Шәмші – өз құпиясын өзі арқалап өткен адам

Мыңжасар МАҢҒЫТАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор:

– Мыңжасар аға, танымал композитор, кәсіби музыка маманы ретінде ғана емес, көзі тірісінде Шәмші Қалдаяқовпен тығыз араласқан жақын жолдасы ретінде де өзіңізден ол кісі туралы білгіміз келетін жайттар көп. Осы ретте, Шәмші ағаның былайғы жұртқа белгісіз қырларын, беймәлім сырларын есіңізге түсіріп көріңізші?

– Қайран Шәкең ән өнерінің теңдесі жоқ патшасы, алдына жан салмаған дүлдүлі еді. Біз өзі бір ауылданбыз. Оңтүстік өңірде Шәуілдір деген жер бар, қазір Отырар ауданы деп аталады. Қазақта киелі жер көп қой. Бірақ адамзатқа әл-Фарабидей ұлы тұлғаны берген Отырар өңірінің қасиеті ерекше. Міне, Шәмші – сол топырақтың тумасы. Әуелде Шәкең композитор болмаған. Біз жақта Қапланбек деген қала типтес село бар. Қапланбектің баяғыдағы дүниежүзіне белгілі шарабы шығатын жүзімдер сол жерде өсірілетін. Шәкең сондағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумды бітірген. Ел біле бермейтін тағы бір жайт – Шәмшінің әкесі ұста болған. Балта, балға, кетпен, орақ іспетті, ауыл шаруашылығына қажетті құралдарды жасайтын темір шебері еді.

 Шәкеңнің «Бақыт құшағында» деген тамаша әні бар ғой. Соны ең алғаш рет Рашид Мұсабаев айтып еді. Сол әнді кейіннен одан да керемет қылып құбылтып айтқан Ришад Абдуллин болды. Мен сол әннің алғаш таспаға жазылғанының куәгерімін. Ол кезде консерваторияда оқимын, бірақ сонымен бірге радиода музыкалық редактор болып істейтінмін. Біздің музыкалық редакцияға бағынатын эстрадалық-симфониялық оркестр болды. Басшысы – Василий Лисица деген өте талантты, білімдар, ғажап музыкант еді. Шәмшінің көп әндерін сол кісі оркестрге түсірді, таспаға жаздырды, жалпы, Шәкеңнің әндерінің насихатталуына үлкен ықпал жасады.

– Біздің білуімізше, Шәмшінің есімі де, әндері де жұртқа бірден таралды. Елдің ол кісіге деген шексіз сүйіспеншілігінің сыры неде?

– Шәмші әндерінің ғажап болатын себебі – оның ауылда өскендігінен. Ол заманда оңтүстік өңірлер қазақ халқы жиі шоғырланған, ұлттың салт-дәстүрі жақсы сақталған бірден-бір аймақ болатын. Міне, Шәкең жастайынан соның бәрін көзімен көріп, көкірегіне түйіп өскен және соның бәрі оның шығармашылығына үлкен әсер еткен. Қалада тәрбиеленген кейінгі жастар мұндай қасиеттен жұрдай. Олардың шығармаларының жұрт көңіліне қонбайтыны сондықтан. Ата дәстүрің мен төл мәдениетіңді, ұлтыңның өзіндік философиясын бойыңа неғұрлым тереңірек сіңірсең, соғұрлым кемел азамат болып шығатының анық. Міне, Шәкең – сондай адам...

– Шәмшінің өзіңізге ғана аян қандай қырлары, қасиеттері болды?

– Шәкеңнің үлкен бір қасиеті – ешкімді жамандамайтын, өсектемейтін. Қолынан келсе, жәрдемін беретін, болмаса, өзімен-өзі жүретін адал жан еді. Азаматтығының ең басты қырының бірі де сонда болатын. Әзілді керемет орынды айтатын, сөзге шешен болатын. Бұрын оңтүстікте Гагарин деген үлкен ауыл болатын, өкінішке қарай, кейіннен Өзбекстанға өтіп кетті. Сол жердегі музыка мектебінде Шәкеңмен кездесу өткен-ді. Сол жиыннан кейін мектептің директоры, тағы бірқатар мұғалімдер бар, бәріміз сол білім шаңырағына Шәмшінің атын беру туралы жоғары жаққа ұсыныс жасамақ болып келістік. Ол ойымызды Шәкеңе айтқанымызда: «Жігіттер, әуелі өліп алайын да...» деп өзімізді қатты тосылтты. Тірі кезінде адамның атын беруге болмайтынын аңғармаған біз, сол жерде ішек-сілеміз қатып әбден күлгеніміз бар...

– «Ешкімді өсектемейтін, жамандамайтын» дедіңіз. Ал ол кісінің өзі өсекке көп таңылушы ма еді?

– «Жақсы адамның артына сөз ереді, жаман адамның артына шөп ереді» дейді ғой. Мысалы, сол уақытта: «Қойшы, сол Шәмшіні! Ол ішкіш қой!» дейтін. Бірақ арақты да адам себепсізден-себепсіз ішпейді ғой, оған да бір негіз болуы керек. Ішкенде де жағымсыз жайттарды ұмыту үшін, кейде жабырқаған көңілді жұбату үшін немесе әлдебір жиын-тойда қатар құрбыңмен көңіл көтеру үшін дегендей, әртүрлі жағдайлар болады ғой. Бір-ақ рет берілетін өмірде қолыңнан келсе, ешкімнен ықпай, бұқпай өту керек. Қолыңнан келмесе, әркімнен қаймығып, тырысып, бырысып, өмірге құл болып өтесің. Міне, Шәмші ондай болған жоқ, өмір-бақи шалқып, өз еркімен өмір сүрді. Сол үшін де өсектейтін оны. Бірақ ешқашан жерде құлап жатып, салынып ішкен адам емес. Кетер-кеткенше елдің алақанында жүрді. Кездесуден кейін бе, әйтеуір ел-жұрт сыйлап, Шәкеңе костюм кигізіпті. Содан артынша-ақ бұзақылар соқтығысып, үстіндегі киімін шешіп алыпты. Сонда Шәкең қабағын да шытпастан: «Халқым өзі киіндіреді, өзі шешіндіреді» деген болса керек. Қалай дегенмен де, елдің Шәкеңе деген махаббаты қай кезде де өлшеусіз болды.

– Ал ресми орындардың көзқарасы ше? Олар Шәмшінің еркіндігіне, еркелігіне, ең бастысы, талантына қалай қарады?

– Мен бір уақыттарда Қазақстанның Композиторлар Одағында II хатшы болып істедім. Ол – Кеңес өкіметінің кезі, Компартияның күшіне мініп тұрған заманы. Кей кезде тапсырыстарды да орындайтынбыз. Сөйтіп, музыканы қандай бағытта жазу керек, қандай тақырыптарды көтеру қажет деген тұрғыда композиторлармен арнайы жұмыстар жүргізетінбіз. Оның сыртында, әрине, өз қиялымызды, арман-ойымызды жырлап та әр жанрда шығармалар жазатынбыз. Міне, Шәкең осы топтың шоқжұлдызы болды. Менен бес-алты жас үлкендігі бар еді. Бірақ соған қарамастан, біз бірге өстік. Консерваторияның дайындық курсында бірге оқыдық. Тірі кезінде Шәкеңді арнайы өкімет орындары «тек ән жазады» деп онша бағаламады. Ал біздің Композиторлар одағының ережесі бойынша консерваторияның композиция бөлімін бітіріп, сосын мұғаліміңнің көмегінсіз, өз күшіңмен бір актілі опера ма, балет пе, симфония ма, оратория ма, әйтеуір үлкен бір шығарма жазып, елге белгілі болуың керексің. Соны біздің Одақ тыңдап, талқылап, таспаға жазылған шығарманы Қаулымен бірге Мәскеуге жіберетін. Олар да жіті қарап барып мүшелікке не бекітетін, не бекітпейтін. Шәкеңді үш рет жібердік. Үш ретінде де бекітпеді. Ол кезде Композиторлар одағын Еркеғали Рахмадиев ағамыз басқаратын. Осы мәселенің жай-жапсарын білмегендіктен де жай халық бізді: «Шәмшіні Композиторлар одағына неге алмайсыңдар?!» деп сөгетін, тіпті «Сендер оның талантын көре алмайсыңдар, бағаламайсыңдар» деп те кінәлайтын. Шын негізінде, мұның барлығы – Кеңес өкіметінің ішкі саясатынан туындаған жағдайлар.

Сол Шәмші, Әсет, Әблахат үшеуін біз дүниеден өтіп кеткеннен кейін ғана Одаққа мүшелікке қабылдай алдық. Өйткені еліміз сол кезде Тәуелсіздік алды, сөйтіп, әрең дегенде өз қолымыз өз аузымызға жетіп, дербес шешім қабылдай алатын жағдайға жеттік. Екінші бір мәселе – Кеңес өкіметінің шенеуніктері Шәмшіні «самодеятельный дилетант» деп кемсітіп, данышпан композитор екендігін мойындамайтын. Сөйтіп, атақты да уақтысында ала алмады. Алғашқы атағы көпшіліктің хат жазып, талап етуінің арқасында ғана берілді, онда да «Мәдениетке еңбегі сіңген қызметкер» деген атақ... Ол кезде оны кез келген автоклуб меңгерушісі алатын. Бірақ «Ештен де кеш жақсы» дейді ғой. Өзі өмірден өтсе де, елдің аузында әні қалды, есімі лайықты түрде дәріптеліп жатыр. Халқымыз аман болса, Шәмшінің бейнесі, әні ешқашан өлмек емес.

– «Композиторларға бағыт-бағдар беріп отыратынбыз» дедіңіз. Шәмші соған бағынушы ма еді?

– Ол кісі оған бағынбайтын. Шәкең тіпті Одаққа көп келмейтін де. Өйткені мүше емес болатын. «Ананы жаз», «мынаны жаз» дегенге Шәмші сияқты Нұрғиса аға да бағынған емес. Олар өзінің ойын, сезімін, халықтың арманын жырлады. Мысалы, Шәкеңнің кезінде орыстар еліміздің солтүстіктегі бес облысына қол салғанда соған қарсылық, наразылық ретінде Жұмекен Нәжімеденовпен бірігіп жазған «Менің Қазақстаным» атты әні мемлекетіміздің гимні болып отыр. Мұның бәрі тегін емес. Яғни адамның өзінің ішкі дүниесінің айтуымен, нұсқауымен жазған дүниесі әрқашан бәрінен де биік тұрады, артық болады. Шынайы таланттардың әдеттегі өнерпаздардан бір артықшылығы да осында. Сөйтіп, Шәкең саясатқа бойұсына қойған жоқ. Бірақ елге, жерге деген сүйіспеншілікті арқау еткен шығармаларды ол кісі өзінің жүрек қалауымен-ақ жазды, қай жерге табан тіресе де сол өңірдің қадір-қасиетін танып-біліп, атын асқақтататындай әдемі әндер туғызды. Мысалы, «Талдықорған», «Теріскей» «Мойынқұмда», «Отырардағы той» деген тәрізді басқа да жігерлі әуендері жетерлік. Осының барлығы – барған жеріндегі табиғатты көріп тебіренгеннен, елдің сүйіспеншілігін көріп толқығаннан келіп шыққан туындылар.

– Ол кісінің өзіндік шығармашылық әлемі туралы не білесіз? Ән шығарғаннан кейінгі көңіл күйі қандай болушы еді?

– Шәкеңнің қалжыңы үзілмейтін. Қолын рояльдің бетінде әрлі-берлі жүгіртетін де: «Мен бір тамаша ән шығардым» деп әзілдейтін. «Қандай ән?» десең, Естайдың «Қорланын» айтатын. Сол әнді өте биік санап, жанындай жақсы көретін. Сөйтіп, «Мен өмір-бақи Естайдың «Қорланындай» ән шығара алмай кеттім» дейтін.

– Бұл сонда хас шебердің өз шығармаларына деген көңіл толмаушылығы ма?

– Бәлкім, «қарапайымдылығы» деп түсінген дұрыс шығар. Бір анығы, еш уақытта мақтанып, «мен сөйттім», «мен бүйттім» демейтін. Тек бір-ақ рет: «Мыңжасар, мен бір мошный «(«щ» дыбысын кәдімгі «ш» ғып айтатын, – М.М) ән жаздым» дегені есімде.

– Ол қайсы әні еді?

– Ол «Бақыт құшағында» деген әні болатын. «Осы әнді неге бұлай атады?» дегенде өзім былай ойлаймын: билік орындары онша елеп-ескермесе де өзінің бақытты екенін, халқына жағымды екенін ол сол кезде біліп жүрді. Мұнда терең пәлсапалық ой жатыр.

– Бірақ ел аузында «Шәмші айтыпты» деген мынандай да бір әңгіме бар, яғни ол кісі: «Елдің бәрі «Бақыт құшағында» әнін менің образым деп ойлайды. Бірақ мен өмір бойы ескексіз «Қайықта» өттім...» деген көрінеді...

– Ол сөздің де жаны бар. Себебі Шәкең шығармашылық тұрғыда өзін бақытты сезінгенімен, моральдық жағынан алғанда елеп-ескермеушілікке, немқұрайдылыққа тап болды. Алқалы жиындарда «Шәкең қайда?» деп іздеп-сұрап, құрметтеп жатқан ешкімнің болмауы да, мүмкін, көңіліне қаяу түсірген болар. Әндерінің мұңдылау болып келетін себебі – олардың бәрінің өмірден алынғандығынан ба деп ойлаймын. Сосын, неге екенін білмеймін, әйтеуір Алматыда онша тұрақтағысы келмеді. Көбінесе туған жерінде болды. Жастайынан бірге өскен Тұйғынбек деген жолдасы Жамбыл облысында II хатшы болып қызмет істеді. Бір жағынан, соған арқа сүйеп, Жамбыл өңірінде де көп жүрді. Тұйғынбек оған дұнғандардың арасынан жер беріп, үй салдыртып та бастаған. Қысқасы, Шәкеңнің өмірінің көбісі елдің ортасында өтті. Адам баласының арманы көп қой. Оны терең зерттеу өте қиын, оған тұтас бір ғұмыр керек. Жалпы, Шәмші – өз құпиясын өзі арқалап өткен адам. Қанша жақын араласып, қатар жүргенімен, сыр ашып ешкімге ештеңе айтпайтын да...

– Шәмші ағаны, әдетте, «вальс королі» деп жатады ғой. Осының өзі ол кісінің өнерін олқысыну, жадағайландыру сияқты...

– Дұрыс айтасың. Вальс – ән саласындағы бір ғана жанр. Ал Шәмші ән жанрының қай саласында да, мейлі вальсінде, мейлі маршында болсын, би билейтіндей ойнақы немесе патриоттық әуендерінде болсын, қай-қайсысына да шебер еді. Сондықтан мен Шәкеңді жалпы, «ән падишасы» дер едім.

– Шәмші әндерінің шыңы – сіздіңше, қай ән?

– Шәмшінің әндерін «мынаусы керемет» деп бөле-жарып айту қиын. Өйткені оның кез келген шығармасы ғажап! Мысалы, «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қайықта», «Теріскей» әндерінің кез келгенін тебіренбей тыңдай алмайсыз. Шәкең қай әнді жазса да керемет жазатын. «Сыған серенадасы» мен «Өмір– өзен» деген әндерін өзімен араласып жүргенде естіген емес едім. Қарап тұрсаң, екі әнде де кереметтей тұңғиық сыр жатыр! Мен соны «өмірдің өкініші» ме деп те ойлаймын. Осы «Теріскейді» талай адам айтып жүр. Бірақ мен соны осы уақытқа дейін тап Нұрғали досым сияқты жеріне жеткізе шалқытып айтқан әншіні көрген емеспін.

– Ал кейінгі орындаушылар ше? Олардың Шәмші әндерін тыңдарманға өз деңгейінде жеткізе алмауының мәнісі неде?

– Жалпы, біздің қазақ – өте талантты халық. Небір мықты орындаушылар бар. Бірақ кейбір «жаңашылдар» әнді бұзып айтады, ырғағын өзгертеді. Музыка тілінде біз «форшлаг» дейміз. «Форшлаг» деген – бір нотаның үстіне басқа бір нотаның мінгесіп тұруы. Мен соған наразымын. Оригиналды өзінің бастапқы күйінде алып, соған өз үнінің бояуын қосып айтатын әншілер аз. Әуенді өзгертуге болмайды. Өйткені ол – автордың жан дүниесінен шыққан нәрсе. Егер де түпнұсқасынан озып тұрса, әрине, оның жөні басқа. Бірақ көп жағдайда олай емес қой. Сол себепті де, ән ақсайды.
Мен осы күні қарттардан: «Жастар әнді бұзып айтатын болып жүр, неғып соларға «қой» демейсіңдер?» деген әңгімені көп естимін. Бірақ кімнің аузына қақпақ боласың? Кімнің ақшасы бар, сол жаздырады. Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы. Сөйтіп, жолын тауып, күні-түні радио мен теледидардан «шырқайды» да тұрады. Негізінде, біздің халқымызда керемет әнші қыздар мен жігіттер бар. Бірақ солардың насихаты аз, жолдары ауырлау болып жатады. Арагідік сондай әншілерді тыңдағанда өзім жалғыз отырсам, мен тіпті жылаймын...

– Осы орайда, әншілерден өзіңізге кім қатты ұнайды?

– Мысалы, Алтынай Жорабаева, Толқын Забирова, сосын менің Нұрғалиым әлі күнге дейін аттан түскен жоқ. Қалай сахнаға шығады, солай халық дүр сілкінеді. Мен өзінің жасына қарамастан, даусын сақтап қалған үш адамды білемін. Олар – Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, сосын осы Нұрғали Нүсіпжанов. Әншілердің ішінде осы Роза әпкеміз бен Нұрғалиға ерекше ризамын...

– Не үшін?..

– Үндерінің қайталанбастығы өз алдына, олар әннің әрбір сөзін терең түсініп, тыңдарманға тақпақтай тәптіштеп жеткізеді, әннің мән-мағынасын көкірегіңе құйып береді. Ал көп әншілер өз даусына өзі елігіп, сөздің астарын түсінбейді. Түсінсе де соны жұртқа жеткізіп айта алмайды...

– Ал Шәмшінің әні де, өзі де әлі күнге дейін аңызға айналып келе жатыр. Ел-жұрттың ол кісіге деген махаббатының әлі күнге дейін суымауы неліктен?

– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Мұның мәнісі – оның тазалығында. Таза адамның көкірегінен шыққан ән де таза болады, тыңдарманының жүрегін баурайды, жанын тербейді. Өткенде Бибігүл әпкеміз бір хабардан «Талант деген – Алланың көктен дарытқан сыйы» деп айтып жатыр. Шын мәнісінде солай. Бұл деген – тылсым бір құдірет. Яғни Шәмшінің әндері – Алланың берген сыйы мен өзінің шыңдалған ой-сезімінің, арманының айнасы. Сол себепті де мәңгілік, сол себепті де оны халық ұмытпайды.

– Шәмші ағамен ең соңғы рет қашан кездестіңіз? Қандай әңгіме болды?

– Кейінгі 10-15 жылда Шәкең қатты науқастанып жүрді. Ең соңғы жолы біздің елдегі Темір совхозының ауруханасында жатқан жерінен Мұхтар Шаханов (ол кезде ол – депутат, – М.М) алдырып, Министрлер Кабинетінің ауруханасына жатқыздыртты. Онда кілең көрнекті қайраткерлер, халық әртістері ғана қабылданатын. Содан бір күні таңертең радиодан «Шәмші Қалдаяқовқа «халық әртісі» атағы берілді» деген хабарды құлағым шалып қалды. Біздің үй ауруханаға жақын болатын. Содан қуанышым қойныма сыймаған бойы дереу Шәкеңе барып, естіген жаңалығымды айттым. Ол кісі қуанған жоқ. Мұңайып біраз жатты. Сосын барып: «Ойпырым-ай, осыны ертерек бергенде өкіметтің атағы таусылып қалар ма еді?!» деді. Қандай ойлы да терең сөз! Артынша көпке ұзамай дүние салды...

– Қалай ойлайсыз, ол кісі атақты не үшін керексінді екен?

– Атақ кімге керек емес? Ол – халықтың арнайы мойындауы, баға беруі. «Адам содан өсіп кетеді» деген әңгіме жоқ. Бірақ ықылас кімнің болса да мерейін өсіреді. Әрбір талантты адам сәби сияқты, жылы сөзден көңілі толығады, «мені халқым сыйлайды екен, ел билеген азаматтар ескереді екен» деп ойлайды. Мысалы, сені біреу «данышпан» десе, сен «жоқ, мен данышпан емеспін» дейсің бе?! Әркімнің көкірегі – Алатаудай. Атақ-дәреже деген моральдық тұрғыда, жұрттың елеп-ескеруі үшін ғана керек. Абайды неге «данышпанымыз», Мұхтарды неге «заңғар жазушы» дейміз?! Халқы мойындамаса, дәріптемесе, Абай «Абай», Мұхтар «Мұхтар» болар ма еді?! Орыстың да Чайковский, Мусоргский сынды композиторлары қанша жерден ұлы болса да, ел-жұрты қабылдамаса, дәріптемесе, әншейін көптің бірі, арттың кірі болып қала берер еді... Ақан да туғанда «сері» болып туған жоқ. Ақ киізге көтеріп, жұрты солай дәріптеді. Біржан сал да солай. Сайып келгенде, «сері», «сал» дегеннің бәрі – атақтың бір белгісі, яғни «халықтың еркесі» деген сөз. Сондықтан мұның бәрі – бүгін ғана пайда болып отырған нәрсе емес, ғасырлар бойы келе жатқан дәстүр...

Алашқа айтар Датым...
... Жалпы, біздің қазақ – өте талантты халық. Небір мықты орындаушылар бар. Бірақ кейбір «жаңашылдар» әнді бұзып айтады, ырғағын өзгертеді. Мен соған наразымын. Оригиналды өзінің бастапқы күйінде алып, соған өз үнінің бояуын қосып айтатын әншілер аз. Әуенді өзгертуге болмайды. Өйткені ол – автордың жан дүниесінен шыққан нәрсе. Егер де түпнұсқасынан озып тұрса, әрине, оның жөні басқа. Бірақ көп жағдайда олай емес қой. Сол себепті де, ән ақсайды...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста