Қан тазалығы – біздің мақтанышымыз

Қан тазалығы – біздің мақтанышымыз

Болатхан МАХАТҰЛЫ, Адам және жануарлар физиологиясы институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:

– Физиология институтының бар екенін білгенімен, оның қандай шаралар атқарып   жатқанынан хабарсызбыз. Жалпы, физиология институты бізге не береді?

– Медицина саласы ешуақытта тәжірибемен айналыспайды. Өйткені адамға тәжірибе жасауға рұқсат жоқ. Осы орайда адамға, медицина саласына қатысты іргелі зерттеулердің барлығы осы жерде іске асырылып, мұқият зерделенуден соң өндіріске түседі. Негізі, институт 1949 жылы құрылған. Соғыстан кейінгі уақытта көптеген адамдар алған жарақатының әсерінен емес, сол жарақатты алу кезіндегі шоктан қайтыс болып жатқан кездері лимфология саласын зерттеу қажеттілігі туды. Осылайша ең алғаш физиология институты лимфология саласы негізінде құрылған. Одан кейінгі уақытта замана ағымына сай қоғамның ең керек еткен салаларына қатысты арнайы зертханалар ашып, іргелі зерттеулермен айналысуда. Соның ішінде соңғы кездері ашылған зертханаларға тоқталсам. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде адамдардың организміне қоршаған орта, табиғат көп әсер ете бастады. Адамдар ғарышты игеру мақсатында көптеген іс-әрекеттерге барды, жаңадан ашылған зауыттар да айналаға зиянды қалдықтарын бөліп шығарып ауаны ластауда. Ғаламдық жылыну процесі жүріп, азон қабатының жұқаруына байланысты да өзгерістер орын алуда. Айналып келгенде мұның бәрі адамның организміне өз әсерін тигізіп жатыр. Осы мәселелерге қатысты адамның физиологиялық өзгерістерін зерттеуді түсініп, экологиялық лимфология зертханасын аштық. Осылайша әр кезеңде орын алған қоғамдағы өзгерістерге байланысты іргелі зерттеулер жүргізіп, өз бақылауымызға аламыз. Қазір адамдардың иммундық қабілеті төмендеп, организмінің өзін-өзі қорғауы әлсіреуде. Біз өз тарапымыздан адамдардың қорғаныштылығын күшейту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Адамдардың арқасында қоршаған ортаның дамуы күшейген сайын түрлі аурулар да көбейіп барады. Осыдан біршама уақыт бұрын жүйке, қан тамырлары жүйесінің аурулары ең қауіпті аурулар санатында болса, қазір қант диабетімен  ауыратындардың саны өсіп, қауіптілігі де артуда. Сондай-ақ тамақтың түр-түрі көбейген, жеміс-жидек те мол заманда қаназдық ауруы да ел ішіне кең таралуда. Аллергиямен ауыратындардың саны да жылдан, жылға артқан үстіне арта түсуде. Мұның бәрі қоршаған ортаның әсері екені даусыз. Физиология институтының құрамында қазіргі таңда жеті зертхана бар.

– Өзіңіз айтпақшы, түрлі тағамдар мол заманда адамдардың қаназдықпен ауруы неге жиі тіркелуде?

– Аналардың ауруға көп шалдығуының арқасында өмірге келіп жатқан сәбилеріміздің де іштен ауру болып тууы көбейіп кетті. Мәселен, балалар тумай жатып, бастың қан қысымы, қаназдық секілді түрлі дерттерді ала туады. Ең алдымен, анада қан аз болған соң қан арқылы балаға баратын заттардың түрі азая береді. Жаңадан қалыптасып жатқан балада керекті заттар жеткіліксіз болған соң бала да ауруға шалдығады. Қазіргі таңда біз осы қаназдықтың алдын алу жөнінде зерттеулер жүргізіп жатырмыз.

– Осы уақытқа дейін қаназдықтың салдарынан босану кезінде жағдайы күрт нашарлаған талай ана қайтыс болып кетті. Ал біз әлі күнге зерттеу үстіндеміз. Жалпы, ғылымымыз кенже дамып жатқан жоқ па?

– Ғылымның ерте не кеш дамып жатқаны мемлекеттің материалдық жағдайын көрсетеді. Ғалымдарымыздың методикалық деңгейі төмен емес, бірақ ғылымның технологиямен жабдықталу жағдайы төменірек. Сондықтан ғылымның кенже дамуын ғалымдардан емес, зерттелуге жағдай жасалмауынан іздегеніміз жөн.

– Ал ғылымды практикамен ұштастыру қалай өрбуде? Сіздердің зерттеулеріңізге Үкімет тарапынан қолдау бар ма? Мәселен, ұн құрамын байытудың пайдалылығы дәлелденсе де іс жүзінде ұн құрамын байытуға әлі күнге қол жеткізе алмай келеміз...

– Тәжірибе жасалып, дәлелденген нәрселердің өндіріске ұштасуы қиындау болып жатқаны рас. Бұл тек физиология ғылымының ғана емес, барлық ғылымның мәселесі. Ең бірінші кедергі ол – қаражат. Іргелі зерттеулерге қарағанда, қолданбалы зерттеулер қымбатқа түседі. Космос саласына қатысты көптеген зерттеулерді өндіріске дайындап қойдық. Бірақ оны қолдануға қаражат жоқ. Сондай-ақ біздің институт Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Алайда тұтынушы медицина және ауылшаруашылығы саласы болып табылады. Осы орайда аталған үш саланың арасында ведомствоаралық байланыс ойдағыдай емес. Бұл да зерттеулеріміздің өз арнасын табуға кедергі. Тағы бір мәселе дайын тұрған зерттеулерді күнделікті өмірде іске асыратын қондырғылар жеткіліксіз. Ал ұнның құрамын байыту немесе тұзды иодтау шараларының кедергіге ұшырауының себебі жаңа нәрсеге әрқашан да қоғам жатырқай қарайды. Сондай-ақ темекінің сыртына зиян деп қанша жазып қойсақ та, оны тұтынатындардың саны азаймайды. Неге? Себебі сол мезетте темекінің зияндылығы сезілмейді, тек уақыт өте зиянын тигізеді. Сол секілді адамдар да ұнды байытқанның жақсы нәтижесін бірден көре алмайды. Сондықтан енжарлық басым. Сол бейқамдықтың арқасында міне, ұн құрамын байытуды кейінге ысырып келеміз. Оның үстіне нанның құрамында пайдалы микроэлементтері молайған соң ол қымбатқа түседі. Сол уақытта тұрғындар арасында наразылық та тууы мүмкін. Өйткені олар пайдасы бақырайып, сыртына шығып көрініп тұрмаған соң пайдаланғысы келмейді. Әйтпесе қазіргі таңда құрамы байытылған нанның пайдасы зор екені дәлелденген, тек соны тәжірибеге енгізуге құлшыныс танытпай отырмыз. Өндірісте пайдаланылып жатқан нәрселер де жоқ емес. Мәселен, біздің институттың зерттеп өндіріске енгізген тәжірибесі Семей өңірінде нейрофизиология саласына қатысты адамның ішкі белсенді нүктелерін ыстық немесе суық ауамен тітіркендіру арқылы өзінің ішкі күшін ауырған жерге бағыттау арқылы емдеуге болатынын анықтап, қолдану үстінде. Мәселен, бір адамның сыртқы бір нүктесін қыздыру арқылы, оның қан айналымын тежеп өлтіруге де болады екен. Ал қант диабетін қазіргі таңда жануарға тәжірибе жасап, зерттеп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл ауруға да жол бермеу шараларын жүзеге асырамыз.

– Сіздің докторлық диссертацияңыздың тақырыбы қой болған екен. Бір ғана қойдың өзінен 18 түрлі зат алып отырған елдер де бар көрінеді. Ал біз қойдың мүмкіншілігін толық пайдалана алдық па?

– Рас, қойды өз игілігімізге пайдалана алмай келеміз. Англияда қойдың жүніне сұраныс өте үлкен. Мәселен, спикерлер астына қой жүнінен жасалған бөстек жасап отырады екен. Олар мұны қой жүнінен жасалған заттың пайдасына көзі жеткен соң істеп отыр. Олардың жеңіл өнеркәсібі қой жүні арқылы дамыған. Ал біз қойды мүлдем пайдалана алған жоқпыз. Ол түгіл, кең байтақ жерімізді дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Кезінде 38 миллион малымыз болса, қазір 17 миллион бар көрінеді. Малдың басын еселей түсуге жер жағдайымыз бар. Онан түсетін табыстың ұшан-теңіз екенін де білеміз. Бірақ жүзеге асыруға құлықсызбыз. Кеңес одағы кезінде малдан алынатын өнімді шикізат өндіруші ел ретінде шетел асырып жүн ретінде Балтық жағалауы елдеріне, ет ретінде Мәскеу мен Ленинград қалаларына жіберіп отырдық. Кейінгі уақытта шикізаттың тіпті қадірі болмай тіпті тиын-тебенге бағаланып та кетті. Алдағы уақытта өзіміздің шикізатты өзіміз өңдеп, пайдалана алатындай етіп дамытсақ, көп нәрседе ұтар едік. Мал өндірісінің артықшылығын ұққан көптеген елдер қазір оны дамыту үстінде. Мәселен, Қытай мал өндірісінен қазір алға шықты.

– Басқа елдермен тәжірибе алмасу жайы қалай?

– Жақында ғана алты бірдей жас ғалымымыз үш ай бойына Қытай еліне барып, білімдерін ұштап, тәжірибе алмасып қайтты. Олар негізінен қаназдық ауруының алдын алу мәселесі жөнінде тәжірибе алмасты. Дәл қазіргі таңда аспан асты елі қаназдық ауруын емдеуге толық дайын. Бірақ оны біздің тәжірибемізге енгізуге біз дайын емеспіз. Сондай-ақ көршіміз Ресей елімен тәжірибе алмасу жақсы жүзеге асуда. Бірақ бұл тәжірибе алмасу әзірге тек ақпараттық тәжірибе алмасу деңгейінде ғана. Кейде бізге шетелдік әдістемені неге пайдаланбайсыздар деп жатады. Біз ол тәжірибені алып, өзімізге енгізгенше уақыт керек. Ал ол уақыт ішінде олар бізді күтіп тұрмайды, онан әрі дамып кетеді. Академик Капицанның «Шетелдік ғылыммен қатар тұру үшін тұру аз, қарсы жүгіріп отыру керек. Сонда қатар жүресің» – деген сөзі бар. Шетелдік ғылым бізді күтіп тұрмайды, олар дамыған үстіне дамып жатыр. Олардың ғылымының дамуы үшін бөлініп жатқан ақшасы да біздікінен бірнеше есе көп. Алайда бізде де сүйіншілейтін жайттар аз емес. Мәселен, қазақ халқының жеті атаға дейін қыз алыспауы, қан, ген тазалығы арқылы дүниежүзіне мақтанып айта алады. Қазір осы қан тазалығының арқасында біздің халқымызда дүниежүзіне кең таралған аурулардың көбісі жоқ. Ал қан тазалығы – көптеген мемлекеттерде үлкен мәселе. Оның ішінде әзірбайжан, түрік, ұйғыр, өзбек халықтарында қан жүйесіне байланысты аурулар өте көп. Ал қан тазалығы – біздің мақтанышымыз. Дүниежүзілік озық биология ғылымына біз осы қан тазалығы артықшылығымызбен ене аламыз. Сондай-ақ бізде жылдар бойғы дәстүрлі емдеу тәжірибеміз қалыптаспаған. Мәселен, осыдан талай жылдар бұрын да біз ауырдық. Бірақ құлан таза айығатынбыз. Тәуке ханның кезінде Өтейбойдақ деген емші болған. Сол заманның өзінде-ақ вакцинаны ойлап тапқан. Одан кейін ғана Луй Пастер вакцинаны ойлап тапқанын айтып жар салған. Тамыр басу арқылы талай ауруды анықтаған. Артына 7 томдық медициналық еңбектерін қалдырды деген сөз бар. Қазір осы еңбекті табуды арман етемін. Кейбіреуін қазірдің өзінде ғылыми негізде қайта жалғастыруға болады. Тағы бір мысал, ертеректе әжелеріміз   микробтан сақтану үшін кіндікті ұзын қылып кескен. Ондағы мақсат кіндіктің ұзын болуы микробтың ағзаға тез еніп кетуінен сақтайды. Ата-бабаларымыз медицинаны оқымаса да осыны асқан көрегенділікпен білген. Жылдар бойы ата-бабаларымыз екшеп, өмір салтымызға енгізген талай дәстүрлі емдеу әдістеріміз бар. Осыны қайта жаңғырту арманым. Мысалы, біз шөппен емдеудің көптеген түрін білгенбіз. Ал қазір дамыған мемлекеттер синтетикалық жолмен шөптерді алып дәрі қылып шығаруда. Ал біз оны олардан да бұрын білдік. Бірақ қазір жаңғырта алмай отырмыз. Халқымызда тіпті майдаланып кеткен сүйектеріне шейін орнына салған сынықшыларымыз болған. Сынықшылық жылдар бойы атадан балаға жалғасқан.

– Қазір институттарда жағдай жасалмағаннан кейін ғылымымыз қартайып барады, жастар ғылымға келуге құлықсыз, жасы үлкен ғалымдар зейнеткерлікке шығайын десе орнына жас мамандар жоқ деген әңгімелер жиі айтылады. Сіздерде де бұл мәселе бар ма?

– Жастар  түгіл, орта буын ғалымдарының өзі ғылымнан күнкөріске кетіп, институттың дағдарысқа ұшыраған кездері болған. Бірақ соңғы төрт-бес жылдан бері ғылымға жастар көп келіп жатыр. Тіпті арнайы өздерінің ұсыныстарымен келетін жастар да кездеседі. Қазір біздің институттағы қызметкерлердің орта жасы 48-де. Бұл – жақсы көрсеткіш. Ғылымның дамуының дұрыс жолға қойылуының арқасы. Бұрын алдыңғы орында жалақы мәселесі тұратын. Қазір жалақы мәселесі жақсарып келеді, енді алдыңғы орынға әлеуметтік мәселелер шыққан. Бұл кішкене де болса жағдайымыздың дұрысталып келе жатқанының айғағы.

– Көбінесе қазір адамдар өмірден ерте өтетін секілді. Бұрындары ғылым мен технологияның дамымаған кезінде керісінше адамдардың өмір сүру ұзақтығы ұзағырақ болған секілді. Физиологиялық тұрғыдан мұның сыры неде?

– Нақты статистикаға жүгінер болсақ адамдардың өмір сүруінің орта жасы керісінше ұзарып келеді. Дәл қазіргі таңда ол 68 жастың төңірегінде. Ал жапондарда орта жас 70-75 жастың айналасында. Бізде бұрын 40 жастағыларды «ақсақал» дейтін. Адамның физиологиялық өзгерістерін бір ғана нәрседен көруге болмайды. Оған әсер ететін фактор көп. Өтпелі кезең кезінде тіпті құр нан мен шайға қақталған отбасылар да болды. Тағамның құрамының өзгеруі де ауыруға әкеледі. Қазір жастарымыз «фаст фуд» деп аталатын тағам түрлеріне әуес болып алған. Кока Кола, кириешки сынды тағамдардың адам ағзасына зияндылығы үлкен. Табиғи мал өнімдерінен алынатын құрт, ірімшік сынды тағамдар адамдарға ешқашан зиян болмаған. Қазіргі таңда осыларды өндіретін кәсіпорындардың  жоқтығына, бар болса да аздығына қынжыламын. Егер балаларымыз кириешкидің  орнына құрт сорып, немесе ірімшік жеп жүрсе қандай жарасымды, әрі пайдалы болар еді. Сондай-ақ адамның аз немесе көп жасауына экологияның да әсері бар. Оның үстіне біз бұрын көп қимылдадық. Ал қазір ғылым мен технологиямыздың дамуымен аз қимылдап керісінше ой еңбегі күшейіп кетті. Мұның әсерінен миға ауырлық түсіріп, стресс көбейді. Мұның бәрі адамдардың түрлі физиологиялық өзгерістерге ұшырауына, тіпті науқасқа шалдығуына толық әсер етеді.

