Мәулен Садықбеков, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры:
– Соңғы уақытта Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің бастамасымен ұлт тарихына үлкен бетбұрыс жасалып, Қазақстан тарихының жалпы тұжырымдамасын жасау қажеттігі мәселесі көтерілді. Константин Кушнер «тарихтағы ақтаңдақтар астрономиядағы қара ойықтардан аз емес» деген екен. Алаш тарихын қасиетті Түркістан кесенесінен бөле-жара қарай алмаймыз. Біздің Түркістанмен тығыз байланысты төл рухани тарихымыздағы қандай мәселелер зерделенуі тиіс деп ойлайсыз?
– Әулиелердің сұлтаны, Түркістан пірі атанған Қожа Ахмет Ясауидің ерен еңбегінің арқасында Түркістан түркі халықтарының рухани орталығына айналды. Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауи есімі – өзара егіз ұғым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зиялы қауым өкілдерімен 2011 жылдың 11 наурыз күні бас қосқан жиында: «Дініміз мұсылман, біздің өз жолымыз бар, өз жолымызға түсу үшін біз осы Қожа Ахмет Ясауидің іліміне табан тіреуіміз керек. Егер де зерттейтін болсақ, қазақ үшін нағыз Конфуций болып шығады. Конфуцийдің ілімімен қазір Қытай, Корея, Жапон – барлығы сусындап отыр. Үлкенді сыйлау: ағаң – ағаң, інің – інің, әйелің – әйелің, патша – патша, барлығы өз орнында болуы керек. Біздің Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін қарап отырсаң, бір дастарқан басында жаныңда әр діннің өкілдері отыратын болса, олардың барлығы бауырың деген сөз бар. Біздің саясатымыз сол емес пе?! Ең алдымен елге бірлік, одан кейін еңбеккерлік керек деген, одан кейін бір адамның төңірегіне топтассаң, сонда ғана халық боласың, жұрт сыйлайды, болашағың болады деген. Бізге одан артық қандай діни философия керек?! Жалпы, мұсылманның айтатыны: имандылық, жанашырлық, ешкімді өлтірмеу. Осыны жақсылап тұрып зерделесек, екінші тармағымыз болады», – деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы тарихымызды зерделеудің басты бағытын айқындап берді. Өйткені жаһандану заманында мемлекеттілігіміздің іргетасы мықты болуы үшін рухани тарихымыз нақтылы зерттеліп, өзінің сан ғасырлық даму сүрлеуін табуы керек деп ойлаймын.
– Тарихқа осындай үлкен бетбұрыс жасалып жатқан кезде, жалпы, мұражай қызметкерлерінің, мол тарихи қазынамызды көздің қарашығындай сақтаушы қауымның алдында қандай міндеттер тұр деп ойлайсыз?
– Мұражайдың қоғам алдында мойнына арқалаған үлкен міндеті бар. Ол –тарихымызға тікелей қатысы бар жәдігерлерді насихаттау. Өкінішке қарай, көпшіліктің ұғымында мұражай тарихи заттарды жинақтап, сақтаумен айналысатын мекеме ретінде орнығып қалды. Бұл – түбірімен қате пікір. Біз, мұражай саласының мамандары, жәдігерді мұражайға ғана тиесілі дүние емес, халқымыздың төл мұрасы екендігін ұғындыруға тиіспіз. Батыс елдерінің мұражайлары мұражай ісін іргелі ғылымға айналдырып, керемет нәтижелерге жетті. Мұражайларды халық өте көп баратын, күн сайын болмаса да, апта не ай сайын экспозициясын өзгертіп, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін мәдениет ошағына айналдырды. Ал біздегі жағдайды білгіңіз келсе, туған-туыс, дос-жараннан мұражайға өз қызығушылығымен қашан барғаны туралы сұрап көріңіз. Аптасына не айына бір рет міндетті түрде барып тұрамын деген жауапты ести алар ма екенсіз. Бұл жағдайға мамандар ғана жауапты. Мұражай тартымды болса, адамдар легі үзілмес еді. Сұранысты білу үшін аудиторияны мұражай социологиясы арқылы зерттейді. Нәтижесінде, әлеуметтік категориялар анықталады. Жас ерекшелігіне байланысты, қоғамдық статусына, әлеуметтік ерекшелігіне (мүгедектер, зейнеткерлер т.б.) байланысты топтар анықталады. «Осы әлеуметтік категориялардың қайсысы мұражайға көбірек келеді, олардың келудегі мақсаты не?» деген сұрақтарға жауап алынады. Соған байланысты әртүрлі жобалар жасалады. Бізге жылына 600 мыңнан аса адам келіп, кесенені тамашалайды. Мұражай аудиториясын зерттегенде келушілердің басым көпшілігі зияратшылар екендігі анықталды. Шетелдіктердің көпшілігі тарихқа, тарихи орындарға қызыққандықтан келеді. Міне, бұл бізге тарихи бағыттағы жобаларды көбейту қажеттігін көрсетіп берді. «Енді осы бағытта біз жаңадан келушілерге не ұсына аламыз?» деген сұраққа жауап іздедік. Осы жерде дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінуге тура келді. Барлық елдерде жыл сайын қорық-мұражайлар туристерге арнап өздерінің тұрған жеріне байланысты белгілі бір тарихи оқиғаға реконструкция жасап назарға ұсынады. Сол себепті өткен жылы «Хан көтеру рәсімі» реконструкцияланған тарихи қойылым өткіздік. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі алдында Абылай ханды таққа көтеру рәсімі көрсетілді. Халық тың жобамызды керемет қабылдады. Енді жыл сайын қазан айында осы қойылым көрсетілетін болады. Осы қойылым аясында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін ұйымдастырып, ұлттық өнерді де насихаттаймыз. Бұл шаралар – отандық және шетелдік туристерді тарихи орынға қызықтырудың ең оңтайлы әрі ұтымды әдісі.
– Осы кезге дейін еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің толық тізімі жасалып болды ма? Тарихи-мәдени ескерткіштердің зерттелуі қай бағытта жүргізіліп жатыр?
– Қорық-мұражайлар қызметі ауқымы жағынан шектеулі. Ғылыми-зерттеу мекеме ретінде статусы жоқ. Жоғарыдағы Мемлекеттік хатшының бастамасымен тарихи зерттеулерді жаңа сатыға көтеру мәселесіне қайта оралуға тура келеді. Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты қордаланып тұрған біраз мәселе бар. Тарихи-мәдени ескерткіштерді аудан-ауыл бойынша толық тіркеуден өткізіп, ескерткіштердің мәртебесіне (республикалық, облыстық, жергілікті) қарамастан толық тізімі (свод) жасалмады. Осыны жасап, кітап түрінде шығару қажет. Одан жергілікті жерлердегі тарихи ескерткішті, діни-ғұрыптық және сәулет ескерткіштерін (кесенелер, мешіттер, патшалық Ресей және кеңестік кезеңнен қалған құрылыстарды) есепке алып, жергілікті тізімдерді (свод) кітап етіп шығару керек. Тарихи-мәдени, сәулет-құрылыстық ескерткіштердің Қара кітабы (жоғалып, жойылып кеткендер тізімі), Қызыл кітабы (аса қауіп төніп тұрған тізім), Ақ кітабы (есепке алынып, реставрациядан өткен, аман-сау тұрғандардың тізімі) жасалып, баспадан шығарылатын болса, өте жақсы болар еді.
– Әзірет Сұлтан кесенесінде қазақтың хан-сұлтандары, би-батырлары, барлығы 164 қазақтың жақсы-жайсаңының жерленуі тегін емес. Әлемде осындай ұлттық пантеондар санаулы болса керек. Алаштың тарихи тұлғаларының көзі тірісінде өсиет қылып, Түркістан кесенесіне жерленуінің сыры неде? Жалпы, Әзірет Сұлтан кесенесінің қазақтың төл тарихындағы маңызы неде және неліктен әр қазақтың жүрегінен берік орын алды?
– «Хәл ілімін» насихаттаған Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасы қазақ халқының еншісіне бұйырды. Сол себепті де «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» қағидасымен өмір сүрген қазақтың біртуар ұлдары кесенеде жерлену мәртебесіне ие болды. Міне, ғалымдар осы сұраққа жауап беруі тиіс. Сонда ғана тарихи жолымыз айқындалады. Сонау Арқадан Қаз дауысты Қазыбек биді, Баянауылдан Шоң биді, Маңғыстау жақтан Адайдың Шоғы батырын, Қостанай өңірінен Мерген Бабасұлын кесенеге жерлеудің артында қандай ғибрат бар? Мүмкін, ата-бабаларымыз осы аманаты арқылы ұрпағына жол көрсетіп тұрған болар.
Қорық-мұражай жерленген тұлғаларды анықтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алып, кітапшалар шығарып жатыр. Екі жылдың ішінде 14 тұлғаға арналған буклет жарық көрді. Осы күнде жерленгендер тізімінде 164 адамның аты-жөні тұр. Олардың қатары тың деректер табылған сайын толыға бермек. Жалпы, ұлттық пантеоны бар елдер саусақпен санарлықтай ғана. Ұлыбританиядағы пантеон ХІІ ғасырдан бастап қалыптасса, Франция мен АҚШ-та ХVІІІ ғасырда саяси шешім шығару арқылы ұлттың игі жақсыларын бір жерге жерлеу дәстүрі орнықты. Ал біздің ұлттық пантеонымыздың тарихы ХІІ-ХІІІ ғасырлардан басталады. Яғни ұлттық мақтанышымыз деуге толық негіз бар.
– ЮНЕСКО тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткішіміз Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – сан-салалы мәдениет ошағы. Бір жағынан, тарихи-мәдени қорық-мұражай, екінші жағынан, мыңдаған адам зиярат ететін киелі орын, үшінші жағынан, баға жетпес архитектуралық ескерткіш, төртінші жағынан, еліміздің мақтаныш тұтатын туристік нысаны. Осындай жан-жақты қызметті қалай үйлестіріп жатырсыздар?
– Түркістан өңірінің тарихы бағзы заманнан басталады. Бұл аймақта әсіресе діни орындар мен ортағасырлық қалалар көп шоғырланған. Осы мәдени мұраны қорғау, сақтау, насихаттау ісін Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы атқарып келеді. Тізімге алынған 157 ескерткіштің қай-қайсысы да біз үшін аса қымбат. Дегенмен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мәртебесі бөлек екені де анық. Әулие дүрбесі әлемдік сәулет өнерінің бірегей туындысы екенін ЮНЕСКО да құптап, 2003 жылдың шілде айында әлемдік мұра санатына қосты. Тарихи-мәдени ескерткішті қорғау, сақтау жұмыстары – бір төбе де, оны ел игілігіне тиімді пайдалану – тағы бір мәселе. Қорық-мұражайды туристік нысан ретінде толық қызмет көрсетіп жатыр деуге келмейді. Туристік индустрия табиғи ресурстар базасына сүйенеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Түркістан өңірінде табиғи ресурстар (тарихи ескерткіштер, денсаулыққа қажетті шипажайлар, табиғи артезиан сулары, таулы қорық, киелі орындар т.б.) базасы өте мол. Ал индустрияның өзі жоқ. Индустрия болуы үшін оның қомақты материалдық-техникалық қоры қалыптасып, экономиканың барлық салаларын қамтуы тиіс. Туристік индустрия дамуы үшін Түркістанға келетін адамдардың қозғалысын (әуе, су, автомобиль, теміржол) қамтамасыз ететін транспорт түрлері, осы салаға қажетті техникалық қызмет түрлері болуы керек. Әлемдік экономикада туризм саласы мұнай саласымен бәсекелес жетекші орын алады. Түркістан қаласы орта ғасырдың өзінде туризмі дамыған өлке болған. Қазіргі кездегі туризмге келер болсақ, ең алдымен, экономикалық мүдде қалыптасуы шарт. Қазір осы жағы жетпей тұр. Әйтпесе аймақта тартымды дүниелер өте көп. Бірінші кезекте бұл әлемге танылған бренд Әмір Темір кезеңінің ғажайып сәулет ескерткіші – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Бұған 50-60 шақырым жерде тұрған Арыстанбаб кесенесін, Үкаша ата мазары мен құдығын, ортағасырлық Сауран, Отырар қалаларын, Сырдария өзенін қосыңыз. Ал әзірге туристердің Түркістанның экономикалық әлеуетін көтеруге қосып жатқан үлесі төмен болып тұр. Қытайдың арзан қол заттары емес, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан заттар ғана сатылса, қолөнер өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылар еді. Түркістанға келген шетелдік турист қазақтың ұлттық асханасын іздейді. Таппай бас шайқайды. Қалада турфирмалар тұрмақ, бөлімдері жоқ. Бұл да саланың жағдайын бағамдауға көрсеткіш бола алады. Мен білетін туризмнің ахуалы осындай.
– Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы төңірегінде жиналатын садақаға қатысты қатым оқитын молдаларға, ұжымның жұмыс тәртібіне, шаруашылық жайына байланысты әртүрлі әңгімелерді, арыз-шағымдарды естіп жатырмыз. Тарихи қорық-мұражайдың басшысы ретінде мәселенің мән-жайын айтып бере аласыз ба?
– Тарихқа үңілер болсақ, Ясауи бабамызға да қаншама қара күйе жағылды емес пе? Әдетте арыздарда адамдардың аты-жөні жазылмайды не лақап атпен жөнелтіледі. Арыздардың сипаты мені қаралауға арналады және елді дүрліктіру мақсатын көздейді. Соған қарағанда қызмет орны керек-ақ сыңайлы. Түймедей затты түйедей етіп көрсетуге тырысып бағады. Яғни қараниетті адамдардың анық көздеген мақсаты бар. Ұйып отырған ұжым жікке бөлінсе, жұмыс ырғағы бұзылса, көрсеткіштер төмендесе деп күйттейді. Бәрін жиып қойып айтысса-тартысса дейді. Бұл ойлағандары бола қоймас. Өйткені «жындымен жынды» болғанша, күш-қуат барда қорық-мұражайды дамытуға бағытталған қыруар жұмыспен айналысқан абзал. Онсыз да адам ғұмыры өте қысқа емес пе?! Алты жыл бұрын қорық-мұражайда басшылық құрам ауысты. Тарихи ескерткіштерді сақтау, мұражай ісі, қор жұмысын жүйелеу, жабдықтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын айтпай-ақ қояйын. Ел елең ететін садақаға ғана тоқталайын. Есті адам мән-жайды соған қарап-ақ түсінеді. 2007 жылға дейін садақаның қаржысы жылына 6-7 миллион теңгеден асқан емес. Басшылық ауысқан жылы садақа мөлшері 40 миллион теңгеге жетті. Бұған тәртіптің, қатаң бақылаудың арқасында қол жетті. Садақа ақшасын апта сайын бір рет қала әкімдігі, мәслихат, партиялар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мұражай қызметкерлерінен жасақталған комиссия бейнебақылау орнатылған бөлмеде санайды. Санақ нәтижесі қалалық «Түркістан» газетіне алты жылдан бері тұрақты түрде жарияланып келеді. Алты жылдан бері садақаның жылдық мөлшері өзгере қойған жоқ. Осы қаржы бір тиынына дейін Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын, кесенедегі жәдігерлерді, тарихи мұраларымызды насихаттауға, қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға, кесененің сақталуына қатысты ғылыми жұмыстарға, шаруашылық жұмыстарға және қызметкерлердің жалақысына жұмсалады. Қызмет көрсету болсын, зат сатып алу болсын мемлекеттік зат сатып алу порталы арқылы жария түрде жүзеге асады. Мекеменің қаржылық қызметі жыл сайын тексеріледі. Қаржыны талан-таражға салу, жымқыру фактілері орын алған емес. Мұны ел жақсы біледі.
– Атеистік саясат үдеп тұрған кеңестік кезеңде Түркістан кесенесін дінге қарсы музейге айналдырмақ болғанын білемін. Сан ғасырдан бері сақталып жеткен Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық мұражайының бүгінгі жай-күйі, ғимараттың қауіпті жағдайы БАҚ-та көп айтылып жатыр. Кесене құрылысы, шынымен, қауіпті жағдайда тұр ма? Осыған қатысты нендей шаралар жасап отырсыздар?
– Қожа Ахмет Ясауи кесенесі әлемдік көзқараста Әмір Темір дәуірінің бірегей архитектуралық ескерткіші ретінде бағаланады. Шараф ад-дин Али Йазди өзінің «Зафар-нама» кітабында әйгілі Әмір Темірдің 1397 жылдың қараша-желтоқсан айларында әулиелердің сұлтаны, қасиетті шейх Ахмет Ясауиге зиярат жасап, ескі мазардың орнына жаңа зәулім кесене тұрғызуға бұйрық бергендігі, бұл үшін мұсылман әлеміне белгілі шеберлер шақырылғаны жазылған. Қарап отырсақ, содан бері 600 жылдан астам уақыт өтіпті. Күн, жауын, жел сияқты сыртқы ықпалды факторлар әсер етеді. Сондықтан да оған заманауи құрылыс деп қарауға болмайды. Мәселеге жан-жақты келу қажет. Тарихи жәдігерлердің бүліне бастауы – әлемдегі барша көне сәулет үшін мәңгілік проблема. Ал негізгі сұрағыңызға келсек, оған біржақты жауап беру қиын. Тек кейінгі кездегі деректердің өзіне сүйенсек, кесененің жағдайы ХІХ ғасырларда мүлде нашарлағанын байқаймыз. Айталық, 1840 жылдары Түркістанның билеушілері Кесенені қоқандықтарға қарсы қорғаныс ретінде пайдаланған. Олардың әскері кесенені аламыз деп арықтарды бұрып, оның айналасын суға толтырған. Онан кейін орыс офицері Веревкиннің кесенеге 12 рет зеңбірек оғын атып, негізгі ұстанымдарына нұқсан келтіргені белгілі. «Кесененің кірпіштерін сөгіп алып, тұрмыстық құрылыстарға пайдаланайық» деп келетін орыс шенеуніктерінің хаттары да мұрағаттарда сақтаулы. Қалай десек те, кесене алмағайып замандардың тезінен аман өтті. Сондай қилы заманда қирамаған құрылыс қазіргідей мемлекеттің ерекше бақылауында тұрған мезетте құлайды деп үрей тудырудың қажеті жоқ. Әрине, кесененің күмбезі, кей жерлерінің құздануы мен тұздануы алаңдатады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің реставрация мәселесі бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі жылына екі-үш рет арнайы мәжіліс өткізіп тұрады. Ал ел аузындағы әңгіме жанашырлықтан туады. Бұқара Әзірет Сұлтан кесенесін көздің қарашығындай сақтауға бейіл, ұдайы назарда ұстайды. Сол себепті де кешендегі кез келген құрылысқа үн қатады. Осыған орай халыққа құрылыс жұмыстары бойынша барлық ақпарат алдын ала жарияланып, құлаққағыс етілуі тиіс. Ең бастысы, ескерткіштегі реставрация құрылысқа айналмауы қажет. Реставрациялық жұмыстардың ғылыми жобасы екі-үш жыл бұрын жасалынып, әбден талқылаудан өтуі тиіс. Ескерткіштің жағдайы үнемі ғылыми бақылауға алынып, ғимараттың нашарлаған тұстары анықталған жағдайда білікті мамандардың кеңесінде қаралып, мақұлдануы тиіс. Айтып өткенімдей, қандай да бір көне құрылысқа тән ондай қауіп әмәнда күн тәртібінде тұрады.
– Түркия тарапынан жүргізілген реставрация жұмыстарына қатысты мамандардың пікірі де ортақ емес. Мамандардың бір бөлігі «күрделі жөндеу жұмыстары дұрыс істелінді» десе, екінші бір тобы ол пікірмен келіспейді. Қазіргі проблемалардың түбі осы реставрацияға байланысты болар?
– Кінәні көзі жоқ біреуге жаба салу абыройлы іс емес. Өте мол қаржыға реставрация жүргізген Түркия тарапының жұмыс олқылықтарына қатысты пікірді сол кезде Қазақстан жағынан бақылаған адамдар айтуы тиіс болатын. Асыл мұра бізге тиесілі болған соң, тізгінді де мықтап ұстау керек қой. Өкінішке қарай, қоғам ішінде түркиялық реставраторлар туралы сөз қозғалған кезде отандық мамандар тасада қалып қоя береді. Шын мәнінде, орындалған жұмыстарды отандық мамандар бақылап, жасалған жұмысты қабылдап алған. Бұл ретте бір айта кетерлігі, кеңестік кезеңде құздануы мен тұздануын, тағы да басқа ақауларын жіті назарда ұстап, бақылап отыратын арнайы мамандандырылған мекеме болған. Оның бір басында арнайы Мемлекеттік ғылыми зерттеу-институты жұмыс істеді. Қазіргі таңда ол жоқ. Біз кесенеге бақылау жасайтын жүйені қалпына келтіруге тиіспіз деп ойлаймын. Өйткені Әзірет Сұлтан кешеніне бүгінгі күннің тұрғысынан ғана қарауға болмайды. Онда қандай да бір өзгерістер жасағанда, құрылыс жүргізгенде «алдағы онжылдықтар мен жүзжылдықтарға әсері қандай болады» деп әрекет жасаған абзал. Ол үшін жаңа айтқанымдай, ғылыми бақылау, қадағалау жүйесі іске қосылуға тиіс. Яки жоғары технологиялы ғылыми-зерттеу мекемесін ашу керек. Және бір ескеретін жайт, оның тізгінін де өзіміздің ұстауымыз парыз. Әйтпесе «анау келіп бүлдіріп кетті, мынау келіп сүрдіріп кетті» деген сыпсың тоқтамайды. Өзіміздің шамамыз келмей ме, осындай ескерткіштер мәселесінде тәжірибесі бар шетелдің мамандарын шақырайық. Бірақ бәрі де бұған дейін шыққан және болашақта шығуға тиіс ғылыми шешімдер мен байқауларға сәйкестендіріліп, ақылдаса отырып жасалуы керек. Дүрбе айналасына «кесенеге жай ғана құрылыс деп емес, мемлекетіміздің жүріп өткен жолы» деп қарайтын ғылыми дайындығы бар кәсіби мамандар топтастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым...
Мағжан атамыз «Екі дүние есігі, Ер түріктің бесігі» деп жырлаған Қасиетті Түркістанда, киелі көк күмбездің астында Ер түріктің ерен ерлері мәңгілікке тыныстап жатыр. Сіздің де әңгімеміздің басында «Алаш тарихын қасиетті Түркістан кесенесінен бөле-жара қарай алмаймыз» деуіңіздің сыры сонда деп білемін. Олай болса, менің Алашқа айтар ұсынысым: ұлттық пантеонға айналған осынау қасиетті орынға ұлт тарихына немқұрайды қарай алмайтын, өзін қазақтың перзенті санайтын әр азамат жылына бір рет келіп қайтуды дәстүрге айналдырса, ұрпағына үлгі етсе, нұр үстіне нұр болар еді деп білемін. Өйткені бұл төл тарихымызға, ұлт руханиятына халықтық бетбұрыстың басы болар еді.