Олжас Құдайбергенов, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры:
– Бүгінгі таңдағы банк секторының бас ауруына айналып отырған бірден-бір мәселе – үмітсіз проблемалық несиелер жайы. Өткен жылдары Үкімет пен Ұлттық банк аталған мәселені шешуі тиіс құралдарды даярлап, қаржылық институттар қалыптастырған еді. Алайда, мысалы, 2012 жылы сәуірде құрылған Проблемалық несие қорының бүгінге дейін екінші деңгейлі банктерден сатып алған үмітсіз несиесі cаусақпен санарлық. Жалпы, аталған қор банктердің сараңдығынан тиімді жұмыс істемей жатыр деп айтуға бола ма әлде оның басқа себептері бар ма?
– Негізінен, екінші деңгейдегі банктер өз қоржынындағы проблемалық несиені баланстағы құны бойынша саудалағысы келеді, әрине, бұл дұрыс емес, негізінен, нарықтағы баға бағдарға алынуы шарт. Егер нарық бағасы баланста тіркелген құннан төмен болса, онда банк шығындануға даяр болуы тиіс. Алайда бүгіндері нарық бағасын дөп басып анықтау қиын, сондықтан әзірге оны несиемен қамтамасыз етілген кепіл активтің құны негізінде белгілеу тәжірибесі кеңінен қолданысқа ие. Бұл жалпыға бірдей тиімді логика делінеді. Қалай дегенмен де Ұлттық банк пен Үкіметтің проблемалық несиені сатып алудағы құралдарын пайдалануға ыждағаттылық танытпауын банктер осылайша түсіндіреді.
Меніңше, әрбір несиенің өзіндік жекелей жағдайлары бар, оның барлығы қоғамға мәлім емес, бірақ ішкі тексерулер арқылы оны анықтап, сол факті бойынша бұл арада кімнің іс-әрекеті бұрыс-дұрыстығын анықтап алуға әбден болады.
Тағы, бір жағынан, коммерциялық банктер табысты болашағына сенімді болса, онда белгілі бір деңгейде шығынданудан басын ала қашпас еді. Мысалы, қазір банктер қорландыру жағынан тапшылыққа бой ұрып отыр, оларда ұзын ақша деген атымен жоқ. Сондықтан егер Ұлттық банк коммерциялық банктерді осы жағынан қамтамасыз етсе, онда олар өз кезегінде инвестициялық жобаларды несиелендіруін жандандырып, қазіргіден де көбірек табыс таба бастар еді. Әрине, мұндай жағдайда банктер уақытын да, ақшасын да текке шашпай, нашар несиесін жоюға бірден келісер еді.
– Дегенмен Ұлттық банкке жаңадан тағайындалған басшы Қайрат Келімбетов мырза жуырдағы өз сөзінде коммерциялық банктерге аталған мәселе шешіміне қатысты басқа шаралардың қарастырылмайтындығын нығыздап айтты. Осы мәлімдемеден соң екінші деңгейдегі банктер нақты мәселе шешімімен шұғылдануға кіріседі деп болжауға бола ма?
– Ұлттық банк ұсынған тетікке деген сұраныстың болмауының бірнеше себебі бар: біріншіден, жұмыс істемей тұрған несиесін қорға сату үшін ондағы барлық талапты орындау банктер үшін өте қиын; екіншіден, қор сатып алатын несиелер барлық саланы қамтымайды, мәселен, зиянды борыштың көп көлемін құрайтын құрылыс пен жылжымайтын мүлікке қатыстысын; үшіншіден, проблемалық несиелерді сатып алуда ұсынылып отырған құн аса арзан, мұндай ұсыныс банктер үшін тартымсыз. Бастысы, жаңа атап өткенімдей, коммерциялық банктер қорландыру тапшылығына бой ұрған. Ал мұндай жағдайда олар активтерін тиімсіз шарттар бойынша саудаламайды. Сондықтан бұл арада Ұлттық банктің іс-қимылына көп нәрсе байланысты боп тұр. Нақтырақ айтқанда, коммерциялық банктердің шегеріліп, жойылған нашар несиесінің орнын Ұлттық банк табысты несиелендіруді қалыпқа келтіретін ресурстармен қамтамасыз ету мүмкіндігі жайына қатысты. Ал егер жағдай қазіргідей ешқандай өзгеріссіз қалдырылса, онда банктер соңына дейін дауласып, уақытты соза береді.
Соңғы кездері қадағалаушы орган басшысы жинақтаушы зейнетақы қор ақшасының бір бөлігін бәсекелестік негізінде екінші деңгейдегі банктерге ұзақ мерзімді депозит түрінде ұсыну мүмкіндігін қарастырып отырғандығын айтқан, яғни ұзақ мерзімді қорландыру мәселесі құзырлы орган тарапынан қарастырылып жатқан секілді. Осы жағынан алғанда, бұл мәселе келесі жылы белгілі бір деңгейде шешіліп қалатын шығар.
– «Жығылғанға – жұдырық» демекші, соңғы кездері банк секторындағы мәселені тұтынушылық несие көлемінің артуы одан сайын ушықтырып отыр. Елбасының тапсырмасынан соң Ұлттық банк шектеу шараларын қолданатындығын мәлімдеп еді. Сіздіңше, бұл шаралар қаншалықты тиімді?
– Меніңше, оның барлығы жеткіліксіз. Негізінен, борышкер деңгейінде одан да тереңдетілген шаралар қарастырылуы қажет. Мысалы, кепілсіз берілетін несиенің шекті сомасын белгілеп, сонымен қатар ссудалық қоржындағы кепілсіз несие үлесін шектеу керек. Несиенің құрамына енетін барлық комиссия түрін де қатаң жария жүргізілетіндей етіп, қазіргі қолданыстағы комиссияның басым бөлігін жою қажет. Сондай-ақ тұтынушылық несиеге қатысты барлық сақтандыру түрін алып тастаған жөн, өйткені олар несие құнын қымбаттатып, оның өтем қабілетін төмендетеді. Тұтынушылық несие бойынша борышкер келісімшарттарын мейлінше оңтайландырылып, барлық талап бір келісімшарт аясында жасалуы тиіс. Бірнеше келісімшарт деген болмауы керек. Ал барлық комиссия келісімшартта жекелей асты сызылып көрсетілуі тиіс. Сонда біз банк өнімдері мәліметінің жариялылығына, қаржы нарығындағы тұтынушы құқығының белгілі бір деңгейде қорғалуына қол жеткіземіз. Сонымен қатар бұл арада мынадай норма енгізу қажет: заем құрамына енетін несиені қарау, оған қызмет көрсету және оны жабудағы барлық комиссия берілген қарыз ақша сомасының 5 пайызынан аспауы тиіс. Егер осы шарттарды Ұлттық банк қолданысқа енгізсе, онда мұның барлығын банктер орындауға міндетті болады.
АҚШ-та тұтынушылық несие бойынша қатаң санкциялар бар, сонымен қатар жеңілдетілген шаралар да қарастырылған: несиені жоюдан бастап, борышкердің несие өтеу қабілеті қалыпқа келгенге дейін несие талабы күшін уақытша доғару дегендей. Тіпті оларда жеке тұлғалар банкроттығы тетігі де жұмыс істейді. Соған қарамастан, шетелде алдау-арбау, біреудің есебінен күн көру деген ауан атымен жоқ. Сонымен қатар халықтың құқықтық сауаты жоғары, заңға бағынады, тәртіпті қатаң сақтайды. Ал бізде бәрі басқаша, шетелдік модельдерді көшірмелеу кезінде белгілі бір элементтер ескерусіз қалып жатады (жеке тұлғалар банкроттығы институты, себебі бар жағдайда жеңілдетілген шаралар ұсыну дегендей), сонымен қатар баяу бейімделіп жатқан менталитет те есепке алынбайды. Бұл арада көбіне қаржылық қадағалаушы мекеме көп нәрсені көзден тасада қалдырып отыр. Әрине, банктер жеңілдетілген шаралар ұсынуға тырысады, ондай банктерге қатысты жақсы қарым-қатынас жасалуы керек.
Тағы бір жағынан, бізде тұтынушылық несиенің жылдам қарыштауын тежейтін шектеу болмай тұр, соңғы үш жыл ішінде жылына бұл несие түрі 45-60 пайызбен өскен. Ал, шынтуайтында, тұтынушылық несие халық табысының ең төменгі өсімінен кішкене артуына ғана жол беріледі (10-12%).
Сонымен қатар кадрлық, ұйымдастырушылық мүмкіндігі жағынан алып қарастырсақ, тұтынушылық несие өсімін тәуекел қауіп-қатерінсіз қамтамасыз ету мүмкін емес. Осы жағынан алғанда, мұндай банктің келесі жылы құлдырауға бой алдыруы әбден ықтимал. Дағдарысқа дейінгі жылдардағы БТА және Альянс банктер тура осындай жағдайды қайталаған болатын. Өкінішке қарай, бүгіндері бірқатар банктер сол қателікті еш өзгеріссіз қайталап, жағдайды түзеуге ниет танытып жатқан жоқ.
Жалпы, жаппай несиелендірудің өте теріс жағы бар: несие бүгінгі тұтынысты арттырады, ал оның сыйақы мөлшерлемесі ертеңгі тұтынысты азайтады, ал бұл дегеніңіз – дағдарыстың циклге бой ұруына әкеліп соғатын фактор. Сондықтан шетел дағдарыс жылдарында борышкердің көптеп қарызданбауын шектейтін тетіктерді іске қосуды жөн көреді.
– Дүниежүзілік сауда ұйымына енгеннен кейінгі бес жылдан соң Қазақстанда шетелдік банк пен қаржылық ұйымдардың тікелей филиалдары ашылады деп айтылып жүр. Мұндай жағдайда бізде банк өнімдерінің арзандауын болжауға бола ма?
– Бұл мүмкін емес секілді. Меніңше, шетелдік инвесторларға ең қолайлысы – жергілікті банктерді сатып алып, банк қызметі бағасын сақтап қалу. Бірақ қызмет сапасы әлдеқайда жақсара түседі.
– Таяуда Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов зейнетақы жүйесіне қатысты сөзінде қауіпсіздікке маңыз бергендерін баса айтты. Шынымен де, біздегі жекеменшік зейнетақы қорларындағы қаражаттың жоғалу қаупі болды ма?
– Жинақтаушы зейнетақы қорларының басым бөлігінің жасырған өз сыры бар: ресмиге қарағанда нақты өмірдегі табыстары әлдеқайда төмен немесе тіптен қордың өзі табыссыз болуы ықтимал. Қалай дегенмен де бұл арада бір кілтипанның болғаны рас. Сондықтан шалт өзгеріс жасалып, шұғыл шешімдер қабылданған секілді. Ұлттық банк те бұл проблемаларды өз уақытында жекелей, жілік-жілікке шағып жариялайтындығын айтып отыр ғой. Әзірге еліміздегі барлық зейнетақы жинағы тексеріліп, қайтадан есепке алынып жатыр. Осы процесс аяқталған соң, оның анығын білетін боламыз.
– Сондай-ақ Ұлттық банк басшысы «жекеменшік зейнетақы қорларындағы салымшы жинағын тиімсіз қаржы құралдарына инвестициялауда жоғалтқан шығындар өтеледі» деп мәлімдеді. Компенсацияға қатыстысы қаншалықты мүмкін нәрсе?
– Жинақтаушы зейнетақы қорларының жекеменшік капиталы, сондай-ақ құрылтайшылары да бар. Сондықтан шығынды өтету жағы – әбден мүмкін нәрсе.
– Зейнетақы жинағын басқару мемлекеттің қолына көшкендіктен, болашақта зейнетақы бұрынғы мемлекеттік қамсыздандыру моделіне бейімделуі мүмкін бе?
– Бұрынғы зейнетақы моделіне қайта оралуымыз екіталай секілді. Бұл жайында, мүмкін, 3-5 жылдан соң сөз қозғалып қалатын шығар. Нақтырақ айтқанда, жинақтаушы зейнетақы қорлары табысына қатысты мәселе туындап, зейнетақы жүйесін ұстап тұруға шыққан шығынды қысқартқанда да, ол жақсы зейнетақымен қамтамасыз етуге кепілдік бере алмайтындығын уақыт дәлелдеп жатқан жағдайда. Бүгінгі таңда көптеген мемлекет жинақтаушы модель өзінің тиімсіздігін жойып барады деп дабыл қағып жатыр. Мүмкін, жинақтаушы модель мен мемлекетпен қамсыздандырылған модельдің араласқан формасын пайдалануды да талқылайтын кезеңге жететін шығармыз. Бірақ мұның барлығы – таяу болашақтың еншісіндегі дүние.
Қалай дегенмен де Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорларына қарағанда әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын. Біріншіден, қордың еңбекақы менеджменті бойынша, кеңселерді жалға алу, ІТ-инфрақұрылым, маркетинг бағытындағы т.б. шығындары едәуір азаяды. Сондай-ақ БЖЗҚ аясында аффилирленген келісімдердің орын алу мүмкіндігі шектеледі. Мұндай жағдайда қандай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысы жақсы немесе нашар деген сараптаманың қажеті болмайды, қаржылық операция үшін проблемалық ЖЗҚ-ның көлеңкелі комиссиясы жойылады. Бір сөзбен айтқанда, қолданыстағы ЖЗҚ моделі бойынша орын алған көптеген проблема келмеске кете барады.
БЖЗҚ жинақтаушы модельді сауықтырып, ол ұзақ мерзімдік жоспарда тек екі проблемамен бетпе-бет келіп отырады: инфляция деңгейінен жоғары табысты қамтамасыз ете алмау және сәйкесінше зейнетақы деңгейінің төмен болуы.
– Соңғы кездері мамандар еліміздегі баспана бағасының өсуін болжап жүр. Сіздіңше, пәтер салығы көлемінің артуы қымбатшылыққа ұрындырып отырған жоқ па?
– Қазір салық тек элиталы, онда да өте көлемді жылжымайтын мүлікке қатысты қымбаттап отыр. Ал бұл – өз кезегінде біздегі зәулім мүліктің қымбаттауы емес, арзандауына әкеліп соғатын фактор. Қарапайым пәтерлердің салығы тек қалаға қатысты ғана өзгерді, онда да бұл өсім баяғыда инфляцияны қуып жетіп қойған, сондықтан баға келесі жылы да өзгермеуі керек. Демек, салық баға өсімінің негізі бола алмайды. Керісінше, қазір халықтың табыс өсімі бәсең, соған сәйкес сатылым да тежелген, ипотекалық несиелендіру қысқарған, осы факторларды есепке алсақ, бәрінен бұрын жылжымайтын мүлік нарығындағы баға, керісінше, 5-10 пайызға төмендейтін секілді.
– Ипотекалық несиенің тежелуі Парламент қабырғасында қарастырылып жатқан «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жобасына байланысты емес пе? Естуімізше, депутаттар аталған заңға келесі жылдан бастап қарызы баспана құнының 10 пайызынан асып кеткендердің кепіл мүлкін банк соттың шешімінсіз тартып ала беретіндей құқығы бар бапты енгізбекші көрінеді...
– Көптеген банктің ипотекалық несие бағдарламасын тоқтатуы аталған заңға еш қатысы жоқ. Бұл арада банктер үшін қорландыру тапшылығы өзектілік танытып отыр. Сондықтан мұны уақытша құбылыс деп бағалаған жөн.
Расында, сөз етіп отырған заңға жаңа өзгерістер енгізілмекші, одан хабардармын. Өз басым, соттың шешімінсіз борышкердің баспанасын тартып алуға түбегейлі қарсымын. Құқықтық мемлекетте барлығы құқықтық тетіктер арқылы жүзеге асырылуы керек деп білемін. Сондай-ақ бұл заңға өзгеріс енгізіп жатса, онда жеке тұлғалар банкроттығы мәселесі қарастырылса деймін. Міне, мұндай жағдайда әлгі бапқа сәйкес, біз борышкердің несиесін қайта құрылымдап, сыйақы мөлшерлемесін төмендету, жеңілдік мерзімдер ұсыну, егер адам жұмысынан шығып қалса, онда ол тағы бір жұмысқа орналасқанша пенияны немесе басты қарызының бір бөлігін шегеру секілді тиімді шарттармен қамсыздандыруға құқық алар едік. Бұл арада қарызының бір бөлігі шегерілген банк тұтынушысы қандай да бір санкцияларға бой ұруы тиіс: белгілі бір кезеңге дейін несие ала алмайды немесе 2-5 жыл бойына шетелге шыға алмайды дегендей. Шегерім мерзімі қаншалықты көп болса, шектеу де сонша уақытты қамтуы керек. Әрине, барлық жағдайда адам өзінің материалдық жағдайындағы өзгерістер туралы банкті хабардар етіп, есеп беріп отыруы қажет. Егер қайта құрылымдау процесі барысында борышкердің несиені жағдайы бола тұра, қасақана төлемегендігі анықталса, онда оған соттың шешімі бойынша пәтерін босататындай шара қолданылуы тиіс. Тек осындай жағдайда ғана...
– Қазақстанда девальвация туралы болжам жыл бойына көрініс тауып келеді. Алдында «жұмсақ» девальвация жасалғаны белгілі. Енді оның тағы қайталануы туралы айтылып қалып жатыр. Сіздің болжамыңызды да біле отырсақ деп едік...
– Әзірге девальвацияның орын алу мүмкіндігін танытатын қандай да бір құбылысты байқап отырғаным жоқ. 2009 жылдары мұнай бағасы құлдырап, экспорттан түсетін табыс төмендеп, жалпы ел бойынша дағдарыс орын алды. Ол кезде девальвацияны болдырады деген барлық фактор өршіп тұрды. Қарап отырсаңыз, қазір сол 10 фактордың тек біреуі ғана бой көрсетеді: теңгенің айырбас курсы. Алдағы үш-төрт ай барысында ол 2009 жылдың қаңтар айындағы деңгейін қамтиды. Сондықтан бұл арада айтарлықтай себеп байқап отырғаным жоқ. Бірақ, тағы бір жағынан, нақты айырбас курсы көрсетіп отырғандай, теңге тым бағаланып кеткен, сондықтан оның ықпалын сәл-пәл әлсірету керек секілді. Осы жағынан алғанда, «жұмсақ» девальвация – жағдайды реттеудің дұрыс шешімі. Демек, алдағы екі-үш жыл барысында теңгені ақырындап әлсіретіп, ал осы кезең барысында банк секторындағы шетелдік валюта сипатында берілетін несие үлесін нөлге теңестіру керек, есесіне халық тұтынысындағы тауарларды өндіретін мықты деген отандық компанияларға қолдау көрсетіп, оларды көптеп өрістету қажет. Міне, содан кейін шалт қимылдағы девальвацияны жасауға болады, сонда бұл арада ешкім де ұтылмайды.
Теңгені әлсірету қандай да бір факторлардың ықпал еткендігінен туындап отырған жоқ, керісінше, біз ақша бағамын экономикамызға табыс әкелуі үшін белсенді басқаруымыз керек.
– Бүгіндері Ресейде дағдарыстың барлық белгісі байқалып тұр. Кеден одағында бірге болғандықтан, ондағы жағдайдың бізге де әсері болатыны айқын ғой...
– Ресейдің жағдайы, шынымен де, нашарлап тұр. Егер рубль девальвацияға ұшыраса, онда ресейлік тауарлар арзандап, Қазақстанға көптеп ағыла бастайды, ондай жағдайда біз теңгені әлсіретуге мәжбүр боламыз. Әрине, Кеден одағы аясында бірге болмағанымыз жақсы болар еді, ондайда біз кеден бажы көлемін арттыра салар едік...
Ресейдің тығырықтан шығар екі жолы бар: мемлекеттен капиталдың сыртқа ағылуын болдырмау және импорттың орнын басатын саясатты мықтап қолға алу. Бұл шаралар тіпті мұнай бағасы арзандап жатқан жағдайда да экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз де мұндай саясат ұстансақ, одан ұтпасақ ұтылмас едік.
– Тұшымды әңгімеңізге рақмет!