Құсайын РЫСАЛДЫ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Қала мектептерінің оқушылары сабақ үстінде қазақша сөйлегенімен, мектеп ауласында өзара орыс тілінде тілдеседі. Біз балалардың үйде де, түзде де ана тілінде сөйлесуіне сұраныс туғыза алмай отырмыз. Сондықтан қазақ тілі әлі күнге дүбәра күй кешуде. Осы орайда Елбасымыздың тапсырмасына орай, он жылдан соң әрбір мектеп бітіруші қазақ тілін толықтай меңгеруі үшін білім саласына қандай өзгерістер енгізу керек деп ойлайсыз?
– Тіл мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатқан, алайда толық шешімін таппаған көкейтесті мәселе болып тұр. Өткен жылы 2011-2020 жылдарға арналған «Тілді қолдау және дамыту» мемлекеттік бағдарламасы талқыдан өтті. Бүгінде аталмыш бағдарламадан үлкен үміт күтіп отырмыз. Өйткені мұнда тіл мәселесін шешуге бағытталған көптеген істер қамтылған. Атап айтқанда, «2020 жылы тілді меңгергендердің санын 60 пайыздан 90 пайызға жеткізу керек» делінген. Егер дәл осындай жағдай қалыптастырып, қазақ тілінде сөйлейтіндердің санын 90-95 пайызға жеткізер болсақ, қазақ тілі елімізде үстемдік құрған нағыз мемлекеттік тілге айналар еді. Бұл бастама жақсы, әрине. Әйтсе де, мұны өзім тым кеш санаймын. Тіл мәселесін 2020 жылға дейін соза беру жақсы емес. Сондықтан Тіл туралы мемлекеттік бағдарламаның 2020 жылға дейін созылуына қарсымын. Тіл мәселесін он жыл бойына соза беру жағдайды онан әрі күрделендіре түседі. Аталмыш бағдарлама бойынша тілді дамыту үш кезеңге бөлінген. Оның алғашқы кезеңі – 2011-2013 жылдар, екінші кезең 2014-2016 жылдар болса, үшінші кезеңі – 2017-2020 жылдар. Басқасы – басқа, мемлекеттік тілді меңгеруді он жылға созудың қажеті жоқ.
– «Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өзінің қызметін атқара алмайды» деп пікір айтушылар да кездесіп жүр. Осы пікір қаншалықты негізді?
– Қазақ тілі – бір ұлттың мемлекеттік тіліне айналуға тұратындай-ақ тіл. Шын мәнінде, біздің тіліміздің әлеуеті басқа тілдерден еш кем емес. Оны басқа тілдермен салыстырып та айта аламын. Негізі, мен неміс және қазақ тілдерінің маманымын. Менің ғылыми жұмысымның негізі де қос тілді салыстыруға бағытталған. 1996 жылы Гамбург қаласында «Неміс және қазақ тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» атты еңбегім жарық көрді. Сонда көзімнің анық жеткені, қазақ тілі әлемдік кез келген тілмен салыстырғанда грамматикасы жөнінен де, сөздік қоры жағынан да еш кем түспейді екен. Осы уақытқа дейін баз- біреулердің айтып жүргеніндей, «қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өзінің қызметін атқара алмайды» деген пікір түбегейлі жалған. Әрине, кейбір ғылым салаларында кенже қалып жатқаны – рас. Алайда оған өзіміз кінәліміз. Мен былтырдан бастап Германияның Гиссен университетімен халықаралық ғылыми-зертеу жұмысына қатысып жатырмын. Бұл жоба бойынша орыс тілі мен қазақ тілі арасындағы тілдік ерекшелікті зерттеп жатырмыз. Гиссен университеті мұрындық болып отырған жобаны Ресейдің Қазан университеті және Қазақстанның Абылайхан атындағы шет тілдер университеті қосылып зерттемекші. Жобаны Германияның ғылыми-зерттеу қоры қаржыландырып отыр. Олар елімізде орыс тілінің үстемдік құрып, қазақ тілінің шетқақпай көріп отырғанынан толық хабардар. Неміс халқы ұлттық тілдерін мемлекеттік тіл ретінде толық қалыптастырып алғаннан кейін, оларда ана тілінің мәселесі деген ұғым мүлдем жоқ. Сондықтан оларға біздің тілді зерттеу таңсық, әрі өзекті болып отыр. Бұл – қазақ тілінің мәселесін шешуге талпыныс бар деген сөз. Алдағы он жылда барлық мектеп бітірушілеріміз қазақ тілін толықтай меңгеріп шығуы тікелей өзімізге байланысты. Тілді меңгеруді жүйелі түрде, ғылыми негізделген бағдарлама бойынша, кешенді жолмен балабақшадан бастап жүргізу керек. Қазақ тілі неге игерілмей жатыр? Қазақ тілінің шұрайлылығы, оралымдылығы, тілдік қоры өте бай. Бұл талай шетелдік зерттеушілерді де таңғалдырған. Яғни тіліміз – игеруге тұрарлықтай тіл. Екіншіден, оны дұрыс оқыта білу керек. Граматикасы, құрылымы, лексикасына қоса, бүкіл тілдік қазынасымен қосып оқыту оның мәртебесін көтере түседі. Үшіншіден, тілді игеруге пейіл керек. Әлі күнге дейін қазақ тілін оқытуға деген пейіл дұрыс қалыптаспай жатыр. Осы пейілдің жоқтығынан біз ана тіліміздің дәрежесін көтере алмай отырмыз. Еліміздегі басқа ұлт өкілдерін қазақ тілін міндетті түрде үйрену қажеттігіне көзін жеткізу қажет. Тиісті орындар қазақ тіліне мемлекет құрушы тіл ретінде ғана қарап қоймай, оның дәрежесін көтерудің механизмдерін іздеуі керек. Рас, кейінгі кездері кейбір қазақтар балаларын қазақ балабақшалары мен мектептеріне беріп жатыр. Осы үрдісті одан әрі жалғастырған жөн. Жасыратыны жоқ, қазақ тілін дамытуға қарсылар да бар. Олар – негізінен, қазақ тілін меңгермеген қазақ ұлтының азматтары. Тіпті олар соңғы кездері «қазақ тілінің қаншалықты керегі бар?» деген де әңгімелер айтып жүр. Себебі билік басында отырғандардың көбісі қазақ тілін меңгермеген. Сондықтан олар тіл мәселесін қозғаудан қашқақтайды. Бүгінде іс қағаздарын қазақша жазу талап етілгенімен, жоғарыдан келген қағаздардағы қате – аяқ алып жүргісіз. Хаттың мағынасы да үнемі түсініксіз болып келеді. Өйткені олар орысша ойлап, орысша жазады да, шалажансар тілімен қазақ тіліне аударады. Осыдан кейін жоғарыдан келген хаттар көбінесе мағыналық тұрғыдан түсініксіз болып келеді. Өздерінің тілдік жағдайын білген олар қазақ тілін дамытуға тіпті құлықсыз. Біздің тіліміздің дамымай отырғаны да – осыдан.
– Кейбір елдердегі сияқты, тіл полициясын құру арқылы тіл төңірегіндегі мәселелерді оңтайлы шеше аламыз ба?
– Әрине, керек. Алайда полиция деген – ауырлау сөз. Адамдардың санасына да қатты әсер етеді. Сондықтан мен тіл инспекциясы керек дер едім. Дәл қазіргі жағдайда біз тіл инспекциясын тез арада құруымыз қажет. Әйтсе де, «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды қабылдап алмай жатып, бұл ойды жүзеге асыру қиын. Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдаудан неге қашқалақтап келе жатырмыз? Осы маған түсініксіз. Қазақ тілінің мәселесі ушығып тұрған мезетте құрылмаған заң енді қашан қабылданбақшы? Ата Заңымызда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде аталғандықтан, оның дәрежесі неге соған сай болмайды? Үлкен халықаралық жиындарда лауазымды қызметкерлер қазақша сөйлей бермейді. Бұл конституциялық дәрежедегі тілдің беделіне нұқсан емес пе?! Сондықтан тілдің мәртебесін көтереміз десек, «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдауымыз қажет. Бүгінде үлкен қалаларымызда қазақ тіліндегі жазулардың көбісі – қате. Ал дәл қасында тұрған орыс және ағылшын тілдеріндегі жазулардан ешқандай қате таппайсыз. Мұны бақылап отырған ешкім жоқ. Сондықтан осындай олқылықтардың бәрін бақылайтын тіл инспекциясы болуы қажет. Соңғы кездері көше, мекемелердің атауларын ағылшын тілінде жаза бастады. Сонда бұл кімнің елі, ол жазу кімге керек? Бұл да түсініксіз. Көше атауын ағылшынша жазатындай, елімізде ағылшындар қаптап жүр ме еді? Талай елде болдым, бірақ олардан біздің елдегідей бейбастақтық көрмедім. Барлығында ана тілдері заңмен қорғалған. Сондықтан ана тіліміздің дәрежесін көтеру үшін заң қабылдап, тіл инспекциясын құрудың маңызы зор.
– Жаңа ғана өзіңіз «көшеде қос тілде жазылған жарнамалар орыс және ағылшын тілдерінде сауатты жазылғанымен, қазақ тіліндегі нұсқасында қате өріп жүр» деп айттыңыз. Осы орайда жарнаманы тек бір тілде жазуға қалай қарайсыз?
– Мұны да қолдаймын. Жарнамалардың қазақ тілінде қатесіз жазылуын да тіл инспекциясы бақылауы тиіс. Ал тіл инспекциясының құрамында қазақ тілін жоғары дәрежеде меңгерген, ұлт жанашырлары болғаны жөн. Қазақ тіліне қоғамдық көзқарасты өзгерту керек. Күнделікті өмірде қазақ тілінің құқы тапталып жатқан бірнеше жағдаймен кездесуге болады. Автобуста кондукторлар да тілі келсін, келмесін, бұрмалап орыс тілінде хабарлап жатады. Ал автобуста 30 қазақ, 1 орыс келе жатады. Ендеше ол жерде орыс тілінің қажеті қанша?! Міне, мұның бәрі тілге деген құрметтің жоқтығынан. Тілді меңгеру әрқашан қажеттіліктен туады. Сондықтан тілге деген қажеттілікті тудыру қажет. Тілге қажеттілік тудырудың жолдары да көп. Мәселен, Ресейде орыс тілін білмесеңіз, мемлекеттік жұмысқа алмайды. Бізге де неге осы тәсілді қолданбасқа?! Елімізде 130 ұлт бар, біз көпұлттымыз дейміз. Еуропа елдерінің көбісі көпұлтты. Алайда олар жергілікті негізгі ұлттың мүддесін алдыңғы орынға қоя біледі. Әншейінде шетелдің тәжірибелерінің ешқайсысын қалдырмай сүйенуге, қоғамымызда пайдаланып көруге тырысамыз, ендеше неге олардың осынау озық тәжірибелерін пайдаланбасқа?!
– Осы орайда кейбіреулер «2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді білетіндер ғана қабылдансын» деген ұсыныстар айтып жүр. Алайда «бұл өзге ұлт өкілдерінің құқығын шектейді» деушілер де бар. Сіздіңше қалай?
– Иә, иә, менің де айтып отырғаным осы ғой. Өзінің отырған орнын сақтап қалғысы келгендерге 2015 жылға дейін уақыт бар. Қазақ тілін меңгерсін, үйренсін! Ал үйренгісі келмейді екен, ендеше орнын босатсын! Қажеттілік тудырудың басы осыдан басталады. Қазақстанда өмір сүріп жатыр екенсің, қазақ тілін білмейді екенсің, ендеше бұл орын саған тиесілі емес. Бұл табиғи нәрсе болып қалыптасуы керек. Табиғи нәрсеге біз заң арқылы қол жеткізуге тырысып отырмыз. Шынына келсек, бұл – сұмдық нәрсе. Мәселен, Германияға барсаң да неміс тілін білмесең, мемлекеттік жұмыстың ауылы алыс. Рас, ағылшын тілі өрісін кең жайып келе жатыр. Германияда зерттеу жұмысын жүргізіп жатқанымда да ғылыми жұмыстардың көбісінің ағылшын тілінде екенін байқадым. «Ағылшын тілінде жазбасам, басқалар менің жазғанымды оқымайды» деген түсінік қалыптасқан. Яғни қажеттілік тудыру арқылы ағылшын тілі өрістеп жатыр. Негізі, тілді дамытудың басты тетігі қажеттілік тудыра білуде. Бүгінде ғылыми кеңестерде ғылыми жұмыстар қазақ тілінде қорғала бастады. Бұл – үлкен игілікті шаруа. Кеңес Одағы кезінде орыстар «Кеңес Одағы бойынша бүкіл ғылыми диссертациялар орыс тілінде қорғалсын» деген арнайы қаулы шығарды. Осы қаулыға байланысты сол кезеңде бәріміз ғылыми жұмысымызды орыс тілінде жазып қана қоймай, орыс тілінде қорғадық та. Міне, сол кезеңде орыс тілін үйретуге халықты қалай мәжбүрледі?!
