Мені еркелеткен де, өкпелеткен де – қазақ

Әбілсейіт АЙХАНОВ, қазақтың даңқты балуаны:

– Әбілсейіт аға, жай ғана балуан емес, шетелдерде жауырыны жер иіс­кемеген қара күш иесі екеніңізді, сон­дай-ақ өмірге деген өзіндік көзқарасы бар ерекше тұлға екеніңізді білеміз. Осы жайлы сыр шертсек...
– Айналайын, соның қажеті қанша? Қазір еститін құлақ, ескеретін адам бар ма, өзі?! Бұл заманда айтылған сөз «ит үреді, керуен көшедінің» керіндей, ауаға тарап, бос кетпей ме? Айтылған сөздің бұрын­ғыдай бағасы жоқ, пәрмені жоқ. Бұрын газеттердің сөзі өтімді еді, мәртебесі де жоғары-тын. Газетке бір мақала шықса, соның тергеліп-тек­серіліп, ақ-қарасы анықталмай қоймайтын. Ал қазір ше? Кім «мынауың дұрыс екен» деп отыр? Қазақ тіліндегі газеттеріміздің біра­зына өз пікірімді білдіріп көргенмін. Құлақ асқан ешкім болмады. Сондықтан бір-біріміздің уақытымызды алып қайтеміз...
– Аға, газетімізді кем дегенде 10 мың адам оқыса, соның құрығанда жүзі ойланып, біреуі «дұрыс екен» демей ме? Бұл да нәтиже емес пе?! Рас, спорт саласындағы басшылар қазақша оқы­майтын сияқты. Бірақ көзі ашық, көкірегі ояу оқырман ой түйеді ғой.
– «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дейді. Не білгің келіп еді? Мен тек күрес жайында ғана айтамын. Себебі менің бар өмірім боз­ кілеммен байланысты, бар ғұмырым – күресте. Мені елге танытқан – күрес. Күрес арқылы мен халықты таныдым, халық мені таныды. Мені елге, бүкіл әлемге танытқан әкем де емес, шешем де емес, осы – күрес. Сондықтан өле-өлгенімше кү­реске қызмет еткім келеді. Күрес жайлы сөйлеймін, күрес­пен тыныстаймын. Кү­рестің фанаты­мын. Сондықтан кейбіреу­лер «ой қойшы, Әбілсейітті» дейтін сияқты. Негізі, өмірдің өзі күрес емес пе?! Күрес жайлы шығарған өлеңдерім де көп. Бірақ менің мақсатым – оларды жинақтап, кітап басып шығару емес, күреске деген ыстық ықыласымды өз көңіліммен білдіру. Өз беделімді пайда­ланып, қандай да бір жолмен ақша табуды да көз­демеймін. Оған менің дәтім, арым бар­майды. Мені қазақ күресінің бүгінгі жағ­­дайы қатты алаңдатады. Қазір қазақтың намысын шетелден келген балуандар қорғап жүр. Намысыңа тимей ме? Менің намысыма тиеді. Тіпті қаным басыма шапшиды. Қазақ­тың жалауын желбіретіп жүргендер – қазақ емес, келімсектер. Қарап отырсаң, грек-рим күресінде Цурцумия, Манукиян, Мель­ниченко, ал еркін күресте Лалиев, Джаб­раилов, Муталимов, Тигиев, Шапиев, Спи­ри­донов, Семенов сынды сырттан келген балуандардың тілеуін тілеп жүрдік. Тілеп те жүрміз. Дұрыс па осы? Ұят қайда? Намыс бар ма, өзі? Қазақта намыс жоқ қазір. Жоға­лып кетті. Мені өлтіретіні – осы. Сол үшін сөйлеймін. Соған күйінемін. Боз кілемде бір­неше жыл тер төктім. Біраз тәжірибе жинадым. Соны жастарға сіңірсем, бар білгенімді жастарға үйретсем деймін. Білген, түйгенімді о дүниеге алып кеткім келмейді. Халық игілігіне жаратсам деймін. Мақсатым – тағы да атымды шыға­рып, жер өртеу емес. Бармаған жерлеріме барып, серуендеу емес. Бар ойым, мақ­сатым – қазақтың да күресе алатын­дығын паш ету. Қазақтың күресі де, күні де дағыстан, осетин, якут және тағы басқа ұлттың балуандарына қа­рап қалған жоқ. Көптен бері көңілім қалып, ешбір газет, теледидар өкілдерімен сөйлеспей жүр едім. «Мыңның бірі ой түйер» дедің ғой өзің, соған орай айтып отырмын. «Біреуі ғана түсінсе де» деп. «Бір шелек сүтті бір қасық айран ұйытады» дегендей, бірауыз сөзіміз көпті ұйытса, соған қуанамын. Әйтпесе бізде «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, ірітіп жүргендер көп қой... Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түсінген адам соның бәрін бір түйінмен ғана дарытады бойына.
– Аға, сіз боз кілемде күресіп, небір білекті, атақты балуандардың өзін жы­ғып жүрген кезіңізде бала болдық. Белдесулеріңізді көре алмадық. Бірақ аға буыннан сіз боз кілемге шыққанда, «мә, ұста» дегендей, «бір аяғын созып, қарсыласына беріп қоятын» деп естиміз. Мұны басында аңыз шығар деп те ойлайтынмын. Қалай аяғыңызды алға созып қойып, саспай тұрасыз? Еркін күресте балуан біткен аяғын алып қашпай ма? Сізден басқа аяғын беріп қойып тұратын адамды көрген де жоқпыз, естіген де емеспіз.
– Иә, оң аяғымды беріп қоямын. Қазақта «қашқан жауға қатын да қожа» деген мәтел бар. Қаша берсең, жау қуа береді. Қуған жау алмай қоймайды. Сон­дықтан қашпай, қарсы шығу керек. Керегі аяқ па? Мә, ала ғой. Ұста. Түлкіні ұстау үшін тар өткелге қақ­пан құрып, соған қарай қаумалап, қуалайды аңшылар. Қашқан түлкі сол қақпанды баспай кете алмайды. Сол секілді менің құрған қақпаным – алға озған оң аяғым болатын. Қарсыластарым да амалсыз оң аяғымды ұстайды.
– Ардагер спорт журналисі Сайын Тұрсынов ағамыз айтқандай, сол кезде сіз көкжалға көктен түскен қыран құстай қарсыласыңызды төбесінен бүресіз. Мытып, жаншып...
– Аяқты ұстаған бетте өзімнің әбден машықтанған әдістерім бойынша, қақпан сияқты мен де шап беремін. Оған үйренгенмін, әдістенгенмін. Қалай келеді, қалай ұстайды, оның бәріне сай қарсы тәсілдерім бар.
Жеңістің құпиясы шабысыңда,
Шабыстың ең алғыртын өзің таңда.
Шыңдасаң ол шабысты жатпай-тұрмай,
Жеңіске әкеледі шабытың да.