– Өз басым физиология ғылымы дамуының   шарықтау шегі адамдардың ұзақ өмір сүру кезеңін ойлап табуымен өлшеймін. Физиология ғылымында адамдардың барынша ұзақ өмір сүруін ойлап табу мүмкін бе?

– Жалпы, физиология ғылымы мен дүниежүзілік ғалымдардың бұл сауал басты зерттеуі болып табылады. Көптеген физиологтардың пікіріне сүйенсек, әрқашан жақсы тілек-ниетпен, жақсы энергияда жүрген адам басқалардан да дәл сондай жақсы энергия бөліп алады екен. Ал үнемі жақсы энергиямен жүрген адамның неғұрлым өмірі ұзақ болатыны ғылыми дәлелденуде. Сондай-ақ Нарынқол ауданында Қаратоған атты елдімекен бар. Қолдағы бар деректерге қарасақ, салыстырмалы түрде Республика бойынша осы ауыл халқының өмір сүру ұзақтығы жоғары екен. Алдағы уақытта осы ауылдың суы мен жерінің, ауасының жағдайын зерттеуге арнайы мамандарды ала барып зерттеу жүргізбекпіз. Себебі алдын ала барлау жасап байқағанымыздай бұл ауылдың жанынан Байынқол атты өзен ағып жатады екен. Аталмыш өзеннен алтын шайылатын көрінеді. Біздің алдын ала жасап отырған тұжырымымызға сәйкес шайылған алтынның иондарының адамдардың ұзақ өмір сүруіне қатысы бар секілді. Себебі Қаратоған ауылының тағамымен көрші ауылдың ішіп-жеп отырғанынан айырмашылық білінбейді. Сондықтан ұзақ өмір сүрудің сырын алтын шайылатын өзеннен іздеп отырмыз. Бұл тұрғыда қазір терең зерттеулер жүріп жатыр.

Айта кетерлік нәрсе ешқандай мемлекет бұл тұрғыда жүргізген үздік зерттеулерін басқа мемлекетке бермейді. Сондықтан өзіміздің зерттеуіміз қажет. Өз тарапымыздан ұзақ жасаған адамдарға барып, не ішіп, не жейтінін, өмір сүру әдісін де зерттейтініміз рас. Сонда байқағанымыз ұзақ жасағандардың барлығы «жақсы тілек тілеңіз» — дейді. Яғни, адам неғұрлым жақсы ойлар ойлап, жақсы тілекпен жүрсе соғұрлым ұзақ өмір сүріп, ал үнемі стресте, ашулы жүретін адам тезірек қартаятыны дәлелденіп отыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым
Ауруды емдеу өте қымбатқа түседі. Ал аурудың алдын алу әлдеқайда арзан. Ал біз аурудың алдын алудан бұрын, оны емдеуге көп ақша бөлеміз. Қазіргі таңда өркениетті елдердің барлығы дерлік ауруды емдеуден бұрын оның алдын алуға көп назар аударуда. Осы орайда аурудың алдын алып, ауруды болдыртпау жөніндегі арнайы ғылыми орталық құрылса деген арманым бар. Ол жерде барлық адамдар алдын ала денсаулық парағы арқылы толық тексеруден өтіп, енді бас көтеріп келе жатқан ауруы болса соның алдын алып үлгерсе. Бас көтеріп келе жатқан аурудың алдын алып үлгеретін екпелермен егілсе көп нәрседен ұтар едік. Қазір осындай орталық Францияда бар. Арабтың шейхтары бұл орталықтың жақсы дамуы үшін ақшаларын аямай құйып жатыр. Әсіресе, бұл жүйе біздің халқымыз үшін тиімді болар еді. Өйткені біз қанымызға сіңген әдетпен денсаулыққа келгенде тым тәуекелшілміз. Өлуге бет алғанда ғана дәрігерді іздейміз. Ал денсаулыққа тәуекелшілдік жүрмейді. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуден ұтарымыз көп.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста