Қақтығыстарды реттеудің тиімді әдістері мен тәсілдерін толық меңгердік деп айтуға әзірге ертерек
Гүлнар НАСИМОВА, саяси ғылымдар докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану кафедрасының профессоры:
– Кез келген деңгейдегі жанжалдың туу себептері мен заңдылықтарын зерттейтін конфликтология ғылымының біздегі дамуының деңгейі қандай?
– Бүгінгі таңдағы конфликтология – түрлі қақтығыстардың пайда болу заңдылықтары мен дамуын зерттейтін ғылымның пәнаралық саласы. Қақтығыстарды зерттеудегі ғылыми қызығушылық өткен ғасырдың 90-жылдары барлық посткеңестік мемлекеттерде байқалды. Осы кезеңнен бастап транзиттік мемлекеттердегі халықаралық ұйымдар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, елдегі тәуекелділік деңгейін бағалауға, қақтығыстардың алдын алуға байланысты зерттеулер жүргізе бастады. Адам құқықтары жөніндегі орталықтар, институттар және түрлі ағартушылық құқық қорғау ұйымдары құрылып, конфликтологияға қатысты алғашқы зерттеу жұмыстары шыға бастады. 1995 жылы конфликтологиялық орталықтың негізі қаланды. Сонымен қатар конфликтология оқу пәні ретінде де қалыптаса бастады. Мәселен, конфликтология әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірқатар мамандықтарында оқытылады. Ал саяси конфликтологияға келсек, бұл пән саясаттану мамандығының мемлекеттік стандартында енгізілген. Дегенмен шетелдік ғылымда қалыптасқан қақтығыстарды реттеудің тиімді әдістері мен тәсілдерін толық меңгердік деп айту әзірге ерте. Біз әлі де болса бұл бағыттағы әлемдік тәжірибенің жағымды тұстарын толық бағаламадық. Сондықтан Қазақстандағы конфликтологияны ғылым саласы ретінде даму үстінде деп айта аламыз.
– Біздің елімізде өзге елдермен салыстырғанда әлеуметтік, саяси қақтығыстар көп болмайды. Бұған қарап, конфликтология ғылымының дамуына сұраныс жоқ дей аламыз ба?
– Шынында да, біздің еліміз саяси қақтығыстардың алдын алудағы үлкен тәжірибеге ие. Мұны әлемдік қауымдастық та жоғары бағалайды. Еліміздегі саяси тұрақтылыққа байланысты мемлекетімізде саяси жүйені демократиялау процесі жүруде және әлеуметтік-экономикалық реформалардың шарттары толықтай қалыптасқан. Бірақ кез келген қоғамға конструктивті қақтығыстардың болғанын дұрыс санаймын. Ол саяси жүйенің динамикалық дамуын қамтамасыз етуге, оның үнемі өзгеріп отыратын шарттарға дағдылануына, социум мен оның жеке бөліктеріне жағымды әсер етеді. Пайда болған қақтығыстар тұрақсыздықтың индикаторы болып табылмайды, ол қоғамдағы сәйкес келмейтін мүдделерді, заңды түрде пікірін білдіріп, ашық пікірталасқа түсу, саяси қақтығыстардың алдын алу мен реттеудің диалогтық кеңістігінің бар екенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстанда деструктивті қақтығыстар жоқ деп айтқан дұрыс. Бірақ бұл конфликтологияны дамытпау қажет деген пікір емес. Себебі конфликтология ғылымы – болған немесе болып жатқан қақтығыстарды зерттейтін ғылым емес, сонымен қатар оларды болдырмаудың амалдарын іздейтін ғылым. Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық және саяси модернизация шарттарында кез келген қоғамда түрлі деңгейдегі қақтығыстардың орын алуы заңды. Екіншіден, ТМД-ның кейбір елдеріндегі саяси қақтығыстар қоғамның дестабилизациясына ықпал етуімен қатар, қарулы шиеленістерге де апарды. Осы елдердегі қақтығыстар тарихи алғышарттармен бірге, қоғамдық қатынастардағы әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және саяси салалардағы дағдарыстық құбылыстарға байланысты еді. ТМД елдеріндегі ішкі саяси қақтығыстардың пайда болуының негізгі себептері әлеуметтік тұрақсыздық деңгейін түсіру әдістерінің толықтай зерттелмеуі мен қақтығыстарды басқарудың конструктивтік оперативті технологияларының жоқтығына байланысты еді. Сәйкесінше, қазақстандық қоғамның динамикалық дамуында оның тұрақтылығын қамтамасыз ететін жаңа әлеуметтік-саяси технологиялар мен тәжірибелік қарқындылық пен ресурстарды қажет етумен бірге, ғылыми зерттеулерді дамыта түсу қажет.
– Л.Козер, Р.Дарендорф, К.Боулдинг сияқты ғалымдар осы конфликтология ғылымына өзіндік тұжырымдамаларын енгізіп кетті. Өзіңіз осы саланы зерттедіңіз. Осы ғылымға қандай ой-пікірлер әкелдіңіз?
– Бұл классиктер конфликтологияның негізін қалап, қақтығыс прогрестің стимуляторы, әлеуметтік құрылымды, қоғамдық қатынастарды жоғарылататын құбылыс екендігін дәлелдеді. Менің ғылыми қызығушылығым зорлық-зомбылық қақтығыстарының алдын алу әдістерімен байланысты. Менің ойымша, қоғамды әрі қарай демократияландыру мен модернизациялау жолында деструктивті қақтығыстардың алдын алудың инновациялық технологияларын дамыта түсу қажет. Қоғамдағы деструктивті қақтығыстардың алдын алу өзара пайдалы шешімдермен қамтамасыз ететін институтталған механизмдер көмегімен ғана мүмкін болмақ. Түрлі әлеуметтік топтар арасындағы қақтығыстарды реттейтін және пікірталас негізі мен шешім қабылдаудың құқықтық негіздерін қамтамасыз ететін институттар қажет. Қақтығыстардың алдын алудың мәдениеті мәселесіне де ерекше мән берілуі тиіс. Қарама-қайшы құндылықтары бар және саяси ориентациялардағы әлеуметтік топтардың өркениетті диалог алаңын жүргізу қажет деп ойлаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдарында бейбітшіліктің мәдениет идеялары, қақтығыстарды реттеудің конструктивті әдістеріне үгіт-насихат жүргізілгені дұрыс деп санаймын. Бүгін біз қоғамдық процестер мен қатынастардың тұрақтылығы мен демократиялануының маңызды факторы болып табылатын конфликтологияның теориялық, тәжірибелік және білім беру потенциалын жоғарылатуымыз қажет.
– Бізде саяси жанжалдардың кесірінен тұтас партиялардың бөлініп кетуіне алып келген оқиғалар жиі кездеседі. Бұл біздегі саяси партияларда делдалдардың, жанжалды реттеуші мамандардың жетіспеуінен емес пе?
– Партиялар арасындағы бөлінуді тек қана қақтығыстарды реттейтін мамандардың жоқтығымен байланыстыруға болмайды. Партияішілік қақтығыстар кез келген қарама-қайшылықтардың себебі болып табылады. Сонымен бірге партиялық жүйеге әрдайым қақтығыстық себептер тән. Өйткені нақты әлеуметтік қауымдастықтың мүддесін көздейтін әрбір саяси партия еліміздің саяси өміріне ықпал ететін және билікке күресетін азаматтарды біріктіреді. Бөлінушілік немесе дағдарыстың себебін басқадан іздеу керек. Партиялар көп жағдайда әлеуметтік қызметтерін атқармайды. Сонымен қатар партия мүшелерінің заң шығару және атқарушылық шешім қабылдауда қоғамдық саяси коммуникациясының тиімді жұмысы да көрінбейді. Бөлінушілік саяси тәжірибенің жоқтығына да байланысты. Кейбір партияларда тиімді партиялық құрылым жоқ. Партиялардың болашаққа жасалған жоспарының, партия лидерлерінің ашық және әділ бәсекелестігінің жоқтығы, кадрлық саясаты да құрылымның дамуына нұқсан келтіреді. Ең бастысы, партиядағы өзара бөлінушілік барлық мүшелерінің арасын біріктіретін жалғыз лидерінің болмауына байланысты деп ойлаймыз. Міне, осының барлығы партия ішіндегі қақтығыстардың базасы болып табылады.
– Конфликтология ғылымында қақтығыстар мен жанжалдар қоғамдық қатынастардың ажырамас бөлігі деп көрсетілген. Ендеше, әлеуметтік, саяси сипаттағы жанжалдар болып тұруы – заңдылық. Біздің елде осы саланы зерттеп, зерделейтін институттар бар ма? Осындай орталықтар керек пе?
– Қазақстандағы ғылыми-зерттеу институттары мен сараптамалық орталықтар әлеуметтік-саяси қақтығыстардың факторларын зерттейді, қоғамдағы қақтығыстық потенциалдың төмендеуіне қатысты ұсыныстар береді. Дегенмен қақтығыстарды кешенді зерттейтін институт жоқ. 90-жылдары Қазақстанда конфликтологиялық орталық ашылып, бұл ұйымның қызметі төмендегідей бағыттармен ұштасты: білім, зерттеу және мониторинг, баспа қызметі, қақтығыстардың алдын алу мен реттеу саласында қызмет атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың ұйымдастырушылық дамуы. Орталық жыл сайын жоғары оқу орындарының оқытушыларына және мұғалімдерге, халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдері арасында қақтығыстарды шешудің теориясы мен тәжірибесіне қатысты жазғы университеттер мен мектептер ұйымдастырып отырды. Өкінішке қарай, бүгінде аталмыш орталықтың белсенділігі көрінбейді. Бұл күнде біздің қоғамға жүйелі түрде қақтығыстық жағдайды зерттейтін, соның негізінде өз уақытында оны реттеудің инновациялық технологияларын дайындайтын ғылыми-зерттеу институттары қажет. Оны қақтығыстардың алдын алу мен реттеу орталығы деп атауға болады. Түрлі деңгейдегі мониторинг жүргізетін арнайы сараптамалық-кеңес беру қызметін ашуға болады және олардың қызметтері деструктивті жағдайларға апаратын қақтығыстық жағдайлардың факторын анықтайтын ерте диагностикалық жұмыс жүргізу, орын алған қақтығыстардың даму диагностикасын зерттеу, қақтығыстардың сипаты, олардың локалдануы, рационалдану мен реттелуіне қатысты дәйекті ұсыныстар беру болуы керек. Сонымен қатар аталмыш сараптамалық-кеңес беру қызметіне қақтығыстарды шешудің бейбіт тәсілдері ізденісін жүргізу, қақтығысқа делдал ретінде қатысу, қақтығыстарды бейбіт реттеу жолдарын түсіндірудегі ағартушылық жұмыс, ғылыми зерттеулер жүргізу, қақтығыстардың алдын алу мәселесіне қатысты жобалар дайындау, мемлекеттік қызметкерлер арасында қақтығыстарды реттеуге қатысты тренингтер мен семинарлар жүргізу сияқты міндеттерді қоюымызға болады.
– Түрлі деңгейдегі қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың қазіргі қызметінің деңгейі қандай?
– Әлемдік тәжірибеде қақтығыстарды реттеуде халықаралық ұйымдардың рөлі өте жоғары. Біріккен Ұлттар Ұйымының әскери қақтығыстар орын алған аймақтарда экскалацияны тоқтатудағы бейбітшілік негізіндегі күштерді жіберуі жиі орын алады. Дегенмен ХХ ғасырдың 90-жылдары әлемнің әр түкпіріндегі аймақтық қақтығыстар орын алған жерлерде АҚШ белсенділігінің өсуіне байланысты БҰҰ-ның қызметі төмендеді. Мысал ретінде Балқан қақтығысы мен Ирактағы соғысты атап кете аламыз. Араб-Израиль қақтығысында да арбитр рөлінде болған БҰҰ өзінің тиімсіздігін көрсеткенін айта кеткеніміз жөн. НАТО-ның Югославияға қарсы санкциясыз әскери күш қолдануында БҰҰ өзінің толықтай әлсіздігін көрсетті. Осыған байланысты қақтығыстардың алдын алу бағытында БҰҰ секілді өзге де беделді ұйымдардың рөлін жоғарылату қажет. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының жедел реакция беру күштерін қалыптастыру ұсынысын соңына дейін жалғастыру керек. Ол қақтығыстардың алдын алудың негізгі элементі болып табылмақ. Бұл бейбіт күштердің бақылау мен дайындық мәселелерін шешеді. Сонымен бірге соңғы уақытта саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде аймақтық ұйымдардың мәні жоғарылады. Осыған байланысты қақтығыстардың алдын алуда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мүмкіндіктері мен құқықтық негіздері қалыптасты. ЕҚЫҰ-ның қақтығыстардың алдын алудағы тәжірибелік механизмдері Грузия, Молдова, Тәжікстан, Таулы Қарабах секілді посткеңестік елдерде қолданылды. Бұл тұста ұйым кейбір зорлық-зомбылық қақтығыстарының алдын ала алмады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ЕҚЫҰ өзінің тұрақтандыру қызметін жоғалта бастады. Өзінің жеке әскери құралының болмауына байланысты және НАТО-ның кеңеюінен бастап ЕҚЫҰ қауіпсіздіктегі жеке жүйе мүмкіндігінен айырылды. Десек те, ЕҚЫҰ потенциалы жоғары. Өйткені ұйымға 56 мемлекет мүше болып табылады. Әрине, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аталмыш мәселені өзекті ететіні анық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қазақ- станның жалпы міндеті – ұйымның қазіргі заманның қатерлері ұлғайған кезеңде күшті және тиімді екендігін көрсету. Сондықтан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның халықаралық арена мен біздің аймағымыздағы рөлі мен ықпалын күшейтуді мақсат тұтқанын айта кеткеніміз жөн.
– Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткелі мемлекетаралық қақтығыстарды реттеуге күш салып келеді. Ауғанстан проблемасы да шет қалған жоқ. Жалпы, саясаттанушы ретінде осы Ауғанстан мәселесін реттеудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Мен сіздің сұрағыңызға сұрақпен жауап берсем. Ал кейбір мемлекеттер немесе Ауғанстанның өзі қақтығыстардың шешілуін қалай ма? Әрине, бұл – өте өзекті мәселе. Дегенмен сіздің сұрағыңызға оралсақ, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Ауғанстан мәселесіне назар аударуы қажет. Ауғанстан төңірегіндегі проблемалар – халықаралық саясаттағы өте күрделі мәселе. Елдегі жағдай әлі де жақсармады, тұрақтылық пен заңсыз есірткі мәселесі шешімін таппады. Осы байырғы мәселені кешенді шешудегі стратегиялық жұмыстардың ізі ең алдымен жауапты субъектілер – АҚШ пен НАТО одақтастары арасында байқалмайды. Сонымен қатар еуропалық мемлекеттер Ауғанстандағы жауапкершіліктен қашқақтау ниетінде елді тастауға ұмтылып, мемлекеттің болашағына деген жауапкершілікті әлсіз жергілікті билікке қалдырғысы келеді. Көптеген сарапшылар бұл елді әлемдік саясат үшін жаһандық «қара жәшік» ретінде санайды. Міне, осы тұста түрлі халықаралық және ұлттық, заңды және заңсыз, реалды және виртуалды субъектілердің күресі мен өзара көмек механизмдері қолданылады. Бұл өзара қимылдардың нәтижелерін және жағдайдың дамуын болжау қиынға соғатыны сөзсіз. Егер де ауған соғысының ресми хабарламаларының астарында басқа, жабық мақсаттар мен міндеттер тұрмағанда, мәселенің шешілуі де жеңіл болатын еді. Мен Вашингтонның мұнай-газ жобаларын және т.б. мемлекеттердің жоспарлары туралы айтып отырмын. Мұнда аймақтық державалар мен жаһандық ойыншылардың мүдделері тоғысып тұр. Ауғанстанға қатысты түрлі мақсаттар мен міндеттер болғанымен, кез келген шешім қабылдауда нақты әскери-саяси жағдайға да мән берілуі тиіс. Бүгінде Ауғанстандағы жағдайды шешуде жаңа, максималды түрде салмақты біріккен компромисті шешімдерге бару қажет. Өйткені бұрын қолданылған тәсілдер өзінің әлсіздігін көрсетіп, болашақтағы өзінің қажетті нәтижесін бермейді. Беделді халықаралық ұйымдар аясында Ауғанстанды тұрақтандыру жөніндегі комитет құру қажет. Мұнда берілген мәселені шешуге мүдделі Ауғанстанға көрші мемлекеттер қатысуы тиіс. Көптеген сарапшылардың пікірінше, бұл диалогқа қатысушы мемлекеттер санын кеңейту қажет. Бұл дұрыс та шығар, бірақ делдалдардың көбеюі қақтығыстарды реттеу жолдарын қиындатады. Өйткені саясатқа қатысушы әр мемлекет өз талаптарымен шығады. Ең бастысы, Ауғанстандағы берілген мәселені шешуде экономикалық және гуманитарлық сипаттағы кешенді істер ізденісін жалғастыру қажет. Бүгіннен бастап елдің жаңа инфрақұрылымын құру үшін жаңа жұмыс орындарын құрып, реалды экономиканы қалыптастырғанымыз абзал. Бірақ мұны ЕҚЫҰ-ның қатысушы мемлекеттерінсіз жүргізу ауырға соғады. Бұл бағытта Қазақстан жұмыс атқарып жатқандығы белгілі. Елбасымыз өзінің «ЕҚЫҰ тағдыры және перспективалары» атты мақаласында айтқандай, Қазақстан Ауғанстанның бір мың азаматын қазақстандық оқу орындарында түрлі азаматтық мамандықтарға оқыту мақсатында 50 млн доллар бөлу туралы шешім қабылдады. Егер басқа да мемлекеттер осы бағытта жұмыс атқарса, бұл мәселені шешудің бір ғана бастамасы болып табылмақ.
– Қазіргі кезде халықаралық қатынастардағы үлкен қақтығыстарды реттеуде дипломатияның құндылықтары сақталып отыр ма? Біздіңше, дипломатия мүдделер қақтығысының көлеңкесінде қалып қойған сияқты көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Егер саясатта дипломатия құндылықтары байқалмаса, онда бүкіл әлем қақтығыста болар еді. Қақтығыс қандай деңгейде болғанымен, ерте ме, кеш пе, ол аяқталады және қақтығысушы тараптар келіссөздерге отырады. Бүгінгі таңда дипломатияның тәсілдері түрлі формаларда даму үстінде. Стандартты манипулятивтік технологиялар да жиі қолданылады. Сонымен бірге ультиматумдар және түрлі деңгейдегі қатерлермен қорқыту іс-әрекеттері бар. Саяси тарихта компромисс қақтығыстарды реттеудің соңғы тәсілі болып табылған кезең де болды. Бұл жағдайлар қарулы немесе басқаша зорлық-зомбылық қақтығыстарымен байланысты. Мұндай қақтығыстарды зорлық-зомбылықсыз реттеу тек келіссөздер арқылы мүмкін. Менің ойымша, бүгінде керісінше дипломатияның өзінде дағдарыс байқалады. Дипломаттардың сипаттамалық ерекшеліктері олардың халықаралық қатынастарға қатысты мәселелерді шешу тек жаһандық деңгейде мүмкін деген терең ұстанымда болуы болып табылады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым!
Конфликтологиялық білім жөнінде ерекше айта кеткеніміз жөн. Жалпы, кез келген жағдайда қақтығысқа бару конструктивті қимылдарға дайын еместігімізді көрсетеді. Біз тәжірибеде әлі күнге дейін қақтығыстарды реттеудің құралдарын іздеуге талпынбай, қақтығыстық қатынастардан қашқақтаймыз. Сондықтан тұлғаның дамуы оның қақтығыстық компетенттілігінің қалыптасуына байланысты. Бұл тұста қақтығыстық дамудағы әр кезеңдегі конструктивті мінез-құлықтың алғашқы дағдысының қалыптасуы қақтығыстарды шешудегі білім, қақтығыстық жағдайда бағдар ұстай білу дағдысы екенін әрбір азамат білуі тиіс. Бүгінгі жағдайда болашақ мамандарды оқытуда делдалдар, келіссөздер жүргізудің сарапшыларын қалыптастырумен қатар, бәсекелестік ортада тиімді қызмет атқаратын және қақтығыстарды реттейтін, басқаратын тұлғаларға мән берілуі тиіс. Бүгінгі шарттарда жастар арасында қарым-қатынасқа негізделген, өзгенің позициясына толеранттылық, диалог пен компромиске баратын жағдайларды дамыту қажет.