Ғафиз Есімов, Қазақстанның Халық әртісі:
– Ғафиз Қыдырұлы, сіз қазақ классикалық операсының негізін салушылардың көзін көрген ұлағатты ұстаздардан дәріс алдыңыз ғой. Бүгінде өзіңіз де осынау өр өнердің ақсақалына айналып, шәкірт даярлап жатқан жайыңыз бар. Әңгімемізді осы қазақ операсы тарихының алғашқы парақтарынан бастасақ...
– Классикалық опера бізге кеңес заманында 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың бас кезінде келді дегенімізбен, жалпы опера – сонау сақ дәуірінен келе жатқан қазақ халқының қанында бар өнер. Еуропадан бұрын опера қазақ даласында пайда болды десек артық айтқандық емес. Айтыс, жыраулық өнер, жеке ән салу – осының бәрі опера. Қырғыз-қазақтан басқа ұлттарда айтыс бар ма? Ал айтыс – операның озық үлгісі. Әндерді өзі шығарып өзі орындау, жеке дауыста ән айту арияға жатады. Демек, біздің әніміз, күйіміз – бәрі тұнып тұрған классика. Өкініше қарай, біздің этнографиялық құндылықтарымыздың көбі, айталық қазақтың көне күйлері мен билері зерттелмей қалып қойды. Қайта марқұм Өзбекәлі Жәнібекұлы қазақтың ескі билерінің біразын іздестіріп тауып, этнографиялық тұрғыда біршама зерттеулер жазды. Мысалы, «Қара жорға» – бүгін пайда болған би емес, сонау сақ заманынан, қазақтар атқа мінгеннен бері келе жатқан би. Ал енді классикалық операға келер болсақ, өткен ғасырдың 20-жылдары бізге Ресейдің консерваториясын бітірген Е.Брусиловский, Л.Хамиди, Л.Шаргородский секілді мамандар келгеннен кейін кәсіби түрде опералар сахналана бастады. Сол тұста қазақ операсын жазу туралы білім және мәдениет министрі Темірбек Жүргенов алғаш мәселе көтерген болатын. Осы кісінің тапсырысымен «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Жалбыр» секілді алғашқы қазақ опералары жазылды. Жалпы, опера халық әндері мен мәтіндерінен шығады. Белгілі кеңестік сазгер, музыканушы Борис Асафьевтің: «Негізгі музыканы халық шығарады, біз тек өңдеушіміз», – дейтін бір сөзі бар. Халықтың арасынан шыққан ән-күйлер классикалық, симфониялық оркестрлерге түсірілу арқылы немесе классикалық балет қосу, жекелеп ария жазу арқылы классикаға келтіріледі. Айталық, «Қыз Жібек» – негізінен арасында қара сөзі бар музыкалық драма. Е.Брусиловскийдің бір ерекшелігі, халық әндерінің мәтінін өзгертпестен, сол қалпында симфониялық музыкаға ауыстырды. «Қыз Жібекте» тұнып тұрған қазақтың халық әндері мен халық күйлері. Мысалы, «Айжан қыз», «Сары мойын», «Жиырма бес». Сол секілді «Ер Тарғын» операсы да халық композиторларының әндерінен тұрады. Бұл халық әндерін Брусиловксийге жеткізгендер – Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов секілді өзіміздің ақсақалдарымыз. Бұл кісілер – біздің опера театрының іргетасын қалаушы тұғырлар.
– Кезінде белгілі ақын Қасым Аманжолов өзінің бір мақаласында өзге ұлт өкілдерінің қазақ операсын жазғанына көңілі толмайтынын айтқан екен. Өйткені ол кісі қазақ операсының жазылуында кеткен кейбір қателіктерді аңғарса керек...
– Қасым Аманжоловтың айтқандарының жаны бар, ол кісінің құлағына операдағы қателіктер шалынбаса, бекер айтпайды ғой. Ақын ағамыз айтқандай, өзге ұлт өкілінің біздің операмызды жазғанының ызғары әлі күнге сезіледі. Себебін айтайын, мелодияның астына сөз топтау шолақтау, әлі күнге дейін біз соны өңдеп, жөндеп жатырмыз. Көбіне буындары келмейді, бір жерде жетпей қалса, енді бір жерде асып кетеді дегендей. «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» операларының кейбір подтекстерінде қателіктер әлі де бар.
– Өзіңіз жастайыңыздан опера әншісі болуды армандадыңыз ба?
– Мен кішкене кезімде күйші болуды армандадым. Алты жасымнан бастап әкемнен күй үйреніп, он жасыма дейін он шақты күйді ойнадым. Белгілі күйші марқұм Қаршыға Ахмедияровпен ауылдаспыз. Атырау өңірінде туып-өстік, аудандық, облыстық байқауларға қатысып жүрдік. Есейе келе, 6-7 класқа келгенде ән салуға деген құштарлығым артты. Біздің бала кезімізде «Екі жирен», «Ғайни», «Алқоңыр» секілді халық әндері радиодан жиі берілетін, осы әндерді жаттап алып орындайтынмын. 1958 жылғы декадаға арнап Құрманғазы оркестрімен жазылған Ермек Серкебаевтың, ағайынды Рашит, Мүсілім Абдуллиндердің, Кәукен Кенжетаевтың әндері үлкен бір топтама етіп шығарылған болатын. Осы пластинкаларды әкем Атырауға барғанда бір қорап қылып алып келді. Мен сол әндерді тыңдаудан жалықпайтынмын. Әкем мені дирижер болса екен деп армандайтын. Себебі бізді облыстық байқауларға қатысарда Нұрғиса Тілендиев, Сейілхан Құсайынов сияқты кәсіби дирижерлар дайындайтын. Мен оркестрге де қатыстым. Нұрғиса аға мені Алматыға алып кеткісі де келген. Алайда әкем мені Алматының барлық машинасы басып кетердей жібермей қойған еді. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін бәрібір Алматыға келіп, осы өнер жолына түстім.
– Бүгінде қазақ опера театрларында өзіміздің қазақ композиторларының шығармалары өте сирек сахналатыны – шындық. Осы мәсеге қатысты пікіріңізді білдіре отырсаңыз.
– Қазіргі кезде қазақ композиторларының шығармалары сахналанбауының себебі қазақ операсына мемлекеттік тапсырыстың жоқтығынан деп ойлаймын. Бұрын мемлекет тарапынан, мысалы, Ғазиза апайға сіз «Еңлік – Кебекті» жазасыз, Е.Рахмадиевке «Алпамысты» жазасыз деп тапсырма берілетін. Ал композиторлар тапсырма алған соң оны орындауға тырысып, жандарын салатын. Сондай-ақ композиторлар шығармашылық жағынан шыңдалу үшін, екіншіден оларды ынталандыру үшін қаламақы төленетін. Кезінде Композиторлар одағы композиторлардың шығармашылық өсуін, қаламақы алуын түгел қадағалап отыратын. Ал қазіргі таңда осы одақтың бар деген аты болмаса, қызметі көзге көрінбейді. Бір мысал келтірейін, Айтқали Жайымов дейтін белгілі дирижер, әрі романстар, әндер жазатын композитор бар. Оның ұлы Арман Жайымов та мықты композитор, Астанада Халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. Айтқали екеуміз жерлеспіз әрі құрдаспыз. Осыдан біраз жыл бұрын Иманғали Тасмағамбетов Атырауда Бейбарыстың ескерткішін қойғызып, Айтқали екеуміз ел жаққа баратын болдық. Сол тұста мен Айтқалиға: «Біз Бейбарысқа музыкалық ескерткіш қояйық», – деп қоярда-қоймай түртпектеп отырып, оған Бейбарыстың монологын жазғыздым. Атыраудың Нұралы дейтін ақыны монологтің сөзін жазды. Сиясы кеппеген монологті Атырау халқына орындап бердік. Содан кейін Айтекеңнен Бейбарыстың концепциясын жасап, осы Бейбарысты опера етіп жазуын өтіндім. Бүгінде осы операның даяр болғанына бес жылдай болды, тек сөзін жазу қалды. Оның сөзін белгілі ақын Ұлықбек жазбақшы, ол да асықпайтын адам. Мен Айтқалиды – «ақ самаурын», Ұлықбекті «сары самаурын» деп атаймын. Өйткені самаурын шұқымаса қызбайды ғой. Олар – Астанада, мен Алматыдамын, оларды әзірге қузайтын жан болмай тұр. Алайда осы опера үшін ешкім ешкімге қаламақы төлейін деп жатқан жоқ. Сонда да осы «Бейбарыс» операсы еліміздегі үш опера театрының бірінде қойылуы керек қой. Қазір мюзикл дейтін шықты. Мюзикл өз алдына, бірақ қазақ опералары сахналануы тиіс. Біз 2009 жылы Түрксой ұйымының ұйымдастыруымен Түркияны аралап қайттық. Сонда ол жаққа «Қыз Жібектен» үзінді апардық. Концерттің бірінші бөлімінде классикалық шығармалар орындалды. Екінші бөлімінде қазақ операсы орындалғанда жұртшылық тік тұрып қарсы алды. Демек, қазақ операсына деген сұраныс бар.
– Өз елімізде халықтың қазақ операсына деген сұранысы қаншалықты? «Басқа театрлармен салыстырғанда халық опера театрына сирек барады» дегенмен келісесіз бе?
– Дәл қазіргі кезде опера театрында қазақ операсы айына бір рет қана жүреді. Билет таратушылар «халық келмейді» деген сылтаумен жұмыс істегісі кемейді. Халық келеді, тек соны ұйымдастыра білу керек. Сонау 1980-90 жылдармен салыстырғанда, шүкір, көрерменнің операға деген қызығушылығы артты, көзқарасы жақсы деуге болады.
– Ұйымдастырушылар демекші, қандай да бір ақпарат алу үшін кейде опера театрына хабарласа қалсақ, көбіне қазақ тіліне шорқақ қызметкерлерден мардымды жауап ала алмай жатамыз. Осындайда ұлтына жаны ашымайтын қызметкерлер театрдың көсегесін көгертпейді-ау деген ойға қаласың еріксіз...
– Дұрыс айтасыз. Жалпы, біздің опера және балет театрында қазақша ойлайтын, сөйлейтін мамандар аз. Жекелеген әншілеріміздің өзі бірен-сараны болмаса, қазақ тіліне шорқақ. Өз басым «орыстілді» деген сөзбен келіспеймін. Қазақ тілін білмейтіндер – орыссаналылар. Өйткені олар қазақша ойлай алмайтындықтан, қазақша сөйлей алмайды. Сондықтан ең алдымен тілден бұрын сананы түзеуіміз керек. Балабақшадан бастап баланың санасын қазақша тәрбиелеу керек. Үйдегі тәрбие де қазақша болуы тиіс. Орыс тілін әркім өз шама-шарқынша білу керек шығар, бірақ әр қазақ қазақша ойлауы керек. Иә, классикалық шығармалар итальян, орыс тілдерінде шырқалады. Бірақ өзім сабақ беріп жүрген консерваторияда қазақша шығармалар да жиі орындалады. Қазақ әншісі мейлі қай тілде ән орындаса да, бұл қазақ тілін ұмыту керек деген сөз емес. Меніңше, болашақта қоғамымыз орыссаналы адамдар мен мамандардан тазарады ғой деп ойлаймын. Қазақстанда тұрып, қазақ тілін проблемаға айналдыруымыз менің ішімді удай ашытады. «Қазақ тілін үйреніңдер» деп бұған ақша бөлу менің ар-намысыма тиеді.
– Ғафиз аға, бүгінде сіз режиссерлікті қолға алыпсыз. Жалпы режиссерлік үлкен тәжірибені, қажырлы еңбекті қажет етеді ғой. Бүгінде кез келген театрда, кинода болсын, кәсіби режиссураның деңгейі қандай?
– Жалпы өнерге дарын иелері теңіздің толқыны секілді толқын-толқын болып келетін секілді. Жағаға жайлап соғып жатқан толқын болады, кейде алып толқындар келеді. Жаратылыстың талғамының өзі солай болса керек. Оқымаған, режиссерлік білімі жоқ кешегі Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітовтер қандай еді... Тума таланттар, кесек-кесек алтындар еді ғой. Соғыстан кейінгі жылдардағы режиссерлер – ол да бір толқын. Кезінде Асқар Тоқпановтар Қалибек Қуанышбаевқа Абайдың рөлін берген кезде Қалекең Абайдың киімін киіп шыға келгенде: «Ойпырым-ай, Абай тіріліп келіп қалды екен деп қалдым», – деп өзі таңғалған екен. Ал бүгін жақсы режиссерлер жоқ деп айтуға болмас, бірақ бір алып толқынның соғатын уақыты әлі келмеген болу керек. Мықты режиссерлер жылда шыға бермейді. Мен өзімді кәсіби режиссермін деп айта алмаймын. Мен тек Құрманбек Жандарбеков, Байғали Досымжанов, Кәукен Кенжетаев, Борис Рябякин секілді ұстаздарымнан алған білімімді, тәжірибемді, көрген-білгенімді жастарға үйретіп жатырмын. Қазақ спектакльдері сахнадан түсіп қалмауы үшін, жаңа келген жастарды сахнаға баулу үшін еңбек етіп жатқан жайымыз бар. «Қыз Жібекті», «Махамбетті» қайта қойдым. Театр басшылығы маған осы режиссерлікті сеніп тапсырғандықтан, шама келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Мені кеңесші, куратор-режиссер деуге болатын шығар. Бұрын біздің студент кезімізде консерваторияның жанында опера студиясы болатын. Консерваторияда оқып жүрген жастар осы опера студиясында сахнаға төселіп, тәжірибеден өтіп, кейін театрға барғанда аса қиналмайтын. Опера студиясы – кішігірім тәжірибе театры болатын. Студент жастар кәдімгідей сахнада спектакльдер қоятын. Студияның жеке әншілері, оркестрі, хоры, киім-кешек цехы болатын. Оқу бітірерде дипломдық жұмысымызды осы студияда тапсыратынбыз. Қазір ондай опера студиясы жоқ, балаларға қиындау. Дегенмен дарынды балалар театрға барғанда сахнаны жылдам игеруге тырысады, жастарға жол ашық. Біз жастарымыз театрға барғанда сақадай сай болып тұрса екен дейміз ғой.
– Сіз бір сөзіңізде «бүгінде театрда тұлға жасау кенже қалып тұр» деген едіңіз...
– Тұлға жасау – жалғыз біздің театрдың ғана емес, барлық театрлардың проблемасы. Қайда бүгінгінің Асанәлі Әшімовтері, Зәмзәгүл Шәріповалары, театр бұлармен бітіп қалмайды ғой. Олардың орнын басқа тұлғалар басу керек. Осындай тұлғаларды тәрбиелеуге күш салынбай жатыр.Айталық, егер театрда бір тамаша дауыс болса, сол дауысқа арнап спектакль қойылуы керек. «Егер осы әншіден бірдеңе шығады-ау» дейтін көреген режиссер, ұстаз бола алмасақ, біздің құнымыз бес тиын. Үміт артқан өнер иесі өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып, ары қарай алып кете алса, одан тұлға шығады. Мен өзімнің «Өнер соқпағымен» деп аталатын кітабымның «Көреген ағаларым» деген бөлімінде өзімнің өнердегі аға-апаларымды түгел атадым. Өйткені біз сол кісілердің көрегендігінің арқасында жетістіктерге жеттік деп есептеймін. Мен қазіргі таңда консерваторияда өзімнің ұстазым, белгілі опера әншісі Бекен Жылысбаев дәріс берген бөлмеде балаларға сабақ беріп жүрмін. Бекен аға Мұрат Мұсабаев, Нариман Қаржігітов, Зейнеп Қойшыбаева, Нұржамал Үсенбаева секілді Халық әртістерін тәрбиелеген адам. Ол кісі – тек Қазақстанның ғана емес, Қырғызстанның да құрметті азаматы, өнер қайраткері. Мен қашанда өз ұстаздарымды мақтан тұтамын.
– Бүгінде тұлға дәрежесіне жету былай тұрсын, жылт етіп экраннан бір көрінгеннің бәрі шетінен «жұлдыз» болды ғой.
– Өз басым «жұлдыз» деген сөзді жек көремін. Қазір осы сөз келсін, келмесін кез келген жерде қолданыла береді. Қазақ жұлдыз деген сөзді қолданбайды, қазақ жақсы көрген жанын «жарығым», «шырағым» дейді. Жұлдыз болу 16 миллион адамның ішінде бір-екі адамға ғана бұйыратын бақ болуы мүмкін. Қазір айналамыз қаптаған «жұлдыздар». Осы сөзді қою керек. Біздің еліктегіштігіміз соншалық, орыстар «звезды» деп еді, біз дереу «жұлдыз» деп өзімізге аударып алдық. Сол сияқты «живой звук» дегенді «жанды дауыс», «тірі дауыс» деп жүрміз. Мен осы тіркеске де келіспеймін, жансыз дауыс болмайды ғой. «Прямой эфир» дегенді «тікелей эфир» деудің де қисыны келіңкіремейді. Мұның бәрі, меніңше, тұрпайы сөздер. Көшеде толып жатқан жарнаманың бәрі осындай тұрпайы сөздерден құралған. Қазақта не көп, сөз көп, неге әр сөзге өз баламасын қолданбасқа. Кейде мен де өзімше қарап жүрмей, кейбір сөздерге балама ойлап жүремін. Әрине, менің аудармаларым кәсіби емес, әшейін өзім үшін. Мысалы, кондиционерді – тұмауратқыш, лифтіні қауға деген сияқты. Кейде өзімше мақалдар да жазып қоямын. Мысалы, «Жүгенсізбен үзеңгілес болма...», «Сауатсызбен әріптес болма»...
Алаш жұртына бір тілек...
– Қазіргі кезде бір қуанарлық жағдай, біздің опера театрына көрермендер келе бастады. Менің халыққа айтар бір тілегім, зейнетке шыққан аталары мен әжелері немерелерін жетектеп театрға келсе деймін. Орыс, еврей халықтары өздерінің бала-шағасын ертіп операға, балетке, спектакльдерге бірге барады. Сөйтіп, олар өз ұрпағын тәрбиелейді, бізде де осындай тәрбие болса екен. Қазір үйдегі көк жәшікте де көретін ештеңе қалмады. Атыс-шабыс, айқай-шу, эстраданың да қадірі кетіп, бір сөзді қырық рет қайталап ән айта береді. Тұлғаларды бүкіл халық болып тәрбиелейік, өнерге қолдау көрсетейік. Театрдағы жас әншілердің өз тыңдаушысы болса, бұл – өте қуанарлық жағдай. Әр тыңдаушы орнымен мақтап, жөнімен сын айта алса, нұр үстіне нұр болар еді.