Қанат МЫҢЖАСОВ, академик, ветеринария ғылымының докторы, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
– Қазақстанның алдына мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру міндеті қойылып отыр. Бірақ мыңғырған қой мен сиырымыз жекешелендіру кезінде талан-таражға түсіп, қораларымыз бос қалғаны шындық. Кеден одағы құрылып, қазақ шаруалары үшін ет экспорттауға зор мүмкіндік ашылып отыр. Мал баққан ағайын сол мүмкіндікті қаншалықты пайдалана алады?
– Бүгінгі таңда мал шаруашылығын дамыту өте маңызды, оған ет экспортына деген сұраныс да өзіндік себеп болып тұр. Бір ғана мысал, Солтүстік Қазақстан облысының өзі былтыр он мыңдай сиыр сатып алды, биыл да бұл меже он екі мыңның шамасында. Шағын шаруа қожалықтары да, ірі шаруашылықтар да қолдарындағы мал басын көбейтіп жатыр. Асыл тұқымды сиырлардың дені шетелдерден әкелінуде, оның ішінде, Еуропа пен Америка құрлықтарынан жеткізіліп жатыр. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасымен мал сатып алу ісіне ғалымдар араласып, шетелдерге шыға бастады. Біздің Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары да өзіндік үлестерін қосып жатыр. Өңірлік бағдарламаны даярлауда біздің бес ғылым докторы, 20-дан астам кандидаты жұмыс жүргізді.
Менің ойымша, Зеңгі баба тұқымын шеттен сатып алып жатқанымыз өте орынды. Себебі Қазақстандағы қара малдың тек 5 пайызы ғана асыл тұқымды. Ал жаңағы мен айтып отырған шет мемлекеттерде бұл көрсеткіш 60, кейде 80 пайызға дейін жетеді екен. Демек, қазақ сиырларының тұқымын жақсарту, яғни селекциялық үрдіс үшін бұл өте маңызды және міндетті іс. Сондықтан үкіметтің мал шаруашылығын дамыту туралы бағдарламасын ғалымдар құптап отырмыз. Мәселе шетке ет сатудағы мүмкіндіктер туралы болып отыр, демек, біз сапаға жұмыс істеуіміз керек, малымызды асылдандырып алған жөн.
– Бүгінгі таңда қазақтың қорасында қанша малы бар?
– Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанда шамамен 18 миллион ірі қара мал болған-ды. Ал 90-жылдардың басындағы жекешелендіру кезінде талан-таражға түсіп, азайып кетті. Қазір орташа есеппен 8 миллиондай сиыр бар. Егер мемлекет тарапынан бүгінгідей қолдау көрсетіле берсе, мал басы ертең-ақ көбейіп шыға келеді. Себебі біздің елдің мүмкіншіліктері өте зор.
– Асыл тұқымды мал тек 5 пайызды ғана құрайтынын айттыңыз. Шеттен сиыр сатып алу – қазақ сиырларының тұқымын жаңартудың бірден-бір жолы ма?
Иә, біріншіден, тұқымы мықты қара малды шеттен сатып алып жатырмыз. Қайталап айтамын, ол жақтан тек асыл тұқымды сиырлар ғана әкелінуде. Негізінен, элиталы, бірінші және екінші класқа жататын ангус пен герефорд тұқымдары әкелінуде. Бұдан кейінгі жол – асыл тұқымды бұқалардың ұрығын алып өзге сиырларға саламыз. Бұл шаруа облыста «Асыл түлік» шаруашылығында жақсы жүзеге асырылуда. Үшіншіден, жергілікті ғалымдар эмбриондарды трансплантациялау әдісін қолдануда. Бұл – мал басын асылдандырудағы озық әдістердің бірі, кеңірек тоқтала кетейін, бұл қарапайым қара малдан асыл тұқымды донорлар арқылы етті төл алу жолы. Немесе бұны сурагаттық анамен салыстыруға болады. Ал алатын төліміз асыл тұқымды болып шығады. Бұлай ұрықтандыру арзанырақ әрі тиімді. Бізде құны 200 долларды құрап отыр, ал шетелден бір төлді әкелсеңіз, оған ақшаңыз еселеп кетеді. Өзіңіз есептей беріңіз. Үш шаруашылықта бұл тәжірибені жүргізіп көрдік. Былтыр бес бірдей төл алдық. Алғашқы нәтижелер жаман емес.
– Соңғы кезде шетелден сиыр сатып әкелу сәнге айналып кеткен жоқ па? Қашанға дейін сырттан тасимыз? Олар өз құнын қаншалықты ақтап жатыр?
– Шетелден әкелген сиырларға сол елдегідей жағдай жасау керек. Бірінші кезекте жем-азық қорына назар аударған жөн. Және технологияны сақтау керек. Шетелге көп шықтық, ол жақта жемнің құрамына неше түрлі дәрумендер қосып беретінін көз көрді. Соның бәрін бізде де істемесек жылына 10 мың тонна сүт береді деп әкелген сиырымыз 5 мыңнан аспай қалуы мүмкін. Қазақстанға алғашқылардың бірі болып Канададан сиыр әкелген «Зенченко және К» командиттік серіктестігі бүгінде бір сиырдан орташа 7-8 мың тонна сүт саууда. Ал республика бойынша орташа көрсеткіш – бір сиырдан жылына 2,4 мың тонна сүт қана.
Ал қашанға дейін шеттен тасимыз дегенге келсек, біздің республикада асыл тұқымды мал 5 пайыз ғана екенін айттым, алдымен осы көрсеткішті көтеріп алу керек. Біз өмір бақи шетелге қол жайып отырмаймыз ғой. Сондықтан шеттен төлдерді әкелудегі бір мақсат – олардың технологиясын үйрену. Өзіміздің ғалымдардың жұмысын одан ары жандандыру керек.
– Шеттен әкелініп жатқан сиырлардың құны қанша осы?
Мен өзім сатып алып көрген жоқпын, бірақ шаруалардың айтуынша, барлық шығындарды қосып есептегенде бір ірі қараға 5 мың АҚШ доллары жұмсалады екен. Бұл сома самолетке кеткен шығынды, бәрін қосқанда шығады.
– Мал шаруашылығын дамыту үшін жем-азық шаруашылығын дамыту қажеттігі дау туғызбайды. Жем-азық мәселесі қалай шешілуде?
– Бізде ақсап тұрған осы жем-шөп қой. Баяғы сол жайылымдар. Жылда бір жерге көктем келе шығарып, қыс түскенше жая береміз. Шөпті де жаңарту керек, бір жылдық, көп жылдық шөптерді егу қажет. Мысалы, Аргентинада болдық, әрбір екі жүз бас сиырға екі жүз гектар жер қарастырылған. Шөбі сәл сұйылса болды, басқа жайылымға ауыстырылады.
Жемге неше түрлі микроэлементтер қосып беріледі. Бізде де «Зенченко және К» командиттік серіктестігі мен «Тайынша-Астық» серіктестіктері жем-азық дайындауда шетел технологиясын пайдалануда. Біздің елде ірі шаруашылықтарды дамыту керек, себебі оларда заманауи технологияларды пайдалануға мүмкіндік бар. Қымбат аппараттар сатып ала алады. Ал 15-20 бас сиыры бар ұсақ шаруашылықтар не істей алады дейсіз.
– Бүгінде қазақстандық бренд төңірегінде көп әңгіме айтылып жүр. Осы тұрғыда қазақтың ақ бас сиыры бренд бола ала ма деген сауал туындайды? Ірі қараның осы тұқымы жайында айта кетіңізші.
– Бұл, біріншіден, өзіміздің ғалымдардың еңбегі. Екіншіден, жергілікті табиғатқа, осы жердің жем-шөбіне бейімделген. Оның лақап аты – «комбайн». Сабан болсын, шөп болсын, не берсең де жей береді. Біздің облыста «Алабота» тұқым шаруашылығында қазақтың ақ бас сиырының 6 мың басы өсіп-өнуде. Ақ бас сиырдың төлі бір тәулікте 1000 грамға, яғни бір келіге дейін салмақ қоса алады. Бұқалардың салмағы бір тоннаға дейін жетеді. Еті мрамор сияқты, бір май бір еттен келіп отырады. Біз бұны шетелге ұялмай шығара аламыз. Нағыз брент өнім болар еді. Жұрт қазақтың ақ бас сиырының неге мүйізі жоқ деп жатады. Бұл арнайы жасалған. Олар етті тұқым ғой, салмақтары өте жоғары. Тамаққа келген кезде бірін-бірі сүзіп, жарып тастауы мүмкін болғандықтан ғалымдар тұқыл қылуды ұйғарған. Екіншіден, мүйіздің өсуіне де энергия жұмсалады.
– Ғылым өндірістен көп алшақтап кетті. Қай саланы алсаңыз да, сол. Дегенмен сіз басқаратын ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары біраз жұмыстың басын қайтарып жатқанын айтып қалдыңыз.
– Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты еліміздің солтүстігіндегі бес облысқа қызмет көрсетеді. Жалпы, Қазақстан бойынша мал шаруашылығымен айналысатын 3 ғылыми-зерттеу институты ғана бар. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламаларының барлығы бізде жасалады. Шаруашылықтарға әдістемелік көмек көрсетеміз. Жем-азыққа байланысты да ақыл-кеңес беріледі. Жақында фермерлерді оқытатын өңірлік орталық ашылды. Оқуға кететін шығынды ауыл шаруашылығы министрлігі береді, ал шаруалардан еш шығын шықпайды. Ғалымдар оларға мал шаруашылығындағы жаңашылдықтарды үйретіп отыратын болады.
– Институт қабырғасынан ашылған «Қызылжар» орталығы туралы толық айта кетсеңіз. Фермерлерді инновацияларға үйрету қаншалықты тиімді?
– Мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтының жанынан ашылған білім тарату орталығын «Қызылжар» деп атадық. Онда ауыл еңбеккерлері шаруашылығын тиімді жүргізудің тәсілдерін үйренетін болады. Орталық мамандары дәріс берумен қатар аудандарға шығып, агроқұрылымдарға заманауи технологияларды ендіруге көмек жасайды. Мақсат ғылым мен тәжірибені ұштастырып, шаруашылықты ұтымды жүргізудің тәсілдеріне машықтау, заманауи технологияларды ендіру арқылы өндіріс тиімділігін арттыру. Бұл елімізде ашылып отырған 9-шы орталық. Оның инфроқұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жасақтауға республикалық қазынадан 15 миллион теңге қаржы жұмсалды. Жыл соңына дейін мұнда 8 семинар-кеңесте заман талабына сай дәріс беру жоспарланып отыр. Ол үшін орталықта тәжірибелі ғалымдар да, ақпараттық құралдар да жеткілікті. 5 ғылым докторы, 30 ғылым кандидаты бар. Тыңдаушыларға солар дәріс оқиды. Семинар-кеңес соңында арнайы сертификат тапсырылады. 5 күн ішінде 40 сағаттық сабақ беріледі.
Шалғайдағы агроқұрылымдарға танымдық сабақтарды онлайн режимінде өткізу қарастырылған. Сондай-ақ мамандар аудандарға шығып, тікелей шаруашылық басында кеңестерін беретін болады. Кәсібін дөңгелетемін дегендер өздеріне тиімді ұсыныстарды қоңырау шалып, телефон арқылы алу мүмкіндігіне де ие.
– Сіз бастаған ғалымдар бірнеше шетелге шығып, ол жақтағы мал шаруашылығымен таныстыңыздар. Не ой түйдіңіздер?
– Жапонияда, Германияда тағы да басқа елдерде болып, олардағы мал шаруашылығындағы жаңашылдықтармен таныстық. Біз көп артта қалып қойғанымызды аңғаруға болады. Жапония сияқты елдерде роботтар жұмыс істеп жүр. Адам жоқ десе де болады. Сиыр келеді, жемі автоматты түрде беріледі, өзі сауылады. Міне, біз неге үйренуіміз керек.
Қазақ ежелден мал баққан халық қой. Бірақ қазір заман өзгерді, бұрынғыдай таңертең айдап жіберіп, кешке сауып алатын күн өтті. Мол өнім алғымыз келсе, барлық жағдайын жасауымыз керек. Мысалы, Америкада сүтті сиырдың сүтін алады, ал етін жемейді. Еті мен сүйегі ұн жасауға диірменге жөнелтіледі. Ал біз бір сиырдан ет те, сүт те және төл де алғымыз келеді. Бір мақсат, бір бағыт болу керек. Сүтті сиыр болса сүт, ал етті болса ет алатындай жағдай жасау керек.
– Институт қабырғасында халықаралық конференция өтіп жатыр. Бұл конференцияға кімдер келді? Мақсаты не?
– Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Болгария елдері ғалымдарының қатысуымен конференция өткізу дәстүрге айналған. Биыл Белоруссия, Украина мен Тәжікстан қатысуға ниет білдірді. 1997 жылдан бері конференция өтіп келе жатыр. Осы жолы Қызылжарда өткізу шешілді. Бұл бірінші кезекте әр елдің ауыл шаруашылығындағы ұстанған бағыттарының дұрыс-бұрыстығын тексеруге қажет. Ғылым үшін тағы бір керек дүние, ол – тәжірибе алмасу. Биыл 100 шақты ғалым жиналды.