Қазақ жылқысының түрікменнің не болмаса арабтың жылқысындай болмағаны – ол қазақтың байлығы

Нұрлан ТІЛЕУЛЕСОВ, «Ажар» ат спорты клубының президенті:

– Қазақтың бар тірлігі адал жар, алмас қанжар, алғыр тазымен қатар, жеті қазынаның бірі саналатын осы қасиетті, қанатты тұлпарлармен бірігіп, біте қайнасып келген. Ендеше, түрікменнің ақалтекесіне ұқсаған таза қазақы қанды әрі әлемге әйгілі арғымақтарымыз неге жоқ? Неге осы біздің атбегілеріміз ағылшынның не болмаса түрікменнің жылқыларына құмар болып барады?

– Тарихтан қарайтын болсақ, қазақ бұрыннан ұшқыр, жүйрік ат мінуге құмар болғанымен, оларды баптап, сұрыптап, шабыс жағынан мықты, таза қанды, асыл тұқымды жылқыларды өсіруге, сөйтіп оларды әлемдік аренаға шығаруға мүмкіндігі болмаған. Өйткені ол уақытта қазіргідей әлем елдерімен тығыз байланыс, барыс-келістер аз еді. Осы себептен қазақ жаугершілік үшін төзімді жылқыларды   өсіруге бейімделген. Қазақ – көшпенді халық. Төрт түлікке жем-шөп дайындамай-ақ, өрісі мол жерлерге көшіп-қонып жүрген. Жесең – еті, саусаң – сүті, мінсең, мініс беретін жылқыларды қажет еткен. Көп адамдар Алпамыс мінген ат, Қобыланды мінген тұлпардың жүрісі, шабысы мықты болған деп жатады. Жүз қазақы жылқының ішінен топ жарып бір жылқының шығуы заңды. Бірақ олардың тұқымын алып, текті қанды жылқыларды одан әрі асылдандырып, жетілдірмеген. Неге десеңіз, жылқы ірі болған сайын, оның төзімділігі төмендей бастайды. Кезінде ауқатты аталарымыз қазақы жабыға түрікменнің, Ресейдің айғырларын салып көрген. Алайда олар будандастырылғаннан кейін тұқымдары әлжуаз болып шыққан. Төзімділігі нашар, қатты суықта тез өліп қала берген. Себебі ақалтеке жылқысы өте нәзік келеді. Сондықтан мұны ары қарай дамытпаған. Мен сізге бір нәрсе айтайын, қазақ жылқысының түрікменнің не болмаса арабтың жылқысындай болмағаны – ол қазақтың байлығы. Өйткені қазақтың жылқылары төзімді келеді. Ал түрікмендердің не болмаса ағылшындардың жылқылары өте нәзік, әлсіз. Олардың тек бір ғана биеге шабуға шамасы жетсе, ал қазақтың айғыры бір үйірді басқарған. Бұрынғы бір үйірде қанша жылқы болғанын өзіңіз есептей беріңіз. Оның үстіне оларға арнайы жем беріп, алақанда ұстап, бағып-қақпай-ақ, жылқылар қыста тебіндеп өз қорегін өзі тапқан. Ал арабтың, ағылшындардың жылқыларын бала секілді күтіп-баптамасаң, мұндайға шыдай алмайды. Демек, қазақтың жылқылары төзімді әрі  ұзаққа шабатын болған. Онымен қоса оның еті мен сүті басқа жылқыларға қарағанда пайдалы, шипалы. Осынысымен-ақ қазақ жылқылары басқалардан ерекшеленіп тұр. Бұл жерде қазақ жылқылары араб, ағылшындардікінен төмен деп қарағанымыз дұрыс емес. Әрине, қазақ жылқысы нан дегенді білмей тұрғанда, ағылшын жылқылары нан, бидай жеп тұрған. Бірақ ұшқыр бәйге болмаса, олардың түкке де керегі жоқ. Олар үш күн тамақ ішпесе, аштан құлап қалады. Себебі олар торда туып-өскен. Әрі жасанды, қолдан ұрықтандырғаннан кейін   де төзімділігі төмен.

– Түрікменстанда жылда дәстүрлі Жылқы мерекесі тойланады екен. Оған президентіне дейін қатысып, мықты ақалтекелердің иелері марапатталатын көрінеді. Тіпті онда Жылқы министрлігіне дейін бар. Неге біздің жылқыларға осындай көзқарас жоқ? Жалпы, Қазақстанда мал тұқымын асылдандыруға  Үкiмет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отыр?

– Біз «Қазақстан – Орта Азияда ең дамыған мемлекет» деп мақтанамыз. Бірақ Қазақстанда қазір, сенесіз бе, арғымақтарды жарыстыратын ипподром жоқ. Өзім кезінде басқарған ипподром жабылып қалды. Осындай күйде отырып аттың құлағында ойнағанбыз деп қалай айтамыз? Ал жылқы жөнінен осы уақытқа дейін мүлде аты шықпаған Швецияда 29 ипподром бар. Францияда 234, тіпті біз менсінбейтін түрікмендердің  Ашғабад  қаласында   әлемдік деңгейдегі  үш ипподром салынған. Түрікменстанда ақалтеке жылқысына мемлекет тарапынан қолдау күшті. Олар ақалтекені ұлттың мақтанышы ретінде санайды. Сондықтан оны сыртқа шығаруға тыйым салынған. Ал біздегі жағдайды алып қарайтын болсақ, тіптен жылағың келеді... Біле білген адамға ат спорты тек қалталылардың еріккенде жасайтын ермегі емес, бұл экономиканы дамытудың бір саласы болып табылады. Мәселен, АҚШ-та тек жылқы индустриясынан жылына 20 миллиард доллар пайда табады. Ешқандай жылқыға қатысы жоқ Польша да араб жылқысын өсіру арқылы үлкен пайдаға кенеліп отыр. Жылқы индустриясынан   Польшаның қазынасына жылына 30-50 миллион доллардың арасында пайда түседі. Онда үкіметке қарасты зауыттан араб жылқысын сатып алу үшін міндетті түрде премьер-министрдің қолы керек. Онсыз ала алмайсың. Тіпті құлын сатып алсаң да, үкімет басшысының рұқсатын алуың тиіс. Ондағы асыл тұқымды әрбір жылқының құны 100 мың мен 500 мың еуроның айна ласында тұрады. Бұл Польша экономикасының көтерілуіне айтарлықтай көмек болып отыр. Біз неге осыны жасамаймыз? Әлде қазақтың қолынан жылқы өсіру келмей ме? Келеді, тек соған құлық жоқ. Егер қазақ жылқысын дамытамын деген жігіттерге мемлекет тарапынан қолдау көрсететін болсақ, жұмыс орындарының ашылуына, қазақтың қара домалақ балаларының ішімдікке, нашақорлыққа  салынбауына  әрі қазақы  дәстүрді жаңғыртуға септігімізді тигізер едік. Сондай-ақ жүген тігу, ер-тоқым жасау, тіпті шабандоздардың киімдеріне дейін тігетін шағын кәсіпорындар ашылар еді. Одан түскен пайда ертең Үкіметке салық болып қайтарылмай ма? Қазақстан қазір дамыған кезде жылқы индустриясына көңіл бөліп, өзіміздің ата дәстүрімізді жаңғыртуға қолдау көрсету қажет. Осы арқылы экономиканы көтеріп, елдің ахуалын жақсартуымыз тиіс.

– Қазіргі кезде жарыс ұйымдастырушылар ма, әлде қалталы бәйге иелерінің араласуымен бе, әйтеуір дәстүрлі аламан бәйгенің қашықтығын 21 шақырымға дейін қысқартып жібердік. Ежелгі ата-бабаларымыздың әңгімелерін сараптасақ, сәйгүліктер 50 шақырымнан кемге шаппаған. Мысалы,  Құлагердің шапқан қашықтығын сараласақ, осы қашықтықтан кем емес. Неге біз қашықтықты осыншалықты түсіріп жібердік?

– Негізі, әр спорттың өзінің бұрыннан қалыптасқан ережесі бар. Ат спортындағы жаңа ережеде егемендігімізді алып, ат спорты федерациясы құрылғаннан кейін аламан бәйгенің қашықтығы 31 шақырым болып өзгертілді. Осы 31 шақырымды белгілегенде көп қазақтың қолында будан жылқылар болды. Ол кезде бұл қашықтық көпшілікке тиімді еді. Бірақ кейіннен Қазақстанның қалталы азаматтары ағылшын жылқыларын шетелден сатып ала бастаған соң, бұл шақырым бірте-бірте қысқара бастады. Себебі ағылшын жылқылары ұшқыр болғанымен де, ұзаққа шабуға аса бейім емес.

— Сонда мұны қалталылардың өздері ойынан шығарып алған қашықтықтары деп есептейміз бе?

— Солай деуге де болады. Мұның барлығы қазақтың ат спорты төңірегіндегі пендешілігінен туындап отыр. Олар спортты қолдап отырған жоқ, өз атының қамы үшін қашықтықты қысқартуға «септігін» тигізіп отыр. Бізде өзі қызық. Қандай ереже болса да, оны өзгерте салу оңай. Тіпті футбол ойнасақ та, қақпасын сәл төменірек жасай саламыз. Неге олай болды десең, «біздің жігіттердің бойы пәс, есесіне жалпақ, сондықтан биіктігін қысқартып, енін ұзарттық» дей салады. Осындай келеңсіздіктер ат спортында да бар. Негізі, менің түсінігім бойынша, біз қандай да бір ережені ұстандық па – соны өзгертпеуіміз қажет. Сондай-ақ егер аламан  бәйгені шын мәнінде бүкіл дүниежүзіне насихаттаймыз десек, онда өзіміздің арамыздағы көзқарас бірдей болуы керек. Ал «аққу – көкке, шортан – көлге, шаян шөлге тартадының» кейпін кисек, онда мұндай даудан ешқашан арылмаймыз. Есесіне ат спортында басқа елдермен бәсекеге түскенде топ жарып шыға алмаймыз. Сондықтан нақты бір жүйеге келуіміз қажет. Негізі, бұл ат спортын, оның ішінде аламан бәйгені дамытамын дегендердің әрекетіне жатпайды. Бұл – «мен ағылшын жылқысын ұстап отырмын, ол 21 шақырымға дейін жақсы шабады» деген оймен, көпшілікке «атты шаршатып қайтеміз, оның үстіне күн де ыстық, одан да шақырымды қысқартайық» деген пасық пиғылдан шығып отырған дүние. Әйтпесе, Лондон марафонының жүріп жатқанына екі жүз жыл уақыт болды, онда ат емес, тіпті адамдар да өліп жатыр, бірақ олар бұрынғы ережесін сақтап отыр ғой. Ал біз саудагершілік жасаймыз, шын мәнінде, бұл спортты дамыту емес, өзіміздің жеке басымыздағы жылқының қамын ойлау болып тұр. Олай болмайды ғой. Егер сәйгүлігің дайын болмаса, онда бәйгеге қоспа. Әрине, бәйге болған соң, біреудің аты топ жарып келіп жатады, біреудікі жолда құлап жатады. Бәйге сонысымен де қызық емес пе?! Егер бұл жерде бұрынғы 50 шақырымды қайта енгізсек, сөз жоқ, араб жылқылары жолда қалып, қазақы жылқылардың мерейі үстем болар еді.

– Қазір Қазақстандағы жылқы өсіретін фермалар көп пе? Олардың саны қанша? Ал өзіңіздің қанша жылқыңыз бар?

– Менде қазір 120 спорт жылқысы  бар. Жабы жылқыларын бөлек Жамбыл облысында ұстап отырмын. Қазақстанда мен білетін 15-20-дай ферма бар болса, соның ішінде араб жылқысымен екі ферма айналысады. Көпшілігі ағылшын жылқысын ұстайды. Таза жабы жылқысын ұстап жатқандар да бар. Жабы деген нашар жылқы емес. Ол — «порода». Бізде жақсы шаппаса болды, жабы деп шығатындар бар. Тіпті кейбіреулер жабыны ағылшындық жылқылармен будандастырады да, одан шыққан құлын не шаппайды әрі еті де дәмсіз болады. Негізі, қысқа және ұзақ қашықтыққа шабатын, етін пайдаланатын, секіруге, билеуге арналған жылқылардың барлығын бөліп қарастыруымыз қажет. Оның барлығын бір қазанға араластырып, былықтыруға болмайды.

– Қазақ халқының жылқы тұқымдары қазіргі кезде әр тұқыммен араласып кетсе де, қалпына келтіруге болады деп айта аласыз ба? Жалпы, қазақ жылқысын асылдандыру үшін не істеуіміз керек?

– Мен, негізі, қазақы жылқыны асылдандыру турасында көп жерде сөйлеп келемін. Алайда менің айтқанымды көп адам түсінбейді және қарсы шығады. Қазақ жылқысын асылдандыру үшін ең бірінші міндетті түрде Үкімет тарапынан көмек керек. Бізде Үкімет бидайға көңіл бөлді, қазір жер жүзінде ұннан бірінші орын алдық. Осылайша, жылқы тұқымын көтеремін деген әр шаруашылыққа қаржылық жағынан көмек берсек, көп проблеманы шешуге болады. Мысалы, Құлагердің құлындары қайда? Құлагер – қазақы жылқы. Сөз жоқ, ол қазақ жылқыларының арасында жүйрік шықты. Бірақ оның тұқымын ала алдық па? Жоқ! Сіз менен «қазақтың жылқысы қайда» деп сұрай бересіз. Егер біздің жеті қазынаның бірі саналатын жылқыларымызға мемлекет тарапынан көзқарас немқұрайды болса және ол осылайша жалғаса беретін болса, қазақтың жылқысын 200-300 жылдан соң мүлдем таппай қаламыз. Қазір маман дайындамасақ, Үкімет тарапынан көңіл бөлінбесе, қазақы жүйрік қайдан шығады? Мысалы, бізге өте жақын Түркия елінде жокей клуб жылына 400 миллион доллар пайда табады. Сондай-ақ клубқа үкімет тарапынан үнемі жәрдем беріледі. Ал өз кезегінде клуб кез келген жылқы ұстаймын деген түрікке көмектеседі. Ал Қазақстанда ше? Егер сіз қалада тұрып, жылқы ұстар болсаңыз, оны қай туысымның үйіне қоямын, жем-шөпті қайдан аламын, оған айғырды қайдан табамын деп басыңыз қатады. Ал Түркияда олай емес. Жокей клубтың жанында үлкен-үлкен жылқы зауыттары салынған. Егер жылқы ұстаймын десең, жылқыны сол жерден сатып аласың, ал сырттан әкелсең, сонда қосып қоясың. Тек ақшасын төлеп тұрсаң болды, барлық жағдайды өздері жасайды. Айғырға қосқыңыз келсе, онда үлкен каталог бар, қандай айғыр, оның ұрығының бағасы қанша екеніне дейін жазылып қойылған. Сосын қаржысын төлейсіз де, келесі жылы құлын аласыз.

Негізі, Ирландиядағы «Куммор» атты жылқы зауыты әлемдегі ең үздік зауыт болып табылады. Ол жерде небір айғырлар бар. Олардың бір биеге шабуының ақысы 500 мың доллар тұрады. Бізде күнде алып келіп, биеге шаптырып, әуреге салынасың. Тоқтағанша солай. Ал онда УЗИ, тіпті жылқының ішкі құрылысын зерттейтін небір аппараттар бар. Сол арқылы биенің «фолликуласы» пісіп-жетілгенде айғырды алып келіп, бір шаптырсаң болды. Ондағы айғырлардың құны 100 миллион долларға дейін барады. Жылқы тұрған бөлменің жабдықтарын айтсақ, 10 миллион доллардың заттары бар. Желдеткішінен бастап, ауа тазартқышына дейін жұмыс істеп тұр. Жылқы өсірудің экономикалық жағынан қаншалықты тиімді екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Ал біз мына жерде шаңның астында отырып, аламан ұйымдастырамыз да, соған мәз болып, «біз жылқының құлағында ойнағанбыз» деп кеуде соғамыз. Біз бұлай кете берсек, дами алмаймыз, қайта құлдыраймыз. Сондықтан жылқыларымызға деген қолдау бірінші мемлекет тарапынан көрсетілуі қажет.

– Аға, әлгінде фермаңыздың алдынан қазақы иттерді көріп қалдық. Қазақы иттерге деген қызығушылығыңыз бұрыннан бар ма еді? Жалпы, бүгінгі қазақы сырттандарымыз туралы не айтасыз?

– Бұл жерде кінәні тағы да өзімізге артамын. Қазір үш қазақ отырып ит туралы әңгіме етсе, біреуі алабайды, енді бірі Ирландияның догын, үшіншісі немістің  овчаркасын мақтап кетеді. Сонда қазақы ит қайда қалды? Негізі, қазақы ит – қазақтың маңдайына біткен асыл қазынасы. Егер қазаққа төбет емес, неміс овчаркасы  бұйырса, ол жеті қазынамызға кірмес еді. Себебі ол – өте ұсқынсыз, тексіз ит. Қазақы иттің қасиеті – оның тектілігінде. Өзім де қазақы итке қатты қызығамын. Бірақ қазақы иттің кавказдық иттердікіндей жарнамасы жоқ. Қазақы ит момын, ешқашан көзге түспейді, өте таза, тамаққа өте шыдамды, сосын адамдарға, әсіресе балаларға көзқарасы бөлек. Бала көрсе, бас салып тістей бермейді. Менің қазақы ит асырап келе жатқаныма он жыл болды. Оларда қасқырдан қорқатын сезім жоқ. Қазақы иттің күшіктеріне қасқырды сойып, етін кесіп берсең, кеміріп жеп қояды. Ал немістің овчаркасына берсең, құйрығын артына қыстырып, бір бұрышқа тығылып қалады. Бірде інім телефон шалып: «Аға, мен алабай итін алып келдім. Салмағы – 90 келі, омырауы сіздің омырауыңыздан да үлкен, кез келген итті жеп қояды», – деді. Бір жетіден кейін фермаға келсем, қорадағы есек пен әлгі дәу итті қасқыр жеп кетіпті. Көпшілікте ит неғұрлым дәу болса, ол қасқырды да жеп қояды деген түсінік қалыптасқан. Бірақ олай емес. Біздің бойы кішкентай қазақы төбетке қасқыр бата алмайды. Сондай-ақ қазақы төбет соңғы шешімді өзі шығарады. Немістің итіне «жат» десең жатады, «фас» десең, барып талайды. Онда да шамасы келгеніне шабады. Егер овчарка иесін өлтіріп жатса, оның аузынан «фас» дегенді естімесе, ол қарап тұра береді. Ал қазақы төбет өзі шешім шығарады. Осы жерде арнайы иттерді үйрететін «инструкторлар» бар. Олар қалың киініп, таяқ ұстап, итке қарсы барады. Қазақы төбет десең, «инструкторлар» шықпай қояды. Неге? Өйткені немістің овчаркасына қолыңды тоссаң, ол міндетті түрде қолыңды тістейді. Ал қазақы төбет қолдан тістемейді, айла-тәсілмен тамақтан не болмаса қарыннан жабысады. Сосын «инструкторлар» қазақы ит десе жоламайды. Және төбеттің тістері ірі. Ал кавказдық иттердің тістері қысқа, оларды төбелестірсең, бірін-бірі таламайды, бір-біріне «массаж» жасайды. Төбелестіріп көрсең, екеуінен де бір тамшы қан шықпайды. Ал төбет таласса, жер-жаһан қан жоса болады. Алайда бүгінде қазақы төбет – сирек кездесетін құбылыс, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрған тұқым. Әлі де болса осы көнекөз әрі біртума тұқымның қайта оралу мүмкіндіктерін қарастырып, жағдай туғызуға болар еді. Бірақ оған тағы да мемлекет тарапынан көмек қажет. Ел аузындағы әңгімелерге сенсек, 1936 жылы қазақ даласында 7 мың тазы, 19 мың төбет болған екен. Ал қазір Қазақстанда 200 бас қана тазы ит қалғанын, бұл итті «Қызыл кітапқа» енгізу керек екенін мамандар көтеріп жүр. Білетіндердің айтуынша, қазақы төбет мыңға жетер-жетпес екен. Оның үстіне елдегі тазы мен төбеттің қолда бар тұқымдары өзге иттермен араласып қан тазалығын жоғалтқан. Ал 2003 жылы Қазақстан Үкіметінің асыл тұқымды үй жануарлары мен жабайы аңдарды қорғау туралы шыққан қаулысында таза қанды төбеттерді қорғау, сақтау, қолдау турасында бірде-бір бап жоқ.

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Біз қазақтың жылқысы дегенде сәйгүліктерді ғана ойлаймыз. Неге оның қымызы мен қазы-қартасын айтпаймыз? Осы жағын жарнамалауға болмай ма? Қазір Италия, Франция елдері бізге экологиялық таза өнім жіберіңдер деп отыр. Басқа елдердің жылқыларына қарағанда, қазақы жылқылардың сүті мен етінің қаншама ауруларға ем екендігін екінің бірі біледі. Басқасын былай қойғанда, жылқы етiнiң адам ағзасын жасартатын қасиетi бар екендігін мамандар мойындап отыр. Бұл дегенің – Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі тұрған біздің ел үшін үлкен мүмкіндік. Ат спортын дамыту, қымызын, етін, қазы-қартасын көптеп дайындау, шағын фермерлік шаруашылықтарда күш көлігі ретінде пайдалану қаншама пайда әкелер еді. Бірақ осы жүйе бізде бір ізге түспеген. Бір сөзбен айтқанда, жылқының қадір-қасиетіне әлі жете алып отырған жоқпыз. Есесіне елімізде арақ зауыттары көбейіп барады. Алматының өзінен алты ай жазда бірде-бір қымызхана көрмейсің. Бұл ретте Алматы облысының әкімі С.Үмбетов біраз игі шаралар атқарды. Негізі, әкімдерді ылғи шыжғыта мақтай беру ыңғайсыз, бірақ жақсылығын көріп тұрып, үндемей қалу азаматтыққа жатпайды. Сондықтан Үмбетовтің бұл ісінен басқа әкімдер үлгі алуы тиіс.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста