Қажымұқан Арынов, А.Бектұров атындағы Химиялық ғылымдар институтының директоры:
– Өзіңіз басқарып отырған Химия ғылымдары мен Органикалық катализ және электрохимия институттарының ғалымдары акцияларды «Самұрық» мемлекеттік холдингіне беру арқылы ғылыми-зерттеу институттарын қайта құруға қарсылық білдірді. Арты дауға ұласты. Орын алған түсінбестіктердің анық-қанығын өз аузыңыздан естісек дейміз.
– Химия ғылымдары институтын отандық химия ғылымының іргетасын қалаушы, қазіргі ғылымның негізі, күретамыры десек те артық айтқандық емес. Біздің институтта жылына 150-ден астам студент дәріс алып, олар білікті мамандар қатарын толықтыруға өзінше үлес қосуда. Ұлттық даму институттарының қаржылай және маркетингтік қолдау көрсетулерінің нәтижесінде біздің институт соңғы үлгідегі технологиялық өнімдерді игеруде соны жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Атап айтсам, мұнай-химия өнімдерін өндірудің жаңа катализаторларын, косметикалық ланолин өндіру, жұмсақ полимерлі табақтар мен электроизоляциялық жабындар және сапалы тыңайтқыштар өндіру сияқты осы заманның қажеттіліктерін қанағаттандыруда ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Қарсылық білдірген себебіміз, іргелі ғылым ошағы мемлекет қарамағында қалсын дедік. Бұл – жалғыз біздің ғана жанайқайымыз емес, ғылыми орта айтып жеткізе алмай жүрген дат. Қуаныштысы, үкімет өзінің 28 наурыз күні отандық БАҚ-тарда жарық көрген қаулысымен іргелі ғылым нысандарын мемлекет меншігінде қалдырып әрі заңдық нормамен акционерлеуге яғни жекешелендіруге тыйым салынуын қамтамасыз ететін шешім қабылдады. Ондай болса, бұл оң қадамның Елбасының алдыңғы қатарлы елдер қатарына ену бағытындағы ұзақ мерзімді жоспарына, индустриялық-инновациялық дамуға толық мүмкіндік беретініне күмәнім жоқ.
– Ғалым ретінде сіздің елдегі химия саласындағы ахуалға қандай баға беретіндігіңізді білсек дейміз. Қалай ойлайсыз, тыңайтқыштарды экспорттауға мүмкіндігіміз бар ма?
– Экспортты былай қойғанда, тыңайтқыш еліміздің өзінде тапшы болып отыр. Ал егер тыңайтқыш экспорттайтын болсақ, экономикамызға зор үлесі тиер-ақ еді. Қазір Үкімет басшылығы «бақ сынап көрсек» деп жатыр, кім біледі қалай боларын... Әлемдік рынокқа шығуға бөгет болып отырған біраз шаруаларды еңсеруге тура келіп тұр оларға. Менің ойымша, тығырықтан шығу үшін, ең алдымен, минералдық тыңайтқыштардың құнын төмендетудің жолдарын қарастырған жөн сияқты. Көп түйін сонда шешіле түседі деп ойлаймын.
Осы тұста айта кетейін, қазір алға қойылып отырған міндеттер зор. Атап айтсам, минералдық тыңайтқыш өндірудің жылдық көлемін 2014 жылы 3 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Оған «күдігім бар» немесе «сенімім мол» деп те айтпай-ақ қояйын. Оның нәтижесін уақыт көрсете жатар.
Жалпы айтсам, егер фосфор, азот және басқа минералдық тыңайтқыштар өндірсек, оны бүкіл дүниеге таратудың қиындығы болмас еді, өйткені қазір тыңайтқышқа зәру болып отырған елдер өте көп. Яғни өздеріңіз білесіздер, астық, ет, сүт сияқты сұранысы өте жоғары өнімдер өндіру тікелей тыңайтқыштарға байланысты.
Құрамында әртүрлі фосфоры бар өнім өндіруге, атап айтсам, фосфаттар негізінде фосфор қышқылы, фосфор қышқылының тұздарын шығаруға біздің қабілетіміз жетеді деп ойлаймын. Әсіресе ауыл шаруашылығына аса қажет. Тыңайтқыштың бұл түрін тасымалдай алмай отырғандығымыздың негізгі себебі сол қоспаларға кеп тіреліп тұр. Егер сөз болып отырған қоспалардан тазартсақ, фосфор тыңайтқыштарын тіпті жоғары бағамен экспорттауға да болар еді.
– Еліміздің химия өнеркәсібін бүгінгі күнгі экономикамыздың қай бағытында дамыту тиімді деп ойлайсыз?
– Химия өнеркәсібін дамытудың жалпы әлемдік ағымы дамыған елдерде мұнайды мономерлік және полимерлік материалдарға дейін тереңдете өңдеу технологиялары мен процестеріне бағытталған. Ал біздің елдегі өнеркәсіп, өкінішке қарай, мұнайды алғашқы өңдеу процестеріне ғана негізделген.
Біз жер қойнауындағы химиялық шикізат қоры жағынан дүниежүзіндегі ең ауқымды елдердің бірі қатарындамыз. Соған қарамастан, Қазақстанның химия өнеркәсібі қазіргі кезде дамыған елдермен салыстырғанда, екі ұрпаққа артта қалып келеді. Қазір барлық елдерді толғандырып отырған бір ғана мәселе – әлемдік деңгейде белең алып келе жатқан қаржылық қиындықтар мен азық-түлік тапшылығынан қалай да аман шығу.
«Қай бағытты ұстансақ дұрыс болар екен» деп сұрап отырған екенсіз, осындай сын кезеңде біздің химия кәсіпорындары өндіріп жатқан минералдық тыңайтқыштарды еселеп шығарсақ әрі тиімді, әрі ұтымды, әрі пайдалы іс болар еді. Минералдық тыңайтқыштарды өндіруді арттыруға қазір Елбасы да айрықша мән беріп отыр.
2009-2015 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасындағы химия өнеркәсібінің даму жолының картасы» деп аталатын жобаны жүзеге асыруға біздің институтқа да зор міндеттер артылмақ.
– Еліміздің химиялық өнімдерінің экспорттық бағасы көңіліңізден шыға ма?
– Отандық химиялық өнімдердің экспорттық бағасы рыноктағы жалпы әлемдік құн арқылы реттеледі және ҚР Үкіметінің кедендік жинақтарымен бақыланады. Бірақ экспортталатын өнімдердің тар шеңберлі тізіміне, негізінен, алғашқы өңдеуден өткен мұнай өнімдері мен мұнай шикізаты ілініп, олардың бағасы айтарлықтай дәрежеде әлемдік шикізат рыноктарындағы мұнай бағасына тәуелді болып отыр. Ешкімге таңсық емес, отандық өндірістердің сұранысын жабатын химиялық өнімдердің басым бөлігі шетелдерден сатып алынады. Олардың бағасы әлемдік бағадан 2,0-2,5 есе қымбат. Сонымен қатар, оларды мерзімінде жеткізу – өз алдына басқа проблема. Бұл біздің отандық өндірістердің қуатын әжептәуір төмендетуге әсер етіп отырғаны тағы бар.
– 2000 жылдардың бас шеніне дейін фосфор тыңайтқыштары әлемдік өндірісте өсу мен құлдырауды бастан кешірді. Қазіргі жағдайға қандай баға бере аласыз?
– Анау бір жылдармен салыстырғанда, жағдай тұрақтанып келе жатқан сияқты. 1986 жылы оған деген сұраныс көлемі 1 млн тоннаны құраған болатын. Ал 1987-1991 жылдары оның көлемі 480,2 мың тоннаға дейін төмендеді. Тыңайтқыштардың ең аз көлемде пайдаланылған кезі 1998 жылы көрініс берді. Бар болғаны 10,7 мың тонна. Одан кейін 2002 жылы оның көлемі біршама өскен болатын. Соның өзінде ол 18,48 мың тоннаны ғана құрапты. Тыңайтылған егістіктер болса 0,8 пайызға ілдалдалап әрең жетті. Қазіргі кезде сұраныс қарқыны өсіп келеді дер едім. Яғни фосфор тыңайтқышын өндіру 200,0 мың тоннаға дейін жетті. Ал 2008 жылы мемлекеттің тағы 130,0 мың тонна тыңайтқышқа субсидия бергені жұртшылыққа мәлім. Бұл – қуанарлық жайт.
– Химия өнімдері бойынша әлемдік рынокқа шығуға қандай кедергілер бар деп ойлайсыз?
– Әлемдік химия өнімдері рыногы орасан және ұйымдастырылуының өзі қазір жоғары бағаға лайық. Оған кім болса да тек аса сапалы тауармен ғана ене алатыны түсінікті. Әйтсе де, оның бір бөлігіне таласуға болатын да шығар... Қалай болған күннің өзінде де, не нәрсені болса да таразыдан өткізіп, екпіндемей, барар жолды бағамдап алған абзал.
Сондай-ақ осы уақытқа дейін белгілі болған брендтерге қарағанда, экономикалық жағынан тиімді болып табылатын тауарлар бағасы маңыздырақ па деп ойлаймын.
Осы тұста айта кетейін, біздің ел, мәселен, фосфориттің әлемдік қоры жағынан төртінші орында тұр. Демек, экспорттың әлеуеті жоғары. Соған қарамастан, Қазақстан өнеркәсібінде химия саласының үлесі тек 1 пайызды ғана құрайды. Елбасы Үкіметке қазір химия өнеркәсібін жетілдірумен мықтап айналысуды қатты тапсырды. Ал бұл сөз жоқ, химия өнімдерін арттырудың маңыздылығы ескеріле басталғанын аңғартып отыр.
Қазір институт бағындыру дәрежесіндегі көптеген инновациялық-технологиялық жобаларды қолданысқа енгізуге дайындап отыр. Бұл жобалардың жүзеге асуы Ұлттық инновациялық қор мен ҚР ғылыми қорының қаржылық және маркетингті қолдауымен жүзеге аспақ. Жаңа өндірісті меңгеру отандық технологияны шикізаттар мен материалдарды жоғары деңгейде өңдеуге, біздің химия өнеркәсібін дүниежүзілік нарықта бәсекеге қабілетті жасауға септігін тигізеді.
– Бұрқақ бағдарлама ретінде мұнай-химия кластерін таңдап отырмыз. Әлемдік рынокты мойындата аламыз ба? Инвесторлар тартуда нәтижелі істер бар ма?
– Химиялық кластер – болашағынан көп үміт күттіретін әрі тиімді құрылым. Алайда барлық тығырықтан шығудың негізгі жолы бұл емес. Тек бизнес пен нарықтағы бірнеше саланы топтастырып, соның нәтижесінде жемісті ынтымақтастық құру үшін ғана қолайлы. Дәл қазіргі кезде кластер бізге еліміздің химия индустриясын дамытуға аса қажет. Инвесторларға келсем, бізге көз тігіп отырғандар аз емес. Білуімше, осы 3-4 жылдың ішінде 15 миллиардқа жуық инвестиция келеді деп күтілуде.
Нәтижелі істердің басы енді басталып жатыр. Негізі, Қазақстанды мұнай, газ және химия өнеркәсібі іске қосылғалы отырған сындарлы кезең күтіп тұр.
– Химия институтының құрылғанына 65 жыл болып қалыпты. Институт несімен мақтана алады?
– Иә, химия институты сонау 1945 жылы құрылған-ды. Қазіргі таңда ең ірі ғылыми орталықтардың бірі саналады. Мұнда республика көлемінде, сонымен қатар, шет мемлекеттерді мойындатқан әртүрлі ғылыми мектептер қалыптасып, дамыған. Институтта іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстары бірқатар салаларда, атап айтсам, органикалық, бейорганикалық және физикалық химия, полимерлер және мономерлер химиясы, табиғи физиологиялық активті заттар және мұнай салалары бойынша сұранысқа ие. Қазіргі кездегі өзектілігі басым нанотехнология, нанобиоматериалдар алу саласында да жұмыстар атқарылуда. Мұнай өндіру, өңдеу саласында институттың көп ресурстары пайдалы өнімдер мен тауарға жұмсалуда. Экологиялық мониторингке институт жағынан үлкен назар аударылуда. Мұнай қалдықтарын залалсыздандыру, атап айтқанда, күкірт қалдығы төңірегіндегі проблемаларды шешу жолдарын қарастыруды қолға алып отырмыз. 2009 жылы ғарышқа аттанушы ғарышкерлердің кеме бортындағы зерттеу жұмыстарына институттың екі ғылыми жобасы қабылданды. Тағы бір айта кетерлігі, аталған іс-шаралар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын басшылыққа ала отырып, институтта көп бағытты мәселелерді шешу мақсатында шағынхимиялық кластер құрылды.
– «Еурохим» компаниясының «Сарытас» зауытын сатып алғандығына қалай қарайсыз? Жалпы, аты әйгілі осы компания бізге не береді? Тым көп уәде береді деп ойламайсыз ба?
– «Еурохим» – әлемге әйгілі ұйым. Ол өзінің жұмысшылар санының көптігімен және техникалық, шикізат ресурстарымен әлемді мойындатуға беделі де, мүмкіндігі де мол. Олардың әлемдік нарықта нық тұрғанына менің күмәнім жоқ. Олардың қазақстандық фосфор өнімдеріне назар аударулары жайдан-жай емес. Химия өнеркәсібінің бұл секторы кейіннен Ресейге өтіп кеткені болмаса, ұзақ уақыт бұрынғы Кеңес Одағының дәл осы салалас өндірістерімен бір болған еді. «Еурохимнің» біздің отандық бизнеске келуін, өз басым, қуана қолдаймын. Сөз жоқ, мұндай қарым-қатынастар ресурстарымызды тоғыстырып, қажетті ақпараттар алмасуымызға кең жол ашады. Ал олардың уәделері қаншалықты нәтиже беретінін алдағы уақытта көрерміз. Тек жақсылық күтейік.
– Біздің елде қауіпті жүктерді тасымалдау ережесіне сай жөндеу жүргізетін кәсіпорын жоқтың қасы. Сондықтан украиндық «Сереп» пен «Азовмашқа» тәуелдіміз. Осы тығырықтан қалай шығуға болады деп ойлайсыз?
– Бұл – шынымен де, бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл жерде украиндық кәсіпорындардың дәл қазір көмегі тимесе, анау айтқандай зияны жоқ. Мен мұны кеңестік дәуірден қалған, содан бері бір шешімі табылмай келе жатқан бір түйткіл дер едім. Украинаның Львов қаласындағы апатты еске алайықшы. Украина аумағында Қазақстанның «Қазфосфат» компаниясына қарасты фосфор тиелген 15 цистерна шойын жолдан шығып кетіп, апаттың арты айыптаулар мен үлкен саяси дауға ұласып кетті.
Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғанымызға, міне, неше жыл болды, бізде әлі күнге дейін өзіміздің қауіпті жүктер тасымалының талабына сай жөндеу жұмыстарын істейтін кәсіпорын жоқ.
– Өткен жылы Балқаш қаласында үлкен зауыт салынды. Қалай ойлайсыз, зауыт алға мақсат қойғандай «Қазфосфат» ЖШС-ін шикізатпен қамтамасыз ете ала ма?
– Қайдам... Иә, «Қазақмыс» қазақстандық металлургия корпорациясы Балқаштағы мыс балқытатын зауыттың жанынан күкірт қышқылын шығаратын зауыт салуын салды. Оның жобалық қуаты 1,2 миллионға есептелді. Басында-ақ бұл зауыт «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған еді. Балқаш күкірт қышқылы зауытының пайдалануға берілуіне байланысты өткен жылдың соңына қарай жергілікті рынокта күкірт қышқылының профициті болады деген болжамның болғаны да рас. Ал «Қазфосфат» ЖШС таяу уақыттарға дейін қышқылды Өзбекстаннан алып келді. «Қазақмыс» пен «Қазцинк» болса, күкірт қышқылын қосалқы өнім ретінде ғана шығаратындықтан, «Қазақфосфатты» толықтай қышқылмен қамтамасыз етуі екіталай. Өйткені өнім өздеріне металлургиялық процестерді атқару үшін де қажет. «Қазфосфатты» толықтай қышқылмен қамтамасыз ете алмайды» деуімнің негізгі себебі «Қазатомпром» да республика бойынша күкірт қышқылын ең көп қажет ететін компания. Өнім олардың өздеріне де керек.
– Еліміз химия, мұнай, газ, металлургия саласындағы білікті мамандарға аса зәру. Жоғары оқу орындары да мүлде жоқ емес, ұстаздар да баршылық. Ондай болса, бар кедергі неде деп ойлайсыз?
– Кедергі әртүрлі болды ғой. Қайсыбірін айтарсың...
Осындай түйінді түйткілдерді шешу мақсатында біздің институт соңғы жылдары химия саласы бойынша мамандар дайындайтын ЖОО-мен тығыз қарым-қатынас орнатты. Яғни алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен келісімшарттар жасалды. Сондай-ақ инновациялы білім консорциумы құрылды.
Білікті мамандарға сұраныс артып тұрған мына заманда химия институтына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені химия саласы бойынша маман дайындаудың негізгі ошағы – осы институт. Маман дайындаудағы қордаланып қалған түйткілдер енді шешілуі тиіс деп ойлаймын.
Атап айтсам, мынандай базаларды құру көзделіп отыр:
• құрамында фосфор бар әртүрлі минералды тыңайтқыштар мен минералды материалдар өндіруге қажетті фосфорит өңдеуге арналған жаңа технологиялар мен техникаларды бақылаудан өткізетін қазіргі заманғы іс-тәжірибелік база құру («Қазфосфат» ЖШС базасында);
• фосфатты кен орындарын байыту технологиясы бойынша өткізетін қазіргі заманғы іс-тәжірибелік база құру («ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС базасында);
• органикалық және бейорганикалық химия өндірісінің диверсификациясы бойынша іс-тәжірибелік база құру («Каустик» АҚ базасында)
Ұсыныс
«Саяси даулармен» өзге елге тәуелді болмас үшін, менің ойымша, «Қазфосфаттың» Тараз қаласындағы филиалы – теміржол транспортының кешенінде жөндеу жұмыстарымен айналысатын кәсіпорын ашу керек. Әлбетте, ол халықаралық келісімшарттардың талабына сай болуы тиіс. Мен бұл жерде Базель конвенциясын айтып отырмын. Бұл әрі Елбасының «2015 жылға дейінгі ҚР транспорт стратегиясы туралы» қаулысын жүзеге асыруға бір септігін тигізген болар еді.