«Мен – қазақпын» деген рух кеудемізді керіп тұрмаған соң, өзге тілде сайрағаннан не пайда?!

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: 

– Ақұштап апай, өзіңізді ел «Жайықтың Ақ шағаласы» дейді, бірақ сонымен қатар бүгінгінің Бұқар жырауы десе де, жарасатын секілді. Себебі талай дүниені бәріміз көріп отырсақ та, айта алмаймыз, ал сонау Батыста жүрсеңіз де, «Ақұштап апай осылай депті» деген талай өткір сөздеріңіз ертеңінде-ақ Алатауға жетіп жатады. Сірә, «ханның айтқанын қара айтар, бірақ аузының дуасы жоқ» дегенді қазақ текке айтпаса керек...
– Соны бір болып-толып, мастанғаннан айтады деймісің?.. Баяғыда біреу «қарны­м­ның ашқанына емес, қадірімнің қашқа­нына налимын» деген екен. Өз жеке басым­ды айтпаймын, өзімнің не ішіп, не жейтінім ойландырмайды мені, шүкір, өмір бары­сын­да аштықты да, тоқшылықты да көрдік. Біз – бәрін де көріп, бәрін де жеңіп, бүгінге жеткен буын өкіліміз. Алайда ана ретінде, ақын ретінде, ұлтымның перзенті ретінде «біз қалай өсеміз?» деген сұрақ алаңдатады мені. Еркіндікті алдық, енді осы далаға қалай ие болады ертеңгі ұрпақ? Әрине, жақсымыз жоқ емес, бар: көптеген қазақ мектебі ашылды, 20 жылда өскен қазақ баласының бізден басты ерекшелігі: олар батыл, олар жалтақтамайды, өзге тілге де бас ұрмайды, «мен – қазақпын» деп кеуде­сін керіп тұрып айтса, ешкім қақпақ болмайды. Бірақ солардың барлығын бір тамырға біріктіретін мықты идеологияның жоқтығы қатты білінеді. Әркім әр жерде тиіп-қашып әр нәрсе істеп жатыр. Мысалы, мұғалімдер азғантай жала­қы алса да, таңертеңнен кешке дейін балаға білім мен тәрбие беруге тырысады, біреу бір ұйым ашып жатады, әйтеуір бытыраңқы  тірлік... Содан кейін ойланамын менің немерем не істейді ертең, қайда барады деп. «Мынау – қазақтың даласы» деген атауы ғана болмаса, әр сүйемдей жердің «иесі» бар. Ал сонда әлі жерден үлесін алмақ түгіл, оң мен солын танып үлгермеген біздің немере буынымыз күні ертең қайда тұрады? Қазірдің өзінде дип­ломын алып, жұмыссыз жүрген жас жеткін­шектер көп. Енді осыны санамаймыз ба? Бізге аспаз керек болса, оқытайық, нешеу керек? Қанша ұста керек? Немесе денешынықтырудан ұстаз керек шығар? Қазаққа салса, бәріміз баламызды заңгер, эконо­мист, бастық қылғымыз-ақ келеді, бірақ заман сұранысы деген бар емес пе, соны біреу қадағалап отыр ма өзі? Селтең-селтең бос жүрген жастар көп. Міне, осы жастар тәрбиесі мені қатты толғандырады, әсіресе қыз тәрбиесі.
– Қыз тәрбиесі демекші, Алма­ты­ны қиып, туған еліңізге оралуы­ңызды ел-жұрт алғашында түсінбей қалып еді, бірақ барысымен Қыз Жібектің бүгінгі ізбасарларының тәрбиесіне кіріскенге ұқсайсыз. Бұрынғының бұрымдылары мен бүгінгінің қыздарын салыстыра алмаймыз ғой, айтыңызшы бүгінгі қазақ аруын қалай тәрбиелеуіміз керек­? Бүгінгі қазақ қызы қандай өзі?
– Қыз – ұлттың ары, намысы. Қазақ қызы қазақтың ар-намысына жауапты. Жақсы қыздарымыз жетерлік, әрине, әдемісі, сұлуы, ақылдысы, оқығаны да бар. Бірақ... бұлар отбасын құрмайды ғой, неге? Осының себебін, сырын неге анықтамай­мыз? Мүмкін, бұған да бір Үкімет тарапынан бір бағдарлама, бағыт керек шығар?.. Біз неге үлкен қалалардан жастарға арнап жатақ­хана салып бермейміз? Ипотека де­дік, оны икемге келтіру үшін де қаншама құжат керек, қаншама жүйкең жұқарады, ақырында «уһ, бітті ме» дегенде, құжатың­ды қабылдамай да қояды ғой. Алған күнде де үйді екі-үш есе бағасына сатып, өмір бойы қарызды мойнына іліп қояды. Осының барлығын жөнге келтірер кез жетті ғой. Тәуелсіз ел болғанымызға – 20 жыл, ол аз уақыт емес! Иә, алғашқы жылдарда қатты қиналдық. Біз дорба арқалап, балаларымызды оқыттық. Солардың бірі – өзім үш қыз өсірдім, солар ешкімнен кем қалмасын деп, білім алып жетілсін деп Иран­ға, Түркияға кеттім. Өлеңді тастап, қа­лам­ды тастап, тауар тасып, сауда жасадым, жүрегім зар иледі. Менімен қатар қаншама өз ісінің шебері жұмыстарын тастап кетті. Соның ішінде қаншама дәрігер, суретші, мұғалім, тағысын-тағылар болды. Бәріміз аэропорттарда ала қап арқалап өсірген балалар оқуын бітірді, бірақ таңдаған жұмысына бара алмайды. Мен өз балала­рым жайлы айтып жатқан жоқпын, бірақ әр қазақ баласы менің балам емес пе?! Сондықтан бір  қазақ баласының жанары­нан жас тамса, менің жүрегім жаншылады. Ал жұмысқа кімдер алынады? Бір-бірімен жең ұшынан жалғасқан сыбайлас шенеуніктер­дің балалары! Шетел толы – қазақстандық­тардың үйі. Ал ол ақша қай­дан кетті, қайда кетті, соны неге тексермей­ді? Осы жерде отырып, бес тиын салық төленбей қалса, бізді қалай шырқыратады?! Ал шетелге тасып барып, ғажайып сарай салып отыр­ғандарға ешкім ештеңе демейді. Осыны көрген халық наразы болмай қайте­ді?! Қыздарға сабақ бере жүріп, мен талай қарапайым отбасынан шыққан мықты қыздарды көріп жүрмін. Бір қызым Шым­кент қаласында өткен шешендік өнер сайы­сынан бас жүлдені алып қайтты. Жап-жас, осы Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, 1992 жылы туылған қыз. Мұрсалиева Жұмагүл атты бір ақын қызымыз бар, ғажап, өз жа­сынан әлдеқайда ересек, егде өлең жазады. Әрі ана болған соң, өлеңіммен бірге осы қыз тәрбиесіне көңіл бөлгім келеді. Ал қыздың негізгі тәрбиесі – үйде, бас тәрбие­шісі – ана. Олардың жағдайы қалай? Қан­ша­лықты көңіл бөліп жатырмыз?
– Дегенмен бұрынғымен салыс­тырғанда бала босанған әйелдерге жөргекпұлын көбейтіп, бала саны ұлғайған сайын ақшасын да ұлғай­тып, көп балалы ананы «Батыр ана» деп арқасынан қағып, Алтын алқа, Күміс алқа тағып жатыр емеспіз бе?!
– Қазақ әйелі, әрине, «шүкір-шүкір» дей береді, әйтпесе көп балалы ананың бас ауыртатын мәселесі ұшан-теңіз. Әр бала­ның  тағдыры ауыртады оларды, әр бала­ның өмірі ойландырады оларды. Сөйтіп, көп балалы ананың «шүкір» деп жасырғаны болмаса, көріп отырған зейнеті тартып отыр­ған бейнетінің тырнағына да татымай­ды. Мен бұл жайларды біреуді қаралау үшін айтып отырған жоқпын, «үйім құлап тұр», «қызымның жұмысы жоқ», «балам ауру, емдетуге ақшам жоқ» дейтіндер күн құрғатпай есігімнің алдынан табылады. Бәрін тыңдаймын, қолымнан келгенше көмектесемін, келмесе, жылы сөз айтып, жұба­тамын. Мүмкін, мұныма біреу «құр жылай бергенше, бизнес ашсын да» деп таласар. Бұған да айтарым бар, бізде бір шаруа бизнес ашса, он шақты шенеуніктің тамағы – сол жерден. Қолынан келгенде қонышынан басады да, тегін тамақ ішіп кетеді. Ол он шақты шенеунігіміз кім? Бірі – салық органының маманы, бірі – қаржы бөлімінен, бірі – өрт сөндіруден, ең аяғы санэпидемстансы өкілі. Бәрі де күнімді қайтіп көремін деген байғұс шаруаның қожайыны болып шыға келеді. Сосын өзі несиеге алған ақшасын соларға тамақ дайын­даумен-ақ тауысқанша, одан да жайыма отырайын дейді. Шаруа қожалы­ғын ашып, мал өсірген жігіттердің де жетіс­кенін көрмедім. Енді ғана бастай берсе, тексеріп келіп, бір кілтипан тағады да, бір жылқы не бір сиырын алып кетеді. Рас қой, арамтамақтарды асырау үшін өмірге келді ме ол байғұс?! Өзінің бай болмағанына кінәлі ме әлде? Ал бизнесі гүлдеп тұрған кімдер? «Көкесі» барлар! Мысалы, айталық, Лужковтың әйелінің бай болып, шалқып өмір сүруі үшін Лужковтай күйеу керек қой?! Бізде де солай, жасыратын ештеңе жоқ. «Көкесі» отырса, соның келіні не ұлы бизнес ашады да, сосын гуілдетіп жүргізеді дейсің. Міне, солайша бір-бірімен өрмек­шінің торындай шырматылған тірлік. Ал қара­пайым халық... оның халі тек өзіне аян.
– Мұндай ашкөздік, қоғамдағы тепе-теңдіктің бұзылуының соңы неге апарып тіреуі мүмкін, әлде бұлай түңілмей, позитивті ойлау керекпіз бе?
 «Е, балам, Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейтін еді ғой жарықтық әжелеріміз. Қазір Құдайдан қорықпайтындар көбейіп кетті ме деймін сол. Бізге де соны айта­тын­дар, сондай-ақ Құдайдан қорқатын басшы­лар керек. Ал қазір командамен басқару деген шықты. Не істесе де, бір-біріне сүйе­ніп, бір-бірінің былығын жауып отырады. Міне, осындай-осындайлардан тепе-теңдік бұзылады екен. Жер шарында табиғаттың тосын мінез көрсетіп отырғаны да тегін емес. Судың тасуы да, үрейлі дауыл­­дың тұруы да осы адамзаттың пейіліне Жарат­қанның жасаған ескертуі ме деп қаламын. Себебі Құдайдың өзі ғана арашашы бол­маса, әлсізге әлімжеттік көрсету өршіп бара­ды. Бірақ момынның өзі көрмеген әділетін балалары көреді, әлімжеттік жаса­ғанның да зардабын өзі көрмесе де, балалары көреді. Мысалы, біздің Алаштың арыстарынан сол кезде сол қоғам жау шығар­ды ғой. Ал қазір, тәубе, оларды біз ұлтын сүйген ұлыларымыз деп танимыз. Яғни бүгін айтылмаған шындық ертең ашылады. Ал бірақ қазіргі жұрттың көбі тек бүгінгі күнмен өмір сүріп жатыр. Бір күн бай­лыққа батып, сол рақатты көріп қала­йын деп өмір сүруде, ал Құдай оны кешір­мейтін сияқты. Оның зардабын балаң не немерең тартатын сияқты. Себебі әжелері­міз бізге «кісіге жасаған қиянатың да, бәрі де амал таразысына түседі» деп үйреткен. Шын мәнінде, солай сияқты. Табиғаттың мінезінен соны ұғуымыз керек. Ағашты бал­тамен шапсаң да, көз жасы бар сияқ­ты...
– Құдайдан қорқу дегеннің өзі қазір әрқалай көрініс тауып жатқан­дай. Сыртқы пішінді айтпағанда, «аруақ деген жоқ», «серік қостың» деп мазарларды бұзып жатқандар да бар... Бұл не сонда? Тіпті кешегі атеизм заманында да мұндай болмап еді ғой?
– Қазақ, жалпы, ессіз дінге берілмеген, о бастағы тарихқа үңілсек... Бұлар – фанат­тар. Қазақ деген – жалпы, Еуропа мен Азияның кіндік тұсын жайлаған, Құдайдан қорқу дегенді жүрегінде ұстап, сонымен қатар тіршілігін де қатар алып жүрген халық. Ал қазіргі қазақ қыздары қазақтан алшақ қы­лық танытуда. Иман тұмшаланып жүргеннен де, ашық-шашық жүргеннен де келмейді. Оның өзінің ортасын ұстау керек. Ал дінде «Құдай бар, таза жүр, ешкімнің ала жібін аттама, ұрлық жасама» дегенін ұстануымыз керек. Одан бөлек, өзге діннің сектасына кіріп жатқандардың көріп отырған қорлығы көп. Бұл жағынан бізге дін орталықтарының қоғамға бейжай қарамай, белсенді аралас­қаны қажет болып тұр. Біздегі дін орталық­тарында отырған адамдардың өздері қоғам­дағы осы көпдінділікпен күресуге қорқатын сияқты. Жарып кете ме, ұрып кете ме деген үрей бардай. Шарасыз, қор­ғансыз. Жақында христианның пасхасы болды. Сонда жағамды ұстағаным, мен көрген шіркеулердің жанында қазақтың қыздары толып жүрді. Шіркеулердің қаға­зын толтыру, адамын қабылдау қазақтың қыздарына артылыпты. Әсіресе, біздің Орал жақта. Ресеймен шекарадағы Павлодарда, Петропавл мен Қостантайда да солай болса керек... Себебі шекара ашық, кеден ашық, кіргісі келген кіреді. Діндар келіп жатыр ма, саудагер келіп жатыр ма, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Онсыз да қыздарымызға қытайлар қырғидай тиісіп, үйленіп алып жатыр. Ала дорбамен арзан киімін әкеліп, киіндіреді де, өтірік «сүйемін, күйемін» деп тәтті сөзбен алдағанға ақылы аздау қызда­ры­мыз алданып қалып жатыр. Әйтпесе, сол жақсы көргеннен емес, оның фамилия­сын алып, азаматтық алу үшін істеп жатыр соның бәрін. Кеңқолтықтықтың да жөні бар емес пе, жазған-ау!
– Қазақстанның азаматтығы жоқ шетелдіктерге тұрмысқа шығуға қатаң түрде тыйым салуымыз керек шығар? Қалай ойлайсыз, заң арқылы осыны реттей аламыз ба?
– Демократия оған жол бермейді-ау. Себебі ол бойынша кім кімге үйленемін десе де, қайда кетемін десе де, өзі білетін болды емес пе?! Біздің шетелге барған талай мықтының ұлдары да сол жақтан бөтен келіндерді тауып келіп жатыр ғой. Ал оған кінәлі – өзіміз, себебі ата-ана, әже, ата дегендері оған бесіктен «тұқымың құриды» дегенді түсіндіруі керек қой. Бөтен ұлттан алған «әулиелеріміздің» тұқымы құрып кетті ғой... Ата салты, дәстүрі, бабадан қал­ған өсиеті, «ұл баласың, найза иесі, жердің иесісің, әйел, баланы қорғау, өсіру – сенің мойныңда» деген, Махамбеттің ұранды жырларындағыдай «Мен мен едім, мен едім» дейтін тәрбие керек қой. Ол тәрбие бесіктен беріледі, ал оны беретін бүгінгі аналардың өздері өзге тілде шүлдіреп кетсе, кімге өкпелерсің?! Сондықтан бізге қазір қазақ қызының ұлттық тәрбиесі деген бөлек пән, тіпті бөлек мектеп керек сияқты көрінеді кейде маған. Жақсы, жаһандандық, ағылшынша білсек, зияны жоқ шығар, жарай­ды. Бірақ «мен – қазақпын» деген рух қазақтың кеудесінде керіп тұрмаған соң, өзге тілде сайрағаннан не пайда?
– Қайсыбір күні Семейде белгісіз біреулер алаштанушы, абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметхановтың қабірін қиратты «Бұзақы біреу ғой» дедік. Ал енді айдың күні аманда еліміздің бір қаласына бір әкім келді де, Абайдың асқақ ескерткішін тұрған орнынан қозғап, елеусіз жерге көшірді. Осыған қарасақ, ескерткіштердің өзі есіркеу күтетін секілді ме, қалай ойлайсыз? Осыған ұқсас жағдаймен ұшырастыңыз ба?
– Ескерткіш – ескі тарих, сол ескі тарих болмаса, қасиетің де азғантай. Ұлт ескі тарихымен ұлы ғой. Даламыздың қаншама табиғи ескерткіші қирап кетті. Өз қолымыз­бен де қиратқызды. Қазақты барынша жоқ қылудың талай айласы болды, өткенді қозғасақ, шерімізге тоқтау қоя алмай қаламыз ба деп қорқамын. Қазіргі заманда Қайымның қабіріне қол салу кімге керек болғанын біле алмадым, бірақ сұмдық, не де болса! Бұл – өз алдына. Сондай-ақ бүгін бір жағымсыз үрдіс белең алғандай: әр ел,  әр ру батырларды өзіне тар­тып, онсыз да біріге алмай жатқан қазақты қырық бөлікке бөлу басталғандай. Дәлел­денген тарихтың көсемдерін, ұлтымыздың көсемдерін қазақтың қай даласында болса да ұлықтау керек емес пе?! Мысалы, Мәншүк пен Әлия неге Ақтөбе мен Оралда ғана тұруы керек? Әлия – Ақтөбесін, Мән­шүк Оралын ғана жаудан қорғаған жоқ, бүтін қазақ ұлтының ерлігін дәлелдегеніне  әлде­кімнің дауы бар ма? Неге бөледі?! Неге Жұбан Молдағалиевті – Орал, Құрманғазы­ны Атырау дәріптеуі керек?! Неге Ілияс Жансүгіров Талдықор­ғанда қалуы керек? «Құлагер» дастанын оқыған бала қазақтың кез келген өңірінен Жансүгіровті көрсе қайтеді? Мысалы, Абай Абыралы еліне Абай боламын демеген шығар?! Әуезов – бүтін қазақтың Әуезові. Мысалы, Күләш Байсейітова деген бұлбұл болды, неге бүгін сол бұлбұлымыздың  ескерткішін бір өнер ғимаратының, театр­лар­дың алдына қоймасқа?! Еш жерде ескерткіші жоқ. Неге осындай қастерлімізді тірілтпеске?! Міне, осы да бір мән беретін жағдай сияқты. Бүтінделе алмай жатқан қазақты бөлшектемеу керек! Елордамызда да солай қазір: «ойбай, оң­түс­тіктің кланы, бірдеңе-бірдеңе» дегенді естігенде жағаң­ды ұстайсың. Бес саусақтай бес азамат бес жаққа тартып тұрса, ел болмаймыз. Ұлт болып ұйысу керек. Төрде отырған көкелер командасына  тек өз елі, тек өз жерлестерін жинағанын тоқтатпайын­ша, көсегеміз кө­гер­мейді, ол анық!
– Өткенде бір жүздесудің сәті түскенде халықаралық әуежайда жанары боталаған бір сәбидің жатқұшағында атамекенін артқа тастап, мұхит асып бара жатқанына жүрегіңіз зар илегенін айтып қалып едіңіз... Тіпті суретін де түсіріп алып, көрсеттіңіз...
– Тастанды баланы қазір асырап аламыз деп жатыр. Балалар қалашығын ашып жатыр. Дегенмен сол балалар қалашығын­дағы  жетімнің  жайы сол жерде 10-сынып­ты бітіргенше жақсы болады да, бірақ содан кеткен соң, олар қайда барады? 18-ге тол­ған соң, олардың қайда баратыны, немен күн көретіні еш жерде қарастырыл­маған. Оларды кім жұмысқа алатынына, қайда тұратынына бас қатырып отырған ешкімді көрмедім. Мүлдем ұмытып кеткен­дей. Құдды бір 18 жасқа толысымен олар­ды үлкен өмір құшақ жая қарсы алатындай. Мысалы, мен тұрып жатқан Оралда сондай бір жетім өскен әнші қызға Білім министрлі­гінен келген өкілдер: «Әнің жақсы екен, біз сені Астанаға оқуға алып кетеміз», – деген. Соған сеніп, ол қыркүйектің 1-іне дейін әлгі уәдеден хабар күткен. Қыркүйектің 1-і бол­ғанда әлгі қыз жылап-еңіреп маған келді, музыкалық колледжге апарып түсірдім. Қазір соның 2-курсында оқып жатыр. Енді басқа емес, білдей бір министрлік берген уәдеден тайса, басқаларға не жорық, не өкпе?!

Алашқа айтар датым...
– Ақын деген атты естігеннен орындарынан тұрып қошемет көрсететін бұл қазақ қазір ақын десе, ат-тонын ала қашатын болған. Cебебі ақынның тілі өткір, кемшіліктерді айтады ғой. Ақын адамзатқа қарсы сияқты ұғым қалыптасқан. Ал ақын қай кезде адамға қарсы болып еді? Пушкин адамзатқа қарсы болды ма? Абай қарсы болды ма? Қайта «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деді емес пе?! Махамбет те солай.Ақын адам атаулының сөзін сөйлеп, соған зиянын тигізетін әрекеттерге қарсы кеудесін төсемей ме?! Ендеше, сол ақынды сыйлау біздің қоғамда өз деңгейінде емес.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста