Әбдікәрім УСМАНОВ, Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымының кандидаты:
– Әбдікәрім Сүлейұлы, ауылшаруашылығын механикаландыру және машина жасау салалары дамыған мемлекеттерде жан-жақты өріс алғанын ақпарат көздерінен білеміз, олар бай тәжірибеге ие. Бұл тәжірибелерді үйрену және отанымызда қолдану арқылы өзімізге тиісті қорытынды шығару пайдалы болса керек. Сондықтан да, Қазақстанда ауыл шаруашылығын механикаландыру саласының жағдайы қандай деген сауалмен сұхбатымызды бастасақ.
– Агроөндіріс кешені – өте көп тармақты сала. Өсімдік шаруашылығында: бидай, арпа, сұлы, күріш, қарақұмық, тары, дәндік жүгері, бұршақ, дәнді және майлы дақылдар, күнбағыс, мақта, картоп, қант қызылшасы, бақша және мал азықтық дақылдары, жүзім, жеміс-жидек, темекі, көкөніс т.б. өндіріледі. Мал, құс және балық шаруашылықтарында: ірі қара мал, қой және ешкі, жылқы, түйе, шошқа, құс, балықтан ет, сүт, жүн, жұмыртқа, қаракөл өндіру т.б. қамтиды. Осы бағыттардың барлығында қол еңбегін жеңілдету және жұмыс өнімін арттыру мақсатында түрлі техникалар, машиналар, құрал-саймандар, қондырғылар т.б. пайдаланылады. Ауыл шаруашылығын механикаландыру тармағы бұл саланың негізін қалаушы болып есептеледі. Соңғы жылдары республиканың ауыл шаруашылығын механикаландырудың бір қатар өзекті мәселелері өз шешімін таппай тұр.
Бүгінгі күнде Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникалары паркінің қалыптамадағы қажеттілігінің 40-60%-ы қамтамасыз етілген, қолданыстағы техниканың 80-85%-ның тозығы жеткен, олардың техникалық деңгейі ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру және жинау агротехникалық талаптарына сәйкес келмейді. Бұл техникалар есептен шығарылып, орнына заманауи, жаңа техникалармен қамтамасыз етілуі қажет. Жалпы алғанда, соңғы жылдары аграрлық саланың техникамен қамтамасыз етілуі күрт қысқарды. Нақтырақ айтатын болсақ, негізгі қорлардың есептен шығарылуы жаңа техниканы пайдалануға қарағанда бірнеше есе көп, ал машина-трактор паркін жаңартудың әржылдық дәрежесі соңғы 20 жылда 10-12,5%-дан 1-3 %-ға төмендеді. Бұл жағдай осылай жалғаса берсе техниканы жаңалау мүмкіндігі кемі 40-70 жылға созылады. Егер шұғыл іс-қимылдар қабылданбаса машина-трактор паркін жаңарту және ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қажетті техникамен жақын уақытта қамтамасыз ету екіталай.
1991 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық жабдықталу дәрежесі трактор және ауыл шаруашылығы машиналарымен – 2,5 есеге, астық жинау комбайндарымен – 2,1 есеге, шөп орып-жинау комбайндарымен – 3,5 есеге, соқалармен – 3,2 есеге, картоп жинау комбайндарымен – 5,8 есеге төмендеген. Бүгінгі күнге орташа бір тракторға 180 гектар, астық жинау комбайнына – 340 гектар егістік алқабы тура келеді. Астық жинау комбайндарының 87%-ын құраушы «Енисей», «Нива», «Колос» түріндегі техникалық деңгейі төмен және физикалық тозығы жеткен комбайндар. Олар өз амортизациялық қызмет уақытын бірнеше жыл бұрын өтеп болған, бірақ әлі есептен шығарылмаған.
– Расында, біздегі Кеңестік агроөндірістен қалған техникалар тозып болды. Жекелеген шаруашылықтар шама-шарқынша өздерінің технопарктерін жаңартып жатқанмен, ол жаппай сипат алып кеткен жоқ. Салыстыру үшін айта кетейік, дамыған мемлекеттерде фермерлер ауыл шаруашылығы техникасымен қай дәрежеде қамтамасыз етілген?
– Әлемде техника да көп, техника атқаратын жұмыс та көп. Дегенмен ауыл шаруашылығындағы техниканың орны өте ерекше. Өйткені атқарылатын жұмыстардың дені техниканың үлесіне тиеді.
Ауыл шаруашылығының техникамен қамтамасыз етілу дәрежесі әрбір 1000 га егістік алқабына шаққанда:
• Тракторлармен: Германияда – 124, Голландияда – 91, Ұлыбританияда – 86, Францияда – 85, Бельгияда – 82, Италияда – 70, Данияда – 58, АҚШ-та – 35, Өзбекстанда – 26, Беларусьте – 19, Украинада – 12, Россияда – 4 дана тура келеді;
• Астық жинау комбайндарымен: Швецияда – 32, Германия мен Голландияда – 22, Данияда – 21, Бельгияда – 20, Францияда, АҚШ-та – 19, Ұлыбританияда, Италияда – 14, Беларусьте – 11, Украинада – 8, Өзбекстанда – 7, Россияда – 5 дана тура келеді. Бір комбайнмен жиналатын орташа астық алқабы: Швецияда – 32, Германияда, Голландияда – 45, Данияда – 48, Бельгияда – 50, Франция, АҚШ-та – 53, Ұлыбритания, Италияда – 72, Беларусьте – 91, Украинада – 125, Өзбекстанда – 143, Россияда – 200 гектарға тура келеді.
Дамыған мемлекеттерде техникамен толық қамтамасыз етілуі нәтижесінде астықты 5-10 күнде толық жиып-теріп алады, ал бізде – 30-40 күнге созылады.
– Еліміздің астықты алқабы техниканың жетіспеушілігінен қыстың көзі қырауда егінге орақ салуға мәжбүр болып жатады. Егін піскен соң тез арада жинап алмаса, оның да масағы төгіліп кетеді емес пе? Техниканың жетіспеушілігінен ауыл шаруашылығында қандай қиыншылықтар орын алады?
– Бүгінгі күнде қажетті техниканың жетіспеушілігінен, өсімдік шаруашылығындағы көп технологиялық операциялар толық орындалмай қысқартылуы салдарынан агротехникалық талаптардың бұзылуына жол берілуде. Агротехникалық мезгілдің өз уақытында орындалмауы көзделген өнім көлемінің және оның сапасының төмендеуіне алып келеді. Мысалы, астықты орып-жиып алу науқаны орташа 30 күн десек, ғылыми деректер бойынша дән биологиялық жағынан піскеннен кейін 5 күнде 5%-ға дейін төгіледі, 10 күнде 20%-ы, 20 күнде 33%-ы, 30 күнде 44%-ы ысырап болады. Яғни, техниканың жетіспеушілігінен дайын өнім босқа ысырап болады. Қажетті техникамен ауыл шаруашылығының қамтамасыз етілуі – өнімді толық және ысырапсыз өз уақытында жиып-теріп алудың кепілі болып есептеледі. Мұны бірқатар тәжірибелі агрономдар, шаруашылық басшылары мен мамандар жақсы біледі.
Республикамыздың агроөндіріс кешенінде 1500-ге жуық күрделілігі әртүрлі техникалар, машиналар, құрал-жабдықтар және қондырғылар пайдаланылады. Бірақ, бүгінгі күні, қай түрдегі және қанша техника қажет деген сұрақтың түйіні шешілмеген. Негізгі мәселе мемлекеттік техникалық саясаттың толық қалыптаспағандығында. Қажетті техникамен қамтамасыз етілмеудің басты себебі мемлекет тарапынан ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге қажет дәрежеде қолдау көрсетілмеуінде және өндірілген өнімнің нарықтағы диспаритет бағасында. Қаржылай көмек – субсидия тек тұқым, тыңайтқыш, гербицид, жанар-жағармайға беріледі, ал қажетті техниканы сатып алуға қаржы жетіспейді, техника жыл сайын қымбаттап барады. Егер шұғыл шаралар қолданбаса, ауылшаруашылық өнімдерінің тапшылығы қайта өңдеу, мал шаруашылығы өндірістерінің құлдырауына және АӨК-де материалды-техникалық базаны инвестициялық дағдарысқа алып келуі әбден мүмкін. Бұл жағдайдан шығу үшін ауылшаруашылық өнімдерінің сатылу кепілдік бағасының өзгеріс құрылымын реттеу және басқа ауыл шаруашылығында қайта өңдеу салаларын дамыту қажет сияқты.
– Сонда отандық ауылшаруашылығы машиналарын жасау саласының жағдайы қандай күйде?
– Бұрынғы Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін еліміздегі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау кәсіпорындарының жұмысы ақсай бастады. Кеңес Одағында зауыттардың барлығы бір-біріне тәуелді (шынжырлы) ұстаным бойынша жұмыс істеген. Осы байланыс үзілген соң кәсіпорындар өз бетінше тәуелсіз жұмыс істей бастады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласында техника сату көлемі өндірілген өнімге байланысты болып, соның салдарынан техникамен қамтамасыз ету шетелден сатып алуға тәуелді болып қалды. Соның салдарынан елімізде машина жасау ісі дағдарыска ұшырады, ал ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласы толық тоқтады деп айтуға болады.
Республикада нақты ауыл шаруашылығы техникасын жасау және оны сату жүйесі қалыптаспаған, тұтынушылар отандық техникамен бар-жоғы 1%-ға жуық қамтамасыз етілген, қалған 99%-ы шетелден сатып алынған машиналар. Шетелдік техникалардың басым көпшілігі елімізге мемлекет тарапынан жүйесіз, реттелмеген, техникалық және технологиялық сараптамасыз, сынаудан өтпеген, мөлшерлемелі-техникалық құжаттарсыз сатып алынуда. Себебі, оны қадағалап жатқан мемлекеттік өкілетті ұйым жоқ. Мысалы, кез келген елде шекарада тексеріп, толық сынақтан өткеріп, сонан кейін сынақ нәтижесінің қорытындысы негізінде алып кіруге рұхсат беріледі. Ал бізде, тек қана жұмыс істеу мен қоршаған ортаға әсер қауіпсіздік сынақ нәтижесі болса техниканы елімізге алып кіруге болады.
– Сіздің пікіріңізше шетелдерден кіретін барлық техникалар мемлекеттік сынаудан өтуі керек пе?
– Шетелдерден кіретін барлық ауыл шаруашылығы техникасы машинасынау стансыларында немесе зертханаларында мемлекеттік сынаулардан міндетті түрде өтуі керек. Мемлекеттік сынауда оны техникалық сараптау, қызметтік және қуаттық көрсеткіштерін бағалау өте маңызды.
Техникалық сараптауда техникалық сипаттамаларының көрсеткіштері анықталады, шетелдік тракторлардың қолданыстағы және басқа фирмаларда жасалған сериялық шығарылатын ауыл шаруашылық машиналарымен тіркестірілуі, пайдалану бойынша нұсқаулардың толықтығы және ақпарат берілу деңгейі бағаланады. Белгіленген стандарттар бойынша машинаның агротехникалық және технологиялық бағалануында оның қызметтік көрсеткіштері және технологиялық үрдістердің орындалу сапасы бағаланады, ауылшаруашылық дақылдарын өсіру агротехникалық және мөлшерлемелі-техникалық құжаттардың талаптарына, топырақ және ауа райы жағдайына сәйкес келетіндігі т.б. анықталады.
Сынау нәтижелері бойынша аймақтық агротехникалық талаптарға, топырақ және ауа райы жағдайына сәйкес келетін машиналар ауыл шаруашылығында техникалық саясатты жүргізу бойынша ғылыми-техникалық кеңесте жан-жақты талқыланып, оның шешімі конкурс негізінде елімізге алып кіруге рұхсат берілуі, ал сәйкес келмейтін машиналардың республикамызға кіруіне тосқауыл қою қажет.
– Әбдікәрім Сүлейұлы, сіз 1996-2008 жылдар аралығында Өзбекстандағы «Узсельхозмаш-холдинг» компаниясында ғылыми-техниканы өркендету, трактор және ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарыпсыз. Қарап отырсақ, соңғы 10 жылда ала шапанды көршілеріміз 236 ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарыпты. Осы қыруар еңбектің басы-қасында сіз жүрдіңіз. Маман ретінде айтыңызшы, бізге техниканы шетелдерден сатып алу тиімді ме, әлде машина жасау саласын дамытуымыз керек пе?
– Бұл – өте күрделі, техникалық-экономикалық негіздеуді талап ететін мәселе. Бірінші кезеңде ауыл шаруашылығын механикаландыру саласының жағдайын сараптап, қай түрдегі техниканы шетелдерден сатып алу керек, қай түрдегі техниканы шетел фирмаларымен бірлескен кәсіпорындарында жасауға болады, қай түрдегі техниканы отанымызда шығару қажет деген мәселелерді шешіп алуымыз керек.
Менің пікірімше, шетелдерден сатып алынатын техника 25%-дан аспауы, бірлескен кәсіпорындарында – 35%-ға жуығы дайындалуы, отанымыздың зауыттарында кемінде 40% техника шығарылуы тиіс. Сонда біз шетелдік фирмаларға тәуелді болмаймыз. Бұл мәселе шешімін таппаса, Генри Форд айтқандай «Егер менен қосалқы бөлшектерді сатып алса, мен техниканы тегін беруге дайынмын» деген жағдай болады. Шетелдік фирмалар техниканың кепілдік мерзімі (1-3 жыл) біткен соң, оған сервис қызметін көрсетуді тоқтатады. Сонан кейін, олардың айтқанына көніп, айдағанына жүруге мәжбүрміз. Бүгінгі күнде республикамызда алған несиесі жабылмай жатып, кепілдік мерзімі біткен, қаржы тапшылығына байланысты көптеген қымбат шетелдік техникалары жұмыстан шығып тұр.
– Дәл қазіргі жағдайда ауыл шаруашылығы техникасын шетелдерден сатып алуда бізге қандай балама ұсыныс бола алады?
– Әлемде ауыл шаруашылығы техникаларын жасап шығаратын 5 мыңға жуық фирмалар және кәсіпорындар бар. Бүгінгі күнде республикамызда 100-ден аса шетел фирмаларының әртүрлі ауыл шаруашылық техникалары пайдаланылуда. Тек, астық жинайтын комбайндардың 50-ден аса модификациялары кеңінен пайдаланылуда, олар – 15-тен астам фирмалардың өнімдері. Егер әрбір фирманың өзіндік техникалық құпиялары – «ноу-хауы» барын есепке алсақ, ол техникаларға сервис қызметін көрсету, қосалқы бөлшектер мен жағармайды жеткізіп беру, мамандар дайындау, инженерлік-техникалық қызметті ұйымдастыру қосымша мәселелер тудырады. Осындай келеңсіз жағдай туындамауы үшін еліміз ауыл шаруашылығының барлық технологиялық айналымдарына арналған әртүрлі машиналарды шығаратын әлемдегі танымал үш-төрт трансұлттық компаниялардың өнімдерін сатып алу және олармен бірлескен кәсіпорындарын құру тиімді.
Deere & Co, Case-New Holland, AGCO, SAME-Deutz-Fahr трансұлттық компаниялары әлемде пайдаланылатын техниканың 70%-ын шығарады. Бұдан басқа, жетекші фирмалар: CLAAS (Германия) – дәнді дақылдарды жинайтын, KUHN (Франция) – жемшөп дайындайтын, Kverneland (Норвегия) – топырақты өңдейтін, Kongskidle (Дания) – тұқым себетін, «Беларусь өндіріс министрлігіне» қарасты зауыттар түрлі техникаларды шығарады.
Жоғарыда аталған компаниялар мен фирмаларда материалдық-техникалық ресурстар, сондай-ақ түрлі қызметтермен қамтамасыз ететін жүйелер қалыптасқан, тұтынушыларға техниканы сату, сервис қызметін көрсету және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету бойынша дилерлер қызметі көрсетіледі. Барлық құрлықтарда фирмалардың өкілеттіктері, орталықтары, қоймалары, бас және жылжымалы шеберханалары бар, дилерлермен келісімшарт бойынша іс жүргізеді, кез келген мемлекеттерді қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету кепілдігін өз міндетіне алған. Егер қосалқы бөлшектер қажет бола қалса, оларды фирма 48 сағат ішінде қамтамасыз етеді. Ал егер ол 48 сағат ішінде жеткізіп бере алмаса, онда тапсырыста көрсетілген бөлшек тұтынушыға тегін беріледі.
– Шетелдік фирмаларымен бірлескен өндіріс немесе кәсіпорындар құру жағдайына тоқтала кетсеңіз...
– Алдымен бірлескен өндіріс пен кәсіпорынның ерекшелігі туралы түсініктеме берген жөн сияқты. Бірлескен өндіріс – екі немесе бірнеше отандық және шетелдік серіктестермен келісімшарт негізінде жарғы қорынсыз құрылады. Олар келісімшарт бойынша анықталған өнімдерді бірлесіп өндіруге міндеттеме қабылдайды, жалпы қуатты қолданып немесе өзара үлестірумен өнімнің кейбір бөлшектерін жасайды, шаруашылық іс-әрекеттерін бірлесіп жүргізеді.
Соңғы 10 жылда республикамызда жекеменшік бизнес негізінде құрылған бірлескен өндірістер өмірге бейімделе алмай, барлығы қысқа мерзімде өз іс-қимылдарын тоқтатты. Мысал керек болса айтайын. Машиналарды құрастыру бойынша құрылған «Павлодар трактор зауыты» базасында Т-95,4 шынжыр табанды тракторларды (2000-2002 жж.) және «Беларус-80/82» тракторларын (2005 ж.), «Павлодар арнайы автомашина зауыты» – «Беларус-80/82» тракторларын (2006 ж.), Семейдегі «СемАЗ» – «Беларус-80/82» тракторларын (2009 ж.), Оралдағы «УралАгрореммаш зауыты» – «Нива» астық жинау комбайндарын (2004-2005 жж.) және «ЮМЗ-6» тракторларын (2003-2004 жж.), Қызылжардағы «Шағын литражды двигательдер зауыты» – астық жинау комбайндарын (2000-2003 жж.), «Ақкөл автобус паркі» – «Хорш» егістік комплекстерін (2007-2008 жж.) тоқтатты.
Бұл бірлескен өндірістердің тұрақты жұмыс жасауына өндіруші-мемлекеттердің экономикалық қызығушылығы болмағанында және республикамызда машина жасау саласының дамуын қаламауында деп түсінуге болады. Олар үшін біздің өндірісімізге индустриялық технологияны алып келуден, зауыттарымызға инвестиция құюдан, техниканы сату тиімді.
Біздің техникалық саясатымызда бірлескен кәсіпорындарды құру тиімді, себебі ол отанымызда машина жасау саласын дамытуға және бәсекеге шыдамды техникаларды шығаруға септігін тигізеді. Бірлескен кәсіпорында отандық және шетелдік серіктестермен бірге жарғы қоры құрылады, шаруашылық іс-әрекеттерін бірлесіп жүргізеді және пайданы үлестіреді. Шетелдік серіктестерде экономикалық қызығушылығы пайда болады, валюталық өзін өтеуші ұстаным бойынша әрекеттенеді және заңнамада рұқсат етілген қалаған шаруашылық іс-әрекеттері түрімен айналысады. Шетелдік қатынасушы валюта салығын төлеген жағдайда, өз пайдасын шекараға аудару мүмкіндігі болады, оларға мемлекет тарапынан арнайы салық жеңілдіктері және лизинг арқылы сату мүмкіндігі беріледі. Бірлескен кәсіпорын құрылғанда өндірісімізге индустриялық технология кіріп, зауыттарымызға инвестиция құйылады, фирмалар жарғы қорын өндіріс құралдары түрінде енгізеді, сыртқа шығаратын экспорт өнімдерін және бәсекеге шыдамды техникаларды шығаруға мүмкіндік туады.
– Сонда сіз отандық ауыл шаруашылығы техникаларын шығару саласында қандай іс-қимылдар жасау керек деп ойлайсыз?
– Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ауыл шаруашылық техникасын кім жасайды, кім техниканы жобалайды, кім техниканың тәжірибелік үлгісін жасайды, кім техниканы сынаудан өткереді, кім өндірістің техникалық дайындығын жасайды деген сауалдар төңірегінде топтасады. Одан қалса қай зауыт техниканы жасап шығарады, техниканы тұтынушыларға қалай жеткіземіз, техниканы пайдалану мәдениетіміз қандай, техникалық сервис қызметін көрсету саласы дамыған ба, техникаға жанар-жағармай, жөндеу-пайдалану материалдарын, қосалқы бөлшектерді кім жеткізіп береді, техниканы қалай қадағалаймыз, мөлшерлемелі-техникалық құжаттар жасаумен кім айналысуы керек сынды өзекті сұрақтар бас көтереді. Бұл сауалдарға толық жауап жоқ. Тиімді үйлестіру ұйымының жоқтығынан бұл сала құлдырау жағдайына кез болып тұр. Ауыл шаруашылық машиналарын жасау саласының құрылымы терең қайта ұйымдастыруды, яғни реорганизацияны және модернизацияны қажет етеді. Былайша айтқанда, түбегейлі техникалық жаңартылуы керек.
– Әбдікәрім Сүлейұлы, соңғы сауалым болсын, ауыл шаруашылығын механикаландыруды және машина жасау саласындағы жұмысты неден бастау керектігі туралы өз пікіріңізді білдірсеңіз.
– Ауыл шаруашылығын механикаландыру және машина жасау саласын дамыту үшін кешенді іс-шаралар жасалған жағдайда көзделген мақсатқа қол жеткізуге болады. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын механикаландыруға байланысты – негізгі бағыт белгіленуі керек. Кез келген заң, қаулы, бағдарлама, жоба, мөлшерлемелі-техникалық құжаттарды қабылдау үшін алдымен концепция әзірленуі қажет. Соның ішіне барлық мәселелер: түсініктемесі, жүйелері, құрылымы, кезеңдері, сатылары, түрлері, пішіндері, ұйымдастыру әдістері кіреді. Концепция негізінде заң қабылданады, бағдарлама жасалады және оны орындау үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Оның ұстанымды негіздері шешімді мінездемеге ие болған және жан-жақты қарастырылған кешенді жүйеде көрсетілуі тиіс.
Дамыған мемлекеттерде қысқа мерзімге – 5 жылға, орта мерзімге – 10-15 жылға және ұзақ мерзімге – 20-30 жылға арналған ауыл шаруашылығын механикаландыру саласы бойынша техникалық саясат қабылданады.
Менің пікірімше, сонымен бірге, әртүрлі шаруа қожалықтары дәрежесіндегі – аудандық, облыстық, аймақтық, республикалық ауыл шаруашылығын механикаландыруды басқарудағы негізгі тапсырмалары және қаржыландыру көздері анықталуы, оларды техникамен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласын нарық қатынастарына өткізу бойынша шұғыл іс-шаралар Үкімет тарапынан бекітілуі керек. Мысалы, Ресейде федералдық бағдарлама аясында отандық техниканы сатып алушыларға 50%-дық жеңілдік белгіленген, қалған төлем үшін ауыл шаруашылық банкі тарапынан 4%-дық несие беріледі.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет.
ОҚШАУ ОЙ
Ауылшаруашылық машиналарын жасау саласы – мемлекет қауіпсіздігін азық-түлікпен қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі болып есептеледі. Заманауи ауыл шаруашылығы машиналарын елімізде жасауда шетелдің жетекші фирмалары мен компанияларының инвестицияларын тарту және бірлескен кәсіпорындарды құру қажет. Алдағы жұмыстар – осы мәселелердің тиімді және әділ шешімін қабылдауда. Ауыл шаруашылығын механикаландыру саласының мәселелері жақын болашақта өз шешімін тапса, елімізде индустриялық-инновациялық бағдарламаны дамытуға және ауыл шаруашылық машина жасау саласының аяққа тұрып кетуіне өте тиімді болары сөзсіз.