– Еліміздегі орыс мектептерінде қазақ әдебиеті пәні бір сағатпен ғана оқытылады. Ал мамандар «қазақ тілін толық меңгеру үшін екеуін қатар оқыту керек, сағат саны да бірдей болу керек» деген пікірде. Бұған қалай қарайсыз? Мұндай жүйемен біз қазақ тілін дамыта аламыз ба?
– Мұндай көзбояушылықты қою қажет. Басқа – басқа, мектептегі сағат мәселесін шешудің қиындығы жоқ. Тек ынта-ықыластың жоқтығынан қолдан қиындық тудырып отырмыз. Қазақ тілін меңгере отырып, оқушы тілдің бүкіл мән-мазмұнын, қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрін игеруі тиіс. Сондықтан қазақ тілін меңгеруі үшін балаларды толыққанды оқыту қажет.
– Өзбекстан, Қытай секілді көрші елдер қазақ мектептерінің оқулықтарында өздерінің тарих, әдебиет, географиясын қазақ тіліне аударып оқытады екен. Біздің ұлттық және орыс мектептерінде де осы әдісті қолдануға қалай қарайсыз?
– Біздің барлық саламызда ұлттық мүдденің сойылын соғу кемшін түсіп жататыны рас. Егер осылай етсек, бізге де ешкім «қой» деп отырған жоқ. Бірақ енжарлықтың салдарынан мұндайды тіпті ойластырып отырған жоқпыз. Тілдің, ұлттың рухын көтерудің мұндай шараларын ойластыратын не мекеме, не шенеунік болмай отырғанының арқасында, есемізді жіберіп жатырмыз.
– Еліміздегі орыс тілінің ықпалын азайту үшін орыс әдебиетінің орнына дүниежүзінің әдебиетін оқытып, орыс мектептерінде тарих пәнінің орнына дүниежүзі тарихын оқытайық деген пікір айтып жүрген мамандарымыз да бар. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Өте дұрыс пікір. Біз бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Негізі, ұлт мүддесіне бағытталған кез келген әрекеттен біз қашпауымыз қажет. Мұнда тұрған ешқандай әбестік жоқ. Отаны – Қазақстан, ендеше Қазақстанның тарихын оқып-білсін, ал орыс тарихының орнына дүниежүзілік тарих, дүниежүзілік әдебиет оқытылсын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Дүниежүзілік әдебиет, дүниежүзілік тарихтың ішінде орыс тарихы мен әдебиеті де оқытылады. Ал бұл жерде жеке-даралап оқытудың еш қажеттілігін көріп тұрғаным жоқ. Мұндай әдіс орыс тілінің ықпалын азайтатыны сөзсіз. Ұрпақтарымыз ұлтын сүйетін ұлан болуы үшін ұлт ерекшелігінің барлығы пән ретінде көрініс табуы тиіс. Осы орайда бастауыш сыныптарды жаппай қазақ тілінде оқыту туралы пікірлер айтылып жүргені де рас. Алайда бұл – асырасілтеушілік. Біз күткен межеге қазақ тілін оқытуға басымдық беру арқылы да жетуге болады.
– Жақында Елбасымыз «2016 жылға дейін үштілді оқыту бағдарламасын енгізуіміз керек» дей келіп, 1-сыныптан бастап оқу бағдарламасына ағылшын тілі пәнін енгізуді тапсырды. Маман ретінде бұл ұсынысқа қалай қарайсыз?
– Елімізде тіл меңгеру мәселесі біршама зерттелген. Арнайы осы тақырыпта докторлық диссертация қорғаған профессорымыз да бар. Ол әрқашан: «5 жасқа жеткенше бала өзінің ана тілін меңгереді. Сондай-ақ толыққанды тілді меңгеруі 10 жасқа дейін созылады», – дейді. Жас баланы балабақшадан бастап, Мұхтар Шахановтың айтқанындай, «миын атала қылуға» болмайды. Ұлтының ерекшелігін толық ұғынуы үшін баланың тілі ана тілінде шығуы тиіс. Сондай-ақ бастауыш сыныптан бастап шетел тілін меңгертуге ұмтылу – асығыстық. Бала 5-сыныптан бастап басқа тілді меңгеруді бастаса да кеш қалмайды. Тілді шын меңгергісі келетін балаға сол да жетеді. Есесіне, еліміздегі барлық балабақшаларды жаппай қазақшаландыру қажет. Ана тіліміз өзге мемлекетте өзінің қызметін атқара алмайды. Қазақ тілі Қазақстанда ғана үстемдік құруы тиіс. Сондықтан өз жерімізде, өз елімізде ана тіліміздің жетімсіреуіне әрбір қазақ намыстануы тиіс.
– Жыл сайын мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға қыруар қаржы бөлінеді. Қызметкерлеріне қазақ тілін меңгерту үшін әрбір мекеме жанында қазақ тілі курстары да жұмыс істейді. Әйтсе де, бөлінген қаржыға сай істеліп жатқан жұмыстың нәтижесін көре алмай отырмыз. Неге?
– Мұның бәрі – сөз жүзінде істелініп жатқан нәрселер. Оларда қазақ тілін меңгерту үшін істелініп жатқан шаралардың белгілі бір жүйесі жоқ. Сондықтан жоғарыға жоспар өткізу үшін ғана жасалынып жатқан шарадай, мұның бәрі көзбояушы әрекетке айналған. Мысал келтірер болсақ, 31-арнада фильм көрсетіп жатып, арасында үш сөздің орыс тілі мен қазақ тіліндегі аудармаларын береді. Мұнысы тілді үйренушілерге көмек ретінде жасалып жатқан шара көрінеді. Жылт етіп көрінетін үш-ақ ауыз сөз. Сонда мұны тілді үйретуге жасалған қадам деп айтуға бола ма? Өздері мұны тілді үйренуге жасалған оң қадам ретінде бағалайды, дабырайтып айтады. Айналып келгенде, қазақ тілін меңгертуге бөлінген қыруар қаржы желге ұшып жатыр. Қазақ тілін меңгертудің тиімді тәсілінің жоқтығынан, осылайша тілді дамыту үшін бөлінген қаржы желге ұшып, ал істелініп жатқан шаруалардың нәтижесі көрінбеуде. Шындығында, тілді үйретудің тиімді тәсілі бар. Бірақ соны қолданбайды. Қолдануға құлықсыз.
Сондай-ақ мен «үш тұғырлы тіл» деген терминге де келіспеймін. Олар «три единства» деген сөзді тікелей аудара салған. Бұл – орыс тілінен тікелей аударылған нәрсе. Ұш тұғырлы тіл үш аяқты тіл деген мағына береді. Ал үш аяқты нәрсе бола ма?! Тілді шұбарламай, «үш тілділік» дей салсақ та болар еді ғой соны. Тілді қалыптастырып, дамыту үшін оны дұрыс қолдана білген жөн. Терминдерді пайдалануда да абай болған абзал. Кез келген аудармашының кез келген тілді алып аудара беруі дұрыс емес. Мәселен, интерноцианалды сөздерді жаппай аудара берудің қажеті жоқ. Біз одан қашуымыз қажет. Біздің тіліміздің басқа тілдер арқылы да дамитын кездері болады. Мәселен, араб тілі сөздерінің 30 пайызы бізге еніп кеткен. Оны жатсынбақ түгіл, бүгінде басқа тілден енгенін сезінбейміз де. Парсы тілінен де 15 пайыз сөз тілімізге еніп кеткен. Сондай-ақ орыс халқы сөздерінің 80-90 пайызы – өзге тілден енген сөздер. Біз «класс» деген сөзден қашып, «сынып» дедік. Сынып та басқа тілдің сөзі емес пе? Ендеше бір тілден қашып, келесі бір тілге енуден не ұттық? Осыны түсінбеймін. Процент, пайыз деген де – осындай аударма. Осы үрдістің әсерінен тілімізді шұбарлай бастадық.
Алашқа айтар Датым...
Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Тіл – қазақтың рухы. Тілдің дәрежесін көтере алмай отырғанымыз, ұлттық рухты көтере алмай отырғынымыз деп түсіну керек. Ол үшін елімізді ұлттық мемлекет ретінде қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана толықтай ұлттық мүддеміз үшін жұмыс істейтін боламыз.