Қазақтың салт-дәстүрін бұзу – ең ауыр қылмыс

Cейіт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық Мемлекеттік педагогикалық институты ректорының көмекшісі, этнограф, жазушы:

– Сейіт аға, сонау бір жұртшылықтың барлығы «партия», «үкімет» деп уралап жүргенде, жалғыз сіздің ол тобырға қосылмай, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын түгендеуге кіріскеніңізді қалай түсінуге болады? Осы бір жолға түсуіңізге не себеп?

– Ең бірінші айтарым, біз – ана тілінің, халықтық мәдениеттің уызына қанған адамдармыз. Осы айтып отырған салт-дәстүр, жөн-жоралғы, ырым-тыйымның барлығын біз көз алдымызда көріп өстік. Бізді үйреткен – сонау замандағы әліпті таяқ деп білмейтін ата-әжелеріміз. Негізі, «Мұқтаждық – мың өнердің анасы» деген сөз бар. Әкем менің үш жасымда соғыста өлген, атам 1932 жылғы аштықта, ал арғы бабамыз 1922 жылғы аштықта көз жұмған. Солай жетімдік пен жоқшылықтың дәмін таттық. Сонда үлкен кісілер соғымда, Наурызда т.б. өздері бас қосқан дастарқандарына міндетті түрде мені шақыртады. «Анау бәленшенің үйінде Сейіт деген жетім бала бар. Сен соны қоса шақырасың», – деп үй иесіне алдын ала ескертеді. Мені неге шақырады дейсіз ғой? Мен ет тураймын. Ал ет турау деген – қазақтың дастарқан мәдениетінің ең үлкен көрінісі және үлкен кісіге ет турау деген ол – тіпті жоғары біліктілікті қажет ететін жайт. Етті қиялап, қартаны сақиналап, қазыны да өзінің тәртібімен турау керек. Және ең соңында табақтың беті ою-өрнек секілді керемет әдемі шығады. Солай турағанымда қариялар: «Әй, мына баланың әкесі жоқ, шешесі жоқ, мұндай өнерді қайдан үйреніп жүр?» – деп таңырқайтын. Ал мен амалсыздан үйреніп жүрдім ғой. Өйткені сол менің бала кезімде тамақ тапшы, бірақ дастарқан басындағы әңгіме деген керемет дәмді еді ғой. Сонау Кенесары, Наурызбайдан бастап, Абылайханмен тұздықтап, Абай мен Шәкәрім, Шақшақ Жәнібектің әңгімесі, кешегі 1916 жылғы көтерілісті, сондай-ақ би-шешендердің әңгімесін ауылдың қарапайым ғана қариялары керемет майын тамызып тұрып айтатын. Театр, кітап, теледидар жоқ кезде халық осылай рухын сусындандырды. Салт-дәстүр мен ұлттық мәдениеттің уызын мен осылай еміп өстім.

Одан кейін менің мұндай еңбек жазуыма кезінде Өзбекәлі Жәнібеков деген қазақтың ірі тұлғасы, үлкен қайраткер ағамыз тікелей әсер етті. Торғай облысы ашылғанда, сол кісі бізге обкомның идеология хатшысы болып келді. Бұл кісінің қайраткерлігі, қасиеті, өнері, білімі, халықты сүйетіндігі – бәрі жетіп тұрған азамат қой. Мен онда газетте тілші болып істейтінмін. Ол кісі – этнограф. Торғайға келісімен, керемет музей ашты. Сол музей қазір Арқалықта әлі тұр. Ол кезде Алаштың әлі ақталмаған кезі. Бірақ Өзбекәлі ағам үнемі «Сейіт, Торғай – Алашорданың елі, Ахмет те, Міржақып та, ағайынды Бірімжановтар, Құлжановтар осы Торғайда туған» деп айтатын. Мен өзім Міржақыптың ауылынан болам. Сол қасиетті адамдардың рухы да демеу болды ма, әйтеуір, осы халқымыздың асыл мұрасын түгендеуге кірістім ғой. Қаншама жыл бойы еңбек еткенде мен қазақ халқының 440-тай салт-дәстүрін түгендеппін, оның сыртында ырым-тыйымдар мен жөн-жосық, қазақтың небір қағидалары тағы бар.

– Жалпы, салт-дәстүр дегеніміздің өзі не, ұлттың төлқұжаты ма, ойы ма, дүниетанымы ма?

– Ол – халықтың жүздеген жылдар бойына жинап, өзінің өміріне сара жол, темірқазық етіп алған заңы. Біз заңнан биік нәрсе жоқ дейміз ғой?.. Өмірден таяуда ғана озған Нағашыбай Шайкенов деген заңгер ғалым болды, сол кісі халықтың салт-дәстүрінің заңнан биік екендігін айтатын. Бұл – шындық. Салт-дәстүрдің ешқайсысын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Мысалы, ауылға бардың ба, ең жасы үлкен қарияға арнайы барып сәлемдес. Тіпті керек болса, әр шаңыраққа арнайы бас сұғып, сәлемдесу керек. Егер мен осы жөн-жоралғыны бұзар болсам, ел мені сөгеді. Көргенсіз деп айтады. Көргенсіз атану – ең ауыр жаза болса, қазақтың салт-дәстүрін, жөн-жоралғысын бұзу деген – ең ауыр қылмыс. Бұрынғы әжелеріміз әлі күнге салтқа берік, «Аттан жығылсаң да, салттан жығылма» деп, қайын жұртының атын атамайды, үлкен түгіл бес-алты ер бала кетіп бара жатса, алдын кесіп өтпейді. Өйткені салтты берік ұстану ол – халықтық ерекшелігіміз, намысымыз. Ал «көкті жұлма», «суды сапырма», «үйді айнала жүгірме», «үлкендердің алдын кесіп өтпе», «босағаны керме», «кәріге күлме» деген тыйымдарымыз – адамгершіліктің ғажап үлгісі, жастарға аса қажет бірден-бір тәрбие құралы.

– Сол барша заңнан биік салт-дәстүрімізді, шыны керек, күнделікті өмірде қолданбаймыз. Тек музейде тұратын экспонат боп қалған сияқты. Енді салтымызды қолданысқа енгізу үшін не істеуіміз керек, әлде арнайы заң қабылдауымыз керек пе? Әлде заңды заңмен қорғайтын болсақ, қолданыстағы салттың өзінен айырылып қаламыз ба?

– Жоқ, ешқандай заң қабылдаудың қажеті жоқ, ол мүмкін де емес. Тек салтты сақтаудың бір ғана жолы – оны балалардың санасына сіңіру ғана. Мысалы, мен дәстүрді жинақтап жазып отырмын. «Бір білсе, осы кісі біледі» деп, әйтеуір, қайда болсын мені шақырады. Мені де арнайы ешкім оқытқан жоқ, өзім соны күнделікті өмірде көре жүріп, санама сіңірдім ғой. Енді қазір жастарға сіңіру үшін балабақшалардан бастап үйрету керек. Алдымен тілді үйрету керек. Өйткені әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің мәйегі тілде жатыр. Жүсіпбек Аймауытов: «Өз тілін білмеген баладан сол ұлтқа жаны ашитын қайраткер шықпайды», – деген. Ана тілін білген бала сол тілде жазылған кітаптарды оқиды. Ал салт-дәстүр деген – сол әдеби кітаптарда ғой. Мысалы, Ақаң мен Жақаңның кітаптары тағы сол сияқты қазақтың қилы тарихы жайлы туындылар. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» – тұнған этнография.

– Мүмкін, жоғалып бара жатқан дәстүрлерді қолданысқа қайта енгізу үшін заманға сай өзгерту керек шығар? Мысалы, қазақта «тауына қарай – аңы, заманына қарай – заңы» деген бар ғой. Сонау бір кездердегі «Есім ханның ескі жолы» мен «Қасым ханның қасқа жолы» немесе Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бүгінгі заман қолданысына келмейді ғой. Қазір Тәуелсіз Қазақстанның төл Конституциясы бар дегендей... Салтты да солай заманға сәйкестендіруге бола ма?

– Жалпы, заманға сай дәстүр де өзі жаңғырып отырады. Мысалы, баяғыда әскерге шығарып салу деген болған жоқ қой? Қазіргі кезде кең етек алған ол да – өзінше бір дәстүр. Біз қазір қит етсе бір нәрсе жасау үшін қаулы шығуын күтеміз. Осы баяғыда ешбір қаулысыз-ақ жазылмаған заңдар үстемдік етті ғой. Өйткені ол кезде тәртіп мықты болды, айтты ма, орындау шарт. Санаға солай сіңген. Мысалы, қазір 70-80 жастағы әжеден күйеуінің атын сұрашы, өлтірсең де, айтқыза алмайсың. Таяуда «Бармысың бауырымға» сондай бір қарт кейуана кеп, өзінің қайтыс болған қайынағаларынан қалған ұрпақтарын іздеу салып жатты. Жүргізуші әдейілеп: «Апа, ол кісілердің аты-жөндері қандай еді?» деп сұрап еді, ана кісі өзі айтпай, қасындағы кішкентай немересіне айтқызды. Сонда жүргізуші риза болып: «Әй, қазақтың аналары-ай, тектіліктен бір таймайсыңдар ғой», – деді. Енді бүгін жастар жеңгесіне жеңеше демейді, атын атайды. Ал біздің қазақта осы «жеңеше» деген сөз қандай әдемі?!. Бала кезімізде біз келін түскен үйге арнайы «жеңеше, маған ат қойыңызшы» деп баратынбыз, бізге сол қызық болатын. Сондай-ақ қазақтың туыстық атаулары да қалып барады. Нағышы «жиен-ау» деп, анау «нағашеке» деп отырса, қандай жарасымды?! Келіндер «қайынаға» деп айтпай да қойды. Сөйтіп-сөйтіп біз өзіміздің 100-ден астам туыстық атауларды біртіндеп жоғалтып, ұлттық ерекшелігімізден айырылудың сәл-ақ алдында тұрмыз. Біздің киіз үй жабдықтары атауының өзі бәлен мың ғой. Бір уықтың өзінде қанша атау бар.

– Бәлкім, біз өз дәстүр-салтымызды ұстанудың философиясын жасай алмай отырған шығармыз?

– Расында, біз бір жүйесін жасай алмай отырмыз. Ең ішінде қорқатыным – өзіміздің қазақы қалпымызды сақтай алмай қалу. Мысалы, біздің қазақ мейірімді, мәрт, ақ көңіл, қонақжай. Айталық, осыдан жүз жыл бұрын жолаушылап келе жатқан адамның менің ауылымның тұсынан өтіп бара жатқанда аты өліп қалатын болса, мен сонау Қызылордаға кетіп бара жатқан адамға ләм деместен атымды мінгізем де жіберем. Онда паспорт жоқ, тек атын айтады, мен беріп жіберем. Себебі атымды бермей, жолаушыны жолда қалдыру – кез келген қазақ үшін өлім. Тек мен үшін емес, мысалы, осы Алматы облысы бір рудың жері болса, түгел рудың бетіне салық болып есептеледі. Менің атымды айтпай-ақ, «бәленбайлардың жеріне барып ем, далада қалдым», – дейді. Халық бір-біріне сену керек, ал қазір ешкім ешкімге сенбейді. Қайырымдылық, намысшылдық, бірін-бірі сыйлау деген жоқ қой...

– Сонда қазір қазақ қазақты ғана сыйламай ма, әлде кімді болса да ма?

– Қазақтың тағы бір қасиеті бар, ол өзге ұлтты өзінен артық сыйламаса, кем сыйламайды. Баяғыда Марко Поло секілді т.б. саяхатшылар қазақтың осындай кеңдігіне таңғалған, тамсанған да ғой. Себебі сенің кім екеніңді, атыңды, тіліңді білмей-ақ қазақ сені төріне шығарып, тіпті үйіне де қондырады. Мал сойып, қонақасы береді. Жолға аттандырып салады. Бәлен ай жүр, қалтаңнан бір тиын шықпайды. Бұл – біздің қазақтың ерекшелігі, ерлігі, өрлігі, жасампаздығы.

– Осы қасиеттеріміз өзімізге ешқашан зиянын шеккізген емес пе? Өзгеге шексіз мейірімді болып, өзімізді ұмытып кеткеніміз жоқ па?

– Міне, бұл сұрағың дұрыс, біз осыған келе жатырмыз. Кезінде еш залалы болмағанымен, кейін қазақтың осы қасиеттері өзіне соққы боп тиді. Мысалы, біз «елімізде 136 ұлт тұрады» деп мақтанамыз. Сол 136 ұлттың біздің қазаққа берген қандай көмегі бар? Жоқ. Баяғыда соғыстан кейін тұтқын немістерді осы жерімізге әкеп тастады. Сонда қазақ тіпті өзінің жауына жаны ашып, тамақ беруге тыйым салынғанына қарамастан, аш, арық тұтқынның қасынан өтіп бара жатып, нанын, құрт, ірімшігін түсіріп алады екен. Жалаңаш тұтқынға киімдерін тастап кетеді екен. Ал қазақтың басына күн туғанда солардың қайсысы қайыр жасады? Қазір басқа мен қазақ төбелессе, міндетті түрде қазақ кінәлі болып шыға келеді. Біздің бергенімізді, қайырымдылығымызды олар бізге қайтарған жоқ. Неге? Өйткені олардың салтында жоқ. Сондықтан «сен маған бермедің» деп кінәлай да алмаймыз. Әлихан Бөкейханов: «Қазақтың діннен кейінгі ең күшті құралы – салт-дәстүрі», – дейді. Алдымен, дін ғой. Дінде: «Жарты күлшең болса, есігіңнен біреу кіріп қайыр сұраса, тіпті ертең жеуге наның қалмаса да, күлшеңнен бір үзіп бер», – дейді. Ал қазір миллионы бар адамдар бір теңге бере ме? Осының өзі – біздің қазақылығымызды, салт-дәстүрімізді жоғалтып бара жатқанымыздың белгісі. Қазақтың ерекшелігі қалай көрінеді? Оның бойымен немесе қалтасындағы ақшасымен көрінбейді, оның қасиетімен, дәстүрімен, болмысымен, сөзімен, тілімен істеген қызметімен көрінеді. Біз енді қаншалықты өз ұлттығымызды сақтап қалғанымызды бойымызда осы қасиеттердің қайсыбірі қалғанына қарап салыстырып көрейікші. Ұлы адамдар: «Егер менің халқымның қандай екенін білгің келсе, салтымды көр», – деген. Шыны керек, біз қазір салт-дәстүрді науқанмен ғана іздейтін боп алдық. Наурыз болды ма, «ал енді киіз үй тігеміз» деп шабыламыз. «Ойбай, сандық ізде, ұлттық киім ізде» деген әуре-сарсаң басталады. Бұл сыртқы көрініс қана ғой. Ішкі рухта дәстүршілдік жоқ. Бір күн сыртымызды қазақыландырған болып, Наурызды өткіземіз, бітті. Олай болмайды, салт-дәстүр әр күнімізде қолданылу керек.

– Жаһандану тұсында өзіңіз сынды қоғамға салт-дәстүр тұрғысынан қарайтын, салт-дәстүрмен қаруланған адамға қазіргідей қоғамда өмір сүру қиын емес пе?

– Мен секілді байырғы салтты ұстанып қалған адамға расында қиын. Кез келген жайсыз жағдайда «Әй, шын қазақ болғанда, осылай етер ме едік?» деп ойлаймыз да тұрамыз. «Бұрынғы Әлихандар, Ахаңдар болса, одан бергі шалдар болса, мынадай жағдай болмас еді» дейміз. Бұрынғы дәуірдің жақсы жақтарын аңсаймыз да тұрамыз. Қазір де жақсы заман, бірақ рухани жағынан келгенде ақсап тұрмыз. Мына керемет үйлер, жүйткіген көліктер, компьютерлер – бәрі керек, бірақ соның ешбірі рухани байлықтың орнын баса алмайды.

– Бала күніңізден көгентүп қариялардың арасында жүрдіңіз, солардың сөзін тыңдап өстіңіз. Қазір ол қариялардың барлығы бір төмпешікке айналып, бақилық болды. Сіз бүгін сол шалдарды сағынасыз ба?

– Олардың орны ойсырап тұрады әрине, кейде сол қарияларды іздеймін. Бірақ айналып келгенде, сол қариялардың орнынан өзімді көремін. Сондықтан баяғы аталарыма қарап бой түзеп, өзімнен кейінгілерге солардың берген тәрбиесін сол қалпында беруге тырысамын. Менің бір кітабымның соңында Ботайшы, Ахметхан, Әбіқай секілді қарттардың кезінде айтқан этнографиялық-тарихи әңгімелері бар. Солардың барлығы – сол кісілердің айтып кеткені немесе өзімнің көзбен көргендерім. Қазір елімде жастарға қария болып, барымды беріп жатырмын. Бірақ кейде ренжіп қалам, неге? Көшеге шыққанда өзімше: «Мен үлкенмін ғой, жастар маған жол берер», – деп келе жатсам, жоқ, олар маған жол бермек түгілі міндетті түрде соғып, алдымды кесіп өтеді ғой. Ренжитінім, менің жолымды кесіп кеткеніне емес, одан бұрын бүгінгі ұрпақтың қазақы жөн-жоралғы, әдеп-ғұрыптан жұрдайлығы жаныма қатты батады.

– Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларын біршама түгендеп, әлі күнге кітаптарыңыз том-томдап шығып жатыр. Енді бұдан артық тағы не істемек ойыңыз бар?

– Адамда арман таусылған ба, шырағым. Және сол армандау деген адамның жасына да қарамайды екен ғой. Үй-күйіңе, жағдайыңа да қарамайды екен. Мен өзім – сатирикпін. Ұлттық мәдениеттен аздап қаламым суи бастаса, сатираны қолға аламын. Қазір сатиралық дүниелерден бірнеше томдық дайындап жатырмын. Бірақ мен асықпаймын және бір нәрсе болмай қалса, ренжімеймін. Бола қалса, «болды» деп бөркімді аспанға атпаймын. Қашанда сол бір қалыппен жүремін. Мұндай тәубешілдікті бойыма сіңірген анам марқұм. Өмірде көрген бір оқиғаны айтсам, анамның тәубешілдігін, сабырын байқайсыздар. Біздің үйде ертеректе әдемі оюланып жасалған асадал, қазіргі тілмен айтқанда, шкаф болды. Әкем қайтыс болған соң, қырқы өтпей жатып үйімізге бір туысымыз келді. Ол кісі соғысқа бармаған, елде қалып жетім-жесірлерге қожайындық қылып, қоқан-лоқы көрсеткендердің бірі екен. Сол кісі әкемнің әлі топырағы да кеппей жатып, қаралы үйдің есігін теуіп кіріп, «Кенжеахмет өлді, шаңырағы құлады, мына бала өледі, жесір қатын байға тиіп кетеді. Осы үйге мынадай әдемі шкаф неге керек?» деп үйіміздегі сол жалғыз ғана әдемі жиһазды көлікке тиеп әкетіп қалды. Басқа әйелдер болса қарғап, жұлынады ғой, ал анам болса: «Маған дүние керек емес, алыңдар, бірақ, уа, қайынаға, не де болса Құдайдан күттім, Құдайдан күттім, Құдайдан күттім», – деп үш рет айтып, бар ашу-ызасын сөйтіп қана шығарыпты. Сонда жұрт шешемнің сабырлылығына таңғалып «Апырым-ай, мына Сәлима әйел болып бір қарғаған жоқ. Бұған Құдай береді-ей», – депті. Расында, кейін біз жетілдік, Құдай берді, ал ана кісінің өмірі трагедияға айналды.

Алашқа айтар датым ...
Қынжылатыным, жемқорлар неге көп? Теледидар қарасаң да, газет оқысаң да, ылғи жемқорлар шығады, қазақ қалай осылай ұсақталып кетті? Ауыл кедей, өз күндерін өздері зорға көріп отырғанда, байлар қымбат көлікке, қабат-қабат үйге ақшаны қайдан алып жатыр? Миллиардтап жейді, сонша соманы сені мен мен санап тауыса алмаймыз ғой. Әлде бұл заманның азған кезеңі ме? Баяғыда да қазақтың үлкен қайраткерлері болды ғой, олар мұндай болған жоқ. Ахмет пен Міржақып Орынборда екі-ақ бөлмелі үйде тұрған ғой, ал қазаққа істеген қызметі қандай?!. Олар байлық іздеген жоқ. Сондықтан бүгінде «Шіркін-ай, жігіттеріміздің бойында кешегі Қабанбайдың, Бөгенбайдың, Райымбектің рухы болса ғой!.. Кешегі өткен Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың, Қонаевтың, Тәшеновтің қайраткерлігі мен ерлігі, елжандылығы әр қазақтың жүрегінен орын алса ғой!.. Қыздарымыздың бойында баяғыда атқа мініп, қол бастаған Гауһар сынды батырларымыздың ерлік-жігер, ұлттық қасиет табылса ғой... Қазақ қазақ болса ғой!» деп армандаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста