Қазір кез келген режиссер бола алады, бірақ сатираны түсініп бағалай алмайды

Қазір кез келген режиссер бола алады, бірақ сатираны  түсініп бағалай алмайды

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ, «Тамаша» ойын-сауық отауының тұңғыш редакторы:

«Думанды, дулы кез еді ол»
– Қойшығұл аға, әуелгі әңгімені талай буынды күлдіре отырып тәрбиелеген «Тамаша» ойын-сауық отауынан бастасақ дейміз. Сіз осы әзіл отауының іргетасын қалағандардың бірісіз. «Тамаша» еске түскенде өткен күндер қандай сыр шертеді?
– Тағдыр деген қызық қой... Егер мені қазақтың белгілі домбырашысы, Қазанғап күйшіні өмірге қайта әкелуші, өзін қай жерде де «Көтібар батырдың тұқымымын» деп таныстыратын Сәдуақас Балмағамбетов кездестіріп, Қазақ телевизиясының музыка­лық бағдарламалар бас редакциясына қызметке келуге үгіттемегенде, сол «Тама­ша» ойын-сауық отауы бағдарламасы дүниеге келер ме еді, жоқ па еді?! Ол мен қызмет істейтін Мәдениет министрлігінің әдістемелік кабинетінің терезесінің алдынан күнде өтетін. Бас изесеміз. Бірде қолында домбырасы бар, қызулау келе жатыр екен. «Сен осы қай жақтың баласысың?» деп жармасты. Терезенің алдынан күнде өтетіні – үйі осы жерде екен. Үйіне алып барды. Дуылдатып түнімен күй тартты. Қысқасы, таңертең мен осы үйден Қазанғапқа ғашық болып, Көтібар батырдың тұқымына бас иіп, Тұңғышбай айтқандай, «тақылына – мақұл» деп шықтым. Ол мені ертесіне атақты композитор, өзі шешен, өзі көсем Жолан Дәстеновке алып барды. Жоландай өте инабатты, аса зиялы бастықтар сол кезеңде сиректеу еді. Әнуарбек Шыманов­ты, Камал Смайыловты кейінірек кездестір­дік қой. Сонымен, Жолан Дәстенов мені қызметке алатын болды. Маған «ана жұмы­сыңнан жылдам босап кел» деп қатты тапсырды. Жұмыстан бір аптада босап, «жолаяғымды» жасап, қызметтестерімнен сый-сияпат көріп, ертесіне Қазақ телеви­зия­сына келсем, Жолан жоқ. Жолсапарға кетіпті. Кадр бөліміне барсам, оның басты­ғы: «Қызметке Жолан алмайды, біз аламыз, ал сіздің мамандығыңыз журналист екен, бізге музыкант керек, музыка редакциясына жарамайсыз» деп қайырды. Ана жұмыстан шығып кеттім, қайтып баруға намыс жібер­мейді. Сөйтсем, кадр бөлімінің бастығы ол редакцияға өзінің жерлесін алмақшы екен. Кейін бүкіл елдің аузында мәтел болып кеткен даңғайыр жазушы, сатирик ағам Берқайыр Аманшиннің:
 Бір жақсы орын босап еді,
 Маған оны бермейді.
 Биография келгенмен
 Географияң келмейді, – деген өлеңі менің айтуыммен осы оқиғаға байланысты шығып еді. Жолан келіп барлық мәселені жедел шешті де, өзі консерваторияға мұға­лім­дікке ауысып кетті. Егер осы Жоланның бірсөзділігі, қайтпас мінезі болмаса, менің Қазақ телевизиясына қызметке келуім екіталай-тұғын. Олай болса, осы «Тамаша­ны» басқа кісі ашар ма еді, кім біледі?
«Тамашаны» Республика сарайына алып шыққан Камал Смайылов, орысшаға аудартып, Мәскеуден көрсеткен Ғадылбек Шалахметов, Қазақ телевизиясына бір емес, үш қайтара директор болған, осы бағдарламаны қанатының астына алып қорғаштаған Рафаэль Жұмабаев еді. Егер қазақ өнерінің  дамуы үшін жанын аямай­тын осындай аяулы адамдар болмаса, «Тама­ша» «Тамаша» болмас еді, әрине.
«Тамашаның» ең басты адамдары – сатириктер. Мен осы бағдарламаны бас­қар­ған тұста Оспанхан Әубәкіров өз қолы­мен бір рет қана сценарий жазды, қалғанын өзіміз түздік. Әсіресе Тұңғышбай Жаманқұ­лов пен Құдайберген Сұлтанбаев Осекең шығармаларынан көптеген скетчтерді дүниеге әкелді. Ал Берқайыр Аманшин біз қандай «заказ» берсек, дәл сол ойымызда­ғыны әкелетін.
Үмбетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахметов, Батырхан Дәрімбетов, Шөмішбай Сариев, Жарасқан Әбдірашевтердің сол жылдар­дағы шығармашылығын «Тамаша­дан» бөліп қарауға әсте болмас. Осы күнгі мық­тыларымыз, менің қарамағымда істе­ген Көпен Әмір-Бек, Толымбек Әлімбек, Берік Садыров, марқұм Басқар Битанов­тардың шырайлы сықақтары «Тамашаны» тамаша қылды. Сол тұста ауылдағы жұрт малын ерте қоралап, қаладағы ел футбол­дан гөрі біздің бағдарламаға басым­дық бергенін айтсам, асылық сөз емес. Қазіргі Серік Аббас-шах болып аты шыққан сати­рик те өнер жолын осы «Тама­шаға» қалам тартудан бастаған. Тұңғышбай, Құдайбер­ген, Мейірман, Тоқсын, Уайс, Қадырбек, Ба­қыт Айтова, Шолпан Байғабылова, Ли­дия Кәденова, Бауыржан, Данагүл, Гүл­жан... Міне, осылар жасады «Тамашаны». Қалған­дары алдыңғы арбаның ізімен келе жатқандар. Құдайшылығын айтсақ, бағ­дар­ламаны бастауында мен ойлап тапсам да, «Тамашаны» «Тамаша» қылып бір ізге салған – Тұңғышбай мен Құдайберген. Сосын көлеңкесі, күнгейі бар, қалай десек те, Лұқпан Есеновтің еңбегі ересен. Бұлар­дың еңбегі баяғы атом мұзжарғышымен тең. Өйткені сатира осылар арқылы тұңғыш рет сахнаға жол салып еді. Менің сағыныш­қа толы өткен күндерім – осылармен өткен айғай-шулы, думанды, дулы кездер...

«Тамашаға» үш келіп,  үш кеттім
– «Тамаша» мен Сіз туралы ел арасында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Максим Қорғанбаевтың  «Қойды баға білмеген қуалап өлтіреді, Қойшығұлды бағалай білмеген қудалап өлтіреді» деген әзілі бар екен. Бұл, сірә, «Тамаша­дан» шетқақпай көріп жүрген күндеріңіздің бірінде айтылса керек. Дегенмен Лұқпан Есенов өмірінің соңғы жылдарында «Тамашаны» алып қалуға шақырып­ты. Неге бас тарттыңыз?
– Мен «Тамашаға» үш келіп, үш кеттім. Бірінші кетуім «Сені көлден айырған, Ла­шын құстың екпіні. Мені елімнен айырған, Хан Жәңгірдің тепкіні», – дегендей, «Тама­шадағы» айтылған артық-ауыс әзілдерді шынға балап, мені анда-мында шақырту, ескерту көбейді. Бір күні сол кездегі Респуб­ликалық Теле-радио комитетінің бастығы Хамит Хасенов шақыртты. Менімен бірге сол кездегі бастығым, «Тамашаның» музы­калық жағынан аса сауатты шығуына бар күшін салған композитор Кеңес Дүйсекеев, атақты режиссер Сапарғали Шәріпов бар­ды. Мен бұл кезде мақтау сөзге әбден бойым үйреніңкіреп, ылғи мақтау естуге өзім де ыңғайланып қалып едім. Предсе­дательдің шақыруына кәдімгідей арқала­нып бардым. Барсақ Хамит Хасеновтың қабағы түсіңкі, әп дегеннен «Бізде осы «Тама­шаның» редакторы кім?» деп сұрады. «Мен» деп мақтанышпен атып тұрдым. «Садись, безграмотный редактор, – деп алды да: – Сен неге милицияны сықақтай­сың, біз милиция қорғанымыз деп жүрген жоқпыз ба? Ұстаздарды неге келеке қыласың? Әлде ұстаз көрмей өстің бе? Мына «наның, майың көп болса, қарының тоқ болады, қайғың жоқ болады» деген не сөз? Қазақстанда аштық басталды ма?» деп айқайға басты. «Бұл сықақтар Оспанхандікі еді», – деп айта бастап едім, Сапекең қолымнан ұстап, төмен тартып отырғызып, айтқызбады әрі қарай. Осындай ойдағыны айтқызбау, аттатпау тәсілі жан-жақтап, маған орынды босатып, олардың нұсқауы­мен өз еркіммен ауылыма кетуге тура келді. Сол тұста «Тамаша» әркім­нің қолында жүрді. Бәсі төмендеді. Берекесі кетті. Сосын Камал Смайылов Теле-радио­ комитетіне бастық болғасын мені қайта қызметке шақырды. Екі жыл қызмет істеге­сін тағы да араға алты жыл салып, үшінші рет «Тамаша­ға» бастық болдым. Бұл алты жылда мен, жасырары жоқ, «байтал түгіл бас қайғы» болып, бас еркімнен айырылып жүрдім. Осы арада айта кетейін, 1994 жы­лы менің сотталғандығым алынып тасталды. Бұған Фариза Оңғарсынова, Камал Смайы­лов, Мұхтар Шаханов секілді қазақтың арда арыстары күш салды. Осы үшінші рет келгенімде өз әріптестерімнің күндестігіне тап болдым. Жаңағы мақалды Максим досым сол кезде шығарды-ау деймін.
– Сол «Тамаша» бүгін де «Тамаша» бола алып отыр ма? Қалай ойлайсыз?
– Ол «Тамаша» жоқ! Неге дейсіз бе? Өзіңіз білетін анекдотты біреу өзіңізге қайырып айтып берсе, күлер ме едіңіз? Күлсеңіз, зорланып, көңіл үшін күлерсіз!
Қазіргі күлкі осындай. Күлкінің дәйегі мен сөздің мәйегі жоғалды. Жоғарыны сынай алмайды, төменді төпелей алмайды, әрі-сәрі, не айтып тұрғандарын, бұл өзі халыққа керек пе, жоқ па, өздері білмейді. Сатира сөз қуатынан айырылса, малдың суатынан айырылғаны сияқты мәңгі бола­ды. Осыны бағамдайтын сауатты, салауатты редактор керек, ол халыққа не керек екенін іздейтін сөз менеджері болуы тиіс. Қазір кез келгені режиссер бола алады, бірақ кез келгені сатираны түсініп, бағалай алмайды. Бар қасірет – осында.
Бүгінгі сатираның «тісі» жоқ
– Қазір не көп, әзіл-сықақ театрлары көп. Болмасын демейміз, әрине. Бірақ солар көрерменнің сұранысын қаншалықты қанағат­тандырып отыр? Қарапайым көрер­мен ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Мен қарапайым көрермен емеспін, себебі ол бағдарламалардың іші-сыртын, оның қалай жасалатынын жақсы білемін, сондықтан кәсіби көзбен қараймын. Солай еткенде осы «Тамаша» тектес бағдарлама­лар­дың жұрттың бәрін ақымақ санайтын соншалықты тоғышарлығына жаным күйе­ді. Бір шалдар мен кемпірлерді келеке қылады. Олары милау бірдеңе. Жекелеген адамдарда кемістік, мүкістік болуы мүмкін, бірақ ол бүтін елдің бейнесі емес қой. Ауқымды, елдің жанды жеріне тиетін және жеңіл де көңілді күлкі жоқ! Сондықтан ол жайында әңгіме еткім де келмейді.
– Белгілі сатирик Сейіт Кенжеахметовтің «Күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген сөзі бар. Осы тұрғыдан қарағанда, бүгінгі сатираның деңгейі сізді қанағаттандыра ма? Бүгін біз қалай күліп жүрміз?
– Осы әзіл-сықақ театрларының ішінде көпсөзділеу демесек, «Шаншарға» көңілім бұрады. Бізден алғаш рет бөлініп шығып, өз алдына отау құрған, алғашқы аяқалысы қуантқан «Бауыржан-шоу» да тұралап қалды-ау деймін. Қалғандарынікі өткенді шиырлау, жаңалық көре алмай отырмын. Әлгі Лұқпанқызы Әлияны Алматыда кафеге шақырып алып, сосын режиссер Асылбекке де «Тамашаның» форматын өзгертіңдер деп, оның бірнеше жолдарын айтып едім, құлақ аспады, қолдарынан келмеді-ау деймін. Баяғы бір концерттік нөмір, бір сықақпен кезектесіп айдай беретін бағдар­ла­малардан жұрт жалықты. Жалпы, Қазақ­станға кәсіби сатира театры керек. Мұнда шартты түрде айтсақ, Шекспирден бастап Шерімовке дейінгі комедиялық, сатиралық дүниелер көрініс тапса, құба-құп. Директор­лығына үлкен ұйымдастырушы Тұңғышбай Жаманқұловтың тұлғасы сұранып-ақ тұр. Бүгінгі сатираның «тісі» жоқ, кәкір-шүкірдің маңайында жүрміз. Сықақ, юмор дегеніңіз­дің әсері саясатыңызды шайқалақтатып жібереді. Адамдарды қылығына, сөзіне абай болуға үйретеді. Бір ретте – сатира рухани тәрбиеші де. Әркімнің жазғанын талғамай жұтқан редактор, «попугай» бо­лып, не жазылса соны қақылдап орындап беретін ойсыз актерлер сахнадан кетпей, өнер көгермейді. Жалпы, актерлердің не берсе, соны ойнап, талғамсыздыққа бой ұрып, көрерменіне жеккөрінішті болып бара жатқаны рас.
– Күлкі тек жанға дәру ғана емес, ол қару да бола алады. «Күлдіріп тұрып жылатады өмір» дейді. Өзіңіздің күліп тұрып жылаған сәтіңіз болды ма?
– Жылап жүріп күлген сәттерім немесе керісінше жағдайлар көп болды. 90-жылдары Балқаш түрмесінде жүргенімде сотталғандарға арабшадан сабақ бердім, имандылыққа үйреттім, одан шыққан соң, мен сонда жүргенде өмірден өткен ата-анама бір уыс топырақ сала алмағаныма күйініп, қоймастан арақ іштім. Қарап отырсаң осының өзі бір-біріне кереғар нәрсе емес пе? Күлесің бе, жылайсың ба? Абайдың:
 Күшік асырап ит еттім,
 Ол балтырымды қанатты.
 Біреуге мылтық үйреттім,
 Ол мерген болды, мені атты, – дегені осы «Тамашадан» көрініс бермей ме? «Тамаша» сол әртістердің бәріне тамақ болды, атақ әперді, кейбіреулері қатарлап үй салып алды, машина мінді, ең бастысы, халыққа танымал етті, тіпті ел сүйіктісіне айналды, ал соның бәріне жол ашқан мені олар аузына да алмайды. Қызғаныш деген қызыл ит шындықты айтуға жібере ме? Абайдың «ызалы күлкісі» осындайда келе­ді.
– «Саяси сатира – сөз бостандығының бір нышаны» дейді. Біздегі бүгінгі саяси сатираның бағыт-бағдары қандай деп ойлайсыз?
– Қазақстанда саяси сатира деген жоқ қой. Оларға бұлай істеме, қой мұныңды деп отырған ешкім болмаса да, Оспанхан айтқандай, «тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып көп жүресің» деген принциппен діні үшін емес, күні үшін жазатын сатириктер көп, актерлеріміз де саясаттың пәлесінен аулақ жүргісі келеді. Ал саясат – мемлекеттің бейнесі. Осы бейнені ластамау үшін неге біз өзіміздің азаматтық көзқарасымызды таныта алмаймыз? Үйіміз ыбырсып жатса, оны жинамаймыз ба? Саясатты тек Прези­дентті сынау деп түсіну, Президентті сына­ға­ным  күштілігім деген түсінік аса бекер­ші­лік және басшысына жармасқан ел оң­бай­ды. Елде саяси сатираға лайық тақы­рып көп. Оны өзіміз пайдалана алмай отыр­мыз.
– Күлкі күнінде өзіңіздің басыңыздан өткерген ең күлкілі жағдайды айтсаңыз.
– Он бес-он алтылардағы кезім болса керек, көрші  ауылдың  қызына қырында­дым. Жаз еді. Әлгі бір әнде айтылғандай, шешесі саңырау да, әкесі ауру екен «ғашы­ғымның». Сыртта масаханада ұйықтайды екен. Өзім­ше үлкен жігіттердей болып, қызға «кешке масаханаңа кірем» деп, шетте өзі, сосын ана­сы мен әкесі жататынын біл­дім. Ай жа­рық болды. Түнгі екі-үш шама­сында масаха­наға кіріп, қыздың қолынан ұстай бергенім сол еді, біреу тас қылып қолыма жармаса кетті. Шешесі. Сасып қал­ған мен қолымды жұлқи тартып, басыммен масахананы іле қаштым, оны басымнан алып тастай алмай, жанталасып шарбаққа соғылдым, әрең дегенде қашып шығып, содан 12 шақырым жердегі ауылыма дейін жүгірдім. Таңертең жайырақ оянып жатсам, пештің арғы жа­ғын­да анаммен шай ішіп отырған саңырау кемпір менің анама «құ­да­ғай-ау» деп қойып, сампылдап отыр. Анам «мына көксоқ­қанның құдағайы несі?» деп ештеңе түсінбей әлек. Сол балалығымды еске алсам, әлі күнге дейін күлемін.
– Күлкі күнінің қарсаңында сұхбаттасып отырғандықтан, мұны да сұрап қалайық. «Алаш айнасы» газетінде «Белгілі есімнің белгісіз сыры» деген айдар бар. Сіздің аты-жөніңіздің өзі қызықты сырға толы секілді...
– Мен бірнеше қыздан кейін дүниеге келген екенмін. Менен бұрынғы бір ер бала қайтыс болыпты. Анам мені босанып жатқан­да Әмен деген ақсақал келіп, «әкесі  қойшы, шешесі қойшы, қойшы болса арам өлмес» деп, Қойшығұл қойған екен дейді. Біреулер осы елде Қойшығұл деген атақты адам болған, ақсақал соған меңзеген дейді. Қырғыздар мені өздерінің туысы екен деп қалады. Жылқышы деген – атам. Аудандық газетте жүргенімде бір атақты шопан менің аты-жөніме сенбей, «мен шопан болғасын мені келеке қылып отыр­сың» деп үйінен қуып шыққаны да бар. Көп адам псевдоним екен деп те қалады.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Жағымпаздық, жерлестік, руластықты жеңіп, біртұтас қазақтың намысын жыртайық. Жағамызға жармаспайық, ағамызбен арбаспайық, інімізді ренжітпейік, ділімізді, дінімізді түзейік, ел аман болса, пендешілік далада қалады, ең бастысы, әр азамат қай салада жүрсе де, ел алдындағы парызын ұмытпаса екен деймін.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста