Қазақстанда ақша да бар, құрал-жабдықтардың озық үлгілері де жоқ емес. Бірақ оны дұрыс пайдалана білетін кәсіби мамандар жетіспейді

Қазақстанда ақша да бар, құрал-жабдықтардың озық үлгілері де жоқ емес. Бірақ оны дұрыс пайдалана білетін кәсіби мамандар жетіспейді

Жанғали ХАМЗАБАЕВ, Қазақстан рентгенорадиологтері қауымдастығының президенті, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Жанғали Хамзабайұлы, сізден сұхбат алардың алдында радиоло­гия туралы біраз мәлімет іздесті­ріп, оның қаншалықты маңызды екендігін, тіпті медицинаның кез келген саласы осы радиологиядан бастау алатындығын түсіндік...
– Енді радиологияның адам баласы үшін қаншалықты маңызды екен­дігін түсіну үшін жалғыз рентген аппараты туралы айтсақ та жеткілікті. Ежелгі заманда Гиппократ пен Авиценалар адамның ішкі ағзасын көре алмай, тек саусақпен ғана ба­сып-басып, диагноз қойып отырған ғой. Сол кезде олар «Шіркін-ай, осы адам­ның денесіне жарақат салмай, ішкі дертін анық көре алса ғой!» деп армандап кеткен еді. Ал XX ғасырда неміс физигі Вильгельм Рентген өз зертханасында керемет аппарат ойлап тапты. Медицина үшін бұл ғажап ғылыми жаңалық болды. Ғалым сәулелер­дің жаңа түрін тауып, онымен адамның қаң­қа сүйегін көруге болатындығын дәлел­деді. Әрине, бас кезінде ғылыми қауым­дастық оған бірден сене қойған жоқ. «Фан­тазер» деді кейбір ғалымдар. Бірақ уақыт өте келе, бәрі оны мойындады. Ал В.Рентген Нобель сыйлығына ие болды. Ол – осы халықаралық сыйлыққа ие болған алғашқы ғалым. Осыны ерекше атап өткен жөн. Рентгеннің өзі сыйлыққа да, ақшаға да қызыққан жоқ. Сол кезде Америка мен Еуропаның көптеген кәсіпкері бұл ғы­лы­ми жаңалыққа патент алып, пайда табайық деген ұсыныс жасады. Бірақ ғалым оған үзіл­ді-кесілді қарсы болды. «Бұл – менің жаңа­лығым емес, ол – барша адам­зат­тың жаңа­лығы», – деді В.Рентген. Оның ұлылы­ғы сол: жаңа сәулелерді ол өз аты­мен ата­ған жоқ. Ғалым оны «x-сәуле­лер» деп шар­т­ты түрде ғана атаған. Оны әлем ғалым­­дары бірауыздан қолдап, рентге­нология бойын­ша өткен І халықа­ралық съезде жаңа сәуле­лерді ресми түрде Рентгеннің есімімен атау тура­лы шешім шығарды. Негізі, сан алуан ғы­лым­да жа­ңа­лық ашқан ғалымның аты­мен атала­тын салалар көп емес. Ме­ди­ци­нада ондай бір-ақ сала бар. Ол – рентге­нология. Осы­ның өзі рентгенора­дио­логия­ның қанша­лықты маңызды екен­дігін көр­­сет­се керек.
– Рентген аппараттарының бастапқы үлгілерінен тараған радиацияның күші қатты болды. Ал қазіргі құрылғылар адам денсаулығына қаншалықты зиян? Осы орайда УЗИ туралы кеңінен айтып берсеңіз. Себебі халық арасында ол ана құрсағындағы нәрестенің өсіп-дамуына кері әсер етеді деген пікір бар.
– Иә, бас кезінде рентген аппаратынан өткен науқастың өзі ғана емес, ол құрылғы­ны ұстап тұрған дәрігер де сәулелердің біраз мөлшерін алып қалатын. Қазір болса, біз аналог аппараттарынан сандық техно­логияға көшіп жатырмыз. Оның әсері тө­мен әрі адам ағзасын жан-жақтан көре алады. Ал УЗИ-ге келетін болсақ, оның болашағы зор. Әрине, кейбір жағдайларда ол адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Себебі УЗИ-ден таралатын жылы­лық нәзік жасушалардың өсіп-өнуіне, яғни ана құрсағындағы болашақ шарананың дамуына әсер етеді. Сондықтан аяғы ауыр келіншектер үшін алғашқы 12 аптаның ішін­де УЗИ-ден өтпеген дұрыс. 22-24 апта­дан кейін – екінші рет, ал 32-34 апта өткен соң, үшінші рет өтуге болады.
– Сіз бір сұхбатыңызда Қазақстан­дағы радиологиялық аппараттардың басым бөлігі ескірді деп айттыңыз. Бүгінде ол мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Өкінішке қарай, ондай проблема бар. Әлбетте, мемлекет бұл мәселені барынша шешуге тырысып жатыр: жаңа аппараттар сатып алынып, озық үлгідегі техника әкелі­неді. Қазіргі кезде республика бойынша үш мыңнан астам рентген құрылғысы бар. Ел аймақтарына осындай аппараттардың жаңа үлгілері жеткізілсе де, кейбір жерлер­де осы техниканы пайдалану мерзімі 15-20 жылға дейін жеткен. Соңғы сараптама көрсетіп отырғандай, елімізде бар рентген аппараттардың басым бөлігі – 70-75 пайы­зының тозығы жетті. Демек, ол науқастарға, сондай-ақ дәрігерлердің денсаулығына кері әсерін тигізуде. Міне, осындай аппа­рат­тарды сандық технологияға ауыстырсақ, біз сәулелердің қажетсіз әсерін 5-10 есеге азайта аламыз. Ендігі мәселе, ол – маман­дардың кәсіби дайындығы. Шыны керек, бүгінде біз жаңа радиологиялық техниканы толығымен игере алмай жатырмыз. Себебі мамандардың кәсіби дайындығы әлі де жеткіліксіз. Былайша айтқанда, техникалық прогресс маман даярлаудан ілгері кетіп қалған. Бүгінде біз жаңа радиологиялық құрал-жабдықтарды тек 15-20 пайызға ғана қолданып келеміз. Мәселен, кейбір аймақтарда жұмыс істеп жатқан мамандар­дың көбісі әлі күнге дейін ескі аппараттарға тапсырыс беріп жатады. Бұл проблема Қазақстандағы бастапқы диагностиканың дер кезінде атқарылмауына әкеліп соқты­рады. Осының салдарынан сүт безінің қа­терлі ісігі сияқты дерттерге шалдыққандар­дың 30 пайызында ауру асқынып кеткен кезде ғана анықталады.
– Бәлкім, жаңа аппараттарды шығарушы компаниялардың оқыту курстарын ұзарту қажет шығар?
– Қазір жаңа құрал-жабдықтарды сатып алған кезде, кем дегенде, екі маман аталған техниканы басқарудың қыр-сырын сол тауар шығарушы компанияда үйренеді. Бұл жерде оқытудың бірнеше жолы бо­лады. Компания мамандары осы жерге келіп, арнайы шеберлік-сыныптарын өткі­зеді я болмаса біздің мамандар шетелге барып, компания кеңсесінде арнайы да­йындықтан өтеді. Әрине, шетелдік курстар аз болып тұр. Сондықтан біз кәсіби маман­дардың қатысуымен сан алуан шеберлік сыныптарын өткізіп, рентгенорадиоло­гия­ның өзекті мәселелері бойынша дәрістер оқимыз. Мәселен, екі-үш күннің ішінде дәрігерлер остеопороз, сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау, радиациялық қауіпсіз­дік, компьютерлік және магниттік-резонанс томографиясы туралы кеңінен біле алады. Бұдан басқа, екі жылда бір рет біз радио­логтердің еуразиялық форумын өткізіп тұрамыз. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын белгілі ғалымдар теориялық тұрғыда тәжірибе алмасумен қатар практи­калық курстар өткізеді. Бұл жұмыс үздіксіз жүргізілуі тиіс. Сонда ғана біз отандық мамандардың кәсіби дайындығын көтере аламыз. Қазіргі кезде Қазақстанда ақша да бар, құрал-жабдықтардың озық үлгілері де жоқ емес. Бірақ оны дұрыс пайдалана білетін кәсіби мамандар жетіспейді.
– Демек, радиология мамандығына келетін жастар аз болып тұр ғой... Сіз басқаратын кафедрада бұл жағы қалай?
– Бастапқыда қиын болды. Себебі құ­рал-жабдықтардың бәрі ескі. «Рентген-30», «Рентген-40» сияқты аппараттар көп еді. Сонда практикалық сабаққа келетін ма­ман­дар одан қорқатын, кәдімгідей ат-тон­дарын ала қашатын. Бір-екі адамды іздеп жүріп, ординатураға түсірген кезіміз бол­ды. Бірте-бірте заман түзелді, жаңа техника келе бастады. Онымен жас мамандардың легі де ұлғайды. Мәселен, қазіргі кезде резидентураның бірінші жылын – 15 адам, екінші жылын – 12, ал интернатурада алты адам оқып жатыр. Сондай-ақ биыл бастап­қы мамандандыру курсына 40 адам келді. Бүгінде дәріс оқыған кезде жас мамандар аудиторияға сыймай кетеді. Бұл ненің белгісі? Радиология саласының өскендігін көрсетсе керек.
– Қазақстандағы радиология­ның тарихына шолу жасай оты­рып, бір нәрсеге көзіміз жетті: сіз болмасаңыз, бұл саланың даму деңгейі мүлдем басқаша болған­дай екен. Қазақ ғалымдарының ішінен бірінші болып докторлық диссертация қорғап, біраз шәкірт­ тәрбиелеп шығардыңыз. Сонда сіз  осы радиологияны қалай таңдадыңыз?
– Менің таңдауыма үлкен ағам Ертай Хамзабайұлы өз септігін тигізді. Ол радио­биология бойынша Алматыдағы медици­налық институтқа түсіп, барлық өмірін осы салаға арнады. Ертай ағам отбасымыздан шыққан алғашқы ғалым еді. Мен де оған қызығып, шағын ғылыми ізденістер жасап отырдым. Сосын аспирантураға түсем де­ген кезде, Оразақов деген ғалымның «Мәс­кеуден бір орын келіп тұр бізге, ас­пиран­тураға» деп, маған ұсыныс жасай қалғаны. Мен бірден келістім. Алланың өзі салып берген шығар деп, Мәскеуге тартып отырдым. Оқуымды бітіріп, елге оралдым. Міне, содан бері 50 жыл өтті, осы рентген саласында еңбек етіп жатқанымызға.
– Сосын Астанаға келіп, жаңа елорданың диагностикалық медицинасын көтеруге кірістіңіз...
– О-о-о, оны ұмыту мүмкін емес. Шыны керек, ол кезде барлығы Алматыны қима­ды. Неге? Себебі ол жақта үйің бар, отбасың – жаныңда. Бірақ «Жаңа елорданың қа­лып­тасуына үлес қосайық!» деген бастама көтерілгеннен кейін мен де көштен қалмау­ға бел будым. Сол кезде «Жоқ, мен жылы же­рім­ді тастай алмаймын!» деуге арым бармады. Сөйтіп, пайғамбар жасына кел­сем де, жалғыз өзім бір шабаданымды алып, жолға шықтым. Сонда қаланың «Аста­на» деген аты болғанымен, дұрыс асфальты да жоқ. Таңертең жұмысқа балшық кешіп бара­тынбыз. Содан кіреберістегі легенге аяқ­киі­мімізді жуып, сүртіп, жұмысқа кіреміз. Бас кезінде жатақханада тұрдым. Ашығын айту керек, ол кезде жас Астананың диаг­нос­тикалық медицинасы төмен деңгейде еді. Радиология саласында бірде-бір кандидат болған жоқ. Мен не істедім? Ең бірінші, Қазақстанның рентгенорадиолог­тері қауымдастығын заңды түрде тіркедім. Оған жан-жақтан жас рентгенологтерді шақыр­дым. Дәріс оқып, осы саланың ма­ңыз­дылығын барынша түсіндіруге тырыс­тым. Артынан зайыбым да Астанаға ауы­сып келді. Ол да – радиология саласының док­то­ры, профессор. Содан екеуіміз ортақ жұмысқа білек сыбана кірістік. Осы уақытқа дейін тек Астананың өзінде біз 30-дан астам ғылым кандидаты мен докторды даяр­лап шығардық.
– Шынымды айтсам, бір салада еңбек етіп, осындай ғылыми жетіс­тіктерге жеткен ерлі-зайып­ты­ларды бірінші рет кездестіріп отырмын!
– Соның әсері бар деп ойлай­мын. Себебі ойымыз бір, еңбек етіп жатқан саламыз да бір. Кей кездері пікірталас болып қалады. Сол кезде екеуміз екі жаққа бөлініп, ғылыми дәлелдерді іздей бастай­мыз. Сосын бір-біріміздің алдымызда өз көзқарасымызды қорғаймыз. Меніңше, осындай қарым-қатынастың ғылыми әлеуетке әсері мол. Мақтанғаным емес, Раушан (зайыбы. – Автор) екеуміз сияқты медицина бойынша бір салада профессор дәрежесіне дейін жеткен ерлі-зайыптылар бізде жоқ-ау деймін.
– Сіздерді ғалым ретінде, дәрігер ретінде бүгінде қандай мәселелер мазалап жүр?
– Мазалайтын жайт көп қой. Мысалы, дәрігер мамандардың қателігі неден баста­лады? Бұл кәсіби біліктіліктің төмендігі, жоқ, әлде медиктің өз қызметіне немқұрай­ды қарауы ма? Бәлкім, қазіргі диагности­калық техниканы толыққанды пайдалана алмаудың кесірінен дұрыс диагноз қоя алмай жүрген шығармыз? Қалай болса да, оның арты мүгедектікке, тіпті адам өліміне апарады. Сондықтан осы мәселелерді бү­гін­нен қалдырмай шешу қажет. Негізі, әр­бір дәрігерлік қателіктің арғы жағында адам тағдыры тұр ғой. Сондықтан оның қателесуге ешбір құқысы жоқ. Дәрігер қа­зір­гі техникалық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білсе, қателеспейді деп ойлай­мын.
– Жанғали Хамзабайұлы, «біздің мамандар техникалық прогрестің артынан ілесе алмай келеді» деді­ңіз. Оған жету үшін қазақстан­дық дәрігерлердің қадамдары қарымды болғаны жөн шығар. Сондай-ақ олар осы саланың даму бағытын білуі тиіс деп ойлаймыз. Рентгенологияның болашағы жайында айтып берсеңіз?
– Біріншіден, сәулелі диагностиканың «гумандық миссиясы», яғни адам денесіне жарақат салмай, ішкі органдардың жұмы­сы­на зиян келтірмеу міндеті күшейе береді. Ультрадыбыстық зерттеу компьютерлік және магниттік-резонанс томографиясы­ның қолдану аясы кеңейеді. Қазіргі диаг­ностикада осы технологияларды қолдану жағынан УДЗ бірінші орында келеді. Екін­ші­ден, осы аппараттардың радиация­лық әсері барынша азайтылып, рентген суреті­нің сапасы жақсарады. Ол үшін сәулелі диагностиканың барлық түрі сандық техно­логияға көшіріледі. Осының арқасында рентгеннің 3D форматындағы суреттері шығарылады. Демек, біз адам ағзасындағы ауытқуды жан-жақтан көре аламыз. Бүгінде сандық үлгідегі суреттерді түсіріп сақтауға мүмкіндік беретін Picture Archiving and Communication Systems (PACS) сияқты ақпараттық жүйелер бар.  Dicom атты ме­ди­циналық суреттердің бірың­ғай халықа­ра­лық стандарты жасал­ды. Қазіргі кезде дәрігерлер сапасы жоғары сандық сурет­тер­ді интернет арқылы шетел­дік әріптес­теріне жіберіп, онлайн режи­мін­де бірлес­кен кеңестерді өткізе алады. Әлем бо­йын­ша осындай үрдіс бар. Оның экономикалық тиімділігі зор. Мәселен, сандық техноло­гияға көшкен мекеме рент­генге қажет қымбат пленканы алмайды. Оның суретін шығаруға қажетті химиялық реактивтерді қолданбайды. Сондай-ақ осы­ның бәрі тұра­тын арнайы бөлмені бо­са­тып алуға мүмкіндік болады. Үшіншіден, сәуле аппа­раттарының ерте диагностика жасау сала­сындағы рөлі артады. Қазірдің өзінде рент­генография мен флюрогра­фия­ға қоса, ультрадыбыстық зерттеу мен ком­пью­терлік томографияның арқасында жү­рек, өкпе, сүт безі, бүйрек пен басқа да ма­ңызды органдардың ауруларын анық­тауға мүм­кін­дік бар. Төртіншіден, рентген суреттерін шығару жылдамдығы күшейеді. Өз кезінде Рентген бір суретті алу үшін жарты сағатқа дейін күткен. Қазір болса, бір секундтың ішінде бүкіл ағзаны суретке түсіруге мүм­кін­дік бар. Осындайда дәрігер­лер шапшаң әрі кәсіби шешім қабылдай білуі тиіс. Бесіншіден, жүрек-қан тамыр ау­рулары диагностикасында томографиялық әдіс-тәсілдерді қолдану аясы кеңейеді. Медици­наның осы бір саласында радио­лог­тер біраз жұмыс жасауы қажет.
– Болашақта да ондай құрал-жабдықтарды шетелден ала береміз бе? Қазақстан осы санат­тағы озық технологияны өзі шығарма алмай ма?
– Жалпы, тарихқа үңіліп қарайтын бол­сақ, II дүниежүзілік соғыстан кейін сарбаз­дардың денсаулығын жақсартуды көздеген кеңестік рентгенология жаңаша бір дең­гейге көтерілді. Бірінші бесжылдықта рент­ген аппараттарын шығаратын кәсіпорындар ашылып, жұмыс істей бастады. Олардың ішінде «Ақтөберентген», «Мосрентген» және «Севкаврентген» бар еді. Бертін келе ол өндірістік ошақтардың біреуі қысқар­тылды, екіншісі банкротқа ұшырап, быт-шыт болды. Құдайға шүкір, сан алуан қиын­шылықтарға қарамастан, «Ақтөбе­рентген» қалды. Қазіргі кезде ол жерде «Арман» және «Жеңіс» сияқты жылжымалы және стационарлық флюрографтар шыға­рылады. Алдағы уақытта шетелдік әріптес­термен бірлесе отырып, компьютерлік томог­рафтарды шығару жоспарда бар. Осылайша, уақыт өте келе, біз де озық үлгі­дегі рентген технологиясын өндіретін бола­мыз.
– Бүгінде ядролық диагности­каға да ерекше көңіл бөлініп жатқаны мәлім. Бұл саланың аяқ алысы қалай?
– Негізі, медицинаның бұл түрі кеңестік жүйе кезінде жақсы дамыған еді. Алайда одақ ыдырағаннан кейін тоқтап қалды. Сол кезде Қазақстанда 24 радиоизотоптық зертхана болды. Соның бірен-сараны ғана қалды. Бүгінде диагностиканың бұл түрі Астанадағы диагностикалық орталықта қолға алынып жатыр. Ол үшін арнайы яд­ро­лық орталық ашылды. Гамма-камералар, позитронды-эмиссионды томографтар сатып алынып, Циклотрон салынды. Онда қысқа өмір сүретін изотоптар әзірленіп, ядролық диагностика үшін қолданылады.
– Сонда ол изотоптарды шприцпен енгізе ме?
– Иә, изотоптарды шприцпен енгізеді де, олар қан арқылы адам денесіне тарайды. Адам ағзасында қатерлі ісік болса, изотоптар соған жиналып қалады. Сосын суретке түсіріп, дерттің нақты жерін анықтайды. Ал ядролық изотоптар бірнеше сағаттың ішінде таралып кетеді.
– Әңгімеңізге рақмет! Биыл қазан айында сіз 75 жасқа келеді екенсіз. Редакцияның атынан сізге зор денсаулық тілейміз!

Алашқа айтар датым...
Әрине, диагноз қоярда адамның рентгеннен мейлінше аз өткені жөн. Бірақ ауру-сырқаттың нақты диагнозы бәрінен де қымбат қой. Сондықтан рентгеннің көмегімен қандай да бір дертті қараған кезде, біз радиация мөлшерінің аурудан келетін қауіп-қатерді толығымен ақтауы тиіс екендігін түсінуіміз қажет. Бір рет қара, он рет қара, бірақ нақты диагноз қой! «Рентген­мен көп қарауға болмайды» деп ауру асқынып кетсе, адам өміріне қауіп төнбей ме?! Алайда қайта-қайта рентгенге түсіріп, бейбере­кеттік танытуға да болмайды. Негізі, профилактика үшін адам жылына бір рет рентгеннен өтуі тиіс. Ал кейбір сырқаттардың нақты диагнозын анықтау үшін төрт-бес реттік рентген де жасап жатады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста