Ақмырза РҮСТЕМБЕКОВ, ҚР Сәулетшілер одағының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы, профессор:
– Еліміздегі қалалардан қазақи ұлттық нақыштағы архитектуралық ғимараттарды табу қиын. Ұлттық архитектураның дамуына не кедергі? Өзіңіздің туындыңыз – Астананың бет-бейнесіне айналған Бәйтерек кешенінен де ұлттық нақыштағы бояуды табу қиын. Жалпы, өткен тарихымыз, ұлттық құндылықтарымыз бен бүгінгі жаңа заманға сай архитектуралық жетістіктерді неге байланыстырмасқа?
– Шынымен де, ұлттық архитектура немесе ұлттық сәулет өнерінің дамымай отырғаны рас. Оған әсер ететін факторлар көп. Біз қазір ұлттық үлгідегі ғимараттар деп Қожа Ахмет Яссауи, Айша Бибі кесенелерін айтып жүрміз. Бірақ олардың өзі шығыстық үлгіде. Яғни біздегі ғимараттардың барлығы дерлік басқа заманның, басқа ұлттардың не болмаса түрлі ұлттардың біріктірілген формасы негізінде қаланған. Дәл бүгінгі таңда салынып жатқан құрылыстардан да ұлттық иіс сезілмейді. Бүгінде барлық мемлекеттегі құрылыс нысандарының көпшілігі жаңа заманға сай лайықталып салынуда. Осы орайда біз де жаңадан салынатын ғимараттарға ұлттық нақыштарды кіргізуді мақсат етуіміз керек. Тіпті мұны мемлекет тарапынан қадағалап отыру қажет. Еліміздегі архитектуралық нақыштарды сырттан келген адамға Қазақстанға келгенін бірден сездіретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек. Осы орайда айта кетер жайт, сәулет өнеріне бизнеспен саясат әбден араласып кетті. Алайда кейде лауазымды адамдар немесе қалтасы қалыңдар тиісті орындардың бақылауынсыз өз ойларын жүзеге асыруға тырысады да, толық тексеруден өтпеген нысандар да бой көтеріп жатады. Ұлттық құндылықтан өз мүддесін жоғары қойғандар ойындағысын істеп бағуда.
– Соңғы кездері қаланың орталық көшелеріндегі көп қабатты үйлердің астын дүкендер мен қызмет көрсету орындарына айналдыру дәстүрге айналды. Жалпы, үй салар алдында бастапқы жобаға кірмеген, бірақ кейіннен жүргізілген қосымша құрылыс жұмыстары қаншалықты қауіпсіз?
– Көп қабатты үйлердің астына қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізер алдында мұқият тексеру жұмыстары жүргізілуі керек. Себебі үй салар алдында бастапқы жобаға кірмеген, бірақ кейіннен жүргізілген қосымша құрылыс жұмыстары қауіпті. Пәтерді қайта жоспарлау салдарынан апатты жағдайдың орын алып жатқанын көріп жүрміз. Негізі, қандай қала немесе ауыл болсын салыну кезінде бас жобаға сәйкес тұрғызылуы керек. Қала әу баста тұрғызылып жатқанда экономикалық немесе туристік тіпті қаржы орталығы болып алдын ала бас жоспармен бекітіледі, мемлекеттік сараптамадан өткен соң, жоспар бойынша құрылыс жүргізіледі. Алайда көптеген қалалар өркендеу барысында бас жоспар бойынша салыну параметрлерін сақтамайды. Оған қала экономикасы немесе бизнес әсер етеді. Қала да тірі организм секілді, онда үнемі қозғалыстағы адамдар мен автокөлік, коммуникация жүйесі бар. Осыған сай бекітілген бас жоспарға өзгеріс енгізілсе, онда ол қаланың тұрмыс-тіршілігіне, тұрғындарына қолайсыздық әкеледі. Сондай-ақ бас жоспардан тыс кейінгі жүргізілген құрылыстар сейсмикалық жағынан да қауіпті. Мәселен, Алматы қаласында 1970 жылдан кейінгі салынған құрылыс нысандары тоғыз балдық жер сілкінісі талабына сай тұрғызылған. Ал оған дейінгі салынған көп қабатты үйлер мұндай талапқа сай келмейді. Өйткені 1970 жылға дейін Алматы қаласының техногендік жағдайы дұрыс зерттелмеген. Алайда қаламызда 1970 жылға дейін тұрғызылған тұрғын үйлер, мекемелер жетерлік. Сондықтан оларды тез арада бұзып, қайта құру немесе күрделі жөндеуден өткізу керек.
– Күрделі жөндеу демекші, жақында ғана Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің қатысуымен өткен Қазақстан-Ресей аймақаралық ынтымақтастығының VІІ форумында тұрғын үй саласы ерекше сөз болды. Онда ескі және апатты жағдайда тұрған тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізетін арнайы қорлар құру қажеттігі айтылды. Мәселен, осындай қор жұмысының арқасында көршіміз Ресейде 11 млн адам тұратын 11 мың үй күрделі жөндеуден өткізілген көрінеді. Еліміздегі ескі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу үшін арнайы қор құруға қалай қарайсыз?
– Өте дұрыс қараймын. Бізге де мұндай қорларды әлдеқашан құру керек еді. Әсіресе Алматы қаласында тозығы жетіп тұрған, күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер мен нысандар жетерлік. Осы орайда мемлекет бас болып қорлар құрып жатса, өте дұрыс болар еді.
– Жалпы, қазіргі таңда құрылыс нысандары бой көтерер алдында сіздермен келіп алдын ала ойласа ма?
– Менің айтқым келіп отырғаны да – осы. Қазір ғимараттар тұрғызылар алдында сәулетшілер одағына келіп, ешкім ақылдаспайды. Кеңес заманында ғимараттар тұрғызылар алдында Сәулетшілер одағына келіп ақылдасатын. Сәулетші мамандардың талқылауынан кейін ғана құрылыс жоспары құзырлы орындарға жолданып, құрылыс басталатын. Ал қазір бұл жүйе жойылған. Сәулетшілермен ақылдасып отырған ешкім жоқ. Негізі, әр қалада арнайы кеңес құрылған. Маңызды деген нысандар тұрғызылар алдында осы кеңесте талқылаудан өтуі тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, көп қалада бұл кеңестің жұмысы қағаз жүзінде ғана орындалуда. Тұрғызылар алдында ғимараттың қауіпсіздігі, қалаға ыңғайлылығы тексерілуі тиіс. Кеңес Одағы кезінде тұрғын үйлердің жанында балабақшасы, мектебі, дәріхана, дүкендер мен шаштаразы, жалпы барлық қызмет көрсету орындары орналасатын. Яғни тұрғындардың тығыз орналасқан жерлеріне таяу жерлерде осындай мекемелердің болуы міндетті. Мәселен, мен балабақшаға баруым керек болса, ол үшін жолдың қарама-қарсы бетіне өтудің қажеті жоқ болатын. Күнделікті тұрмысқа сай солай ойластыратын. Ал қазір бас жобада оның бәрі ойластырылғанымен, кейін біреулердің араласуымен бұл бас жоба өзгертіледі. Мәселен, тұрғын үйдің жанынан мемлекеттік балабақша немесе мектеп салуға арнайы жер бөлінсе, уақыт өте басқа біреулердің сол жерді бизнес орталығына айналдырып жатқанын байқаймыз. Бұл біреулердің мүддесі үшін тиімді нәрсе екені даусыз. Осындай жағдайлардың орын алуы еріксіз қынжылтады. Біздің, яғни мамандар тарапынан қарсылығымыз ескерілмейді де. Негізі, бас жобаның өзгертілуі көптеген қиындық әкеледі.
– 1988 жылдан бері салынып келе жатқан Алматының аты шулы метросы алдағы жылы бітеді деп жоспарлануда. Метроның қазіргі нұсқасы 1988 жылы алғашқы жоспарланған нұсқасы бойынша бітіп жатыр. Алайда осы уақыт ішінде қала біршама үлкейді, көптеген жаңадан аудандар қосылды. Осыны ескере келсек, метро халықтың тығыз орналасқан аудандарын қамтымайтын секілді. Осы орайда жиырма жылдан астам уақыт салынып, қыруар қаржы жұмсалған метро өзін-өзі ақтайды деп ойлайсыз ба?
– Дәл қазіргі қалпында ол өзін-өзі ақтамайды. Өйткені метро халық тығыз орналасқан Орбита, Ақсай, Мамыр, Жетісу ықшамаудандарын қала орталығымен жалғап жатқан жоқ. Рас, метро – Алматы қаласы үшін өте керек нәрсе. Бірақ метродан халық көп тұратын аудандар мүлдем қалыс қалған. Сондықтан алдағы уақытта осы кемшіліктердің орнын толтыру үшін метроның бағытын одан әрі созу керек. Мәселен, метро Мәскеудің көптеген мәселесін шешіп тұр. Халық жұмысқа бару үшін машинадан гөрі, метроны дұрыс көреді. Олардың метросы халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы. Ал біздің 8 шақырымдық метромыз бұл талапқа сай емес. Жалпы, осы метро біткен күннің өзінде халықтың осыған көптеп мінетініне күмәнім бар. Өйткені алдымен халқымыздың менталитетін өзгерту керек секілді. Мәселен, Батыс Еуропаның көптеген қалаларында экологиялық жағдайды сақтау мақсатында халық демалатын жерлерге жақын аумақтарда машинамен жүруге тыйым салынған. Бұл – жергілікті тұрғындар үшін қалыпты жағдай. Жалпы, біз де халықты осыған үйретуіміз керек. Сондай-ақ шетелде Жедел жәрдем көлігі жүретін жол ескерілген. Бізде ол жоқ. Қаланың бас жоспарында мұның бәрі ескерілуі тиіс.
– Біз қала салу мәдениетін меңгердік пе? Мұндай сұрақтың шығуы тектен-тек емес. Мәселен, Жапонияда қаланың асты – өзінше бір әлем, яғни коммуникациялық желілер мен коммуналдық құбырлардың қаласындай көрінеді екен. Ол желілердің бірінен ақау шықса, олар үшін біздегідей асфальттың бетін аударып жүрудің мүлдем қажеті жоқ. Ал біз жаздай жолды тегістейміз, күз жақындап, күн суытқан мезгілден бастап жылу құбырларына тексеру жүргізіп, егер ақау табылса, жаздай жөндеген тас жолымызды аударып, жылу құбырларын қалыпқа келтіреміз. Содан кейін жолды жамап-жасқап бүтіндеген боламыз. Ал жамау-жамау болған тас жолдар тез бұзылып, қайтадан шұрық тесік жолға айналады. Сондай-ақ соңғы кездері қалаға жақын маңда орналасқан ауылдардың газ құбырлары да жердің үстімен жүргізіліп, көшелер алабажақ құбырларға толып кетті.
– Ойыңызды түсіндім. Әрине, мұның бәрі тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Қаланың сырт көрінісі де бұзылады. Әрине, сіз айтып отырғандай, Жапониядағыдай жетістікке қол жеткізсек, жаман болмас еді. Бірақ оған бет бұра алмай отырмыз. Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде қаншама ғимарат бой көтерді. Осынша ғимаратты бұрынғы ескі коммуналдық құбырлар көтере алмайды. Қазіргі таңда қаламыздағы құбырлардың 80 пайызы мүлдем ескірген. Олар ескіргендіктен ғана ауыстыруды қажет етіп отырған жоқ. Сондай-ақ олардың көлемінің өзі бүгінгі талапқа мүлдем сай емес. Тіпті аз жылда бүкіл қала сусыз қалса, түк таңғалмас едім. Қазіргі таңда еліміздегі қалалардың басты мәселесі де дәл осы коммуналдық құбырлар болып отыр.
– Ең болмаса, жаңадан тұрғызыла бастаған ауылдар мен қалаларға өркениетті елдердің озық әдісін неге қолданбасқа? Мәселен, Астана қаласына...
– Рас, онда мұндай мәселелер ескерілмеген. Құбырды айтпағанда, Астананың жаңадан тұрғызыла бастаған сол жақ жағалауында да қала салудағы басқа да қателіктер кездеседі. Мәселен, әкімшілік орталық саналатын аймақтарда көлік тығыны көп кездеседі. Қала салуды жоспарлаған кезде ең болмаса әкімшілік аудандарда көлік тығынын болдыртпауды алдын ала ойластыруға болар еді. Қала салынғаннан кейін сырт көзге неғұрлым әсем көрінгені дұрыс. Менің ең алдымен жаным ауыратыны, соңғы кездері қалаларымызда сапасыз салынған ғимараттар көбейіп кетті. Мәселен, шыныдан тұрғызылған ғимараттар. Шынының да шынысы бар. Рас, Америка, Канада секілді елдердің үлкен қалаларында көптеген ғимараттар тек қана шыныдан тұрғызылған. Алайда олардың ондай ғимараттарынан мүлдем басқаша әсер аласыз. Олардың шыны ғимараттарынан айна секілді қасындағы басқа ғимараттың бейнесі айқын көрініп тұрады. Ал бізде мұндай ғимараттардың шынылары қиқы-жиқы, түстерінің өзі нашар бірдеңе.
– Сапасыз демекші, аты дардай мемлекеттік бағдарлама атауын иеленген тұрғын үйлердің сапасыздығы көп айтылуда. Рас, ол үйлердің сапасын тексеріп алатын арнайы мекемелер бар. Бірақ олар үйлердің сапасыздығын «сезбейтін» секілді. Осы орайда мемлекеттік тұрғын үйлердің сапасын қалай жоғарылатуға болады?
– Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлердің 80 пайызы сапасыз деуге болады. Рас, қағаз жүзінде ол үйлердің тексерушілері көп. Ал іс жүзінде олардың бәрі – сыбайластар. Құрылыс нысанын қабылдап аларда құрылысқа тапсырыс беруші, жобалаушы, мемлекет тарапынан тексеруші архитекторға қоса, комиссия мүшелері мен Мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасының мамандары қатысады. Бүгінде осы қаптаған тексерушілердің жауапсыздығының салдарынан сапасыз үйлердің қатары көбеюде. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін осынау сапасыз салынған үйлер үшін ешкім де заң орындарының алдында жауап берген жоқ. Салық орындары қит етсе дәмханалар мен мейрамханаларды тексеруге әуес. Одан да неге сапасыз салынған тұрғын үйлерді тексермеске?! Себебі олар Үкіметтен ештеңе ала алмайды. Соны біледі. Барып тұрғын үйдің сапасыздығын анықтағанмен, құрылысқа жауаптылар әкімге қоңырау шалса, салық қызметкерлері әкімнің бір ауыз сөзінен аса алмай қалады. Айналып келгенде, мұның бәрінен қыруар ақшаға сапасыз үй сатып алып отырған тұрғындар жапа шегуде. Сондықтан мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынған үйлердің сапасын тексеріп отыруға тәуелсіз қоғамдық ұйымдарға құзырет берілуі керек. Және заң жүзінде олардың пікірі ескерілуі тиіс. Мәселен, шетелде мұндай ұйымдар бар.
– Еліміздегі шыны ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігі қаншалықты?
– Шетелдерде де сейсмикалық қауіпті қалаларда шыны ғимараттар бар. Басты мәселе – олардың сапасында. Ал бізде құрылыс компаниялары сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланады. Мәселен, құрылысқа пайдаланылған заттың сапасы мен бағасы қағаз жүзінде бір басқа. Ал іс жүзінде мүлдем басқа. Авторлық бақылау осының бәрін қадағалап отыруы тиіс. Ал бізде ол мүлдем жоқ. Авторлық бақылауды күшейтетін заң жоқ. Ғимаратты қабылдап аларда ақшамен авторлық қадағалаудың қолын қойдырып алады. Бітті. Іс бітті, қу кетті. Бүгінгі қоғамда бұл – бір ғана құрылыс саласына қатысты нәрсе емес, барлық салаға тән нәрсе.
– Қоғамда «соңғы кездері салынған ғимараттар жер сілкінісіне төтеп бере алмайды» деген әңгіме жиі айтылады. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?
– Жамбыл облысы 8 балл, Өскемен 7 балл, ал Алматы қаласының ғимараттары 9 балдық жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп тұрғызылуы керек. Сондай-ақ Райымбек даңғылынан төменгі аймақтағы көп қабатты үйлер төрт-бес қабаттан жоғары болмауы тиіс. Алайда бүгінгі күні бұл талаптар көп ескеріліп жүрген жоқ.
– Сөзіңіз аузыңызда, Райымбек даңғылынан төменгі аймаққа бес қабаттан жоғары тұрғын үй салынбауы керек дейсіз. Ал жақында ғана дәл осы Райымбек даңғылынан төменгі «Жұлдыз» ықшамауданындағы мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған, жоспар бойынша бес қабат болуы тиіс тұрғын үйден өрт шықты. Құрылыс компаниясы шығынын жабу мақсатында алты-жеті қабатқа қоса, тағы мансард тұрғызған. Мансардтан шыққан өрттен тұрғын үйдің барлық тұрғындары дерлік зардап шекті. Жалпы тұрғын үйлердің үстінен пенхаус пен мансард салу қаншалықты қауіпсіз?
– Алматы қаласы 9 балдық жер сілкінісіне лайықталғанымен, Райымбек даңғылынан төмен қарайғы ғимараттар 10 балға есептеледі. Жалпы, жер сілкінісі жағдайында жарылатын жердің арнайы картасы бар. Ол карта соңғы рет 1970 жылдары зерттеліп, жасалған. Жердің үнемі құрылымы өзгеріп отыратын болғандықтан, бұл карта бүгінде ескірген. Қаланың сейсмикалық ахуалын толықтай зерттеп, картаны жаңарту керек. Бүгінгі таңда бұл жағдай біздің назарымыздан тыс қалған нәрселердің бірі болып тұр. Бүгінге дейін 1970 жылдары жасалған картамен жұмыс істеп жатырмыз. Ал бұл қаланың болашағы үшін қауіпті. Осыған Үкімет назар аударуы керек. Карта бойынша Райымбек даңғылынан төменгі жақтағы қауіпті зонаға түскен ғимараттардың саны төрт қабаттан аспауы тиіс. Ал жалпы дүниежүзілік тәжірибеде пенхаус, мансард салу үрдісі бар. Бар мәселе оның сапасының қалай болуында.
Алашқа айтар датым...
Сәулет өнеріне бизнес, саясат әбден араласып кетті. Ұлттық құндылықтан өз мүддесін жоғары қойғандар ойындағысын істеп бағуда. Тұрғын үйдің жанынан мемлекеттік балабақша немесе мектеп салуға арнайы жер бөлінсе, уақыт өте басқа біреулердің сол жерді бизнес орталығына айналдырып жатқанын байқаймыз. Осындай жағдайлардың орын алуы еріксіз қынжылтады. Біздің, яғни мамандар тарапынан қарсылығымыз ескерілмейді де.