Намыстану деген сөз өзге ұлыс өкілдеріне дүрсе қою дегенді білдірмейді

Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ, А.Байтұрсынұлының мұражай-үйінің жанындағы ғылыми кеңестің мүшесі:

– Сабыржан Шүкірұлы, биыл Алаштың алғашқы әліппесіне 100 жыл толып отыр. Бұл еліміздің мақтаныш етер айтулы оқиғала­рының бірі болғанымен, ешқандай арнайы шаралар тізбегі байқал­май­ды. Неге бізде осындай мере­келер жетім қыздың тойын­дай болуы керек?
– Мынау қазақ даласында 1912 жылға дейін қазақтың төл әліпбиі болмаған. Қазақ жазуы қалыптаспаған. Қазақ – қазақ болға­лы, Қазақ хандығы көтерілгелі бабаларымыз басқа елдердің жазуларын пайдаланып келді. Ол замандағы халқымыздың рухани азық еткен жазуы парсы жазуы болатын. Одан – араб жазуы, бертін келе татар жазуын пайдаланды. Осылай орыс жазуына көштік, орыс таңбасын қолдануға тура келді. Бұл енді қазақтың рухани дүниесін, ұлттық болмысын жою үшін миссионерлік бағытты ұстанған Ильминскийдің алып келгені ғой. Дәл осы кезеңдегі жаппай сауат ашу мәсе­лесінің түпкі төркіні қазақтың сана­сын улау болатын. Қазақты орыс рухының алдында тізе бүктіру, шоқындыру мәселе­сінде орыс таңбасы таптырмас құрал болды. Сонымен қатар өзге ұлт сөздері қазақтың тілдік қо­рына араласа бастады. Бірақ мұның бәрінде қазақтың төл дыбыстары ескеріл­ме­ген еді. Қазақтың сөйлеу ырғағын, дыбыс мәнерін, жазба тілінде ақпарат бере алатын төл әліп­биінің қажеттілігі осы кезде арта түсті. Осы­ған орай 1912 жылы Ахмет Бай­тұр­­сынұлы араб таңбаларын қазақ тілінің заң­ды­лықтарына бейімдей отырып, тұңғыш әліп­биін жасады. Осыдан бастап 1929 жыл­ға дейін Ахаң жасаған араб қарпіндегі әліп­би қазақтың жазба мәдение­тінде кең қол­даныста болды. Оқулықта, газет-жур­нал­­да, іс-қағаздарында, кеңсе жұмыс­та­рын­­да не­гіз­гі қолданысқа енген де осы әліппе бола­тын.
Орыстың жымысқы саясатының арқа­сында 1929 жылы Қазақ әліпбиі латын қар­піне көшуге мәжбүр болды. Одан кейін 1940 жылы кириллшеге ауыстық. Мұның барлығы қазақты тарихи жадынан ажыра­тудың арнайы ұйымдастырылған алғашқы амалы ғана болатын. Соған қарамастан Ахметтің араб қарпінен бейімдеген төтеше жазуы Алтай-Тарбағатай қазақтарына кеңі­нен тарап кетті. Төл әліпбиіміздің таңбала­нуы бірнеше рет өзгергенімен, Байтұрсынұ­лы бекіткен қазақ әріптері өзгерген жоқ.
«Айтпаса, сөздің атасы өледі» дегендей, сөз орайында айта кетейін. Мына біздің сүттей ұйып отырған мемлекетіміз көптеген елдің қызығушылығымен қатар, қызғаны­шын да тудыратыны сөзсіз. Кейбір қандас­тарымыз латын әліпбиіне көшейік дегенді соңғы уақытта оқтын-оқтын шыға­рып жүр, тіпті жиі айтады. Тілтанушы ғалым­дар мұны жай сауатсыздыққа жатқызып келді. Бірақ осы әрекеттің астарына үңілсек, сыртқы күштердің үлкен саясаты жатыр. Бұған мақ­сатты түрде тоқтау салмасақ, үл­кен қауіп болғалы тұр. «Қаупің қайдан бол­са – қатерің содан» деп қазақ тегін айтпа­ған. Қазақ ешқа­шан да латын әліпбиіне көшкен емес, көшпейді де. Алаш баласы әлі күнге дейін Ахаң әліпбиін қолданып келеді. Тек әліпбиді беру формасындағы таңбалар ғана өзгере­ді, осыны естен шығармауымыз керек. Қазақ латын әліпбиіне көшті деген сөз – халықтың тұтас рухани мәдениеті құ­рыды деген сөз. Латын әліпбиіне көшу дегеніміз – сол тілдің емлелік ережелері мен тілдік танымын тұтас қабылдау деген сөз. Ал қазақ тілінің емлелік ережелері мен латын емлесі мүлде сәйкес келмейді. Сол себепті мұндай өрескел қатеден аулақ болуымыз қажет. Әңгіменің дұрысы – латын әліпбиіне емес, латын қарпіне көшу. Осындай жағдай­лар біздің халықты бұл мәселеге үрке қарауға итермелеп отыр.
Біздің қазақ, жалпы, қызық халық қой:   шетелде бір өзгеріс болса, соны ұран­­дап жүріп өзіне көшіріп алғысы келеді. Бұл қазақтың, сыпайы айтқанда, жаңалық атаулының жаршысы болмақ ниеті шығар. Жақсы, қазақ жазуын латын қарпіне көшір­дік делік. Көшкен жағдайда не ұтамыз, не­ден ұтыламыз, алдымен соны саралап көре­йік. Латын қарпіне көшейік деп жүрген­дер, бірінші, «қазақ тілінің дамуына үлесі зор», «түркі әлемін біріктіреміз», «орыс тілінің ықпалынан арыламыз», «ғаламтор кеңіс­ті­гінде еркін ақпарат алмасамыз» деген дә­йектерді жиі айтады. Негізінен, ұлт санасын сақтауда, халықты рухани құндылықтарға ұйыстыруда әліпбиді ауыстыру өте ұтымды шешім деп санамаймын. Өйткені мынау тарихы қалыптасқан іргелі елдер ешқашан да өз тарихында алғашқы әліпбилерін өз­герт­кен емес. Мына біздің әліпбиге қараған­да олардың әліпбилері мүлде басқаша, күрделі келеді. Мысалы, оларда бір дыбыс­ты екі-үш әріппен беру – қалыпты жағдай.
Түркі әлемін біріктіру идеясы өте жақсы. Мен оны қолдаймын. Ортақ әліпби болса, жақсы болар еді. Бірақ біз түркілік әліпби бірлігіне жете алмаймыз. Өйткені түркі халық­тары ұзақ уақыт бойы бөлек-бөлек, өз алдына дербес мемлекет ретінде өмір сүрді. Тілдері бірігудің орнына тым алшақтап кетті. Ұлт болып бөлініп кетті ғой. Қазір олар­дың бәрі бір ұлт емес, түркі текті бірне­ше ұлт болды. Сөз орамдарының орны ауы­сып, әрқайсысының сөйлеу мақамы, сөз ма­ғынасы түгел өзгеріп, әу бастағы мағына­сынан мүлде басқа арнаға бет алып, әр ұлтта әрқилы мән беретін болды. Сондықтан бір атадан тарап, бірнеше тармаққа бөлініп кеткен қауымнан қайтадан бір ұлт жасау, бір тілде сөйлетіп, бір әліпбимен оқыту мүмкін емес. Мәселен, Тәуелсіздік алған жылдары біздің түркітанушы, тілтанушы ақсақалда­рымыз Түркияның Анкара қаласында барша түркітектес бауырлармен бас қосып, бір таңбада жазатын боламыз деп, 34 таңба белгілеген. Сол бекітілген 34 таңба негізінде ортақ әліпби жасайын десек, көптеген айыр­машылық байқалды. 11-ден 20 таңба­ға дейін дыбыстық ерекшеліктер болды. 34 таңбамен бүкіл түркі халықтары ортақ әліпби жасай алмайтынын түсінді. Ол таң­бада жаза алмасын, сөйлей алмасын білген соң, бұл мәселе аяқсыз қалуға мәжбүр бол­ды. Ғалымдар да осы шешімге тоқтады.
Егер алда-жалда латын қарпіне бейім­дел­ген ортақ әліппе шыға қалған күннің өзінде біз ұлттық бірлікке де жете алмас едік. Оның сыры – мынада. Мұндай өзгеріс бола қалса, Қазақ мемлекетінде тұратын қазақтардың қазақтілділері ғана латын қарпін қабылдайды. Ал одан бөлек, қазақ әліпбиін қажетсінбейтін қаншама орыстіл­ділерің бар, тіл білмейтін көптеген өзге ұлт өкілі бар. Осылардың барлығы орыс қар­пін­де, орыс әліппесінде – кириллшеде қала­ды. Сонда онсыз да бөлініп, бөлшектеніп әбден зығырданы қайнаған қазақ ұлты тағы да бірнеше бөлікке амалсыз бөлінуге тура келеді. Мемлекеттік әліппе бірлігінің көбесі сөгіледі. Орыстілді орта сөзсіз кириллшеде қалады, ол анық. Ал ағылшынша ағып тұр­ған шалатілді қандастарымыз дереу латын қарпін сылтау етіп, еуропалық әліпбилердің біреуін таңдайтыны даусыз. Оның сыртында біздің Қытайда, Моңғолияда, басқа да мұсылман елдерінде бір қауым ел болып отырған қандастарымыз Ахмет Байтұрсын­ұлы негіздеп берген араб қарпіндегі төте жазуды әлі күнге дейін қолданады. Оларға салған беттен латын қарпін қолданайық деп айта алмайсың. Солтүстік көршілерімізде де біздің 1,5 млн қаракөзіміз бар. Олардың барлығы кириллшеде отыр. Қазақ айтты екен деп, Ресей латынға көше салады деп ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті Ресейдің Мем­лекеттік Думасы татарға латын қарпіне көшуге арнайы қаулымен тыйым салған.  Міне, осындай себептерді латын қарпіне көшеміз деп жүргендер ескере бермейді. Ал осы қадам арқылы орыс тілінің ықпалынан құтыламыз деген сөз де – бекершілік. Орыс тілінің отарынан құтылудың қарапайым жолы – қазақ пен қазақтың қазақша сөй­лесуі, тілдің қолданыс аясын кеңейту, артты­ру ғана.
Тәуелсіздік алғалы бері елімізде көптеген мешіт пен медресе ашылып, сауат ашу курс­­тары жүргізіле бастады. Бірақ соның бар­лығы – араб қарпінде жазу жазатындар. Ал кеңсе мен іс-қағаздарыңыздың тілі тұтас орысша жүріп жатыр. Өзіміздің қазақ таң­балы жазуымыз өз қызметін толық атқара алмай отыр. Сондықтан оның деңгейін жо­ғарылатып, қуатты тілге өз қызметін толық паш етуге жағдай мен мүмкіндік жасауымыз керек.
– Сабыржан Шүкірұлы, ХХ ға­сыр­дың басындағы игі жақсыла­рымыздың бәрі шығармаларын осы Ахаң негіздеген төте жазу үлгісінде жазды. Бұл, әрине, қыруар еңбек еді. Ал қазіргі таңда жастарға осы жазудың қандай пайдасы бар дегенді айтатындар өте көп. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мынаны ескеру керек, жоғарыда айт­қанымыздай, қазіргі әліпбидің өзі – Ахаң әліпбиі. Анау латынға көшкендегі қолдана­тынымыз да осы Ахаңның әліпбиі болады. Таңба өзгерістері болғанымен, тіліміздің дыбысталуы өзгерген жоқ. Бұл жерде шешуші рөл атқаратын – таңба емес, дыбыс. Таңбаны шартты түрде санмен де белгілеуге болады. Ал енді жаңағы төте жазудың қандай қажеті бар деген мәселеге келейік. Ең алдымен, ол – біздің рухани байлығымыз, тұмса тарихымыз. Кешегіні білмей, бүгінгіні тану, өткен мен бүгінгіні жалғастырмай, болашаққа бару мүмкін емес. Сондықтан ол – біздің келер ұрпаққа ауадай қажет құнды жәдігер. Егер бұның барлығы өткеннің сар­қыншағы, келер күнге еш пайдасы жоқ деп есептесек, бабамыздан жалғасып келе жатқан негізден айырыламыз. Өткеннің бәрін көмескі көріп, жойып тастап, жаңадан бастай беру ісі сана тәрбиесінде өскелең ұр­пақ үшін орасан зор зардап келтіретін жағ­дай деп білемін... Біздің ұрпақ осы бағытты таңдайтын болса, сөзсіз адасады. Мұндай ойдан жылдам арылмасақ, біздің тіліміздің, дініміздің, діліміздің ыдырауына әкеліп соқтырады. Бір сөзбен айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген нақылының шын­дық екеніне тағы бір көз жеткіземіз. Біздің қай-қайсымыз да өз тілінің тірлігін жете зерделемеген адамды Отанның жанашыры, қоғамның мүшесі деп есептемеуіміз керек. Ал сіздің айтып отырғаныңыз – араб қар­піндегі төте жазу ғой. Бұл жазу ХХ ғасырдың орта кезіне дейін тұтас қолданыста болғаны рас. Бірақ одан кейін қолданыс аясы біршама тарылды. Себебі жергілікті халық латын мен кириллшеге көшті де, кезінде тағдыр талайымен шетел асқан болмаса өзінің байырғы қонысында қалып қойған қандастарымыз араб қарпіндегі төте жазуды таңдады. Осылай қазақ мәдениеті бірнеше керуеннің жетегін ұстады. Сол себепті қа­зақ­қа төте жазудың қажеті жоқ деп ойлауға мүлде болмайды. Сөз басында айтып кет­кен­дей, мына Қытай мен Моңғолия, басқа да мұсылман мемлекеттеріндегі қандаста­рымыз әлі күнге дейін осы жазуды тұтынады. Ол жердегі қандастарымыздың жазған шығармаларын қазақ қоғамына қажеті жоқ деп айтуға келмейді. Ол шығармалар кейінгі әдебиет пен ертеңгі тарихтың мәйегіне айналмасына кім кепіл? Сондықтан бұл мә­селеге абайлап қарау керек.
– Тарихта көптеген елдің әліп­песінің тарихы тым қысқа болған екен. Қазіргі қолданыстағы қазақ әліпбиін жасаған кезде Ахаңның қолында бірнеше нұсқа болған. Бірақ сол нұсқалардың ішінен нақ осы өміршең әліппені таңдауының сыры неде деп ойлайсыз?
– Енді ол кісі маман ретінде арғы-бергі әліппе тарихының барлығын зерттеген, салмақтаған, салыстырған. Бекерден-бекер түркітанудың атасы атанбаған ғой. Бүкіл түр­кі халықтары бұл кісінің түркітануға қатысты еңбектерін мо­йындаған. Оның тағы бір мынадай себебі бар: көптеген әліппе нұсқаларын саралай келе, Ахаң сол заман­дағы қазақтың сөз байлығы, сөйлеу мәне­рін, сөздік қорын, тарихи танымын зерде­леп, ғылым-білім саласындағы бар­лық сөз оралымында қазақ қандай дыбыс­тарды қолданады дегенді ескере отырып, осы нұсқаға тоқтаған. Сол дыбыстарды анықтау арқылы осы әліпбиді жүйелеген. Ал енді қазақтың бүгінгі сөзін қайтадан сол Ахаң заманындағы өлшеммен қалыпқа саламыз деп әбігер болатындар да бар. Мысалы, қазақ тілінде біреу – 18, біреу 13 әріпті қыс­қарту керек дейді. Сонда біз орыс тілінің ықпалынан құтыламыз, бұрынғы сөйлеу мақамына көшеміз дейді. Қазақ енді олай сөйлей алмасы анық. Өйткені уақыттың та­ла­бына сай заман да, қоғам да дамып кетті. Сөздік қор молайды, ғылым-білімнің өсу қарқыны қарыштады. Техника мен техноло­гия да дамыды. Оның барлығының атаула­ры бар. Ол терминдердің барлығын сол анау өткен ғасырдың басындағы жағ­дай­мен, сол өлшемге сай дыбыспен айту, жазу, түсіндіру мүмкін емес. Ол – қателік. Кейбір мүйізі қарағайдай доктор, профес­сорлар да осындай пікірді көңілің қалмасын, ұзаққа бармасын деген пиғыл­мен айту деген осы екен деп жөнсіз сөзді жөнелте сала­ды. Парламент депутаттары да ұялы телефонына әріп жетпейтінін әңгіме қылып, ұйқыдан оянғандай кейіппен мінберден түспейтін болып алған.
Әріп қысқарту, әріпті өзгертумен мәселе шешілсе, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты баяғыда жасап тастар еді. Ол үшін кәдімгідей ғылыми-зерттеу жүргізу керек. Бүгінгі қазақтың салалық пән термин­дерінде, ғылыми атауларда, техникада, технологияда, кеңсе іс-қағаздарында сөз қолданысы қандай деген мәселелер өлше­ніп, таразы басына теңестірілуі қажет, ғылы­ми тұрғыда саралануы керек. Содан кейін ғана мына әріп бізде қолданыста жоқ, мұ­ның қазақ әліпбиіне қажеті шамалы деп айту дұрысырақ болады. Ал оның бірде-біреуі жоқ. Сөйте тұра бір күнде латын қарпіне көше салғысы келеді. Ғалымдардың бір тобы «ю», «я» деген әріптерді қосарлан­ған дыбыс болғандықтан, қос таңбамен белгілеуге тиіспіз дейді. Ол да дұрыс емес. Кейбір сөздерде бұлар жеке дыбыс болып қалыптасқан. Таңба түрінде болса, мен өк­пе­лемес едім. Мәселен, и мен у әрпі бірік­кеннің өзінде кейде ю әрпінің толық мағы­насын аша алмайды. Осындай басқаша жазуға келмейтін, тек сол таңба ғана сөздің толық мағынасын ашатын көптеген ғылыми термин мен атау бар. Осының барлығы жүйе­леніп, ғылыми айналымға түсуі керек.
– Енді негізгі тақырыпқа қайта оралсақ. Жылдың жартысын өткізіп, соңына дейін санаулы уақыт қалды. Бірақ әлі күнге дейін Алаш әліпбиінің 100 жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты қимылдаған құрылым, министрлік көрінбейді. Себебі неде?
– Бұл өте орынды әрі салмағы ауыр, өзекті өртейтін сауалдың бірі мен үшін. Дәл биылғы жылы қазақ үшін Ахаңның жылы болуы керек еді. Бірақ олай болмай шықты. Мәселен, сіз тек қана әліпбиді тілге тиек етіп отырсыз. Ал Ахаңның «Тіл құралы» атты тіл ғылымының негіздерін жүйелеген оқулығы­на да биыл 100 жыл толып отыр. Өзің айтқан әліппеге де 100 жыл толды. Ахаңның 140 жылдық мерейтойының өзіне ешқандай шаралар жоқ. Мен мына нәрсені қадап ай­тар едім. «Әшейінде ауыз жаппас, той де­ген­де дым таппастың» кері келді. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын. Деген­мен жай күндері газет бетін сиялап, әдебиет­ті ұрыс алаңына айналдырып, бір-бірінің отырған-тұрғанын сөз ететін боямашы ақын-­жазушылардың ешқайсысы осы мәсе­леге үн қосайын демейді. Ғалымдардың да жырғатып жатқаны шамалы. Әйтпесе Ахмет Байтұрсынұлының атын иемденген білдей орталықтар жұмыс істеп тұр. Барлығы жан-жақтан осы мәселені жыл басынан бері бірінен-бірі іліп әкетіп, айтуы керек еді, жа­зуы керек еді. Өкінішке қарай, оның бірі орын алмады. Бізде барлығы қаулымен, бұйрықпен, шешіммен шешіледі дейтін үй­реніп қалған жаман әдет, қалып­тасып қал­ған кереғар көзқарас бар. Өзде­рінің екі иықтары бос, жұмыр бастарына жүн толты­рып алғандай. Пәлен уақытта аталсын деген қаулы болмаса, өз еріктерімен қимылдау жоқ. Мысалы, Байтұрсынұлының 140 жылдығы аталсын, әліпби мен «Тіл құралы» оқулығының 100 жылдығы атал­сын деген қаулы немесе шешім болса, жұрт өре түре­ге­ліп жүгіріп ке­тер еді. Соған пікір айтпайтын адам қал­майтыны белгілі. Сөйте отыра біз тәуелсіз ұрпақ қалыптастырдық, жадымыз жаң­ғыр­ды, жаңаша ойлауды үйрендік, де­мок­ра­тиялы қоғамға айналдық деп көлгір­ситін, қаламын сүйкектетіп қанжығасын майлай­тындардың біреуі үндесе, шіркін!
Мұндай шараларды, негізінен, тұтас халыққа жауып қоятындар өте көп. Мұндай шараларды елдің сүт бетіне шығар қаймағы жүзеге асыруға атсалысуы тиіс. Мен зиялы қауымды айтып отырмын,. Зиялы қауым де­генде де өнер мен мәдениет және қоғам қайраткерлерін. Әйтпесе бізде мемлекеттік қызметкердің барлығын зиялы қауым са­най­тын үрдіс қалыптасқан. Осындайда Мао Цзе-Дунның «Халық деген – ақ қағаз, не жаз­саң, сол орындалады» деген сөзімен ке­ліс­песке амал жоқ. Мен мұнымен «Көп қор­қытады, терең батырады» деген нақыл­ды теріске шығарғым келіп отырған жоқ. Саясат пен билік – қашанда халықтың жете­гі. Көп халық үлкен қозғалысқа түскен­ше көп уақыт кетеді. Замандар өтеді, жүз­жыл­дықтар артта қалады. Ал негізгі мәселелер жеке тұлғалар­дың шешіміне байланысты. Мәселен, осы уақытқа дейін Абайдың, Махамбеттің мерей­­тойлары қандай тамаша өтті. Бірақ ол шараларға Елбасымыз өзі мұрындық бол­ды. Бірақ одан кейінгі шара­лар толқыны жағаға жетпей құмға сіңгені көз алдымызда. Елбасының көрсеткен жолын айналасын­да­ғы атқосшылар жалғай алмады. Мемлекет басшысының айтулы даталарды санаудан басқа жұмысы жоқтай. Айтуға ұят болса да айтайын, азат қазақ отырып Ахаңның еңбектеріне қатысты даталардың аталмай қалуы естіген құлаққа да жағымсыз. Хал­қының сол за­ман­дағы мәдениет тарихында мұндай ең­бек еткен адам әлі жоқ. Ал басқа мемле­кет­тер мұндай тұлғаларын әулие көреді. Мыса­лы, орыс үшін Кирилл мен Мефо­дий­ді әулиелердің қатарына қосады. Шіркеу­лерінің есімдерін бергенімен тұрмай, солар үшін дұға жаса­лып жатады. Олардың да алып бара жатқан әулиелігі жоқ. Олар ежел­гі грек таңбаларын негіздей отыра, мына қазіргі кирилл әліп­биі­нің нұсқасын ғана жасады. Одан кейін олардың әліпбиіне қан­шама өзгеріс жасал­ды. Олар мына біздің Ахаңдар сияқты тұтас тіл білімі ғылымын, емлелік ережелерін жүйелеген емес. Тек таңба ғана жасады. Соның өзінде славян халқы оларды төбесіне көтереді.

Алашқа айтар датым...
Бүгінгі қазаққа кінә қою қиын. Оған жүрегім де дауаламайды. Бірақ қоғамдық формация өзгерген кезде халық пен биліктің аражігі ажырап қалды. Осы мәселе орнына келсе, өте орынды болар еді. Содан кейін біздің әлі де ұлттық намысымыз ояна қоймаған, сол мені қынжылтады. Отбасылық, рулық намысы тұтас ұлттық намысқа ұласса. Намыстану деген сөз өзге ұлыс өкілдеріне дүрсе қою дегенді білдірмейді. Тек әркім өз ісіне жауапты болып, ғылым мен білімді игеріп, жалпақ жұрт болып Қазақ елін алға сүйресе деймін. «Неге біз өзгеден техника саласында кенжелеп қалдық» деген сөзді естуге намыстануымыз керек. Халықтың қазынасына қол салған қандастарымыз үшін намыстануымыз керек. Ол – анархиялық жолмен көшеге шығу болмаса оппозиция болып мемлекетке қарсы шығу емес. Тек қана азаматтық және ұлттың бір бөлшегі ретіндегі көзқарас пен намыс әрдайым егіз болуы міндетті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста