Мен қай елде туып-өссем, сол елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өтерім анық

Мен қай елде туып-өссем, сол елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өтерім анық

Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы, белгілі қоғам қайраткері:

– Әр адамның өмірден өз ор­нын табуына белгілі бір жайттар мен әлдебір адамның себеп бола­ры анық. Егер сіз дәл бүгінгідей қай­раткер де емес, тіл маманы да емес, басқа бір елде дүниеде кел­геніңізде мына бір маман иесі атануым мүмкін еді деп ойланып көрдіңіз бе?
– Шынын айтсам, бұл сұраққа жауап іздеп көрмеппін. Бірақ адамды тәрбиелейтін орта екенін анық біле­мін. Макаренконың айтқан жақсы сөзі бар «среда воспитывает челове­ка» деген. Бағыма қарай, менің өскен ортам қазақы орта болды. Орта бол­ғанда да таза қазақы, қаймағы бұ­зыл­маған орта болды. Мен мынаны мақтанышпен айтамын: «Бізді еріксіз айдап, еркін өсіретін елге келдік» деп. Қаншама қиындық көрдік, аштықты да, жоқтықты да. Бізді Қазақстанға мал таситын пойызбен алып келе жат­қан­да аштықтан, аурудан қанша­ма адамның қайтыс болғанына да куә болдық. Құдай сақтап біз Түлкібас ауданына аман-есен жеттік. Астра­ханнан өткеннен кейін Қызылор­да­дан бастап әр стансыға бір-бір вагон­нан тастап кетіп отырды. Мәселен, қалалық жерлерге түскендердің жағ­дайы тез оңалып кетіп жатса, ауыл­дық жерлерге барғандар көпке дейін естерін жия алмады. Ол кезде ауыл­дардың жағдайы тым нашар бола­тын. Соған қарамастан әр қазақ отбасы бізді өзара бөліп алып, тілім нанын бөліп бергендері әлі есім­де. Ол кезде менің жасым бар болға­ны үште болатын. Арада бір жыл өт­кенде 1945 жылы шешем дүниеден өтті. Әкем одан кейін шаңырақ көтер­мей, өзінің кіндігінен тараған үш ұлы мен үш қызынан бөлек, қайнысының үш баласын да қоса бақты. Сол қиын кездері қазақ бізді жатсынбады. Жар­тысын жарып, бүтінін бөліп берді. Алғашында Ерке апа деген кісі бар еді, оның көзі көрмейтін Үсен есімді жалғыз баласы болатын. Жұрт бала-шағасын сол кісілердің атын атап қорқытатын. Бірақ біз нақ сол отба­сына туғандарындай сіңісіп кеттік. Солардың арқасында 1953 жылы Айтбике мен Серікбол деген кісілерді паналадық. Маған сол кісі­лердің әсер еткені бар, одан бөлек сол кездері кез келген қазақтың бо­йында асыл қасиеті болатын. Олар, меніңше, бар­ша азамзатқа қайырым­дылықтың үлгісін көрсеткендей бо­лып көрінеді. Олар бізді бөліп-жар­мады, бөтен демеді, кеудемізден ите­ріп, маң­дайымыздан шертпеді. Менің бүгінгі қоғамда алып отырған орным сол қазақтардың ықпалынан деп ой­лаймын. Мәселен, біз мектепте оқып жүргенімізде оқушысы бар, оқы­тушысы бар, бірде-бір адам бізді әзірбайжан деп бөлген емес. Қайта педучилищеде оқып жүргенімде мұға­лімдерім мені еркелетіп «арпа ішіндегі бір бидай» десе, Асылзат деген апай мені ерекше жақсы көре­тін. Ол кісі тұрмыс құрмаған ер мінез­ді болатын. Бойында қайраткерлігі де бар-тын. Ол кісінің әділет­сіз­дікке жаны қас болатын. Бірақ темекі шегетін. Содан мен: «Асылзат апай, мен сіздің жолыңызды қуамын, бірақ темекіңізді шекпеймін», – дейтін­мін. Ол кісі күлетін де қоятын. Бір жа­ғынан, маңдайыма жазылғаны да сол болар, ал, екінші жағынан, айт­қаным­дай сертіме адал болайын деп, сол кісінің жолын қууға бекіндім. Ме­ніңше, тәрбиеге еш нәр­се жетпей­ді. Білімсіздік пен тәр­биесіздік қандай қасірет екенін сол кісілерден ұқтым. Оның үстіне мар­құм әкемнің бізді беті­міз­ден қақпай өсіргені де әсер етсе керек. Әкеміз бізден бір ғана нәрсені талап ететін. «Қазақ тілінде қалай сөй­лесеңдер, өз ана тілдеріңді де ұмы­тушы болмаң­дар. Олай бол­ма­ған жағдайда «ше­ше­сіз өскен бала­ға әкесі дұрыс тәрбие бермепті» деген сөз алдымен маған келеді», – деген еді. Әкем сондай-ақ балалары­на «оқы» деп те айтпады, «оқыма» деп те айт­па­ды. Алдыңғы үшеуі оқи алмаса, кейінгі біз оқыдық. Қазақтың бо­йына біткен тағы бір асыл қасиет, ол – артта қалғанды алға сүйреп, құла­ғанға сүйеу бола алатындығы. Сол да әсер етсе керек. Ал сенің сұрағыңнан кейін ойлап қарасам, мен қай елде туып-өссем, сол елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өтерім анық. Қысқасы, әр адам қай елде шыр етіп дүниеге келсе, сол елге беріле қызмет етуі керек, мемлекетін қадірлей білетін нағыз азамат болып сонда ғана қа­лыптасады.
– Көпшілік сіздің қайраткер еке­ніңізді жақсы білгенімен, ту­ған­да­рыңыз, өскен ортаңыз тура­лы біле бермейді. Сол себепті өзі­ңіздің жа­қын­дарыңыз жайында әңгіме­леп берсеңіз...
– Біз бір анадан алтаумыз, алғаш­қы үш бауырым біз кішкентай бол­ғандықтан әрі уақыттың қиындығына тап келіп оқи алмады, кейінгі үшеуміз жоғары білім алдық. Әкем Әли тау­да мал бақты да, біз қар түскенше мек­тепте оқып, қыс кезінде үйде өз беті­мізше дайындалатынбыз. Кіші ағам мектепті медальға бітіріп, мате­матика пәнінің мұғалімдігін таңдаған­да, мен тілді таңдап, ал марқұм Әсия деген сіңлім биолог маманы атанған-тын. Ол сіңлім дәрігерлердің салғыртты­ғынан өмірден ерте қайтты. Мен фи­лолог болғаныма еш өкінбеймін, себебі бүгінгі қазақтың ортасында беде­лімнің артқаны – осы тілдің ар­қасы. Қазақтың тілі киелі, киелі тіл жүр­ген жерде күйе жұқ­пайды. Же­тінші кластан кейін – Түр­кіс­тан­дағы педаго­ги­ка­лық учи­ли­щеде, одан ке­йін Алма­тыдағы Қыз­дар педаго­гика­лық ин­сти­тутында оқыдым. Со­дан соң ака­демияға ас­пи­ран­тураға қа­лып, екі жарым жылда ғылыми жұ­мы­сымды жазып, «Қазақ тіліндегі си­нонимдес етістік­тердің семантика-стилистикалық қызметі («Абай жолы» романы бойынша)» атты кан­ди­даттық диссер­та­циям­ды қорғап шық­тым. Осы жер­де табаны күректей 20 жыл жұмыс істедім. «Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін» құ­рас­тырушылардың бірі­мін. Мен мұны ылғи мақтанышпен айтамын, ешбір түркі тілдес халықта 10 томдық түсін­дірме сөздік жоқ, бұл дегеніңіз қазақ тілінің бай екендігін көрсетсе керек. Менің ғылыми жетек­шім – тілші-ға­лымдардың арасында «кіші Ахаң» аталып кеткен Ахмеди Ысқақов ағай білімділігімен қатар үлкен жүректі, мейірімді азамат еді. «Қайдағы бір әзірбайжанның қызын кандидат қылғанша» деп тарлық көрсетпей, мені өзінің туған пер­зен­тіндей ғы­лымға баули білді. Ме­нің қазақ тілін дәл қазіргідей дәре­жеде үйреніп, сөйлеп жүргенім – осы тілге деген ерек­ше құрметім деп білемін.
– Сізді ғылымға баулыған Ах­ме­ди ақсақал болса, ал сіздің бү­гінгідей қоғам қайраткері ре­тінде қалыптасуыңызға не нәрсе әсер еткені есіңізде ме?
– Әрине, есімде. Ең алдымен ма­ған қатты әсер еткені сол кездер­дегі өзгелердің қазақты менсінбеуі бола­тын. Одан бөлек нақты факт айтар болсам, мен аспирантурада оқып жүр­генімде Алатаудың баурайына апортты жинауға барғанымыз бар. Сол кезде мен Алматының бар алма­сы тек Мәскеуге жіберілетінін естіп, қаным басыма шауып әбден ашу­ланғаным әлі есімде. Сол күннен бас­тап мен өз өмірімді әділетсіздікпен күресуге арнадым. Мені әсіресе мына сұрақтар қатты мазалады: Неге бар жақсыны тек Мәскеу алуы керек? Неге біз өмір бойы үндемей жүре беруіміз керек? Бұл сұрақтар тұрсам да, жатсам да менің жанымды жегі­дей жеп, құтымды қашырғанын жа­сы­ра алмаймын. Осындай іштегі қы­жыл жинала келгенде, 90-жыл­да­ры алдымыздан тіл мәселесі шық­қаны сол-ақ екен, ойларымның бар­лығы бір-бірімен ұштаса кетті. Ал тіл мәсе­лесі көтерілген күні мен бірден май­дан алаңына шыға кеттім. Қа­зақта айтады ғой «жақсылықты ұмыт­па шат­тық үшін, жамандықты ұмыт­па сақтық үшін» деп. Өмірлік қағидам осы мақал болды десем, артық айт­қаным емес. Өкініштісі, қазір біз үшін мемлекеттік тілдің қолдану аясын бірқалыпта ұстап тұрудың өзі үлкен күш болып тұр.
– Алысқа бармай-ақ қоялық, іргеміздегі Ресей Федерациясы елге келген еңбек мигранттарына орыс тілін білуді талап етіп қойып отыр. Тіпті тілдік білімін тексеру мақ­сатында арнайы сынақтар да өткізіп жатыр. Бұл дегеніңіз – орыс халқы өз тілін сақтап қана қой­май, әлемге ықпалын жүргі­зуді де жоспарлап отырғандай. Мүмкін, бізге де осы талапты қою керек шығар. Сіздің ойыңызша, дәл осы жүйені біздің елде жүзеге асыру мүмкін бе?
– Бұл сұрақ бойынша мүмкін, мүмкін емес деп қараудың еш қажеті жоқ. Оны тек жүзеге асыру керек. Кей­бір елдердің тәжірибесінде бар бұл әдіс бізге де керек-ақ. Сондықтан ше­тел­дік еңбек мигранттарының мем­лекеттік тілді білуін міндеттеу туралы ұсынысты мен де қолдаймын. Оның үстіне бұл тәсіл Қазақстандағы тілдік мәселені түбегейлі шешіп тас­тамаса да, арамыздағы кейбір отан­дасымыз бен шеттегі халықтарға ой салары анық.
Логикалық тұрғыдан алып қара­сақ, елімізге келіп, нәпақасын айыру­ды білгенде, неге олар біздің тілде сөй­леуге талпынбайды? Мәсе­лен, біз­дің азамат­та­рымыз өзге елге барып ең­бек етуі үшін нан сұрап жер­лік дәре­жеде болсын сол елдің тілін игеріп алуға тырысады емес пе?!
Оның үстіне біздің тіліміз үйренуге аса қиын тіл емес қой. Ендеше, неге ше­тел­дік еңбек мигранттары да тілі­мізді алдын ала үйренуге тырыс­пайды? Өйткені біз олардан оны талап етіп отырған жоқпыз. Қажеттілік тудыра алып отырға­н жоқпыз. Сон­дықтан біз шетелдік еңбек мигрант­тарының мемлекеттік тілді білуін мін­дет­теуіміз керек. Біз ең алдымен ұлт мүддесін қоюымыз керек. Мен қазақ тілінде сайрап жүрген қара нәсілді­лерді де, француздар мен талай орысты да көрдім. Демек, тілді мең­геру соншалықты қиын шаруа емес қой. Егер біз ана тілімізге құрметпен қарап, басқалардан да осыны талап етіп жатсақ, қазақ тілі мәр­тебесінің көтерілеріне сенемін. Осы орайда айта кетер жайт – әлі күнге тіл төңі­регіндегі түйткілдердің дұрыс шешім таппай келе жатқаны біздің тіл тура­сындағы талап­та­рымызды дұрыс жол­ға қоя алмаған­ды­ғымыздан деп ойлаймын. Егер дұрыс талап ете ал­ғанымызда, көшелер мен кез келген бұрыштан кездесер қазақ тіліндегі қате­ліктерден, қазақтардың немере­лерін орыс балабақшасы мен мекте­біне сүй­реуінен арылар едік. Осы орайда барлық жерде тілге қатысты талапты қатаңдататын кез жетті. Бір жағынан, біздің бұл талабымыз ше­тел­дік еңбек мигрант­тарының еліміз­ге «аяғын тартып» келуіне жол ашар еді. Айта кетер жайт – біз енді ғана қозғап отырған бұл мәселе көптеген елде бар.
Өзгенің құқынан бұрын өз елінің мүддесін жоғары қоятын мемлекеттер шетелдік еңбек мигранттары мен азаматтық алғысы келетін өзге елдің азаматтарына өз тілдерін білуін мін­деттей алған. Осы орайда біз де осы қадамға барсақ, қазақ тілінің мәрте­бесінің көтерілуі үшін жасаған игі қадамымыз болар еді.
– Мүмкіндікті пайдалана оты­рып сізді туған күніңізбен құттық­тасам... Оқырмандардың есіне сала кетейін, дәл бүгін, яғни та­мыз­дың 13-і күні 72 жасқа тол­дыңыз. Туған күніңіз құтты бол­сын! 100 жасаңыз! Асылы апамыз­дың арманы не деп сұрасам...
– 20 жыл бұрын мен мына нәрсені армандаған едім: Алматыда қайт­кен­де де қазақтың саны артса деп. Ендігі арман басқа. Дәл қазіргі арма­ным – қазақ тілі тым болмағанда орыс тілі­нің деңгейіне жетсе деймін. Тіл­дің дамуы үшін Үкіметтен қаржы бөлін­бей жатқан жоқ, тек ниеттің дұ­рыс бол­май тұрғаны. Әйтпесе қазақ тілі тұрмақ, басқа ұлттардың тілі мен мә­де­ниетін дамытуға да бөлініп жатыр емес пе. Менің тағы бір айта­рым, біздің бала күніміздегі секіл­ді  қа­зақ­тар ақжарқындығынан айы­рыл­маса, ниеті тарылмаса дей­мін. Сырт­қы күштерге бой алдырмай, өзіндік бол­мысын сақтап қалса дей­мін. Не­сі­не жасырамыз, бүгінгі қазақ Моң­ғолиядан келгенді – моңғол, Қытай­дан келгенді – қытай, ал Өзбек елі­нен келгенді өзбек дейді. Осы жаман әдеттен айырылса деймін. Кезінде қазақтар еліне жер аудары­лып келген кез келген ұлт өкілін құшақ жая қарсы алды емес пе? Егер біз ұрпақ тәрбие­сін жолға қоя алсақ және осы олқы­лық­тарды жеңе алсақ, соның өзі үл­кен жетістік болғалы тұр. Алла қаза­ғым­ды бүгінгі басына бер­ген бағынан тайдырмасын. Көп ұза­май қазағым өркениетті елдердің қақ ортасынан өз орнын алсын. Әлемде кез келген ел­дің халқы бізге қарап қы­зыға да, қыз­ғана да қарайтын дә­ре­жеге жет­сін. Мен үшін одан асқан арман болмас.

Алашқа айтар датым...
Мен қазақ тілінде сайрап жүрген қара нәсілділерді де, француздар мен талай орысты да көрдім. Демек, тілді меңгеру соншалықты қиын шаруа емес қой. Егер біз ана тілімізге құрметпен қарап, басқалардан да осыны талап етіп жатсақ, қазақ тілі мәр­тебесінің көтерілеріне сенемін. Осы орайда айта кетер жайт – әлі күнге тіл төңірегіндегі түйткілдердің дұрыс шешім таппай келе жатқаны біздің тіл турасындағы талап­та­рымызды дұрыс жолға қоя алмаған­ды­ғымыздан деп ойлаймын. Егер дұрыс талап ете алғанымызда, көшелер мен кез келген бұрыштан кездесер қазақ тіліндегі қате­ліктерден, қазақтардың немерелерін орыс балабақшасы мен мектебіне сүй­реуінен арылар едік. Осы орайда барлық жерде тілге қатысты талапты қатаңдататын кез жетті. Бір жағынан, біздің бұл талабымыз шетелдік еңбек мигрант­тарының елімізге «аяғын тартып» келуіне жол ашар еді. Айта кетер жайт – біз енді ғана қозғап отырған бұл мәселе көптеген елде бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста