Қазақтың қуғын-сүргінге өзгелерден гөрі көп ұшырауы оның өрлігіне, озық ойлы болуына байланысты
Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы:
– Патша заманында да саяси күрес жолына түскен қазақтың белді азаматтары, зиялы қауым өкілдері қуғындалған. Осы жайында айтып өтсеңіз.
– Қуғын-cүргін әр заманда болған. ХХ ғасырдың басында қазақ халқы бірнеше қуғын-сүргінге ұшырады. 1905 жылы патшаның сөз, баспасөз бостандығы жарияланысымен жаңадан қалыптасқан ұлт зиялылары билеуші үкіметтің отарлық езгісіне қарсы ұлт-азаттық күрестің бастапқы қадамын баспасөз арқылы бастаған болатын. Қазақ тіліндегі газет шықпай тұрған кезде патша үкіметінің әккі саясатын татар, орыс тіліндегі басылымдарға жариялау талаптары қойылған арызхаттарды (петициялар) жоғарғы орындарға жолдау, Мемлекеттік Дума мінберіне шығып сөйлеу арқылы әшкерелеуге тырысты. Олардың баспасөз арқылы ұлттық мүддені көздеуі, жер дауы, жесір дауы, тіл, дін мәселесі жайында ашықтан-ашық пікір айтулары билікке ұнамады. Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев сынды азаматтардың елдің сана-сезімінің оянуына шақырған, оқу-білімнің мән-маңызын насихаттаған, ғылым мен мәдениетке үндеген мақалалары, Қазақ елін қалың ұйқыдан оятып, оқу, өнер-білім, іскерлік жолына салу, ең бастысы, дербес мемлекет құру сияқты негізгі мақсатқа жетелеген Ахметтің «Масасынан», Міржақыптың «Оян, қазағынан» билеуші үкімет сескенді. Сондықтан олардың жүрген іздері, сөйлеген сөздері жіті бақылауға алынып, құпия түрде олардың «ұлтшылдығын» дәлелдеген қат-қат томдар жинақталды. Алды абақтыға қамалса, артына айыппұлдар салынды. Мәселен, Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабы мазмұнына орай панисламшылдық идеясын таратушы, қазақтар арасында орыс үкіметінің саясатына қарсы наразылықтың тууына бағытталған кітап деп танылған. Ол Семейде 1911 жылы маусымда қамауға алынып, желтоқсанда болған Семей өлкелік сотының шешімімен бір жылға бас бостандығынан айырылған. Дегенмен сол кездегі патша үкіметінің қуғындаған саясатына қарамастан, А. Байтұрсынов «Масасы» ызыңдап, қалың ұйқыда қаперсіз жатқан халықты оятқандығын, Міржақыптың «Оян, қазағы» халық мүддесінің жоқшысы бола алатын саяси күрескерлерді шыңдағанын атап өтуіміз керек. Демократиялық қозғалыстар одан әрі өрістеп, қазақтың ұлт тіліндегі баспасөзі қалыптасты. Дүниеге қазақтың жоғын жоқтаған, сөзін сөйлеген «Айқап» журналы мен «Қазақстан», «Қазақ» сияқты газеттер дүниеге келді. Ахмет Байтұрсынов ұйымдастырып шығарған «Қазақ» газеті кейіннен Алаш партиясының құрамында болып, оның қоғамдық-саяси қызметін жандандырған Ә.Бөкейхан, М.Шоқай, М. Тынышбайұлы, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, Х.Ғаббасов, Ж.Жәнібеков, Ж.Тілеулин, Х.Болғанбаев, Ж.Ақпаев, Ж.Басығарин, А.Сейітов, С.Торайғыров, А.Мәметов, Х.Досмұхамедұлы сияқты зиялыларды топтастыра білді, олардың ұлттық идеясын бүтін жұртқа жеткізді. Халқымызды мазалап жүрген жер, дін, тіл, оқу-ағартуға қатысты мәселелерді қозғауға тырысты, қазақ қоғамына аса қажетті ұсыныстар айтып, оны бірлесе шешуге шақырды.
1916 жылы ел басына қара бұлт орнатқан патшаның майданға қара жұмысқа алу туралы жарлығы шығып, 19 бен 43 жас аралығындағылар Батыс майданға қарай ағылған кезде, солармен бірге болып, ақыл-кеңес берді. Патша үкіметі құлаған уақытта қазақ съездерін ашып, комитеттер құрып, тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылды.
– Кеңес өкіметі орнамас бұрын Алаш қайраткерлеріне біраз уәде берілген еді, алайда олар уәдесінен тайқып, керісінше, өздерін қудалауға ұшыратты. Осы жөнінде айтып берсеңіз? Жалпы, осы қуғын-сүргіннің айыпкері ретінде кімді атайсыз?
– Кеңес үкіметі толықтай орнағаннан кейін басқару органдары алашордашылардың талап-тілектеріне құлақ асқан жоқ. Керісінше оларды биліктен шеттетуге тырысты. Қызыл биліктің әккі саясатын әшкерелемек болған Алаш мүшесінің бірі Отыншы Әлжанов большевиктердің қолынан мерт болды. Алайда ұлт зиялыларының сағын бірден сындыру мүмкін емес еді. Сондықтан оларға кешірім бере, ақырындап биліктен аластату арқылы күрес тактикасын күшейтті.
Жалпы, қазақ зиялылары мен оларға ниеттес болған азаматтарды қуғындау 20-жылдың басында өріс алды. Жасырын түрде ақпараттар жинап, мемлекеттік және басқару органдарында қызмет еткен алашордашылардың кейбірі «кеңес өкіметіне қарсы» деген желеумен жұмыстан қуылды, Қазақстаннан тыс жерлерге жіберілді.
Негізінде, бұрынғы Алаш қайраткерлерін қудалау барысы 20-жылдары Коммунистік партия қатарын жат элементтерден тазарту барысында да байқалды. 1921 жылы Қазақ халық ағарту комиссариатының партия ұясы Ахмет Байтұрсыновты партия қатарынан шығарды. Оның себебіне әр партия жиналысына қатыспауын, мүшелік жарнаны уақтылы төлемеуін келтіргенімен де, іс жүзінде қайраткер 1920 жылдың басында В.И. Ленинге кеңес үкіметінің қазақ интеллигенция өкілдеріне әлі сенімсіздікпен қарап отырғандығын айтқан болатын.
Большевиктік биліктің бұрынғы Алаш қозғалысының өкілдеріне осылайша шүйлігуінің өзіндік себебі бар. Ол – алашордашылардың ықпалының коммунистер арасында жайылып кетуі мүмкін деген қорқыныш. Бастапқы кездерде бұл мәселе ашық түрде айтылмаса да, бірте-бірте жаймен өлкелік партия конференциялары мен жиналыстарында қозғала бастады. Мемлекет қызметіне тартылған Алаш қайраткерлеріне сенімсіздік күшейді. Оларға «ұлтшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды.
1922 жылдан бастап алашордашыларды үкімет пен партия тарапынан қудалау саясаты ашық түрде жүргізілген. Бір сөзбен айтқанда, кеңес өкіметі білімді, елінің қамын ойлаған, талантты азаматтардан құтылуды көздеді. «Ұлтшыл», «жікшіл» деп қаралау белең алды. Сол кездерде М.Дулатов «Ақ жол» газетіне жариялаған «Қазақ зиялылары» деген мақаласында қазақ зиялыларын «ұлтшыл» қылып отырған үкіметтің әккі саясаты екендігін айта келе, «Біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді. Егер төңкеруші табылады екен, ұлтшылдықты ортақшылдыққа айырбастауымыз қиын емес» деген еді.
Алашордашыл ұлтшылдармен күрес жүргізуде ел ішінде қандай топтар мен жіктердің барлығын анықтау мемлекеттік саяси басқарманың қолына берілді. Олар кеңестік жүйеге қарсы астыртын бірнеше топтың барлығын, олардың қандай іспен айналысып, әрекет жасап отырғандығын құпия түрде анықтап, тиісті орынға хабарлап отырды.
Алаш мүшелерін қудалау барысында кеңестік билік баспасөз беттерін де шебер пайдаланған. Алашты сынауда «Қызыл Қазақстан» журналы мен «Еңбекші қазақ» газеті белсенділік танытты. Бұл басылымдарда Алаш партиясының өткен жолы, жүргізген қызметінде жаңылыс басты, адасты деген мазмұнда мақалалар жарияланған.
Алаш қайраткерлерін саяси тұрғыда қудалауға Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы болған Ф.И. Голощекиннің тікелей қатысы бар. Ол Қазақстанға келгеннен кейін «алашордашылардың бағытына тікелей қолдау көрсетті, кеңестік ұлт саясатын бұрмалауға тырысты» деген желеумен мемлекеттік қызметте отырған Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сияқты азаматтарды айыптап, іздеріне шам ала түсті. «Троцкийшілдерге», «жаңа оппозицияға» және басқа да антилениндік ағымдар мен топтарға қарсы күресуді мақұлдап, елдегі алауыздықтар мен жікшілдерге қарсы науқанды қолға алуды күшейтуді тікелей өзі қолға алған. Соның нәтижесінде Ә.Бөкейханов бастаған алашшыл бір топ баспа орындарындағы қызметкерлер жұмысынан босатылды, қазақ тілінде шығатын бірнеше мерзімді басылым жабылды.
1921-1922 жылдардағы ашаршылық тұсында Семей зиялыларының бастамасымен Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған аудандарына көмек ретінде облыстан мал жиналды. Бұл малды Торғай өңіріне айдап апарған Ж. Аймауытов бастаған бір топ азаматтардың үстінен «малды талан-таражға түсірді» деген желеумен іс қозғалған еді. «Торғай ісі» деп аталған сот үрдісі төрт жылдан артық созылып, Алашорда зиялыларының ақ-қарасын анықтауға «Еңбекші қазақ» газеті тартылған. Ж.Аймауытовқа тағылған айыптың негізсіздігі анықталғанымен де, істі болған қалған алашордашылар бірнеше жылға бас бостандығынан айырылған.
– Осы «Торғай ісіне» М. Дулатовтың да қатысы бар деп жазылып жүрді. Бұған не айтасыз?
– Міржақып Дулатов Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен іс қозғалған кезде «Еңбекші қазақ» газетіне оны айыптауға қарсылық білдірген көлемді мақала жариялап, оның еш кінәсінің жоқтығын дәлелдеген. Бұл туралы Ораз Исаевтың Ф.Голощекинге жазған хатында айқын айтылады. 1937 жылы «Торғай ісі» баспасөзде тағы да көтеріліп, Н.Тимофеев пен С.Брайнин «Социалистік Қазақстан» газетіне «1921-1922 жылдардағы ашаршылық барысында алашордашылар жиылған малды өз қара бастарының қамына пайдаланды», «М.Дулатов, Кәдірбаев, Құлжанов, Бірімжановтар осы малдан 15-тен және одан да көп үлес алды» деп мақала жариялаған. Бұл мақаланың аттары аталған Алаш мүшелерінің «халық жауы» ретінде айыпталуына негіз болғаны сөзсіз.
– Сонда қазақ зиялыларының қуғындалуына баспасөздің де тікелей қатысты болғаны ғой.
– 1919 жылдан бастап мерзімді баспасөз үкімет тарапынан қатаң бақылауға алынып, оның беттері арқылы социализмнің салтанатын дәріптеу, лениндік, сталиндік идеяның мәңгілік екендігін халық санасына сіңдіруге, коммунизм жолында партияның сара жолын дәріптеуге ұмтылғаны белгілі. Сөйтіп, үкімет пен партия саясатын насихаттау арқылы халықтың демократиялық ой-пікіріне ашық түрде тосқауыл қоюмен елдің әлеуметтік- экономикалық, мәдени-рухани өрлеуі кеңестік жүйенің жемісі деген біржақты пікір қалыптастыруға тырысқан. Дегенмен де, идеологиялық қысымға қарамастан, 20-жылдың басында шыққан «Темірқазық», «Шолпан», «Ақ жол», «Қазақ тілі» және тағы басқа қазақ тіліндегі мерзімді басылымдар кеңестік жүйені сынға алған, ұлтшылдық рухтағы мақалалар жариялап отырған. Сондықтан 1925 жылдан бастап баспасөзге партияның қатаң бақылауы орнатылып, оның коммунистердің ғана қызмет етуіне рұқсат етілді.
ХХ ғасырдың 30-жылдары қазақ баспасөзі партия жолынан ауытқыған, кеңестік партияға қарсы топтар мен жікшілдерге қарсы күресті өрістетті. Кеңес өкіметіне жат пиғылдағыларды «ұлтшыл-уклонистерді» әшкерелеу, өзара сын айту басылымдардың негізгі тақырыбына айналды. Осылайша бірін-бірі қаралаған мақалалар тізбегі көз аштырмады. Бұл – халықты бір-біріне айдап салу.
– ХХ ғасырдың 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдың басында ұлтымыздың беткеұстар азаматтарының басым көпшілігі «халық жауы» ретінде ұсталып, істі болып, бірері атылып кетті, лагерьлерге қамалды. Аман қалғандардың өзі қысымға түсті. Большевиктік үкімет қандай айыптар таққан?
– 1928-1930 жылдар аралығында «Алаш» қозғалысының А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Тынышпаев, Ж.Ақбаев бастаған жетекшілері мен басшылары тұтқындалып, үстерінен іс қозғалған. Жалпы, осы жылдары Алашқа қатысты деген 44 азамат жауапқа тартылды. Мысалы, 1921 жылы Х.Досмұхамедовқа ұлтшыл бағыттағы «Сана» журналын шығарып, алашордашылардың мақалаларын жариялады деген айып тағылған. 1922 жылы Мұхтар Әуезов «буржуазияшыл-ұлтшыл байлардың идеологиясын жақтады, кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді, «Алқа» атты астыртын ұлттық-әдеби үйірменің бағыт-бағдарын жасауға белсене атсалысты, қазақ баспасөзіне байшыл идеологияны насихаттайтын шығармалар жариялады» деп айыпталса, ал 1930 жылы «қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысты, партия мен үкімет шешімін бұрмалады, Орталық Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік жасады, Кеңес үкіметін құлатуға әрекет жасады» деп айыпталған.
Қуғындалған азаматтарға «жапон тыңшысы», «шпион», «зиянкес», «агент», «қандыбалақ қарақшы», «фашизмнің жендеттері», «троцкийшілердің ұясы», «жікшіл» тағы басқа айыптар тағылыпты.
– Алаш зиялылары неліктен шетелге кетіп, сол жақтан саясат жүргізген жоқ?
– 1917 жылғы Ақпан мен Қазан төңкерісінен кейін тәуелсіз мемлекет құруға белсене кіріскен Алаш зиялыларының әрекетін большевиктік билік жүзеге асырмай тастады. Қудалау басталды. Мұстафа, Райымжан сияқты зиялылар шетел асып, сол жақтан кеңестік биліктің патша үкіметінің саясатын жалғастырушы отаршыл жүйе екендігін дәлелдемекке талпынса, сол кезде бүкіл қазаққа кеңінен танымал болған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халелдер елден жыраққа кетуді қош көрмеген. Қазақтың Отаны біреу, сондықтан өз жерінде, өз елінде өмір сүруге тиіс деген ұстанымда болып, жерінде тамырын терең жайып, ұлттың санасын улап бара жатқан орыстандыру саясатына қарсы қарымды қаламдарымен күреске шықты.
– Қуғын-сүргінді ұйымдастырушы НКВД, ГУГБ, ОГПУ, құрылымдарының сипаты қандай болды?
– 1917 жылдың қазанында қылмысқа қарсы күрес жүргізу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) құрылып, бұл орган 1930 жылға дейін қызмет еткен. 1934 жылдың шілдесінде одақтық, республикалық Ішкі істер халық комиссариаты ретінде қайтадан қалпына келтірілді. Ал Мемлекеттік қауіпсіздіктің бас басқармасы (ГУГБ) НКВД-ның құрамында болып, кейіннен ОГПУ-дың ісін жалғастырған. Ішкі істер халық комиссариаты 1946 жылы Ішкі істер министрлігі ретінде қайтадан құрылды. Бұл органды 1934-1946 жылдар аралығында Г.Г. Ягода, Н.И. Ежов, Л.П. Берия басқарыпты.
Ішкі істер халық комиссариаты облыстық басқармасының негізгі атқарған функциясы елде халық жауларын әшкерелеу ісі, оларға жазалау шараларын қолдану болған.
Ішкі істер халық комиссариатының танымал тұлғаларды «халық жауы» ретінде ұрып-соғу, қинау, алдау сияқты түрлі тәсілдерді кеңінен қолдануы олардың сағын сындырды. Қалжыраған, дәрменсіз күйге түскендер еріксізден өзіне тағылған айыптауды мойындап, қағазына қол қоюға мәжбүр болды. Бұл айыптаулардың негізсіздігін дәлелдеуге дәрмені жетпеді.
– Айыптаушы құжаттарға кімдер қол қойып отырды?
– Комиссариат әшкерелеген «халық жауларын» жазалау «үштік» шешімімен жүзеге асырылды. Айыптау құжатына үш адамның қолы жеткілікті болған. Қазақтың белді азаматтарының көпшілігі осы «үштік» атанған комиссия шешімімен атылып, лагерьге айдалған. Қазақстанда құрбан болғандардың саны әлі де болса нақты анықталған жоқ. Бұл қуғынға тек ұлт зиялылары, үкімет қайраткерлері ғана емес, ауылдағы шаруалар да, қаладағы жұмысшылар да іліккен. Олардың көпшілігінің тағдыры сол күйі беймәлім болып қалды. Қуғындалып, құрбан болғандар жайында зерттеушілер түрлі сандар келтіріп жүр.
– Қазір ғылыми ортада Ленин мен сталиндік билік түркі халықтарының арасындағы бас көтерері осылар деп, негізінен, қазақтарды құртуға тырысқан деген пікір бар. Осылардың көзін құртсақ, қалғандары мойынсұнады деген сияқты. Бұл қаншалықты орынды пікір?
– Қазақтың қуғын-сүргінді көп көруі оның іштегі ойын батыл жеткізетін, озық ойлы халық болуына байланысты. Мұндай өрлік көп халықтың бойынан табыла бермейді. Патша үкіметі тұсында оның озбыр саясатына қарсы шыққан ұлт зиялылары кеңестік билік тұсында шекараны межелеуде, аштықпен күресуде жоғарғы орындарға ашық түрде талап қоя білген. Мемлекеттік қызметте болған Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев, С. Сәдуақасов сияқты қайраткерлерімізді қызметтерінен аластатуының да себебі содан. Мәселен, Т. Рысқұловтың Түркі республикасын құру идеясын ұсынып, түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдырудағы талпынысы, кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жоюға, ашаршылықтан халықты құтқаруға қатысты әрекет, шындығында да, Сталинді қатты шошытқан. Қазақтың бас көтерер азаматтарын биліктен аластату арқылы қалғандарын жуасыту саясаты жүргізілгені тарихтан белгілі.
– Еліміздегі, Мәскеудегі құпия қолжазбаларға қол жеткізу қалай болып жатыр? Қазір ашылып жатқан тың деректер бар ма?
– Шыны керек, қуғын-сүргінге, 20-30-жылдары болған ашаршылық нәубетіне қатысты әлі де болса құпиялылығын сақтап, іздеушіге берілмей отырған мұрағат құжаттары жетерлік. Шынайы тарих жазуда бұл құжаттар аса қажет. Бұл мәселе мемлекет тарапынан шешіліп, зерттелушіге берілуі тиіс деп ойлаймын.
Тарихшылар тарапынан қуғындалған кейбір қайраткерлердің айыпталу ісіне қатысты Мәскеудің мұрағаттарынан алынып, жарияланып жатқан деректер бар. Сонымен қатар сол кездерде мерзімді баспасөздерге жарияланған материалдар да дерек ретінде тартылып отыр.
– Бізде қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы дерек қоры жоқ, деректі іздеуші жоба жоқ, арнайы экспедициялар жасалмайды. Неліктен деп ойлайсыз?
– Қуғын-сүргінге қатысты дерек қоры жоқ деп айтуға болмайды. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан мұрағаттарында бұрындары құпия болып келген, 20-30-жылдары қызмет еткен, қуғындалған қоғам қайраткерлеріне қатысты кейбір қорлар ашылып, нәтижесінде ғылыми-зерттеулер, әдеби туындылар жазылды, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Қуғындалған ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін зерттейтін қорлар мен орталықтар жұмыс жүргізіп, қаншама жазықсыз болып атылып кеткен немесе лагерьлерге айдалған ел азаматтарының қоғамға сіңірген еңбектері жайында ғылыми-зерттеулер жүргізіп, баспасөз беттерінде олар туралы мақалалар жарияланды, кітаптар басылып шықты. Дегенмен әлі де болса, ақталған, бірақ халық арасына таныла қоймаған тұлғалар баршылық. Ұлт теңдігі, қазақ халқының жарқын болашағы жолында сталиндік қуғын кезінде басқа өлкеге жер аударылған, одан кейінгі тағдырлары белгісіз немесе құрбан болған азаматтар мыңдап саналады. Мәселен, 1932 жылы ОГПУ-дың Қазақстандағы өкілдігі құрған үштіктің шешімімен орталық қаратопырақты облысқа жер аударылған, кейінгі өмірі белгісіз Абдулхамит Ақпаев, Алаш қозғалысына қатыстылығы және М.Шоқаймен байланыс жасады, контрреволюциялық ұйым басшысы болды деген желеумен тұтқындалып, Краснояр өлкесіне жер аударылған Серқұл Алдабергенов, Алаш қозғалысының мүшесі болған О.Алпысбаев, А.Аңдамасов, Б.Әбдікеев және сол сияқты азаматтардың өмір жолдары сол бетінде белгісіз қалып отыр.
1917 жылдары «Сарыарқа» газетінің кезекті редакторы болған, Алашорда атты әскерлер полкін жасақтаушылардың бірі, ағарту саласында елеулі үлес қосқан Имам Әлімбеков, «Сарыарқа» газетінің редакторы Шынже Керейбаев, биолог ғалым Жұмахан Күдерин, Торғайдағы Алашорда әскери бөлімінің мүшесі болған Сейідәзім Қадырбаев сияқты ұлт зиялыларын халыққа кең шеңберде танытатын уақыт жеткен сияқты. Егер айта берсең, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болған, зерттеушілерін күтіп отырғандардың тізімі ұзын сонар. Осындай белгісіз азаматтардың тағдырын зерттеуді республикамыздағы ғылыми орталықтар нысанға алса, олардың есімдерін тарих бетіне қалдырса, өскелең ұрпаққа үлгі болар еді.
– Жас ұрпақтың бойында қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етушілік байқалмайды. Мәселен, жапондар, еврейлер, поляктар, украиндер өздерінің құрбан болғандарын еш уақытта назардан қалдырмай, тағзым ететін берік дәстүрі бар. Біздің жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Қазіргі өскелең жастардың бойында патриоттық сезім жоқ деп айтуға болмайды. Әр қазақ өз ұлтын құрметтеуі үшін тарихын сүюі тиіс. Тарихты сүю тек тарих кітабын оқумен шектеліп қалмауы керек. Жастардың патриоттық сезімді өзіміз оята алмай жүрміз. Ол үшін халықтың басынан өткен түрлі қасіреттеріне қатысты құжатты, көркем фильмдер түсіріп, көркем әдебиеттер жазылса. Мектеп, оқу орындарына жиі еске алу кештерін өткізу аса маңызды.
Үздік ой
Алаш азаматтарын зерттеп жүргендіктен 30-жылдары қуғындалып кеткендердің кейбір ұрпақтары «менің әкем ескерусіз қалды, сіздер тарихшылар неге осыны қолға алмайсыздар» деп кейістік білдіріп жатады. Бұл, әрине, орынды да, дегенмен барлығын бірдей зерттеу, олардың атын шығару мүмкін емес. Ондай азаматтардың ұрпақтары өздері кірісіп, зерттеуші мамандарға қолында бар құжаттарымен көмек көрсетсе, сол тұлға жайында ізденістер алға жылжыр еді.