Қазіргі қазақ бейнелеу өнері ұлттық бояуынан ажырап барады

Қазіргі қазақ бейнелеу өнері ұлттық бояуынан ажырап барады

Байтұрсын ӨМІРБЕКОВ, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор:

– Бүгінде елімізде бірнеше шығармашылық одақтар жұмыс істейді. Соның ішінде Қазақстан Суретшілер одағының алатын орны ерекше. Қазақ бейнелеу өнерінің, жалпы, қылқалам шеберлерінің қара шаңырағына айналған осынау рухани орда биыл өзінің 80 жылдық белесіне аяқ басып отыр. Осы орайда өзіңіз басқарып отырған шығармашы­лық одақтың кешегі тарихынан қысқаша сыр шерте кетсеңіз.
– Қазақстан Суретшілер одағының мерейтойлық шаралары Алматыда бүгіннен бастап атап өтілуде. Шығармашылық ұйым үшін 80 жыл аз уақыт емес. Бір адамның ғұмырындай болатын осы кезеңдер аралы­ғында аталған шығармашылық одақ көп­теген қиындықтар мен өзгерістерді бастан өткеріп, бірқатар айтарлықтай жетістіктерге де қол жеткізді. Осы одақтың қанатының астында бірнеше буынның талантты суретшілері өсіп шыққан. Кәсіби тұрғыдағы бейнелеу өнері қазақ даласында кенжелеу дамығандықтан, бұл салада о баста өзіндік үлкен мектеп қалыптаса қоймаған еді. Қайта елімізде өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында Суретшілер одағын құру туралы әңгіме қозғалып, өнердің бұл бағытында алғашқы ізденістер мен серпіліс­тер пайда бола бастады. 1930 жылдардың басында Қазақстанда суретшілердің шы­ғар­машылық ұйымдары мен бірлестікте­рінің қалыптаса бастауына біршама жағдайлар туындайды. Осы орайда 1929 жылы Алматыда тұратын бір топ суретші ынтымақтастық пен бірігудің қажеттілігін түсі­ніп, ұйымдасу формасы ретінде көркем­дік қызмет көрсету мен қалың бұқара еңбекшілерін тәрбиелеу мақсатында деген желеумен Қазақстанда Ресей суретшілері ассоциациясының филиалын құруды ұсынады. Өткен тарихқа сүйенсек, Қа­зақстан Суретшілер одағы 1932 жылы жарық көрген «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулыға сәйкес, 1933 жылы құрылған.  Тұңғыш төрағасы болып В.Сладков сайланған. Одан кейінгі кезең­дерде Ә.Қастеев пен Х.Наурызбаев сынды ұлтымыздың мақтаныштары басқарған.
Алғашында бұл одақ ол кезде атағы дүркіреп тұрған Кеңес Одағының ықпа­лында болды. Коммунистік партия билігі қылқалам шеберлерін, жалпы, өнер мен мәдениет адамдарын кеңестік идеологияға жұмылдыру үшін пайдаланды. Дегенмен сол кезеңдердің өзінде, түрлі қысым мен қиындықтарға қарамастан, жекелеген талантты суретшілер қазақы туындыларын дүниеге әкелуге тырысты.
Суретшілер одағы тұңғыш рет 1934 жылы 8 мамырда Мәскеу қаласындағы Шығыс мәдениеті мұражайында ашылған «Кеңестік Қазақстан өнері» көрмесіне қатысқан. Онда бүгінде ұлттық өнеріміздің мақтанышына айналған бірқатар шебер суретшілеріміздің шығармалары қойылған болатын.
– Мерейлі белестен көрініп, қоғам алдында есеп бергелі отырған шығармашылық ұйымның бастауында тұрған тұлғалардың бірі, Халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов екенін жұртшылықтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Өзіңіз жоғарыда атап өткен Қастеев, Қожықов сынды ұлттық бейнелеу өнерінің негізін қалаған қайраткер тұлғалары­мыздың еңбектерін кейінгі ұрпақ ескерусіз қалдырып бара жатқан жоқ па?
