Науқасты тек дәрі-дәрмекпен ғана емес, жылы сөзбен де емдеуге болады

Болатбек Баймаханов, №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері:

– Қазіргі кезде №7 қалалық клини­калық аурухана төңірегінде түрлі әңгі­мелер тарап кетті. Жұртшылықтың «ауру­хананы қаржы тапшылығы қыс­паққа алуда, сол себепті Жаңа жылдан бастап тек Алматы қаласының тұрғын­да­рын ғана қабылдауға мүмкіндігі бар-мыс» деп алаңдаушылық танытуы қан­шалықты негізді?
– Өздеріңіз білесіздер, №7 қалалық кли­никалық аурухана 90-жылдардың бас шенінде төтенше жағдайлар кезінде үлкен жүк артылатын әлеуметтік маңызы бар нысан ретінде салынған. Жалпы, емдеу-профилактикалық санаттағы шұғыл және жоспарлы дәрігерлік қызмет көрсететін аурухана.
Бұрындары бұл қалалық аурухана бол­ды, яғни негізінен Алматы қаласының тұр­ғындарын ғана қабылдады десек те, ел­ордамыз Астанадағы нейрохирургия ор­талығы ашылмай тұрып, осы бағыт бойын­ша еліміздің барлық аймағынан келген нау­қастарды аталмыш ауруханадағы ней­рохиругия бөлімшесі қамтыған болатын. Айта кетейін, Астана қаласындағы Респуб­ликалық нейрохирургия ғылыми орта­лығы 2008 жылдың шілде айынан бері жұмыс істеп келеді.
Қаржылай тапшылық жоқ деп айта ал­маймын, ол бар. Алайда Үкімет сараңдық таны­тып отырған жоқ. Жыл соңына дейін бар­­лық қарызды жабуды өз міндетіне алды.
Айрықша тоқталып айта кетпегім, 2010 жылы енгізілген бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі бойынша қазір республикамыздың барлық өңірінен келген науқастар тегін емделіп шығуға құқылы. Жаңа реформаның тиімділігі – осында. Мәселен, бұрындары №7 қала­лық клиникалық аурухана есігі тіпті меке­ме орналасқан көшенің арғы жақ бетінде тұратын жандарға жабық еді. Қысқасы, алаңдауға еш негіз жоқ. Қаржы бөлінеді, жаңа жүйеге байланысты біз кез келген адамды сауықтыруға міндеттіміз.
– Өзіңіз басқарып отырған аурухана  – еліміздегі ең ірі және көп салалы ауру­хана. Көпшіліктің таңдауы осы ауруха­наға түсетіні белгілі. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Аурухана­ның лек-легімен келіп жатқан науқас­тардың бар­лығына бірдей сапалы қызмет ету­ге әлеуеті жеткілікті ме?
– Әрине, салмақ түсіп жатыр. Алайда жаңа реформаның алға қойған мақсаты сол ғой. Адамдар таңдаған мекемесінде емделуі тиіс. Әлбетте, кім болса да сапасы жоғары орындарды таңдайды. Олармен бірге қаржысы да еріп келеді. Сондықтан да анау айтқандай тығырыққа тіреліп жат­қан жоқпыз. Біздің міндетіміз – көмек­ке зәру әр­бір науқасқа сапалы қызмет көр­се­ту. Со­ған бар мүмкіндігімізді салуға тиіспіз. Рас, маман жағынан және жоғарыда айт­қа­ным­дай қаржылай жағынан қиындық­тар бар.
 Өзге облыстан келетін науқастарға да тегін көмек көрсетілетін болғандықтан, бөлінген қаржы жетпей қалып жатыр. Бұл аурухананың бір ерекшелігі, науқастардың 80 пайызы жедел жәрдеммен жеткізіледі, яғни жоспарлы түрде емес. Жоспар бо­йынша 20 мың адамның 16 мыңына шұ­ғыл көмек көрсетілуі тиіс. Қазіргі кезде жы­лына жалпы 75 мыңға жуық адам ден­сау­лығын тексертсе, 22 мыңдайының ста­цио­нарда емделуіне мүмкіндік бар. Көр­сет­кішке қарасақ, жоспардан тым асып ке­тіп жатыр. Адам саны енді артпаса, аз­ай­майды. Өздеріңіз білесіздер, Алматы қа­ла­сына қазір 12 мың шаршы шақырым қосылып отыр. Айта кетейін, қазір ауру­ханада 750 орын бар.
Қиындықтарға қарамастан, жұмыс са­па­сын мейлінше жақсартуға тырысу­да­мыз. Оны өлім-жітімнің азайғандығымен де дәлелдеуге болады. Науқастар саны­ның айтарлықтай артқанына қарамастан, жыл басынан бері өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткішті 20 пайызға азайттық. Осының барлығы – емдеудің тың әрі тиімді тәсілдері мен жаңа технологияларды пайдаланудың жемісі.
– Аурухананың соңғы жаңалық­тары мен ахуалын білсек дейміз...
– Бұрындары жоғары маманданды­рылған медициналық көмекті тек респуб­ликалық деңгейдегі ғылыми-зерттеу ин­ституттарына ғана жүктейтін. Ал қазір олай емес. Мәселен, біздің аурухана бу­ын­ға, миға, омыртқаға күрделі ота жасау­мен айналыса бастады. Естіген болар­сыз­дар, осыдан біраз уақыт бұрын ұйқы безін алмастыру отасын жасадық. Жалпы, соң­ғы үш айдың ішіндегі транс­плантациялар саны сегізге жетті. Алдағы уақытта бауыр ал­мастыру отасын қолға алмақпыз. Негізі, жылына 30-40 трансплантация жасауды жос­парлап отырмыз. Оған мүмкіндігіміз жетеді. Ең бастысы, лицензия алсақ, сәй­кес маман тапсақ, болғаны. Денсаулық сақ­тау министрлігінде трансплантация жа­сауға рұқсат беретін арнайы комиссия бар. Егер жоғарыда айтқанымдай, біз да­йын болсақ, комиссия «батасын» береді.
Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыр­тылуы: жалпыға ортақ еңбек қоға­мына қарай 20 қадам» деген мақала-бағ­дарламасында тұрғындарды емдеумен қатар, сауықтыру шараларына да баса көңіл бөлу керектігі айтылған болатын. Сондай-ақ еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» атты мем­лекеттік бағдарламасын одан әрі же­тіл­діру мақсатында отандық медицина ме­кемелерінде тұр­ғындарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеуге түрлі шара­лар қолға алынуда. Тапсырманы жүзеге асы­руға №7 қалалық клиникалық ауру­ха­на да өз үлесін қосуда. Физиотерапиялық және оңалту ем-домдары – денсаулықты қайтадан қалпына келтіруде, адам­ның ең­бекке қабілеттілігін арттыруда таптыр­май­тын демеу. Ескере кетейін, ауыр сырқаттың өзімен де дене шынықтыруға арналған құрыл­ғылар арқылы күресуге әбден бо­ла­ды. Мұнда әртүрлі қозғалу, дем алу жатты­ғулары жасалады. Емдік массаж жасайтын кабинеттер тағы бар. Негізгі емдеу орын­да­рының бірі – дәл осы физиотерапия бөлімшесі. Сегіз кабинеттен тұратын бұл физиотерапиялық бөлім электр токтары, ультракүлгін, инфрақызыл және лазерлік сәулелермен жабдықталған. Дене шы­нық­тыру жаттығулары кеңінен қолданы­лады. Ауруханада ингаляция, ЕДШ, бал­шықпен емдеу, сонымен қатар иодобром­дық, минералданған және О2 + пентоге­ма­тоген ванналары да бар екендігін айта кеткен жөн. Емдік қасиеті бар сумен ем­деу­дің де пайдасы өте зор. Бұл бөлімшеге заманауи жаңа технологиялар енгізілуде.
Оған аурухананың барлық бөлімше­сінде, атап айтсам, гематология, нейрохи­рургия, эндокринология және неврология, басқа да бөлімшелерінде стационарлық түрде ем қабылдап жатқан науқастар қа­жетті мөлшерде. Бірі науқастардың бір­неше сағатқа созылған операция бары­сын­да қатып қалған бұлшықеттерін босаң­датса, бірі сал ауруына душар болған жан­дардың өлі жасушаларын тірілтеді. Каби­неттердің кейбірінде артериялық қысымы жоғары науқастарға, буын ауру­ларына шал­дыққандарға қызмет көрсеті­леді.Құра­мында бірнеше клиникалық жә­не қосымша клиникалық бөлімдері бар аурухана еліміз­дегі ең күрделі гемато­ло­гия, нейрохирур­гия, эндокринология жә­не неврология са­ласы бойынша жоғары дең­гейлі дәрі­гер­лік қызмет көрсететін бір­ден бір іргелі сауық­тыру орындарының бірі болып отыр. Сон­дай-ақ мұнда бүйрек жұмысы бұзылған жандар үшін жаңа қон­дырғылармен жаб­дық­талған гемодиолиз бөлімі, нейр­оин­сульт орталықтары бар. Кли­ника соңғы жыл­дары аурудың алдын алу, анықтау, ем­деу, медициналық қыз­мет­ті ұйым­дастыру істері бойынша 50-ден астам жаңа инно­вациялық технологияны игерді.
№7 ҚКА заманауи құралдармен жаб­дықталған. 2007 жылы сатып алынған PHILIPS магнитті-тербелісті томограф құ­ра­лы тәулік бойы жұмыс істейді. Шұғыл қыз­меттің көбеюіне байланысты аурухана зертханасы түгелдей жаңартылды. Ондағы гематологиялық медициналық жабдықтар –қорытындыны 2-3 минут ішінде шығарып қана қоймай, 18 параметр бойынша қан­ның жалпы сараптауын жасап, иммунды-ферменттік сараптағыш гормондар дең­гейі мен инфекцияларды зерттеуде тап­тыр­майтын қондырғы. Бұл құралдармен кардиомаркелерді (гемоглобин және тро­пониндерді) анықтап, миокард инфарк­тісін шұғыл анықтауға болады. Жаңа био­химиялық сараптау бір тәулік ішінде жүр­гізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта «Шторц» және «Вольф» эндавидеохирургиялық фирмасының ла­пороскопиялық және эндоскопиялық әдіс­терімен ота жасау дәстүрге айналған. Ней­ро­хирургиялық, яғни бас миы мен жұлын­ға ота жасауда «Цейс» оптикалық аспабы, өткірлігі аса жоғары хирургиялық пышақ және соңғы үлгідегі жарық беру жүйелері қолданылады.
Эндокринология бөлімшесі аясында «Диабет орталығы» ұйымдастырылған бо­ла­тын. Аталмыш орталықта қант диабетіне ұшыраған науқастар мұндай аса қауіпті дерт­пен қалай күресуді және дұрыс тамақ­тану мен өмір сүру қалпын, сондай-ақ өз­ін-өзі қалай күтуді үйренеді.
Қазір бұл аурухана атаулы мекемелер мен ғылыми-зерттеу институттарынан ар­тық болмаса да, кем емес. Тіпті олардың қаржысын, яғни науқастарын алып қойып жатқан жайымыз бар. Демек, бәсекелес­тікке қабілетті. Қазір еліміздегі әрбір емдеу мекемесі соған ұмтылуда. Ал оның кілті бі­лікті-білімді мамандарда дер едім. Өкі­ніш­ке қарай, тәжірибелі мамандар аз, жет­кіліксіз. Ауылды жерлердегі жағдай тіптен мүшкіл. Кім болса да таңдаулы маман­дар­ды өздеріне тартуға тырысады. Менің ой­ым­ша, мұндай мамандарды тұрақты ұстап тұру үшін, ең алдымен, олардың жалақысы жоғары болуы тиіс. Әрине, Үкімет жыл­дан-­жылға жалақыны өсіріп отыр. Алайда мы­нау аумалы-төкпелі нарық заманында ба­ға­ның бір орында тұрмайтынын ескер­сек, жалақы аздық етіп қалады.
Құзырлы министрліктің бұйрығына сәй­кес, мекемеге түсетін қаржының 10 па­йызы мамандардың білімін жетілдіруге жұм­салуы керек. Бірін шетелге жіберіп оқытсақ, кейде мамандарды елге шақыр­та­мыз. Әрине, мамандарды елге шақыр­ған тиімді. Бір жағы, қаржыны үнемдесек, екін­ші жағы, олардың елге келіп, тәжірибе ал­ма­суы әлдеқайды ұтымды. Біздің ауру­хана тәжірибе алмасуға да айрықша көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесі болар, білім­ді-білікті мамандар саны артуда. Бір орын­да тұрма­уымыз керек. Бұл орайда да құ­зыр­лы ми­нистрлік қаржы бөлуде аянып қалып отыр­ған жоқ. Тек сол қаржыны дұ­рыс игеріп, оң нәтиже шығаруымызды та­лап етеді.
– Қалай ойлайсыз, ірі саналатын әр­бір аурухана жанынан ғылыми-зерт­теу орталық ашу керек пе? Өйткені қазір сирек кездесетін ауру түрлері пай­да бола бастады, оның үстіне жа­ңа­дан шығып жатқан дәрі-дәрмек­тер де сансыз. Осылардың барлығын әр ауру­хана өз еншісіндегі орталықта зерт­теп, тексеріп отырса...
– Негізі, ойыңыз дұрыс. Бірақ аты өзге­шелеу болса да, заты соған ұқсас кафед­ра­лар бізде баршылық. Шынымен де, елі­міздегі ең ірі аурухана – осы аурухана. Біз­де 16 кафедра жұмыс істейді. Оның 11-і – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлт­тық медицина университетінің кафед­ра­сы, қалғаны – Алматы мемлекеттік дәрі­гер­лер білімін жетілдіру институтының, Қа­зақ­стан – Ресей медицина универси­тетінің, Ал­маты қалалық медицина кол­лед­жі мен Республикалық медицина колледжінің және «Эмили» институтының кафедра­ла­ры. Осының өзі аурухана база­сының мық­ты­лығы мен мамандарының білікті­лігін білдірсе керек. Оларда да жо­ға­ры деңгейлі мамандар жетерлік. Солар­дың негізгі мін­деттерінің бірі – ғылыммен айналысу. Еш­кімге ешқандай кедергі жоқ. Жылда кон­курс ұйымдастырылып отыра­ды. Жобала­рын ұсынып, гранттарын алып жатады.
Күнделікті қолданыстағы емдеу түрле­рімен шектеліп қалуға болмайды. Тың жа­ңалықтар ашып отыруымыз керек. Бұл тұр­ғыда ғалымдардың әлеуетін арттырып отыру қажет-ақ. Бұрындары кафедраларға үлкен міндеттер жүктелетін. Былайша айт­қанда, ғылыми жұмыстардың барлығы ка­фед­раларда жүргізілетін. Әр кафедра­ның ғылыми жұмыс істеу жоспары бола­тын. Сонда олар докторлық, кандидаттық дис­сертация қорғайтын. Қазір жағдай бас­қа. Оның барлығын тоқтатты.
– PhD жүйесін қолдайсыз ба?
– Менің ойымша, дұрыс емес. Әр жас маманды ынталандырудың бірден-бірі жолы ғылыми атақ беру деп ойлаймын. Кезінде өзіміздің алға қойған мақсатымыз кандидат, одан кейін доктор болу еді. Сол үшін де ізденетінбіз. Ал қазір жастар енжар болып барады. Бір жағынан, оларды түсі­не­мін. Ынта-ықылас жоқ. Қысқасын айт­қан­да, ғылыми атақ алу қиындап кетті. Ке­рі­сінше, қайта дәл қазіргі инновациялық технологиялар заманының негізгі крите­рий­лерінің бірі тек ғылымды дамыту ғана емес, ғалымдарды ынталандыру емес пе?!
Кім біледі, бәлкім, дұрыс та шығар... Кесіп айту қиындау. Өйткені саны бар, са­пасы жоқ ғалымдар да көбейіп кетті ғой. Алайда басқа бір тиімді жолын қарастыру керек пе еді, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» деген сияқты.
– 2005 жылы ҚР денсаулық сақтау саласының өзгертулер мен толықтыру­лар енгізілген жаңа заңы жарық көрген болатын. Сіздің сол заң жобасын жа­сау­ға тікелей атсалысқаныңыздан ха­бар­дармыз. Оны айтып отырған себе­біміз, сол заңның трансплантация ту­ра­лы баптары бар. Сіз әрі Сызғанов атын­дағы хирургия институтында 20 жыл­дай табысты еңбек еттіңіз. Осы транс­плантация турасында елде түрлі пі­кір­лер айтылып жатады. Сіздің ойы­ңыз?
– Бірінші айтарым, заң – отандық ме­ди­цинаның барлық иірімін толық қамты­ған өміршең заң. Ол заңда трансплан­та­цияны дамытуға бағытталған үш тармақ бар. Сол тармақтарда көрсетілгендей, қай­тыс бол­ған адамның ағзасын туысқан­да­ры­­нан сұ­ра­мауға қақымыз бар. Алайда қоғам да­йын болмағандықтан, түрлі ке­дер­гілерге ұшыратады. Негізі, қайтыс бол­ған адам­ның ағзасы алынбас бұрын оның жас ша­ма­сы ескеріледі. Мәселен, ол жас адам болуы тиіс. Былайша айтқанда, ағ­залары алмас­тыруға жарайтындай. Жас­тар негізі­нен жол апаты немесе кісі қолы­нан сияқты оқыс жағдайлар салдары­нан өле­ді. Қыл­мыс құрамын анықтау үшін құ­зыр­лы сала ол­ардың денесін міндетті түр­де сояды. Са­раптау жұмыстары үшін әр мү­ше­сінен кесіп алады. Осы жағын ескер­ген жөн. Де­не­сі жер қойнына бүтін кетпе­ген соң, одан не пайда?! Сондықтан да қо­ғам­ның транс­плантацияға қарсы бол­ма­ғаны жөн. Қай­тыс болған адамның жүре­гі не бауыры, бол­маса бүйрегі өмір сүріп жатса, ол жа­ман ба? Қайтыс болған адам біреудің өмі­рін сақтап қалып, жақсы іс істеп кетеді.
Біздегі трансплантация да дүние­жүзін­дегі ережелерге бағынады. Шетелде өлген адам да донор болу арқылы төрт-бес жан­ның өмірін ұзартады. Осыдан біраз уақыт бұрын дүниежүзінде екінші саналатын бір ота жасалды. 24 жастағы інісі өзінен төрт жас үлкен апайына бір бүйрегін, ұйқы бе­зі­нің жартысын берді. Өмір мен өлім ара­сында арпалысып жатқан ауыр науқас қа­зір құлан-таза айығып кетті. Менің ойым­ша, қоғам бұған біртіндеп үйренеді. Жал­тақ­тай беруге болмайды. Қазір өздері ке­ліп, «өліп қалсам, ағзамды алуға рұқсат бе­ремін» деушілер бой көрсете бастады.
Ота сәтті жасалса, көпшіліктің ағза ал­мас­тыруға көзқарасы бірден болмаса да, бір­тіндеп өзгерер еді. Қазіргі кезде, ең бас­тысы, адамдардың қолдауы қажет бо­лып тұр. Біздің отандық БАҚ арқылы ағза ал­мас­тыру мәселесін жиі көтеріп отыр­­ға­нымыз – осыдан. Елімізде ба­уыр ауру­ла­ры­на шалдыққан 1200-ден астам адам­ның өмі­ріне қауіп төніп тұрса, 1300-ге жуық адам – жүрек, 2 мыңдай науқас бүй­рек тран­сплантациясын қажет етуде.
Тәуелсіз Қазақстанның ал­ға қой­ған стра­тегиялық мақсат-мүд­де­лерінің бі­рі – бәсекеге қабілетті, озық мем­ле­кет­тер­дің қатарына кіру. Ол үшін қарқынды да­мып келе жатқан жаһандық ғы­лым мен ілім­нің көшінен де қалып қой­ма­уымыз ке­рек. Ал трансплантация – ден­сау­лық сақтау са­ласының даму деңгейінің бір көр­сет­кіші.
– Қызметтік тәртіпті орнатуда ұж­ым­дық этиканың да маңызы зор. Әсі­ресе көңілі жарым науқастар алдына баратын ақ халатты абзал жандардың осы заңдылықты сақтауы аса қажет-ақ. Алайда, өкінішке қарай, соңғы кез­дері дәрігерлер атына түрлі сын-пікір­лер айтылуда. Адамдардың базына­ла­ры орынды десек, қате айтпаймыз. Өзіңіз басқарып отырған ұжымдағы жағдайды айта кетсеңіз...
– Түсіп жатқан шағымдардың 80 пайы­зының негізі бар. Басшылықта жүріп, соны байқадым. Жалпы, шағымдарды мен екі топқа бөліп қарар едім. Біріншісі – науқас­тың дәрігерлер үстінен шағымдануы, екін­шісі – медицина қызметкерлерінің ара­сын­дағы қарым-қатынас.
Науқас адам дәрігерге еріккеннен кел­мейді. Ондай адамның, әлбетте, жүйкесі сыр береді. Жақсы көңіл бөлгенді қалай­ды. Науқасты тек дәрі-дәрмекпен ғана ем­ес, жылы сөзбен де емдеуге болады. Өкі­ніш­ке қарай, қазіргі дәрігерлер ара­сында сөзбен емдейтіндер азайып барады. Бұл да – бір өзекті проблема. «Баланы – бас­тан» дей­ді қазақ. Жас мамандарды мұн­дай тәр­биеге ЖОО қабырғасында да­йын­дау керек және оған үлкен жауапкер­ші­лікпен қарамаса, болмайды.
Екінші топқа жатқызғанымдай, қыз­мет­керлер арасындағы түсінбеушіліктер де мені алаңдатпай қоймайды. Аурухана басшылығы осындай келеңсіздікке жол бермеуге тырысамыз. Қазір 10 дәрігерге барсаңыз, 10 түрлі ем тағайындайды. Сөй­тіп, олар біріне-бірі қарсы келіп жата­ды. Бұған жол беруге болмайды. Бұл жұ­мыс сапасын бұзады. Ал медици­нада жұ­мыс сапасының артында адам фак­торы тұратындығын ұмытпайық. Шетелде бір дәрігер бір дәрігерді жа­зық­сыз айып­таса, ол жа­уап­кершілікке тартылады.
– Қалай ойлайсыз, этиканы бұзған адамды тәрбиелеу керек пе, әлде жұмыс­тан шығарған дұрыс па?
– Жалпы, ауруханада 1300-ден астам адам жұмыс істейді. Бұл аз емес. Әрқай­сы­сының өз мінезі бар. Сондықтан да жұмыс­қа келдің бе, сен ұжымға бағынуың керек. Тікелей міндетіңмен қатар, науқастардың көңілін аулай білуің шарт. Міне, Гиппократ антын қабылдаған ақ халатты жандардың жұмыстарының қиындығы – осында. Егер жас маман болса, әрине, тәрбиелеуге ты­рыс­қан жөн. Алайда мінез-құлық адамға қанмен келеді. Ондай адамды ұжымда ұстай берсең, оның араға іріткі салатыны өз алдына, «бір құмалақ бір қарын майды шірітетінен» ұмытпайық.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста