Қазақ әні күнтізбе қарап, тұлғаларға ән арнайтындар мен корпоративті кештерді аңдитындарға мұқтаж емес!
Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, композитор, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің директоры, Қазақстанның Халық әртісі:
– Алтынбек аға, қазақтың дәстүрлі әні мен бүгінгі эстрада бір-бірімен бірден бітісіп, бірінен кейін екіншісіне көшіп кете қойған жоқ. Соның арасында домбырамен орындалатын, бірақ таза дәстүрлі ән деуге келмейтін, алайда эстрадалық деңгейден әлдеқайда жоғары әрі қазақылығы тұнған әндер болды. Солардың көбі сіздің үлесіңіздегі әндер екен, сондықтан сізді дәстүр мен эстраданың аралығын жалғайтын көпір деп атайтындар бар. Десе дегендей-ақ, әндеріңіздің көбі домбырамен айтуға лайықталып жазылған. Осы жанр бүгінде қаншалық жалғасын тауып, өз өміршеңдігін көрсете алып отыр?
– Біздің дәстүрлі әніміз бен күйіміз, жалпы ұлттық музыкамыздың шарықтау шыңы болған. Ол – осы өзіміз туылып, бүгінге жеткен ХХ ғасырдың соңы, Тәуелсіздігімізді алуға таяп қалған 1989-1990 жылдардың шамасы. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков деген біздің аяулы ағамыз болды, бүкіл қазақ мұражайларының атасы, этнограф, ірі ғалым, міне, қазақ өнерін сол кісіден артық түсінген ешкім болған жоқ. Есімнен әлі кетпейді, 1989 жылы тамыздың 21-22-сінде екі күн қатарынан Республика сарайында сол кісінің бастауымен «Терме» деген үлкен кеш өткен. Ол кезде фонограмма деген атымен жоқ, сонда бүкіл республика әншілері тек қана домбырамен т.б саз аспаптарымен шығып, жанды дауыста ән айтты. Сол кезде мен бірінші рет Мейрамбекті жетелеп сахнаға алып шықтым. Енді-енді ғана «Бозторғаймен» шығып жүрген кезі. Бағдарлама бойынша ол 21-і күні ғана қатысуы керек болатын. Бірақ шыққаны сол еді, өнерге, дарынға деген құрмет қой, үлкен басымен Өзбекәлі ағамыздың өзі жүгіріп келіп, қолымды қысып: «Алтынбек, айналайын, мынадай дарынды баланы қайдан тауып алдың, не деген жаңалық мынау қазаққа, кішкентай баланың жүрегі бұлқынып шығып кеткелі тұр екен, тіл-көзден Құдай сақтасын», – деп, ертесі күні сахнаға қайта шығарды. Сол тұста айтыс өнері де қарқынды дамыды.
Ал енді өзіме келер болсам, мен консерваторияның домбыра бөлімін бітірдім, мамандығым – кәдімгі домбыра пәнінің мұғалімі. Екінші мамандығым – дирижер. Халық аспаптары оркестрін дирижерлеу факультетін бітіргенмін, Халық әртісі Алдаберген Мырзабековтен сабақ алған болатынмын. Менің арманым да, ойым да дирижер болу еді, бір қызығы, ол маған әлі күнге бұйырған жоқ. Оқуды бітірісімен Жамбыл облысына жолдамамен жіберді, бара сала мені бірден сондағы «Алатау» ән-би ансамбілінің жетекшісі етіп қойды. Сол 1974 жылдан бері қарай әлі бір қолымда – портфель, екінші қолымда – домбыра. Алғашқы әндерім сол Жамбыл облысында жүргенде домбыраға арнап жазылды. Ол кезде Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев аталарымыз бен солардың ізін құшқан буынның алды Жәнібек Кәрменов тірі еді. Сол 70-жылдары дәстүрлі ән сахна төрінде еді, домбыра әндерін халық керемет ұйып тыңдайтын. Қайрат Байбосынов сахнадан түспейтін.
– Мүмкін, ол домбыраға, ұлттық музыкаға демеудің мықты болғандығынан шығар?
– Жоқ, демеу деген мүлдем болған жоқ, тіпті ондай түсінік те жоқ еді ғой. Ол кезде таза өнер құрметтелетін. Өз маңдай теріңнің жемісін көретінсің. Әр адамда патриоттық сезім деген мықты еді. Ал енді жалпы қазақ әніне келсек, Кенен атамыздан кейін көптен ешкім домбыраға арнап ән жазбай кеткен еді. Оған дейін Ақан сері, Біржан сал, сонау Әсет секілді халық композиторларының әндері домбырада әуелегені айтпаса да түсінікті. Ал енді Кенен ата 1976 жылы қайтыс болды. Содан кейінгі буын Садық Кәрімбаев, Мұқан Төлебаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Бекен Жамақаев, Бақытжан Байқадамов ағаларымыз – бәрі опера, эстрада жанрында жазды. Әрине, мен арнайы «осылай жазайыншы» деп емес, өз жан дүнием соған бейім болған соң жаздым. Ең бірінші әнім «Сырғалым», «Ақ моншақты аруым», «Қара кемпір», «Қара шал», «Қара бала», «Қара пима» т.б. бірінен кейін бірі ағылып келді өзі. Егінбаевтың таласып жүрген «Қызым, саған айтам» әні домбыраға арналған. Осындай әндерімнің барын халық өзі-ақ біледі, бірақ айтқаным да артықтық етпес. Ал енді менен кейін ептеп халықтық сарында ән жазатын сазгерлер шыға бастады. Мысалы, Әбүйірбек Тінәлиев, Шәміл Әбілтаев, оның бір-екі әндерін кезінде Мақпал Жүнісова орындап шықты. Ал қазір домбыраға арнап ешкім жазбайды, бәрі эстрада. Онда да баяғы Шәмшілердей сазгер қайда? Барлығы компьютерге ауысып кеткен. Әлі де болса, әйтеуір, шабытымыздың барында сол дәстүрді жалғап, қоңыр домбыраға күмбір ән шығарып жүрміз... Соңғы жылдары «Жайлауда», Мұқағалидың сөзіне жазылған «Қарасаздың шыбығын жел тербеген», «Арман» деген әндерім, Әбдірахман Асылбековтің сөзіне жазған «Айдай сұлу аруым» секілді әндерім тек домбырада орындалып жүр.
– Осыған дейінгі жарық көрген, орындалып жүрген барлық әндеріңіздің санын шамалап айта аласыз ба, қанша?
– Соншалық көп емес енді, ұзын саны шамамен 65-тей болып қалады-ау... Күйлерді қосқанда 80-дей, алайда халықтың құлағында жүргені сол 60 қой... Соның ішінде 20-сы – өте танымал, күнделікті эфирге шығып жүрген әндер.
– Сіздің әндеріңіздің көбі «қара кемпір», «қара шал», «қара пима» секілді қара тіркесімен бірге келеді. «Қара» деген – түсінгенге қазақтың балама атауы ғой. Аталған әндердің қайсысын тыңдасаң да, жүрегің шымырлап, жаныңның жылғасымен бойлай жанарыңа жас келеді. Ал қазіргі заманауи әндеріміздің қазақтан алшақтап бара жатуының сыры неде деп ойлайсыз? Әлде ол заңды, табиғи құбылыс па?
– Еліктеу деген бір жаман құбылыс бар. Компьютер дегенді де текке айтқаным жоқ әңгіме арасында. Жасыратыны жоқ, бүгінде кәдімгідей күнтізбені ашып жіберіп, «бәлен күннен кейін бәленше ақсақалдың туған күні екен ғой, бір ән арнап жіберейін» дейтін сазгерсымақтар бар. Немесе сол сияқты ірі-ірі компаниялардың корпоративті кештерін аңдиды. Сосын олардың тиын-тебенін алып, отырады да, бір сағаттың ішінде шала-шарпы бір дүние жаза салады. Өнер ме сол, өзіңіз ойлап көріңізші... Міне, осыдан қазір «одноразовый», яғни бір-ақ рет орындалып, сол күйі қалатын әндер қаптап кетті. Бірақ бір нәрсе анық, қазақ әні күнтізбе қарап, тұлғаларға ән арнайтындар мен корпоративті кештерді аңдитындарға мұқтаж емес!
Мен қазақы адаммын деймін ғой, бірақ түсінбеймін, немерем қазақша мектепке барады, қазақша сайрайды, бестікпен оқиды, бірақ ән айт десең, тек орысша айтады. Бұл – ақпарат құралдарының, үйдегі спутник арналарының әсері.
– Жалпы, жаңа ән, жаңа күй, әйтеуір, жаңа туынды дегенімізбен, ол белгілі бір дәрежеде өз бастауын байырғы түп негізден алары хақ. Ендеше, сол бұрынғы әндерден мәйек алу мөлшері қаншалықты көлемнен аспауы шарт? Ал біз, бүгінгілер, сол мөлшерден қаншалықты асып кетіп жүрміз?
– «Өзі айналдырған жеті нота, қалай ұқсамасын бір-біріне?» дейді, ол – бекер нәрсе. Ұқсастық дегеннің де жөні болады. Мысалы, тереңге үңіліп қарасақ, ХVІІІ ғасырда жазылған шығармаға арада бір ғасыр өткенде кейбір шығарма ұқсап кетеді екен. Ол кезде енді бүгінгідей техника дамымаған, біреудікін біреу көшіріп ала қоятын мүмкіндік жоқ қой. Классикалық шығармалар арасында, мысалы, Ғазиздың әні «Ғазиз» деген бар, сонымен Шашубайдың «Ақ қайыңы», тағы Біржанның «Жалғыз аршасы» дегендер бір-біріне қатты ұқсайды екен. Нотасына дейін бірдей дерсің. Сондай-ақ Шәкен Күмісбеков деген ағамыздың атақты вальсі орыс классикалық шығармаларының біріне ұқсайды екен, тағы да Сүгірдің «Ыңғайтөк» деген күйі мен Ақтанбердінің «Күлдір де күлдір кісінетіп» деген жыры, Тәттімбеттің үш «Қосбасарына» Т.Момбековтің «Қосбасарлары», Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» әні мен Ахмет Жұбановтың «Би күйі», міне, осындай шығармалар бір-біріне қатты ұқсайды екен. Мысалы, Н.Тілендиевтің «Алатау» деген атақты әнінің барын білесіздер. Сол Кенекеңнің «Базар-Назар» деген әніне ұқсайды. Бірақ Нұрғиса Кенекеңнен ұрлайтын адам ба? Бұл – кездейсоқтық, табиғи дәстүрлі кездейсоқтық.
– Сіздің «Сағындым Алматымды» әніңізді «Сағындым Қашқарымды» деп Үрімжіде орындап жүр дейді, мысалы, соған қалай қарайсыз?
– Мен ондай ұсақтыққа бармайтын адаммын. Орындай берсін, мен қайта қуанамын. Мұндай мысалдар көп, өзім хабардармын да. Осыдан үш-төрт жыл бұрын өзбек жігіті өзбекшелеп орындап жүр екен. Сондай-ақ «Үш қоңырымды» да Қытайдың бір театрында баритон дауысты бір әнші жігіт аударып алып, қытайша орындап жүр дейді. Мен сыртынан естіп, қуанып жүрмін қайта.
– «МузАрт» әсіресе соның ішінде Мейрамбексіз, Тоқтарсыз қазіргі қазақ эстрадасын елестету қиын. Олардың өзге әншілерден басты ерекшелігі әнді жүрекпен орындауы, сондай-ақ таза, қазақы үнмен, әрбір әріп, әр дыбысына дейін тіліміздің үндестік заңын бұзбай айтуында десем еш қателеспейтін шығармын. Қаршадайынан «Бозторғай» деп шырылдап, елдің көзіне жас алдырған Мейрамбек болсын, Тоқтар болсын – сіздің шәкірттеріңіз. Ендеше, оларға әнді осылай айту керек деп үйреттіңіз бе болмаса тумысынан сондай балаларды тауып алдыңыз ба?
– Қарағым, қазақи әнді игеріп кету деген сөз – компьютер үйрену сияқты емес. Асфальтте туып, трамвай, троллейбуста өскен бала тұп-тұнық қазақша ән салады деп мен айта алмаймын. Мысалы, Мейрамбек ауылда туған бала. Тоқтар кәдімгі Семейдің бір ауылында қозы-лақ қуып, ат жалында өскен бала. Ол екеуінің қай-қайсысына болсын әнді мен үйреттім деп айта алмаймын. Бұл – Құдай берген қасиет, дарын. Мен жай ғана «әй, балам, олай жүрме, былай жүр, анадай ән айтпа, мынадай айт» деуім мүмкін, бірақ күндіз-түні сабақ беріп, өйт-бүйт деген – бекер нәрсе. Мейрамбектің жанымда жүргеніне 30 жыл, Тоқтарға 25 жыл болды, обалы не керек, қазір отбасылары бар, бөлек тұрса да, өз беттерімен кетсе де, бір-ақ ауыз сөзіме тоқтап, шақырсам болды, өз тірліктерін тастайды да келеді. Ол да болса ұстаз сыйлағандықтары, олардың қайырымдылықтары. Халық екеуін де мойындап, әлі күнге сүйіп тыңдайды. Қазір екеуі де өнер жұлдызы деп мен толық сеніммен айта аламын. Ал бұл – үлкен бақыт. Өзім олар үшін сүйсінемен.
– Ән сөзін өзгертіп айту, бұзып орындау деген таңсық болмай қалды, бұл – бір. Екіншіден, әншілеріміздің арасында шетелдің аты белгілі, белгісіз сазгерлерінің әнін алып, соған қазақша сөз жазып орындау сәнге айналды. Осы қаншалықты кешірімді жайт? Жалпы, мұндай жайттарды ауыздықтау үшін қандай жаза қолдану керек деп санайсыз? Сазгерсіз, ән жанашырысыз, осы мәселе сіздің шымбайыңызға бататын шығар?
– Меніңше, бұл – уақытша құбылыс. Қалай болғанда да дұрыс нәрсе емес қой. Тосқауыл қойылатын шығар. Мен сізге осы орайда кезінде болған бір оқиғаны айтып берейін. Сонау 60-жылдары Бекен Жамақаев деген композитор ағамыздың «Махаббат вальсі» деген әні шығып, сол мезетте халық арасында кең танылып, хитқа айналған. Мұны ең алғаш орындаған марқұм Роза Бағланова апамыз еді. Әнді Мәскеуге дейін алып барды. Сол кездері шетелдік азаматтардың бірі әуенін құлаққа іліп қалады. Өздерінің бүкіл әлемге таралғалы тұрған киносына музыкаға қолданады. Күндердің күнінде ол кино Алматыға да жетеді ғой. Сонда тырнақ астынан кір іздеген әлдекімдер ұрымтал тұсты қағып алып, Бекен Жамақаевты сотқа береді. «Іштен шыққан жау жаман» деген рас, «шетелдің пәлен деген фильмінен ұрлап алған екен» деп, бүкіл елге Бекен ағамызды масқаралайды. Ағамыздың тасы өрге домалап тұрған шағында аяқастынан осындай қырсық аяқтан шалып, бірден оны комсомол құрамынан шығарып жібереді, жұмыстан шығарып, баспасөзде қаралайды. Содан не керек, кім жаман, Бекен жаман, қарабет деп, бес жыл әлгі ағамыз күйік пен дертке шалдығып, ақыр соңы дүниеден безіп кетуге сәл-ақ қалады ғой. Алайда «аққа Құдай жақ» деген, күндердің күні әлгі елден біздің Композиторлар одағына хат келеді. «Кешіріңіздер, бұл әнді біз, керісінше, Бекен Жамақаевтан алыппыз, Роза Бағланованың орындауында естіп, ұнап қалған соң, 1962 жылы киномызға қолданып едік» дегенді оқығанда, кім жердің қай тесігіне кірерін білмей, бекерге бір адамды жазғырып, сонша қудалағандарына өкініпті де қалыпты.
– Аға, осы бүгінде ақын мен сазгерден бөлек, әннің жарыққа шығуына тікелей жауапты, соған кәдімгідей өз үлесін қосып, құлпыртып жіберетін аранжировкашы дейтін де тұлға бар. Автор мен орындаушы арасындағы дәнекер десек те болады. Бірақ сол аранжировкашылардың қоғамда ешқандай статусы жоқ екен. Және де бұл оларды жай қалдырмайтын мәселеге айналып келе жатса керек. Осы ретте, сіз не дер едіңіз, бәлкім, аранжировкашыларға арнайы статус берілу керек шығар?
– Бұл өзі – өте бір нәзік, нақты бір кесімін айту қиын сұрақ. Аранжировкашылар менің де талай әнімді өңдеді. Оларды өңдеуші деп көрсеттік, гонорарын төледік. Бұл бір рет төленетін гонорар. Ал енді мен ол ән үшін қанша рет орындалса, сонша рет гонорар алуға құқылымын. Себебі автормын ғой. Мәселе авторлық құқық дегенге келіп тіркеледі ғой. Сондықтан, меніңше, бір реттік гонорармен олар қанағат етуге тиіс, аранжировкашыларда басқа қандай статус болуы мүмкін? Өздері еңбегі үшін ақы алып отыр, тегін істеп, күйіп қалып жатқан жоқ. Егер соған місе тұтпай, күндердің күні аранжировкашылар авторлық үлеске жармасса, онда нағыз шатақ сонда шығатын сияқты. Анық масқара сонда болады дей беріңіз.
– Авторлық құқықты айқындап беретін құзырлы орындар дұрыс жұмыс істеп отыр ма, көңіліңіз тола ма?
– Қазір өзі авторлық құқық жөніндегі қоғамдар көбейіп кетті. Қыдырәлі Болманов бауырымыз, Ләйлә Сұлтанқызы деген қарындасымыз да осы салада жұмыс атқарып жүр. Біз сол баяғы Марал Ысқақбай басқаратын авторлар қауымдастығындамыз. Кезінде бұл авторлық құқық деген мәселе аяқ астында қалып, әнімізге ештеңе айырып ала алмасақ, шүкір, қазір дұрыс жолға қойылды да, кәдімгідей табыс түсіріп жүр. Менің есепшотыма заңды түрде түсіп отырады. Реттелді деп айта аламын. Ал баяғыда әніміздің сайда саны, құмда ізі ғана қалып, әніміздің қайда орындалып, қайда қалып жатқанын білмейтін де кездер болды. Бәлкім, бұған әлгіндей авторлық құқықпен айналысатын қоғамдардың көбейіп, өзара бәсекелестіктің тууы да ықпал етіп отырған шығар. Қайта көп әнімді өзім кезінде тіркетпей, мән бермей жүре бергенмін. Мінезім сондай, бір нәрсенің соңына түсіп, тықақтап, пайда іздеп жүретін адамдар қатарынан емеспін.
– Бүгінде өзіңіз басқарып отырған «Қазақконцерттің» экономикалық, әлеуметтік, шығармашылық әлеуеті жайына да көшсек... Осынау қасиетті қара шаңырағымыздың бірі заман көшіне қаншалықты ілесе алып отыр?
– Мен бұл орынға 2003 жылы келдім. Содан бірден кадр мәселесін қолға алдым. Зейнет жасындағы кісілерді шығарып салып, жастарды көбірек тартуға тырыстым. «МузАрт» құрылғаны көп болмаған, соларды, «Жігер» тобын т.б жалынды жастардың арқасында ұжымның абыройы да асқақтап, жұмысы да жүрді. Роза Бағланова апамыз өле-өлгенше сахнадан түскен жоқ. Ондай кісілерге мейлінше жағдай жасадық. Жастардың да имиджімен, стилімен, репертуарымен жұмыс істедік. Ананы жасадық, былай еттік демейін, бәрін халық өзі көріп отыр ғой. Күні бүгін «Менің Қазақстаным» пойызымен ел аралап келіп отырмыз. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай жасақталған бұл құраманың 50 пайызы – «Қазақконцерттің» мүшелері. Қазір біз сахнада жанды дауыста айтуға ден қойып, қадағалап жатырмыз. Концерттерде фонограммамен айтуға мен рұқсат бермеймін.