Яғни жатпай-тұрмай жаттыға берсең. Әлгі әдісті бір күн емес, бір жыл емес, 10-15 жыл қайталай берсең, ерінбей жаттыға берсең, әбден меңгеріп аласың ғой. Қалай келіп ұстаса да, қарсы қолданар әдісім дайын. Үстінен жаншып, ендігәрі аяғыңды ұстамастай қыласың. Өтпейтін пышақтың өзін қайрай берсең, қол кеспей ме? Мен де бұл әдісті «қайрай» бердім, өзімді шыңдай бердім. Мен аяғымды беріп қойғанда, қар­сыластарым аяғымды ұстаудан қа­шатын. Бірде үш дүркін Олимпиада чемпионы, жеті дүркін әлем чемпионы Мед­ведьпен күрсекенімде, Иваницкий кілем шетінде айқайлап тұр. Ол да – Олимпиада чемпионы, әлем чемпиона­тының төрт дүркін жеңім­пазы. Екеуі дос, екеуі де ең ауыр салмақта белдесетін. «Саша, аяғын ұстама, аяғына жолама» деп аттанды салып жатыр. Өзінің аузы күйген. Аяғымнан ұстаймын деп, опық жеген. Сонда Медведь «аяғынан ұстама­ғанда, қай жерінен ұстайын» деп ыза болады. Өйткені алға созған аяғым – менің қорғаным да. Маған жақын келу үшін ол аяғыма тіреледі. Одан өту үшін ұстау керек. Сол Иваницкий «Шестое чувство» деген кітап жазды. Кітабында: «Айханов қазақтың сайын даласынан шыққан, бұрын-соңды естімеген бейтаныс бала еді. Бойы бар, бірақ күші жоқ сияқты. Сексеуіл секілді сидиған бала екен. Сындырып алмайыншы деп, аяғынан өтіп, әрлі-берлі ырғап көріп едім, қазақтың иен даласында өскен сек­сеуіл не июге, не сындыруға келмеді. Онысымен қоймай, мені үстімнен бүріп, өйтіп-бүйтіп, боз­кілемге таза қойды», – деп жазды.
– Өкінішке қарай, сіз әлгілер сияқты Олимпиада және әлем чемпионы бола алмадыңыз. Шығармады сізді. Мәскеу ме, сол кезде аға ұлт болған ағайындарымыздың солақай саясаты ма?
–  Орыс емес, Мәскеу де емес... Мысалы, Абайды алайықшы. Абайды шығарған, яғни жазған кім? Мұхтар Әуезов. Яғни қазақ шығарды. Ал Әуезовке дейін Абайды шығармаған да қазақ емес пе? Жоқ әлде Мәскеу келіп, шығарып беруі керек пе еді?! Мәскеудегі Пушкин, Лермонтовтар жазуы тиіс пе еді? Абайдың өзі «қазақтың жауы – қазақ» деген жоқ па? Егер сен баз біреулердің еліртпе сөздеріне құлақ түріп, «Әбекеңді шығармаған, Олимпиадаға жібермеген Мәскеу екен» деп ойлайтын болсаң, қате­лесесің. Жоқ... Жас кезімізде үлкен кісілердің бәрі не айтса, соны жасап жүрдік қой. Иман­дай сендік, «аға-аға» деп. Ол кісілерден қымбат адам болған жоқ бізге. Ар жағында қандай ойлары бар, не саясаты бар, оны біз аңғаратындай болмадық. Дәл сол кезде оған санамыз жетпеді. Ал қазір бәрін ой елегінен өткізіп, таразылап отырсақ. Қай қазақ өзінен асып түскеніңді қаласын...
Биыл 73-ке толамын, аманшылық болса. Осы ғұмырымда өмірдің қиынды­ғын да, қызығын да көрдім. Бәрін қазбалап қайтеміз. Бірақ мені еркелетіп жүрген де – қазақ, өкпелетіп жүрген де – қазақ. Әлі еркелеп келемін. Әрі өкпелеп те қаламын. Себебі ерке бала өкпешіл болады ғой. Кейде өзіме-өзім «қойсаңшы енді» деп те қоямын. Бірақ өмірдің өз қағидасы бойын­ша тәттісі де, ащысы да қатар жүруі керек қой. Онсыз өмірдің қызығы болмайды.
Әйтсе де «аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей, еркелетіп-еркелетіп алып, қатты өкпелетсе, ол өкпе де ұмытыл­майды екен ғой. Халқым мені еркелетіп-еркелетіп алып, басшылар жұмыстан қысқартқанда, қатты күйзелдім. Буынсыз жерге пышақ ұрғандай әсер етті. Күйзел­гендігім сонша­лық, жанымды қоярға жер таппай, ҚазССР Жоғарғы Кеңесі прези­диумының төрағасы Сағадиев ақсақалға бардым. Сонда ол кісі: «Егер сен Грузияда қысқартуға түссең бір сәрі, ал қазақ топырағында жүріп қысқартуға түскеніңді кешпеймін мен» деп жөткірінді. «Спорт комитетінің төрағасы А.Ақпаевпен сөйле­сейін» деп телефон шалып көріп еді, ол кісі жоқ болып шықты орнында. Содан «жарайды, кейін сөйлесейін», – деді. Әлі сөйлесіп келеді. Ақпаев о дүниеге кетіп қал­ды. Кейін сол жақта сөйлеспесе...
Бұл өмірден мыңмен жалғыз алысып, Абай да өткен, сайыннан сайғақ құрлы сая таппай, Мәди де кеткен, өз жерінде, өз елінде ешкім жарытпай, «Жаратқанның жарытпай-ақ қойғаны-ай» деп, Мұқағали да күйіп кеткен. Негізі, жарытпаған Жарат­қан емес, халқы ғой. Халқын сыйлаған­дықтан, өзгертіп айтқаны. Ал мен солардан артық­пын ба? Жоқ. Сондықтан өзімді сабама түсіремін осылай. Маң­дайыма жазғаны осы шығар.
– Сізді бәрі нағыз намысқой адам дейді. Кеудеңізді оттай қарыған осы намыс оты бойыңызға туа бітті ме, жоқ әлде боз кілемнен жабысты ма?
– Намыс күрестен жабысты деуге толық хақым бар. Күрестен шетелге алғаш рет шығып, Қажымұқанның ізбасары атандым. Нар балуан атандым. Басқасы басқа, бірақ «Қажымұқанның ізбасары» деген сөз маған ерекше әсер етті. Көшеде келе жатсам немесе қоғамдық көлікке мінсем, «ә, мынау Айханов па, Қажымұқанның ізба­сары ғой» деп қарайтындар көп болды. Қажымұқан дегеніміз – тарихи тұлға емес пе?! Ал сені осындай аты аңызға айналған тұлғаға теңесе, бұл үлкен мәртебе емес пе? Бұл кез келген медаль-жүлдеңнен артық. Сондықтан мен жүріс-тұрысыма айрықша мән беретін болдым. Қажымұқан ата­мыздың атына кір келтірмеуді ойладым. Жамандығымды көрсетпеуге тырыстым. Еңсемді тік ұстап, адал болуды көкседім. Боз кілемде жеңіл­меуге тырыстым. Жеңіл­сем, Қажымұқанның атына дақ түсірермін деп, үздікіз жаттықтым. Ерінбей тер төктім. Міне, намыс деген осыдан басталды. Мереке күндері жаттығу залы жабық болса да баратынмын. Терезесін сындырып кір­сем де, кіретінмін. Әйтпесе Құдайға шүкір, дала бар. Далада-ақ жаттыға беретінмін. Әйтеуір жаттығу жұмыстарын үзген емеспін.
Ал алғаш рет шетелге 1961 жылы шық­қанмын. Чехияға барып, Рим Олим­пиада­сының (1960 жылғы) күміс жүлдегері Кубат деген алыпты жықтым. Прага қа­ласы­ның төрінде таза жеңдім. Жеті адамды жығып, финалға шыққанымда, бізді бастап барған федерацияның басшысы А.Гатулин: «Айха­нов, саған рақмет, сен сенімді асыра ақта­дың», – деді. Онысы «Кубаттан ұтыласың енді» дегені іспетті еді. Өйткені ол кезде «мен кіммін, Кубат кім» еді? Менің тіпті күресетін киімім де болмаған. Жаттығу кезінде киетін спорттық киімді сол Прагадан сатып алғанмын. Енді бір спорттық киімді кезінде Қажымұқанмен күрескен, сол кезде грек-рим күресінен КСРО құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы болған Сенаторов деген кісі берген. Жол жүрерде Мәскеудегі киім беретін жер жабылып қалып, «менікін ал» деп үйіне жіберді. Үйіне барып, әйелінен алғанмын. Ал мен финалда салмағы 140 келіден артық Кубат­ты таза жеңіп шыққанда, Гатулиннің қуан­ғанын айтсаңшы. «Таңғаламын» деп бас салып құшақтады. Әкемдей қуанды. Сол көрініс әлі күнге дейін көз алдымда, жадымда мәңгілікке жатталып қалды.
– Қажымұқанның ізбасары атанып қоймай, бар белесті бағындырған КСРО-ның алып балуандары қай­мығатын, үрейленетін балуан болдыңыз ғой?
– Иттерді төбелестіргенде, күжірейген үлкен төбет те, алабай да, овчарка да Американың кішкентай қанденін шығарса, соған жақындай алмай, тұрып қалады екен. Сонан соң қасқыр да, түлкі де кірпіге жақындай алмайды. Сол секілді мен де оларға кірпідей болған шығармын. Өзім­нен салмағы ауыр алыптарды жыққаны­ма мақтанбаймын. Өзімді-өзім мақтамаймын. «Мен – қазақпын, сақтың ұрпағымын» деп мақтанамын. Талай мықтыны жеңсем де, жас кезімде Балқаштың Сағжан Аманжолов деген жігітімен екі рет күресіп, екеуінде де жеңіліп қалдым. Бірақ ол партия қызметіне ауысып, күресті тастап кетті. Бойы мендей, бірақ мен сияқты ұсқынсыз емес. Қыздар қарайтындай көрікті. Тамаша жігіт.
Мен өзі олай бардым, былай бардым,
Күреспен біраз елді араладым.
Әлемнің мықтыларын жеңсем-дағы,
Сағжандай қазақты мен жыға ал­ма­дым.
Өзіне осы өлеңімді айтып берсем, күледі. «Ал менің Әбілсейітті екі рет жеңдім деуге аузым бармайды», – дейді.
– Ал спортқа қалай келдіңіз? Неге күресті таңдадыңыз?
– Мен, негізі, математикаға жақсы едім мектепте (Сарқанд ауданындағы Энергия деген колхозда). Оқу бітіргенімізде ауданнан келген мұғалімдер шығара алмаған есептің өзін шығарғанмын. Сондық­тан бәрі маған «физика-матема­тикаға түс» десе де, ешкімге айтпай, дене тәрбиесі институтынан бір-ақ шықтым. 1957 жыл. Есіл-дертім күрес. Бойым қазір­гідей, салмағым – 74 келі. Келсем, күреске алмайды. Разрядың жоқ дейді. Разрядым тек шаңғыдан бар. Мек­тепте
Н.Серебрянников деген дене тәрбиесі сабағының мұғалімі шаңғы тебуді үйреткен. Ол кісінің ықпалы күшті болып еді, спортқа деген. Содан құжаттарымды шаңғы бөліміне өткіздім. Кейін бапкерлер бойыма қызығып, өздері таласумен болды. Біресе баскетболға алды, біресе жеңіл атлетикаға тартты. Содан бірде ҚазМУ-дың залында қазақша күрес­тен ел чемпионаты өтетін болды. Алматы қаласынан екі команда қою керек екен. Соған ауыр салмаққа ешкімді таппай, сенделді. Бірақ 74 емес, 87 келіден жоғары болу керек салмағың. Бардым. Күні бойы су ішкізді. Салмақ өлшегенше, дәретханаға да жібермей, суды ішкізе берді. Бәрібір 87 келіден аспадым, 85 болдым. Бойымның ұзындығының арқа­сында күресуге мүмкіндік алдым, әйтеуір. Бірінші белдесуімде біреуді жата қалып лақтырамын деп, астына түсіп қалдым. Қарап отырсам, Садуақасов деген балуан­дар шалады. Шалғандар жеңеді. Содан мен де шалуға көштім. Бұрын күрескен емеспін. Алыса беремін, жұлыса беремін. Мені жығамын дегендердің өздері астыма түсіп қалады. Сөйтіп, шалып-шалып, финал­ға дейін жеттім. Сол жолы оқуға түсерде өзімді алмаған марқұм Матущак «ертең күреске келетін бол», – деді. Маған да керегі сол еді. Басында, жаттығу кезінде жеңіл салмақтағы әккі балуандардың өздері оңды-солды жығатын мені. Бірақ мен оған арланбадым. Күресе бердім, кү­ресе бердім.
– Ақыры КСРО-ны мойындатып тындыңыз. Кеңес Одағының чемпионы болдыңыз...
– 1962 жылы КСРО чемпионатында екінші орын алдым. 1963 жылы чемпион атанып, КСРО халықтарының ІІІ жазғы спартакиадасының жеңімпазы болдым. Үш рет ауыл спартакиадасында, содан соң профсоюздың бүкілодақтық спартакиа­дасында топ жардым. 1970 жылы КСРО кубогының жеңімпазы атандым. 12 рет халықаралық турнирге қатыстым, ешқай­сысында жеңілген жоқпын. Ал 1964-1966 жылдары КСРО чемпионатында үш рет төртінші орын алдым. Соңғысы Алматыда өткен. Бірақ осы үш жылғы чемпионатта да ешкімнен жеңілген жоқпын.
– Сонда қалай?.. Жеңілмесеңіз де төртінші орын алдыңыз ба?
– Солай. «Ұпайың жетпейді» деп, жартылай финалға шығармайды. Ұпайды қалай есептейді, сол түсініксіз.
– Бейжің Олимпиадасының алдында «ұлттық құраманы маған берсеңіздер, қазақтан жеті Олимпиада чемпионын шығарамын» дедіңіз. Асыра сілтеген жоқсыз ба? Бір-екеу десеңіз де болмас па еді?
– Жоқ, қазір де айтарым сол. Күреспеген күрестің несін айтар, ал мен күрестім. Сондықтан көргенімді, білгенімді айтамын. Нұрсұлтан Әбішұлына да жаздым: «Жеті Олимпиада чемпионын шығарамын, маған ештеңенің керегі жоқ, бойдағы қасиетті халық игілігіне жаратсам» деп. Мен өз әдістерімді үйретемін. Дайындаймын. Біреуін ғана шығара алмаймын. Біреуін ғана жеке алып, үйретпеймін. Мәселен, 30 адам таңдап алсам, соның бәріне үйрете­мін, жеті салмақта жетеуін шығарамын.
– Алайда елдің бәрінде де сіздікіндей жойқын қара күш жоқ қой. Бәріне сіздікіндей қайрат бермейді ғой, Алла.
– Маған осыны сен ғана емес, көбісі айтады. «Құдай саған қара күш берген, талант берген. Сенікіндей күш ешкім­де жоқ, саған ғана біткен» дейді. Сонда талант, қара күш жоқ екен деп, ешкімге ештеңе үйретпеуіміз керек пе?! Онда дайындамай-ақ қояйық та ешкімді. Күйгеніміз қанша, онда. Отырайық қол қусырып, таланттар өздері шығып, Олим­пиада алтынын әкеліп берсін. Ғалымдар «бәрібір менікіндей дарын ешкімде жоқ» деп отыруы керек пе сонда?! Неге ака­демиктер, ғалымдар өздерінің білген-түй­гендерін шәкірттеріне үйретуі керек, ал біз «бәрібір қара күші жоқ» деп отыруға тиіспіз. Ал мен қазақ жастарын өзім жет­пеген жетістікке жеткізгім келеді. Бақтары жанбай жүрген балуандарымыз бар. Кавказдан келгендер барады. Әрі солардың бәрі сенімді ақтап жатқан жоқ.
– Олимпиада ойындарына 20 балуан ғана қатысады. Қазақстанның атынан барған кавказдық балуан­дардың 18 және 19-орындармен шектеліп кел­гендері де баршылық. Қазақ 19-орын ала алмайтындай...
– Иә, қазақтың балуандарының өз елінің атынан Олимпиада ойындарына қатысып келгенінің өзі қандай! Бізде Нұржан Қатаев деген балуан бар. Бірнеше жыл И.Байрамуковтың көлеңкесінде жүрді. Одан кейін Тигиев келді құрамаға. Нұржан оған дес бермесе де, Олимпиадаға соны апарды. Ресейден алған, келісімшарт жасалған, сол баруы керек-мыс. Міне, осылай Нұржанның бағын байлап жүрміз. Негізі, ол – дарынды бала, тамаша жігіт. Ал оның бағын кім байлап отыр? Мәскеу ме? Жо-оқ, қазақ байлап отыр. Бапкерлердің бәрі қазақ.
– Дәулет Шабанбай бір емес, бірнеше рет жеңді сол Тигиевті...
– Шабанбай демекші, Бейжің Олим­пиадасының алдында ұлттық құраманың ауыр салмақтағы балуандарын дайындауға көмектесуге мүмкіндік алғанымда, сол ба­лаға өз білгенімді үйретейін десем, бапкерлер бірдеңе деп қойған болулары керек, қашқақтайды. «Ой, аға, қазір ешкім ұстатпайды» дейді. «Әй, сен онда үрлеп құлат оларды», – дедім.
– Неге «заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, «жеті Олимпиада чемпионын шығарамын» демей-ақ, «жеті жүлдегер шығарамын» деп жұқаламасқа? Мүмкін, сонда сенер сізге ел?
– Ә, мұның дұрыс. «Заманың қалай бол­са, бөркіңді солай ки» дейді ғой дана халқымыз. Жалпы, мен қазір бірдеңе ал­мадым деп өкпелеп жүрген жоқпын. Кері­сінше, өзімде барды бере алмай, өк­пелеп жүрмін. Алатынымды алып алған­мын. Енді білгенімді, игергенімді жастарға бергім келеді. Күресті қарыштатып дамыта алмай келеміз. Ол мен үшін – аузы бітпеген жара. Мен де оны қаси беремін. Галкин деген жігіт «150 приемов вольной борьбы» деген кітап жазып, соны бәрімізге таратты. Кітабының тұсаукесер рәсімінде А.Дякин: «Алексей Иванович, егер сіз Айхановтың күресін көрген болсаңыз, мына кітабыңыз «151 приемов» деп аталар еді», – деді. Көрдіңіз бе, орыс мойындады мені, мойын­дамай келе жатқан – қазақ.
– Аға, шынымен-ақ Лондонға барып күрескіңіз келе ме?
– Осы күйшілер, әншілер 80-90-ға дейін домбыраларын тастамайды ғой. Жамбыл атамыз 90-ында Мәскеуде дом­бырасын тартқан. Ал менің әнім де, күйім де, домбырам да күрес емес пе? Ендеше, мен күресемін десем, неге күлесіңдер? Жыланды үш кессең де, шегірт­келік күші болады. Мен 73-темін. Ал Олим­пиадаға қатысатын балуандар – 25-30-дағы «шегірткелер».

• Қазақ спорт және туризм академиясының ректоры Қ.Закирья­нов про­фессор деген атақ берді. «Медведь профессор болғанда, осындай даңқты балуанды жеңген сіз қалай профессор болмауыңыз керек» деп...
• Мектепте математикаға жетік едім. Кейін боз кілеммен қоштас­қан соң, сол білімімді тексеріп көрмек болып, физика-математика факультетіне оқуға түскенмін. Оқытушылар, профессорлар «ә, Әбеке, келіңіз, келіңіз» деп, ештеңе сұрамай-ақ бесті қойып бере береді. Содан тастап кеттім. Олай оқи алмаймын. Мен диплом алу үшін барған жоқ едім, онда. Жай, өз білімімді тексеріп көріп, жетілдіре түссем бе деп едім.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста