Қазақстанда ғарыш қызметіне қатысты мамандар

Қазақстанда ғарыш қызметіне қатысты мамандар

Талғат Мұсабаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:

– «Етікші етікке жарымайды» дегендей, бүгінде өз жерімізде тұрған Байқоңырдан ғарышкерлерімізді ұшыруға дәрменсіз болып отырмыз. Бір сөзіңізде «қазақ ғарышкерлерінің енді ғарышқа ұшуы екіталай» деп едіңіз. Осының мәнісін ашып айтып бересіз бе?

– Мәнісін ашып айтып берейін. Қазақстандық ғарышкерлердің ғарышқа ұшуы бүгінде көкейкесті мәселелердің бірі екені рас. Бұл мәселеге қатысты келiссөздердi қайта жаңғыртқанымызбен, жақын арада шешімін таба алмаспыз. Өйткені қазіргі жүйе бойынша ғарышқа кімнің ұшатынын халықаралық ғарыш бекеті ұйымына мүше елдер шешеді. Халықаралық ғарыш бекеті – халықаралық қауымдастықтың меншігі. Осыған орай, оның құқықтық мәртебесі 1998 жылдың 29 қаңтарында АҚШ, Канада, Ресей Федерациясы, Жапония елдерінің үкіметтері және Еуропалық ғарыштық агенттіктің араларында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісімімен реттеледі. Міне, осы құжат негізінде халықаралық ғарыштық экипаждарды қалыптастыру мәселелері  халықаралық ғарыш бекетіне ие мемлекеттермен қарастырылады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, қазақстандықтар міндетті түрде ғарышқа ұшады, бірақ ұшатын мерзімі біздің құзырымызда емес.

– Алаштың ғарышқа үкілеп қосқалы тұрған қос сұңқары  Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймахановтың тағдыры не болды? Оларды дайындауға үш жылда 16 миллион теңге шығын кеткенін де өз аузыңыздан естіген едік. Ғарышқа ұшпайтын болса, оған не себеп болды?

– Ол жігіттер бүгінде кәсіби дайындықтан өткен және экипаж құрамдарында жаттығуға да әзір. Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов бауырларымызды ғарышқа ұшыруға әбден талаптанған едік. Олардың ғарышқа сапары 2009 жылдың күзіне жоспарланған болатын. Ол кезде Ресейдің алғышарты бойынша ғарышкерлердің ғарышқа ұшу бағасы 30 миллион АҚШ доллары болды. Алайда халықаралық қауымдастықты дүр сілкіндірген әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстанды да айналып өтпеді. Соның салдарынан 2009 жылдың 20 ақпанында Республикалық бюджеттік комиссия ғарышқа ұшыруды қамтамасыз етуге бөлінген қаржыны қысқартуға шешім қабылдады. Бұл қаражат әлеуметтік нысандарды дамытуға, үкіметті дағдарыстан аман-есен алып шығуға бағытталатын іс-шараларды жүзеге асыру үшін қажет болды. Абырой болғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген салиқалы саясатының арқасында ғана дағдарыстан төрт көзіміз түгел болып шықтық. Алда әлі талай уақыт бар ғой. Тәуелсіз Қазақстан ғарыш саласын енді дамытып келе жатыр, әлі-ақ жетістіктерге жететінімізге күмәнім жоқ. Сабырлық керек. Осыған дейін ғарышқа аттанып, сәтті жұмыстар атқарып келген ғарышкерлердің көбі – он жылға жуық не одан да көп уақыт ұшуға дайындалып, кезектерін күткен азаматтар. Төзімділіктің өзі жігіттерімізді ғарышқа алып шығады.

– Осы екеуінің біреуі ғарышқа ұшу үшін Ресейдің азаматтығын алғалы жатыр деген әңгімені естіген едік... Шынымен де солай ма?

– Ғарышкерлердің қазіргі жағдайына келер болсақ, Айдын Айымбетов Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының кеңесшісі болып жұмыс атқарып жүр. Яғни қазір менің қасымда. Өздеріңіз білетін боларсыздар, ғарышпен кәсіби деңгейде айналысатын мемлекеттік мекеме таяуда ғана, турасын айтсақ, 2007 жылы қалыптасты. Мен сол мекеменің төрағасы ретінде талантты да талапты азаматтарды жұмысқа жұмылдырғанды жөн көрдім.

Ал Мұхтар Аймаханов қазір Мәскеуде. Ресейлік Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығының ғарышкерлер тобына ену мәселесін шешуді жоспарлап жүр. Бұл – ол азаматтың жеке басының шешімі. Аталған жоспарды жүзеге асыру жолында біраз қиындықтар бар. Оның ішінде негізгі талап – Ресей Федерациясы азаматтығын қабылдау қажет.

– Төбемізден жауған зымыраннан шығатын гептил, онил тәрізді улы заттардан жұрт мезі болып бітті. Зиянсыз жанармаймен ұшатын зымыран бүгінде бар. Қазақстан біздегі зымырандарды қашан сондай зымырандармен алмастырады?

 – Шындығына келсек, адамзат ауыр кластағы зымырандарға гептилден тиімді отынды әлі ойлап тапқан жоқ. Қуатты зымырандардың көбі осы отынды пайдаланады. Бұл сұраққа жауап беру үшін біздің бір ғана жобамыз тұралы оқырмандарға құлаққағыс етейін. 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей үкіметаралық келісімі негізінде «Бәйтерек» Қазақстан – Ресей бірлескен кәсіпорны» құрылды. Аталған кәсіпорын «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық қауіпсіздігі жағынан тиімді «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салумен айналысуда. Аталмыш кешен «Ангара-5» ауыр класты зымырантасығышына негізделген және бұл зымырантасығыш керосин отынымен ұшады да, құдай бұйыртса, гептилмен ұшатын «Протон» зымыран тасығышын ауыстырады. Бас аман болса, жобамыздың жемісін көреміз деген ойдамын.

– Астанада ашылатын ғарыштық аппараттарды құрастыру және сынау кешені жайында айтсаңыз. Біле білсек, мұндай кешен Ресей тұрмақ, ТМД елдерінде де жоқ. Сонда бұл кешен бізге не береді?

– Бүгін біз Қазақстанның ғарыштық әріптестерінің тізімін ұлғайтып жатырмыз. Бір ғана Ресеймен шектелмей, басқа да Еуропа елдерімен ынтымақтастықты нығайтып келеміз. Осы жұмыстың аясындағы жетістіктеріміздің бірі – Астанада салынайын деп жатқан ғарыштық аппараттарды құрастыру-сынау кешені. Бұл кешен EADS Astrium француздық компаниясымен бірлесіп салынады. Аталмыш компания 16 ғарыштық жүйені құрастыруға кең көлемде атсалысып, Франция, Тайвань, Бразилия, Алжир, Ресей, Корея, Голландия, Үндістан, Германия, Канада және АҚШ сынды мемлекеттер үшін ғарыштық аппараттарды құрастыру мен сынау кешендерін салып, ол кешендердің аяғынан тік тұруына белсенді ықпал етті. Сіз жаңа дұрыс айттыңыз, мұндай кешен ТМД елдерінің бірде-біреуінде жоқ.

Қол қойылған келісімшарттары бойынша француз әріптестеріміз ғарыштық аппараттарды жобалау, құрастыру және сынау бойынша технологиялардың трансфертiн жасауға мiндеттер алғалы отыр. Сонымен қатар EADS Astrium мамандары отандық жұмысшыларды осы жүйенi тиiмдi пайдалануға арналған мамандандырылған кеңестер өткізіп, жүзден астам адамды үйретуге дайын. Ең бастысы, келісілген жобалардың аясында француз әріптестеріміз бізге Жерді қашықтықтан зондтайтын алғашқы ғарыштық аппаратын құрастырып береді.

– Құрдымға кеткен KAZSAT-1-ді жасаған ресейліктер KAZSAT-2 жерсерігін құрастыруға да белсенді атсалысып жатқаны белгілі. Ал KAZSAT-3-ті француздық компанияларға сеніп тапсырып отырмыз. Бұл нені білдіреді? Мұны «ресейліктер жерсерігін жасау ісінде біліксіз екен» деп түсінеміз бе? Әлде бұл жаңа стратегиялық серіктестіктің пайда болғаны ма?

– Расында да, мұндай қолайсыз жағдайлар басымыздан өтті. Бірақ бүгін біз «аузы күйген үрлеп ішеді» дегенді ескере отырып, KAZSAT-2 байланыс және хабар таратудың қазақстандық жерсерігін жасауға байланысты жұмыс көлемінің 75 пайызын орындадық. Біздің сарапшы-мамандарымыз KAZSAT-1 жерсерігінің кемшіліктерін талдап, басқару жүйесін жетілдіруге қол жеткізді. Қазғарыш мамандары Қазақстанның екінші жерсерігінің сапасын жақсарту мақсатында оның құрамында француз EADS Astrium компаниясы шығарған кәсіби приборларды (гироскоп, жұлдызды және күн сәулесінің датчиктері) қолдану мәселелерінің шешімін тапты.

Ғарыш аппаратын жобалау, құрастыру және пайдалану барысында Ресей тарапынан айрықша жауапкершілікті арттыру мақсатымен Ұлттық ғарыш агенттігі құрылғанынан бір жыл бұрын қол қойылған екі ел арасындағы келісімге қосалқы шарттарды анықтап, қабылдады.

Қорыта келгенде, амандық болса, осы 2010 жылдың желтоқсан айында ел игілігіне қазақстандық KAZSAT-2 байланыс және хабар тарату жерсерігін іске қосамыз.

Ал KAZSAT-3 жерсерігін жасау жұмыстарына келсек, оны тек қана Франция немесе Израиль жасайды деп айта алмаймын. Өйткені ол жұмысты іске асыру үшін, ең алдымен, қазіргі заман талабына сай тендер өткізу керек. Сонда ғана біз техникалық талғамымызға сай, жетік дамыған компанияға сенім арттыра аламыз.

– Қазіргі өлшеммен алатын болсақ, Байқоңырды жалға бергеніміз үшін бізге жыл сайын төлейтін 115 миллион доллар – түкке тұрмайтын ақша. Сіз қалай ойлайсыз? Осынша қаржыны Ресей төрт-бес ғарышкерді ұшырып-ақ табады екен. Егер де Парламент депутаттары аталмыш соманы көтеру жайында ұсыныс жасап жатса, қолдар ма едіңіз? Сіздіңше, ғарыш саласын дамытуға үлесі тию үшін Байқоңырды жалға беру ақысын қанша көлемде қойғанымыз дұрыс?

– Қазақстан және Ресей Федерациясы мемлекеттері арасында 1994 жылғы 28 наурыздағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидалары мен шарттары туралы келісімге, сонымен қатар 1994 жылғы 10 желтоқсандағы қол қойылған Байқоңыр кешенін жалға алу туралы келісімге сәйкес, Байқоңыр кешенiн пайдалану үшін жалдық төлемі 115 миллион АҚШ долларына тең.

Әрине, қазір Қазақстанның хал-ахуалы айтарлықтай дәрежеге жетті, дегенмен 1994 жылы ғарыш кешенінің күйреп қалу қаупі туған кезде Байқоңырдың жалға берілуінің басты мақсатын еске түсірсек: ол кешеннің ғылыми-техникалық, өндірістік және инфрақұрылымдық потенциалын сақтап қалу, оны ары қарай дамыту екенін ұмытпаған жөн.

Тағы бір атап кететін елеулі жайт – Ресей тарапынан жыл сайын 100 миллион АҚШ долларына жуық сома Байқоңыр қаласының дамуына және ғарыштық кешеннің объектілерін жетілдіруге бөлініп, жұмсалып отыр.

Сондықтан уақыт бәріне өз бағасын бере жатар. Мемлекетаралық келісілген жалдық төлемді аз не көп деп дауласа беру бос сөз деп ойлаймын.

– Ұлттық ғарыш саласын дамыту үшін өзіміздің жоғары оқу орындарымыздан мамандар дайындайтын уақыт жеткен жоқ па? Ғарыш саласында кадр дайындайтын ұлттық жүйемізді құруға не кедергі?

 – Орынды сұрақ. Негізінде, Қазақстанда ғарыш қызметіне қатысты мамандар дайындайтын оқу орындары жоқтың қасы. Осыған байланысты отандық оқу орындарында ғарыш мамандарын дайындауды да қолға алу мәселесін күн тәртібіне қойып жатырмыз. Білікті мамандар дайындау – ғарыш кешенінің болашағы ғой. Бұл бағытта істелген жұмысымыз баршылық. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі жүргізіп отырған еліміздің мемлекеттік классификаторына біз ғарыштық мамандықтарды енгіздік. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жалпыға бірдей стандартының бекітілуіне сәйкес, «ғылыми техника және технология» мамандығын енгізуге бағытталған айтарлықтай жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз.

 Ғарыш саласының мамандарын даярлауға жарайтын жоғары оқу орындарының арнайы ғылыми-техникалық жағдайларын, ғылыми-әдістемелік, ұстаздардың профессорлық негіздерін сараптап өттік. Талдау негізінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет, Гумилев атындағы Еуразиялық университет, Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университет, Алматы энергетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы барлық талаптарға сай келетін, отандық ғарыш саласының мамандарын дайындауға атсалысуға мүмкіндіктері бар оқу орындары екені анықталды.

Сонымен қатар кейінгі үш жыл бойы Білім және ғылым министрлігінің квотасымен 45 білім гранты иелеріне Байқоңыр қаласындағы «Восход» Мәскеу авиация институты филиалына түсуге жағдай жасадық. Аталмыш филиал ғарыш техникасын сынауға қатысты инженер мамандарын даярлауды жалғастыруда. Өкініштісі, білім саласына талаптың жоғары болуына байланысты оқуға түскендер мен бітіріп шығып жатқандар санының үш-төрт есе айырмашылығы бар.

Қорыта келгенде, Қазақстанның ғарыш саласын қалыптастыруға және оны нығайтуға қолдау көрсетіп, аямай еңбек етуіміз қажет. Оған себеп, қазіргі заманда ғарыштық зерттеулер тіршілікті қамтамасыз ететін барлық салаларға тікелей қатысты. Сонымен қатар ғарыш – заманауи технологиялардың үнемі дамытып отыратын құрылымның қайнар көзі десек, қателеспейміз. Түптеп келгенде, ғарыштық технологиялардың дамуы мемлекеттің дамуының айғақты көрінісі екенін ұмытпайық.

Алашқа айтар датым...
Мынаны түсіну керек, ғарышқа бос ермек үшін ұшпайды. Онда ұшар экипаждың әр мүшесінің атқаратын міндеттері мен жүзеге асыратын бағдарламалары болады. Сондықтан ғарышқа сапар ел экономикасына, ғылымына пайда әкелуі тиіс, шығар қаржыны үстемелеп қайтаруы керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста