Жеңіс СЕЙДУЛЛАҰЛЫ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыс және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Жеңіс аға, ел өзіңізді әнші, сазгер деп танығанымен, тек сол тұрғыда қарау сіздің бүтін болмысыңызды аша алмайтыны түсінікті. Олай болса, бір мезгіл қоғам қайраткері ретінде өзіңізбен ұлт жайлы, қоғам жайлы сөз қозғасақ. Әркім өз орнында жүрген, яғни «әнші ән айтып, аспаз дәм әзірлеген қоғам ғана бақытты» деген ғой бұрынғының ойшылдары. Осы бізде қазір бәрі керісінше, кері кеткен заман туған жоқ па?
– Менің ойымды тап басқаныңа таңғалып отырмын. Себебі кейінгі кездері өнер, ән, әншілер жайлы кім көрінген пікір айта беретініне менің де ішім ашып жүрген еді. Негізі, әр саланың өз қалтарыс, құпиясы болуы керек қой?.. Ал біздің өнер саласында сол нәрселер әлдеқашан құпия болудан қалып, фонограмма дегеннің не екенін құрылысшы да, таксист де, арба айдаушы да – бәрі біліп алған. Содан әртіске деген құрмет қалмаған, қит етсе екінің бірі «өй, олардың бәрі фонограммамен айтады» деп шыға келеді. Ал осыдан кім не ұтты? Бүгінгі өнерді у-шуы көшеге шығып кеткен жаман үй десе болатындай. Алайда айтпағым бұл ғана емес, мен тек осы бір ғана өнерді мысалға келтіре отырып, бүгінгі қоғамның бір үлкен проблемасын алға тартқым келген: мұнайшы өз мұнайының мұңын емес, әншінің аузын аңдиды болмаса қарапайым жұмыскер «қайтсем еңбектеніп, отбасымды бай әрі қуатты етем» дегенді емес, «анау кәсіпкер ішіп кетті, жеп кетті» деп аңдысады, әйтеуір, не керек, бірін-бірі аңдып қалған қоғам. Ал соның орнына әркім өз жұмысын тиянақты істесе ғой, әлдеқашан дамып кетер ме едік?.. Егерде әркім тек өз жұмысын жақсы істей жүріп, мемлекеттің болашағы жайлы ойлай жүрсе, онда, сөзсіз, бақытты ел боламыз.
Бір жағы біз көз алдарында жүрген соң жұртшылыққа «қызық тақырып» шығармыз. Иә, жасырмаймыз, өнер кемшіліктен мүлдем ада емес. Кездейсоқ адамдардың көбейіп кеткені рас. Бәлкім, көпшілікті мезі ететін де сол шығар. Бүгінде өнер адамдарының өзі эстрада мен халық әнін, халықтық нақышта ән айтуды, бірінен-бірін ажырата алмай барады. Бұл соншалық жаман нәрсе емес, яғни әннің халықтан алшақтамағаны жақсы. Әйтсе де біздің бұл «эстрадамызды» әлемдік сахна мойындамайды. Рас, арамыздан бірен-саран әлемдік деңгейге шығып жатқандар бар. Бірақ олардың көбі – кезінде бізден білім алғанымен, бүгінде шетел асып, сонда тұрақтап қалғандар. Елінде ешкім бағасын білмеген соң шетелге кетіп, онда өз жағдайын жасап алған мықты композитор, мықты әнші, мықты биші, мықты режиссерлердің біршамасын білем өз басым.
– Ал енді сіз айтқандай, кезінде білімді осы жақтан алып, бірақ сол білімін бізге емес, шетелде, өзге жұртқа жұмсап жатқандардың осы ісі дұрыс па? Әлде сатқындыққа жатқызу керек пе? Яғни бізден алды, алайда бізге емес, басқаға қызмет етіп жатыр деген тұрғыдан келсек...
– Жо-жоқ, ол сатқындыққа жатпайды. Өйткені қазір заманның талабы сондай – адам өзін қай жерде бағалайды, қай жерде сыйлайды, кәсіби ресурсын қай жерде қажет етеді және соған тиісінше төлейді, сол жерде өмір сүруге, сол қоғамға қызмет етуге мәжбүр. Бұл жерде менің айтпағым, «көзден кетті, көңілден де кету керек» демей, жоғарыда айтқан адамдарды белгілі бір құзырлы орындар тізімдеп, олармен тығыз байланыс орнатуы керек. Неге? Себебі бізден кеткен әнші, биші, режиссер, композиторлардың дені – шетелдерде кәдімгідей кәсіби білікті маман. Ендеше, бір күні болмаса бір күні олардың бізге көмегі қажет болуы мүмкін ғой?.. Және мен білетін шетелдегі өнерпаздарымыз елден қандай да бір ұсыныс, өтініш түссе, қуана көмектеспесе, бас тартпайды. Бір ғана мысал, Тимур Бекмамбетов. Елбасымыз көрегендік жасап, қазақ жерінен шыққан әлемдік режиссердің елге көзінің қиығын сала жүруін өтініп еді, бүгінде соның нәтижесі көрініп жатқанын өздеріңіз білесіздер. Сол сияқты шеттегі басқа да мықты мамандарымызды анда-санда елімізге семинарларға шақырып, шеберлік сыныптар өткізуін өтінсек және олар оны ақшаға емес, перзенттік парыз ретінде орындаса, оның бізге көп пайдасы тиер еді. Неге ақысыз деймін, себебі олар кезінде осы елдің ауасын жұтып, суын ішті ғой?.. Мемлекет оның білім алуына қаржы бөлді ме, бөлді. Ең құрыса, соны өтеуге тиіс қой. Ал бірақ бүгінде бізде ондай байланыстар тым аз. Біз қаншалықты құшағымызды аша білсек, ендігіде соншалықты соның өтемін ала да білуіміз шарт. Мен тектен-тек бұл мәселеге ойысып отырғам жоқ, қазіргі қызметім осымен тікелей байланысты. Бүгінде мен еліміздегі бірден-бір өнер мамандарын дайындайтын академияның шығармашылық жұмыс және сыртқы байланыстар жөніндегі проректорымын. Ендеше, менің осы мәселені қозғауға әбден құқым бар деп ойлаймын. Жалпы, біз шетелде жүрген мықты мамандарымызды тізімдеп, белгілі бір мерзімге елге шақырғаннан көп нәрсе ұтар едік. Себебі олар шетелде көп тәжірибе жинап, өз біліктілігін арттырды. Және бір жақсысы, олардың елден кеткеніне көп болған жоқ, демек, қазақшаны әлі ұмыта қойған жоқ. Бізден білім алып, шет жұртта қызмет істеп, сол білімі мен тәжірибесін қайтадан бізге кеп құйып жатса, сол кезде біз көп нәрседен ұтар едік. Жалпы, не нәрсенің болсын, қайтарымы болуы қажет қой. Әйтпесе үміттің желге ұшып, қаржының далаға кеткені болмай ма?
– Парадокс: біздің мықтылар елде еңбегі бағаланбаған соң, айына алатын айлығы шайлығына жетпегеннен шетке кетіп жатыр, ал біз бір ғана концертке қатысып кеткеніне бола шетелдің әнші, әртістеріне миллиондаған қаламақыны аямай бере салып жүрміз. Осыған біздің өнерпаздарымыздың көзқарасы қандай?
– «Ұлы сөзде ұят жоқ», «Ауылдағының аузы сасық» деген қағиданы біздің кез келген саладан байқауға болады. Еліміздегі түрлі шетелдік компанияларда өз мамандарына айлық жалақыны миллиондап төлесе, дәл сондай жұмыс істеп, тіпті ол мамандардан да білікті біздің мамандарымызға ол жалақының оннан бірін ғана төлейді. Сол сияқты Ресей мен Еуропа, АҚШ-тан әртіс алып келіп, оған біз өң түгіл, түсімізде де көрмейтін қаламақыны еш ойланбастан қолп еткізіп бере салып, ал өз өнеріміздің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген өнерпаздарымызға соның титімдей бір бөлшегін бөлуге де кейде тарылып шығатыны, әрине, біздің арқамызға аяздай батады. Қазақтың өнері үшін шын мәнінде шырқырап жүрген, ыстығы мен суығына төзіп жүрген кім өзі? Бір келгеніне ауыздарын кере қарыс ашып, ақшаны жинап әкеткен шетелдік әртіс пе, әлде өз нәпақасын өзі теріп жеп, әнін де салып, әйтеуір, амалын тауып жүрген өзіміздің өнерпаздар ма? Шетелден келген бірде-бір әртістің біздің өнерімізге басы де ауырмайтыны айдан анық. Жалпы, шетелден келген жай адамның өзіне де біздің шетелше ән салып, шетелше би билегеніміз қызық емес, оларға одан да біздің төл өнеріміз қызық. Шындап келгенде, төл өнеріміз болмаса, біз өзгеге еліктеп, барынша өз болмысымыздан қашып өркениетті болмай-ақ қояйық. Егерде мықты, өркениетті деген Еуропаңыз сол болса яки еркегі еркегімен, әйелі әйелімен үйленіп жатқан дәл сол қоғамды өркениеттің шыңы дер болсақ, онда дәл сондай өркениеттің қазақ даласына, жалпы, түрік даласына көк тиынға да керегі жоқ.
– Демек, азғындыққа апаратын өркениеттің қажеті жоқ дейсіз ғой? Бәлкім, Батыстың жақсысын емес, жаманын алғанымызға өзіміз кінәлі шығармыз?
– Бұл сөзіңіздің де жаны бар. Өнерде шекара жоқ деп, барынша есікті айқара ашып, құшақты жайып жатқан – өзіміз. Содан күн сайын интернет-сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы неше түрлі ақпараттар есігімізден енбегенде қайтеді? Бірақ соған еркімізді беріп қою, қоймау өз қолымызда ғой. Көргенді таза қайталап, өзімізді соған бейімдеу біздің міндетіміз емес. Әйтпесе, жоғарыда айтқандай, адамдықтан адасып қалуымыз әбден мүмкін. Ондайда кім ұтылады? Әрине, ұлт! Тұтас бір мемлекет түгіл, бір үйдің ішінде белгілі бағыт-бағдар, жоспар болады емес пе. Бүгін не істедік, ертең не істейміз деген, ең құрығанда бір-екі күндік жоспары жоқ отбасын өз басым отбасы болып ұйып отыр дей алмаймын. Ал тұтас бір мемлекеттің ауызбірлігі, ортақ мүддесі, алға құрған жоспары болмауы – нағыз қауіп. Бір үйдің өзінде балаларымыздың болашағын жоспарлаймыз, ал осыны мемлекеттік деңгейде қарар болсақ, біз бір жылда қанша балаға білім беріп, түлеп ұшырдық? Ал солардың одан арғы маман болып қалыптасып, қызмет орнына ілігіп кетуін қадағалап отырған кім бар? Мысалы, қазір барлық қызмет орындарында жұмысқа белгілі бір еңбек өтілі бар адамдарды қабылдаймыз деген талап шығарып алған, содан келіп оқуды жаңа бітірген түлекті жұмысқа ала қоймайды. Әрі сандалтып, бері сандалтып, ақыры оның өз саласынан күдерін үзуіне дейін, тіпті өзіне-өзі қол жұмсауына дейін апарады. Қазір телеарналарда «бесінші қабаттан секіріп өліпті» деген немесе тағы да басқа себептермен болған суицид жайлы суық хабарлар жиі айтылады. Соларды жарыса жеткізгеніне арналар тіпті риза секілді көрініп те кетеді кейде маған. Ау, жанашырлық қайда? Неге соны жарыса айтқанша, түптамырына, яғни «неге жас өлім, онда да өзіне-өзі қол салу неге көбейіп кетті?» деген сауалға белгілі бір институттар бас қатырып, астарын аңдауға тырыспайды? Негізі, мемлекетте бірде-бір адам елеусіз қалмауы шарт. Әр сәби өз елінің назарында өсіп жетілуі шарт. Бір жаманы, біздің елде өмір бойы жұмыс істеп, бірақ баспанасыз күн кешіп, сол баспанасыз күйі өмірден өтетіндер жыл сайын көбейіп барады. Кеңестік кезеңді біз көзбен көріп өстік, ол кезде де ешкімге бірден үй бере қоймайтын, алайда түбі үй берілетін. Ал енді Тәуелсіздік алған мына заманда біздің балаларымызды тіпті сондай да бір үміт күтпей тұрғаны ма? Қалайша? Тек банк арқылы, ипотека арқылы, үстеме пайызға жем болып қана пәтерлі боламыз бүгінде. Егер белгілі бір жерге қызметке орналасып, сол жерден түбі пәтер алатындай мүмкіндік болса, онда әр маманның өз жұмысына деген қызығушылығы оянып, ол жай ақша үшін емес, болашақ үшін ұмтылар еді. Бастысы – оның көкірегінде ертеңгі күнге деген үміті болар еді ғой. Сондықтан егер бізге шын мәнінде Ата Заңымыздың алғашқы бетінде жазылғандай, «еліміздің ең басты құндылығы – адам және оның оның денсаулығы» дегенді ақтаймыз десек, баспана жағын 100 пайыз тауып бере алмасақ та, соған түрліше жол ашсақ, әсіресе жастардың жұмысқа орналасуына жағдай туғызсақ... Сондай-ақ Сенім орталықтары мен Үміт үйлерін ашып, ол жерлерде психологиялық жағынан дағдарыс кешіп жүрген жандарға моральдық көмек көрсетілсе. Және бір проблема – бізде тіпті жоғары оқу орнын бітірген маман дегендердің көбі құқықтық жағынан сауатсыз. Сондықтан әр оқу орны, әр қызмет орнында бір заңгер ұстау ешқандай артықтық етпейді дер едім мен.
– Жеңіс аға, әнші, сазгер немесе басшы – осының барлығы да сіздің қоғамдағы қызметіңіз ғой. Ал енді жеке өмірде өзіңіз әкесіз. Сізді осы әкелер мәселесі алаңдатпай ма? Жалпы, кешегінің әкелері қандай еді, бүгінгінің әкелері қандай? Бүгінгі балаға әке мейірімі, әке тәрбиесі жеткілікті ме?
– Жалпы, менің ойымша, егер генетика арқылы балаға әкесінің мінез-құлқы, білімі, пайым-парасат, ой-өресі берілетін болса, бүгінгі әкелердің ойы бұлыңғырлау секілді. Бүгінде мені мазалайтын ой: мысалы, біз, әйелім екеуміз, дүниеге бала әкелдік, қазір олардан тіпті немерелеріміз бар, одан шөбере өрбісе, солар болашақта осы Отанына ие болып қала ма, әлде қызы жат жұртқа ұзатылып, ұлы жаттан қыз алып, жайына кете ме? Байқасам, бұл ой қазір мені ғана емес, көптеген менің қатарымдағы саналы деген азаматтарды да қатты алаңдататын сияқты. Жайдан-жай емес, қазіргі қоғамда мұндай ахуал бар болған соң алаңдаймыз ғой. Бұл, жалпы, бізде ұлттық идеологияның әлсіздігін дәлелдейді. Егер қазір біз қорқып, басты бұғып қалсақ, яғни «айтып жексұрын болмай-ақ қояйыншы, өз жаным тыныш, есебім түгел ғой» дер болсақ, онда келер ұрпақ бізді кешіре ме? Одан да не де болса айтып «өлгеніміз» дұрыс. Себебі қоғам дерті кеше айтылмай қалған болса, бүгін мен айтпасам, ертең тағы жабулы қазан жабулы күйінде қалады да, қоғамда күмәнді, беймәлім дүниелер қаптап, соңы үрей мен қорқыныш билеген заманға апарып соқтырады.
– Енді зиялы қауым, мына сіздер, айтпағанда, халық кімнен үміт, кімнен қайыр күтсін? Ел арасында болған кездеріңізде жұрт көзінен «Мынау Жеңіс Сейдуллаұлы ғой, бір айтса, біздің мұңымызды осы айтар» деген көзқарасты сезінесіз бе?
– Шыны керек, кейде сондай астарлы да ащы сұрақтар қойылғанда, жеңіл-желпі жауаппен құтылып, соңынан қатты ұялатын кездерім аз болған жоқ. Ал енді зиялы дегенге келсек, шыны керек, бүгінде елге ақыл айтып, халықтың сөзін сөйлейтін, өзі білімді, елді аузына қарата алатын ақсақалдардың да азайып бара жатқаны рас. Қазіргінің қағидасы – «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін». Ал қаншама ақылдылар қолдың қысқалығынан амалсыз үндемей соған көніп отыр. Неге екенін білмеймін, бірақ тәуелсіз ел болсақ та, әр қазақтың бойынан бір белгісіз қорқыныш байқалады. Тіпті кейде өзімнің де тығырыққа тірелгенде, «осы адам шешеді-ау» деп сенер адамым жоқ десем де болғандай. Бірақ жоғарыда отырған ағаларымыздан бір жақсылық күтемін. Мейлі жан-жақтағы көршілер қыспаққа алсын, мейлі іштен «жау» шықсын, бірақ біз «негізгі ұлт» деген мәртебені биік ұстауымыз керек. Қазақстанда қазақ ұлты басқа ұлыс өкілдерінен жоғары тұрмай, бізде ертеңге деген нық сенім болуы мүмкін емес. Бірақ «мен қазақпын» дегенді дәлелдеу үшін айғайлаудың қажеті жоқ, біз көбіне осы жағынан қателесіп жатамыз. Қай ұлттың болсын мықтылығы біліммен, ғылыммен, ішкі идеологияның қуаттылығымен дәлелденеді.
– Дәл қазір біздің қоғамның басты құндылықтары қандай, сіздіңше? Ақша білімге «ақыл» айтып кеткен жоқ па?
– Алдағы заманды болжауға даналығы жеткен бабаларымыз «ақша деген би шығады» деп текке айтпаған ғой. Алайда сананы тұрмысқа билетіп қойып, үнсіз отыра беру де қылмыс секілді. Бәрібір адам барда әлемді сана билеуі керек. Ақша деген не әйтпесе, ол да – сананың бір жемісі, әншейін эквивалент. Бізге осыны ұғынатындай сана қалыптастыру керек. Адамдарды өз ісінен өзі ұялатындай дәрежеге жеткізуіміз керек қой. Әдебиет, мәдениет, баспасөз тегіс соған жұмыс істеп, білім берудің сапасын арттырсақ, түбі бір жеңіске жетеріміз хақ. Айталық, адам есейген шағында балалықпен жасаған қылықтарына ұялып, күле қарайды ғой, сол сияқты түбі біз де есейіп, өз өткеніне күле қарайтын қоғамға айналамыз деген үмітім бар. Әйтпесе қазір жалтақтық пен жағымпаздық үстемдік құрып тұр ғой. Сондай-ақ өз елімізде отырып «қазақ ондай, қазақ мұндай» деп өз ұлтымызды жерден алып жерге салуға, мазақтауға, тіпті қорлауға жол беріп қойып отырмыз. Қазақ пен қазақ оңаша қалғанда шыр-пыры шығып айтса, мейлі ғой, ең жаманы – қазақтың бір-бірін сатып жатқаны, бір-біріне деген жауластық көзқарасы орыс басылымдарында талқыланып, солайша бізге басқалар сыртымыздан күліп қарайды. Оған біз намыстанбаймыз. Менің ызамды келтіретін жайт, міне, осы. Біздің ауамызды жұтып, суымызды ішіп, тіпті қазақ ішпегенді ішіп, кимегенді киіп, байып ала тұра, сол жердің иесі қазақты сыйламағаны біздің кінәмізден дер едім мен. Біз өз намысымызды өзіміз таптатып қойып, үндемей отыра береміз, жалтақ, жағымпаз, қорқақ және бірігудің орнына қит етсе бірімізден біріміз бөлінуге дайын тұратын халықпыз. Басқаларға не, әркімнің бұл жерден басқа өз Отаны бар, «пускай, казахи сами разберутся, а пока они разбираются, мы спокойно можем собраться и уехать» деген пиғыл байқалады бізде. Себебі біз қазақ ұлттық сана-сезім деңгейіне жетпегенбіз, әлі сол рулық, тайпалық деңгейдеміз. Мысалы, дәл қазір біреу қазақ жайлы жаман сөз айтып жатса, менің үндемей, күліп отыра беруім мүмкін, ал руыма кір келетін бір артық сөз айтылып қалсыншы, шамданып, тіпті сол жерде кіммен болсын жаға жыртысуға дейін барамын. Міне, бұл – біздің сол рулық сана деңгейінде екендігіміздің айқын дәлелі. Ал біз, керісінше, қазақ десе шырт ұйқыда жатқан жерімізден атып тұрып, кез келген оққа кеудемізді тоса қоятын дәрежеге жетуге ұмтылуымыз керек қой. Егер, әрине, мына кең-байтақ ел мен жердің ертеңгі болашағын ашсақ – алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда ұстаймыз десек. Сондықтан ойланайық, жан-жағымызға қарайық, біз кімбіз дегенге өзімізден жауап іздейік, яғни қалғып-мүлгімей сергек жүрейік те. Және «бірін-бірі батыр дейтін болар елдің баласына» лайық іс-әрекет жасайықшы.
Алашқа айтар датым...
Еліміздің Ресейге жақын бір қаласында қалалық бюджеттің 86 пайызы білімге жұмсалады екен. Бірақ ол жердің Қазақстанға қарайды деген аты ғана болмаса, бірде-бір қазақ мектебі жоқ, қазақ тілінің мүшкіл халін айтпаса да түсінікті. Айтайын дегенім, сол қаланың тұрғындары бүкіл білімді біздің жерімізде, біздің ақшамызға, бірақ орысша алады дағы, мектепті бітіре салысымен Новосібір, Омбы, Мәскеуге тартып тұрады. Олардың көбі және қос азаматтық алып алған. Ендеше, ащы шындық сол – бүгінде бір емес, бірнеше мыңдаған қара көздеріміз Ресей ғылымына үлес қосып, тіпті өзінің қазаққа борыштар екенін ұмытып та кетіп жатыр. Ал осы қаншалықты әділетті? Біз осыған қашанғы бейжай қарап отыра беруіміз керек? Біріншіден, мейлі Ресеймен шекаралас болса да, ол – қазақ жері, ал қазақтың жерінде әлі күнге бірде-бір қазақ мектебінің болмауы дұрыс па? Біз неге қараптан-қарап Ресейге маман даярлап беруіміз керек? Және Тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жылдан асса да, тұтас бір қала халқының әлі күнге бірауыз қазақша білмеуі, сөйте тұра, қазақтың ақшасына білім алып, бірақ Ресейге кетіп қалуы қаншалықты дұрыс?