– Қазақстан Суретшілер одағының 80 жылдық мерейтойы көрнекті қайраткер, ұлттық бейнелеу өнерінің нағыз жанашыр тұлғасы, Халық суретшісі Әубәкір Ысмайы­лов­тың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын біз жақсы ырымға балап отырмыз. Сурет өнерінде білім алған ұлттық кадрлар тапшы уақытта Ә.Ысмайылов Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаевпен бірге  еуропалық үлгідегі бейнелеу өнерінің мектебін қалыптастырушылар санатынан көрінді. Әубәкір Ысмайылов небәрі 20 жасында, 1932 жылы Қазақ Суретшілер одағын ұйымдастыру комитетінің төрағасы болып, оның негізін қалаушылардың бірі болды. Әбекең сынды ұлтын шексіз сүйген Алаш азаматының шығармашылығы қазақ мәдениетінің барлық салаларына ортақ. Тек қана сурет өнері емес, театр, кино, би де біздің мәдениетімізді қалыптастыратын, құратын өнердің жиынтығы деп айтуға болады. Тарихқа зер салсақ, 80 жылдық белесіне шығып отырған Қазақстан сурет­ші­лерінің ұйымы Кеңес Одағындағы ең алғашқы суретшілер одақтарының бірі болды. Сол себепті де біз осынау одақтың мерейтойы кезінде, шығармашылық ұйым­ның бастауында тұрған тұлғалары­мыздың еңбектерін елеп-ескеріп, аяулы есімдерін ұлықтауды өзіміздің парызымыз санап отырмыз.
– Өнерді тудыратын таланттар болса, сол өнерді зерттеп, зерделейтіндер – өнертанушы ғалымдар. Өзіңіз де суретшілікпен қоса өнертанушылық бағытта елеулі еңбек етіп жүрген ғалымсыз. Біздің қоғамда өнерге ғылыми тұрғыдан қарау, оның жақсы-жаманын айырып беріп отыратын өнертанушылар мектебі қалыптасты дей аламыз ба?
– Рас, бұл сала бізде тиісті дәрежеде дамымай отыр. Қалай болған күнде де, қазақ бейнелеу өнері майталмандарының өмірі мен шығармашылығы, жалпы, ұлттық өнер тарихы терең  ғылыми зерттеулерге арқау болуға тиіс. Әзірге біздің елімізде  бейнелеу өнері саласында соңғы жылдарда түрлі талдаулар, сын, зерттеу мәселелері жүйелі бағыт алып, қарқынды жүргізілуде деп айтуға келмейді. Кейінгі өнертану­шылардың арасында дәл осы бейнелеу өнеріне бет бұрғандары санаулы. Бұрын білікті де талғампаз өнертанушылардың барлығы Мәскеу мен Санкт-Петербордан арнайы оқып келетін. Қазақстанда мұндай мамандар дайындайтын оқу орындары болмаған. Қайта еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін барып қана ұлттық өнерге деген жаңа­ша көзқарас пен жалпы өнертану ғылы­мына деген ықылас пайда бола бас­тады. Сондықтан да қазақ бейнелеу өнері­нің кешегісі мен бүгінін талғам таразысына салып, ғылыми айналымға түсіру болашақтың еншісі болып тұр.
– Кешегі кеңес өкіметі тұсында Қазақстандағы әрбір шығармашы­лық ұйым кеңестік қызыл идеоло­гияның «көркем үгіт насихаты» үшін құрылғаны белгілі. Қазір ондай бақылау, қадағалау жоқ. Бүгінде еркін түрде жұмыс істейтін шығармашылық одақтар, оның ішінде Суретшілер одағы өз жұ­мыс­тарын қай бағытқа негіздеп отыр?
– Кеңестік идеология ұлттық дүниелерге шектеу қойып отырғанымен, ұлтқа шын берілген дарынды тұлғаларымыз  сол кездері құрылған ұйымдардың жұмысын барынша қазақ халқының мүддесіне сай пайдалана білді деп толық сеніммен айта аламыз. Елімізде Суретшілер одағының құрылуымен бірге, қазақ суретшілерінің өз шеберліктерін шыңдауға зор мүмкіндіктер ашылды. Осы уақытта көптеген қазақ суретшілері Мәскеу мен Петерборда білім жетілдіріп, бейнелеу өнері саласындағы айтулы мектептердің шеберханаларында шыңдалып қайтты. Бұл үрдіс өз кезегінде елдегі жас дарындарымыздың шығарма­шы­­лық тұрғыда қалыптасып, өсіп-өркен­деулеріне жол ашып берді. Осыдан бастап қазақ бейнелеу өнері сатылап дами бастады.
Қазіргі таңда тәуелсіз қазақ қоғамында өмір сүріп отырған Суретшілер одағы – өз алдына дербес, республика суретшілері мен өнертанушыларын біріктіретін ерікті шығармашылық ұйым. Одақ өз мүшелерінің көркемдік деңгейі жоғары туындылар жасауына және кәсіби шеберлігін үнемі дамытуға ықпал етіп, қажет тұстарда өзге де ұйымдастырушылық мәселелермен айна­лысады.
Одақ конференциялар мен семинарлар өткізіп, көркемсурет көрмелерін ұйымдас­ты­рып, жас дарындардың ішінен лайық­тыларын мүшелікке қабылдап, олардың ізденістеріне үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Қазіргі уақытта қазақ бейнелеу өнері әр тарапта заманға сай даму үстінде. Өнер бір орында тұрмайды. Ол өз кезегінде уақыт пен кеңістікке бағынбай, қоғамдық формациялармен бірге жетіліп, құбылып тұрады. Әр заман өз суретшілерін тудырып, өз жанрын қалыптастыруда.  Біздің суретші­леріміздің дүниелерін өзге елдерге де ұялмай ұсынуға әбден болады. Өйткені кенжелеу дамыса да, бізде де өзіндік мек­тептер қалыптасып үлгерген. Ұлттық бей­нелеу өнерінің іргетасын қалаған кешегі Қастеев пен Қожықов, жақында ғана бақилық болған Телжановтың шеберлік мектептері арқылы өз алдына бір-бір шоғыр қылқалам өкілдері тәрбиеленіп келеді. Осы бір жақсы үрдісті дамытып, кеңінен насихаттай білсек, қазақ өнеріне әлі талай майталмандар келері анық.
– Бүгінгі жаһанданған дәуірде «мәдениеттер қақтығысы» деген термин пайда болды. Аз ұлттардың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, төл мәдениеті мен өнерін өзге мәдени экспансия тұқыртып барады. Бүгінгі нарық суретші қауымға қандай талаптар қойып отыр?
– Өкінішке орай, қазіргі кезде жалпы суретшіліктің кәсіби деңгейі төмендеп барады. Көптеген жаңа туындыларда ұлттық бояу аз. Бұған түрлі факторлар әсер етуде. Сыртқы мәдениеттің ықпалы да жоқ емес.  Оның үстіне бүгінгі нарық заманы суретші дейтін нәзік қауымды біршама қыспаққа алғандай болып отыр. Өнердің өзге салаларындағыдай суретшілерге арналған шығармашылық конкурстар мен фестивальдар, мемлекеттік тапсырыстар жоқтың қасы. Суретшілер одағы мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтын өз алдына жеке шығармашылық ұйым сана­тында болғандықтан, біз барлық ұйымда­стыру  мәселелері мен көптеген проблема­ларымызды өзіміз шешуге күш саламыз. Бүгінгінің жекелеген қалталы азаматтары мен кәсіпкерлікпен айналысатын компания­лар бейнелеу өнеріне ақша сала бермейді. Өнерге идеологиялық құрал деп қараймыз. Бірақ суретшілерге мемлекет тарапынан арнайы тапсырыстар болмағандықтан, ауқымды жобалар жүзеге асырылмай қалып жатады. Мұндай жағдайда суретші­лер көбіне жекелеген адамдардың, белгілі бір шағын ұйымдар мен топтардың ғана тапсырыстарын орындаумен шектеліп отыр. Сол себепті де нағыз бүгінгі жасампаз қоғамның келбетін бейнелейтін кең полот­нолы, талғамы биік туындылар тым аз. Күнкөріс қамы көптеген суретшілердің тақы­рып аясын тарылтуда. Халықтың да сұранысы шығармашылық пафоспен салын­ған суреттерден гөрі әншейін бір жылтырақ, кеңсеге іліп қоятын немесе біреуге сыйға тарта салатын арзанқол дүниелерге ауып кеткен. Бұл ең бірінші кезекте біздің қоғамда бейнелеу өнеріне өнер деп қарамау, оны көбіне суретшінің ермегі ретінде қарастыру үрдісі басым болып тұрғандығын аңғартады.
Қазірде Суретшілер одағының мыңнан астам мүшесі бар. Алайда олардың барлы­ғы дерлік өнердің өз ортасында жүр деп айту қиын. Біреулері тұрмыс жағдайымен өзге салаға бет бұрып кетсе, енді біреулері сүйікті істерінен уақытша қол үзген. Деген­мен одақ мүшелерінің басым бөлігі шығар­машылық жолда қал-қадерлерінше еңбек етіп, өз жұмыстарының жемісін көріп жүр.
– Әдетте, шығармашылық ешқандай қатаң принциптерге бағынбайды, ал тапсырыс өнерді өсірмейді деп жатамыз. Сіз сурет­ші­лерге мемлекеттік тапсырыстар қажет дегенді алға тартасыз. Бұл бейнелеу өнерінің дамуына қаншалықты ықпал етеді деп ойлайсыз?
– Бейнелеу өнеріне мемлекеттік қолдау керек дегенді біз бұрыннан бері айтып келе­міз. Осы мәселені өз басым республикалық деңгейде өткен бірнеше жиындарда көте­ріп, бірқатар басылымдарда осыған байланысты өзімнің ой-пікірлерім мен ұсыныстарымды ортаға салғанмын. Өзіңіз қараңызшы, неге біз әлі күнге дейін өзгенің дүниесіне тамсанып отыра бермекпіз. Ендігі кезекте өзімізді сыртқа танытуға жұмыла кірісуіміз керек емес пе?! Мен шығарма­шылық бағытпен, қызмет бабымен бірнеше шет мемлекеттерде болдым. Қай елге барсаң да, ондағылар қонақтарын міндетті түрде ұлттық мұражайлары мен галерея­ларына апарады. Сол арқылы олар өздері­нің биік мәдениет пен өркениеттің өкілдері екендігін паш етіп отырады. Мысалы, басқа елге барған адам алдымен Третьяков галереясын, Эрмитажды, Луврды көруге асық болып тұрады. Бұлардың аттары да әлемге әйгілі. Ондағы туындылар мүмкін­дігінше толықтырылып отырады. Келуші­лерге қызмет көрсету сапасы да заманауи үлгіде орайластырылған. Біздің елде, өкінішке орай, мұндай игіліктерге аса көңіл бөліне бермейді. Біле-білсеңіз, еліміздің ең бір беткеұстар дейтін Қастеев мұражайында соңғы он жыл көлемінде сатып алынған керемет дейтіндей бірде-бір сапалы шығар­ма жоқ.
Бір ғана Тәуелсіздік тақырыбы, Астана айшықтары, елімізде өтіп жататын түрлі атаулы күндер мен тарихи даталардың барлығы қаншама тамаша туындыларға арқау болар еді?! Көбіне суретші қауым мұндай тақырыптық картиналарды өздігі­нен сала бермейді. Себебі ондай картина­ларды ешкім сатып ала қоймайды. Ал мемлекеттік тапсырыс болса, осы мәселеде кәдімгідей қозғау болар еді. Бұл суретшіге де айрықша серпін беріп, оның жаңа жұмыстар жазуына мүмкіндік туғызар еді. Мұның сыртында суретшілерге арнайы гранттар бөлініп, мемлекеттен қаржылан­дыратын республикалық дәрежедегі байқау ұйымдастырылса игі шаруа болмас па?!
Бұл ретте біз жоғарыға алақан жайып, одақтың жеке жағдайын алға тартып отыр­ған жоқпыз. Біздің мақсат – қазақ бейнелеу өнерін ұлттық бағытта дамытып, қоғамның рухани жағынан қалыптасуына өзімізше үлес қосу. Осы орайда біз мемлекеттің қамқорына зәру екендігімізді жасырмай­мыз.
– Қылқалам шебері әрі өнертанушы ретінде кейінгі буын суретшілеріне көңіліңіз тола ма?
– Қазіргі суретшілердің, оның ішінде әсіресе жас буын өкілдерінің қолтаңбалары тіпті өзгеше. Бейнелеу өнерінің өз ішіндегі түрлі ағымдарының жетегінде кеткен экспериментальды жұмыстар өте көп. Ізденістің болғаны жақсы. Бірақ өнердің жөні осы екен деп, түсініксіз дүниелердің тұңғиығына түсіп кетуге болмайды. Жақсы картина ең әуелі адамға жоғары эстетика­лық талғам сыйлап, ойландырып, толған­дырып, ерекше әсерлерге бөлеуге тиіс. Сол себепті де көптеген жас суретшілердің бояуларында жылылықтан гөрі агрессия басым сияқты. Бұған қоса қазіргі кезде қолынан келгеннің бәрі өнер адамы болуға ұмтылып, ерінбегендер суретші болып алды. Бүгінгідей еркін заманда ондайларға сен суретші емессің деп айта алмайсың. Рас, өнерге әркімнің таласы бар. Дегенмен қазіргі қоғам кәсіби суретші кім, әуесқойы кім – ажыратудан қалды. Өйткені нарықтың тетіктерін меңгеріп алған кейбір жолбике суретшілер талғам мәселесіне бас ауыртпай, саудаларын қыздырып отыр.
– Сіз айтып отырған көріністер­дің бір парасын өнердің ордасы саналатын Алматының қақ ортасында суретшілер мекеніне айналған «Арбаттың» тыныс-тіршілігінен де аңғаруға болатын сияқты...
– Алматыдағы «Арбат» халықтың мәдени-көпшілік демалыс орны ғана емес, ол бүгінде көптеген суретшіні асырап отырған сурет базарының функциясын атқаруда. Алайда нағыз бағалы да шынайы өнер туындыларын ол жерден табуыңыз қиын. Өйткені ондағы картиналардың барлығында дерлік халық сұранысына орай салынған, бір қарағанда  көзге әдемі болып көрінетін табиғат көріністері, әртүрлі қарапайым этюдтер бейнелеген. Сұраныс болып тұрған соң, ондағы суреттер тез салы­нып, тезірек сатылуға негізделген. Мысалы, той-томалақтарда айтылып, халық­тың бір сәткі көңіл күйін көтеріп, билететін жеңіл-желпі әндер болады. Бұл даңғаза эстраданың үлкен сұраныста екенін көрсетеді. Арзанқол картина да сол сияқ­ты... Әйтсе де сұраныс бар екен деп, заман ағымына бағынышты болып, көркем дүние­ге деген ерекше көзқарасымызды жоғалтып алмауымыз керек. Нағыз өнер, керісінше, халықтың талғамын тәрбиелеуге тиіс.
– Батыс елдері арт-рынокты дамыту арқылы өнерге белгілі бір деңгейде қолдау көрсетіп отыр. Бізде бұл жағы қалай шешілуде?
– Бұл жағы бізде енді-енді қалыптасып келеді. Мысалы, жекеменшік галереялар­дың суретшілерге көп көмегі тиіп отырғанын айта кету керек. Олар талантты қылқалам шеберлерін маңайына топтастырып, арна­йы тапсырыстар беріп, көрмелерін ұйым­дастырып және олардың насихатымен айналысады. Заманауи менеджмент заңдылықтарымен жұмыс істейтін мұндай галереялар мықты суретшілермен бірлесе жұмыс істеу арқылы пайда табады. Тиісті мөлшердегі табыстан суретші де кенде болмайды. Мұның сыртында кейбір өнерге жанашыр кәсіпкерлер, өнерге меценаттық жасап тұрады. Алайда елімізде меценаттық заң толық пісіп-жетілмегендіктен меценат­тардың өнерге деген қарым-қатынасы осы уақытқа дейін заңмен нақтыланбаған. Жалпы, өнерге қатысты заңдар тақырыбы – өз алдына бөлек әңгіме.
– Бүгіннен басталып, үш күнге жоспарланып отырған Суретшілер одағының мерейтойына шетелдерден арнайы қонақтар шақырылды ма? Жалпы, мерейтойлық жиындарда қандай мәселелер кеңінен сөз болмақ?
– Қаншама проблемаларымызды айтқанымызбен, Суретшілер одағының атқарған жұмыстарында оңтайлы нәти­желер баршылық. Мынаны істедік, мынаны атқардық деп тізбектеп беруді жөн көріп отырғаным жоқ. Қалай болған күнде де, қазақ бейнелеу өнерінің үлкен болаша­ғы бар екені анық. Бүгінгі күні бейнелеу өнері­нің әр саласында суретшілер белгілі бір деңгейде қажырлы еңбек етіп жатқан­дықтарын жоққа шығармаймыз. Одақ мүшелері арасында өз елімізбен қатар, көп­теген шетелдерге де танымал бола бастаған талантты шеберлер аз емес. Келешегінен үміт күттіріп отырған талғампаз жас сурет­шіле­ріміз де жетерлік. Суретшілер одағы осы­лар­ға тиісінше көмек қолын созып, шығар­машылық бағыттарында айтарлық­тай жетістіктерге жетуіне сеп болып келеді.
Шежірелі тарихы бар Суретшілер одағының бүгінгі мерейтойлық жиынында өткен-кеткенімізді саралап, келешек жос­пар­ларымызды түзбекпіз. Өкінішке орай, біз шетелдерден қонақтар шақырта алма­дық. Сырттан қонақ шақырту үшін қыруар қаржы керек. Десек те, мерейтойға еліміз­дің әр өңірінен суретшілер келіп қатысуда. Биыл атап өтіп отырған 80 жылдығымыздың мүмкіндігінше салтанатпен өтуі демеушіле­ріміздің қолдауының арқасында жүзеге аспақ.
Бүгінде Қазақстан Суретшілер одағы ТМД елдері Суретшілер одақтарының Халықаралық конфедерациясының және ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық сурет­ші­лер ассоциациясының құрамына енген. Бұған қоса бірнеше жоғары оқу орындары­мен, өзге де шығармашылық одақтармен, сондай-ақ бірнеше көрме залдарымен, арт-галереялармен және жеке коллекцио­нер­лермен қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде.
Суретшілер одағының мерейтойлық шаралары аясында осы және өзге де түйінді проблемалар сөз болмақ. Алда шығарма­шы­лық одақтың ХVІІ құрылтайы болмақ. Оң өзгерістер болады деп үміттенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашы­лық табыстар тілейміз!

Алашқа айтар датым...
– Қазіргі жастар неге мұражайларға, кітапханаларға, көркемсурет галереяларына, өзге де көрмелерге баруға құлықсыз? Есесіне, үлкендердің өзі жастармен бірге сауда ойын-сауық кешендеріне баруға, сонда жүріп көңіл көтеруге құмар-ақ. Ал өзінің түп тарихы мен төл өнері туралы толық мағлұмат алмаған, эстетикалық тәрбиеден алшақтап жүрген ұрпақтың ертеңгі күні не болмақ? Бүгінгі күні ұстаздар қауымының өзі балабақша мен мектептің ұл-қыздарын мұражайлар мен көрмелерге жиі апара бермейді. Меніңше, бұл мәселеге де мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп, тәлім-тәрбие жұмыстарын күшейтетін арнайы бағдарлама жасалуы қажет. Әрбір балабақша мен мектептердің, арнаулы білім беретін мекемелер мен жоғары оқу орындардың жұмыс жоспарында жастарды рухани-мәдени, тарихи-танымдық ошақтарға жүйелі түрде апарып тұруды міндеттейтін тәртіп енгізсек те артық болмас.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста