Қазаққа азаттық алып берген бұл көтеріліс толық зерттелді деп айтуға болмайды
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақ радиосы директорының орынбасары, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Желтоқсан көтерілісін зерттеуші:
– Сіз Желтоқсан оқиғасын біраз жылдардан бері зерттедіңіз. Осыған қатысты бірнеше кітап шығарып, тың деректер табуға тырыстыңыз. Жалпы, сізге бұл оқиғаны зерттеуге не түрткі болды?
– Мен Желтоқсан көтерілісіне қатысқан емеспін. Ол кезде мен мектеп оқушысы болатынмын. Бірақ 2006 жылы елімізде 1986 жылдың желтоқсан айында болған жастардың жаппай наразылық шараларын зерттеуге арналған ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдерінен тұратын арнайы зерттеу тобы құрылды. Мен сол топтың құрамында болдым. Осылайша бұл тақырыпты зерттеуге мүмкіндік алдым. Желтоқсан ісі бойынша Конституциялық Соттың 15 томнан тұратын материалдары бар. Мұнда көтеріліс қалай басталды, неден туындады, бұған қанша адам қатысты, жалпы, осы оқиғаға қатысты істердің барлығының құжаттарының көшірмелері сақталған. Маған осы жазбалармен танысудың сәті туды. Осылайша бұл материалдарға сілтеме жасау арқылы біз «Желтоқсан-86» деген атпен он томдық естеліктер, құжаттар, мақалалар жинағын шығардық. Бұл Алтынбек Сәрсенбаев қорының қолдауымен жарыққа шықты. Оның ішінде тың деректер, суреттер, құжаттар, нақты іске қатысты куәгерлердің естеліктері, Желтоқсанға қатысқан адамдардың айтқандары жазылған. Менде осыдан кейін бұл оқиғаны терең зерттеуге деген қызығушылық артты. Сосын бұл оқиғаны тыңғылықты зерттей бастадық.
– Зерттеу барысында Желтоқсан оқиғасына қатысты тың деректерді аша алдыңыз ба әлде бұл мүмкін болмады ма?
– Конституциялық Соттың материалдарында көптеген тың дүниелер бар. Осы құжаттарды ғылыми, рухани айналымға қостық деп айта аламын. Енді бұл көпшілікке арналмағанымен, көзі қарақты, тарихқа қызығушылығы жоғары азаматтар үшін өте қажет дүние деп есептеймін. Ол енді әркімнің өзінің тануына, зерттеуіне байланысты, жалпы, кез келген адам бұл шығармадан өзіне қажетті мәліметтерін таба алады. Одан кейін 2006 жылы «Біз білмейтін Желтоқсан» деген кітап шығардым. Арада үш-төрт жыл өткен соң, «Желтоқсан қарлығаштары» атты еңбегім жарық көрді. Желтоқсан көтерілісін көтергенде біз бір нәрсені ерекше ескеруіміз керек. Ол кездегі қазақ қыздарының қайсарлығын айтпай кетуге болмайды. Желтоқсан жендеттері алаңдағы ашық айқаста ұл, қыз деп жанашырлықпен қараған жоқ. Жанталас қуғында қызыл жағалылар нөпірдің артында қалып қойған нәзік жандарды шалып құлатып, шаштан сүйреп, көлікке тоғытып отырғызды. Осындай кезде кейбір жігіттер әскерилердің тұзағынан қыздарды құтқару үшін қайта келіп жатты. Бұл жерде алаңда жігіттерді қайрау үшін, намыс отын жаншу үшін қыздарымыз алаңнан кетпей, қайсарлық көрсеткен. Алаңда қазақ қыздарын ұрып-соғып жатыр дегенді ести сала жетіп, атой салған ер жігіттер аз болмады. Соның бірі – Халық Қаhарманы Қайрат Рысқұлбеков. Ол өзінің түрмеде отырып жазған хатында аталған жайт турасында төмендегіше сыр шертеді. «...Менің түсінігімше, ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдар да ұрғашысына мүйіз я болмаса тұяғын көтермейді. Ал біз бәріміз аң емес, адамзаттың ұлы адамбыз, сондықтан ер адам әйел затына қол көтеріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі, еш құқығы жоқ. Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен, әйел затына ер болып өз қол ұшымды беріп, көмектесу үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше көмектескенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін өкінбеймін, керісінше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ бір Құдай өзі – куә, адам баласын ешқашан өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасау менің қолымнан келмейді. Ешқашан... Еш уақытта!.. Ал әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милицияны ұрып-соққаным да рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман-есен, зыр жүгіріп жүр. Өз қолыммен жасаған бар теріс қылық, бар қылмысым – осы ғана!..» – деп өзінің түрмеде отырып жазған хатында Қайрат ағынан ақтарылады. Сондықтан қазақ қыздарының қайсарлығын ерекше атап өту үшін «Желтоқсан қарлығаштары» деген кітап шығардым. Әрине, Қайраттар араша түскенімен, тағдыр талайымен жендеттердің талауына тап келген қыздардың барлығын құтқару мүмкін болмады. Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және Кенжегүл Молданазарова сынды бірқатар қазақтың қайсар қыздары қапияда, түрлі жағдайларда көз жұмды. Көтерілістен кейін «кінәлілер» жедел іздестіріліп, тез арада түрліше деңгейде жазаларын алды. Ең ауыры, екі адам өлім жазасына кесілді. Бірі – Қайрат Рысқұлбеков, екіншісі – Мырзағұл Әбдіқұлов. Соңғы азаматтың ісі қайта қаралып, 20 жыл бас бостандығынан айырумен алмастырылды. Өлім жазасын күтіп абақтыда отырған Қайрат Рысқұлбеков құпия жағдайда көз жұмса, алаңда алған соққыдан тіл тартпай кеткен қыршын жас Ербол Сыпатаев болатын. Он томдық «Конституциялық Соттың Желтоқсан оқиғасы туралы» ісіндегі деректер бойынша сотталғандардың саны 100 адамнан асады. Ал олардың 22-сі – қыздар. Яғни 20 жас ару бас бостандығынан айырылған, екеуі еңбекпен түзеу жазасына кесілген, біреуі қара жұмысқа жіберілген. Былтыр 2012 жылы «Қасиеттім – Желтоқсан» деген кітабым шықты. Бұл Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың демеушілігімен жарық көрді.
– Қарап тұрсаңыз, Желтоқсан оқиғасына қатысты қаншама кітаптар шығып жатыр. Конституциялық Соттың дерегі бойынша он томдық құжаттар, естеліктер, мақалалар жинағы жарық көрді. Одан кейін «Біз білмейтін Желтоқсан», «Желтоқсан қарлығаштары», «Қасиеттім – Желтоқсан» т.б. да осыған қатысты түрлі туындылар шығып жатыр. Желтоқсан оқиғасы тақырыбын жеткілікті зерделеп болдық дей аламыз ба?
– Жоқ. Желтоқсан көтерілісі әлі толық зерттеліп бітті деп айта алмаймын. Біз тек шетін ғана шолып шықтық. Талғат Айтбайұлы, Көлбай Адырбекұлы секілді жазушылар Желтоқсанға қатысты біраз зерттеулер жүргізді. Сонымен бірге бірқатар журналистер де бұл тақырыпта қалам тербеді. Бірақ мұнымен қазаққа азаттық алып берген бұл көтеріліс толық зерттелді деп айтуға болмайды. Шынын айтқанда, біз әлі күнге дейін бұл оқиғаның айналасында тиіп-қашып жүрміз. Тек 16 желтоқсан келгенде ғана жаппай осы тақырыпта жазамыз да, одан кейін тоқтап қаламыз. Бұған арнайы уақытын бөліп, осының ізіне түсіп зерттейтін болса, әлі де көптеген тың дүниелер табылатыны сөзсіз. Конституциялық Соттың материалдары негізінде біраз дүниелер жасауға болады. Қазір біз бұл оқиғаға қатысты тек публицистикалық сарындағы материалдар жазып жүрміз. Бұл аздық етеді. Сондықтан ғылыми-монографиялық еңбектер жазуымыз керек. Жеке адамның бастамасымен Желтоқсан оқиғасын толық зерттеу мүмкін емес. Неге осыған қатысты мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама қабылдамасқа? Қаржы бөлініп, кешенді жұмыстар жасалынатын болса, біз бұл оқиғаның қыр-сырын әлі де тереңірек ашар едік. Биылғы жылы қазақ тарихын ұлттық мүддеге сай, ұлттық тұрғыдан қайта жазуға қатысты арнайы «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасын қабылдадық. Бұл оқиғаны зерттеуді неге осы жобаға енгізбеске? Қалай десек те Желтоқсан көтерілісіне қатысты сүбелі зерттеулер жүргізілуі қажет. Өйткені Желтоқсан оқиғасы аяқ астынан болған көтеріліс емес. Осыдан біраз бұрын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған «Желтоқсан – азаттық рухы, Тәуелсіздік таңы!» атты жинақ дискілерді жарыққа шығардық. Үш дискіден тұратын жинақтың бірінші дискісіне алаңда шырқалған әндер мен Желтоқсанды жырлаған әндер мен күйлер, екінші дискіге «Желтоқсан алауы» деректі фильмі мен Халық Қаhарманы Қайрат Рысқұлбековті еске алу кеші, үшінші дискіге «Аллажар» көркемсуретті фильмі, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың естеліктері, тақырыпқа сай кітаптар, көркем шығармалар мен фото мәліметтер топтастырылған. Бұл жинақ дискілеріне кезінде Желтоқсан алаңында шырқалған «Менің Қазақстаным», бүгінде ол еліміздің Әнұранына айналды, «Атамекен», «Желтоқсан тағылымы», «Желтоқсан желі», «Бостандықтың бойтұмары – Желтоқсан», «Қара бауыр қасқалдақ», «Желтоқсан маршы» және «Желтоқсан жастары маршы» сынды Желтоқсан көтерілісіне арналған әндер енгізілген. Негізі, бүгінгі жас ұрпақпен қатар, Желтоқсан оқиғасын жүрегінен өткізген қайсар ұл-қыздарымыз үшін бұл жинақ – өте құнды дүние. Кісіні ойға жетелейді, намысыңды оятады, жігеріңді жаниды. Сондықтан Желтоқсан оқиғасын түрлі-түрлі қырларынан насихаттауға болады. Мәселен, кітап шығару жағынан келетін болсақ, әрине, кітап шығару ісі оңай емес. Бірақ 300-400 данамен шыққан кітап кімге жетеді? Сондықтан біз «Желтоқсан – азаттық рухы, Тәуелсіздік таңы!» атты жинақ дискісіне он шақты кітаптың электронды нұсқасын енгіздік. Онда белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Ай қараңғысы» романынан бастап, журналист Жақсыбай Самраттың «Бітеу жара» деректі романына дейін орналастырылған. Одан бөлек, Желтоқсанға қатысты естеліктер, жекелеген авторлардың шығарған кітаптарының бәрінің электронды нұсқасын шығардық. Сонымен бірге сол кезде алаңда түсірілген фотоларды кіргіздік. Осыны насихаттау барысында Алматы қаласының біраз мектептерінде болдық, ЖОО-ларда, кітапханаларда студенттермен кездесулер өткіздік. Жалпы, қалам ұстаған қауым Желтоқсанды білеміз де, бірақ бұқара қауымның ол туралы мағлұматы аз. Сондықтан Желтоқсан көтерілісін насихаттаудың басқа да формаларын табуымыз керек. Егер деректі фильмдер түсірілсе, көпшіліктің көкейінде қалатын еді. Өткенде Желтоқсан көтерілісін ең алғаш бастаған жігіттердің бірі Құрманғазы Айтмырзаевтың туған жері Ақтөбеге барып, халықпен кездесу ұйымдастырдық. Ақтөбе университетінің Жастар сарайына мыңнан аса адам жиналды. Дискілерді көрсеттік. Сонда байқағаным, облыс өңіріндегі жастардың көпшілігі Желтоқсан оқиғасын жетік білмейді. Әрине, 16 желтоқсанда Алматы мен Астанада желтоқсаншылармен кездесулер ұйымдастырылып жатады. Ал облыстарда мұндай шаралар мүлдем аз жүргізіледі. Ақтөбеде студенттерге деректі фильмдерді көрсеттік. Сонда жастардың көбі «Аллажар» фильмін көрмеген болып шықты. Енді бұл фильм де Алматыда бірлі-жарым адамдардың қолында дискілерде сақтаулы тұрған шығар. Бірақ оны неге отандық телеарналарда көрсетпеске? Сондықтан, шынын айтқанда, Желтоқсан оқиғаларына қатысты деректердің барлығы әлі күнге дейін рухани айналымға толық түскен жоқ деп есептеймін. Мысалы, мен «Желтоқсан-86» деген сайт ашып отырмын. Енді Желтоқсанға қатысты кітап болсын, дискі болсын, фильм – барлығын осыған енгізетін боламын. Ақтөбедегі жігіттер «Желтоқсанға қатысты кітаптарды кітапханалардан таппаймыз, интернетте де бұған қатысты мәліметтер аз» дейді. Егер сайт ашып, осы дүниелердің барлығын топтастырып қойсақ, көпшілік сайтқа еркін кіріп, материалдармен танысып, оны ары қарай насихаттар еді. Онымен қоса облыстарда, аудандарда қолдарында Желтоқсанға қатысты тың деректері бар азаматтар бар. Олар да сайтқа кіріп, өздерінің қолдарындағы мәліметтерді қалдыра алады. Сонымен бірге Тәуелсіздік күні қарсаңында Желтоқсан оқиғасына қатысты әндер мен күйлер орындалатын концерттер ұйымдастырылса, бұл жастарға керемет рух, күш беретін еді.
– Мұрағаттағы деректерге қол жеткізуге қандай да бір кедергілер кездесті ме?
– Жасыратыны жоқ, өткен заманның қолжазба ескерткіштерін сақтаумен, жүйелеумен және сипаттаумен шұғылданатын мұрағат мекемесіне кірерде біраз қиындық болды. Алматыдағы мұрағаттарда Желтоқсан оқиғасына қатысты біраз деректер бар. Біз 2006 жылы құзырлы органға ресми хат жібердік. Сол кезде қала прокурорының көмекшісі: «Сіздер қандай мақсатта мұрағатты ақтармақсыздар? Не үшін зерттемекшісіздер?» деп сұрады. Алғашында олар «жарайды, көмектесеміз» деді де, бірақ мұрағатқа кіруге, қандай да бір құжаттарды алуға, танысуға мүмкіндік бермеді. Негізі, мұндай мекемелерге кіру үшін ерекше рұқсат керек. Құзырлы органдармен бірге барып, арнайы рұқсатпен ғана мұрағаттағы құжаттармен таныса аласың. Онсыз мүмкін емес екен. Дегенмен өзіміз тапқан бар мәліметтерді кітапқа енгізгенде кедергілер кездескен жоқ.
– Енді бұл оқиғаның қашан толық бағасын аларын ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен жеке азамат ретінде бұған қатысты пікіріңіз қалай?
– Қалай десек те, бұл оқиғаға қатысты деректердің барлығын бүге-шүгесіне дейін халық білуі керек. Жұртшылықтың саяси санасы сақайған кезде ғана бұл өздігінен ашылатын болады. Бұқара қауым «неге бұл оқиғаға әлі толық саяси баға берілмей отыр?» деп сұрағанда ғана бір нәтижеге қол жеткізетін боламыз. Шынында да, бұл оқиғаға қатысты сол кезде Кеңес үкіметін жақтаған кейбір азаматтар әлі де бар болғандықтан, олар мұның саяси бағасын алуына ықыласты емес. Осындай кедергілер әлі күнге дейін байқалып келеді.
– Қазір желтоқсаншылардың бір емес, жеті-сегіз ұйымы бар. «Желтоқсан ақиқаты», «Желтоқсан-86», «Желтоқсан жаңғырығы», «Желтоқсан қырандары», «Желтоқсан рухы», «Нағыз Желтоқсан» секілді кете береді. Олар көбіне жинала қалса, отырыстарының аяғы даумен, айқаймен аяқталады. Неге олай? Жалпы, осы көтеріліске байланысты желтоқсандықтардың көзқарасын бір арнаға тоғыстыру мүмкін бе?
– Оларды біріктіру мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені 1986 жылы бойында мысы бар, намысы бар жастар алаңға шықты. Қазір де бұл кісілердің бойынан сол өршілдікті байқаймын. Мұны енді заңды деп қабылдауға болады. Бір жағынан, олардың кейбір отырыстарда қызбалыққа салынуына құзырлы органдардың да кінәсі болуы мүмкін. Оның үстіне олар бірікпей, жан-жақта шашырап жүрсе, өздерінің құқықтарын қорғауға, өздеріне лайықты мәртебесін талап етуге ықпалы болмайды. Осы тұрғыдан келгенде бұл қайсыбіреулерге қажет секілді. Бірақ Желтоқсан ұйымдары басшыларының барлығымен мен жақсы араласамын. Олардың ойларында әлі де болса, биыл Желтоқсан оқиғасына 27 жыл толса да, саяси баға берілмей келе жатқанына іштей қынжылады. Енді оларды бір идеяға, бір арнаға тоғыстыру алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе деп ойлаймын.
– Кейде қайсыбір саясаткерлер «қазаққа Тәуелсіздік оңай келді, шығынсыз болды» деген секілді пікірлерін айтып қалып жатады. Сіз бұған не дер едіңіз?
– Әлбетте, бұл – жаңсақ пікір. Мысалы, 1986 жылғы оқиғаны алып қарайтын болсақ, қалайша халық аяқ астынан көтеріліп кетті, неге бірден бұрқ етіп атылды? Ойланып қарасақ, мұның тамыры тым тереңде жатыр. Қазақтың басындағы трагедия ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген. Мәселен, желтоқсандық жігіт Құрманғазы Айтмырзаевтың аталары репрессия кезінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған. Міне, осыны әкелері ылғи балаларына айтып отырған. «Біз қалайда Тәуелсіздікке жетуіміз керек, азаттыққа қол жеткізуіге тиіспіз» деген секілді ұрпақ бойына дербестік алуды ұғындырған. Көп қазақтың отбасында азаттықтың ақ таңы айтылды деп есептеймін. Міне, бала кезінен осындай түсінік қалыптасқан Құрманғазы секілді жігіттер шын мәнінде Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды. Осы секілді аштықты көрген, репрессияны көрген, небір зұлматтарды көрген, тіпті 50-60-жылдары да репресссия жалғасты, осыдан кейін жастардың Кеңес үкіметіне қарсылығы ретінде жасырын ұйымдары құрылды, осылайша халықтың бойындағы азаттыққа деген иммунитет сақталып жүріп, ақыры 1986 жылы бірден бұрқ ете түсті. Сондықтан мұның бәрін әлі де зерттеп, оған шынайы саяси бағасын беруге тиіспіз. Қалай десек те, Тәуелсіздік қазаққа оңай келген жоқ. 1986 жылы жастар қанша зардап шекті, алаң қанға бөкті. Атылды, сотталды. Сондықтан азаттыққа адам шығынынсыз жеттік деу дұрыс емес.
– Желтоқсан рухын жас ұрпаққа өз дәрежесінде ұғындыра алып жүрміз бе?
– Жоқ. Елімізде Желтоқсан оқиғасын жастарға насихаттау жұмыстарына көңілім толмайды. Мысалы, 5-сыныптың оқулығында Желтоқсан оқиғасына қатысты бір ғана абзац берілген. Желтоқсан жақындаған кезде ғана бірлі-жарым мектептерде ашық сабақтар өтіп жатады. Аз уақытта бала нені ұғады? Сондықтан бұған қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз қажет. Желтоқсан оқиғасына арналған сайт ашылса, көтеріліске қатысты мағлұматтар мектеп оқулықтарына кеңірек енгізілсе, кино түсірілсе, театрларда осы тұрғыда түрлі қойылымдар жүріп жатса, концерттер өткізілсе, құба-құп болар еді. Осылардың барлығы кешенді түрде жүргізілгенде ғана жас ұрпақ Желтоқсан рухын өз деңгейінде ұғынатын болады. Ал әзірге бұлай айту – бізге ерте. Шындап келгенде, қазір отандық тарихты зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Сонау бағзы заманғы деректерді іздеп, еліміз тұрмақ, шетелдік мұрағаттарға шапқылап кеттік. Бірақ бергі тарихымыз – Желтоқсан оқиғасына қатысты бір мақала жазылды ма? Тарихшылар қатысқан жиналыстарда осы мәселе көтерілді ме? Жоқ. Мен өз басым оны естіген емеспін. Шын мәнісіне келгенде, елімізде орын алған аштық, репрессияның өзі дұрыс зерттеліп отырған жоқ. Сондықтан әлі 30 жылға толмаған Желтоқсанды халыққа жүйелі түрде түсіндіріп отырмыз деу артық айтқандық болар еді. Басқа-басқа, бұған қатысты еліміздегі мұрағаттарға кірудің өзіне үлкен талап қойылған, ал енді 70-80 жыл өтіп кеткен 31-37-жылғы зұлматтарға байланысты мұрағаттарға кіріп зерттеуде де кедергілер кездеседі деп ойлаймын. Мәселен, біз шетелдің мұрағаттарын ақтарамыз, бірақ өзіміздің мұрағаттар толық зерттеліп жатқан жоқ. Оған кіру үшін тосқауылдар қойылған. Ерекше рұқсат керек.
Алашқа айтар датым...
Ұлтжанды азаматтар тіл, дін, тарих мәселелеріне қатысты ойларын айқайлап, шу шығарып айтуының керегі жоқ. Мұны нақты іс жүзінде жүзеге асыруға тиіспіз. Мәселен, желтоқсандықтар, ғалымдар, тарихшылар, ақын-жазушылар, журналистер Желтоқсан көтерілісін насихаттаудың түрлі формаларын табуы қажет. Бұған қатысты әндер шығарып, фильмдер көрсетіп, кітаптар жазып, тіпті аймақтарда концерттік шаралар ұйымдастыруға болады. Мұның барлығын билік шешуі керек деп, оларға қарап отыруға болмайды. Тіпті шенеуніктер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбеді деп ренжудің де керегі жоқ. Ұлтжанды азаматтардың өзі бірігіп, нақты жобаларды қолға алуы тиіс. Егер тынымсыз қимылдай берсек, оның нәтижесі шығады. Қазақ тарихына қатысты мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының бір бөлігін жылдың басында ұсыныстар айтып, Желтоқсан оқиғасын толық зерттетуге бөлдіруге болады. Осылайша Желтоқсан оқиғасын «Тарих толқынында» бағдарламасына енгізуіміз керек. Тек осындай бастама көтеріп, жүйелі жұмыстар жүргізгенде ғана Желтоқсан оқиғасына саяси баға беріледі.