Қазақ сатирасын ғаламторға енгізуді қолға алғым келеді
Көпен ӘМІРБЕК, «Шалқар» радиосының бас редакторы, сатирик, жазушы, ҚР Президенті сыйлығының иегері:
– Көпен аға, сіздің бойыңызда сатирикке тән қасиет басым ба, әлде жазушылық па? Бәлкім, кейінгі кездері әзіл айтатындардың қатарынан көрінбей жүруіңіздің себебі – осы жазушылықпен байланысты шығар?
– Менің сырт тұлғама қарап, жұрт өте қатал, бет қаратпайтын мінезді адам деп топшылайды. «Аяғымызды аңдап баспасақ, бірталай сөз естіп қалуымыз мүмкін», – деген де пікір айтады. Себебі жүріс-тұрысым сондай ой туғызады. 25 жасымда саяси-сатиралық «Ара» журналына орналасқан кезімде Асқар Сүлейменов маған «парторг» деген ат қойған. Парторг дегенің қара кастюм-шалбар киіп, сықиып, сыздап жүретін адамдар. Менің жүріс-тұрысым сірә, сол сияқты болса керек. Кейін Фариза Оңғарсынова апайымыз театрдан менің шығармашылық кешімді көріп «Көпеннің жаны нәзік екен ғой» деген сөз айтыпты. Ол менің өзімнен емес, сөзімнен туындаған ой. Жаңғақтың сырты бұжыр-бұжыр болғанымен, ішінде дәні бар ғой. Біз сыртына қарап бағалаймыз да, ішіне үңіле бермейміз. Ал мына сұраққа қатысты айтарым, мен өзімді әлемге әйгілі түрік әзілкеші Әзиз Несин немесе Серб сықақшысы Бранислав Нушич, қытай сатиригі Лао Шэ және өзіміздің Оспанхан Әубәкіров секілді талантты сатирикпін деп есептемеймін. Себебі олардың шыққан биігімен есептесек, мен таудың баурайында жүргендей сезінемін. Шыңға шығып, белеске де көтерілген жоқпын. Тек сатира саласына болмысымды арнадым, сатира шығармашылығымен айналыстым. Ал негізі болмысым – журналиспін. Орысшалап айтқанда «мощный» журналиспін. Өйткені қазір журналистика саласында қаламын тербеп жүрген қаламгерлердің жазған мақалаларынан, очерктерінен, эсселерінен, публицистикалық ой-толғамдарынан «шіркін-ай, былай жазса, қоғамдық ойды былай қозғаса, қопарса», – деп қарным ашып отырады. Бірақ мен бұл салаға бармадым. БАҚ саласынан екі рет Президент сыйлығын иелендім. Екіншісі – биылғы. Ал сатирада халық жоғары баға бергенімен, мен шыңдарға өрлеген жоқпын. Журналистика туралы бір данышпанның айтқан сөзі бар, «Өмірде сәуле төккен екі нәрсе бар. Оның бірі – күн, екіншісі – журналист», – деген. Сатира сәуле шаша ма? Журналистикада жаным жадырап, шуақтанып, қуаттанып, рахаттанып, нұрланып жазамын. «Қазақ әдебиеті» газетінде ұзын-ырғасы бес жылдай қалам тербедім. Сонда жүріп жазған «Сыр сұхбат» эсселерім көптің есінде шығар, Ұлттық университетте оқытылды. Марк Твен: «Журналист – бәрін білетін, бірақ шала-шарпы білетін мамандық», – депті. Мен ол пікірге қарсы шықтым. Бәрін түбіне дейін түгелдеп, зерттеп жазуға тырыстым. Ең құнды нәрсе – идея. Идея деген – темір қазық. Сол қазыққа қадалып жүре берсең, адаспайсың. Геологтар 2 грамм алтын алу үшін 10 тонна руданы қорытады. Ал біздің журналистер 10 тонна топырақ тасиды, бірақ алтыны жоқ. Ол соңында батпақ болып, жерде қалады. Әзілхан Нұршайықовтың мынадай пікірі бар: «Тозған журналист – тот басқан болт сияқты. Не алынбайды, не салынбайды», – деген. Халыққа керемет идея мен ой тастаған ағаларымыздың, қанаттас қаламдастарымыздың қасиеттерін бойыма сіңірдім. Сол себепті журналистік қасиеттей қасиетті сатирадан да, жазушылықтан да онша сіңіре қойған жоқпын-ау?! Мен «мощный журналиспін».
– Сіздің қазіргі қазақ сатирасына көңіліңіз тола ма? Заманауи сатира саңлақтарына берер кеңесіңіз, болмаса ұсыныстарыңыз бар ма?
– Қазіргі қазақ сатирасы қара орман сияқты. Қара орманның ішінде қайың да, қара ағаш та, емен де өседі. Бірақ әр ағаштың өз орны, өз қасиеті бар. Кешегі Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров пен кеше ғана өмірден өткен Сейіт Кенжеахметов, қордайлық Бектұрсын Мәдиев, шымкенттік Жолдас Ақбердиев секілді сықақшыларды іздейміз. Неге? Себебі олар із қалдырған. Ал көзі тірі көкелеріміз Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясұлы мен Толымбек Әлімбекұлы, Алпысбай Боранбайұлы сынды азаматтарымызды ешкім «сатирик емес» деп айта алмайды. Бірақ өзге елдің сатирасын оқып отырып, таң боласың. Себебі олар әлемдік аренаға шыққан, дүниежүзі оқиды. Біздің де әлемді таңдандыратын әзілдеріміз бар, бірақ шет тілге аударылмайды, насихат жоқ. Хадисте мынадай сөз бар: «Өзіңнің біліміңді, білігіңді өз ішіңде ғана сақтап, жұрттың пайдасына, кәдесіне асырмасаң, онда сен алтынды күзеткен қойманың қарауылы ғанасың». Қазақ сықақшылары сол алтын қойманың қарауылы сияқты. Осыдан кейін қазақ сатирасына көңілім тояды деп қалай айтуға болады? Өзімнен бастайын, тақырыбымыз тар, арзан дүниеге алданып жүрміз. Сатира театрлары арзан күлкіден аспайды. Олар кәрістердің еккен пиязы секілді. Бір жыл өнім алғасын, ол жерге қайтып оралмайды. Бізге ең алдымен қоғамдық мәселелерді қозғайтын саяси сатира керек. Бұл тақырып тек Қазақстанда ғана емес, әлемде де әлсіреді. Саяси сатира Әзиз Несинмен бірге өлді-ау?.. Ал айтар ұсынысым, қолдан келсе театрларда комедияны дамыту керек. Егер кинокомедия мен театрлардағы комедияны қолға алсақ, көңілімізге көк шығарады.
– Сатирик ретінде қоғамның дамуына қаншалықты қозғау салдым деп ойлайсыз? Әттеген-айыңыз не?
– Жақында «Жұма сәлем» атты кітабым жарық көрді. Бұл кітаптың ішінде қоғамның дамуына тежеу болған жәйттерді шыр-пыр болып жазған сықақ-өлеңдерім баршылық. Оның бірсыпырасы газет-журнал беттерінде жарияланды. Кейін сол өлеңдерге қатысты көптеген жақсы пікірлер естідім. Кітабым жайында «Бұл жинақ бір адамға ғана арналған деп ойласақ, бір адамды тілге тиек ете отырып үлкен қоғамдық мәселені қозғаған екен», – деген де пікірлерді естідім. Яғни мұндай шынайы пікірдің туғанын – қоғамның дамуына өзімдік үлесімді қосып жүргенім деп білем. Бірақ менде осыдан отыз жыл бұрын қанша жоспар, қанша идея болды. Мысалы, сол айтылған кинокомедияны қолға алып, театрдағы комедияны дамытқым келді. Қазір іске асырайын десем, ол заман баяғыда артта қалып, менің ойларым күнсіген көйлек сынды тозып кеткен. Сол ойларды дер кезінде пайдаланбағаныма өкінем, өкініш ішімді жарып барады. Қайтсем де сол мәселені қолға алып, кірісетін де шығармын. «Өткенге өкінбе, қайтып келмейді, алдағыны Алла біледі. Дәл бүгінгі істеген сәтті тірлігің ертеңгі күнгі бақытқа апаратын баспалдақ», – деген хадис. Менің бақытым – комедиялық дүниелерді өмірге әкелу деп білем. Бұрнағы жылы Шерхан Мұртазаға жолығып, «Аға, 60-қа толдым», – дедім. Сонда ағамыз «Не бітіріп толдың алпысқа сен?», – деп қарсы сұрақ қойды. Ол «сен көркем дүние мен әдеби дүниеге не әкелдің?» дегені ғой. Мұнан артық сын болмайды. Маңдайымнан таспен ұрғандай, көзімнен отым жарқ етті, шынында, сол кезде «мен не бітірдім?» деп ойладым. 45 жасқа дейінгі жазған сатирамның даңқымен келемін.
– Соңғы кездері әзіл-сықақ сахнасында еркектердің әйел болып өнер көрсетуі жиілеп кетті. Бұл құбылыстың сыры неде деп ойлайсыз?
– Мен бұл құбылысты мүлдем қабылдай алмаймын. Ресейлік Петросянның «Қисық айнасындағы» екі жігіттің қойылымының көшірмесі. Бейімбет Майлин мен Мұхтар Әуезовтің заманында қазақ әйелдері сахнаға шығудан қашқақтаған. Сол себепті еркек әртістер еріксіз әйелше киініп, рөлін сомдаған. Халық мәз болып, қошеметтеп, қыран-топан күлкіге кенелетін. Ол тоқтықтан емес, жоқтықтан болған еді. Ал қазір әйел әртістер шаш етектен. Бірақ сол арзан күлкіні шақыру үшін еркектер әйелге айналып, өздері күлкіге қалады. Соларды қабылдаған көрерменді де көрмедім. Қанша қажеттілігі бар, ол да түсініксіз. Айталық, Аркадий Райкиннің өзі қаншама әйелдің образын бергенімен, ол әйел болып киінген жоқ. Орыстардың әйгілі әзілкештері Петросян, Задорнов пен Жванецкий де еш уақытта әйел болып сахнаға шықпаған. Бірақ олар өз бейне-болмыстарымен орыс сатирасының тарихына есімдерін алтын шегемен қағып қойғандар. Ал біздің жігіттер әйелдің киімін киіп, рөлін ойнап, қазақ сатирасы мен сахнасының тарихына алтын шеге емес, ағаш шегемен іліп қойған сияқты. Жастарымыздың арзан күлкі арқылы жұрт көңілін баурап алуды көздегені өнерді сыйламағандық деп білем. Мұндай қойылымдар әсіресе, «Екі езу», «Нысана» сынды театрларда көп. «Бауыржан шоудың» да сахналық көріністері анайы күлкіге бой алдырған. Құдағи мен құданың әңгімесі төсектің төңірегінен шықпайды. Қазақ дәстүрінде, салт-санасында мұндай жағдай болды ма? Құда мен құдағи қашан көңіл қосып еді? Мұның бәрі адам езуінде ерсі күлкі тудырады. Ал ерсі күлкі езуді жиғызбайды, тіледі. Жұрттың жетегінде кеткен күлкі де, өнер иесі де есте қалмайды. Керісінше, өнер саңлақтары жұртшылықты жетектеп жүруі тиіс.
Шенеунік көрсе жүгіріп, қолынан сүйетін әртістердің мүсәпірлігін тіпті түсінбеймін. Ататүріктің мынадай сөзі есімде, «Біз, шенеуніктер, парламент депутаты да, министр де тіпті, президент те бола аламыз. Бірақ біздің ешқайсымыз өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан олар біздің емес, біз өнер адамының қолынан сүйеміз», – деген.
– Қазіргі таңда қазақ сатирасының ұлт мүддесіне ықпалы бар ма?
– Қазақ сатирасының қазақ ұлтының мүддесіне деген ықпалын түсіну үшін ең алдымен қазақтың Ана тілі – қазақ тілі екенін сезінуіміз керек. Бұрын тілі үшін тілім-тілім күн кешкен Ахмет Байтұрсыновтар қазір бар ма? Мемлекеттік тілді шекара қорғағандай қорғау керек, қазір шекарадағы жалғыз сарбаз Мұхтар Шаханов сияқты. Кеңес заманының кезінде қылышынан қан тамып тұрған Қызыл империя кезеңінің өзінде Расул Ғамзатов «Ертең тілім өлсе, бүгін мен өлуге дайынмын» – деген екен. Біздің Қадір ағамыз өлеңмен шебер өрнектеп, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп өтті. Осы алтын сөздер қазір ұранға айналып кеткен. Қазір қазақ тілі тек қағаз жүзінде ғана дамыған, іс жүзінде құжаттардың барлығы орыс тілінде жүргізіледі. Тіпті банкоматқа барсаң да үш тіл тұрады қазақ, орыс және ағылшын тілдері. Сонда қазақтардың көбі қай тілді таңдайды деп ойлайсыз? Әрине орыс тілін басады. Себебі біздің санамыз оған үйреніп кеткен. Сонда банкоматтың ішіндегі қазақ тілі дамымай жатқанда қазақтың мүддесі қалай дамымақ? Бірақ қазір жастардың иманға бас ұрған үлкен нөпірі өсіп келе жатыр. Осыдан он жыл бұрын мешітке барсаң, Құдайдан қорыққан бірлі-жарым партократтар отырушы еді. Қазір Алланың ақ жолына түскен кілең жастар. Ол не? Алланың ақ жолы деген – адамзат дамуының, адалдықтың, пәктіктің, бақыттың ақ жолы. Кеңес үкіметі тұсында саусақпен санарлық ғана мешіт болса, қазір әр ауылда имам бар. Қай мешітке барсаң да адамдардың дені жастар. Мемлекетіміздің діңгегі, қазақ тілінің қабырғасы, ұлтымыздың ұйытқысы осы жастар ғой. Ал ана тілін дамыту үшін мектептерде ұлттық идеологиялық сабақтар өткізу керек. Біздің ұлттық идеологиямыз тың және тыңайған жер сияқты. Бірақ біз сол тың жерге ұлттың дәнін сеуіп жүрміз бе? Ең алдымен, сыбайластық пен жемқорлықты жоймай, мүдденің аяғы тұсаулы шідерлі ат секілді, алысқа шаба алмайды.
– Бүгінгі көрерменнің талғамы жоғары. Күлкі мен әзіл де ақпараттық технология сияқты дамып отыратын болды ғой. Сіз осы ағынға қалай ілесіп жүрсіз?
– Мен заманауи технология ағынына мүлдем ілесе алмай қалдым десем де болады. Сол баяғы қағаз бен қалам, басымызға сеніп, қанағат тұттық.
– Сатира Қазнетке енді ме?
– Сатира Қазнетке әлі енген жоқ. Қоғамда ақпарат құралдарының ішінде ғаламтор ғана жоғары сұранысқа ие. Интернеттен қазақ сатириктері тудырған дүниелерді көріп, естігін де емеспін. Бірақ менің жеке жоспарымда бұл мәселе бар. Бас-көз болып, қазақ сатирасын ғаламторға енгізуді қолға алғым келеді. Сол желіде менің де шығармаларым жоқ. Бұл біздің – марғаулығымыз.
– Пародия мен шенеуніктерге жасалып жүрген қағытпалар ахуалы қалай?
– Пародия – ғажап жанр. Оны тек шебердің шебері орындайды. Англияда «Панч» деген әдеби журнал бар екен. Пародия мен эпиграмма жарияланады. Сол журналға шықпаған жазушыны ол елде жазушы деп есептемейді. Сол себепті барлығы да журнал бетіне шығуға құмартады. Ал бізде ақын болсын, жазушы болсын, қайраткер болсын өзіне пародия жасаған адамды жек көріп, соңына шам алып түседі. Бұл – біздегі пародияға деген жетім көзқарас. Пародияны шебер ойнап жүрген бірталай жастарымыз бар. Бірақ олардың дүниелерінде жалтақтық басым. Ал пародияға – жалтақтық жараспайды. Мұндай пародия пародия емес, көпшік, бөстек болады. Оның үстіне пародия жасайтын жаттанды тұлғалар бар, олар халықты әлдеқашан жалықтырып жіберген. Сол себепті жас пародистердің атын шығару үшін аты шыққан атақты қайраткерлер керек.
– Comedy Club сынды құбылыстарға қалай қарайсыз? Менталитетімізге жат дүниелер көп айтылады деген пікірді жиі естиміз, сіздің ойыңыз қандай?
– Менталитет – халықтың қаны, жүрегі, көзқарасы, пайымы мен парасаты. Ал біздің қазіргі менталитетіміз – метис. Таза ұлттық бояуын жоғалтпаған осыдан алты ғасыр бұрын салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бояуындай бейнелі де беделді менталитет қазір бізде бар ма? Бар деп айтуға да, жоқ деп айтуға да болмайды. Екеуінің арасындағы өлара жағдайда келе жатқандаймыз. Мысалы, әр елдің менталитеті әр басқа. Мысалы: Францияда болатын нәрсе болады, ал Англияда болмайтын нәрсені болдырады, Германияда болмайтын нәрсе болмайды. Ал біздің елде ше? Болайын деп тұрған нәрсені болдырмауға тырысамыз. Осындай бір жағдайда өмір сүріп жатқанымызда «Камеди клаб» сынды театрлар біздің жастарымыздың миын улап, түзу жолдан тайдыру үшін өзгеден келген көшірмелер ғана деп есептеймін. Олар біздің менталитетімізді өсірмейді, өшіреді.
– Әңгімеңізге көп рақмет.
Алашқа айтар датым...
– Мен Алашқа осыдан үш ғасыр бұрын ата-бабам айтқан датты айтқым келеді. Қызық көп жер мен көктің арасында, біреу бай, біреу жарлы дүниясында, Құдайым сауысқанға бақыт берсе, самұрық қызмет етер саясында. Самұрықтарды сауысқанның саясында жүргізбейтін заман болсын!