Қазақтың ұлттық әмбебап энциклопедиясын шығаратын кез келді
Бауыржан Жақып, «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС бас директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ақын:
– Бауыржан аға, сұхбатымызды сіздің ғалым ретіндегі публицистикалық зерттеулеріңізден бастасақ деймін. Мені «Жалпы публицистика саласының толыққанды теориясын қалыптастыра алдық па?» деген сауал жиі мазалайды.
– Ахмет Байтұрсынов публицистикаға «көсемсөз» деген балама атау берген ғой. Мен осы көсемсөз саласын зерттеу мақсатында табаны күректей 23 жыл ізденіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде жұмыс істеппін. Осы қара шаңырақта қызмет істей жүріп, түрлі ғылыми ізденістерге бардық. Мәселен, мені ең алғаш журналистика факультетіне жұмысқа шақырған Тауман Амандосов ағамыз «Публицистика – дәуір үні», «Қазақ баспасөзінің жанрлары» деген еңбектері арқылы сіз айтып отырған публицистика жанрларының теориясын жасауға ерен еңбек етті. Сол Тауман ағамыз бірде маған Мұхтар Әуезовтің публицистикасын зерттеуді ұсынды. Содан бастап Мұхаңның көсемсөзін зерттедім. Жалпы, Мұхтар Әуезов шығармашылық жолын «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласын жазу арқылы бастаған екен. Оны өзінің «Өз жайымнан мағлұмат» деген автобиографиялық жазбасында да айтады. Мәселен, мен ғалым ретінде Әуезовтің Ташкенттегі «Алаш», Семейдегі «Сарыарқа», «Қазақ тілі» газеттерінде, «Абай» журналында шыққан мақалаларын жинақтап, жарияладым. Мұхаң Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды тұлғаларымыз оқыған Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқып жүріп-ақ түрлі газеттердің жұмысына белсене араласқан. Мысалы, Әуезов жоғарыда айтқан басылымдардан бөлек, Ташкенттегі «Шолпан» мен Семейден шыққан «Таң» журналына да мақалалар жазып тұрған. 1918 жылы Қызылжарда жарық көрген «Жас азамат», Орынбордағы «Еңбекші қазақта» да публицистикалық туындылары жарияланған. Мен ұстазым Тауман Амандосов дүниеден өтіп кеткен соң, яғни 1994 жылы осы Мұхаңның тырнақалды туындыларын, яғни публицистикалық шығармаларын жүйелеп, бірнеше кезеңдерге бөліп, кандидаттық диссертация қорғадым. Тауман ағамыз публицистикатану мәселесіне ерекше көңіл бөліп, өз еңбектерінде: «Қазақ публицистикасының тарихы көне дәуірлерден басталады» деп жазыпты. Осы бір ауыз сөз маған ой салып, докторлық диссертацияма «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпты алып, сол бағытта зерттеу жұмысын жасадым. Білгір ғалым Бейсембай Кенжебаев әдебиеттің негізін Күлтегін жазба ескерткіштерінен бастап, әдебиет тарихын тереңдетіп кетті ғой. Біз де өз әдетімізше, Енесей жазбалары жайлы жазылған академик Маловтың 1953 жылы Ленинград пен Мәскеуден шыққан еңбектерін, Орхон жазбаларын сүзіп қарап шыққан соң, публицистика тарихын сол көне түркі дәуірінен бастау керектігі жөнінде іздендік. Біздің халықтың ауыз әдебиеті бай. Сол бай мұрамыздың ішіндегі батырлар жырындағы, жыраулар поэзиясындағы, шешендік сөздердегі публицистикалық сарындардың астарына мән беріп, одан кейінгі дәуірдегі «Түркістан уәләятының газеті», «Дала уәләятының газеті», «Қазақ», «Айқап» секілді басылымдардың тігінділерін қарап, ізденушілерге қажетті құндылықтарды таптық. Осының нәтижесінде кеңестік кезеңдегі, тәуелсіздік жылдары бедеріндегі публицистиканың даму бағытын жүйелеп, монография жазып шықтым. Кейіннен бұл еңбек «Публицистикалық шығармашылық негіздері» деген атпен оқулық болып басылды. Қазір бұл еңбекті студенттер қауымы оқып жүр. Н.Омашев, С.Қозыбаев, С.Медеубеков, А.Мектеп, С.Нұрбеков, Қ.Сақ, Қ.Асанов, З.Тайшыбай, Б.Сердәлі, Р.Жақсылықбаева т.б. бірқатар ғалымдарымыз осы саланың теориясының қалыптасуына өз үлесін қосып жатыр деп ойлаймын.
– Енді салалық публицистикаға қарай ойыссақ… Біздегі салалық, оның ішіндегі саяси публицистиканың дамуы қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Тәуелсіздік алғаннан кейін журналистика саласы сандық жағынан да, сапалық жағынан да өсті, өркендеді. Соның ішінде саяси публицистиканың да дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Десек те, біз осы саяси публицистиканың бастауларында тұрған «Дала уәләятының газетіндегі» ірі тұлғаларды көп еске ала бермейміз. Оларды әлі күнге зерттеу нысанына айналдыра қойған жоқпыз. Мәселен, ғалымдар – Дінмұхаммед Сұлтанғазин, Отыншы Әлжанов, Рахымжан Дүйсенбаев, Қорабай Жапанов, Асылқожа Құрманбаев сынды саяси публицистердің еңбектеріне баға беру керек. Біз бүгін айтып жүрген Әлихан, Ахмет, Міржақыптар сол тұлғалардың жолын жалғастырған саяси публицистер. Меніңше, Тәуелсіздік алғаннан соң, біздің журналистер кеңестік тоталитарлық режимнен азат болып, саяси публицистикамыздың да тынысы ашылды. Осының нәтижесінде қазақтың белгілі қаламгерлері де батыл саяси болжамдар жасауды, тілшілеріміз шетелдік һәм өзіміздің белгілі саясаткерлердің саяси портреттерін бейнелеуді меңгеріп, бұл саланы едәуір алға жылжытып келеді. Жалпы, бүгінгі мемлекеттің саясаты, тыныс-тіршілігінің өзі саяси көсемсөз арқылы өріліп отырғанын да айта кету қажет.
– Сіз публицистиканы жеке ғылым саласы ретінде зерттеген ғалымсыз. Бірақ бірқатар ғалымдар шоғыры журналистиканы ғылым саласы ретінде қарастырғысы келмейді.
– 1926 жылы Ташкент қаласында шыққан Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» деген теориялық еңбегін білесіздер. Сол еңбекте Ахаң жалпы сөз өнерін бірнеше түрге бөліп, журналистикаға қатысты «шешенсөз», «көсемсөз» деп айқындама берген. Осыдан-ақ публицистиканы сол сөз өнерінің әдебиет секілді бір саласы деп қарастыруға болатынын аңғаруға болады. Тіпті көптеген зиялымыз «Тәуелсіздік алғаннан кейін публицистика әдебиеттің алдына шығып кетті» деп жүр. Демек, әдебиеттің алдына шығып кеткен бұл саланы ғылым ретінде зерттеу керек. Мәселен, мен Қазақ ұлттық университетінде жүріп, осы оқу орнындағы диссертациялық кеңестің бастамасымен 21 ізденуші ғалымның кандидаттық, төрт ғалымның докторлық диссертациясына ғылыми жетекші болдым. Осы ғылыми жұмысымыз арқылы Тауман Амандосов, Қайыржан Бекхожин, Темірбек Қожекеевтер зерттеген ғылыми еңбектерді тереңдетіп, жіліктеп сан тарау мәселелердің бетін аштық.
– Бауыржан аға, біз осы публицистика саласын зерттеу мәселесінде тұлғалық публицистика саласын ғылыми айналымға енгізу жайын ұмыт қалдырған жоқпыз ба?
– Мен 1989 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде төрт ай тәжірибеден өткен кезде Мәскеудің қасындағы Химки қаласындағы диссертациялық кітапханада болған едім. Сол жерде орыс, грузин, әзірбайжан, украин, белорустардың публицистикада ғылым ретінде қарап, зерттеген еңбектерімен таныстым. Ресей ғалымдары Пушкин, Некрасов, Добролюбов секілді т.б. үлкен тұлғаларының публицистикасын жан-жақты зерттеп, түгендеп қойған екен. Тіпті, украиндердің өзі Тарас Шевченко секілді тұлғаларының публицистикасын зерттеп тастапты. Грузиндер де бұл мәселеде біраз биікті бағындырған екен. Мен сол сапарда осы жайтқа қатты қызығып қайтқан едім. Құдайға шүкір, артынша Алаш зиялылары ақталып, Әлихан, Міржақып, Ахметтердің публицистикасы зерттеле бастады. Қазір осы үрдіс жалғасын тауып, яғни жекелеген тұлғаларымыздың публицистикасы туралы кандидаттық диссертациялар қорғалды. Мәселен, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды тұлғаларымыздан бастап, Шерхан Мұртаза, Камал Смайыловқа дейінгі ағаларымыздың еңбектері ғылыми тұрғыда зерттеліп, бір-бір диссертацияның тақырыбына айналды. Меніңше, жоғарыда айтқан публицистиканы ғылым ретінде қарастыруға болатын бір тармағы осы болса, екінші тармағы осы саланың теориялық мәселелері деп білемін. Бұл салада да қазір түрлі зерттеулер жасалып жатыр.
– Бүгінде қазақы жырлар мен жыраулар поэзиясындағы публицистік сарындар жайлы көп айтылып жүр. Осы орайда, бүгінгі поэзияда публицистикалық сарын көрініс беруіне қалай қарайсыз? Кейбір азаматтар «поэзияның тұнығын публицистикамен лайламайық» деп жатады.
– Махамбеттің мына жырына қараңыз: «Исатай басшы, Мен қосшы, Исатайдың сол күнде Ақтабан аты астында, Дулығасы басында, Зығырданы қайнайды, Астына мінген ақтабан, Ақбөкендей ойнайды, Қасына ерген көп әскер, Маңыраған қойдай шулайды, Жау бір өрттей қайнайды, Қайнағанмен қоймайды, Мылтығын қардай боратып, Әскердің алды бөгелді, Қырдан ойға төгілді, Ханның тобы үш атты, Топтың үні шыққанда, Сонда батыр жөнелді» дейді. Немесе Шалкиіз, Үмбетей секілді жыраулардың ізін жалғастырушы Бұқар жыраудың: «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп, Сондағы жолдас адамдар; Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі қара Тілеуке, Қарақалпақ Құлашбек, Тігеден шыққан Естербек, Шапырашты Наурызбай, Құдайменді Жібекбай қасында, Бақ, дәулеті басында, Секербай мен Шүйбекбай, Таңсық қожа, Мамыт бар, Қасқарауұлы Молдабай, Қатардан жақсы қалдырмай, Айнақұл Бәти ішінде, Өңкей батыр жиылып» деп арындап келетін жырын алыңыз. Осы жырда қаншама ақпарат бар, қаншама тарихи тұлғаларымыздың аты аталып тұр? Мәселен, Үмбетей жыраудың: «Бөгенбай өліміне» деген жырында: «Баянаула, Қызылтау, Абралы, Шыңғыстау, Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Арасы толған көп қалмақ, Қалмақты қуып қашырдың. Қара Ертістен өткізіп, Алтай тауға асырдың! Ақшәуілге қос тігіп, Ауыр қол жинап алдырдың», – дейді. Осы жырлардан сол заманның тынысы мен екпіні көрінбей ме? Жер-су аттарының өзі қаншама жайттан хабар беріп тұр? Осыған қарап, ғалым ретінде заман тынысын бейнелейтін, азаматтық үндегі публицистикалық поэзия қажет деп ойлаймын. Бірақ осылай екен деп мөлдір, таза поэзиямызды лайламаудың да жолын қарап көрген жөн секілді. Өйткені жеке ақын ретінде бүгінгі журналистика саласы дамыған дәуірдегі поэзияда публицистік сарынның болуына қарсымын.
– Жас ақындар заманауи технологияларды меңгеріп, өз оқырмандарын әлеуметтік желілер арқылы табуда. Бұл орайда сіздің буын заман көшінен қалып қойған жоқ па?
– Қазір озық технологиялардың заманында өмір сүріп отырғандықтан, сол кезеңнің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Сол себепті де әдебиеттегі жаһандануға өз үнімізді қосып, ұлттық болмысымызды айшықтайтын поэзиялық шығармалар жазылуы, заманауи технологиялардың тетіктерін меңгеруіміз керек. Қазір интернет желісінде көптеген жас ақындардың жеке сайттары бар. Жас оқырман интернет арқылы өлеңмен сусындап жатыр. Осыған қарап, 1980 жылдардағы өзіміздің жайымызды еске түсіремін. Мысалы, Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Тұманбай, Қадыр, Жұматай, Жарасқан, Кеңшілік ағаларымыздың кітаптарын аялап, сүйіспеншілікпен оқушы едік. Менде сол іңкәрлік әлі де сақталып келеді. Десе де, әлеуметтік желілер арқылы бірқанша өлеңдерімді жариялап тұрамын. Өйткені 2000 данамен жарық көрген кітабыңыз бүкіл қазақ баласының қолына тие бермейді. Сол себепті де озық технологияны бүгінгі қазақ поэзиясының өкілдері тиімді пайдаланса деймін.
– Жазушылар одағы жанындағы поэзия кеңесінің мүшесісіз. Оқырманның әдебиетке деген ынтызарлығын арттыруға осындай кеңестер қаншалықты ықпал ете алып отыр?
– Әдеби ортамыздың бас қосатын ошағы – Жазушылар одағы. Жуырда осы одақтың поэзия кеңесінде «Оқырманның поэзияға деген ынта-ықыласын арттыру үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздедік. Сонда көптеген ұсыныс айтылып, алдағы уақытта Алматы мен Астана секілді қалалардағы ЖОО-ларда поэзия кештерін өткізу, ел аралап кештер ұйымдастыру секілді мәселелер талқыланды. Енді осы бағытта жұмыс істесек пе деп отырмыз. Қазір талантты ақын мен жай өлеңшіні айыра алмай қалдық. Әдеби сын құрғақ мақтауға бой ұрып, шынайы баға айтатын сыншылардың қатары азайып кетті. Кеңесте осы мәселелер де жан-жақты сараланды. Кеңестік кезеңде жастардың әдеби семинар кеңесі өтіп тұратын. Біз сол семинарларда Әбділдә Тәжібаев, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Берқайыр Аманшин, Қадыр Мырза-Әлілер секілді ақындарымыздың алдында алғашқы өлеңдерімізді оқып, баталарын алған едік. Енді тура сол секілді семинарлар өткізіп тұрамыз деген тоқтамға келдік. Яғни бұл шаруаларымыздың жемісін алда көре жатармыз деп үміттенемін.
– «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-не басшылыққа келгеніңізге 4-5 жыл болып қалды. Осы уақыт аралығында оқырмандарды немен қуанта алдыңыздар? Алдағы жоспарларыңызға да тоқтала кетсеңіз.
– «Қазақ энциклопедиясы» 1967 жылы 13 қыркүйекте құрылған. Міне, биыл бұл мекеменің жұмыс істеп жатқанына 46 жыл толып отыр. Осы орайда «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС еліміздегі бірден-бір жалғыз мемлекеттік баспа екенін, сол себепті де жалпы мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтінімізді, сонымен қатар, негізінен, анықтамалық-энциклопедиялық әдебиеттер шығаратынымызды айта кеткен жөн. Осындай жайттарға қарап, біздің қызметімізге таза ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде қарауға да болады. «Қазақ энциклопедиясы» ең алғаш ашылған кезде 250-ден астам қызметкері, бірнеше редакциялары болған. Сол бір тұста Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов: «Енді біз энциклопедиясы бар елге айналдық», – деп қуанған. Шын мәнінде энциклопедияның болуы елдің дамығанының, белгілі бір дәрежеде рухани деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мәселен, энциклопедия шығаратын ел сауатты, халқы жоғары білімді, мемлекетінің білікті ғылым докторлары мен академиктері болуы керек. Осылар болғанда ғана энциклопедия жасауға мүмкіндік алады. Біз, яғни, 46 жыл бұрын осы дәрежеге жеттік. Бірақ бүгінгідей нарық жағдайында 250 адамды қызметте ұстап отыру, бәріне бірдей айлық тауып беру оңай емес. Сол себепті де жаратылыстану, қоғамдық ғылымдар, ғылыми бақылау, маркетинг және менеджмент деген төрт бөлім айналасында жұмыс істеп жатырмыз. Кей кездері ғылымның әр саласындағы ғалымдарды автор ретінде тарту арқылы жұмыс істейміз. Осылай ісімізді жүйелеу арқылы соңғы жылдарда «Қазақстан табиғаты» деген төрт том энциклопедия шығардық. Биыл V томы жарық көрмекші. Сонымен қатар балаларға арналған үш томдық, «Қазақстан ғалымдары» деген екі томдықтың І томын, «Атамекен» атты географиялық, «Айбын» атты әскери энциклопедия, «Психология» атты (тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көріп отыр) психологиялық сөздік, «Жас шахматшы», кеңес-ауған әскерлеріне арналған «Даңқ» атты бірқатар энциклопедиялар жарық көрді. Осы жұмысқа келгенімде маған салалық энциклопедиялар шығару тапсырылған болатын. Енді осы бағытта Ресей, Түркия, Еуропадағы үлгілерді қарап, пәндік энциклопедияларды жүйелеп, жарыққа шығарудамыз. Бізге дейін жасалған тұлғалық энциклопедиялар мәселесін ары қарай дамытып жатырмыз.
– Энциклопедиялық сала әрдайым жаңарып отыруы тиіс қой…
– Бұл бағытта да ісіміз ілгерілеп келеді. Мәселен, жарық көрген кітаптар кемшіліксіз болмайды. Маман аздығына қарамай, сол кемшіліктерді түзету бағытында да талмай еңбек етіп келеміз. Бұл орайда осы мекемеде көптеген жылдар еңбек еткен аға-апаларымыздың тәжірибесін пайдаланып жатқанымызды да айта кеткім келеді. Біздің ардагер мамандарымыз қазір бір-бір мектеп қалыптастырып үлгерді. Олар өз кезегінде жас мамандармен тәжірибесін бөлісіп, осы салаға баулып жатыр. Энциклопедиялық мақала жазу газет пен журналға мақала жазудан қиын. Нақты тарихи деректер болуы керек. Бұл орайда көптеген ғалымдар өзі зерттеулерінде «Қазақ энциклопедиясының» деректеріне сүйеніп жататыны қуантады. Тағы бір айтатын жайт, 1997 жылдан бастап Елбасы бастамасымен «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» жасала бастаған болатын. Сол бастама негізінде 10 томдық кітап – қазақ, бес том – орыс, бір том ағылшын тілінде шықты. Енді қарап отырсақ, 2007 жылдан бері алты жыл уақыт өтіпті. Сол 10 томдықта өткенге жалтақтық, өліара кезеңдегі салқындық бар секілді. Тіпті кейбір деректемелік материалдар ескіріп барады. Осыны ескере отырып, меніңше, нағыз қазақ ұлттық әмбебап энциклопедиясын шығаратын кез енді келді деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап 25 том әмбебап энциклопедия шығарсақ деп дайындалу үстіндеміз. 2011 жылы «Уикипедия» ашық энциклопедиясымен келісімшартқа отырып, қолда бар бірқатар энциклопедиялық томдарды, мәліметтерді тегін бердік. Қазір «Уикипедияда» 200 мың мақала бар екен. Соның тең жартысы біздің мамандардың қолынан шыққан мақалалар. Алдағы уақытта Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарихшыларымен бірлесе отырып Абылай ханның, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесе отырып, Жамбыл атамыздың, Тараздағы «Бауыржантану» орталығымен бірлесіп, Бауыржан Момышұлының тұлғалық энциклопедияларын шығарсақ деген ниетіміз бар. Энциклопедия деген – уақыттың перзенті. Қоғам өзгерген тұста мезгілмен үндесе жаңарып отырсақ деймін.
Бір айта кететін жайт – бұрын энциклопедияны әзірлеуге кемінде бір жыл уақыт беріліп, оған тиісті қаржы бөлінетін. Сосын келесі жылында шығаруға бөлек қаражат қарастырылатын. Қазір сол ырғақтан айырылып қалдық. Биыл ұсынған энциклопедия сол жылы шығуы керек. Бұл мәселе өз шешімін табар деген ойдамын. Өйткені бұл энциклопедияның сапасына тікелей әсер етеді.
– Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі атанғаныңызды естіп едік. Атағыңыз құтты болсын!
– Рақмет, одан бері арада біраз уақыт өтті ғой. Былтыр сәуір айында Ұлттық Ғылым академиясының құрамына корреспондент-мүшесін сайлау өтеді дегенді естіп, сайлаудың шарттары талап ететін құжаттарды, өзімнің ғылыми еңбектерім мен жетістіктерімді жіберіп едім, академик ғалымдар мені қолдап дауыс беріпті. Бұл, жалпы, ғылымдағы ізденістеріме берілген баға деп білемін. Негізінен, «Қазақ энциклопедиясын» Мұхамеджан Қаратаев, Манаш Қозыбаев, Рымғали Нұрғалиев, Әбдімәлік Нысанбаев, Бүркіт Аяған сынды академик ағаларымыз басқарыпты. Бұл да сондай бір жақсылықтың нышаны болса керек. Бұлай ырымдауымның себебі, маған осы қызметке келісімен 13 жыл шықпай жатқан «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясын шығару бақыты бұйырды.
Келте сұрақ – кемел жауап
– Алашқа не бердіңіз?
– Қазаққа жеті өлең кітабын, бірнеше ғылыми еңбек, мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп бердім. «Қазақ энциклопедиясын» басқару арқылы энциклопедиялық кітаптардың шығуына септесіп, ұрпаққа өнеге болар істің басы-қасында жүрмін деп ойлаймын.
– Алаштан не алдыңыз?
– Алаштан тіл, сөз, рух, намыс, жігер, қайрат алдым.
– Жұмыстағы Бауыржан мен үйдегі Бауыржанның айырмасы бар ма?
– Үйде еркінмін, қызметте қызметтік қалыптың шеңберінен шықпауға тырысамын.
– Әзіл айтасыз ба?
– Қапелімде еске түспей отырғаны. Сендерде жұмыс істейтін Алмат – менің шәкіртім, сол жігіттің бір әзілін ала тұрсаң болады.
– Газетіміз арқылы қазаққа айтар сөзіңіз бар ма?
– Тәуелсіздігіміздің ғұмыры ұзақ болсын! Қазақтың белгілі этнографы Жағда Бабалықұлы: «Қытайдың қайыс ноқтасынан, орыстың темір ноқтасынан сақтасын», – деп бата беріп еді. Осы бата әрбір қазақтың есінде жүрсе деймін.