Құтқарушы деген әмбебап болуы керек
Диханбек Сатылғанов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің директоры:
– Диханбек аға, байқасам, жұмыс үстеліңіздің үстінде Бауыржан Момышұлының кітабы жатыр, сөреңізде батыр ағамыздың мүсіні тұр. Соған қарағанда Бауыржан атамызды ерекше пір тұтасыз-ау деймін...
– Оныңыз рас. Бауыржан Момышұлы – жаныма жақын тұтатын тұлғалардың бірі. Оның үстіне шешем Бауыржан Момышұлына қарындас болып келеді, батыр атамызбен туыстығы бар. Өзім де Баукеңнің туған жері – Жамбыл облысының Жуалы деген жерінде туғанмын. Сондықтан да батырдың кіндік қаны тамған жерде менің де кіндігім кесілген. Жалпы, қазақта әр жердің, әр топырақтың өзіне тән қасиеті болады деген ұғым бар. Ал біздің туған жердің топырағы қоғамға кесек тұлғалы жандарды әкелген. Жуалыдан Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев шыққан. Сондай-ақ Жуалының топырағы сегіз генералды шығарған екен. Ол жердің ауа райы де ерекше. Алатау мен Қаратаудың түйіскен жері ылғи боратып, ұйытқып тұрады. Қарды да төгіп тастайды. Маңайындағы елдерге ұқсамайтын өзіне тән ауа райы бар. Осыған қарап, елдер бізден шыққан тұлғалардың мінезін де сол жердің ауа райына теліп жатады.
– Бауыржан Момышұлының кейінгі ұрпаққа нақыл қылып қалдырып кеткен ділмар сөздері өте көп. Өзіңіз сол сөздердің қайсысын жүрегіңізге түйдіңіз?
– Жалпы, Баукеңнің қай сөзі болсын адамды елін, жерін, ұлтын сүюге шақырады. 1992 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің Ұзынағаштағы азаматтық қорғаныс әскери бөліміне полк командирі болып қызметке келдім. Сол жерде қызмет істеп жүргенде сондағы бір топ жігіттермен бастамашы болып, Ұзынағаштағы әскери бөлімге Бауыржан Момышұлы атамыздың атын берейік деген ұсыныс жасадық. Ол кезде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Николай Михайлович Макиевский болатын. Сол кісіге барып, ұсынысымызды жеткіздім. Ол мұны жақсы қабылдады. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына осы ұсынысыңызбен кіремін. Әскери бөлімді Бауыржан Момышұлының атына беруге бар күш-жігерімді саламын», – деді ол. Осылайша, 1995 жылы әскери бөлім Баукеңнің атына берілді. Бұл – Қазақстан бойынша Бауыржан Момышұлының атына берілген жалғыз әскери бөлім. Әскери бөлімде жыл сайын Бауыржан атамыздың күндерін өткіземіз. Өзім басшы боп тұрған кезімде осы бөлімнің сап алаңында Бауыржан Момышұлының ескерткішін ашқыздым. Бөлімнің әр жерінде батыр атамыздың сөздерін ілгіздік. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», «Қолбасшы болсаң, сондай бол – жосылып жатқан жолдай бол! Қайрат етер мезгілде, жүк көтерген нардай бол! Ақыл айтар мезгілде, мың жасаған шалдай бол!» деген сөздері кімге де болсын, ұландарымызға да, қолбасшыларымызға да тәрбие береді. Қызмет бабымен әр салада жұмыс істедім. Сонда да Баукеңнің осындай сөздерін айтып, жеткізіп жүрдім. Бір өкінетінім, Бауыржан Момышұлымен бір кездесе алмай кеткенім. Әкем көзі тірісінде «барып Бауыржан атаңның батасын алып қал» деуші еді. Бірақ оның сәті түспеді. Сондықтан да ол кісінің сөздерін кейінгі буынға жеткізуді өзіме міндет санадым.
– Енді өзіңіздің салаңызға қарай ойыссақ. Бүгінде сіз басқарып отырған Төтенше жағдайды жою департаментінің қызметі қалай жүріп жатыр? Сіздердің басты мақсаттарыңыз не болуы керек?
– Біздің негізгі мақсат – төтенше жағдай болмау үшін тіршілік жасау. Бұл біздің ғана қызмет емес, ол бүкіл елдің, үкіметтің міндеті болуы керек. Себебі төтенше жағдайдың алдын алу – әркімге де міндет. Біздің қызметті отбасындағы ата-ана да жасайды. Ата-ана балаларын өрт не басқа да оқыс оқиғаларға себепкер болмауға тәрбиелейді. Бұл тәрбие балабақшада да, мектепте де, жоғары оқу орындарында да жалғасын табуы керек. Тіпті халықты да соған дағдыландыру керек. Мәселен, аймақтарымыздағы су тасқындары арықтар мен арналарды тазаламаудан, жағалауларды бекітпеуден, гидротехникалық құралдарды уақытында жөндеп, майлап отырмаудан болды. Егер осының бәрін халық әдетке айналдырып отырса, онда Қызылағаштағыдай, Батыс пен Шығыс Қазақстандағыдай апаттар болмас еді. Бір ғана апат елге қаншама шығын әкеледі.
Біз жыл сайын әр мезгілдің апатына байланысты оқу-жаттығулар өткіземіз. Көктемде су тасқынына, қыста қар көшкініне, жазда өртке, жер сілкінісіне қатысты жаттығулар жиі өтіп тұрады. Осының бәрін өзім штаб бастығы ретінде ұйымдастырып келемін. Жалпы, үкімет тарапынан төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша әлі біраз шаруалар жасалуы керек. Әрбір облыс әкіміне үкімет тарапынан тапсырма берілуі қажет.
– Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Момышев жыл сайын Қырғызстандағы Киров суқоймасына қатысты Тараз қаласының проблемасын айтып шыр-пыр болып жатады. Тараз жұрты көктем келген сайын қырғыз бауырларымыз Киров суқоймасын ашып жібере ме деп үрейленіп отырады. Бұл мәселе қалай шешім тауып жатыр?
– Мұндай проблема жалғыз Жамбыл облысында ғана емес, Қазақстанның талай аймағында бар. Естеріңізде болса, Сырдария жыл сайын көктем кезінде тасып, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы елді мекендер су астында қалып қоятын. Осы проблема бүгінде шешілді. Елбасының тапсырмасы бойынша Көксарай су реттегіші салынды. Бүгінде 3 миллиард текше метр көлемінде су қабылдайды. Сол су реттегіш салынғалы бері маңайындағы елді мекендердің де ұйқысы тыныштала бастады. Елдің шаруашылығына да су жеткілікті түрде келіп тұр. Ал енді Қырғызстандағы Киров суқоймасына келер болсақ, бұл тараптан да екі елдің Үкіметі мен Төтенше жағдайлар министрліктері арасында жұмыстар жасалуда. Бұл жағынан өзіміздің өтінішімізді жеткіздік. Осы мәселеге көп мән берулерін сұрадық. Мұндай проблема Шу өзенінде де, трансшекаралы өзендерде де бар. Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан секілді шекаралас мемлекеттермен арада келісімдеріміз бар.
Жалпы, осындай аймақтарда су арнасын тазалау, жағалауын бекіту, кеңейту секілді жұмыстар жасап отыруымыз керек. Бала кезімізде мектеп оқушыларына арналарды бөліп қоятын. Әр сыныптың тазалайтын бөліктері болады. Сол арналардың тереңдігі сол кезде бес метр болатын. Ал қазір бір-ақ метр. Оны тазалап жатқан ешкім жоқ. Осы шаруаны да қолға алу керек.
Мәселен, өткенде ғана Алматыдағы дауыл қаншама шығын әкелді. Мұндай дауыл бұрын-соңды Алматыда болған емес. Табан астында дауыл көтерілді. Дауылдың алдында жақсылап тұрып жаңбыр жауды. Ал ол ағаштардың түбін жұмсартып жіберген. Артынан соққан қатты жел қаншама ағашты түбірімен қопарып кетті. Мұндай жағдай болмас үшін алдын ала шаралар жасалуы керек еді. Мәселен, ормандағы қураған ағаштардың барлығын кесіп, биік өсіп кеткен ағаштардың басын қырқып тастаса, қатты дауылға төтеп берер ме еді? Себебі сол дауылда ағаштың көбі басын көтере алмай құлады. Кез келген апаттың алдын алу шаралары болады. Оны тек дер кезінде жасап отыру қажет. «Бұл шаруаларды осыған жауапты адамдар жасайды» деп қарап отыруға болмайды. Ауылыңа өрт келсе, қарап отырмайсың ғой. Бірігіп, жабылып сөндіресің. Бұл да солай болуы керек. Төтенше жағдайлардың алдын алу әр адамның міндеті болуға тиіс.
– Елімізде қыстыгүнгі борандарда жолда қалып қою оқиғалары көп тіркеледі. Бұл жағдайда көбіне техниканың жетіспеушілігі аяққа тұсау болып жатады. Жалпы, қыста жолда қалған азаматтарымызды құтқару үшін қандай шаралар атқарып жатырсыздар?
– Біз қыста Қазақстанның боран қатты болып, қар қалың жауатын аймақтарын белгіледік. Сол маңдарда қыста жылыту пункттерін ашатын боламыз. Жолда қалған адамдарды тамақтандырып, медициналық көмек көрсетіп, тоңғандарды жылытады. Сондай-ақ биыл, құдай қаласа, алты жол бойы пунктін ашпақшымыз. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда жол апаты көп болады. Осындай жағдайда көп адам медициналық қызметтің дер кезінде көрсетілмеуі себебінен көз жұмады. Себебі медициналық қызметі бар елді мекендер апат болған жерден алыс жерде қалады. Сондықтан да Ішкі істер, Көлік және коммуникация министрліктері және облыс әкімшіліктерімен бірлесіп, Қазақстандағы жол апаты оқиғалары көп болатын аймақтарды анықтадық. Ондай жерлерге Алматы – Қапшағай – Талдықорған, Алматы – Тараз – Шымкент, Алматы – Қарағанды – Астана – Көкшетау аралығындағы жолдар жатады. Осы күре жолдардың бойында жол бойы пункттерін ашпақпыз.
– Онда кімдер қызмет істейді?
– Ол пункттерде біздің құтқарушыларымыз, дәрігерлер және авиация тұрады. Апат болған жағдайда «112» деген нөмірге хабарлайды. Біздің жігіттер хабар жеткен жерге көлікпен немесе тікұшақпен тез арада жетіп, кәсіби медициналық көмек көрсетіледі. Осыған байланысты Франция мен Ресейден тікұшақтар алып жатырмыз.
– Барлығы қанша ұшақ алдыңыздар?
– 2011-2012 жылдар аралығында Ресейден – сегіз, Франциядан сегіз тікұшақ аламыз. Биыл алтауын әкелсек, келесі жылы 10-ын әкелеміз деп отырмыз. Олардың бәрі әлгі жол бойындағы пункттерге қойылады.
– Құтқарушыларға қойылар ең басты талап қандай?
– Ең басты талап – құтқарушы қандай жағдайда, қандай апатта болсын құтқарушы болуы керек. Қазір осыған көп көңіл бөліп жатырмыз. Мәселен, құтқарушы өрт сөндіруші де, алғашқы медициналық көмек көрсетуші де, су құтқарушысы да, қысқасы, әмбебап болуы керек. Қазір осыған тәрбиелеудеміз. Ертеңгі күні қандай жағдай болсын ол адам баласына қол ұшын бере алуы керек. Бұл халықтың құтқарушыға деген сенімін арттырады. Осыған байланысты біз Денсаулық сақтау министрлігімен де тығыз қарым-қатынас орнаттық. Халықаралық деңгейде оқу-жаттығулар да өткізіп жүрміз. Қапшағайдың маңайында өзіміздің оқу-жаттығу алаңымыз бар. Сол жерге жыл сайын әр жерден 600-ден астам құтқарушы келіп, жаттығу жүргізеді. Жақында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастырдық. Бұған Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан елдерінің құтқарушылары да қатысты. Ал былтыр Қытайдан, Америкадан, оның алдыңғы жылы Өзбекстаннан келді. Бақылаушылар да шетелдерден: Америкадан, НАТО-дан, сондай-ақ кезіндегі Кеңес өкіметі елдерінен келеді.
– Шетел құтқарушыларынан не үйренуге болады екен?
– Жалпы, құтқарушылардың қызметі барлық жерде бірдей. Ерекшелік тек техникада ғана болады. Ал дайындық, білім жағынан өзгешелік жоқ. Негізінен, біздің құтқарушылар кез келген апатқа дағдылануда. Мәселен, бүгінде апаттардың ішіндегі өзекті болып тұрғаны – көмір кенішіндегі жарылыстар. Соңғы уақытта мұнай саласында да апаттар болып жатыр. Құтқарушыларымызды осындай қиын апаттарға да үйретіп, дайындығын шыңдаудамыз. Күн демей, түн демей, жұмыс біткенше сол жерден табылады. Барлығы өз жұмысына берілген. Адам апатқа ұшыраса, құтқарушыны ғана ойлайды. Сондықтан да құтқарушының сана-сезімі биік болуға тәрбиелейміз.
– Төтенше жағдайлар саласының техникалық жағдайы қалай?
– Құтқарушыларымызға көп көңіл бөлінуі керек. Үкімет тарапынан техникамен және қаржымен қамтамасыз етілсе дейміз. Қазіргі кезде біздің сала техникамен 40-60 пайыз ғана жабдықталған. Техника жетіспейді. Құтқарушыларымыз еліміздің барлық қаласына жетпейді. Мәселен, Ақтау, Петропавл, Көкшетау секілді облыс орталықтарында жоқ. Бізде сондай-ақ Балқаш, Сәтбаев, Теміртау, Қаратау, Кентау, Арқалық, Риддер, Зырьяновск секілді өнеркәсіптік қалалар бар. Меніңше, осындай қалаларда да құтқарушылар бөлімі ашылуы қажет деп ойлаймын.
Тағы бір айтатын мәселе – Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайтын екі-ақ әскери бөлім бар. Бірі – сөз басында айтқан Ұзынағашта, екіншісі – Қарағанды қаласындағы Пришахтинскіде. Осыншама территориясы кең еліміз үшін бұл тым жеткіліксіз. Менің ойымша, мұндай әскери бөлімдер еліміздің үлкен қалаларында көптеп ашылуы керек. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында, себебі ол жақта өндіріс апаттары, табиғат апаттары жиі болады. Еліміздің батыс аймағында ашылса деймін. Оңтүстік аймаққа да сондай әскери бөлім қажет. Астанада да ашылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені Қызылағаштағы апатқа да, Орал мен Шығыс Қазақстандағы су тасқынына да, Алматыдағы дауылға да Ұзынағаштағы әскери бөлімнің құтқарушылары барды. Ал жалғыз әскери бөлімнің құтқарушылары бәрібір аздық етеді. Біз ұсыныстар жасап жатырмыз, бірақ барлығы қаржыға келіп тіреледі.
АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Бізде құтқарушылар су құтқарушылары, өрт сөндірушілер, медицина құтқарушылары, әуе құтқарушылары секілді топтарға бөлінеді. Мен министрге осылардың барлығын біріктірейік деген ұсыныс жасадым. Сол кезде ол тек қана су құтқарушысы емес, жалпы құтқарушы болады. Былайша айтқанда, әмбебап құтқарушы болады. Апаттың қай түріне жіберсең де, олар соған дайын тұрады. Әйтпесе су құтқарушылары жазда жұмыс істеп, қыста су қатқанда жұмыссыз отырады. Бар жұмыстары – қыста мұз ойып балық аулайтын балықшыларды бақылау ғана. Егер бәрін біріктіретін болсақ, барлығын әмбебаптыққа тәрбиелесек, онда елімізде құтқарушылардың да саны көбейеді, сапасы да артады. Келешекте Төтенше жағдайларды жою департаменті жеке бір комитет болуы керек сияқты. Себебі әскерде штаб комитеті бар, ішкі істерде ішкі әскер бөлімі бар, ҰҚК-де шекара әскері бар. Сол секілді бізде де сондай жеке әскери бөлім не комитет болуы қажет.
ҚҰТҚАРУШЫЛАР ҰРАНЫ
1994 жылы Мәскеуде Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі әлем елдерінің құтқару қызметтерін шақырып, үлкен оқу-жаттығу шарасын өткізді. Сол жерде мен: «Барлығымыз құтқарушымыз, сондықтан да қай жерде болсын бір-бірімізге қол ұшын берейік», – деп ұсыныс жасап, ортаға орысша: «За мир, дружбу и спасательную службу!» – деген ұран тастадым. Сол ұран осы күнге дейін барлық жерде айтылып келеді. Сол кезде айтқан екі ауыз сөзім көптеген мемлекеттің құтқарушылар арасындағы ортақ ұранына айналып кеткеніне өзім де таңғаламын.