағдарыс зардаптарын барынша жеңілдету мақсатында басқа мекемелермен бірлесіп жұмыстар істеп жатырмыз.
– Мұның бәрі кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындардағы жағдай. Ал министрліктерде, шағын кәсіпорындарда кәсіподақ жоқ. Олардағы жағдай қандай?
– Кәсіподақ деген – жоғарғы жақтың нұсқауымен құрылатын ұйым емес. Оны құруға адамдардың өздері ерікті түрде шешім қабылдауы керек. Тіпті әлі де біздегі шетелдік алпауыт компанияларда кәсіподақ ұйымы жоқ. Олардың бәрі де жекеменшік ұйымдар. Оларға барып, «кәсіподақ құрыңдар» десек, ішкі ісіне араласқан болып шығамыз. Біздің ондай құқығымыз жоқ. Бәрі де жұмысшылардың өз қолында. Егер осы кәсіпорындардың жұмысшылары жиналып, өздері кәсіподақ ұйымын құрамыз десе, бізге мүше боламыз десе, онда біздің ықпал етуге толық құқығымыз бар. Мұндай жағдайда бізге кедергі болуға ешкімнің құқы жоқ.
Сондықтан да біздің ең негізгі мақсатымыз – халыққа кәсіподақ дегеннің мәнін түсіндіріп, өз құқығын қорғауға жағдай жасау. Бір кәсіподаққа бағынышты болу міндетті емес. Әр кәсіпорын қызметкерлері өздері-ақ жиналып, ұйым құра алады. Егер жұмысшылар ұйым құрған болса, жұмыс берушінің алдында да жорғаламайды, өз талаптарын батыл қоя алады. Қандай үлкен жұмыс беруші де ұйымдасқан адамдардан сескенеді, көпе-көрнеу қиянат жасауға бата алмайды. Олар кәсіподақ ұйымының барлық талаптарымен есептесуге міндетті. Бұл жөнінде Еңбек кодексінде жан-жақты айтылған. Ешқандай кәсіпорын немесе мемлекеттік мекеме, тіпті мемлекеттің өзі еңбек адамдарының кәсіподақ ұйымын құруына қарсылық жасауға құқығы жоқ. Бұл – әлемдік қауымдастықта қалыптасқан қағида. Біздің заңдарда да айқын көрініс тапқан. Тек біздің менталитетіміз осыған бейімделе алмай келеді.
– Кәсіподақ құру үшін қанша адам болуы керек?
– Он адам бар жерде қоғамдық ұйым – кәсіподақ құра алады.
– Егер мұндай бастамаға жұмыс беруші тарапынан қарсылық болып жатса, сіздер көмек бере аласыздар ма?
– Көмек бере аламыз. Міндетті түрде. Егер жиналып, өз кәсіподақ ұйымын құрайық деген бастамаға кәсіпорын басшылығы қарсы болып жататын болса, осы жайтқа тап болып отырған адамдар келіп, бізге арыз айтатын болса, көмек беруге құқығымыз бар. Қолымыздан келеді де.
– Тексеріп, кәсіподақ құруды талап етуге құқықтарыңыз жоқ екен. Кәсіпорынның «ішкі ісіне араласа алмаймыз» дедіңіз. Соған қатысты бір сұрақ туындап тұр. Жалпы, кәсіподақтарға берілген өкілеттілік жеткілікті ме?
– Өкілеттігі жеткілікті. Еңбек кодексінде кәсіподақтарға қатысты нормалар жақсы жазылған. Біз – Дүниежүзілік еңбек ұйымының мүшесіміз. Яғни оның да талаптарын орындауымыз керек. Еңбек қатынастарын реттейтін заңдарымыз сәйкесуге тиіс. Әлемдік қауымдастықта, жалпы, өркениетті қоғамда басқа бір ұйым тарапынан тексеру, талап ету дегендер жоқ. Демократиялық жолмен ғана кәсіподақ құруға жол беріледі.
– Парламентте кезінде «Еңбек» деген депутаттық топ болды. Олармен жақсы жұмыс істедіңіздер. Ал қазір ондай топ жоқ. Қиындықтар туындап жатқан жоқ па?
– Ондай арнайы депутаттық топ қазір жоқ. Бірақ әлеуметтік мәселелермен айналысатын комитет бар. Сонымен қатар еңбек қатынастарына, әлеуметтік мәселелерге қатысты түрлі заңдар қабылданған кезде арнайы жұмыс топтары құрылады. Солармен жұмыс істейміз. Парламент депутаттарымен қарым-қатынасымызда ешқандай кедергілер жоқ. Бірақ «Еңбек» депутаттық тобы біздің ТМД елдері ішіндегі ең алғашқы бастама болатын. Бізден кейін осындай депутаттық топ құрып жатқандар болды. Ең бір жақсысы, сол депутаттық топ құрған кезде Еңбек кодексімізді қалыптастырып алдық. Біздің еліміздің Еңбек кодексі Достастық елдерінде алдыңғы қатарлы заңдардың бірі болып саналады. Дегенмен қоғам бір орында тұра бермейді. Экономика алға ілгерілеген сайын жаңа еңбек қатынастары пайда болады. Осындай себептермен қазір Еңбек кодексіне өзгертулер енгізу керек екендігі белгілі бола бастады. Арнайы жұмыс тобын құрып, 60-тай ұсыныс әзірлеп қойдық.
– Ұсыныстарыңызды түгел түсіндіріп шығу оңай болмас. Ең басты ұстанымдарыңызды айтсаңыз...
– Ұсыныстарымыздың ең басты көздегені – әлеуметтік әріптестікті әрі қарай тереңдете түсу. Біздің қоғамда БАҚ-тарда «кәсіподақтарымыз жуас, қатты наразылық көрсетпейді» деген пікірлер айтылып қалады. Өз басым бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Шетелдерде жұмысшылар, кәсіподақтар шерулерге жиі шығып жатады. «Біздің кәсіподақтар неге осындай батыл шаралар ұйымдастырмайды?» дейтіндер де бар. Біріншіден, Қазақстанның өзінің даму жолы, ұстанған берік саясаты бар. Анау елде шеруге шығыпты, мынау елде наразылық өтіпті деп біз де жиналып кез келген жайтқа байланысты көшеге шыға салатын болсақ, кім болғанымыз? Кез келген дауды ең алдымен бейбіт келісім жолымен шешуге тырысу керек. Қоғамға орынсыз лаң салғаннан гөрі біз осы жолды оңтайлы көреміз. Келісім емес, керістен сол ұжымның да, шеруге шыққан жұмысшылардың да ұтары шамалы. Жұмыстың бірер сағатқа тоқтауының өзі үлкен шығын әкелуі мүмкін. Сөйтіп, жұмыс тоқтап, өнім өндірілмейді, жалақы төленбейді. Екіншіден, біздің елімізде соншалықты шиеленісіп жатқан еңбек дауы жоқ. Егер нешеме мыңдаған жұмысшының құқығы тапталып, қиянат жасалып жатса, әңгіме басқа. Ал жекелеген кәсіпорындардың еңбекақыны уақтылы бермеуі секілді мәселелер кәсіподақ ұйымдарының табанды талаптарының арқасында шешімін тауып жатыр. Қатты наразылықтар да көрсеткен кездеріміз бар. Бірақ оның бәрін тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары ғана көрсетеді де, қоғамға жете бермейді. Содан біздің Кәсіподақтар федерациясы айқай-шу шығармайды, қауқары жоқ деген пікірлер айтылады. Мейлі, 2 миллионнан астам мүшесі бар қоғамдық ұйымда барлығы да тап-тұйнақтай қалыптасқан, қателіктер, кемшіліктер жоқ деп ешкім айта алмайтын шығар.
Тәуелсіздігімізді енді алып, мемлекеттігіміз қалыптасып жатқан кезде біраз қайшылықтар болды. Соның өзіне төзімділік көрсетіп, тіпті мемлекет іргесін шайқайтындай наразылық дүмпуіне де жол бермегенбіз. Егер сол ашу-наразылыққа ерік берсек, ақылға салмасақ, қолымызда бардан айырылып қалар едік. Шерулерге, наразылық акцияларына шығу – қуаттылықтың белгісі емес, керісінше, дәрменсіздік! Келісім, түсіністік жағдайында шеше алмаған соң осындай қоқан-лоқы әрекетке бару – басқа шараның қалмағандығының көрінісі.
– Ұжымдық еңбек келісімшартын жасаудың артықшылықтары туралы Елбасының өзі атап айтқан болатын. Кәсіподақ ұйымдары да жіті қолға алып, арнайы акция өткізіп, бірқатар шаралар атқарды. Содан бері оң өзгерістер бар ма?
– Президент ұжымдық еңбек келісімшартын жасау туралы акцияға бас болып, үлкен көмек көрсетті. Кәсіподақ ұйымдары түгелдей ұжымдық келісім жасасып үлгерді. Бізде 17 мыңдай кәсіподақ ұйымы бар. Басым көпшілігі шартты келісіммен жұмыс жасайды. Оған қоса, 13-14 мың кәсіподақ ұйымы жоқ мекемелерде жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасында ұжымдық еңбек келісімі жасалды. Сөйтіп, осы акцияның өзінде ұжымдық келісімшарттар саны екі есеге артты. Жұмыс берушімен жеке-жеке емес, ұжым болып келісудің артықшылықтары өте мол. Екі жақ қол қойып, бекіткен соң келісім кәдімгі заң іспетті болады. Жұмысшы жақ та, жұмыс беруші жақ та өз талаптарын талқылап отырып, енгізе алады. Тараптар оның бұлжытпай орындалуын екі жақтан бақылап отырады. Оған деген жауапкершілік зор.
– Тәуелсіздік алғалы бері біртіндеп болса да ұлттық мәселелеріміз шешімін тауып келеді. Сол біртіндеп жүзеге асырылудың арқасы болса керек, ел іші тыныш. Сіздің осы жүрісімізге көңіліңіз тола ма?
– Ғасырға жуық уақыт бойы қалыптасқан жүйені бірер жылда тас-талқан етіп, орнына жаңасын орната салу мүмкін емес. Менің ойымша, барлық ұлт пен ұлыстар ауызбіршілікте болып, еліміздің тыныштығы бұзылмаса, бәрі біртіндеп қалпына келеді. Оған өз басым сенімдімін.
Жақында екінші Ұлттық халық санағын өткіздік. Құдайға шүкір, 67 пайызға жетіппіз. Бірақ көңілімде мынадай бір күдік қалды: түрлі себептермен талай қазақ баласы санаққа қатыса алмады-ау деп ойлаймын. Бәлкім, осы санаққа жеңіл-желпі қарамасақ, талай ұлттық мәселемізді шешіп алуға мүмкіндік беретінін ескерсек, 70 пайызға да жетіп қалар ма едік. Алматының төңірегіндегі «Шаңырақ» секілді аудандарда немесе Астана тәрізді қалаларда ауылдан келіп, бас көтерер уақыты болмай жұмыс істеп жатқан ағайындар осы есепке кірмей қалды. Санақшыларға өкпе жоқ. Жарнама жасалды. Бірнеше ай бойы хабарландырулар жүрді. Тек өзіміздің бар екенімізді, көп екенімізді көрсету үшін таласа-тармаса қатысуымыз керек еді. Біз осы санаққа жаппай қатысып, бар екенімізді, мол екенімізді көрсету арқылы бірқатар мәселелердің шешілуіне жол аша алар едік. Мәселен, қазақ тілінің мәселесі тек Мемлекет басшысы немесе кейбір белсенді азаматтарымыз ғана айналысатын шаруа емес. Ұлт болып күресуге тиіспіз.
– Рақмет.
АЛАШ-ДЕРЕКНАМА
Сиязбек Өнербекұлы МҰҚАШЕВ – Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы. 1939 жылдың 7 мамыры күні Семей өңіріндегі Шар ауданына қарасты Ақши ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1962 жылы жоғары оқу орнын бітірісімен туған облысындағы Шұбартау ауданында мал дәрігері болып бастапты. Көп жылдар комсомолда, компартияда еңбек етті. 1983 жылы Талдықорған облыстық кәсіподақтар кеңесіне төраға болып тағайындалады. Содан бері осы салада үздіксіз еңбек етіп келеді. Еңбекші қауымның жоғын жоқтап жүргеніне де ширек ғасырдан асыпты. 1992 жылдың қазан айында ол Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы болып сайланады. Сол Тәуелсіздігіміз жарияланған алғашқы жылдардан бері Сиязбек Өнербекұлы отандық кәсіподақтар жүйесі қалыптасуының ыстығына күйіп, суығына тоңып, бар қиындығы мен қуанышын бірге көріп келеді. Бүгіндері ол 70 жасқа толып отырса да, өзі біте қайнасып кеткендей еңбегінен қол үзген емес. Шөбере сүйіп отырған бақытты ата.