Бақытжан Әшірбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы:
Қазақ елінің ең ірі қалалары десе әуелі еске Астана мен Алатаудың етегіндегі алып Алматы түсетіні белгілі. Дегенмен сол қалалардың ізін баса кәсібі өркендеп, жан саны артып, алып ғимараттар көптеп салынып жатқан күнгейде бір қала бар. Ол – Шымкент. Оңтүстік Қазақстан облысының орталықтары өз олқылықтарын түзеп, жаңа тұрпатта жаңғыруда. Республикадағы үшінші қала Шымкент те, оның аудандары да дәулетіне қарай сәулетін арттыруда. Кемеңгерлерінің кесенесін, естілерінің ескерткішін елден ұялмайтындай етіп ептілікпен жасап жатыр. Қалаларын жасыл желекпен көмкеріп, тал-теректі тербелтіп қойды. Оған Шымкенттегі саябақтарда қасқайып тұрған мүсіндер куә. Осындай ірі өзгерістердің жүзеге асуына жобалық қалыптасуына атсалысып отырған Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әшірбаевпен әңгімелесіп, күнгей аймақтағы Шым шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгіме өрбіткен едік.
– Елбасының өзі «Шымкент еліміздегі үшінші ірі қала атануға лайық» деп айтқан еді. Бақытжан Құдайбергенұлы облыстың бас сәулетшісі ретінде Шымшаһардың бас жоспары туралы мәлімет беріп өтсеңіз.
– Иә, шаһардың аумағы да халқы да артып келеді. Шымкент қаласының 2004 жылы қабылданған бас жоспары заман талабына сай өз қажеттілігінен айырылды. Уақыт көші шымшаһардың да аумағының кеңейіп, дамуына алып келгені рас. Ауылдан қалаға үдере көшіп, қала халқының санына сан қосып жатқан халықтың да есебі бар. 2015 жылға дейін 600 мың тұрғынды қамтуы тиіс 2004 жылғы бас жоспар өз міндетін атқара алған жоқ. Өйткені белгіленген межедегі халықтың саны ойдағыдан да асып түскен болатын. Шымкент қаласының бас жоспары Үкіметте біраздан бері қаралып, мерзімінде тиісті инстанциялардың келісімін алып, бекітіліп отыр. Осы сәтті көптен күткен жергілікті билік Шымкенттің жаңа тынысын ресми түрде таныстырды. Егер бұрынғы бас жоспар 40 мың гектар аумақты құраса, жаңа жоба бойынша енді қаланың аумағы 117 мың гектарға жеткізіліп отыр. Бұл бойынша қалаға іргелес жатқан үш аудан – Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарының бірқатар аумақтары енгізіліп, жұмыс тиісінше екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең бойынша Сайрам ауданынан 29 елді мекен, екінші кезеңде Төлеби ауданынан – 5, Ордабасы ауданынан екі елді мекен Шымкентке қосылады. Бас жоспар бойынша 2015 жылы қала халқы 1 млн тұрғынмен қамтылса, екінші кезеңде 2025 жылы 1.200 млн адамды құрайды деп болжанған. Демек, елімізде ірі мегаполистердің бірі деуге тұрарлық Шымкентті осы бағытта дамыту қажеттіліктен туындап отыр. Сондай-ақ бас жоспарда бірінші кезекте қаланың инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілген. Бүгінгі Шымкенттің жылу, коммуникация жүйелерінде ақаулардың жиі орын алатынын ескерген мамандар бұл мәселеге тереңірек шұқшиыпты. Бүгінгі қаланың кәріз, су, жылу жүйелерінің ескіргені негізге алынып, ұсыныстар негізінде канализация орталықтарына жақын аумақтың көлемін үлкейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ қуатты подстанция, автономды жылу қазандығын орнату мәселесі шет қалған жоқ. Бас жоспар бойынша жол-көлік бағыттарын жоспарлау ісі де тиімді қарастырылыпты. Халықаралық жолдар саналатын солтүстік және оңтүстік бағытындағы Батыс Европа Батыс Қытай және Ташкент тасжолы бойында көлік-инфрақұрылым, әлеуметтік тұрғын үйлер, өндіріс және теміржол бағытын салу жоспарланған. Сондай-ақ бұл жерде халықаралық дәрежедегі автовокзал қызмет көрсетеді. Орталықтағы Қонаев гүлзары қаланы қақ бөліп тұратын көше болмақ. Егер Шымкенттің жасыл қала екенін ескерсек, жобадан бұл нәрсе де ұмыт қалмапты. Жаңа бас жоспарға сәйкес, қала аумағының 40 мың гектар жеріне жасыл белдеу жасалатын болады. Нәтижесінде, қаланың аумағы шаңнан, аңызақ ыстықтан қорғалып, қаланың экологиялық жағдайы қолайлы болуына мүмкіндік береді. Енді бекітілген бас жоспар бойынша сөзден іске көшетін уақыт келді. Жергілікті билік жұмыстың бүгіннен бастап тиімді түрде жүргізілетінін жеткізді.
– Бас жоспарға сай бой көтеретін жаңа әкімшілік іскерлік орталығының құрылысы керемет. Оның алғашқыларының құрылысы аяқталып келеді. Керемет құрылыспен Оңтүстікке сапары барысында Елбасы Н.Назарбаев танысып, оң бағасын берді. Ендеше, үшінші ірі меганың жалпы жоспары жөнінде айтып берсеңіз.
– Әрине, қала сәулетімен көрікті бола бермек. Облыста президенттің тапсырмасы бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі – Шымкент қаласындағы жаңа әкімшілік іскерлік орталығы. Қазір көпшіліктің аузына жаңа әкімшілік іскерлік орталығындағы мега жобалар ілігетін болды. Шынында, шаһардың даму бағыты осы маңға қарай ойысты. Орталықтағы ілкімді жобалар жайында айтар сөз көп. Келешегі сән-сәулеті жарасқан ғимараттар, демалыс орындары, ағарту нысандары тұрғындардың қуанышына айналмақ. Әкімшілік басқару жүйесі толықтай осы орталықта қоныс тебетін болады. Бірегей жобаның жалпы ауданы – 364 гектар. Облыстық әкімдік, мәслихат пен басқармалар, рекреациялық аймақтар, жаңа көпқабатты тұрғын үйлер, сондай-ақ 1200 оқушыға арналған төрт мектеп осында орналасады. Бәрі-бәрі сіз бен біздің игілігіміз үшін. Орыс драма театры, облыстық конгресс-холл, халықтық шаруашылық жетістіктер көрмесі, ғылыми әмбебап кітапханасы және 5 мың орындық мешіт шымкенттіктердің рухани көкжиегін байытпақ. Облыстық сот ғимараты мен 500-орындық емхана да бой көтермек. Әлия Жүсіпова атындағы көркем гимнастика мектебі де келешегі жауһар орталыққа айналмақ. Осы нысандардың ішінен ғылыми-әмбебап кітапхана және халықтық шаруашылық жетістіктері көрмесі ғимараттарының құрылысы таяуда аяқталып, пайдалануға берілді. Ал облыс әкімдігінің және оған қарасты құрылымдық мекемелер ғимараты, облыстық конгресс-холл және 500 орындық орыс драма театрының құрылысы қарқын алған. Құрылысты аяқтау келесі жылдың еншісінде. Сонымен қатар 49 ипотекалық көпқабатты тұрғын үй құрылысы баспана іздеп бас ауыртып жүргендердің жүгін жеңілдетердей. Осындай бірегей әлеуетті жобалар Шымкентті одан әрі шырайландыра түспек. Бұл жерде бірінші кезең бойынша 364 гектар жерге, екінші кезең қосылғанда барлығы 1,5 мың гектар жерге жаңа құрылыс салынбақшы. Онда бүгінгі таңда бес нысан облыстық бюджет есебінен салынып жатыр. Олар: әкімшілік ғимараты, орталық кітапхана, көрме орталығы, конгресс-холл және драма театр. Оның екеуінің құрылысы аяқталып, осы айдың аяғында тапсырылады. Басқаларын келесі жылы тапсырамыз деген жоспар бар. Басқа да осы әкімшілік іскерлік орталығы маңында салынатын нысандарға тоқтала кетейін. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, яғни жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында тоғыз қабатты тұрғын үй салынатын болады. Сонымен қатар инвесторлардың есебінен 14 қабатты үш үйдің құрылысы басталады. Жеке кәсіпкер 5-6 мың орындық мешіт салуды қолға алатын болды. Келешекте аумағы 900 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер бой көтереді. Тағы бір жобаны айта кетейін. Қаладағы ипподромның алдынан «Наурыз» алаңы салынып, халықтың пайдалануына берілді. Қазақстанның ешқандай жерінде жоқ үлгідегі алаңда Наурыз мерекесін тойлауға, басқа да мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға қолайлы, барлық жағдай жасалған алаң болайын деп тұр. Алаң жайылған кілем сияқты ерекше ою-өрнекпен көмкерілген болады. Халықтың демалуына да барлық мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Бұл алаңның жанынан 42 гектар жерге үлкен этносаябақ ашылады. Сондай-ақ облыстық мұражай мен этномұражайдың құрылысы салынатын болады. Бұл маңайдың өзі үлкен демалыс орнына айналайын деп тұр. Ипподромның алдында «Ауылым – алтын бесігім» дген үлкен пано болады. Бұлардан бөлек, қала көшелеріне ұлттық салт-дәстүрімізден хабар беретін, қыз қуу, аударыспақ тағы басқа осы сияқты түрлі бейне мүсіндер орнатылып жатыр. Бұлар да өздерінше қалаға сән беріп тұр.
– Шымкент қаласының қақ ортасын жарып, ағып жатқан өзендер аз емес. Мәселен, Қошқар ата өзені мен Бадам өзені – соның бірі. Ендеше, әсем Астанамызға бой түзей отырып, сол өзендердің маңайын көріктендіруді, демалыс орындарына айналдыру мәселесін облыс әкімі қолға алған болатын. Тіпті Бадам өзенінің біраз аумағын абаттандыру жұмысы да жүргізіліп жатыр. Бұл туралы не дейсіз? Қаланың сәулет құрылыстарын қандай мекемелер жүргізуде?
– Иә, қаладағы Бадам өзені маңайында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Көктем кездерінде өзен тасып, жағалауында орналасқан нысандарға зияны тиіп жатады. Осыны реттеу үшін арнайы жасаған жобамыздың бірінші кезеңі жүріп жатыр. Мұны облыс әкімі өзі қатаң бақылауында ұстап отыр. Өзен жағалауын көріктендіру мақсатында газондар егіп, алма, өрік, терек ағаштарын отырғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл алдағы уақытта қалаға ерекше көрік беретін, жұрт серуендеп демалатын тамаша орынға айналатын болады. Негізі, Бадам өзені бойын көріктендіру жұмысы бүгін-ертең біте салмайды. Жұмысын жалғастыра беретін боламыз. Биыл үш шақырымды жасасақ, келесі жылы алты шақырымын еңсермекпіз. Бұдан бөлек, қаланың қақ ортасынан ағып жатқан Қошқар ата өзенінің бойында да үлкен жұмыстар басталып кетті. Бұл өзеннің бойынан адам жүре алмайтын жағдайда еді. Су шығып жатқан басынан бастап, алдымен тазалап, өзенге өте жақын заңсыз орналасқан жеке үйлер мен қора-қопсылардан да босаттық. Мұның да бірінші кезеңін жасап жатырмыз. Ең басынан бастап, қаланың Ордабасы алаңына дейін 2,5 шақырым бойлай абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын бастап кеттік. Жобаның келесі кезеңінде Ордабасы алаңынан бастап, аяғына дейін жеткізуді жобалап отырмыз. Оның бәрін шетелдік сәулетшілер жасады десек қателесеміз. Өзіміздің жергілікті сәулетшілердің шеберлігі қашанда алдыңғы орында тұрады. Иә, кейбір ғимараттарға шетелдік сәулетшілер араласады. Бірақ өзіміздің мамандар міндетті түрде басы-қасында болады. Қазір Rixos қонақүй салынып жатыр. Ол жерде Қазақстан мен Түркияның сәулетшілері бірігіп жұмыс істеп жатыр. Өйткені түріктер біздің жердің жағдайын өзіміздің сәулетшілеріміздей білмейді.
– Сәулетшінің еңбегі ерен. Олай дейтініміз, тарихта сәулет құрылысымен аты шыққан елдер экономикасын осы ежелгі сәулеттік құндылықтардан тауып отыр. Мамандығыңызға деген сұранысты қалай бағалайсыз? Елімізде сәулетші мамандардың жетіспеушілігі бар ма? Шаһарымыздағы жоғары оқу орындарында сәулетші мамандарды дайындайтын факультеттер бар ма?
– Иә, өзің жобалаған құрылыстың ел мақтауына айналып, жұрттың игілігі үшін қызмет өткендігінен артық бақыт болмас. Дегенмен сәулет өнері саласында, шынын айтқанда, бұрынғыдай маман көп емес. Сәулет өнері деген тек сызбасын жасап отыра беретіндер емес. Ертең құрылыстың сапасына, оның өміршеңдігіне де жауап береді. Инженер, конструктор мамандықтары өте қажет. Мұндай мамандар кеңес кезінде өте көп еді. Қазір тіпті азайып бара жатыр. Маман жетіспеушілігін енді сезіп жатырмыз. Жаңадан сәулет бюросын аштық. Оған Астана, Алматы сияқты қалаларда арнайы білім алған жастарды таңдап алып келдік. Қазір 18 адамның басын қосып тәрбиелеп жатырмыз. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының қолдауымен осындай шаралар ұйымдастырып, маман тапшылығын шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Ал Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарында бұл мамандық бар болғанымен, оларды оқытатын білікті мамандардың өзі жетіспейді. Олардың кәсіби деңгейлері төмен. Басқа амал жоқ. Астана, Алматы қалаларынан таңдауға тура келеді. Болашақта үшінші ірі қалаға айналған жағдайда жоғары оқу орындарының қатары көбейсе, шетелде білім алып жатқан Болашақ түлектері елге оралса, бұл қиындық та шешіледі деп есептеймін.
– Елбасы жаңа әкімшілік іскерлік орталығына атбасын тірегендігін айтып өттік. Жалпы, жобаға, жүріп жатқан құрылысқа қалай баға берді?
– Негізі, бұл жобаның бастамашысы –Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев. Осыдан 3-4 жыл бұрын келгенде тікұшақпен қарап келе жатып, «Шымкентті неге бір ретке келтірмейсіңдер, бір орталық неге салмайсыңдар?», – деген еді. Маған «өзің сәулетшісің неге осыны қолға алмай жүрсіңдер?» деді. Ол кісі Астанаға қайта кетіп қалды, соңынан үш-төрт күннен кейін бірден жаңа орталық салыңдар деген тапсырма келді. Содан әкім бәрімізді жұмылдырып, үш-төрт айдың ішінде жобасын жасап шыққан болатынбыз. Содан кейін қаланың қай жағынан саламыз деген сұрақ туындады. Қаланың барлық аудандарын саралап, жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Нұрсәт» шағынауданына тоқталдық. Сол жобамызды өткенде келіп көрді. Ризашылығын да білдірді, ескертуін де айтты. Президент бастамасы жүйелі іске асуда.
– Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!