Александр Собянин, Шекаралық серіктестік қауымдастығының жанындағы Стратегиялық жоспарлау бөлімінің бастығы, «Памир-Урал» сараптамалық тобының жетекшісі, ресейлік саясаттанушы:
– Александр Дмитрийұлы, сіздіңше посткеңестік кеңістіктегі Қазақстанның атқаратын рөлі қандай?
– Бір сөзбен қайырсам, позитивті деп бағалаймын. Орталық Азия аймағында әлеуметтік-саяси мәндегі тұрақтылыққа қол жеткізген осындай мемлекеттің бар болуының өзі бүтін аймақ үшін, әсіресе Қазақстанның оңтүстігіндегі елдер үшін үлкен демеу, сенімді тірек болып отыр.
– Қазақстанның әлем алдындағы оң имиджі – кездейсоқтық па, әлде бір мақсатқа жұмылдырылған қажырлы еңбектің арқасы ма?
– Қазақстанның жағымды имиджіне әсер еткен екі факторды атап өткім келеді. Алғашқы фактор – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі. Қазақстан басшысы 1986 жылдан бері өз елін ілгері бастыру мақсатында көптеген сәтті шешімдер қабылдады. Келесі фактор – Қазақстан өзіндегі ядролық арсеналынан бас тартқан кезде мемлекеттің егемендігін сақтап қалуға кепілдік берген АҚШ, Ресей және Ұлыбритания секілді үш мемлекеттің ынта-ықыласына байланысты болып отыр. Әртүрлі себептерге байланысты англо-сакстар мен орыстар Қазақстандағы саяси тұрақтылықты қалады. Алайда қазіргі жағдайда бұл ұстанымдар өзгеріп те кеткен болуы мүмкін.
– ТМД елдері де әлемнің барлық мемлекеттері секілді қаржы дағдарысынан аман шығудың қамын ойлауда. Жуырда Қазақстан Үкіметі «біз ТМД елдерінің арасынан дағдарыстан бірінші болып шығамыз» деген мәлімдеме жасап үлгерді. Қазақстанның дағдарысқа қарсы әрекетін қалай бағалайсыз?
– Жуырда Үкіметтің дағдарысқа қарсы жұмысын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де жақсы бағалады. Сондықтан мен бұл бағдарламаның тиімділігін теріске шығармас едім. Алайда Қазақстан Үкіметінің «біз биыл дағдарыстан шығамыз» деген пікірі күмәнділеу. Біздің қауымдастықтың сарапшылары үстіміздегі жылдың қазан-қараша айлары Қазақстан үшін өте ауыр болады деп болжаған еді. Оның үсіне халықаралық агенттіктер де қазақстандық компаниялардың рейтингін жақсы бағалап жатқан жоқ.
– Қазақстан өзінің серіктестеріне энергоресурстардан бөлек не ұсына алады?
– Қазақстан Батысқа көмірсутек ресурстарын экспорттаудан тартынып отырған жоқ және мұнысын өте дұрыс деп есептеймін. Қазақстанның кейбір аудандары электр қуатын импорттап жатыр, ал бұл – үлкен қателік. Бұдан гөрі жаңа атом стансыларын тұрғызып, өздері электр қуатын экспортқа шығару керек еді. Өкінішке қарай, шикізатты өңдеп ұсыну жағы қазақтарда өте кем соғып тұр. Шикізатқа бай Қазақстанды мұнай өңдеу саласы бойынша Белоруссиямен салыстыратын болсақ, қара алтынға қат белорустар мұнайды қазақтардан гөрі екі еседей артық өңдейді екен.
– Бір сұхбатыңызда сіз: «Қазақстан өте мықты заманауи қару өндіретін елге айнала алады және айналуы тиіс»,– деген болатынсыз. Әлі де сол пікірдесіз бе? Жалпы, бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?
– Алдымен «Зенит» Орал зауыты» АҚ мекемесінің әскери катер өндірісін қайта жандандыра білгенін ескерейік. Мұның өзі менің пікірімнің шындықтан алыс емес екендігін көрсетеді. Алматы мен Қарағанды және өзге де қалалардың қару-жарақ шығаруға үлкен мүмкіндіктері бар. Меніңше, Қазақстанның әскери хай-тектегі потенциалын бағамдай келгенде, экспортқа мотопеходтарға арналған тетіктер құрастыруға, «КамАЗ» әскери вездеходының жаңаруына атсалыса алатынын айтуға болады.
– Сіздіңше, қазақстандық саясаткерлер сыртқы саясатта нені ескермей отыр?
– Қазақстандық саясаткерлер сыртқы саясатта жұмсақтық танытудың заманы өтіп бара жатқанын ескермейтін сияқты. Дегенмен Қазақстанның сыртқы саясаты ТМД елдерінің ішіндегі ең сауаттысы әрі өнімдісі деуге тұрарлық.
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық мерзімі басталып келеді. Бұдан сіздің отаныңыз не күтеді?
– Бұл Еуропалық ұйымның халықаралық саясаттағы беделі төмендеп келе жатқандықтан, оның Ресей үшін аса маңызы жоқ. Сондықтан бұл іспен Ресейдің беделді саясаткерлері айналысады деп айта алмаймын. Ұйымға төрағалық ету барысында Қазақстан өзінің халықаралық имиджін жақсарта алады деп ойлаймын.
– Қазақстанның болашақтағы саяси келбетін қалай елестетесіз?
– Қазақстанның осы уақытқа дейінгі тұрақтылығы Президент әкімшілігінің саяси сауатты іс-қимылында болып отыр. Мұндай артықшылықты Тәжікстан Президентінің әкімшілігінен де байқауға болады. Міне, сол себепті де ТМД елдерінің арасындағы ең озат және ең әлсіз мемлекет тұрғындарының билікке деген сенім рейтингі жоғары тұр. Дегенмен бұл сенімнің сейіліп кетуі де оңай. Сондықтан Қазақстандағы саяси институционалды базаны американдық технологияға салу керек. Өйтпеген жағдайда, тірнектеп жиған саяси бедел, еңбекпен келген билік институты бір сәтте әлсіреп кетуі мүмкін. Меніңше, жақын болашақта Қазақстанда олигархтық топтардың саясат пен қоғамға ықпалы бәсеңдеп, олардың орнын «Болашақ» бағдарламасы бойынша тың тәжірибе жинап келген жастар басады. Әрине бұл – мемлекет үшін позитивті фактор.
– Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын қалай бағалайсыз?
– Нашар деп бағалаймын. Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Соған қарамастан, екі елдің өзара серіктестік деңгейі өздерінің мүмкіндіктеріне де, мемлекет басшыларының келісімдеріне де сай келмейді. Ресей мен Белоруссияның серіктестігі Қазақстанмен салыстырғанда екі есеге дейін артық. Сондықтан бұрыннан көзім жеткен көзқарасымнан әлі де айнымаймын. Ресейліктер мен қазақстандықтар өзара әріптестік пен ынтымақтастықты жаңа сатыға көтеріп, қазақ-ресей командасын құруы керек. Бұдан қос мемлекет те ұтады.
– Ресей мен Қазақстан шекарасында көңіл алаңдатарлық қауіпті жағдайлар бар ма?
– Қауіп жоқ. Ал бар болған күннің өзінде бұл мемлекеттердің ұстанымына байланысты емес.
– Қазіргі уақытта Орталық Азия аймағы – әлемдік державалардың мүддесі тоғысқан, көкейін тескен қазыналы аймақ. Мұндай жағдайда кім не ұсынады, Ресей не ұсынады?
– Бұл сұрақтың толық жауабы ұшы-қиырсыз ұзақ болар еді. Келтесінен қайырсақ, қалыпты тұрақтылықтың заманы аяқталды. Қазіргі кезде әртүрлі мемлекеттердің ресми мінбелерінен жасалған мәлімдемелері шынайы өмірдегі тірліктерінен алшақ кетіп жатыр. Қазақтар өткен жылы Гүржістанмен болған соғыстан кейін Ресей саясатының қаншалықты өзгергендігін дұрыс түсіну керек. Мұны әлемдік саясаткерлер де байқап отыр. Қазақстанда мұны түсінетін санаулы ғана саясаткер бар. Жалпы алғанда, Қазақстанда «еуразиялық интеграциялық бастамаларға» үлкен сенім артылып отыр. Алайда өмір мен ақиқат біз ойлағаннан да басқаша.
– Қырғызстанның оңтүстігінен тағы бір әскери база құру туралы Мәскеудің шешімі неден туындады?
– Бұл бастама тым кеш қолға алынып отыр. Меніңше, бұл 2005 жылы Ресей Президенті әкімшілігінің беделді қызметкері Модест Колеров пен Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиевтің осы мәселеге қатысты кездесуінен кейін-ақ іске асуы керек еді. Ресейдің толыққанды әскери базасын құруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым тек Ош қаласында ғана бар. Атап айтқанда, әуежай, КСРО-дан қалған әскери қалашық (бұрындары бұл жерде кеңестік шекарашыларды дайындайтын әскери жаттығулар өтетін), сондай-ақ қаланың батыс бөлігінде орналасқан әскери құрылым (онда бір кездері Кеңес әскерінің керемет жабдықталған құрылымдары жатыр, ол жерге танкі және басқа да бронды техникаларды орналастыруға болады) бар. Ош – өте ыңғайлы полигон. Мұндай маңызды жерлер тек Ош қаласында ғана емес, басқа да аймақтарында бар. Ал Оштағы әскери базаның негізгі мақсаты – Ресейдің Тәжікстанда орналасқан 201-базасын қажетті саймандармен, жүк тасымалымен қамтамасыз етіп отыру. Ресей үшін тағы бір маңызды мәселе Ауғанстаннан тасымалданатын есірткі жайы. Ош қаласындағы әскери базасыз «өлім» тарататын саудагерлерді залалсыздандыру мүмкін емес. Әскерилерді Алтай алқабына, Памирге орналастыру керек. Ал оны арнайы әскери базасыз жүзеге асыру мүмкін емес.
– Бұл әскери базаның түпкі мақсатында не астар бар? Мәселен, әлемнің өзге державаларымен арада бәсекелестік болып отырған жоқ па?
– Ауқымды әскери серіктестік жөнінде сөз болғанда қайдағы бір тұманды бейнедегі «әлемдік державаларды» айтуға болмайды. Бұл аймақта толыққанды әскери саясат жүргізе алатын екі ғана ел бар – АҚШ пен Ресей. Қалған мемлекеттердің барлығы ресейлік немесе американдық әскери объектілердің бар-жоғын елеп-ескеріп қана отыруға мәжбүр.
– Өзбек саясаткерлері осы әскери база мәселесін ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекеттермен қатар отырып шешуді талап етіп отыр. Демек, Ташкенттегілер өздерінің қарсылығын қолдайтындар табылуы мүмкін деген ойда ма?
– Жоқ, бұл мәселеге байланысты біздің аймақта өзбектің сөзін сөйлеп шығатын ел жоқ екендігін олар жақсы біліп отыр.
– Ресей СІМ-нің өкілдері «ТМД-ның барлық мүшелері тең құқылы» дегенді жиі айтады. Сіздіңше солай ма?
– Әрине, ресми мінбер болғандықтан, олар солай сөйлейді. Олар «ТМД-ның кейбір елдерінің құқы төмен» деп айтпайды ғой. Дипломаттардың өздеріне тән ресми тілі болады. Алайда ресми мәлімдеме мен шынайы өмірдің арасында айырмашылық бар екендігі анық қой.
– ТМД елдерінің арасындағы қарым-қатынасты жақсартатын факторлар бар ма?
– ТМД елдерінің өзара қарым-қатынасы жақсарады деп үміттенбей-ақ қойсақ та болады. Енді бұл аймақтағы елдердің серіктестіктегі тағдыры ЕурАзЭҚ-тың үш төрағасы – Ресей, Белоруссия және Қазақстанның ұйымның өзге мүшелерімен қалай қарым-қатынас орната алатындарына байланысты болып отыр.
– Жалпы, ТМД-ның болашағын қалай елестетесіз, ол жай әншейін сұхбат алаңы болудан аспай қалмай ма?
– Осы кезге дейін ТМД өзінің мойнына артылған жүкті атқарып болды. Енді оның болашағы жоқ. Бұл ұйымның жарқын болашағынан үміттенбей-ақ қойсақ та болады. Ұйымның тағдыры 2006-2007 жылдары Мәскеудің ТМД-ның маңызды бағдарламаларын қаржыландырудан бас тартқанынан кейін белгілі болып қалды. Енді ұйым өзіңіз айтқандай, сұхбат алаңы ғана болып қалады. Сондықтан бізге ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ секілді болашағы баянды ұйымдардың атын қамшылау керек.
– Ресей мемлекеті Орталық Азия аймағындағы су мәселесіне көп көңіл бөліп жатыр. Насырға шапқан бұл проблеманы БҰҰ–да жіті назарда ұстап отыр. Сіздіңше осы мәселенің оңтайлы шешім табуына не кедергі болып отыр?
– Жақын болашақта Орталық Азиялық аймақ үшін ең қауіпті проблема, ислам террористері емес, осы су мәселесі болады. Аймақ басшыларының соншалықты жақсылыққа ниеттенгеніне қарамастан, аймақтағы су мәселесі үлкен қақтығыстар тудыратындығына күмәнім жоқ. Меніңше, бұл проблеманың туындауына қырғыз бен тәжіктің бірбеткейлігі себеп болып отыр. Олар шекаралас орналасқан қуаты жағынан да, халық саны жағынан да алып елдермен тайталасуға саяси салмағының жетпейтіндігін түйсінгісі келмей отыр. Дегенмен аймақ экономикасына тікелей әсер етіп отырған осы мәселені шешу барысында қырғыз бен тәжіктің ақыл-парасатынан, қазақ пен өзбектің төзімділігінен үміттенейік.
– Әңгімеңізге рақмет.
Александр Дмитриевич Собянин – 1967 жылы Қырғыз КСР-інің Ош ауданында туылған. 1997 жылы Санк-Петербург ұлттық университетінің шығыстану факультетін тамамдаған. Ағылшын, телугу, санскрит тілдерін жетік меңгерген. 2000-2002 жылдары «Профи» журналының бас редакторы, Ресеймен шектесетін кеңестік елдердің дамуы деңгейін бақылауға бағытталған «Евразия-2» зерттеу жобасының жетекшісі. Қазірде Шекаралық серіктестік қауымдастығының жанындағы стратегиялық жоспарлау бөлімінің бастығы, «Памир-Урал» сараптамалық тобының жетекшісі. «Орталық Азия мен Кавказдағы Ресей – посткеңестік кеңістіктің күш біріктірер орталығы», «Үлкен ойын жалғасып жатыр, Америка Ресейді Еуразия орталығынан ысырып шығармақ», «Әлсіздердің күші» атты көлемді мақалалардың авторы.
Тосын ой
«Алаш айнасының» оқырмандарына және жалпы қазақ қоғамына жазушы Герольд Бельгердің 2009 жылы «Vox populi» баспасында жарық көрген «Қазақша сөз» атты кітабын оқып шығуға кеңес берер едім. Қазақ халқына деген сондай үлкен махаббатпен, жанашырлықпен жазылған. Қоғамдағы жағымсыз құбылыстарды, қазақ жастарының төл мәдениетіне жат болып бара жатқандығын, ауыл мәселесін үлкен сезімталдықпен жазады. Сарапшы ретінде айтар болсам, қазақ қоғамындағы көптеген мәселелерді неміс текті қарт адам көптеген қазақ саясаткерлерінен анағұрлым терең ұғынатын сияқты.