«Қазақтың негізгі кәсібі мал бағу болған» деген тарихта жазылған тұжырымдармен келіспеймін

«Қазақтың негізгі кәсібі мал бағу болған» деген тарихта жазылған тұжырымдармен келіспеймін

 Нұрша Какенов, тау-кен инженері, ғалым-практик:

– Нұрша аға, практик ғалым ретінде бұрынғы және қазіргі ғылымның деңгейі қандай екенін айта аласыз ба? Кеңестік кезбен салыстырғанда, қазіргі ғылымның потенциалы қандай? Болашағы, даму перспективасы бар ма?

– Бүгінгі ғылым деңгейіне толық баға бере алмаймын. КСРО құрамының кезінде техникалық жоғары оқу орындарына, ғылыми институттарға өнеркәсіптер өндіріске қажетті әртүрлі жобаларға арнайы қаржы бөліп, кейін сол тапқан жаңалықтар өндіріске енгізілетін. Бұл жұмыстар министрліктер тарапынан қатты қадағаланатын.
Қазір көптеген ғылыми институт ұсақталып, бөлшектеніп кетті, ал жекеменшік институттар ғылыми потенциалымызды дамытты деп айта алмаймын. Бұл мәселе – Білім және ғылым министрлігі құзырындағы проблема. Алдымен «институттар жекешеленгеннен Қазақстан не ұтты?» деген сұраққа жауап табайық. Көптеген капиталистік ірі мемлекеттерде институттар мемлекет құзырында емес пе?.. Аты бар, сапасы жоқ көптеген жекеменшік оқу орынының қоғам мен мемлекеттік даму стратегиясына қажеттігін айқындап, реттеу қажет шығар. Перспективаны тек мамандарға сұраныс тұрғысынан құру керек. Дипломды іліп қойып, жұмыссыз жүргеннен не ұтамыз?

– Жалпы, ғылым өзін өзі асырай ала ма? Әлде ол мемлекеттің қамқорлығымен дамуы керек пе? Оның дамуына кім бағдар беруі тиіс: мемлекет пе, бизнес пе, ғылымның өзінің эмпирикалық дамуы ма? Бизнес пен ғылымның арақатынасы қандай болуы керек?

– Ғылым өзін өзі асырау үшін адам потенциалын, білімді, жаңашыл ұлттық кадрлар потенциалын дамыту жайлы мемлекеттік стратегияны мұнай, газ тағы да басқа табиғи ресурстарды игеру стратегиясынан жоғары қою керек. Ол Жапонияның даму жолына ұқсас. Бұл жолға түсу қазаққа еш қиын емес, оған жастардың білімі де, ынтасы да жетеді. Ал генетикалық ерекшеліктерімізді алсақ, жер бетінде ауыз әдебиетін еске сақтап, жатқа айта алатын, компьютерден басқа, қазақтай бірде-бір ұлт жоқ. Бизнестің Қазақстандағы ғылымның дамуына жаны ашу үшін ірі өндірістік бизнес- кешендер өз қолымызда болуы керек. Мысалы, араб мемлекеттеріндегі сияқты. «Кісі баласы кісендесе де, тұрмайды» деген мақал бар. Акциялар сатылып, бір қолдан бір қолға өте береді. Трансұлттық компаниялардың иелігіне кеткендердің бір Қазақстандағы ғылымның дамуына мойын бұруы қиын. Жүйелі мемлекеттік саясатсыз шешіледі деп айту қиын.

Елімізде ғылым мен өндірістің бір-бірімен байланыс орната алмай отырғанының себебі неде: отандық ғылымның нашарлығынан ба, әлде өндірістің дайын технологияны шеттен әкелуге әзір тұратындығынан ба?

– Бүгінде ірі өндіріс комбинаттарына келген шетел компанияларының көбі дерлік техникалык және технологиялық тұрғыдан ешбір елден кем қалмаған өнеркәсіптерге ие болды. Оған мысалды миллиардер Митталдың «Испат-Кармет» комбинаты – ауыр өнеркәсіптің інжу-маржаны» деп берген интервьюінен алуға болады. Инвесторлар зауыттардағы, шахталардағы ескірген техникаларды жаңартты, оны жасау үшін мемлекет өте үлкен жеңілдіктер берді. Қайта түсті металлургия саласында кезінде қоғам қайраткері Д.А.Қонаевпен қатар ауыр өнеркәсіптің іргетасын қаласқан академик, қоғам қайраткері С.Т.Такежанов қалдырып кеткен ғылыми-техникалық шешімдері қараусыз қалды. Себебі қазір де 1915 жылғы ағылшын концессионерлері  жүргізген саясатта тек құрамы бай полиметалл кендер ойылып алынуда. Нанбасаңыз, «Қазцинк» АҚ-ы құрамындағы Малеевка шахтасының қалай сығылғанын, қалай қазып алып жатқанын қараңыз. Немесе Жезқазғанда соғыс жылдары қалдырылған жер астындағы бай целиктерді тіреулер бұзып алғанын қараңыз. Біраз жылдардан соң кен құрамындағы металдар сапасы төмендейді, сол кезде сол кеніш иелеріне осы сұрақты тікелей қоюға болатын шығар. Бұл сұрақтың жауабы жекеменшік иелерінің мүддесіне, мемлекеттік стратегиялық дамудағы тау-кен саласындағы ұстанымға сәйкестігіне байланысты.

– Осы екі саланы үйлестіру үшін алдымен не істеу керек, қандай кешенді шаралар қарастырылуы тиіс? Шетелдерде, ТМД елдерінде бұл мәселе қалай шешілген?

– Тау-кен саласында мемлекеттік құзырлы органмен келісімшарт жасағанда, арнайы баппен инвесторларға міндет жүктелсе. Шет мемлекеттерде жаңа технологияларын патенттеген ғалымдар мен ғылыми топтарға шағын кен орындарын игеруге мүмкіндік қарастырылса. Мысалы, «өндірістік шпионаж» деген түсінік бар. Меніңше, патенттік жүйедегі патенттік құқықтар жүйесі заң тұрғысынан қатты қорғалуы керек. Дүниежүзіндегі техникалық, инновациялық даму саласы ғылыми жаңалықтарға байланысты. АҚШ, Ресей, Қытай елдеріндегі ғылыми жаңалықтарды, перспективті жас ғалымдардың ресурстарын өз экономикасына барынша пайдалануға жұмыс істеп жатыр. Ол ашық та, жасырын түрде де жүргізіледі. Меніңше, осы тараптан патенттік құқықты қорғау саласындағы сәйкестіктерге көңіл бөлінсе, жас ғалымдарға барынша жол ашса. Технопарктер құру жөніндегі бастамалар әрі қарай дамып, қаржыландыру жүйесі дамытылса. АҚШ осы тұрғыдан «Силиконовая долинасын» құрды, онда ТМД-дан барып жұмыс істеп жатқандар баршылық.

– Өзіңіз жете білетін тау-кен саласының біздің жеріміздегі тарихы қашаннан басталады?

– Қазақстан жерінде кен игеру, металл балқыту сонау ғұндар кезінде қарқынды дамыған. Қазақстан территориясын сол ғұн даласының кіндігі десе болады. Біздер – сол өнерлі, батыр да батыл шешімдерді тапқан, іргедегі Қытай, Үндістан, батыстағы Еуропа тіпті Америка құрлығына өнеркәсіп, ғылым, мәдениетті апарған халықтың тікелей ұрпағымыз. Қазақты келеке еткен Бораттардың бабалары ол кезде Арабияның шөлейт жерлерінде жалаңаяқ тайпа болып көшіп жүрген-тін. Бұл айтқанымның дәлелі жетерлік. Мысалы, Жезқазғанның мыс-кен орнына ағылшын концессионерлері алғаш келгенде, кенді жер астында діңгек тіреуіштер – «целик» камералармен қазылған, сауатты тау-кен технологиясын көріп, таңғалған екен. Және де кен қазу көлемі жарылғыш заттардың көмегінсіз қазылуы мүмкін емесіне көздері жеткен. Яғни оқ-дәрі Қытайда емес, қазақтарда ойлап жасалған деген сөз ғой. Ол шынында солай еді, Қытай жазбаларында жібек шығару, тоқу, оқ-дәрі жасауды ғұндардың үйреткені жазылған. Бүгінгі Шығыс Қазақстан жеріне келген орыс көпестері, геологтері ерте заманда қазылған шурф, шахталарды көріп, «чуд қазбалары» деп жазып кеткен. Еліміздің көптеген өңірлерінде көне металлургия пештерінің орындары әлі де бар. Сонан соң ана тіліміздегі «жез», «шойын» деген сөздердің мағынасына үңілсеңіз, ондай металдар табиғатта жеке кездеспейді, ал оны бүгінде «Испат-Кармет» комбинаты шығарып отыр. Ғалым Ахметовтің еңбегінде Америкадағы индеец тайпалары, атап айтқанда, мая, сиу тілдерінде қазақ сөздері барын жазған. Ол деген – атақты мая мәдениетін салған тайпалар да біздің даламыздан барған деген дәлел ғой. Маядан қалған күнтізбе бүгінгі күнге дейін ең дәл күнтізбе болып табылады. Сондықтан «қазақтың негізгі кәсібі мал бағу болған» деген тарихта жазылған тұжырымдармен келіспеймін. Жәнібек пен Керейдің Қазақ хандығын құрған кезінен емес, одан арыдан басталатын тарихымыз біздің негізгі мақтанышымыз болса деймін. Мен кейде қазақтың ұлттық мәдениетін киіз үйден бастайтынына келіспеймін. Алдымен екі  дөнгелекті арба, сонан соң тері жапқан биік қос, одан кейін ғана киіз үй қойылуы керек. Себебі алтын, күміс, мыстан жасалған әшекей бұйымдар, ыдыс-аяқтар киіз үйден көп бұрын жасалған. Оны жасаған – кенші металлургтер мен ұсталар. Тек қана темір, мыс қорытуды игеріп, қару-жарақтың ең мықты түрін игергендіктен, ғұн бабаларымыз жарты әлемді жаулап, Еуразия кеңістігін игерген, дамытқан.

– Өзіңіз қандай жобаларға қатыстыңыз? Қандай ұсыныс-жаңалықтарыңызды мақтан тұтасыз? Идеяны өндіріске жеткізу жолындағы ең басты кедергі не?

– Негізінде, менің әкемде төңкеріске дейін Қарағанды облысында шағын тұз өндірісі болған екен. Қызылдар келген соң, көлін тартып алып, жинаған малын мойынсерікке беріпті. Бір ауыз пілтемен атылатын мылтығымен Бетпақдаладағы көтеріліске қатысып, одан жеңілген соң Созаққа барып, қызыл әскерлерден жеңіліп қайтқан екен. Не орыс тілін, не неміс тілін білмейтін, тек арабша сауаты бар әкемізді немістерге өтіп кетеді деп соғысқа да алмапты. Біздің үйде кен қазу мамандығын игерген мен ғана. Қазақ политехникалық институтын бітірген соң, Шығыс Қазақстанға жұмысқа бардым. Кейін С.Т.Такежановтың тәрбиесімен көп нәрсеге басқаша карап, осы ауыр өнеркәсіп саласында біршама еңбек еттім. Астанада министрлікте ауыр өнеркәсіп департаментінің директоры болып біраз жыл қызмет атқардым. Қазақстанда мұнай химиясын дамыту концепциясы, уран өндірісі концепциясы, индустриялық-инновациялық дамудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын алғаш рет жасадық. Бұл бағдарламалар қолдау тауып, осы күнде іске асып жатыр. Осы жауапты жұмыстарға бар тәжірибемді пайдаланып, білікті ғалымдарды, мамандарды жұмылдырдық. Соңғы жылдарда осы ірі бастамалардың басында болғаныма көңілім толады. Отан алдында, халқым алдында борышымды орындадым деп санаймын. Бұл істі жас мамандар жалғастыруда. Мысалы, мұнай химиясы концепциясын бекітерде «контракт бойынша газды жер астына айдаймыз, оны айырып, өндіріс салып керегі не?» деген шенеуніктер де болды. Ал уран өндірісінің жақсы дамығаны алғашқы бағдарламаның сауатты жазылып, бекітілгенінен. Мен сол кездегі Индустрия министрлігі жиналысында қабылданатын «индустриялық-инновациялық бағдарлама іске асу үшін не керек?» деген сұраққа берген жауабымда: «Ірі өндіріс компанияларының акцияларының бір бөлігін мемлекетке қайтарып алу керек, энергетика саласына ірі структуралык өзгерістер керек...» – дегенімде, кейбіреулер мені ақымақ санаған еді. Мен мемлекеттік жұмыстан кеткен соң, соңғы жылдары айтқаным дұрыс болып шықты. Бір жаманы, жеке позициясы бар мамандар жиі ауысатын министрлерге ұнамайтын. Жас мамандардың арасынан жеке көзқарасы бар, батыл мінезі бар кадрларды қолдайтынмын.

– Бір сөзіңізде, «өндірісті ғалымдардың қолына беру керек» деген едіңіз. Осы ойыңызды өрістетсеңіз.

– Екі жылдан бері «Самұрық тау-кен» АҚ-ына барып, екі рет ұсыныс жасадық. Біріншіден, темір, марганец, хром, қорғасын сияқты кендерді қазып байыту технологиясы жайлы алты шет мемлекетте патенттелген жаңалығымызды пайдалануға, енгізуге Шығыс Қазақстаннан кішкентай бір кен бар жерді сұрадық, презентация жасадық, мақтап-мақтап, хат жазыңдар деп шығарып салды. Екінші рет екі ғылым докторын ертіп, «шағын көмір кенінен мұнайды бұрғылауға аса қажет химиялық реагент шығарайық, кезінде Қ.И.Сәтбаев болған Жезқазғандағы Қарсақпайды өлтірмей, орнына шағын зауыт салайық» деп тағы бардым. Мен ешкімнің фамилиясын айтпай-ақ қояйын. Тек айтарым, құзырлы құрылымдарда өндірістің негізін түсінетін біздер сияқты шахта, карьер байыту фабрикасы, зауыттар салып, 20 жыл талай етігін тоздырмаса да, өндірісте екі-үш жыл түтін иіскеп, тым құрғанда, кебістерін тоздырған практик, инженер мамандарсыз болмайтын сияқты.

– Еліміздегі тау-кен өндірісі дербес дамып келе жатқалы 20 жыл болды. Қазір бұл саланы ТМД елдерімен, мысалы, Ресеймен салыстырсақ, не байқар едік?

– Бұл тұжырым даму стратегиясындағы алған біздің бағдарламамызға байланысты. Полиметалл кендеріндегі пайдалы металдар құрамының төмендеу тенденциясы өрби бермек, мұнайымыздың сапа жағынан күрделілігі бар, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп саласының дамуы төмен, өндірістің болашақта дамуы тек ғылыми техникалық жаңа шешімдерге тәуелді. Мен бүгінде қабылданған мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарламасына баға беруден аулақпын. Өз ойым, бұл – ғылымның да, өндірістің де қатар жүретін саласы. Атом өнеркәсібін пәрменді дамыту болып табылады.  Қазақстанда АЭС салуға қарсы болған азаматтар 50 жылдан кейін Қазақстанның мұнай, газ қоры сарқылғанда, көмір көзі азайғанда, дүниежүзіндегі парникэффектін шектеуге байланысты энергия көздерін қайдан, кімнен алатынымызды ойлайды ма екен? АЭС барлық мемлекеттерде жұмыс істеп тұр, оны қорықпай, дүрлікпей салса, бізде уран кенінің (кен қоры бойынша дүниежүзінде алдыңғы орындамыз) игерілуі, жаңа ғылыми бағыттар дамуы сөзсіз. Екінші Жоңғар қақпасындағы өте қуатты жел энергиясын, Оңтүстік өңірдегі күн энергиясын өндіретін жаңа стансылар салу. Өздеріңіз білесіздер, су – тіршілік көзі. Қазақстанның ең бір тапшылық көретін позициясы – су. Өндірісте пайдаланылатын суды тазарту, тұрмыста пайдаланатын суды үнемдеу, қайта пайдалану – жеке проблема. Ғылым осы бағытта үлкен қадам жасаса. Сонымен бірге су ресурстарының көзінің қорын көбейту керек. Көп мәселе Қытай, Орта Азия мемлекеттерімен бірге шешілмек. Сібір өзендерінің арнасынан Қазақстанға су жеткізу жобасының ең тиімді жолы табылса. Жалпы, болашақта тұщы су қоры бар ел өлмейді. Сондықтан бұлақтарымызды суалтпайық, ағайын.

Болашақта іргедегі Қытай, Ресей мемлекеттері бізден энергия көздерін сатып алып, өндірістік дамуымызда жаңа серпіліс болмақ. Тек осы бағыт Қазақстанға өндірістік дамуында жүздеген жылдарға жетерлік стратегиялық басымдылық бермек. Осы айтқан аттың тізгініне қазақ өзі ие бола алса, көш басында ғасырлар бойы боларымыз сөзсіз.

Алашқа айтар датым...
Бұрыннан айтып жүрген пікірімді қайталайын. Ол – Қытайдағы, Моңғолиядағы, Ресейдегі, Өзбекстандағы, Түрікменстандағы қандас қазақтарымызды елге көшіргенде, сол елдер шекарасынан барлық малын, барлық мүлкін, техникасын, қазынасын, тапқан ақшасын, валютасын ешбір шектеусіз алып өтуіне барша мүмкіндік жасау мәселесі. Бұл деген – жеке инвестиция көзі. Оларды келген соң, жеке аймаққа орналастырып, мемлекеттің қатысуымен аграрлық кооперативтер құрылса, салықтан 10 жылға босатылса, мемлекет еті өнімді ірі қара, қой, жылқы және түйе тұқымдарымен қамтамасыз етуге көмектессе.

Мемлекетаралық шарт жасауға негіз ретінде қызыл қырғын уақытында қырылғаннан, репрессиядан қашқан қазақ ұрпақтарына БҰҰ-нан «саяси қуғын құрбандары» статусын алып беру керек. Ол үшін Мәжіліс арнайы қаулы қабылдап, бекітуі керек, тиісті құзырлы органдардың шешімін дүниежүзілік құрылымда нақтылау шарт. Мысалы, ЕҚЫҰ ұйымын пайдалансақ болмай ма? Мүмкін болса, осы ұйымды ел мақсатына пайдаланып қалайық, ағайын. Еврейлер Холокост деп қаншама жеңілдіктер алып отыр, ал сорлы қазақ Фурманов, Фрунзе, Голощекиннің оғынан қойдай қырылды емес пе?! осы мәселені БҰҰ-да тез арада нықтап, бекітсек, Қытай да, Ресей де, Моңғолия да келісімге отыруға мәжбүр болады. Қазақтың басы бірігіп, өз жерімізде 80 пайызға жетіп, экономикамыз қарқынды дамиды.

– Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста